Теміртау қалалық мәслихатының 2024 жылғы 22 ақпандағы № 13/4 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Теміртау қалалық мәслихатының 2025 жылғы 6 ақпандағы № 24/4 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 11 ақпанда № 6709-09 болып тіркелді

      Теміртау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Теміртау қалалық мәслихатының 2024 жылғы 22 ақпандағы № 13/4 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6559-09 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары, осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат төрағасы А. Ломакин

  Теміртау қалалық
мәслихатының
2025 жылғы 6
ақпандағы
№ 24/4
шешіміне қосымша
  Теміртау қалалық
мәслихатының
2024 жылғы 22
ақпандағы
№ 13/4
шешіміне
1-қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Теміртау қаласы мен Ақтау кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Теміртау қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органдармен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Теміртау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін Теміртау қаласы әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3- тармағында, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндерінің және мереке күндерінің тізбесі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;

      2) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз;

      3) Қазақстан халқының бірлігі күні - 1 мамыр;

      4) Қазақстан Республикасындағы Отан қорғаушы күні - 7 мамыр;

      5) Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні - 9 мамыр;

      6) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні - 30 тамыз;

      7) Қарттар күні - 1 қазан;

      8) Республика күні - 25 қазан;

      9) Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдары бекітетін ережелер негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Атаулы күндерге және мереке күндерге әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні - 15 ақпан:

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері:

      бұрынғы КСР Одағы үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлері - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлер - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      Қазақстан Республикасының Ардагерлер туралы заңнамасының күші қолданылатын басқа да тұлғалар:

      қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, атап айтқанда:

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      1979 жылғы 1 желтоқсан - 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерi - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      2) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар, сондай-ақ көп балалы отбасылар – төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылар - 20 000 (жиырма мың) теңге;

      бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, бірінші, екінші, үшінші топтағы жеті жастан оң сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар - 60 000 ( алпыс мың) теңге;

      амбулаторлық емделудегі туберкулезбен ауыратын адамдарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      3) Қазақстан халқының бірлігі күні - 1 мамыр:

      амбулаторлық емделудегі туберкулезбен ауыратын адамдарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      4) Қазақстан Республикасындағы Отан қорғаушы күні - 7 мамыр:

      1992 жылғы қыркүйек - 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      1986 - 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезеңiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған тиiстi санаттардағы жұмысшылары мен қызметшiлері - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары - 50 000 (елу мың) теңге;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар - 200 000 (екіжүзмың) теңге;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      5) Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлері:

      Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi - 5 000 000 ( бес миллион) теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілер - 5 000 000 (бес миллион) теңге;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер:

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, атап айтқанда: майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдары - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдар - 200 000 (екі жүз мың) еңге;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерi - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтар - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар, атап айтқанда:

      қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдар - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

      еңбек ардагерлері:

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар - 100 000 (жүз мың) теңге;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар - 100 000 (жүз мың) теңге;

      Қазақстан Республикасының Ардагерлер туралы заңнамасының күші қолданылатын басқа да тұлғалар:

      қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, атап айтқанда:

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 4-6 баптарында аталған адамдардың отбасылары - 50 000 (елу мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасылары - 50 000 (елу мың) теңге;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасылары - 50 000 (елу мың) теңге;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы) - 50 000 (елу мың) теңге;

      6) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні - 30 тамыз:

      амбулаторлық емделудегі туберкулезбен ауыратын адамдарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      7) Қарттар күні - 1 қазан:

      жетпіс бес жасқа толған және одан асқан зейнеткерлер - 20 000 (жиырма мың) теңге;

      8) Республика күні - 25 қазан:

      амбулаторлық емделудегі туберкулезбен ауыратын адамдарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      9) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы"Заңында белгіленген тәртіппен ақталған тұлғалар - 400 000 (төрт жүз мың) теңге;

      мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтандыру құны толық өтелетін, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көп балалы отбасыларды қоспағанда, Теміртау қаласының және Ақтау кентінің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылары - мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баланы күтіп бағуға ақы төлеу бойынша ата-аналардың нақты шығындарының 50% мөлшерінде.

      8. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік және ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.

      9. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің шекті мөлшері мен дүркінділігі:

      1) Азаматтардың санаттарына ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінің шегінен аспайтын адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып, мынадай негіздер бойынша бір мезгілде ұсынылатын әлеуметтік көмек:

      жетімдік және ата-ана қамқорлығының болмауы;

      әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      пробация қызметінің есебінде тұру - (пробация қызметінің есебіне қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірмей).

      Егер олар толық мемлекеттік қамсыздандыруда болмаса, көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

      Осы Қағидалардың 9-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша азаматтарға әлеуметтік көмектің шекті мөлшері жүз айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      2) Тұрғын үйді газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек өтініш берген тоқсанның алдындағы төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы ескеріле отырып, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, Теміртау қаласы газдандыруға жататын жергілікті көп қабатты үйде немесе жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын келесі санаттағы тұлғаларға ұсынылады:

      жасы бойынша зейнеткерлер;

      мүгедектігі бар адамдар;

      мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

      көп балалы аналар және көп балалы отбасылар;

      Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлері.

      Әлеуметтік көмектің көлемі 130 (жүз отыз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын газ құбырын орнатуға және жүргізуге байланысты өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға жүгінеді және Үлгілік қағидалардың 12-тармағында көзделген құжаттар тізбесіне қосымша газ құбырын орнату және жүргізуге байланысты болған шығыстарын растайтын акт және/немесе құжат (чектердің, түбіртектердің көшірмелері, қызметтерді көрсетуге арналған шарт) және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқығының болмауы (болуы) туралы анықтама қоса беріледі. Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі газ жабдығын орнатуға шарт жасалған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей жасалады.

      3) Қатты отын (көмір) сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге арналған біржолғы материалдық көмек пешпен жылытылатын жеке немесе көп қабатты тұрғын үйденемесе жеке тұрғын үйде тұратын меншiк иелерi не меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi болып табылатын, өздерінде және отбасы мүшелерiнде басқа тұрғын үй болмаған жағдайда және өтiнiш берген тоқсанның алдындағы жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 3 (үш) мөлшерiнен аспайтын жағдайда жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жетім баланың (жетім балалардың) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың (балалардың) қамқоршыларына немесе қорғаншыларына жүргізіледі.Әлеуметтік көмектің мөлшері өтініш берушінің отын сатып алуға байланысты нақты шығындары негізге алына отырып айқындалады, бірақ жылыту маусымында 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

      Отынды сатып алуға өтемақы алуға құқығы бар бiрнеше адам бiр жеке меншiк тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек бiреуiне ғана берiледi.

      4) Әлеуметтік көмек мына тегін қызметтер және ақшалай төлемдер түрінде табысын есепке алусыз азаматтардың мына жекелеген санаттарына:

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей жасалады;

      табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру салдарынан зардап шеккен адамдарға немесе тұрғын үй (тұрғын үй құрылысы) меншік иелерінің біріне біржолғы 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі, жағдай туындаған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей жасалады;

      АИТВ-инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы ұсынатын тізім негізінде тұрақты күтім жасау және қосымша күшейтілген тамақтану үшін адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауруы бар балаларға Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген республикалық бюджет туралы тиісті қаржы жылына арналған ай сайын 2 (екі) еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      5) санаторий-курорттық емделуге абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы бар және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар өзін алып жүретін адамдарының біріне жолдама құнын өтеу құқығы беріледі.

      Жергілікті атқарушы органдар ілесіп жүретін адамның біреуінің санаторий-курорттық ұйымында болу құнын, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде берілетін кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде өтейді.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға жүгінеді және Үлгілік қағидалардың 12-тармағында көзделген құжаттар тізбесіне қосымша, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторий-курорттық емделуге алып жүруге байланысты болған шығыстарды растайтын құжаттарды қоса береді.

      Алып жүрушiнiң жол жүру шығыстарын төлеу, алып жүрушiнiң жеке қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі, жағдай туындаған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей жасалады.

      6) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар санатына жататын тұлғаларға жылына 1 рет 14 күннен аспайтын, бірақ мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген санаторий-курорттық емдеудің кепілдік берілген сомасынан артық емес растайтын құжаттар негізінде (орындалған жұмыстар актісі, шот-фактура және фискалдық төлем чегі) санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығындарын өтеу үшін табыстары есепке алмай әлеуметтік көмек көрсету.

      Санаторий-курорттық емделуге жеке абилитация және оңалту бағдарламасы әзірленген (АОЖБ) мүгедектігі бар ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек төленбейді.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға жүгінеді және Үлгілік қағидалардың 12-тармағында көзделген құжаттар тізбесіне қосымша санаторий-курорттық емдеуден өтуіне байланысты тұлғаның болған шығыстарын растайтын акт және/немесе құжат қоса беріледі. Әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі санаторий-курорттық емделу аяқталған күннен бастап үш айдан кешіктірмей жасалады.

      6) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерне, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға, 1988-1989 жылдардағы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылардың, қоныс аудару күнінде құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймағынан қоныс аударылғандардың (өз еркімен кеткендердің) және Қазақстан Республикасына қоныстанғандардың қатарындағы адамдарға, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына Мемлекеттік корпорация филиалы қазан айында жылыту маусымында жылына бір рет ұсынған тізімдер бойынша кірістер есебінсіз, азаматтардан өтініштер талап етілмей, 12 (он екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде коммуналдық қызметтер және отын сатып алу шығындарын өтеуге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы орган айқындайды.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      11. Әлеуметтік көмек Үлгілік қағидалардың 12-20 тармақтарына сәйкес тәртіппен және мерзімдерде көрсетіледі.

      12. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталғанда;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарғанда;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болғанда;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда.

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Теміртау қаласының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      14. Әлеуметтік көмек көрсету мынадай жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткенде;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілгенде;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталғанда;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      15. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      17. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.

      Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      18. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.

      19. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:

      біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;

      ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.

      20. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күнінен кейін түскен өтінімдер бойынша мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың 1-іне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      21. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.

      22. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.

      23. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.

      24. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады