Қылмыстық теріс қылыққа қатысты істің ҚК-нің 65- бабының бірінші бөлігі негізінде тоқтатылуы заңды

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 28 қаңтардағы № 2уп-26-20 қаулысынан үзінді.

      Қаулының заңдылығы және негізділігі

      Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотының 2019 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен :

      О. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 197-бабы бірінші бөлігімен шынайы өкінуіне байланысты

      ҚК-нің 65-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық теріс қылық туралы іс жүргізу тоқтатылған.

      Айғақ зат ретінде алынған 499,5 литр жанар-жағармай отыны мемлекет пайдасына кірістелген.

      Сот қаулысымен О. мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдағаны, иемденгені үшін кінәлі деп танылған.

      Қылмыстық іс электрондық форматта жүргізілген.

      Бас Прокурордың наразылығында соттың О.-ға ҚК-нің 65-бабына сәйкес шынайы өкінуіне байланысты істі тоқтату туралы қаулысы заңсыз, өйткені заңда көзделген барлық мән-жайлардың жиынтығы болған кезде адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға жол беріледі деп көрсетілген. Ал сот О.-ның жеке басына қатысты мәліметтер мен айыбын мойындағанын назарға ала отырып, заңда көзделген негіздердің барлық жиынтықтарының болмауын ескермеген. Осыған орай Маңғыстау облысы Қарақия аудандық соты үкімінің күшін жойып, істі сол сотқа қайта қарау үшін жолдауды сұраған.

      Қылмыстық іс құжаттарына қарағанда О. 2019 жылы 15 ақпан сағат 20:00 шамасында Қарақия ауданы, Жетібай селосының жолында өзінің басқаруындағы "Газель" маркалы мемлекеттік белгісі о784ес163 нөмірлі автокөлікпен ешқандай шығарылу заңдылығын растайтын құжатсыз мұнай өнімін – 500 литр бензин отынын заңсыз тасымалдаған.

      2019 жылғы 18 ақпандағы "ӨМГ" АҚ МДжӨҚКБ Мұнай және суға физикалық-химиялық талдау жасайтын орталық зертханасының талдау нәтижелеріне сәйкес зерттеуге ұсынылған 0,5 литрлік 1 дана ыдысқа құйылған сұйықтықтың түсі сары, бензин отынына тән иісі бар органикалық сұйықтық екендігі анықталған.

      О.-ның ҚК-нің 197-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық жасағандығы өз дәлелін тапқан. Бұл жөнінде наразылықта дауланбаған.

      Сот О.-ның қылмыстық теріс қылықты бірінші рет жасағанын, оны толық мойындағанын, қылмыспен келтірілген зиянның болмауын және жеке басының мәліметтерін ескеріп, ҚК-нің 65-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, шынайы өкінуіне байланысты оны қылмыстық жауаптылықтан босатқан.

      Прокурордың сот қылмыстық заңды қолдану кезінде адамды жауаптылықтан босатуға мүмкіндік бермейтін мән-жайларды негізсіз басшылыққа алып, қылмыстық жауаптылықтан босатқан деген тұжырымы заңға қайшы келеді.

      ҚК-нің 65-бабының бірінші бөлігі бойынша қылмыстық теріс қылық жасаған не алғаш рет қылмыс жасаған адам, кінәлі адамның жеке басы, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірген зиянды қалпына келтіруі ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

      Осыған орай адамды шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату үшін заңда көзделген негіздер жиынтығы немесе істің нақты мән-жайына байланысты кінәлі адам орындай алатын әрекеттер жасалса қолданылады.

      Ал қылмыстық іс құжаттарынан анықталғандай, О. жанар-жағармай отынын заңсыз иемденіп, тас жол бойымен оны тасымалдап алып келе жатқанда, оны полиция қызметкерлері ұстаған. Яғни ол оқиға болған жерде ұсталып қалғандықтан, кінәсін мойындап, құқық қорғау органдарына баруға мүмкіндігі болмаған.

      О. 500 литр бензин отынымен оқиға болған жерде ұсталғандықтан, келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде өтеуге қажеттілік туындамаған.

      Бұған қоса О.-ның қылмыстық теріс қылық әрекеті сол жерде әшкереленгендіктен, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге және оған ықпал етуге қажеттілік болмаған.

      Мұндай іс тұрғысында, сот алқасы О.-ға қатысты ҚК-нің 65-бабының бірінші бөлігін қолданған сот қаулысын заңды және негізді деген қорытындыға келді.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған О.-ға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін күшінде қалдырып, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығын қанағаттандырусыз қалдырды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады