Банктерге аффинирленген қымбат бағалы металдармен операция жүргiзуге лицензия беру тәртiбi туралы ереже жөнiнде

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының 1996 жылғы 19 қыркүйектегi N 217 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1998 жылғы 21 қаңтарда N 431 тіркелді. Күші жойылды - ҚР Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 12 шілдедегі N 197 (V043034) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" Заң күшi бар 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444  Жарлығын  орындау мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Аффинирленген қымбат бағалы металдарға және асыл тастарға байланысты қатынастарды мемлекеттiк реттеу туралы" Заң күшi бар 1995 жылғы 20 шiлдедегi N 2372 (1996 жылғы 3 шiлдедегi өзгертулерi және толықтырулармен)  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы қаулы етедi: 
      1. Айтылған ескертпелер мен ұсыныстар ескерiле отырып, банктерге аффинирленген қымбат бағалы металдармен операция жүргiзуге лицензия беру тәртiбi туралы ереже бекiтiлсiн және ол бекiтiлген күннен бастап күшiне енгiзiлсiн. 
      2. Банктiк қадағалау департаментi (Б.К.Жауғаштина) осы Қаулыны және банктерге аффинирленген қымбат бағалы металдармен операция жүргiзуге лицензия беру тәртiбi туралы ереженi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң облыстық (Алматы аумақтық бас) басқармаларына жiберсiн.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң облыстық (Алматы аумақтық бас) басқармаларының бастықтары осы Қаулыны және банктерге аффинирленген қымбат бағалы металдармен операция жүргiзуге лицензия беру тәртiбi туралы ереженi екiншi деңгейдегi банктерге жiберсiн.
      3. Осы Қаулының орындалуына бақылау жасау банктiк қадағалау департаментiнiң директоры Б.Қ.Жауғаштинаға жүктелсiн.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

                                 Қазақстан Республикасы
                                 Ұлттық Банкi Басқармасының
                                 1996 жылғы 19 қыркүйектегi
                                 N 217 Қаулысымен бекiтiлген

                Банктерге аффинирленген қымбат бағалы
              металдармен операция жүргiзуге лицензия
                        беру тәртiбi туралы
                               ЕРЕЖЕ

                         I. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже қолданылып жүрген банк заңдарына, қымбат бағалы металдар мен асыл тастарға және лицензиялау мәселелерiне байланысты қатынастарды реттеп отыратын заң актiлерi мен нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес әзiрлендi.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгертiлдi - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 1997.12.05. N 413  қаулысымен .
      2. Уәкiлеттi банктер - осы Ереженiң 6-тармағында көрсетiлген операцияларды жүргiзуге лицензиясы бар екiншi деңгейдегi банктер. 
      3. Осы Ережеде қолданылып жүрген банк заңдарында, қымбат бағалы металдар мен асыл тастарға және лицензиялау мәселелерiне байланысты қатынастарды реттеп отыратын заң актiлерiнде және нормативтiк құқықтық актiлерде айқындалған ұғымдар мен терминдер пайдаланылады.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 3-тармақ өзгертiлдi - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 1997.12.05. N 413  қаулысымен .
      4. Заңды мекемелерге тиесiлi аффинирленген қымбат бағалы металдар Мемқоймада не Ұлттық Банктiң қоймаларында немесе уәкiлеттi банктерде, ал жеке адамдарға тиесiлi - уәкiлеттi банктерде екi жақты шарттарда көзделген талаптар мен тәртiпке сай сақталады (қымбат бағалы металдар одан әрi ұстауға немесе өңдеуге жiберiлуге тиiстi жағдайлардан басқа кезде). 

            II. Аффинирленген қымбат бағалы металдармен
        операцияларды лицензиялау негiздерi мен шарттары

      5. Кез-келген банк Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген тәртiппен аффинирленген қымбат бағалы металдармен операциялар жүргiзуге лицензия беру туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне өтiнiш жасауға құқылы.<*> 
      Өтiнiшке мынадай құжаттар қоса берiлуi керек: 
      а) банк өткiзу қажет деп санайтын операцияларды жүзеге асыру қажеттiгiне экономикалық негiздеме; 
      б) лицензияланатын операциялар жүргiзу жүктелетiн бөлiмшелер туралы ереже, оған бөлiмшенiң құрылымы туралы, бөлiмше қызметкерлерiнiң сандық құрамы мен кәсiптiк әзiрлiгi туралы мәлiметтер қоса берiледi; 
      в) тиiстi органдардан осы Ереженiң 10, 11, 12 және 13 тармақтарында айтылған талаптардың орындалғанын растайтын құжаттардың көшiрмелерi. 
      ЕСКЕРТУ. 5-тармақ өзгертiлдi - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 1997.12.05. N 413  қаулысымен .

      6. Уәкiлеттi банктерге аффинирленген қымбат бағалы металдармен байланысты операциялардың мынадай түрлерiн жүргiзуге лицензиялар берiлуi мүмкiн: 
      а) аффинирленген бағалы металдарды iшкi (алғашқы сауда-саттыққа қатысу немесе қатыспау құқын қоса алғанда) және/немесе сыртқы рыноктарда сатып алу және сату;<*> 
      б) аффинирленген қымбат бағалы металдарды депозитке қабылдау және орналастыру;<*> 
      в) ұлттық және/немесе шетел валютасымен кредит берiлген жағдайда аффинирленген қымбат бағалы металдарды кепiлге қабылдау;<*> 
      г) клиенттерде қымбат бағалы металдармен операциялар жүргiзуге уәкiлеттi органдардың лицензиясы болған жағдайда олардың металл шоттарын ашу және жүргiзу;<*> 
      д) Қазақстан Республикасының банктерiнде, шетел банктерiнде және мамандандырылған ұйымдарда (компанияларда) банктердiң корреспонденттiк және басқа шоттарын ашу және аффинирленген қымбат бағалы металдарды сақтау. 
      ЕСКЕРТУ. 6-тармақ өзгертiлдi - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 
1997.12.05. N 413  қаулысымен .

      7. Аффинирленген қымбат бағалы металдарды әкелудi және әкетудi уәкiлеттi банктер заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырады. 
      8. Басқарманың 1996 жылғы 29 ақпандағы N 50 қаулысымен бекiтiлген Банк құруға, қайта құруға берiлген рұқсатты, банк операцияларын және басқа банк қызметiн жүргiзуге берiлген лицензияларды беру, қайтарып алу, олардың күшiн жою және тоқтату, банк филиалдарын ашуға, қосуға және банк өкiлдiктерiн ашуға келiсiм беру, қайтарып алу ережелерiнде (бұдан әрi - Ережелер) талаптарды сақтаумен бiрге аффинирленген қымбат бағалы металдармен байланысты операцияларды жүргiзуге лицензиялар алу үшiн банктiң 1,5 млн. АҚШ долларына тең болатын теңге сомасынан кем емес жарғылық капитал болуға және осы Ережеде белгiленген техникалық және кәсiптiк талаптарды орындауы тиiс.<*> 
      Банктiң техникалық және бiлiктiлiк талаптарын орындауына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi банкке аффинирленген қымбат бағалы металдарға байланысты операциялардың барлық немесе бiрнеше түрiн жүргiзуге лицензия беру туралы шешiм қабылдайды. 
      Лицензия берiлгенi үшiн алым төленедi, оны төлеудiң мөлшерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының заңдары белгiлейдi.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 8-тармақ өзгертiлдi және толықтырылды - ҚР Ұлттық 
               Банкi Басқармасының 1997.12.05. N 413  қаулысымен .

            III. Аффинирленген қымбат бағалы металдармен
            операциялар жүргiзуге лицензия беру үшiн
           қойылатын техникалық және кәсiптiк талаптар

      9. Банктiң және оның қызметкерлерiнiң қойылып отырған техникалық және кәсiптiк талаптарға сай келетiндiгi туралы мәселенi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң банктiк қадағалау департаментi қарайды. 
      10. Банктердiң қымбат бағалы металдар қоймаларының (бұдан әрi - қоймалар) құрылысы мен атқарылуы, сондай-ақ олардың күзет, қауiп-қатер және өрт дабылдарының құралдарымен жабдықталуы Ұлттық Банк басқармасының 1995 жылғы 17 тамыздағы N 94 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң мекемелерi мен екiншi деңгейдегi банктер үйлерiндегi касса торабын жобалау мен құрудың техникалық талаптары туралы нұсқаулыққа сай болуға тиiстi. 
      Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi жанындағы Мемлекеттiк күзет қызметi департаментiнiң (МКҚД) және Мемлекеттiк өрт қызметi Бас басқармасының (МӨҚББ) бөлiмшелерi тиiстi дәрежедегi түгел тексеруден кейiн қол қойған "Банктiң құндылықтар қоймасының күзет, өрт және қауiп-қатер дабылын пайдалануға қабылдау актiсi" қойманың техникалық берiктiгiн растайтын құжат болып табылады.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 10-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 1997.12.05. N 413  қаулысымен .

      11. Қоймалар күзет дабылдарының үш сатысымен жабдықталуға тиiстi. Қоймалардың күзет, қауiп-қатер және өрт дабылдары мiндеттi түрде аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң күзет бөлiмiнiң орталықтанған бақылау орнымен байланысқан болуы керек. 
      Қоймаға кiретiн есiк ерекше төзiмдi етiп жасалып, дабыл жүйесiмен ұштастырылған электронды құлып салынады. Дабыл жүйесi бойынша барлық ақпарат қоймаға кiретiн жолды бақылап отыру үшiн компьютермен байланыстырылуға тиiс. 
      12. Аффинирленген қымбат бағалы металдарды сақтау үшiн қоймалар сейфтермен немесе арнайы жасалған отқа күймейтiн шкафтармен жабдықталуға тиiстi. 
      Қоймалардың сейфтерi мен отқа күймейтiн шкафтары ашуға рұқсат беретiн коды бар арнайы құлыптармен жабдықталуы тиiс. 
      13. Уәкiлеттi банкте құндылықтардың қозғалысын және олармен жасалатын операцияларды мұқият есептеудi, сондай-ақ қоймалардың дабыл жүйесiн қамтамасыз ететiн қажеттi компьютер және басқа техника болуға тиiстi. 
      Қолда бар коммуникация құралдарын белгiленген талаптарға сәйкес келуiн анықтау үшiн банк ақпарат қорғаудың бағдарламалық қамтамасыз етiлуiн, ұйымдық және техникалық шараларының, сондай-ақ аффинирленген қымбат бағалы металдармен жүргiзiлген операцияларды есепке алу және оларды бақылау үшiн пайдаланылатын коммуникация құралдарының қысқаша сипаттамасын тапсыруға мiндеттi.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 13-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 1997.12.05. N 413  қаулысымен .

      14. Металл шоттарын ашумен және жүргiзумен, аффинирленген қымбат бағалы металдарды сақтаумен, сатып алумен, сатумен, кепiлге қабылдаумен, депозитке қабылдаумен және орналастырумен тiкелей айналысатын банк бөлiмшелерi басшылары мен мамандарының атқаратын жұмысының түрiне сай келетiн жоғары немесе орта арнаулы бiлiмi болуы керек. 
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң тиiстi бөлiмшелерiнiң өкiлдерi кiретiн, Ережеге сәйкес құрылып, жұмыс iстейтiн аффинирленген қымбат бағалы металдармен операциялар жүргiзуге банктiң әзiрлiгiн анықтау жөнiндегi комиссия жоғарыда аталған қызметкерлер тобының қымбат бағалы металдардың әлемдiк рыногының өзгерiстерiн, депозит операцияларын, СПОТ, СВОП, форвардық мәмiлелер жүргiзу шарттарын және Қазақстан Республикасының заңдарын, оның iшiнде Ұлттық Банктiң бағалы металдармен операцияларын және басқа қызметiн реттеп отыратын нормативтiк құқықтық актiлерiн қаншалықты бiлетiнiн айқындайды.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 14-тармақ өзгертiлдi - ҚР Ұлттық Банкi Басқармасының 1997.12.05. N 413  қаулысымен .

                      IV. Қорытынды ережелер

      15. Банк Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" Заң күшi бар Жарлығының 26-бабының 2-тармағында, Ережелерде және осы Ережеде белгiленген талаптардың кез-келгенiн сақтамаған жағдайда аффинирленген қымбат бағалы металдармен операциялар жүргiзуге лицензия беруден бас тартылады. 
      16. Аффинирленген қымбат бағалы металдармен операциялар жүргiзуге берiлген лицензияны тоқтату не күшiн жою тәртiбi, сондай-ақ шарттары мен негiздемелерi Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы" Заң күшi бар Жарлығының 48-бабында және осы Ережелерде айқындалған.

        Қазақстан Республикасы
      Ұлттық Банкiнiң Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады