Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді және оның Хаттамасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі N 77 Заңы

      Парижде 1998 жылғы 3 ақпанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім және оның Хаттамасы бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Француз Республикасының Үкiметi арасындағы
Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы
Келісім

(Шарт 2000 жылғы 21 тамызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2004 ж., N 5, 27-құжат, СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан былай "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын, Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Француз Республикасының Yкiметi, 
      екi мемлекет арасындағы экономикалық ынтымақтастықты күшейтудi және екi ел арасындағы инвестициялардың өсуi үшiн қолайлы жағдайлар жасауды көздей отырып, 
      осы инвестицияларды көтермелеу мен қорғау екi елдiң арасындағы олардың экономикалық даму мүддесiнде капитал мен технологияларды берудi ынталандыратынына кәмiл сене отырып, 
      төмендегiлер жөнiнде келiстi:

  1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн: 
      1. "Инвестиция" терминi Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң аумағында немесе теңiз аймағында, оның заңдарына сәйкес осы Келiсiм күшiне енгенге дейiн немесе енгеннен кейiн салынған мүлiк экономикалық немесе қаржылық құқықтар мен мүдделер сияқты мүлiк құндылықтарының барлық түрлерiн қамтиды және атап айтқанда, бұлар ғана емес: 
      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлiк, сондай-ақ ипотекалар, кепiлдер, пайдалану құқықтары, кепiлдiк берулер құқықтары сияқты басқа кез келген iске асатын құқықтар және осыған ұқсас құқықтар; 
      б) азшылық дауыспен қатысуды және жанама қатысуды қоса алғанда, Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында құрылған компаниялардағы акциялар, эмиссиялық сыйлықтар және қатысудың басқа да түрлерi; 
      в) облигациялар, экономикалық құны бар ақшалай қаражаттар мен қызметтер жөнiндегi талаптардың құқықтары; 
      г) авторлық құқықтар, өнеркәсiптiк меншiк құқықтары (патенттер, лицензиялар, тауар белгiлерi және фирмалық атаулар, өнеркәсiптiк үлгiлер мен макеттер сияқты), технологиялық процестер, "ноу-хау" және клиентура; 
      д) осы Баптың 5-тармағында көрсетiлгендей, Уағдаласушы Тараптардың теңiз аймағында орналасқандарын қоса алғанда, табиғи ресурстарды барлау, игеру, өндiру мен пайдалануға арналған концессиялармен бiрге заң шеңберiнде немесе контракт бойынша бүрiлетiн концессиялар; 
      Инвестициялар нысанының кез келген өзгерiсi аумағында немесе теңiз аймағында осы инвестиция жұмсалған Уағдаласушы Тараптың заңдарына мұндай өзгерiстер қайшы келмейтiн жағдайда олардың инвестиция ретiндегi сапасына әсер етпейдi. 
      2. "Азамат" терминi Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының немесе Француз Республикасының азаматтығын алған жеке адамды бiлдiредi. 
      3. "Компания" терминi Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында осы Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес құрылған және осы Уағдаласушы Тараптың аумағында өзiнiң мекен-жайы бар не Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматтары не Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында өзiнiң мекен-жайы бар және осы Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлғалар тiкелей немесе жанама бақылайтын кез келген заңды тұлғаны бiлдiредi. 
      4. "Табыстар" терминi осы кезеңде алынған түсiмдi, проценттердi, бөлiнген сомаларды және дивидендтер сияқты инвестициялардан алынған барлық сомаларды бiлдiредi. 
      Инвестициялардан алынған табыстар, сондай-ақ қайталама инвестициялар болған жағдайда, қайталап салудан алынған табыстар инвестициялардың өздерi сияқты қорғаумен қамтамасыз етiлетiн болады. 
      5. Осы Келiсiм тиiсiнше Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының аумағына, сондай-ақ олардың бұдан әрi экономикалық аймақ және табиғи ресурстарды барлау, игеру және сақтау мақсаттарында халықаралық құқыққа сәйкес олар үстiнен егемендiк құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын, осы мемлекеттердiң әрқайсысының аумақтық суларының шектерiнен тыс созылып жатқан континенттiк шельф деп белгiленетiн теңiз аймағына таралады.

  2-бап

      Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз ұлттық заңдары мен осы Келiсiм ережелерiнiң шеңберiнде өз аумағы мен өзiнiң теңiз аймағында екiншi Уағдаласушы Тарап азаматтары мен компаниялары жүзеге асыратын инвестицияларға рұқсат бередi және оларды көтермелейдi.

  3-бап

      Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында және өзiнiң теңiз аймағында екiншi Уағдаласушы Тарап азаматтары мен компанияларының инвестицияларына халықаралық құқық принциптерiне сәйкес әдiлеттi режимдi қамтамасыз етуге және осындай жолмен танылған құқықты атқаруға заң бойынша да, мәнi бойынша да қысым көрсетпеуге мiндеттенедi.

  4-бап

      Әрбiр Уағдаласушы Тарап өзiнiң аумағында және өзiнiң теңiз аймағында екiншi Уағдаласушы Тараптың азаматтарына және компанияларына инвестицияларға және осы инвестицияларға байланысты қызметке қатысты өзiнiң азаматтарына және компанияларына жасайтын немесе мейлiнше қолайлы жағдайдағы ұлттың азаматтарына немесе компанияларына, егер соңғысы қолайлырақ болып табылса, қолайлылығы кем болмайтын режим жасайды. 
      Алайда, бұл режим Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң кез келген үшiншi бiр мемлекеттiң азаматтарына немесе компанияларына жасайтын және еркiн сауда аймағына, кедендiк одаққа, ортақ рынокқа немесе аймақтық экономикалық ұйымның кез келген басқа нысанына қатысудың нәтижесi болып табылатын не қосарланған салық салуды болдырмау жөнiндегi келiсiмнен немесе салық салу саласындағы кез келген басқа келiсiмнен туындайтын артықшылықтарға қолданылмайды.

  5-бап

      1. Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң азаматтары мен компаниялары жүзеге асырған инвестицияларға екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында және теңiз аймағында толық және жан-жақты қорғау мен қауiпсiздiк жасалатын болады. 
      2. Бұл қоғамдық мүдделер үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда және мұндай шаралар кемсiтпейтiн шаралар болғанда және мүдделi Уағдаласушы Тарап немесе оның тиiстi мекемелерi алған ерекше бiр мiндеттемеге қайшы келмейтiн жағдайда, Уағдаласушы Тараптар өзiнiң аумағындағы және өзiнiң теңiз аймағындағы екiншi Тарап азаматтарының немесе компанияларының инвестицияларына ешқандай да экспроприациялау немесе мемлекет меншiгiне алу шараларын немесе олардан айыруға бағытталған қандай да бiр өзге шараларды қолданбайды. 
      Меншiктен айыру жөнiндегi қабылдануы мүмкiн шаралар тиiстi инвестициялардың нақты құнының негiзiнде есептелетiн сомада тез және барабар өтемақымен қоса жүргiзiлуге тиiс. Бұл сома меншiктен айыру қаупiне дейiн болған қалыпты экономикалық жағдайға орай бағалануы тиiс. 
      Бұл өтемақы, сома және төлем шарттары меншiктен айыру сәтiнен кешiктiрмей белгiленуге тиiс. Өтемақы тиiмдi түрде жүзеге асырылады, кейiнге қалдырылмай төленедi, еркiн аударымды болып табылады және төлену сәтiне дейiнгi тиiстi проценттiк ставка бойынша төленетiн проценттердi қамтиды. 
      3. Екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында немесе теңiз аймағында соғыстың немесе кез келген басқа қарулы жанжалдың, революцияның, төтенше жағдайдың немесе көтерiлiстiң нәтижесiнде инвестициялары зиян шеккен Уағдаласушы Тараптың бiрiнiң азаматтары мен компанияларына алдыңғы Уағдаласушы Тарап осы шығындарды өтеуге қатысты өзiнiң азаматтары мен компанияларына немесе мейлiнше қолайлылық жасалып отырған ұлттың азаматтары мен компанияларына жасалғаннан, егер соңғы режим қолайлырақ болса, қолайлылығы кем болмайтын режим жасайды.

  6-бап

      Екiншi Уағдаласушы Тараптың азаматтары немесе компаниялары аумағында немесе теңiз аймағында инвестицияларды жүзеге асырған Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы осы азаматтар мен компанияларға мыналарды еркiн аударуға жағдай жасайды: 
      а) проценттер, дивидендтер, табыстар және басқа да ағымдағы кiрiстер; 
      б) 1-баптың 1-тармағының "г" және "д"-тармақшаларына сәйкес материалдық емес құқықтардан туындайтын ақша аударымдары; 
      в) заңды жасасқан шарттар бойынша заемдарды өтеуге арналған сомалар; 
      г) қосымша құннан түсетiн табысты қоса алғанда, инвестицияларды сатудан, толық не iшiнара жоюдан алынған сомалар; 
      д) 5-баптың 2 және 3-тармақтарында қарастырылған, меншiктен айырылғаны немесе зияндар үшiн өтемақылар. 
      Мақұлданған инвестициялардың нәтижесiнде екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында немесе теңiз аймағында жұмыс iстеуге рұқсат берiлген кез келген Уағдаласушы Тараптың азаматтарына да өз елiне өзiнiң еңбекақысының тиiстi бөлігін аударуға рұқсат етiлетiн болады. 
      Алдыңғы тармақтардағы көзделген аударымдар аумағында немесе теңiз аймағында инвестициялар жүзеге асырылған елдегі аударым датасына қарай ресми қолданылып жүрген қалыпты айырбастау бағамы бойынша кiдiрiссiз жүргiзiледi.

  7-бап

      Егер Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң заңдарында оның шектерiнен тыс жерлерде осы Уағдаласушы Тараптың азаматтары мен компаниялары жүзеге асырған инвестициялар үшiн кепiлдiк көзделген болса, бұл кепiлдiк осы Уағдаласушы Тараптың азаматтары немесе компанияларының екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында немесе теңiз аймағында жүзеге асырған инвестицияларына әрбiр жеке жағдайды зерделеу шеңберiнде берiле алады. 
      Екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында немесе теңiз аймағында Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматтары мен компанияларының жүзеге асырған инвестициялары алдыңғы абзацта аталған кепiлдiктi, егер оларды соңғы Уағдаласушы Тарап алдын ала мақұлдаған болса ғана, егер мұндай мақұлдау талап етiлсе, ала алады.

  8-бап

      Бiр Уағдаласушы Тарап пен екiншi Уағдаласушы Тарап азаматының немесе компаниясының арасындағы инвестицияға қатысты кез келген дау тараптар арасында мүмкiндiгiнше тiкелей келiссөздер және консультациялар жолымен реттелетiн болады. 
      Егер ол дауласушы тараптардың бiреуi немесе екiншiсi мұндай дауды көтерген сәттен бастап алты айдың iшiнде реттелмеген болса, онда ол азаматтың немесе компанияның қалауы бойынша: 
      - 1965 жылғы 18-наурызда Вашингтонда қол қою үшiн ашылған, Мемлекеттер мен екiншi мемлекет азаматтарының арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi конвенцияға екi Уағдаласушы Тарап қатысушылар болған кезде, Инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi халықаралық орталықтың (ИДРХО) төрелiгіне немесе; 
      - БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөнiндегi комиссиясының төрелiк ережелерiне сәйкес құрылатын аd hос төрелiк сотының қарауына берiледi.

  9-бап

      Егер Уағдаласушы Тараптардың бiреуi екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында немесе теңiз аймағында жүзеге асырылған инвестициялар үшiн берiлген кепiлдеменiң арқасында өз азаматтарына немесе компанияларының бiрiне төлем жүргiзетiн болса, онда осы Уағдаласушы Тарап бұндай жағдайда осы азаматтың немесе осы компанияның құқықтары мен iс-әрекеттерiне қатысты толық суброгация құқығына ие болады. Жоғарыда аталған төлемдер, алайда, кепiлдеменi пайдаланатын адамның ИДРХО-дан көмек сұрау немесе процедура аяқтағанға дейiн талап қоюды жалғастыру құқықтарын қозғамайды.

  10-бап

      Екiншi Уағдаласушы Тараптың азаматтары мен компанияларына қатысты Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң ерекше мiндеттемесiн предметi болып табылатын инвестициялар осы Келiсiмнің ережелерiне нұқсан келтiрместен аталған мiндеттеменiң, егер бұл мiндеттемеде осы Келiсiмдегi ережелерге қарағанда барынша қолайлы ережелер бар болса, онда осының шарттарына бағындырылатын болады.

  11-бап

      1. Осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға байланысты даулар мүмкiндiгiне қарай дипломатиялық арналар арқылы реттелетiн болады. 
      2. Егер дау оны Уағдаласушы Тараптардың бiрi көтерген сәтiнен бастап алты айдың iшiнде реттеле алмайтын болса, ол Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiнiң талап етуi бойынша төрелiк сотқа берiледi. 
      3. Аталған төрелiк сот әрбiр жекелеген жағдайда былайша құрылатын болады: 
      Әрбiр Уағдаласушы Тарап бiр арбитр тағайындайды және бұл екi арбитр өзара келiсе отырып, екi Уағдаласушы Тарап төрелiк соттың төрағасы етiп тағайындайтын үшiншi мемлекет азаматын тағайындайды. Барлық арбитрлер Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң екiншi Уағдаласушы Тарапқа өзiнiң даулы мәселенi төрелiк сотқа бергiсi келетiнi туралы хабарлаған сәтiнен бастап екi айдың iшiнде тағайындалуға тиiс. 
      4. Егер 3-тармақта белгiленген мерзiмдер сақталмайтын болса, кез келген Уағдаласушы Тарап қандай да бiр басқа уағдаластық болмаған жағдайда Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысын қажеттi тағайындаулар жүргiзуге шақырады. Егер Бас Хатшы Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылатын болса немесе басқа бiр себептен аталған мiндеттердi атқара алмайтын болса, лауазымы жағынан Бас Хатшыдан кейiн тұрған және Уағдаласушы Тараптардың бірде біреуінің азаматы болып табылмайтын Бас Хатшының Орынбасары қажетті тағайындаулар жүргiзедi. 
      5. Төрелiк сот өз шешiмдерiн көпшiлiк дауыспен қабылдайды бұл шешiмдер түпкiлікті және оларды екi Уағдаласушы Тарап та орындауға мiндеттi болып табылады. 
      Төрелiк сот өзiнiң процедуралық ережелерiн өзi белгілейтін болады. Ол Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiнiң сұрау салуы бойынша өз шешiмiн түсiндiретiн болады. Арбитрлерге берiлетін сыйақыларды қоса алғанда, төрелiк сот iсiн жүргiзуге байланысты шығындар, егер сот ерекше жағдайларды ескере отырып, басқаша шешiм қабылдамайтын болса, Уағдаласушы Тараптар арасында теңдей етiлiп бөлiнедi.

  12-бап

      Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тарапқа осы Келiсiмнiң күшiне енуi оған қажеттi iшкi процедуралардың аяқталғаны туралы хабарлайды. Келiсiм ақырғы жазбаша хабарлама алынғаннан кейiн бiр айдан соң күшiне енедi. 
      Келiсiм бастапқыда 10 жыл мерзiмге жасалды. Уағдаласушы Тараптардың бiреуi дипломатиялық арналар арқылы бiр жыл бұрын оны өзiнiң бұзғысы келетiнi жөнiнде екiншi Уағдаласушы Тарапқа хабарлағанша осы мерзiмге және одан кейiн де күшiнде қала бередi.
      Осы Келiсiм қолданысының мерзiмi аяқталған соң, оның күшi бар уақытта жүзеге асырылған инвестицияларды Келiсiм ережелерiне сәйкес қосымша жиырма жылдық кезеңде қорғау қамтамасыз етiлетiн болады.

      Париж қаласында 1998 жылғы 3 ақпанда екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, француз және орыс тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық мәтiннiң күшi бiрдей.

       Қазақстан Республикасының        Француз Республикасының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

  Хаттама

      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Француз Республикасының Үкiметi арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қарғау туралы Келiсiмге қол қою барысында Уағдаласушы Тараптар төмендегi ережелер қорғау Келiсiмнiң ажыратылмас бөлiгi болып табылатыны туралы келiстi:

1-баптың 3-тармағына қатысты:

      Заңды тұлғаға тiкелей немесе жанама бақылау, атап айтқанда, келесi фактiлердiң:
      - филиалдың статусы;
      - тиiмдi бақылауға мүмкiндiк беретiн тiкелей немесе жанама қатысу үлесiнiң болуы және, атап айтқанда 50%-тен асатын қатысудың болуы; 
      - басқару органдарындағы шешушi рөлге ие болуға мүмкiндiк беретiн дауыс құқығына тiкелей немесе жанама ие болу немесе өзгеше түрде олардың жұмысына шешушi түрде ықпалын тигізу, 
      негiзiнде орнатылуы мүмкiн.

3-бапқа қатысты:

      а) шикiзаттар мен қосалқы материалдар, энергия мен жағармайлар, сондай-ақ әр алуан өндiрiс және пайдалану құралдарын сатып алуға және тасымалдауға жасалатын кез келген шектеулер, елдiң iшiнде және одан тыс жерлерде өнiмдер сатуға және тасымалдауға жасалатын кез келген қысымшылық, сондай-ақ құқыққа немесе әдiлеттi режимге жасалатын қысымшылық, сондай-ақ құқыққа немесе әдiлеттi режимге жасалатын қысымшылық тәрiздi әсерi бар кез келген басқа да шаралар құқыққа немесе әдiлеттi режимге жасалатын қысымшылықтар ретiнде қаралады; 
      ә) Уағдаласушы Тараптар өздерiнiң iшкi заңдары шеңберiнде екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында немесе теңiз аймақтарында жүзеге асырылатын инвестицияға байланысты бiр Уағдаласушы Тарап азаматтарының жасаған келу және болу, жұмыс және жүрiп-тұру туралы өтiнiштерiне оң көзқараспен қарайды. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң аумағында және теңiз аймағында жұмыс iстеуге өкiлеттiк алған азаматтары осы Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес олардың кәсiптiк қызметiн орындауы үшiн қажеттi материалдық жағдайлармен пайдалану мүмкiндiгiне ие болуға тиiс.

      Париж қаласында 1998 жылғы 3 ақпанда екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, француз және орыс тiлдерiнде жасалды, сондай-ақ барлық үш мәтiннiң күшi бiрдей.

       Қазақстан Республикасының     Француз Республикасының
           Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады