Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 17 наурыздағы N 201 қаулысымен бекітілген Жұмысшылар мен қызметшілерге еңбек міндетін атқаруына байланысты мертігіп қалған жағдайда немесе денсаулығына басқадай зақым келгенде олардың шеккен зиянын меншіктің барлық нысанындағы ұйымдардың өтеуі ережесін (енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды ескере отырып) қолданудың тәртібі туралы НҰСҚАУЛЫҚ

Күшін жойған

Бұйрық Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 1998 ж. 14 тамыздағы N 158-п Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 1998 жылғы 23 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 612. Бұйрықтың 2000 жылдың 1 шілдесінен бастап күші жойылды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2000 жылғы 29 маусымдағы N 158-п бұйрығымен.

      1. Меншіктің барлық нысанындағы ұйымдар жұмысшылар мен қызметшілердің еңбек міндетін атқаруына байланысты ұйымның кінәсінен оның аумағында мертігіп қалған жағдайда немесе денсаулығына басқадай зақым келгенде (бұдан әрі - еңбекте мертігу) олардың шеккен зияндары үшін материалдық тұрғыдан жауапты болады.
      Егер ұйым келтірілген зиянның оның кінәсінен болмағанын дәлелдей алса, онда ол зиянды өтеуден босатылады.
      Егер еңбек жарақаты жұмыс берушінің салауатты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеуі салдарынан болса ол ұйымның кінәсінен болған деп саналады.
      Ұйымның кінәсін мыналар көрсете алады:
      өндірісте болған жазатайым жағдайды немесе еңбекшінің денсаулығына басқадай зақым келген жағдайды зерттеу және есепке алу туралы ереже белгілеген Н-1 нысанындағы акті;
      мемлекеттік еңбек инспекторының денсаулыққа келтірілген зақымның себептері туралы қорытындысы;
      кәсіптік ауру туралы медициналық мекеменің қорытындысы;
      соттың өкімі, шешімі, прокурордың, алдын ала жүргізілетін әкімшілік тексеру органының қаулысы.
      2. Зиянды өтеу зардап шегушіге еңбек қабілетінен айрылу немесе қабілетінің нашарлауы салдарынан жоғалтқан жалақысы, табысы (немесе оның тиісті бөлігі) мөлшерінде ақшалай сома, біржолғы жәрдем және денсаулығына зақым келуінен туындайтын қосымша өтемдер төлеуден тұрады.
      Егер жұмыскер еңбек жарақатынан кейін өзінің бұрынғы жұмыс орнына (лауазымына) орналасса немесе оған еңбек жарақатына ұшырамай тұрғандағы жалақысының мөлшері сақтала отырып басқа жұмыс ұсынылса, онда зиян өтелмейді, біржолғы жәрдемақы мен өтемақы берумен ғана шектеледі. Оның денсаулығына байланысты табысы азайып кеткен жағдайда, зардап шегушіні бұрынғы жұмысында пайдалану мүмкін болмағанда немесе ол сол ұйымнан кетіп қалғанда зиянды өтеу өтініш берген күннен жүргізіледі.
      Еңбек жарақатына байланысты зардап шегушіні оның келісімімен әлдеқайда жеңіл, жалақысы аз жұмысқа уақытша ауыстырғанда оған еңбек қабілеті қалпына келтірілгенге шейін немесе еңбек қабілетінен уақытша немесе ұзақ айрылуын белгілегенге шейін оған бұрынғы және жаңа табысы арасындағы айырмашылық төленеді. Зардап шегушіні басқа жұмысқа ауыстыру, оның ұзақтығы (бір жылға дейінгі шамада) және ұсынылатын жұмыстың сипаты туралы қорытындаманы дәрігерлік-консультациялық комиссия береді.
      3. Зардап шеккен қызметші қайтыс болған жағдайда зиян өтемін алу құқына қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейін одан жәрдем алып тұруға құқы болған еңбекке жарамсыз адамдар, адам қайтыс болғаннан кейін дүниеге келген оның баласы, сондай-ақ қайтыс болған адамның 8 жасқа толмаған балаларын, інілерін, қарындастарын немесе немерелерін күтумен айналысатын, жұмыс істемейтін ата-аналарының бірі, жұбайы немесе отбасының басқа мүшесі ие бола алады.
      Жасы 16-ға толмаған жасөспірімдер (оқушылар - 18 жас) немесе осы жастағыдан жоғары адамдар егер мүгедектікке ұшыраса еңбекке қабілетсіз деп саналады.
      Қайтыс болған адамның өзі қайтыс болғанша алимент төлеп тұрған немесе төлеуге міндетті асырауындағы жасы кәмелетке толмаған балалары, сондай-ақ зейнет жасындағы және Зейнетақы мен жәрдемақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан және жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алмайтын, не белгіленген тәртіпте мүгедектер деп танылатын ата-аналары, және жұбайы, егер ол жұмыс істемейтін болса және Жұмыспен қамтудың үлгілік орталығында есепте тұрса оның қарауындағы деп саналады.
      4. Еңбек міндеттерін атқаруына байланысты мертіккен немесе денсаулығына зақым келген қызметшінің кәсіптік еңбек қабілетін жоғалту деңгейін (процент есебімен) анықтауға медициналық-әлеуметтік сарап комиссиясы (МӘСК) жүргізеді.
      Еңбектен мертігудің салдарынан кәсіптік еңбек қабілетін жоғалту деңгейін МӘСК-ның белгілеу тәртібі туралы нұсқаулықты Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге бекітеді.
      Зардап шегушіні МӘСК-да куәландыру соттың өндірісте болған жазатайым оқиға туралы өткізген актісі және емдеу-алдын алу мекемесінің жолдамасы бойынша немесе сот органдарының жолдамасымен жүргізіледі.
      Қарттығына байланысты зейнет жасындағы адамдарды олардың еңбекке қабілетін жоғалту дәрежесін жоғарылатып өзгерту мақсатында МӘСК-дан қайта куәландыру жүргізілмейді.
      5. Зардап шегушіге жоғалтқан жалақы бөлігіне қатысты зиян өтемінің мөлшері олардың кәсіби еңбек қабілетін жоғалту дәрежесіне байланысты және ол осы жоғалту дәрежесі бойынша орташа айлық жалақысына процент есебімен есептеледі.
      Егер зардап шегушіге еңбекте мертігуіне, кәсіби ауруына байланысты мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған болса, онда шығын өтемінің мөлшері осы жәрдемақы сомасының мөлшеріне азайтылады.
      Жоғалтқан жалақысына қатысты шығынды өтеу сомасы зардап шегушінің алып жүрген жалақысына, стипендиясына және басқа да табыстарына қарамастан төленеді.
      Зардап шегушіге мертіккенге дейін де, кейін де тағайындалған, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан берілетін жасына байланысты зейнетақыны төлеген кезде шығынды өтеу мөлшері қолданылып жүрген заңға сәйкес оның алуға құқы бар мүгедектігіне байланысты мемлекеттік жәрдемақыға қатысты бөлігіне тепе-тең мөлшерде азайтылады. Бұл азайту еңбек жарақатын алған уақытына және жасына байланысты алатын зейнетақысына қарамастан жүргізіледі.
      Келтірілген зиян үшін жауап беретін ұйым мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру органының кері қайтару талабы бойынша мүгедектігіне байланысты жәрдемақы сомасын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 462-бабына сәйкес өтеуге тиіс.
      6. Асыраушысы қайтыс болған жағдайда зиян өтемін алуға құқы бар адамдарға зиян асыраушының орташа айлық табысы мөлшерінде өтеледі, бірақ одан қайтыс болған адамның өзіне және асырауындағы еңбек ететін, зиян өтемін алуға құқы жоқ адамға тиесілі үлестер шығарылып тасталады.
      Осы өтемге құқы бар әрбір адамға берілетін шығын өтемінің мөлшерін анықтау үшін асыраушы жалақысының осы аталған адамдарға тиесілі бөлігі осы адамдар санына бөлінеді. Егер шығын өтемін алуға қайтыс болған адамның асырауындағы еңбекке жарамсыз адамдардың, және оның асырауында болмаған еңбекке жарамсыз адамдардың бір мезгілде бірдей құқы бар болса, онда алдымен қайтыс болған адамның асырауында болмаған адамдарға шығын өтеу анықталады. Оларға белгіленген шығын өтемінің сомасы асыраушының жалақысынан алынып тасталады да, қайтыс болған адамның асырауында болған адамдарға шығын өтемінің мөлшері осы тармақтың 1 және 2 абзацтары көздеген тәртіпте анықталады.
      Асыраушысынан айрылуына байланысты шығын өтемін алушыларға шығын өтемі асыраушысынан айрылуына байланысты алып жүрген мемлекеттік жәрдемақысына немесе басқа табысына (алименттер, материалдық көмектің барлық түрі және т.б.) қарамастан төленеді.
      7. Егер еңбектегі мертігу ұйымның кінәсінен ғана емес, сонымен бірге зардап шеккен жұмыскердің өзінің өрескел абайсыздығы салдарынан болса, онда зиянның өтелу мөлшері оның кінәсіне қарай кемітілуі мүмкін.
      Зардап шегушінің кінәсінің қаншалықты екендігін осы оқиғаны зерттеуші комиссия Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1994 жылғы 15 желтоқсандағы N 1414 P941414_ қаулысымен бекітілген өндірісте еңбекшілердің мертігуін және денсаулығына басқадай зақым келуін тексеретін және есепке алатын комиссия айқындайды.
      Комиссия шешімін қайта құру туралы өтініш болғанда зардап шегушінің кінә дәрежесін анықтау туралы мәселені Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек қорғау және еңбек жағдайы инспекциясына оның жер-жерлердегі бөлімшелері қарайды.
      Комиссияның зардап шегушінің кінәсінің қаншалықты екендігін анықтау мәселесі жөніндегі шешімін қайта қарау туралы өтінішті қарауға және ол бойынша шешім қабылдауға аймақтың және республиканың бас мемлекеттік еңбек инспекторларының құқы бар. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысымен келіспеген ретте мәселе сот тәртібімен шешіледі.
      Еңбекте мертігуге байланысты бір жолғы жәрдемдер мен өтемдерді төлеген кезде зардап шегушінің кінәсі ескерілмейді.
      8. Шығын өтемінің, бір жолғы жәрдемақының мөлшері еңбекте мертігудің немесе осы мертігуге байланысты еңбекке жарамсыздық басталардың (зардап шегуші жұмыскердің қалауымен) алдындағы 12 күнтізбелік ай ішіндегі орташа жалақысы негізінде есептеледі. Кәсіби ауруға ұшырағанда зардап шегуші жұмыскердің қалауымен шығын өтемінің мөлшерін есептеу үшін осы ауруға ұшырауының себебінен жұмысты тоқтатар алдындағы 12 күнтізбелік ай ішіндегі орташа айлық табысы алынады.
      Егер еңбекте мертігудің алдында (еңбекке жарамдылығын жоғалту) жұмыскер жалпы алғанда кемінде толық 12 ай жұмыс істесе, шығын өтемінің мөлшері шын мәнінде жұмыс істеген барлық толық айлар ішіндегі орташа айлық жалақыдан есептеледі. Бұл үшін осы аталған айлар ішіндегі табыстың жалпы сомасы осы айлар санына бөлінеді.
      Егер жұмыскер толық бір айдан аз жұмыс істесе, онда алдымен есептік кезеңдегі жалақының есептелген сомасын Қазақстан Республикасының заңы белгілеген күнтізбелік бойынша жұмыс аптасының ұзақтығына сүйене отырып, жұмыс істеген күндер санына бөлу арқылы орташа күндік жалақы анықталады.
      Жұмыскердің орташа айлық жалақысының мөлшері орташа күндік жалақыны жалақы төленуге жататын есептік айдың санына көбейту арқылы анықталады.
      9. Егер зиянды өтеу жөнінде өтініш жасағанға дейін зардап шеккен қызметшінің еңбекте мертігуге дейінгі нақтылы табысы туралы құжаттары сақталмаған болса, онда зиян өтемінің мөлшері зардап шеккен қызметшінің өтініш жасаған уақытында ол аталған жұмыстағы қолданылып жүрген тариф ставкасы негізінде (айлық жалақысы) негізінде есептеледі.
      Зардап шегушінің нақтылы жалақысы туралы құжаттарды алу мүмкін еместігі ұйымның немесе тиісті архивтің анықтамасымен бекітілуге тиіс.
      10. Зиянды өтеу үшін есептелетін табысқа қолданылып жүрген ереже бойынша әлеуметтік сақтандыру жарналары есептелетін жалақының барлық түрі (колхоз мүшелерінің табысынан басқа) жатады, бұған еңбекақы төлеудің қолданылып жүрген жүйесінде ескерілмеген (пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы, демалыстық жәрдемақы және басқалар) біржолғы сипаттағы төлемдер қосылмайды.
      Колхоз мүшелеріне шығын өтемінің мөлшерін есептеген кезде оның колхоздың қоғамдық шаруашылығындағы жұмысының барлық түріндегі табысы есептеледі.
      Егер жалақы айдың жартысынан аз (12 күннен аз) күндеріне есептелінсе сыйлықақылар мен жоғарыда көрсетілген сыйлыақылар жалақыға зейнетақы есептеген кезде қолданылып жүрген ережелер бойынша орташа айлық жалақы анықталатын айлардың санына тепе-тең етіп қосылады.
      Шығын өтемін есептеу үшін алынатын жалақыға мыналар кірмейді: жұмыс уақытынан тыс кезде істеген және қосымша істеген жұмыстар үшін төленетін жалақы, бір жолғы сипаттағы түрлі төлемдер, негізгі жұмысы бойынша жұмысшы мен қызметшінің міндетіне енбейтін жұмыстар үшін төленетін үстемелер.
      11. Өндірістік оқуда (практикада жүрген) кезінде еңбекте мертіккен адамдарға зиянды өтеу мөлшері зардап шеккен қызметші оқып жатқан кәсібі (мамандығы) бойынша тағайындалатын ставка негізінде есептеледі (бірақ 2- разрядтан төмен болмауға тиіс). Оқу (практика) кезінде табыс тапқан адамға зиянды өтеу мөлшері олардың тілегі бойынша осы кезеңдегі орташа айлық табысы негізінде есептеледі. Зардап шеккен қызметшінің тілегі бойынша зиянды өтеу мөлшері өндірістік оқуда (практикада) болар алдында істеген жұмысындағы орташа айлық табысы негізінде есептелуі мүмкін.
      8-тармақта баяндалған зиян өтемінің мөлшерін өндірістік оқу мен өндірістік практиканың барлық нысандарына, атап айтқанда жаңа жұмысшыларды даярлауға, жұмысшыларды екінші мамандыққа қайта оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға қатысты.
      12. Шетелде жұмыста болған кезінде еңбекте мертіккен жұмысшылар мен қызметшілерге зиянды өтеу мөлшерін есептеу үшін алынатын орташа айлық табысты анықтаудың тәртібін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісе отырып белгілейді. ТМД елдерінің аумағында жұмыс істеп жүрген кезде мертіккен жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық табысын анықтау үшін Ереженің 23-тармағын басшылыққа алу керек.
      13. Зардап шеккен қызметшіге ұйым жоғалтқан табысын өтеудің үстінде еңбекте мертігуі салдарынан болған қосымша шығындарын да өтеп отырады (қосымша тамақтану, дәрі-дәрмек алу, медициналық бақылаудан өту және оңалу, протез салу, оларды күту, санаторий-курортта емделу, бұған зардап шегушінің емделетін орынға барып-келу жолақысы, қажет болған жағдайда оған жолсерік болған адамның да жолақысы қосылады, арнаулы көлік құралдарын, жанар-жағар май алу және басқалар), егер ол МӘСК-ның ұйғаруы бойынша мұндай жәрдемге мұқтаж деп танылса, тиісті ұйымдардан ондай көмекті тегін алмаған болса ғана өтеледі.
      Бірінші топтағы мүгедектерге (арнаулы медициналық күтімді қажет ететін жағдайлардан басқа уақытта) оларды күту жөнінде МӘСК-ның қорытындамасы қажет болмайды.
      Арнайы медициналық және тұрмыстық көмекті қажет ететін зардап шегушіге төленетін шығындар әрбір күтімнің түріне қарай, оны кімнің жасайтындығына қарамастан өтеледі.
      Осы тармақта көзделген қосымша шығындардың мөлшері мына құжаттар негізінде анықталады: тиісті ұйымның санаторий-курорттық жолдаманың құны туралы анықтамасы немесе есебі; мүгедектерге арнайы көлік құралдарын бөлетін ұйымдардың есебі; протез-ортопедия кәсіпорындарының есептері және басқа да құжаттар.
      Ұйым зардап шегушіге осы аталған құжаттарды алуға жәрдемдесуге, ал қажет болған ретте оларды тиісті ұйымдардан талап етуге тиіс.
      Зардап шегушінің, сондай-ақ оны алып жүретін адамдардың жол шығындарының мөлшері қызмет жол сапарлары туралы заңға сәйкес айқындалады.
      14. Ұйым өз қарамағында қалатын пайданың есебінен зардап шеккен қызметшілерге және зардап шеккен қызметшінің қайтыс болуы себепті зиян өтемін алған отбасы мүшелеріне тұрғын үй ақысын өтеуге, ұйымның қарауындағы балалар мекемесінде балаларды күтуге, отынның құнын, коммуналдық қызметтің, тұрғын үй-құрылыс, бау-бақша, гараж құрылысы кооперативтеріндегі үлес жарналарын жарым-жартылай немесе толық төлеуге, қоғамдық көліктің барлық түрінде (таксиден басқа) жүріп-тұруға жеңілдіктер тағайындауына, сондай-ақ басқа да жәрдемдер көрсетуіне құқы бар.
      Жоғалтқан табысын, зиянды өтеудің қосымша түрлерін өтеудің үстіне ұйым зардап шеккен қызметшіге, асыраушысынан айрылуына байланысты зиянның өтемін алуға құқы бар адамға біржолғы жәрдемақы төлейді.
      Біржолғы жәрдемақы мөлшері ұжымдық келісім бойынша анықталады, бірақ:
      өндірістегі жазатайым оқиғасы немесе кәсіптік ауру салдарынан қайтыс болған қызметшінің жылдық жалақысының он есе мөлшерінен;
      еңбекте мертігуден немесе кәсіптік науқастан бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған қызметшінің жылдық жалақысының бес есе мөлшерінен;
      еңбекте мертігуден немесе кәсіптік аурудан үшінші топтағы мүгедек деп танылған қызметшінің жылдық жалақысының екі есе мөлшерінен;
      мүгедектігі белгіленбей еңбек қабілетін жоғалтқандығы толық анықталған жағдайда қызметшінің жылдық жалақы мөлшерінен кем болмауға тиіс.
      Осы аталған жеңілдіктер мен жәрдемдерге жұмсалатын шығындар зардап шегушіге қызмет көрсеткен ұйымдардың есептері негізінде өтеледі.
      15. Зиянды өтеу туралы арыз еңбекте мертігіп қалған жағдайда шеккен зияны үшін жауапты ұйымға беріледі.
      Ұйым қайта құрылған немесе таратылған жағдайда оның мирасқоры болған мекемеге немесе одан жоғары тұрған ұйымға беріледі.
      Өтінішті зардап шегуші немесе асыраушысының қайтыс болуына байланысты зиян өтемін алуға құқы бар береді.
      Жұмыс беруші шығын өтемін тағайындау туралы құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді.
      16. Ұйым әкімшілігі зиянды өтеу туралы арызды қажет құжаттармен қос түскеннен кейін немесе қосымша құжаттар түскеннен кейін он күннен кешіктірмей қарауға және тиісті шешім қабылдауға міндетті.
      Зиянды өтеу туралы шешім ұйым бойынша берілген бұйрықпен рәсімделеді.
      Ұйым әкімшілігінің шешімімен келіспеген жағдайда зардап шеккен қызметші немесе басқа да мүдделі адам бұл жөнінде шағым бере алады.
      Зиянды өтеу туралы өтінішке МӘСК-ның кәсіптік еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесі туралы ал, қажет болған ретте зардап шегушінің қосымша көмек түрлеріне мұқтаждығы туралы қорытындысы қоса берілуге тиіс.
      Асыраушысының қайтыс болуына байланысты шығын өтемін алуға құқы бар азаматтарға зиян өтемі туралы арызына мыналар қоса берілуге тиіс:
      азаматтық хал актілерін тіркеу органының асыраушының қайтыс болғандығы туралы куәлігінің көшірмесі;
      меншіктегі пәтер иелері кооперативінің қайтыс болған адамның қарауындағы отбасы мүшелерінің құрамы туралы анықтамасы не соттың тиісті шешімі;
      оқу орындарының шығын өтемін алуға құқы бар 18 жастан 23 жасқа дейінгі адамның сол оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитындығы туралы анықтамасы;
      ауыл, поселке, қала әкімінің қайтыс болған адамның 8 жасқа толмаған балаларын, інілерін, қарындастарын, немерелерін күтумен айналысатын ата- анасы, жұбайы немесе отбасының басқа мүшесі туралы анықтамасы.
      Шығын өтемі ретіндегі төлемдерді жалғастыру үшін де осы құжаттар тапсырылады.
      Қайтыс болған адамның қарауында болу фактісі тиісті құжаттар болмағанда және оны қалпына келтіру мүмкін болмағанда, сондай-ақ мүдделі азамат анықтамамен келіспегенде сот арқылы белгіленеді.
      Жұмыс берушінің шығынды өтеу туралы бұйрығының (өкімінің) көшірмесі немесе бұл жөнінде дәлелденген бас тарту туралы жазбаша бұйрығы арыз берген күннен бастап он күн мерзім ішінде бүкіл құжаттармен бірге мүдделі адамға тапсырылады (жiберiледi).
      17. Жұмысшылар мен қызметшілерге зиянды өтеу сомасын зиян келтіргені үшін жауапты ұйым төлейді.
      Шетелде жұмыс істеген кезінде еңбекте мертіккен жұмысшылар мен қызметшілерге зиянды өтеу оларды шетелге жұмысқа жіберген ұйымдар, министрліктер мен ведомстволар арқылы жүргізіледі.
      Қазақстан Республикасының шетелдегі мемлекеттік ұйымдарында жұмыс істеген кезінде еңбекте мертіккен жұмысшылар мен қызметшілерге зиянды өтеу сол ұйым қарауына қарайтын министрліктер, ведомстволар жүргізеді.
      18. Қазақстан Республикасының ұйымдарында еңбекте мертіккен, басқа мемлекеттерге тұрғылықты тұруға көшіп кеткен азаматтарға келтірілген зиян осы Ережеде белгіленген шарттар негізінде сол кәсіпорындардың қаржысы есебінен жүзеге асырылады.
      Шығынды өтеу үшін төленетін сомаларды басқа мемлекеттерге жеткізу және жіберу ұйым есебінен жүргізіледі. Алушының қалауы бойынша осы сомалар олардың банктегі жеке шоттарына жіберілуі мүмкін.
      19. Ұйым таратылған жағдайда зиянды өтеу сомасын оның мирасқоры төлейді.
      Ал мирасқоры болмаған ретте зиянды өтеу сомасы азаматтық заңға сәйкес жүргізіледі.
      20. Зиянды өтеу сомасы:
      а) зардап шеккен жұмысшылар мен қызметшілерге - олар еңбекте мертігуі салдарынан бұрынғы табысынан айрылған күннен бастап төленеді;
      ә) асыраушының қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу құқына ие болған адамдарға - ол қайтыс болған күннен бастап төленеді, бірақ зиянды өтеу сомасын алу құқына ие болған күннен ерте болмауға тиіс.
      Еңбекте мертігуіне байланысты бұрынғы табысынан айрылғаннан кейін немесе асыраушысы қайтыс болғаннан кейін үш жыл өткен соң зиянды өтеу туралы өтініш жасалған жағдайда, зиян арыз берген күннен бастап өтеледі.
      Зиянды өтеуге өтініш берген уақыт деп өтініш қабылданған күн саналады.
      Зиянды өтеу төлемдерін ұзарту зардап шегушінің және басқа мүдделі адамдардың ұйымға өтініш жасаған уақытына қарамастан оның алдындағы төлемдер біткен күннен бастап жүргізіледі. Бұл ретте өткен уақыт үшін зиян өтемінің сомасы егер МӘСК осы уақыт ішінде еңбек қабілетінен айрылғандығын растаған, сондай-ақ осы Ереженің 16-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде төленеді.
      21. Зардап шеккен қызметшіге табысының жоғалған бөлігіне зиянды өтеу МӘСК еңбекте мертігуіне байланысты еңбек қабілетін жоғалтқаны жайында белгілеген мерзімге төленеді.
      Асыраушысы қайтыс болуына байланысты зиян өтемін алу құқына ие болған мына адамдарға:
      кәмелетке толмағандарға - 18 жасқа толғанға дейін (кәсіптік-техникалық училищелердің, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушыларына - оқуы аяқталғанға дейін, бірақ олардың жасы 23-ке толғанға дейін);
      Жасы кәмелетке толмағандардың, 16 жасқа толғандардың оқып жүрген фактісі оқу орнының анықтамасымен расталуға тиіс. Аталған анықтамалар жылына бір рет оқу жылы басталардың алдында тапсырылады;
      жасы 60-тан асқан ерлер мен жасы 55-тен асқан әйелдер - өмір бойына;
      Аталған жасқа жету бұл адамдардың еңбек қабілетінің нақты жағдайына қарамастан оларды еңбекке жарамсыз деп тануға негіз болады;
      Мүгедектерге - еңбекке жарамсыз уақытының ішінде;
      Егер мүгедектік қайта куәландыру уақыты көрсетілмей белгіленсе, онда шығын өтеу сомасы өмір бойына төленеді.
      Қайтыс болған асыраушысының 8 жасқа толмаған балаларына, інілеріне, қарындастарына күтім жасаумен айналысатын, жұмыс істемейтін ата-анасына, жұбайына немесе отбасының басқа мүшесіне бала 8 жасқа толғанға дейін.
      Егер мұндай ата-анасы, жұбайы немесе отбасының басқа мүшесі қайтыс болған асыраушысының балалары, інілері, қарындастары 8 жасқа толғанға дейінгі уақыт ішінде мүгедектікке ұшыраса немесе жасының ұлғаюына байланысты зейнет жасына жетсе, онда оларға зиян өтемі мүгедектікте болған барлық уақытына немесе өмір бойына төленеді.
      22. Әр түрлі жұмыс берушіде (екі және одан да көп) жұмыс істеген кезінде тапқан кәсіптік ауру салдарынан еңбекке жарамдылығын біржолата жоғалтқанда, және МӘСК бәрін қоса белгілегенде зиянды өтеу осы жұмыс берушілерде істеген уақытына тепе-тең үлестік принципі бойынша жүргізіледі.
      Еңбекке қабілетінен біржолата айрылуын белгілеген сәтте жұмыс берушілердің бірі тарап кеткенде жағдайда зиянды өтеу қолданылып жүрген заңға сәйкес жүргізіледі.
      Егер зардап шеккен адам еңбек шартында тұрған ұйымда мертіксе, және оған екінші бір ұйымның да қатысы болып, олар зиян өтемінің үлесін бөлісуді өзара келісіп шеше алмаған жағдайда бұл тартыс сот тәртібімен қаралады.
      23. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге (ТМД елдері) тұрақты тұруға көшіп кеткен адамдарға зиянды өтеу Қазақстан Республикасы Президенті 1995 жылы 25 мамырда қол қойған N 2303 U952303_ қызметкерлердің еңбек міндеттерін атқаруына байланысты мертіккенде, кәсіптік ауруға ұшырағанда не денсаулығына басқадай зақым келгенде оларға келтірілген зиянды өтеу құқығын өзара тану туралы Келісімге сәйкес реттеледі.
      24. Осы Ереженің шарттарына сәйкес зиянды өтеу жөнінде тағайындалған сомалардың мөлшері мына жағдайларда қайта қаралады:
      еңбек ақысының мөлшері өзгергенде;
      қайтыс болған адамның отбасының құрамы өзгергенде;
      зардап шегушінің кәсіптік еңбекке жарамдылығын жоғалту дәрежесі өзгергенде.
      Зиян өтемінің мөлшерін қайта қарау бұрын осы мөлшер тағайындалған орташа айлық табысты осы немесе осыған ұқсас жұмыс орнындағы осындай мамандықтағы қызметшінің зиян өтемін қайта есептеу алдындағы қалыптасқан еңбекақы төлеу деңгейімен салыстыру негізінде қайта есептеу арқылы жүргізіледі. Ұйымдарда жалақы деңгейі әртүрлі жұмыс орындары болған кезде есептеу үшін олардың ұйымдағы орташа айлық табысы, ал жұмыс орны болмағанда саладағы осыған ұқсас кәсіп пен мамандықтың орташа айлық жалақысы алынады.
      Зиян өтемінің мөлшері қайта есептелуге жататын барлық жағдайларда (кәсіптік еңбек қабілетінің дәрежесінің өзгеруі, зиян өтемін алуға құқы бар еңбекке жарамсыз адамдар саны және т.б.) алушы өзгерістер туралы ұйымға жазбаша түрде хабарлауға тиіс.
      Зиян өтемін азайту жағына қарай қайта қарау (азайту коэффициенті) егер 3 ай (тоқсан) ішіндегі жұмыс қорытындысы бойынша тұтас ұйым бойынша еңбекақы деңгейі төмендеген болса ғана жүргізіледі.
      Ұйымның уақытша тоқтатылуына байланысты немесе апта ішінде толық емес жұмыс күні істегенде зиян өтемінің мөлшері азайтылмайды.
      Ұйым басшысы зиян өтемін қайта қарау туралы бұйрық (өкім) шығарады, оның көшірмесі мүдделі адамға тапсырылады немесе жіберіледі.
      25. Зиянды өтеуге төленетін соманы жеткізіп беру және жіберу ұйым есебінен жүргізіледі.
      Зиян өтемінің сомасы ай сайын айдың екінші жартысы үшін жалақы беретін күндері төленеді.
      26. Зиянды өтеу үшін төленетін сомаларға салық салынбайды. Осы сомалардан ұстап қалу жалақыдан ұсталатын тәртіпте жүргізіледі.
      27. Заңды тұлға таратылғанда (банкротқа ұшырағанда), қайта ұйымдастырылғанда (қосылу, бірігу, бөліну, қайта ұйымдастырылу) зиянды өтеу тәртібі қолданылып жүрген заңға сәйкес айқындалады.
      Өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін азаматтардың талаптары заңды тұлғаны тарату (борышкерді банкротқа ұшыраған деп тану) туралы шешім қабылданған күні есептелетін немесе уақытына қарай төленетін төлемдерді шоғырландыру жолымен қанағаттандырылады. Шоғырландырылуға зиян өтеуге арналған қаражат жатады.
      Егер таратылатын (банкротқа ұшыраған деп танылған) ұйымның құқы мен

міндеттері мирасқорға немесе жаңадан болатын (болған) заңды тұлғаға 
берілетін болса, онда таратушы комиссия (конкурсқа түсушi басқарма) зиян 
өтемiн төлеуге арналған шоғырланған повременный төлемдер сомасын зардап 
шегушiге немесе асыраушының қайтыс болуына байланысты зиян өтемiн алуға 
құқы бар адамға, олардың банктегі есеп-шоттарына жібереді.
     28. Осы Ереже шарттарының Чернобыль АЭС-ындағы аварияның зардаптарын 
жоюға қатысушыларға қатысы жоқ.
     
     
     
     Басқан: оператор Багарова Ж.А.
     
     Оқығандар:     
              Багарова Ж.А.
              Икебаева А.Ж.
     
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады