"Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 73 шешiмiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

VIII сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясының 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 207 шешiмi. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2025 жылғы 12 мамырда № 1810-02 болып тіркелді

      Алматы қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. "Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 73 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1750 болып тіркелген) шешiмiне келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      аталған шешіммен бекітілген Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларындағы:

      3-тармақ келесі мазмұндағы 14), 15), 16), 17), 18), 19) тармақшалармен толықтырылсын:

      "14) бала (балалар) – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;

      15) жетім бала (балалар) – ата-анасының екеуі де немесе жалғыз анасы (әкесі) қайтыс болған бала (балалар);

      16) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      17) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      18) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      19) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.";

      8-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "8. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.";

      12-тармақтың 1) тармақшасы келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "1) 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Қарулы Күштердің және Әскери-теңіз күштерінің құрамындағы әскери бөлімдерде, штабтарда және мекемелерде қызмет еткен әскери қызметшілер, партизандар мен жасырын ұйым мүшелері, жарақаттану, контузия, зақымдану немесе ауру салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезінде майданда, соғыс қимылдары жүріп жатқан аудандарда, майдан маңындағы темір жол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің құрылыстарында, әскери-теңіз базалары мен аэродромдарда алған жарақат, контузия, зақымдану немесе ауру салдарынан мүгедектік белгіленген жұмысшылар мен қызметкерлерге – 5 (бес) миллион теңге;";

      12-тармақ келесі мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) Бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының шекарасын қорғау бойынша ұрыс қимылдарына қатысушылар – 200 (екі жүз) мың теңге;";

      12-тармақтың 7) тармақшасы келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "7) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 100 (жүз) мың теңге.";

      12-тармақ келесі мазмұндағы алтыншы абзацпен толықтырылсын:

      "Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері Мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.";

      15-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "15. Әлеуметтік көмек жылына бір рет осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген, жан басына шаққанда орташа табысы күнкөріс деңгейінің екі есе мөлшерінен аспайтын отбасыларға (азаматтарға) жылына бір рет әлеуметтік көмек 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмектің бұл түрі осы Қағидалардың 24-тармағының 33), 34) тармақшаларында көрсетілген адамдарға көрсетілмейді.";

      5 бөлім келесі мазмұндағы 17-1 тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік көмек босатылғаннан және (немесе) жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбаған өтініш бойынша пробация қызметіне есепке қойылғаннан кейін үш айдан кешіктірілмей 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі және қайта ұсынылмайды.";

      24-тармақ келесі мазмұндағы 30), 31), 32) 33), 34) тармақшалармен толықтырылсын:

      "30) толық мемлекеттік қамтамасыз етуде ұсталғандарды қоспағанда, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      31) 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Қарулы Күштердің және Әскери-теңіз күштерінің құрамындағы әскери бөлімдерде, штабтарда және мекемелерде қызмет еткен әскери қызметшілер, партизандар мен жасырын ұйым мүшелері, жарақаттану, контузия, зақымдану немесе ауру салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезінде майданда, соғыс қимылдары жүріп жатқан аудандарда, майдан маңындағы темір жол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің құрылыстарында, әскери-теңіз базалары мен аэродромдарда алған жарақат, контузия, зақымдану немесе ауру салдарынан мүгедектік белгіленген жұмысшылар мен қызметкерлер;

      32) Бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының шекарасын қорғау бойынша ұрыс қимылдарына қатысушылар;

      33) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар;

      34) пробация қызметінің есебіндегі адамдар.";

      27-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "27. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе өкілі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе мемлекеттік корпорацияға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен немесе осы Қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.

      Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) осы Қағидаларға 1-2 қосымшаға сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.

      АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);

      3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.

      4) осы Қағидалардың 24-тармағының 16) тармақшасында көрсетілген тұлғалар транскрипті "өте жақсы" деген бағаға сәйкес бағалар баламасын ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде осы Қағидаларға 1-3- қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

      Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.";

      28-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "28. Өтініштерді, оның ішінде электрондық өтініштерді әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган түскен жұмыс күні ішінде, ал жұмыс күнінен тыс келіп түскен жағдайда – өтініш түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркейді.

      Осы Қағидалардың 8-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайын зерттеп қарау үшін 1 (бір) жұмыс күні ішінде учаскелік комиссияға жібереді.";

      35-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "35. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы қабылданған шешім туралы хабарлама жібереді.";

      40-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "40. Әлеуметтік көмекті көрсетуге шығыстарды қаржыландыру Алматы қаласының бюджетінде ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Осы Қағиданың 24-тармағында көрсетілген мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек төлеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес жүргізіледі.";

      9 бөлім келесі мазмұндағы 44-1 тармақпен толықтырылсын:

      "44-1. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес өтініш берушіге санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек көрсету туралы қабылданған шешім (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама жібереді.";

      45-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:

      "45. Әлеуметтік көмек келесі жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған;

      6) Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының тізіміне сәйкес туберкулезбен ауыратын науқастарды стационарлық емдеуге "Каменское Плато" туберкулезге қарсы санаторийіне немесе дәлелсіз себептермен 7 (жеті) күннен артық емделуге рұқсат берілген жағдайда жолдау.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмек төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.";

      осы шешімге 1, 2, 3 қосымшаларға сәйкес көрсетілген Қағидаларға 1-1, 1-2, 1-3 қосымшалармен толықтырылсын.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 12-тармақтың 1-1) тармақшасын қоспағанда, 2025 жылғы 28 сәуірден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Алматы қаласы мәслихатының төрағасы М. Отыншиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады