"Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Қосшы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 85/19-8 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 2025 жылғы 18 қаңтардағы № 159/37-8 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 28 қаңтарда № 8889-03 болып тіркелді

      Қосшы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Қосшы қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Қосшы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 85/19-8 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8687-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Қосшы қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – Қосшы қаласының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Қосшы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.";

      6-тармақтың 5) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "5) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;";

      7-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейіне екі еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.";

      10-тармақтың 5) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "5) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне:

      "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;";

      11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Әлеуметтік көмек өтініш бойынша толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) кірістерді есепке алмай:

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 және 7-баптарында көрсетілген адамдарға төлем туралы құжаттардың негізінде Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6, 7 және 8-баптарында көрсетілген адамдарға коммуналдық қызметтер үшін шығыстардың бөлігін өтеуге ай сайын 3,5 (үш жарым) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) алты айдан кешіктірмей бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, қатерлі ісіктер) бар адамдарға (отбасыларға) аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      амбулаториялық емдеудегі туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 (алты) ай бойы 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      қатерлі ісіктері бар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жылына 1 рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      химиопрофилактика кезеңінде туберкулезді жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жылына 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет, босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      медициналық және техникалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқитын жетім балалар қатарындағы студенттерге жылына 1 рет Қосшы қаласында жұмыс өтеуді ескере отырып, оқу шығындарын өтеуге 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;

      зейнеткерлерге төлем туралы құжаттар негізінде Қазақстан Республикасының шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнының бөлігін өтеуге жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын 35 (отыз бес) пайыз мөлшерінде;

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға жылына 1 рет 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) кірістерді есепке алып:

      медициналық және техникалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқитын аз қамтылған отбасылар қатарындағы студенттерге жылына 1 рет Қосшы қаласында жұмыс өтеуді ескере отырып, оқу шығындарын өтеуге 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйінің түлектеріне Қосшы қаласын газдандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес газдандыруға жататын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның меншік иелері немесе меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын, олардың және отбасы мүшелерінің тұрғын үйді газдандыруға арналған басқа тұрғын үйі болмаған кезде, өтініш берген тоқсанның алдындағы ең төмен күнкөріс деңгейіне екі еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы болған жағдайда бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      Мынадай:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.";

      13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Қосшы қаласының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.";

      14-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "14. Мынадай:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы А.Куатбеков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады