Зейнетақы активтерінің жай-күйіне шұғыл бақылау жасауды қамтамасыз ету мақсатында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 04 наурыздағы N 293
қаулысымен
бекітілген Бағалы қағаздар рыногындағы кастодиандық қызметті лицензиялау туралы ереженің 31-тармағының негізінде Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының (бұдан әрі "Ұлттық комиссия" деп аталады) Директораты Қаулы етеді:
1. Жинақтаушы зейнетақы қорлары кастодиан-банктерінің күнделікті электрондық есеп берушілік қағидалары бекітілсін (қоса берілді).
2. Жинақтаушы зейнетақы қорлары кастодиан-банктерінің ("Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры" ЖАҚ-ның кастодиан-банкі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкін қоса) күнделікті электрондық есеп берушілік беруді жоғарыда аталған Қағидаларға сәйкес тестік режимде 1999 жылғы 18 қазаннан бастау керектігі белгіленсін.
3. Жинақтаушы зейнетақы қорлары кастодиан-банктері ("Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры" ЖАҚ-ның кастодиан-банкі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкін қоса) жоғарыда аталған Қағидаларға сәйкес күнделікті электрондық есеп берушіліктің кідіріссіз, толық және анық берілуін қамтамасыз ету мақсатында 1999 жылғы 01 желтоқсанға дейінгі мерзімде өздерінің бағдарламалық-техникалық кешендерін жаңғыртуға міндеттелсін.
4. Жоғарыда аталған Қағидаларға сәйкес күнделікті электрондық есеп берушіліктің жұмыс бабында пайдалану режимінде берілетін күннің Ұлттық комиссия Директоратының жеке қаулысымен айқындалатындығы белгіленсін.
5. Осы Қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелген күнінен бастап күшіне енгізілетіндігі белгіленсін.
6. Ұлттық комиссия орталық аппаратының Заң басқармасы осы Қаулыны тіркеу мақсатында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жіберсін.
7. Ұлттық комиссия орталық аппаратының Төраға қызметі - Талдау және стратегия басқармасы осы Қаулыны Жинақтаушы зейнетақы қорлары кастодиан-банктерінің ("Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры" ЖАҚ-ның кастодиан-банкі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкін қоса), "Қазақстанның қор биржасы" ЖАҚ-ның (оған осы Қаулыны өз мүшелерінің назарына жеткізу жөніндегі міндетті жүктей отырып) және "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" ЖАҚ-ның назарына жеткізсін.
8. Ұлттық комиссия орталық аппаратының Лицензиялау және қадағалау басқармасының Зейнетақыны реформалау бөлімі:
1) осы Қаулыны зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялардың, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін реттеу жөніндегі комитетінің назарына жеткізсін;
2) Ұлттық комиссия орталық аппаратының Төраға қызметі - Талдау және стратегия басқармасымен бірлесе отырып осы Қаулының орындалысына бақылау жасасын.
Ұлттық комиссияның
Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық
комиссиясы Директоратының
1999 жылғы 14 қазандағы N 455
қаулысымен бекітілді
Жинақтаушы зейнетақы қорлары кастодиан-банктерінің
күнделікті электрондық есеп берушілік
Қағидалары
Осы Қағидалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 04 наурыздағы N 293 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздар рыногындағы кастодиандық қызметті лицензиялау туралы ереженің 31-тармағының негізінде әзірленді және жинақтаушы зейнетақы қорлары кастодиан-банктерінің зейнетақы активтерінің жай-күйі туралы күнделікті электрондық есеп берушілікті беру тәртібін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда қолданылған ұғымдар мыналарды білдіреді:
1) "Банк" - жинақтаушы зейнетақы қорының кастодиан-банкі;
2) "Ұлттық комиссия" - Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы;
3) "Есеп берушілік" - Банктердің Бірыңғай нысандардың жиынтығы түріндегі зейнетақы активтерінің жай-күйі туралы күнделікті электронды есеп берушілігі;
4) "Анықтамалық" - Бірыңғай нысандарды толтыру кезінде Банктер пайдаланатын мәліметтердің электрондық базасы;
5) "Бірыңғай нысандар" - Банктердің зейнетақы активтерінің жай-күйі туралы күнделікті электрондық есеп берушілігінің бірыңғай нысандары. Бірыңғай нысандардың тізбесі және олардың мазмұны Ұлттық комиссия Директоратының жеке қаулысымен белгіленеді.
2. Банктер өткен күннің есеп берушілігін келесі күні Алматы уақыты бойынша 15.00 сағаттан кешіктірмей Ұлттық комиссияға электрондық поштамен береді.
Айрықша жағдайларда, Есеп берушілікті электрондық поштамен беру мүмкіндігі болмаған кезде оның толтырылған Бірыңғай нысандары Ұлттық комиссияға қағаз таратқышпен беріледі. Бұл ретте әрбір жеке толтырылған Бірыңғай нысанда бірінші басшы (немесе Банктің оның жинақтаушы зейнетақы қорларына кастодиандық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын бөлімшесіне жетекшілік жасайтын басшы қызметкері) және Банктің бас бухгалтері қол қоюы және Банк мөрінің таңбасымен расталуы керек. Толтырылған Бірыңғай нысандарды қағаз таратқышпен беру оларды кейіннен электрондық поштамен беру міндетінен Банкті босатпайды.
3. Ұлттық комиссия Банктерді:
1) Есеп берушілік берілетін электрондық поштаның мекен-жайларымен;
2) Анықтамалықтармен;
3) Бірыңғай нысандарды толтыру және Есеп берушілікті жөнелту кезінде қолданылатын және техникалық құжаттамаларға сәйкес келетін барлық Банктерге бірыңғай арнаулы бағдарламалық қамтамасыз етудің жекелеген түрлерімен;
4) Бірыңғай нысандарды толтыру және Есеп берушілікті жөнелту жөніндегі нұсқаулармен және әдістемелік ұсыныстамалармен қамтамасыз етеді.
4. Ұлттық комиссия Банктерден алынған Есеп берушіліктің мазмұнындағы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді. Осы мақсаттарда Ұлттық комиссияның Төрағасы өзінің бұйрығымен Ұлттық комиссия орталық аппаратының Есеп берушіліктің және оны өңдеу нәтижелерінің мазмұнындағы Банктердің банктік, қызметтік және коммерциялық құпияларын құрайтын ақпаратқа рұқсат етілетін қызметкерлер шеңберін шектейді.
2-тарау. Бірыңғай нысандарды толтырудың және есеп
берушілікті жөнелтудің тәртібі
5. Анықтамалықтарға және Есеп берушілікті беруге рұқсат алу үшін Банк Ұлттық комиссиядан Банктің бірінші басшысы (немесе Банктің оның жинақтаушы зейнетақы қорларына кастодиандық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын бөлімшесіне жетекшілік жасайтын басшы қызметкері) және Банктің бас бухгалтері қол қойған және Банк мөрінің таңбасымен расталған Банктің жазбаша өтініші бойынша кез-келген уақытта өзгеруі мүмкін пайдаланушының аты (пайдаланушылардың аттарын) және паролін (паролдерін) алуы керек.
6. Бірыңғай нысандарды толтырар алдында Банк Анықтамалықтарды жаңалауды жүргізеді.
7. Анықтамалықтарды жаңалағаннан кейін Банк Ұлттық комиссиядан алынған нұсқауларға және әдістемелік ұсыныстамаларға сәйкес Бірыңғай нысандарды толтырады. Бұл ретте:
1) Бірыңғай нысандар әрбір жеке жинақтаушы зейнетақы қоры бойынша жеке-жеке толтырылады;
2) Бірыңғай нысандардың жолдары Анықтамалықтарға сілтеме жасала отырып тек қана Анықтамалықтардан алынған мәліметтермен толтырылады;
3) зейнетақы активтерінің әрбір жеке қозғалысы Бірыңғай нысанның жеке жолында көрсетілуі керек.
8. Бірыңғай нысандарды толтыру аяқталғаннан кейін олар Банктің өз бағдарламалық қамтамасыз етуді және\немесе Ұлттық комиссиядан алынған арнаулы бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдана отырып қателердің жоқтығына тексеріледі.
9. Бірыңғай нысандарда қателер жоқ болған кезде Есеп берушілік Ұлттық комиссияға беріледі.
10. Кейіннен (Есеп берушілік Ұлттық комиссияға берілгеннен кейін) Бірыңғай нысандарда қателер табылған жағдайда Банк жедел түрде Ұлттық комиссияға жинақтаушы зейнетақы қорларына кастодиандық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын Банктің бірінші басшысы немесе Банктің оның жинақтаушы зейнетақы қорларына кастодиандық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын бөлімшесіне жетекшілік жасайтын басшы қызметкерлері қол қойған түсіндірме хатты беруге және түзетілген Есеп берушілікті Ұлттық комиссияға беруге міндетті.
Ұлттық комиссияның
Төрағасы