"Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 13 тамыздағы № 362 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2025 жылғы 20 мамырдағы № 162 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 26 мамырда № 36143 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 13 тамыздағы № 362 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6472 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің аумақтық инспекцияларының көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастырсын.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасы аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Комитеттің аумақтық органдарының көлiктiк бақылау бекеті қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлік құралдарының жүріп өтуін мемлекеттік бақылауды жүргізуге байланысты қызметі автомобиль тасымалдары саласындағы халықаралық шарттармен, Қазақстан Республикасының көлiктiк және салықтық заңнамаларымен, "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексімен (бұдан әрі – ӘҚБтК), "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңдарымен, "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексімен, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің нормативтік құқықтық актілерімен, сондай-ақ осы Қағидалармен регламенттеледі.";

      12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Инспекцияның көліктегі бақылау бөлімінің басшысы (ол жоқ болған кезде – оны алмастыратын адам) жылжымалы КББ әрбір ауысымына, осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша маршрут карточкасын екі данада жасайды, олардың біреуі Инспекцияда күнтізбелік бір жыл сақталады, басқасы жылжымалы КББ ауысымына тапсырылады.

      Жылжымалы КББ ауысымға шыққанға дейін Инспекцияның көліктегі бақылау бөлімінің басшысы Комитеттің Ахуалдық орталығына бекітілген маршрут карточкасын электрондық форматта жібереді.

      Маршрут карточкасы тәуліктің әртүрлі сағаттарында және жыл мезгілінде көлік құралдары қозғалысының қарқындылығын ескере отырып жасалады. Көлік құралдары қозғалысының қарқындылығы автоматтандырылған өлшеу станцияларының көрсеткіштері бойынша, Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі Ұлттық оператордың деректері бойынша, мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлескен іс-шаралардың қорытындылары бойынша айқындалады.

      Инспекцияның көліктегі бақылау бөлімінің басшысы (оның жоқ болу кезіне – оны алмастыратын адам) аптасына 2 рет стационарлық және жылжымалы бекеттің жабдығы мен мүлік тізбелерінде көрсетілген КББ жабдығы мен мүлігінің, сондай-ақ Ахуалдық орталықпен байланыс каналының бар болуын және жұмысқа қабілеттілігін тексереді.

      Комитет қызметкерлері және (немесе) инспекция басшылығы КББ-ін тексергеннен кейін осы Қағидаларға 3-1-қосымшаға сәйкес КББ-не бару және тексеру журналына ұсынымдармен не ескертулермен тиісті жазба жасайды.

      Инспекция басшысы КББ қызметкерлерінің осы Қағидалардың талаптарын сақтауын, КББ-де тиесілі құрылғылар мен мүліктердің жарамдылығын, сондай-ақ бақылау-өлшеу құралдарына метрологиялық тексерудің уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етеді.

      13. Ауысымды қабылдау және тапсыру кезінде ауысымдардың аға қызметкерлері осы Қағидаларға 4-қосымшасына сәйкес нұсқада Инспекцияның және тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізушілердің теңгерімдегі тұратын КББ жабдығы мен мүлігін қабылдау-тапсыру актісін жасайды.

      КББ жабдығы мен мүлігін қабылдау-тапсыру актісі Инспекцияда күнтізбелік бір жыл хронологиялық тәртіпте сақталады.";

      17-тармақта:

      бірінші бөлігінің 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) тексерілген барлық көлік құралдары туралы мәліметтерді көліктік дерекқордың ақпараттық-талдамалық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ, көліктік бақылау жүргізілгеннен кейін Комитетінің "Электрондық өтінім беру" ақпараттық жүйесі арқылы ауыр салмақты және (немесе) ірі габаритті автокөлік құралдарының жүруіне арналған және 1, 6, 7-класты қауіпті жүкті тасымалдауға арналған арнайы рұқсаттарды өтейді.";

      екінші және үшінші бөліктері алынып тасталсын;

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. КББ қызметкерлері жеке және заңды тұлғалардың, осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес бақылау нәтижелері туралы актінің (бұдан әрі – бақылау нәтижелері туралы акті) нысанында қарастырылған автомобиль көлігі саласындағы Қазақстан Репсубликасы заңнамасының талаптарын сақтауы тұрғысынан көліктік бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді.";

      20-тармақтың үшінші бөлігінде орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      26-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Комитеттің Ахуалдық орталығының қызметкерлері КББ жұмысына мониторингіні КББ-ға шығып жүзеге асырады. КББ-ға жүріп шығу нәтижелері бойынша Комитеттің Ахуалдық орталығының қызметкерлері ұсынымдармен жазбаша есеп береді.";

      31-тармақтың төртінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы тармақтың тармақшаларында көзделген КББ қызметкерінің әрекеттеріне рұқсат етілген ең ұзақ уақыт – 30 минут, ал 6 (алты) және одан да көп осьтері бар автокөлік құралына қатысты көліктік бақылау жүргізілген жағдайда, мұндай әрекеттерге рұқсат етілген ең ұзақ уақыт – 60 минут.

      Орналасқан жері бойынша алдын ала белгіленген алаңдар болмаған жағдайда, көлік құралының нақты салмақ параметрлерін өлшеу қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, автомобиль жолдарының учаскелерінде жылжымалы таразылармен жүргізіледі.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Көлiк құралының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 206 бұйрығымен бекітілген (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 11395 болып тiркелген) Қазақстан Республикасының аумағында ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және оның жүзеге асыру қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша автокөлік құралының параметрлерін өлшем актісіне (бұдан әрі – Акт) бақылаудан өткені туралы мөртабан қоя отырып дереу жасалады, оның көшірмесі жүргізушіге және тасымалдаушының талап етуі бойынша ұсынылады.

      Жүргізуші Акт көшірмесін алудан бас тартқан жағдайда, оған тиісті жазба жүргізіледі. Жүргізушінің бас тартуын тіркеу техникалық аудиобейнежазба құралын қолдана отырып жүргізіледі.";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Көлік құралын бақылаулық өлшеу (өлшем) мынадай:

      1) жүргізушінің талабы бойынша басып шығару қағазында және (немесе) Актіде көлік құралының салмақтық немесе габариттік параметрлерін айқындау нәтижелерімен келіспеу туралы белгі жасалған кезде;

      2) жүргізушінің талабы бойынша автоматтандырылған өлшеу станцияларында электронды тақтада (болған жағдайда) көрсетілген рұқсат етілген салмақтық габариттік параметрлерінің асқандығы туралы ақпаратпен келіспеген жағдайда;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген параметрлерге сәйкес келтіру үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету және көлік құралдарын жеңілдету шараларын қабылдағаннан кейін;

      4) осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, автоматтандырылған өлшеу станциялары арқылы параметрлерден асып кеткенін, дұрыс жүрмегенін тіркеген кезде;

      5) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 23 ақпандағы № 87 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актiлердi мемлекеттік тіркеу тiзiлiмiнде № 6817 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында жүк көлігі құралдарын өлшеудің халықаралық сертификатын қолдану қағидаларының 5-тармағында көзделген жағдайларда жүргізіледі.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайда көлік құралын бақылаулық өлшеу (өлшем) жүргізушінің өлшеу нәтижелерімен танысу сәтінен бастап 40 (қырық) минуттан кешіктірілмей жүргізіледі.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайда көлік құралын бақылаулық өлшеу (өлшем) жүру маршруты бойынша жақын КББ-де және автоматтандырылған өлшеу станциялары арқылы жүріп өтілген сәттен бастап үш сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.

      Осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген жағдайда көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген параметрлерге сәйкес келтіру үшін жеңілдету бейнежетонды пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      Көлік құралын арнайы алаңдарда, тұрақтарда немесе КББ-ге іргелес жатқан алаңдарда уақытша сақтау үшін оларды жеткізген (эвакуациялаған) жағдайда бақылаулық салмақ өлшеу (өлшем) жүргізілмейді.

      Автокөлік құралына қатысты бақылаулық өлшеу (өлшем) жүргізілген жағдайда бақылаулық өлшеу (өлшем) нәтижелері негіз ретінде алынады.

      Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайда осьтердің конструкциясы, осьтердің орналасуы және көлік құралымен басқа да манипуляциялар жасала отырып өзгерсе, бақылаулық өлшеу жүргізілмейді және негіз ретінде бірінші өлшеу нәтижелері қабылданады.";

      осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес редакцияда 3-1-қосымшамен толықтырылсын;

      6-қосымша осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Көлік министрі
М. Карабаев

  Қазақстан Республикасының
Көлік министрінің
2025 жылғы 20 мамырдағы
№ 162 Бұйрыққа
1-қосымша
  Қазақстан Республикасының
аумағындағы көліктік бақылау
бекеттерінің жұмысын
ұйымдастыру қағидаларына
3-1-қосымша

      Нысан

КББ келу және тексеру журналы

Тексеру күні

Тексерушінің Тегі Аты-жөні (бар болған жағдайда), лауазымы

Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар

Анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі

Тексерушінің қолы

1






2






...






  Қазақстан Республикасының
Көлік министрінің
2025 жылғы 20 мамырдағы
№ 162 Бұйрыққа
2-қосымша
  Қазақстан Республикасының
аумағындағы көліктік бақылау
бекеттерінің жұмысын
ұйымдастыру қағидаларына
6-қосымша

      Нысан

Мөртабан үлгісі

      Көлік құралының бақылаудан өткенін ресімдеу төменде келтірілген үлгiдегi мөртабанмен жүзеге асырылады.

      ___________________________________________________________

      (КББ-нің атауы немесе ЖКББ-нің мемлекеттік тіркеу нөмірі)

      БАҚЫЛАУ ӨТIЛДI КОНТРОЛЬ ПРОЙДЕН CONTROL IS PASSED

      ____________________________________________________

      Лауазымы, Тегі Аты-жөні (бар болған жағдайда)

      20__ жылғы "___" ___________ қолы ___________________

      KZХХХ

      (инспектордың төсбелгісінің реттік нөмірі)

      Мөртабан көк түсті 50х30 милиметр көлемінде тікбұрыш түрінде жасалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады