"Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Саран қалалық мәслихатының 2023 жылғы 23 қарашадағы № 75 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Саран қалалық мәслихатының 2025 жылғы 20 ақпандағы № 188 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 24 ақпанда № 6718-09 болып тіркелді

      Саран қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Саран қалалық мәслихатының 2023 жылғы 23 қарашадағы № 75 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімілімінде № 6520-09 болып тіркелді) келесі өзгеріс енгізілсін:

      Осы шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оны алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Саран қалалық мәслихатының төрағасы О. Баймаганбетов

  Саран қалалық мәслихатының
2025 жылғы 20 ақпандағы
№ 188
шешімге қосымша
  Саран қалалық мәслихатының
2023 жылғы 23 қарашадағы
№ 75 шешіміне
1-қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Саран қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органдар мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ мереке күндері мен атаулы күндерге ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      5) әлеуметтік көмек төлеу бойынша уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төменгі күнкөріс деңгейі - ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мереке күндері (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін Саран қаласы мен Ақтас кентінің әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

      12) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.

      3. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;

      2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз;

      3) Чернобыль атом электр станциясындағы апатты еске алу күні – 26 сәуір;

      4) Қазақстан Республикасында Отан қорғаушылар күні – 7 мамыр;

      5) Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні – 9 мамыр;

      6) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз;

      7) Қарттар күні – 1 қазан;

      8) Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күні – қазан айының екінші жексенбісі;

      9) Қазақстан Республикасы күні – 25 қазан;

      10) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыс әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Алушылар санаттарының тізбесі, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдері:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:

      бұрынғы КСР Одағының үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      оқу-жаттығу жиындарына шақырылған және ұрыс қимылдарын жүргізу кезеңінде Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілерге 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      ұрыс қимылдарының жүргізу кезеңінде осы елге жүктерді жеткізу үшін Ауғанстанға жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмаларға ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшілеріне 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      Ауғанстанда кеңес әскери контингентіне қызмет көрсеткен, жараланған, зақым алған немесе мертіккен ұрыс қимылдарды қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде ұрыс қимылдары кезеңінде жаралануы, зақым алуы, мертігуі, ауыруы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде, басқа кезеңдерде әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметті өткеру кезінде алған жаралануы, зақым алуы, мертігуі салдарынан мүгедектігі белгіленген әскери қызметшілерге 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жаралануы, зақым алуы, мертігуі салдарынан, майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты сырқаттануы салдарынан мүгедектігі белгіленген басшы және қатардағы құрамдағы адамдарға 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      басқа елдерде жұмыс істеп тұрған әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргізу кезеңінде жаралануы, зақым алуы, мертігуі, ауыруы салдарынан мүгедектігі белгіленген тиісті санаттағы жұмысшылар мен қызметшілерге 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      1944 жылғы 1 қаңтар мен 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығында Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында жұмыс істеген жауынгерлер мен жауынгерлік батальондардың, взводтар мен халықты қорғау отрядтарының командалық құрамынан шыққан, осы батальондардағы, взводтардағы, отрядтардағы қызметтік міндеттерін орындау кезінде алған жаралануы, зақым алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектігі белгіленген адамдарға 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға 20 (жиырма) мың теңгеден;

      бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көп балалы отбасыларға 20 (жиырма) мың теңгеден;

      мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін және оқитын көп балалы отбасылардан шыққан балаларға 40 (қырық) мың теңгеден;

      3) 26 сәуір – Чернобыль атом электр станциясындағы апатты еске алу күніне:

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, Қазақстан Республикасына қоныс аудару және қоныс аудару аймақтарынан эвакуацияланған (өз бетінше кеткен) адамдарға 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялар, ядролық сынақтар салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 200 (екі жүз мың) теңгеден;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 200 (екі жүз мың) теңгеден;

      4) 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне:

      1992 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазанға дейінгі кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына бітімгершілік ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      1986-1991 жылдар аралығында Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне, сондай-ақ басшы және қатардағы құрамының адамдарына 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      5) 9 мамыр – Жеңіс күніне:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 2 (екі) миллион теңгеден;

      Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындарына 200 (екі жүз) мың теңгеден;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 50 (елу) мың теңгеден;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және қайта некеге тұрмаған жесірлеріне; қайта некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) 50 (елу) мың теңгеден;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына 50 (елу) мың теңгеден;

      Социалистік Еңбек Ері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне 50 (елу) мың теңгеден;

      "Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атақтарына ие болған адамдарға 50 (елу) мың теңгеден;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 100 (жүз мың) теңгеден;

      1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 100 (жүз мың) теңгеден;

      6) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 40 (қырық) мың теңгеден;

      7) 1 қазан – Қарттар күніне:

      жетпіс бес жасқа толған және одан асқан адамдарға 20 (жиырма) мың теңгеден;

      8) қазан айының екінші жексенбісі – Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне:

      бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 30 (отыз) мың теңгеден;

      9) 25 қазан – Қазақстан Республикасы күніне:

      мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін және оқитын көп балалы отбасылардан шыққан балаларға 40 (қырық) мың теңгеден;

      10) 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне:

      1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысқан, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларға 400 (төрт жүз) мың теңгеден;

      11) тоқсан сайынғы ақшалай төлемдер түріндегі әлеуметтік көмек 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде "Саран қаласының ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның тізімі негізінде амбулаториялық емдеу кезеңінде әлеуметтік маңызы бар туберкулез ауруы болған кезде адамдарға көрсетіледі;

      12) ай сайынғы ақшалай төлемдер түріндегі әлеуметтік көмек 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының "Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресі жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тізімі негізінде адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруы бар 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі;

      13) коммуналдық қызметтерге, телефон үшін абоненттік төлемді төлеуге және отын сатып алуға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі:

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге;

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға;

      1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына.

      Кірістер есепке алынбайтын әлеуметтік көмек Мемлекеттік корпорация ұсынған тізімдер бойынша азаматтардан өтініштер талап етілмей, 24 (жиырма төрт) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылыту маусымында жылына бір рет көрсетіледі;

      14) табиғи зілзаланың салдарынан азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне зиян келген болса, әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан бір рет беріледі.

      Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 150 (жүз елу) айлық есептік көрсеткіш. Әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі - оқиға басталған сәттен бастап үш ай ішінде.

      Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      Табиғи зілзаланың салдарынан мүлкіне зиян келген болса, әлеуметтік көмек зиян келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі;

      15) азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне өрт салдарынан зиян келген болса, әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан бір рет беріледі.

      Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 150 (жүз елу) айлық есептік көрсеткіш. Әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі - оқиға басталған сәттен бастап үш ай ішінде.

      Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      Өрт салдарынан мүлкіне зиян келген болса, әлеуметтік көмек зиян келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі;

      16) әлеуметтік маңызы бар онкологиялық аурудың 3 (үш) және 4 (төрт) сатысы болған кезде әлеуметтік көмек.

      Әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан жылына 1 рет, 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі;

      17) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылса, әлеуметтік көмек адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан, біржолғы, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі. Әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі - босатылған күннен бастап үш ай ішінде;

      18) әлеуметтік маңызы бар ауру болған кезде әлеуметтік көмек адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,0 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын болса жылына 1 рет, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі;

      19) пробация қызметінің есебінде болған кезде әлеуметтік көмек адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,0 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын болса жылына 1 рет, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі;

      20) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы, әлеуметтік көмек адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,0 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын болса жылына 1 рет, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі;

      21) жасы ұлғаюына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіздік, әлеуметтік көмек адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,0 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын болса жылына 1 рет, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі;

      22) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,0 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын болса, әлеуметтік көмек жылына 1 рет, 10 (он) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде беріледі;

      23) кірісті есепке алмай төленетін әлеуметтік көмек санаторий-курорттық емделуге мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы бар бірінші топтағы мүгедектерге (жұмыс берушінің кінәсінен еңбек жарақатын немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда) оларды алып жүретін адамды санаторий-курорттық емдеу шығындарын өтеу үшін, мүгедектігі бар адамдар үшін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторий-курорттық емдеудің кепілдік берілген құнының жетпіс пайызынан аспайтын мөлшерінде жылына бір рет беріледі;

      24) кірісті есепке алмай төленетін әлеуметтік көмек Заңның 3-бабының 1-тармағында көрсетілген ардагерлер санатына жататын адамдарға санаторий-курорттық емдеуге жұмсалған шығындарды өтеуге жылына 1 рет, 14 күннен аспайтын, бірақ мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген санаторий-курорттық емдеудің кепілдік берілген сомасынан аспайтын мөлшерде беріледі. Санаторий-курорттық емделуге арналған жеке абилитация және оңалту бағдарламасы (ЖАОБ) әзірленген мүгедектігі бар ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек төленбейді;

      25) кірісті есепке алмай төленетін әлеуметтік көмек мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы немесе жасына байланысты зейнетақы алушы болып табылмайтын басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адам, 1988 –1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адам, Қазақстан Республикасына көшірілген (өз бетінше кеткен) адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде көмек беріледі;

      26) қатты отын сатып алуға жұмсаған шығындарын өтеуге әлеуметтік көмек төленеді:

      пешпен жылытылатын жеке тұрғын үй қорында тұратын меншiк иелерi не меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi болып табылатын, өздерінде және отбасы мүшелерiнде басқа тұрғын үй болмаған жағдайда және жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 1,0 (бір) мөлшерiнен аспайтын жағдайда жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға;

      пешпен жылытылатын жеке тұрғын үй қорында тұратын, оның меншік иелері болып табылатын адамдарға басқа тұрғын үй болмаған жағдайда, жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 (үш) еселенген мөлшерінен аспайтын кезде жалғыз тұратын зейнеткерлерге және бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға.

      Әлеуметтік көмектің мөлшері өтініш берушінің отын сатып алуға байланысты нақты шығындары негізге алына отырып айқындалады, бірақ жылыту маусымында 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

      Отынды сатып алуға өтемақы алуға құқығы бар бiрнеше адам бiр жеке меншiк тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек бiреуiне ғана берiледi.

      8. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін ЖАО белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.

      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.

      9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері Мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      11. Әлеуметтік көмек Үлгілік қағидалардың 12-20 тармақтарына сәйкес тәртіппен және мерзімдерде көрсетіледі.

      12. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда жүзеге асырылады.

      13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Саран қаласының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      14. Әлеуметтік көмек көрсету:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.

      15. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      16. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      17. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын (белсенді) азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.

      Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер осы Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

      18. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті Мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.

      19. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде Мемлекеттік корпорация:

      біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;

      ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.

      20. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін Мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күні түскен өтінімдер бойынша Мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың біріне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.

      21. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.

      22. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.

      23. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.

      24. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу Мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады