Докторантура мен аспирантурадан тыс докторлық және кандидаттық диссертациялар дайындау туралы Ереже

Күшін жойған

Бұйрық Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі 1998 жылғы 27 ақпан N 81. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1998 жылғы 13 маусымда тіркелді. Тіркеу N 522. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiнің 2003 жылғы 13 тамыздағы N 554 бұйрығымен.

      1. Бұл Ереже Қазақстан Республикасының "Білім беру туралы", "Жоғары білім туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің "Қазақстан Республикасында ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау жөніндегі Ережені бекіту туралы" 1995 жылғы 19 қаңтардағы N 65 қаулысына  сәйкес және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Аттестациялық Комиссиясының "Ғылыми атақ пен ғылыми дәрежелерді беру тәртібі туралы" 1996 жылғы 12 мамырдағы N 194-а  Ережесіне  сәйкес жасалды.
      2. Ереже докторантура мен аспирантурадан тыс жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындауды ұйымдастыру тәртібін белгілейді.

1. Жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін ғылым
кандидаттарын докторлық диссертацияларын дайындау
үшін аға ғылыми қызметкер лауазымына ауыстыру

      3. Теориялық және қолданбалы көкейкесті зерттеулер бойынша едәуір нәтижеге ие болған ғылым кандидаттары докторлық диссертация жазу үшін, өз еркімен ғылыми қызметкер ретінде екі жылға дейінгі мерзімге ауыса алады.
      4. Аға ғылыми қызметкер лауазымына үміткер ғылым кандидаты өзі жұмыс істейтін жоғары оқу орнының ректорының атына диссертациялық жұмысына қажет мерзім мөлшерін көрсете отырып, өтініш жазады және оған:
      - жұмыстың орындалу кестесі көрсетілген жоспары;
      - жарияланған ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк жұмыстарының тiзiмi;
      - ғылым кандидатын ғылыми қызметкер жұмысына ауыстыру үшiн берген тиiстi кафедраның қорытындысы қоса тiркеледi.
      5. Жоғары оқу орнының ғылыми кеңесi ғылыми қызметкер жұмысына ауыстыру мүмкiндiгi туралы шешiм қабылдайды және докторлық диссертацияның орындалу мерзiмiн анықтайды.
      6. Аға ғылыми қызметкер жұмысына ауыстыру ректордың бұйрығымен ғылыми қызметкерлердiң белгiленген саны шеңберiнде жүзеге асырылады. Жоғары оқу орны бағынатын министрлiкке, ведомствоға ғылыми қызметкердiң есеп құжаттары берiледi.
      7. Аға ғылыми қызметкерлердiң санын жоғары оқу орны бағынатын тиiстi министрлiк, ведомство белгiлейдi.
      8. Педагогикалық жұмыстан босатылған ғылым кандидаттары оқытушылар ғылыми қызметкер болып ауысуына байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн өз өтiнiштерi бойынша басқа жоғары оқу орындарына, ғылыми-зерттеу мекемелерiне немесе жетекшi шетелдiк орталықтарға (тиiстi шет тiлiн бiлген жағдайда ғана) соңғылардың (осы аталған мекемелердiң) келiсiмiмен жолсапарға бара алады.
      9. Жiберушi жақ белгiленген тәртiпке сәйкес аға ғылыми қызметкерге еңбек ақысын төлейдi.
      10. Аға ғылыми қызметкер лауазымына ауысқан қызметкерлерге жалақысы ғылыми мекемелердiң аға ғылыми қызметкерлерінiң қызметтiк жалақысы көлемiнде белгiленедi.
      Ғылыми қызметкердiң жолсапарға келуiне келiсiм берген жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу мекемелерi немесе ұйымдары оған жұмыс iстеу үшiн жағдай жасайды, ғылыми консультант бередi және оның жұмысын қадағалап отырады.
      Жыл аяғында ғылыми қызметкерлер аттестациядан өтедi. Оның қорытындысы бойынша жоғары оқу орнының, ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң, ұйымдардың ғылыми кеңесi оларды келесi жылы ғылыми қызметкер ретiнде қалдыру-қалдырмау мәселесiн қарап, шешедi.
      Басқа жоғары оқу орындарына, ғылыми-зерттеу мекемелерiне немесе ұйымдарына жолсапарға жiберiлгендер өздерi есепке тұратын жоғары оқу орнына аттестацияның қорытындысын немесе сол жерден өзiнiң есебiн жiбередi.
      Аға ғылыми қызметкер ретiнде жұмыс iстеу мерзiмi бiтiсiмен, ғылым кандидаты өзiнiң ғылыми зерттеуiн докторлық диссертация көлемiнде жоғары оқу орнының, ғылыми-зерттеу мекемесi мен ұйымның ғылыми кеңесiне беруі керек.
      11. Ғылыми қызметкерлер қатарына ауысқан оқытушылық құрамның орнына белгiленген тәртiп бойынша конкурссыз жедел түрдегi еңбек келiсiм шарты негiзiнде (контракт) басқа адамдарды алуға болады.
      12. Аға ғылыми қызметкер жұмысына ауысқан адамдардың бұрынғы қызметiне қайтадан келуiне құқы бар.
      13. Педагогикалық жұмысқа уақыты бiтпей тұрып шақырылған аға ғылыми қызметкер өзiнiң пайдаланылмай қалған мерзiмiне ғылыми қызметкер ретiнде қайтадан орналаса алады.
      14. Аға ғылыми қызметкер болып ауысқан адамдарға 24 жұмыс күндiк еңбек демалысы берiледi.
      15. Аға ғылыми қызметкерлiк жұмысқа ауысқан адамдарға докторантураға түсу үшiн және докторлық диссертацияларын бiтiргенше шығармашылық демалыс алу құқығы берiлмейдi.

2. Аспирантурадан тыс кандидаттық диссертациямен
жұмыс iстейтiн ғылыми дәреже үшiн iзденушiлер туралы

      16. Аспирантурадан тыс диссертациямен ғылым кандидаты дәрежесi үшiн iзденушiлер (мәтiнде бұдан әрi iзденушi деп аталады) жоғары бiлiмi бар немесе ғылым магистрi дәрежесi барлар ғана бола алады.
      17. Iзденушiлер философияны, шет тiлiн және арнаулы пәндердi теориялық түрде тереңiрек оқу үшiн, кандидаттық дисссертацияны дайындау және қорғау үшiн сол тиiстi пәндер бойынша аспирантурасы бар жоғары оқу орындарына, ғылыми-зерттеу мекемелерi мен ұйымдарына бекiтiледi.
      Ізденушi ретiнде тiркелу мерзiмi 5 жылдан аспау керек.
      Қатарынан бiрнеше жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерi мен ұйымдарда iзденушi ретiнде тiркелуге рұқсат етiлмейдi.
      Ізденушi ретiндегi уақытын толық пайдаланғандарға қайтадан тiркелуге болмайды, ал бұл мерзiмдi iшiнара пайдаланғандар жұмсалмай қалған мерзiмiне тiркелуге құқы бар.
      Аспирантураның толық курсын немесе ассистентура-стажировканы бiтiргендерге iзденушi ретiнде тiркелу құқы берiлмейдi.
      18. Жоғары оқу орнына, ғылыми-зерттеу мекемесi мен ұйымына бекiтiлу үшiн iзденушi сол мекеме басшысының атына:
      өтiнiш;
      жарияланған ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк еңбектерiнiң тiзiмiн;
      диссертациялық жұмысының кеңейтілген жоспарын;
      жоғары оқу орнын бiтiргенi туралы дипломның көшiрмесiн;
      кадрлар есебi жөнiндегi жеке парағын;
      егер кандидаттық емтихандарды тапсырған болса, онда сол жөнiндегi куәлiктi өткiзедi.
      19. Жоғары оқу орнының, ғылыми-зерттеу мекемесi немесе ұйымның басшысы iзденушiмен өткiзiлген пiкiрлесудің нәтижесi мен тиiстi кафедраның (бөлiмнiң, сектордың, лабораторияның) қорытындысы негiзiнде iзденушiнi бекiту туралы, мерзiмi мен ғылыми жетекшiсiн бiрге көрсете отырып, бұйрық шығарады.
      Ізденушiлердiң ғылыми жетекшiлерi, әдеттегідей, ғылым докторлары немесе профессорлар қатарынан тағайындалады. Жекеленген жағдайларда жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң және ұйымдардың ғылыми кеңестерiнiң шешiмдерiмен ғылыми кадрларды аттестациялау департаментiнiң келiсiмiмен iзденушiлердiң ғылыми жетекшiлiгiне мамандығы сәйкес келетiн жетекшi доценттердi, ғылым кандидаттарын тартуға болады.
      20. Ізденушiлер жеке жоспарлары бойынша жұмыс iстейдi, мезгiл-мезгiл есеп бередi және жыл сайын жоғары оқу орнының кафедрасынан, ғылыми-зерттеу мекемесi мен ұйымының бөлiмiнен (секторынан, лабораториясынан) аттестациядан өтедi.
      Жеке жұмыс жоспарын орындай алмаған iзденуші оқудан шығарылады.
      21. Жеке жұмыс жоспарына сәйкес iзденушiлер де аспиранттар сияқты өздерi бекiтiлген жерден барлық қажеттi жұмыс жағдайларын пайдалана алады. Iзденушi жұмыс iстейтiн жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң, кәсiпорындар мен ұйымдардың басшылары оларға диссертациямен жұмыс iстеу үшiн жағдай жасайды.
      22. Iзденушiлер бекiтiлген мерзiмдерi iшiнде:
      жеке жұмыс жоспарын түгелдей орындауы ғылыми-зерттеу жүргiзудiң методологиясын меңгеруi тиiс;
      тиiстi курстар (пәндер) бойынша кандидаттық емтихандар тапсыруы керек;
      алдын-ала қорғаудан өтуi қажет.
      Тиiстi емтихандарды тапсырған және өз бетiмен ғылыми-зерттеу жұмысын орындаған iзденушiлер ғылым кандидаты ғылыми атағын алу үшiн диссертация қорғауға жiберiледi.
      23. Ізденушiлердiң тiзiмiн есепке алып, олардың жұмысын бақылау сол тiркелген жердегi аспирантура бөлiмiне жүктеледi.
      24. Кандидаттық және басқа да емтихандар мен диссертациялық жұмыс бойынша кеңес бергенiне ғылыми жетекшiге еңбек ақы бiр жылға әрбiр iзденушiге шаққанда педагогикалық жүктеменiң 25 сағатынан кем болмайтындай өлшемде төленедi.    

3. Кандидаттық және докторлық диссертация пайдалану
үшін шығармашылық демалыс беру туралы

      25. Ғылыми дәреже үшін ізденушілерге, ғылыми жұмыспен өндірістік немесе педагогикалық қызметтерінен қол үзбей жүріп айналысушыларға кандидаттық диссертацияларын аяқтау үшін 3 айға дейін, докторлық диссертацияларын аяқтау үшін 6 айға дейін шығармашылық демалыс беріледі.
      26. Шығармашылық демалыс сұраушы жоғары оқу орнының (ғылыми-зерттеу мекемесінің, ұйымның) ректорының (директорының) атына диссертациялық жұмысын аяқтауға қажет мерзім мөлшерін көрсете отырып, өтініш жазады және оған:
      - жұмыстың орындалу кестесі көрсетілген жоспары;
      - жарияланған ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстарының тізімі;
      - шығармашылық демалыс беру туралы пікірді ұсынған тиісті кафедраның (лабораторияның, бөлімнің) қорытындысы қоса тіркеледі.
      27. Жоғары оқу орнының (ғылыми-зерттеу мекемесінің, ұйымның) ғылыми кеңесі шығармашылық демалыс беру туралы шешім қабылдайды және оның мерзімін анықтайды.
      28. Шығармашылық демалыс жоғары оқу орнының (ғылыми-зерттеу мекемесінің, ұйымның) ғылыми кеңесінің шешімі негізінде ректордың (директордың) бұйрығымен беріледі.    

Қазақстан Республикасының
Білім, мәдениет және денсаулық сақтау
министрлігінің 1998 жылғы 27 ақпан N 81
бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары,
ғылыми-зерттеу мекемелері мен ұйымдары жанындағы
докторантура жөніндегі
Ереже

      1. Бұл Ереже Қазақстан Республикасының "Білім беру туралы", "Жоғары білім туралы" Заңдарына, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің "Қазақстан Республикасында ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау жөніндегі Ережені бекіту туралы" 1995 жылғы 19 қаңтардағы N 65 Қаулысына  сәйкес және Қазақстан Республикалық Мемлекеттік Аттестациялау Комиссиясының 1996 жылғы 12 мамырдағы N 194-а  Қаулысымен  бекітілген "Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру туралы" Ережеге сәйкес жасалды.
      2. Ереже Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында (ЖОО), ғылыми-зерттеу мекемелерінде (ҒЗМ), ұйымдарында олардың ведомстволық бағыныштылығына, меншік түріне қарамай, ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындауды ұйымдастыру тәртібін анықтайды.
      Докторанттарды дайындау "Ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мамандықтарының номенклатурасына" сәйкес ғылым салалары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Докторантура үздіксіз білім берудің біртұтас жүйесінің жоғары сатысы ретінде ЖОО да, ҒЗМ-і мен ұйымдарында қазіргі заманға сай зерттеу және сараптау базалары, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар даярлау мен жүзеге асыруға белсенді қатысатын беделді ғылыми мектептері бар жетекші ЖОО-ы мен ҒЗМ-де ұйымдастырылады.
      4. Докторантураның ашылуы мен жабылуы:
      - Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің, сонымен бірге, Ғылым министрлігі-Ғылым Академиясының келісімімен (Ғылыми кадрларды аттестациялау департаментімен) ЖОО-да, ҒЗМ-і мен ұйымдарында солар бағынатын министрліктер арқылы;
      - білім беру қызметіне лицензиясы бар жекеменшік ЖОО Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі мен Ғылым министрлігі-Ғылым Академия (Ғылыми кадрлар аттестациялау департаменті) арқылы жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі - Ғылым министрлігі-Ғылым Академиясымен бірлесе отырып, ведомстволық бағыныштылығына қарамай, ЖОО-дағы, ҒЗМ-і мен ұйымдарындағы докторантураның жұмысына бақылау жасап, оған ғылыми-әдістемелік басшылық жасайды.
      5. Докторантура жоғары білікті мамандары мен бүгінгі күн талабына сай ғылыми-зерттеу және материалдық-техникалық базасы бар ЖОО-да, ҒЗМ-і мен ұйымдарында олардың өтініш етуімен ашылады.
      Өтініш хатқа тіркелетіндер:
      - ЖОО, ҒЗМ және ұйымы ғылыми кеңесінің ғылыми мамандық түрі көрсетілген шешімі;
      - ғылым докторларының саны әрбір мамандық бойынша үштен кем болмауы туралы және сол оқу орны негізгі жұмыс орны екендігі жөніндегі кадрлар бөлімінің анықтамасы;
      - ұйғарылған ғылыми консультанттар (ғылыми еңбектерін көрсете отырып) туралы мәлімет;
      - мамандық бойынша ғылыми-зерттеу және материалдық-техникалық базаның мінездемесі;
      - докторанттар дайындаудың бағдарламасы.
      Докторанттар дайындаудың бағдарламасын диссертациялық кеңестер жасап, Ғылым министрлігі-Ғылым Академиясында (Ғылыми кадрлар аттестациялау департаментінде) бекітіледі.
      6. Ғылым салалары мен мамандықтар бойынша докторантураға мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылдаудың жылдық және келешектегі жоспарының жобаларын докторантурасы бар ЖОО, ҒЗМ мен ұйымдары тікелей бағынатын министрліктер даярлап, Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі-Ғылым Академиясы және Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің келісімімен, Стратегиялық жоспарлау және реформалау Агенттігінің ұсынысымен жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      7. Докторантураға өндірістен қол үзіп оқуға өзі таңдаған салада ғылыми жетістіктері бар, өзін болашағы бар ғылыми-педагогикалық қызметкер ретінде көрсеткен, жоғары ғылыми деңгейде зерттеулер жүргізіп, өндірістік, шаруашылық, әлеуметтік-мәдени маңызы бар ғылыми мәселелерді шеше алатын ғылым кандидаттары қабылданады. Докторантурада даярлау мерзімі 3 жылдан аспауы керек.
      8. Докторантурасы бар ЖОО, ҒЗМ, ұйымдарға докторантураға түсушілер мынадай құжаттар тапсырады:
      - басшының атына өтініш;
      - жұмыс орнында куәлендірілген кадрлар есебі жөніндегі жеке парақ;
      - білім және ғылыми атақ туралы құжаттардың көшірмесі;
      - докторлық диссертацияның кеңейтілген жоспары;
      - жарияланған ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектерінің тізімі.
      Докторантураға басқа министрлік, ведомстволар және ұйымдар мемлекеттік жоспардан тыс түсушілер аталған құжаттарға қосымша осы Ереженің талаптарына сәйкес келетін, оқу ақысының төлеміне кепілдік беретін шартқа отыру құжатын өткізуі қажет.
      Басқа мемлекеттердің азаматтары докторантураға халықаралық келісімдер негізінде, сонымен қатар, жоғары оқу орнының, ғылыми-зерттеу мекемесі және ұйымының басшылығымен арадағы ақылы негіздегі жеке келісім-шарттар бойынша да қабылданады.
      9. Докторантурасы бар ЖОО, ҒЗМ, ұйымдардың Ғылыми кеңесі тиісті кафедралардың (бөлім, лаборатория) қорытынды шешімдеріне қарап, докторантураға кандидат жөнінде оның ғылыми баяндамасына және докторлық диссертациясының кеңейтілген жоспарына орай, қорғау мерзімін анықтайды және докторантураға қабылдануы немесе қабылданбауы туралы шешім қабылдайды.
      Ғылыми кеңес докторанттың диссертацияның тақырыбын, дайындық бағдарламасын және жұмыс жоспарын бекітеді.
      10. Докторантураға қабылдау ЖОО (ҒЗМ) ректоры (директоры), ұйым басшысы арқылы жүзеге асырылады.
      11. Докторанттарға диссертациялық зерттеулер жүргізуде көмек көрсету үшін сол оқу орнының немесе салалас ұйымдардың ғылым-докторлары арасынан ғылыми-кеңесші тағайындауға болады.
      Ғылыми-кеңесшіге ақы төлеу бір докторантқа жылына 50 сағат есебі негізінде белгіленеді.
      12. Шетел тілін білетін докторанттар, шет елдің жетекші ғылыми орталықтарына іс-сапарларға жіберілуіне болады. Жол шығындары қалыптасқан тәртіп негізінде докторантурасы бар ұйымның немесе жіберуші есебінен төленеді.
      13. ЖОО, ҒЗМ және ұйымның кеңесі докторанттарды жыл сайын аттестациядан өткізіп отырады. Диссертациялық дайындау жұмыстарының жоспарын орындамаған докторант докторантурадан шығарылады. Бұйрықтың көшірмесі докторантты оқуға жіберген ЖОО, ҒЗМ, ұйымға жіберіледі.
      14. Докторант докторантурада оқыған кезінде диссертациясын аяқтап, көкейкесті тақырып бойынша өзінің жеке ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін ғылыми басылымдарда жариялап, алдын-ала саралаудан өткізіп, қорғау үшін арнайы диссертациялық Кеңеске тапсыруға тиіс.
      Егер докторлық диссертация кандидаттық диссертациядан басқа тақырып бойынша жазылған болса, онда ізденуші жаңа ғылыми мамандық бойынша кандидаттық емтихан тапсырады.
      15. Мемлекеттік бюджетте өндірістен қол үзіп оқитын докторанттарға стипендия өздерінің бұрынғы лауазымдық жалақылары мөлшерінде төленеді, бірақ сол ЖОО доцентінің жалақысы мөлшерінен артық болмауы қажет.
      Келісім-шартқа отырған докторанттар үшін стипендия мөлшері шартта көрсетіледі, бірақ ол мемлекеттік стипендия мөлшерінен аз болмауы тиіс.
      Докторанттарға жыл сайын стипендиясы сақталатын екі айлық демалыс беріледі.
      Тыс жерден келген докторанттарға жайлы-қонақ үй үлгісіндегі жатақханадан жеке бөлме беріледі, оның төлемін докторант өзі төлейді немесе оқуға жіберуші ұйым есебінен жүргізіледі.
      Докторантурада оқу мерзімі ғылыми-педагогикалық жұмыс стажына кіреді.
      16. Докторантураны бітірушілерді жұмысқа орналастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Докторантураны бітірген мамандар өздерін жіберген жоғары оқу орындарына, ғылыми-зерттеу мекемелері мен ұйымдарына қайтып барулары тиіс. Оларды барған жерлері жұмысқа алмаған жағдайда докторантурадағы дайындыққа кеткен шығынды өздері төлеулері тиіс. Төленуі тиісті шығынды жұмысқа алған жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері мен ұйымдары төлей алады.
      17. Докторантураға қабылданған ғылым кандидаттарының жоғары оқу орнындағы профессорлық-оқытушылық және ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдарындағы ғылыми қызметкерлік қызметі белгіленген тәртіппен конкурссыз, жедел еңбек шарты бойынша басқа адамдармен ауыстырыла береді.
      18. Докторлық диссертацияны аяқтау үшін жеңілдіктерді бұрын пайдаланғандар (6 айлық шығармашылық демалыс, ғылыми қызметкерлік қызметке ауысу) докторантураға түсу құқынан айырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады