Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 17 мамыр N 49-II

      Нью-Делиде 1999 жылғы 17 тамызда жасалған Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шарт бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы мен Үндiстан Республикасы арасындағы
қылмыстық iстер жөнiндегi өзара құқықтық көмек көрсету туралы
Шарт

(2000 жылғы 22 желтоқсанда күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары
бюллетені, 2001 ж., N 6, 66-құжат)

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Үндiстан Республикасы,
      екi мемлекет арасындағы қалыптасқан дәстүрлi достық байланыстарды басшылыққа ала отырып,
      қылмыстық iстер бойынша кең ауқымда өзара құқықтық көмек көрсету қажеттiлiгiн тани отырып,
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

1-бап
Құқықтық көмек көрсету ауқымы

      1. Осы Шарт бойынша Тараптар қылмыстық iстер бойынша бiр-бiрiне кең ауқымда өзара құқықтық көмек көрсететiн болады.
      2. Өзара құқықтық көмек:
      1) қылмыстық жолмен табылған құндылықтарды, сондай-ақ қылмыстық құралдарды анықтау, тыйым салу және тәркiлеу жөнiндегi iс-шараларды;
      2) жеке тұлғалардың атынан айғақтарды жинақтау және олардың арыздарын қабылдауды;
      3) тергеу және сот iс-әрекеттерiнiң хаттамаларын қоса алғанда, ақпараттар мен құжаттарды табыс етудi;
      4) сәйкестендiрудi қоса алғанда, адамдар мен заттарды табуды;
      5) iске қатысты материалдар мен заттарды анықтауды және алып қоюды;
      6) заттай айғақтарды уақытша берудi қоса алғанда, мүлiктi табыс етудi;
      7) қамауда отырған адамдарды уақытша берудi және басқа да адамдардың жауап беруi тергеу жүргiзуде немесе көмек көрсетуi үшiн келуiн қамтамасыз етудi;
      8) шақыру қағаздарын қоса алғанда құжаттарды табыс етудi;
      9) сұрау салынып отырған Тараптың заңдарына қайшы келмейтiн, осы Шарттың мақсаттарына сәйкес басқа да құқықтық көмектi қамтиды.
      3. Осы Шарттың мақсатында қандай органнан, соттан немесе өзге де мекемеден сұралып отырғанына қарамастан өзара құқықтық көмек көрсетiледi.
      4. Осы Шарт өздерi қатысушылар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан және келiсiмдерден туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.
      5. Осы Шарттың ережелерi оның күнiне енуiне дейiн орын алған iс-әрекеттерге қатысты құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерге де қолданылады.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Шарттың мақсатында:
      1. "Қылмыстық процесс" терминi:
      1) Қазақстан Республикасында - нақты қылмыстық iс бойынша оны қозғаудың, сотқа дейiн әзiрлiктiң, соттың iс қарауы мен үкімнің (қаулының) орындалуы барысында жүзеге асырылатын процессуалдық iс-әрекет пен шешімдердiң жиынтығын;
      2) Yндiстан Республикасында - Парламенттiң заңдарына немесе штаттың заң актілерiне сәйкес қылмыс болып табылатын iс-әрекеттерге байланысты тергеудi, соттық тергеудi, соттық iс қарауды немесе басқа да процессуалдық iс-әрекеттi бiлдiредi.
      3) "қылмыстық процесс" терминi сондай-ақ экономикалық қылмыстарға жататын тергеудi немесе соттық iс қарауды қамтиды.
      2. "Қылмыстық жолмен табылған құндылықтар" қандай да бiр адамның қылмыс жасау нәтижесiнде тiкелей немесе жанама түрде өндiрiп алған немесе алынған мүлiктi немесе осы мүлiктің құнын бiлдiредi.
      3. "Мүлiк" ақшаны, құнды қағаздарды және жылжитын немесе жылжымайтын, сондай-ақ материалдық не материалдық емес мүлiктiң барлық түрiн, сондай-ақ осы мүлiкке қатысты кез келген пайданы қамтиды.
      4. "Тәркiлеу" сот шешiмi бойынша мүлiктiң барлығын немесе бiр бөлiгiн, мемлекеттің меншігіне мәжбүрлеу жолымен немесе өтеусiз алып қоюды бiлдiредi.
      5. "Қылмыс құралы" жасалған қылмысқа байланысты пайдаланылған немесе пайдалануға арналған кез келген мүлiкті, затты немесе құралды бiлдiредi.
      6. "Мүлiкке тыйым салу" мәмiлелердiң, мүлiктi берудiң немесе оларға билiк жүргiзудi болдырмауға бағытталған шараларды бiлдiредi.

3-бап
Орталық органдар

      1. Осы Шартқа сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы өтiніштер Тараптардың орталық органдары арқылы жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасындағы орталық орган Бас прокуратура болып табылады;
      Yндiстан Республикасындағы орталық орган Iшкi iстер министрлiгi болып табылады.
      3. Тараптардың бiрiнiң орталық органдарында өзгерiс болған жағдайда сол Тарап осы өзгерiстер туралы екiншi Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы кiдiрiссiз хабарлайды.

4-бап
Құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiштiң мазмұны

      1. Осы Шартқа сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы өтініш жазбаша түрде жасалуы тиiс. Алайда, кейiнге қалдыруды көтермейтiн немесе сұрау салынып отырған Тарап жол беретiн өзге де жағдайларда құқықтық көмек көрсету туралы өтініш факсимильдiк, электрондық немесе өзге де байланыс арқылы жiберiлуi мүмкiн, бiрақ 60 (алпыс) күн iшiнде жазбаша түрде, расталуы тиiс.
      2. Құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiште мынадай деректемелер болуға тиiс:
      1) тергеу немесе құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiште процессуалдық iс-әрекет жүргiзіп жатқан құзыреттi органның атауы;
      2) тергеу немесе процессуалдық iс-әрекет жүргiзiлiп жатқан фактiлерге және заңдардың мәтiндерiне қатысты iстердi қоса алғанда, iстiң сипаттамасы;
      3) құқықтық көмек көрсету туралы өтiніштің мақсаты және сұралып отырған көмектiң сипаты;
      4) сұрау салушы Тараптың тiлегiне сәйкес жекелеген рәсiмдердi немесе талаптарды етжей-тегжейлi сипаттау;
      5) құқықтық көмек көрсету туралы өтініштің орындалуы мерзiмiнiң көрсетiлуi;
      6) алдын-ала тергеу немесе сот iсiнiң қаралуы жүргiзiлiп жатқан тұлғаларға немесе адамдарға қатысты жеке басының мәлiметтерi, азаматтығы мен орналасқан жерi;
      7) iске қатысы бар айғақтарды жинауға немесе материалдар мен заттарды табуға және алып қоюға қатысты өтiніштерге орай сұрау салынып отырған Тараптың заңды құқығының аумақтық шектерiнде табылуы мүмкiн айғақтар туралы жорамалдардың негiздемелерi;
      8) заттық айғақтарды уақытша беретiн жағдайда оларды сақтайтын органның атауы мен лауазым иесiнiң аты-жөнi, заттай айғақтар әкелiнетiн орын, заттай айғақтарға жүргiзiлуге тиiс тексерiстер және осы заттай айғақтардың қайтарылуға тиiс күнi;
      9) қамауда отырған адамдардың сотқа келуiн қамтамасыз ету жағдайында - оларды тапсыру кезiнде қамауда отырған адамның немесе топтың апарылуға тиiс орны және олардың қайтарылатын күнінің көрсетiлуi;
      10) қажет болған жағдайда құпиялылықтың сақталуын және басқа да тиiстi себептерге сiлтеме жасалынуы;
      11) қылмыстық жолмен алынған құндылықтарды немесе қылмыс құралдарына тыйым салуды немесе тәркiлеудi жүргiзу туралы өтiніштерге қатысты, мүмкiндігiнше:
      а) олардың орналасқан жерiн қоса алғанда, қылмыстық жолмен және қылмыс құралдарымен алынған құндылықтарды егжей-текжейлi сипаттау;
      б) нақты ақшалардың немесе мүліктің қылмыстық жолмен немесе қылмыс құралдары арқылы алынғандығы туралы жорамалдың негiздемесi;
      в) сұрау салынып отырған Тарапта бар айғақтардың процессуалдық iс-әрекеттi жүргiзу үшiн қажеттi сипаттамасы.
      3. Сұрау салынып отырған Тарап осы бапта сипатталған, сұрау салынып отырған Тараптың заңдарына сәйкес орындалуы мүмкiн құқықтық көмек көрсету туралы өтініште бүкiл ақпараттың қамтылмауына байланысты өтiнiштi орындаудан бас тартпауға тиiс.
      4. Егер сұрау салынып отырған Тарап құқықтық көмек көрсету туралы өтініштi орындау үшiн қосымша ақпарат қажет деп тапса, ол осындай ақпаратты талап ете алады.

5-бап
Құқықтық көмек көрсету туралы өтiнішті орындау

      1. Құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiш сұрау салынып отырған Тараптың заңдарына сәйкес орындалады және егер сұрау салынып отырған Тараптың заңдарына қайшы келмесе оларда көрсетiлген кез келген талаптарға сәйкес орындалады.
      2. Сұрау салынып отырған Тарап құқықтық көмек көрсету туралы өтініштi орындауда елеулi кедергi келтiруі мүмкiн кез келген жағдайлар туралы сұрау салған Тараптың өтiнiшi бойынша хабарлайды.
      3. Сұрау салынып отырған Тарап құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiштi толық немесе ішінара орындай алмайтындығы не болмаса өтiнішті орындауды кейiнге қалдыратындығы туралы өзiнің шешiмiн, сондай-ақ осындай шешімді қабылдаудың себептерi туралы сұрау салушы Тарапқа кiдiрiссiз хабарлайды.

6-бап
Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту

      1. Сұрау салынған Тарап құқықтық көмек көрсетуден, егер де:
      1) құқықтық көмектi көрсету туралы өтiнiштi орындау өзiнiң егемендiгiне, қауіпсiздiгiне, қоғамдық тәртiбiне және басқа да елеулi мүдделерiне зиянын тигізетiн болса не қандай да бiр адамның қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса;
      2) құқықтық көмек көрсету туралы өтiніштi орындау сұрау салынып отырған Тараптың ұлттық заңдарына қайшы келетiн болса;
      3) құқықтық көмек көрсету туралы өтiніште қызмет немесе қызмет құралы нәтижесiнде алынған құндылықтарға тыйым салу, тәркiлеу туралы ақпарат сұралса, (бұл сұрау салынып отырған Тараптың аумақтық заңды құқығының шегiнде болғанына қарамастан) ондай құндылықтарға қатысты тәркiлеу туралы қаулы шығаруға негiз болмаса;
      4) айыпталушы түпкiлiктi ақталғанына, кешiрiм немесе рахымшылық жасалғанына қарамастан құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiш қылмыстық iстi қозғаса бас тартуы мүмкiн.
      2. Құқықтық көмек көрсетуден бас тартпастан бұрын сұрау салынып отырған Тарап өзi қажет деп тапқан шарттарға сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы мүмкiндiктi қарастырады. Егер сұрау салушы Тарап осындай шарттармен құқықтық көмектi қабылдаса, ол осындай шарттарды сақтауға тиiс.

7-бап
Құжаттарды және заттарды табыс ету

      1. Құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiш хаттамалар мен құжаттарды беруге қатысты болса, егер сұрау салушы Тарап түпнұсқаларды талап етпесе, сұрау салынып отырған Тарап олардың куәландырылған көшiрмелерiн сұрау салушы Тарапқа беруi мүмкiн.
      2. Хаттамалар мен құжаттардың түпнұсқалары, сондай-ақ сұрау салған Тарапқа берiлген заттар сұрау салынып отырған, Тарапқа оның өтiнiші бойынша мүмкiндiгінше жедел қайтарылады.
      3. Егер сұрау салынып отырған Тараптың заңдарында бұған тыйым салынбаса, құжаттар, заттар және хаттамалар сұрау салушы Тараптың заңдарына сәйкес келуiн қамтамасыз ету үшiн сұрау салушы Тараптың сұрауы мүмкiн растайтын құжатпен бiрге жiберiледi.

8-бап
Сұрау салынып отырған Тарапта айғақтар жинау

      1. Сұрау салынып отырған Тарапта сауалға жауап беру, құжаттарды, хаттамаларды және басқа да құжаттар жасау талап етiлетiн қамауда отыратын адамды қоса алғанда, адам сұрау салынып отырған Тараптың заңдарына сәйкес сауалға жауап беру үшін және аталған құжаттарды, хаттамаларды және басқа да қажеттiлiктердi жасау үшiн шақыру қағазымен немесе сот хабарламасы арқылы сотқа шақырылуы мүмкiн.
      2. Сұрау салынып отырған Тарапта жүргiзiлетiн, сұрау салынып отырған Тарап заңдарына сәйкес арнайы уәкiлеттi тұлғалардың, басқа да қызмет адамдарының және процессуалдық iс-әрекет барысына мүдделi адамдардың сұрау салынып отырған Тарапта айғақтар жинау кезiнде қатысуына және осындай құжаттарды алуға қатысуына рұқсат етiледi.
      3. Айғақтарды жинауға қатысу құқығы осы орайда сұрақтар қою үшiн адвокаттың қатысу құқығын да қамтиды. Құқықтық көмек көрсету туралы өтiніштi орындау уақытысында қатысып отырған адамдарға процессуалдық iс-әрекеттердiң сөзбе-сөз жазбасын жазуға рұқсат етiледi, бұл орайда техникалық құралдарды пайдалануға да рұқсат етiледi.

9-бап
Жауап беру үшін немесе тергеуге көмек көрсету үшін
адамдардың келуiн қамтамасыз ету

      1. Сұрау салып отырған Тарап сұрау салынған Тарапқа жауап беру үшін немесе тергеуге көмек көрсету үшін адамның немесе адамдардың келуiн қамтамасыз ету туралы өтiнiш жiберуге құқылы.
      2. Сұрау салынып отырған Тарап тергеуге көмек көрсету үшiн немесе сотта iстi қарау кезiнде куәгер ретiнде қатысуы үшін шақырып отырған адамның осыған келiсiмiн сұрайды. Шақырылған адам төленетiн барлық шығыстар туралы және өзiне берiлетiн төлемдер туралы хабарланады.

10-бап
Жауап беру үшiн немесе тергеуге көмек көрсету үшiн қамауда
отырған адамдардың келуiн қамтамасыз ету

      1. Тергеуге немесе процессуалдық iс-әрекеттерге көмек көрсету үшін сұрау салған Тараптың сотына немесе өзге де құзыреттi мекемесiне шақырылған, сұрау салынған Тараптың аумағында қамауда отырған адам мынадай шарттар сақталған жағдайда екіншi Тарапқа уақытша берiледi, олар:
      1) шақыру алған адам өзiн беруге келiссе;
      2) iстi анықтау үшiн уақытша берiлген адам қылмыстық iс бойынша қажеттi процессуалдық iс-әрекет жүргiзгеннен кейiн сұрау салынған Тарапқа, адам берiлген күнiнен бастап әрi кеткенде үш айдан кешіктірiлместен қайтарылуға тиiс. Осы мерзiм Тараптардың келiсiмi бойынша қажеттi негiздеме болған жағдайда ұзартылуы мүмкiн;
      3) оны беруге кедергi келтiретiн елеулi негiздемелердiң болмауы.
      2. Сұрау салынып отырған Тараптың заңдарына сәйкес уақытша берiлген адам қамауда ұсталуға тиiс жағдайларда сұрау салған Тарап бұл адамды қамауда ұстайды және сұрау салу орындалғаннан кейiн сөз болып отырған адамды айдауылмен қайтарады.
      3. Уақытша берiлген адам осы өтiнішке қатысты соттық iс қарауға немесе тергеумен қатар кез келген басқа соттық iс қарау кезiнде жауап беруге немесе қылмыстық iстi тергеудi жүргiзуде көмек көрсетуге мiндеттi емес.
      4. Егер тағайындалған үкiмнiң мерзiмi аяқталса немесе сұрау салынған Тарап сұрау салған Тарапты қамауға алынған адамды одан әрi ұстау талап етiлмейтiндiгi туралы мәлімдесе, онда мұндай адам босатылады және сұрау салынған Тарапта шақыру бойынша жүрген адам ретiнде саналады.

11-бап
Қамауға алынудан кепiлдiк

      1. Сұрау салған Тараптың шақыруы бойынша келген адам қандай да бiр iс-әрекет үшiн, оның ішінде сұрау салынған Тараптан келген уақытына дейiн орын алған қылмыстық әрекетсiздiгi үшiн сот тәртiбiмен қуғындалуға, ұсталуға немесе жеке бас бостандығының қандай да бiр шектелуiне ұшырауға тиiс емес, сондай-ақ осы адамдар құқықтық көмек көрсету туралы өтініште көрсетiлген жағдайлардан басқа реттерде қандай да бiр өзге процесте жауап беруге мiндеттi емес.
      2. Қандай да бiр iс-әрекет үшін, оның ішінде қылмыстық әрекетсiздігі үшiн сот алдында жауап беру үшiн сұрау салған Тараптың шақыруы бойынша өзiнiң келiсімімен келген адам құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiште айтылмаған, iс-әрекетi үшiн, оның iшiнде қылмыстық әрекетсiздiгi немесе осы адамның сұрау салынған Тараптан келгеніне дейiн орын алған айыптаулар бойынша сот тәртiбiмен қудалануға немесе қандай да бiр нысанда бас еркiнен айырылуға тиiстi емес.
      3. Сұрау салған Тарапты емiн-еркiн тастап кетуге мүмкiндiгi бар адам өзiнің осы Тарапта болуы талап етiлмейтiндiгi туралы ресми құлақтандырылғаннан кейiн 30 (отыз) күн ішінде осы Тараптан кетпесе немесе осы Тараптан шығып, өз еркiмен қайта оралса, ол адамға осы баптың 1 және 2-ші тармақтары қолданылмайды.
      4. Екi Тарапта да сұрау салған Тараптың шақыруына келiсiм бермеген адамға қатысты қандай да бiр жазалау немесе мәжбүрлеу сипатындағы шаралар қолданылуы мүмкін емес.
      5. Осы Шарт жөніндегi шақыруға сәйкес сұрау салған Тараптың аумағында жүрген кез келген адам сұрау салған Тараптың құзыреттi органына келмесе, сұрау салған Тараптың заңдарына сәйкес мәжбүрлi түрде әкелiнуi мүмкін.

12-бап
Қылмыстық жолмен алынған құндылықтар және қылмыс құралдары

      1. Сұрау салынған Тарап өтiнiш бойынша өзiнiң аумақтық заңды құқығы шегiнде қылмыстық жолмен алынған құндылықтардың және қылмыс құралдарының бар болуы фактiсiн анықтайды және бұл туралы сұрау салған Тарапқа хабарлайды.
      2. Құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiш қылмыстық жолмен алынған құндылықтарды, сондай-ақ қылмыс құралдарын тәркiлеуге қатысты болуы мүмкiн. Мұндай көмек сұрау салынған Тараптың заңдарына сәйкес барлық тиiстi тәсiлдермен жүргiзiледi. Мұның өзi сұрау салған Тараптың соты немесе өзге мекемесi шығарған тәркiлеу туралы қаулының орындалуын немесе тәркiлеу туралы қаулы шығару үшiн сұрау салынып отырған Тараптың құзыреттi органына құқықтық көмек көрсету туралы өтініштi жiберудi қамтуы мүмкiн.
      3. Құқықтық көмек көрсету туралы өтiніштің қылмыстық жолмен алынған құндылықтарды және қылмыс құралдарын сату туралы өкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мүлiкке тыйым салуға және қылмыс келтiрген зиянды өтеуге қатысы болуы мүмкiн.
      4. Егер әрбiр нақты iс бойынша өзгеше көзделмесе, осы Шартқа сәйкес тәркiленген құндылықтар немесе қылмыс құралдары сұрау салынған Тарапқа тиесiн болады.
      5. Егер сұрау салынған Тарапта осы баптың 1-шi немесе 2-тармақтарына сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы өтінішке орай iс-қимыл жасалса және Тараптардың бiрiнде өкiм бойынша тұлға жасаған фактiлердi хабарлаған мәлiмдеме орын алса осы Тарап ол туралы екiншi Тарапқа мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде хабарлайды, сондай-ақ осындай мәлiмдемелердің нәтижелерi туралы кiдiрiссiз хабарлайды.

13-бап
Айғақтар мен ақпараттарды пайдаланудың құпиялылығы және шектелуi

      1. Сұрау салынған Тарап сұрау салған Тараппен кеңескеннен кейiн тапсырылған ақпараттың немесе айғақтың не осындай ақпарат пен айғақтың көзiнiң құпия сақталуын, жария болмауын не болмаса өзi көрсеткен шарттарға сәйкес ғана пайдаланылуын сұрай алады.
      2. Сұрау салынған Тарап сұрау салынған көлемде құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiштi, оның мазмұнын және iлеспе құжаттарды, сондай-ақ құқықтық көмек беру фактiсiн, осы өтініштi орындау үшiн қажеттi жағдайларды есептемегенде құпиялылықта сақтайтын болады.
      3. Сұрау салып отырған Тарап сұрау салынған Тараптың келiсімінсiз ақпарат пен айғақты жария етпеуге, сондай-ақ құқықтық көмек көрсету туралы айтылатыннан басқа мақсаттарға пайдаланбауға тиiс.

14-бап
Тіл

      Құқықтық көмек көрсету туралы өтiнiш және iлеспе құжаттар сұрау салынған Тараптың тiлдерiнiң бiрiндегi аудармасымен жiберiледi.

15-бап
Шығыстар

      1. Сұрау салынған Тарап құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өз мойнына алады, оларға мыналар жатпайды:
      1) сұрау салушы Тараптың өтiнiшi бойынша сұрау салынған Тараптың аумағына немесе аумағынан қандай да бiр адамды жеткiзуге байланысты шығыстар, сондай-ақ осы Шарттың 9-10-баптарына сәйкес осы адамның сұрау салған Тараптың аумағында болуы кезiнде төленетiн төлемдер мен шығыстар; және
      2) сұрау салынған Тарапта, сондай-ақ сұрау салушы Тарапта да сарапшылардың қаламақылары мен олардың шығыстары.
      2. Егер құқықтық көмек көрсету туралы өтініштi орындау қосымша шығыстарды талап ететiнi анықталса, Тараптар құқықтық көмек берудің шарттары мен мерзiмiн айқындау үшiн бiр-бiрiмен кеңеседi.

16-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар

      Егер талап етiлсе, екi Тараптың өзара консультациялары арқылы осы Шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамалармен ресiмделедi.

17-бап
Пiкiр алшақтығын шешудiң тәртiбi

      Егер орталық органдар осы Шартты қолдану және түсiндiру жөнiнде келiсiмге қол жеткiзбесе кез келген пiкiр алшықтығы дипломатиялық арналар бойынша шешiледi.

18-бап
Шарттың күшiне енуi

      Осы Шарт бекiтiлуге жатады және бекiту грамоталарын алмасқан күннен бастап күшiне енедi.

19-бап
Қолданысының тоқтатылуы

      Осы Шарт Тараптардың кез келгенi екiншi Тарапқа Шарттың қолданысын тоқтату туралы 6 (алты) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы хабарлаған уақытқа дейiн күшiнде болады.
      Осыны куәландыру үшiн тиiстi түрде уәкiлеттiк алған төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
      Нью-Делиде 1999 жылғы 17 тамызда әрқайсысы қазақ, хинди, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi дана болып жасалды және барлық мәтiндер түпнұсқаға толық сәйкес келедi.

      Осы Шарттың ережелерiн түсiндiруде Тараптардың арасында пікiр алшақтығы орын алған жағдайда ағылшын тiлiндегi мәтiнге басымдық беріледi.

      Қазақстан Республикасы              Үндістан Республикасы
              үшін                                үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады