Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. "Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 29 қарашадағы № 612-НҚ бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25546 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі |
А. Шаккалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі 2025 жылғы 28 мамырдағы № 167-нқ бұйрығымен бекітілген |
Зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің (бұдан әрі – қызметтер) құнын айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) зерттеулер – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері тиісінше ғылыми әдістермен және құралдармен жүзеге асыратын қолданбалы, іргелі, стратегиялық ғылыми зерттеулер;
2) консалтингтік қызметтер – мемлекеттік органның қызметі процесінде туындайтын проблемаларды, мүмкіндіктерді айқындау және бағалау не жағдайды егжей-тегжейлі талдау жөніндегі қызметтер; орталық уәкілетті органның бұйрығымен айқындалатын тізбеге сәйкес жұмыстың қаржылық және басқарушылық тиімділігін арттыру үшін одан әрі іс-қимылдарды түзету бойынша тиімді ұсынымдар әзірлеу бойынша (мынадай негізгі қызмет түрлері шеңберінде: басқарушылық консалтинг, әкімшілік-кадрлық консалтинг, қаржылық консалтинг, IT-консалтинг, заң консалтингі, мамандандырылған консалтинг, қорғаныс саласындағы консалтинг, техникалық консалтингтік қызметтер) қызметтер.
2-тарау. Зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнын айқындау тәртібі
3. Көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау кезінде осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес қызметтер көрсетуге арналған шығыстарда көрсетілген негіздеуші құжаттармен расталған шығыстар ескеріледі.
4. Шығыстар осы көрсетілетін қызметтерге тікелей байланысты шығындар жататын, қызметтерді көрсету үшін қажетті ресурстар негізге алына отырып айқындалады.
5. Келесі жоспарлы кезеңге көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау кезінде қаржы нарығының валюталардың айырбастау бағамдарына әсері, инфляция коэффициенті және шарттық міндеттемелерді орындау мерзімінің ұзақтығы ескеріледі.
6. Көрсетілетін қызметтер құны осы Қағидалардың 2-қосымшасына сай көрсетілетін қызметтер құнының есебіне сәйкес айқындалады.
Зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнын айқындау қағидаларына 1-қосымша |
Қызметтер көрсетуге арналған шығыстар
1. Шығыстар зерттеуді орындау үшін қажетті ресурстарға сүйене отырып айқындалады, оларға негізгі құрауыштары мыналар болып табылатын зерттеулерді жүзеге асыруға арналған шығындар жатады:
1) қызмет көрсетуге тікелей қатысатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар;
2) жұмыс берушiлердiң жарналары (әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, жұмыс берушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдары);
3) іссапар шығыстары;
4) тікелей қызметті орындау үшін қажетті полиграфиялық шығыстар (бланк өнімдерін: сауалнамаларды, бағыт парақтарын, карточкаларды, зерттеу есептерін, тест тапсырмаларын көбейту, құжаттарды түптеу, тігу және өңдеу);
5) қажет болған жағдайда конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу жалдау ақысы;
6) көлік қызметтері;
7) байланыс қызметтері;
8) курьерлік қызметтер (материалдарды тарату);
9) аударма қызметтері.
2. Әр шығыстар құжаттармен (есеп айырысулар, коммерциялық немесе кем дегенде үш баға ұсынысы) негізделіп, расталуы керек.
Зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің құнын айқындау қағидаларына 2-қосымша |
Қызметтер құнының есебі
1. Көрсетілетін қызмет құны мына формула бойынша есептеледі:
Қ = Ш + Бш + ҚҚС, мұнда:
Ш – қызмет көрсетуге тікелей қатысатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу және жұмыс берушiлердiң жарналары бойынша шығыстарын қоспағандағы шығыстар;
Бш – қызмет көрсетуге тікелей қатысатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды, жұмыс берушiлердiң жарналарын қамтитын еңбек шығынына қарай бөлінетін шығыстар;
ҚҚС – қосылған құн салығы.
2. Қызмет құнының бөлінетін бөлігі мына формула бойынша есептеледі:
Бш = ЕШ * СМ, мұнда:
ЕШ – қызмет көрсетуге тікелей қатысатын бір қызметкерге адам-сағаттағы еңбек шығындары;
СМ – қызмет көрсетуге тікелей қатысатын қызметкердің сағаттық мөлшерлемесі.
3. Қызмет көрсетуге тікелей қатысатын бір қызметкерге адам-сағаттағы еңбек шығындары мына формула бойынша есептеледі:
ЕШ = А * Сағ * ЖКО, мұнда:
А – қызметті орындау айларының саны;
Сағ – бір күнгі қызметті орындау сағаттарының саны;
ЖКО – тиісті жылға арналған жұмыс уақыты балансына сәйкес жұмыс күндерінің орташа айлық саны.
4. Қызмет көрсетуге тікелей қатысатын бір қызметкерге сағаттық мөлшерлеме мына формула бойынша есептеледі:
СМ = ЕА/ЖСО, мұнда:
ЕА – қызмет көрсетуге тікелей қатысатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстар, жұмыс берушiлердiң жарналары;
ЖСО – тиісті жылға арналған жұмыс уақытының балансына сәйкес жұмыс сағаттарының орташа айлық саны.