Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 2 сәуірдегі N 175-II Заңы

      Астанада 1999 жылғы 2 қыркүйекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасында Әуе қатынасы туралы
Келісім*

2001 жылғы 3 қазаннан бастап күшіне енді - ҚР халықаралық
шарттары бюллетені, 2002 ж., N 3, 31-құжат.

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі,
      1944 жылғы 7-желтоқсанда Чикагода қол қою үшін ашылған Халықаралық Азаматтық Авиация жөніндегі Конвенцияның қатысушылары ретінде,
      олардың тиісті аумақтары арасында және олардан тысқарыда тұрақты әуе қатынасын орнату мақсатымен, аталған Конвенцияға қосымша ретінде Келісім жасауға ынталана отырып,
      мыналар жөнінде келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Егер контекстен басқа мән туындамаса, осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      а) "Конвенция" термині - 1944 жылғы 7-желтоқсанда Чикагода қол қою үшін ашылған Халықаралық Азаматтық Авиация жөніндегі Конвенцияны білдіреді және осы Конвенцияның 90-бабына сәйкес кез келген Қосымшаны және осы Қосымшалар мен түзетулер екі Келісуші Тараппен де қабылданған немесе бекітілген жағдайда, Конвенцияның 90 және 94-баптарына сәйкес қабылдаған Қосымшаларға немесе Конвенцияға кез келген түзетулерді қосып алады;
      б) "авиациялық билік орындары" термині - Қазақстан Республикасының Үкіметіне қатысты - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігін және Армения Республикасының Үкіметіне қатысты - Азаматтық авиацияның бас басқармасы немесе осы кезде аталған органдар орындайтын функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттілендірілген кез келген тұлғаны немесе ұйымды білдіреді;
      в) "тағайындалған авиакәсіпорын" термині - осы Келісімнің 3-бабына сәйкес тағайындалған және уәкілеттілендірілген авиакәсіпорынды білдіреді;
      г) "тарифтер" термині - жолаушыларды, багажды және жүкті тасымалдау үшін төленетін және комиссиялық алымдар мен агенттік қызмет көрсету немесе көлік құжаттарын сату үшін басқа қосымша төлемдерді қоса есептегенде, осы бағалар қолданылатын жағдайлар үшін төленетін бағаларды білдіреді, бірақ бұған почтаны тасымалдау ақылары мен шарттары кірмейді;
      д) "Келісім" термині осы Келісімді, оның Қосымшасын және келісім мен Қосымшаға кез келген түзетулерді білдіреді;
      е) "аумақ" термині мемлекетке қатысты осы мемлекеттің егемендігіндегі жер беттерін, аумақтық және ішкі сулар мен олардың үстіндегі әуе кеңістігін білдіреді;
      ж) "халықаралық әуе қатынасы" термині біреуден көп мемлекеттің аумағы үстіндегі әуе кеңістігі арқылы өтетін әуе қатынасын білдіреді;
      з) "коммерциялық емес мақсаттармен тоқтау" термині жолаушыларды, багажды, жүктерді немесе почтаны тиеу және түсіруден басқа кез келген мақсаттар үшін отырғызуды білдіреді;
      и) "тасымалдар көлемі" термині мынаны білдіреді:
      і) әуе кемесіне қатысты - бүкіл бағыт немесе оның бөлігі бойынша ұшуды жүзеге асыратын әуе кемесінің жүк көтергіштігін білдіреді;
      іі) белгіленген әуе қатынасына қатысты - осындай әуе қатынасында пайдаланылатын әуе кемесі тасымалдары көлемінің осындай әуе кемесімен осы мезгілде бүкіл бағыт немесе оның бөлігі бойынша орындалатын ұшу жиілігіне көбейтіндісі.

2-бап
Тасымалдау құқықтарының берілуі

      1. Әрбір Тарап екінші Тарапқа оның тұрақты халықаралық әуе желілеріне қатысты мына құқықтарды береді:
      а) олардың мемлекеттерінің аумақтары арқылы қонбастан ұшып өту құқығын;
      б) олардың мемлекеттерінің аумағына, осы Келісімнің Қосымшасында көрсетілген мекендерде коммерциядан тыс мақсаттармен қону құқығын;
      в) екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы мекендерге/ден жолаушыларды, багажды, жүк пен почтаны осы Келісімнің Қосымшасында көрсетілген мекендерде жоғарыда көрсетілген аумақтарда тиеу және түсіру құқығын;
      Қосымшада көрсетілген бағыттар "орнатылған бағыттар", ал осы бағыттар бойынша халықаралық әуе желілері бұдан әрі "келісілген әуе желілері" деп аталады.
      2. Осы бапта ешнәрсе де бір Тарап авиакәсіпорнының екінші Тарап мемлекетінің аумағында жалдау шарты бойынша немесе сыйақы үшін және осы екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы басқа мекенге тасымалдауға жататын жолаушыларды, жүк пен почтаны бортқа алуына құқық береді деп қаралмайтын болады.

3-бап
Өкілеттіктер

      1. Әрбір Тарап белгіленген бағыттар бойынша келісілген әуе желілерін пайдалану үшін бұл жөнінде екінші Тарапқа жазбаша түрде хабарлай отырып, бір авиакәсіпорынды тағайындауға құқылы.
      2. Екінші Тараптың авиациялық билік орындары осындай мәлімдемені алысымен осы баптың 4- және 5-тармақтарының ережелеріне сәйкес жедел түрде әрбір тағайындалған авиакәсіпорынға тиісті ұшу рұқсатын береді.
      3. Әрбір Тарап осындай авиакәсіпорынды тағайындаудан бас тарту және бұл жөнінде екінші Тарапқа жазбаша түрде хабарлай отырып, басқасын тағайындауға құқылы.
      4. Әрбір Тарап екінші Тараптың тағайындаған авиакәсіпорнынан халықаралық әуе желілерін пайдалану кезінде осы Тараппен Конвенцияның қағидаларына сәйкес әдеттегідей және негізді түрде қолданылатын заңдары және ережелерімен нұсқалған шарттарды орындау қабілетінің барлығына дәлелдемелер талап ете алады.
      5. Әрбір Тарап осы баптың 2-тармағында айтылған ұшу рұқсаттарын беруден бас тартуға немесе осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген құқықтарды тағайындалған авиакәсіпорын пайдалану кезінде қажет деп есептейтін шарттарын орындауды осы авиакәсіпорынды тағайындаған Тараптың немесе оның мемлекеті азаматтарының осы авиакәсіпорын үстінен айрықша иелену және пәрменді бақылау жасай алатындығының дәлелдемелері болмаған барлық жағдайларда талап етуіне құқылы.
      6. Осы Келісімнің 11-бабының қағидаларына сәйкес белгіленген тарифтер күшіне енгізілген кезде осылайша тағайындалып, рұқсат алған авиакәсіпорын кез келген уақытта келісілген әуе желілерін пайдалануды бастауы мүмкін.

4-бап
Берілген құқықтардың күшін жою және уақытша тоқтату

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына берілген осы Келісімнің 2-бабында қарастырылған пайдалану рұқсат жоюға немесе құқықтарды пайдалануын уақытша тоқтатуға, немесе осы құқықтарды пайдалану кезінде қажетті деген шарттардың мына жағдайларда орындалуын талап етуге құқылы:
      а) егер ол осы авиакәсіпорынды тағайындаған Тараптың немесе оның азаматтарының осы авиакәсіпорын үстінен айрықша иелік және шынайы бақылау жасай алатындығына сенімді болмағанда;
      б) егер осы авиакәсіпорын бұл құқықтарды берген Тарап мемлекетінің заңдары мен ережелерін сақтамаса;
      в) егер авиакәсіпорын қандай да бір себептермен осы Келісіммен нұсқалған шарттарды орындамаса.
      2. Егер заңдар мен ережелердің бұдан әрі де бұзылуын ескертуге осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттардың орындалуын талап ету немесе жедел жою, уақытша тоқтата тұру қажетті болып табылмаса, онда екінші Тараппен кеңесулерден кейін ғана осындай құқықтар пайдаланылатын болады. Осындай кеңесулер кеңесулерді жүргізуге сұрау түскен уақыттан бастап, егер Тараптардың арасында өзгесі келісілмесе, 60 күн ішінде басталуы тиіс.

5-бап
Заңдар мен ережелердің қолданылуы

      1. Бір Тарап мемлекетінің халықаралық әуе қатынастарын пайдаланатын әуе кемесінің өз мемлекеттерінің аумағына ұшып келуі мен ұшып кетуін реттейтін заңдары, ережелері және рәсімдері екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына да қолданылатын болады.
      2. Бір Тарап мемлекетінің өз аумағынан жолаушылардың, экипаждың, багаждың, жүктің немесе почтаның келуін, уақытша болуын және кетуін реттейтін заңдары, ережелері және рәсімдері, мысалы кіруге, шығуға, эмиграция мен иммиграцияға қатысты нысандылықтар сияқты, сондай-ақ кедендік ережелері мен санитарлық шаралары екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының әуе кемесімен тасымалданатын жолаушыларға, экипажға, багажға, жүкке немесе почтаға аталмыш аумақта болу кезінде қолданылатын болады.
      3. Уағдаласушы Тараптың ешқайсысы өзінің тағайындалған авиакәсіпорнына осы бапта қарастырылған заңдар мен ережелерді қолдануда екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына бергенінен артық құқық бермейді.

6-бап
Тасымалдар көлемін реттеу

      Келісілген тұрақты әуе қатынасында орындалатын тасымалдар көлемі мына жағдайларға сәйкес болуы тиіс:
      1. Екі Тараптың да тағайындалған авиакәсіпорындарына орнатылған бағыттар бойынша келісілген әуе желілерін пайдалануда қолайлы және тең жағдайлар жасалатын болады.
      2. Әрбір Тарап өзінің заңды құқығының шегінде екінші Тарап авиакәсіпорнының жағдайына жағымсыз әсер ететін барлық құқық шектеу нысандарын және әділетсіз бәсекелестікті болдырмау үшін барлық тиісті шараларды қабылдайтын болады.
      3. Тасымалдар көлемдері мен ұшулар жиілігін Тараптардың авиациялық билік орындары реттейді.

7-бап
Куәліктер мен аймақтарды тану

      1. Тараптардың бірімен берілген немесе күші бар деп танылған, күш мерзімі өтпеген ұшу жарамдылық куәліктері, біліктілік куәліктері мен айғақтары келісілген әуе желілерін пайдалану кезінде екінші Тараппен де күші бар деп танылады.
      2. Әрбір Тараптың, дегенмен, өз мемлекеті аумағының үстінен ұшуларға қатысты өз азаматтарына берілген немесе басқа мемлекетпен күші бар деп танылған біліктілік куәліктері мен айғақтарын танудан бас тартуына құқығы сақталады.

8-бап
Кедендік баждан және басқа алымдардан босату

      1. Әрбір Тарап тағайындалған авиакәсіпорындарының халықаралық тасымалдарда пайдаланылатын әуе кемесі, сондай-ақ олардың табельдік жабдықтары, сол әуе кемесіне тиелген отын қоры, жағармай материалдары және (дайын бұйымдар, кәдесыйларды, азық-түлік тағамдарын, сусындықты және темекі заттарын қоса) борттық қорлар екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелінгеннен кейін, егер осы жабдықтар мен қорлар кері әкетілген мерзімге дейін әуе кемесінің бортында қалатын болса, барлық кедендік баждардың, инспекциялық алымдардан және басқадай баждар мен салықтардан босатылады.
      2. Сонымен бірге, көрсетілген қызметтер үшін алымдарды қоспағанда, осындай кеден төлемдері мен салықтардан мыналар да босатылады:
      а) бір Тарап мемлекетінің аумағында осы Тараптың авиациялық билік орындарымен орнатылған көлемде бортқа алынып, орнатылған бағыттар бойынша ұшуды орындаушы екінші тараптың әуе кемесінің бортында пайдалану үшін қолданылатын борттық қорлар;
      б) бір Тараптың мемлекетінің аумағына екінші Тараппен тағайындалған авиакәсіпорынмен орнатылған маршрутта пайдаланылатын әуе кемесін техникалық қызметтен өткізу немесе жөндеу үшін әкелінетін қосалқы бөлшектер;
      в) бір Тарап мемлекетінің аумағында екінші Тараптың халықаралық ұшуларды орындайтын тағайындалған авиакәсіпорнының ұшып шығатын әуе кемесінің тұтынуына берілетін отын және жағармай материалдары, тіпті бұл қорлар бірінші Тараптың аумақ шеңберінде жатқан бағыт бөлігінде бортқа алынып, қолданылатын болса да;
      г) көлік құжаттамасын, авианакладнойларды және жарнама материалдарын, сондай-ақ тағайындалған авиакәсіпорындар әуежайдың аумағында коммерциялық және пайдаланушылық мақсатта пайдаланылуы мүмкін автомобильдерді, материалдар мен жабдықтарды қоса, осындай материалдар мен жабдықтар жолаушылар мен жүктердің тасымалын қамтамасыз ететін шартпен, бір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны пайдаланатын қажетті құжаттар.
      Осы Баптың а), б), в) және г) тармақшаларында көрсетілген материалдар талап ету бойынша кедендік билік орындарының бақылауына немесе қадағалауына ұсынылуы мүмкін.
      3. Бір Тараптың әуе кемесінің бортындағы табельдік борт жабдықтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына осы екінші Тараптың кедендік билік орындарының рұқсатымен ғана түсірілуі мүмкін. Ондай жағдайда, олар, кері әкетілгенге дейін немесе кедендік ережелерге сәйкес басқадай қолданыс тапқанға дейін, ескертілген билік орындарының қадағалауында болып жайластырылуы мүмкін.

9-бап
Тікелей транзит тасымалдары

      1. Бір Тарап мемлекетінің аумағы арқылы тікелей транзитпен ұшып баратын және осы мақсат үшін бөлінген әуежайдан ұзамайтын жолаушылар, багаж, жүк және почта күш көрсету актісіне, әуе қарақшыларына және есірткі заттарын алып өтуге қарсы қауіпсіздік шараларын қолдану қажет болғаннан басқа жағдайларда бақылаудың тек жеңіл түрлерінен өтетін болады.
      2. Тікелей транзитпен өтетін багаж және жүктер кеден төлемдері мен салықтар салудан босатылатын болады.

10-бап
Авиация қауіпсіздігі

      1. Тараптар халықаралық құқықтардан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттемелеріне сәйкес бір-біріне қатысты алған азаматтық авиацияның қауіпсіздігіне заңсыз араласу актілерінен қорғау міндеттерін мақұлдайды. Халықаралық заңдарда көрсетілген құқықтары мен міндеттемелерінің жалпылама қолданысымен шектеліп қоймай, Уағдаласушы Тараптар сонымен бірге, 1963 жылғы 14-қыркүйекте Токиода қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар мен кейбір басқа актілер туралы конвенцияның, 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қол қойылған Әуе кемелерін заңсыз басып алуға тойтарыс беру жөніндегі конвенцияның және 1971 жылғы 23-қыркүйекте Монреальда қол қойылған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы жасалатын заңсыз актілермен күресу туралы конвенцияның, осы Конвенцияның 1988 жылғы 24-ақпанда Монреальда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиация әуежайларында заңсыз күш көрсету әрекеттерін басу жөніндегі Қосымша Хаттама қағидаларына сәйкес әрекет жасайды.
      2. Тараптар бір Тараптың өтініші бойынша азаматтық әуе кемелерін заңсыз басып алу актілеріне және осы әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлар мен аэронавигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге, сондай-ақ азаматтық авиация қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрқилы әрекеттерге жол бермеуде бір-біріне қажетті барлық көмегін көрсетіп отыратын болады.
      3. Тараптар өзара қарым-қатынасын Халықаралық азаматтық авиация ұйымы орнатқан және Халықаралық азаматтық авиация жөніндегі Конвенцияға Қосымшалар аталатын авиация қауіпсіздігі жөніндегі ережелерге сәйкес, мұндай қауіпсіздіктер жөніндегі ережелер Тараптарға қолданымды болатын дәрежеде іс-әрекет жүргізеді; олар әуе кемелеріне қызмет көрсететін, қызмет орыны мен тұрақты тұрғындары өз мемлекеттерінің аумағында болатын персоналдар мен өз мемлекеттерінің аумақтарындағы әуежайларда қызмет көрсететін персоналдардан осындай авиация қауіпсіздігі жөніндегі ережелерге сай әрекет жасауларын талап ететін болады.
      4. Әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің аумағы шегінде ұшып бару, онда болу және одан ұшып кету үшін қарастырылатын осы Баптың 3-тармағында айтылған авиация қауіпсіздігі жөніндегі ережелер мен талаптардың толық сақталуын әуе кемелеріне қызмет көрсететін персоналдан екінші Тарап талап ете алады дегенге келіседі. Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағы шегінде әуе кемелерін қорғау үшін және жолаушыларды, экипажды, қол жүктерін, багажды, жүкті және борттық қорларды отырғызудан немесе тиеуден бұрын, әйтпесе сол отырғызу-тиеу кездерінде тексеру үшін қажетті шараларды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін болады. Әрбір Тарап екінші Тараптың нақты қатерге байланысты ақылға сыйымды арнайы шаралар қолдануы туралы кез келген өтінішін зор тілектестікпен қарап отырады.
      5. Азаматтық әуе кемесін заңсыз басып алуға байланысты немесе әуе кемесінің, ондағы жолаушылар мен экипаждың, әуежайлар мен басқадай аэронавигациялық құрал-аспаптардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілерге байланысты қақтығыстар немесе қақтығыс қатері туған жағдайда, Тараптар өзара байланысты жеңілдету арқылы және ондай қақтығыстарды немесе қақтығыс қатерін тез және қауіпсіз түрде жою мақсатында басқадай тиісті шаралар қолдану арқылы бір-біріне көмектесетін болады.
      6. Егер осы бапта көрсетілген авиация қауіпсіздігі туралы қағидаларды Тараптардың бірі орындамайтындай болса, онда екінші Тараптың авиациялық билік орындары аталмыш Тараптың билік орындарынан жедел кеңесулер талап ете алады.

11-бап
Тарифтер

      1. Кез келген Тарап мемлекетінің аумағына немесе аумағынан тасымалдау үшін тарифтер барлық тиісті факторларды ескере отырып, пайдалану шығындарын, орынды пайданы, әуе желісінің сипаттарын және тұтынушылардың мүддесін қоса, ақылға сыйымды мөлшерде белгіленеді.
      2. Осы Баптың 1-тармағында көрсетілген тарифтер әрбір орнатылған бағыттар бойынша екі Тараптың да тағайындалған авиакәсіпорындарымен келісілетін болады.
      3. Осы Баптың 2-тармағында айтылған келісу, мүмкіншілігіне қарай, Халықаралық Әуе Көлігі қауымдастығы қолданатын бекітілген ставкалар механизмін пайдалану жолымен мүмкін болады.
      4. Осылайша келісілген тарифтер екі Тараптың авиациялық билік орындарының бекітуіне олардың болжанған енгізу күніне дейін кем дегенде отыз (30) күн бұрын ұсынылатын болады; кейбір жағдайларда бұл мерзім аталған билік орындарының келісуімен қысқартылуы мүмкін.
      5. Егер тағайындалған авиакәсіпорындар қайсыбір тарифті бекіту мәселесі бойынша келісе алмаса немесе басқа бір себептермен осы Баптың 2-тармағына сәйкес тарифтер белгіленбесе немесе отыз (30) күндік мерзімнің ішіндегі бірінші он бес (15) күнде осы Баптың 4-тармағына сәйкес бір Тараптың авиациялық билік орындары екінші Тараптың авиациялық билік орындарына тарифтермен келіспейтіндігі туралы осы Баптың 2-тармағына сай келісілген мәлімдемесін тапсырған жағдайда, Тараптардың авиациялық билік орындары осы тарифтер бойынша келісімге келуге тырысатын болады.
      6. Егер авиациялық билік орындары осы Баптың 4-тармағына сәйкес өздеріне қарауға ұсынылған тарифтермен немесе 5-тармаққа сәйкес қайсыбір тарифті айқындау бойынша келісімге келе алмаса, онда дау осы Келісімнің 18-бабының ережелеріне сәйкес шешілетін болады.
      7. Әрбір Тараптың авиациялық билік орындарымен бекітілгенше тарифтердің күші болмайды.
      8. Осы Баптың қағидаларына сәйкес белгіленген тарифтер осы Баптың қағидаларына сәйкес жаңа тарифтер белгіленгенге дейін, бірақ Тараптардың бірінің авиациялық билік орындары келіспегенін білдірген күннен бастап он екі айдан асырылмай, күшінде қалады.
      9. Әрбір Тараптың авиациялық билік орындары өздерімен бекітілген тарифтерді тағайындалған авиакәсіпорындардың қолдануын қамтамасыз ету үшін бар күшін салатын болады және ешбір авиакәсіпорын тарифтерді ешбір дәрежеге және ешқандай жолдармен, тікелей не жанамалай төмендетуді заңсыз қолданбайды.

12-бап
Табыстарды аудару

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына осы Келісімнің 16-бабына сәйкес салықтарды төлегеннен кейін, оның мемлекетінің аумағында жолаушыларды, багажды, почта мен жүкті тасымалдауды сату үдерісінде алынған табыстар мен шығындардың айырмасын аудару күніне ресми қолданылатын айырбастау бағамының негізінде еркін конверсияланатын валютамен аударуға құқық береді. Аудару тапсырыс түскен күннен бастап алпыс (60) күннен кешіктірмей жедел түрде жүргізілетін болады.
      2. Егер Тараптардың арасында арнайы төлем келісімдері болса, онда төлем осы Келісімнің ережелеріне сай төленетін болады.

13-бап
Коммерциялық қызмет

      1. Әрбір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының екінші Тарап мемлекетінің заңдары мен ережелеріне сәйкес, осы екінші Тарап мемлекетінің аумағында қажетті, кез келген Тарап мемлекетінің азаматтарынан жиналатын, әкімшілік, техникалық, саудалық және оперативтік персоналымен, өз өкілдіктерін ашуға тең мүмкіншілігі болады.
      2. Әрбір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының бұдан әрі екінші Тарап мемлекетінің аумағында тасымалдау бойынша барлық құжаттарды шығаруға, сондай-ақ жарнамалық материалдарды шығаруға және авиабилеттерді сатуға жәрдемдесуге тең мүмкіншілігі болады.
      3. Өкілдер мен персонал екінші Тараптың қолданылатын заңдары мен ережелеріне бағынатын болады және осы заңдар мен ережелерге сай, осы Тарап, өзара тілектестік негізде және ең аз кідіріспен, осы Баптың 1-тармағында аталған өкілдер мен персоналға жұмысқа, қызметтік визаларға қажетті құжаттарды немесе соған ұқсас құжаттарды беретін болады.
      4. Өзара тілектестік принципіне негізделе отырып, әрбір Тарап екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының тікелей өзіне, немесе оның қарауы бойынша, өзінің агенттері арқылы оның мемлекетінің аумағында тасымалдарды сатумен айналысу құқығын береді. Әрбір тағайындалған кәсіпорында осындай тасымалдарды сату құқығы болады, және кез келген тұлға осындай тасымалды еркін түрде жергілікті немесе еркін айналатын валютамен сатып алуы мүмкін.

14-бап
Алымдар ставкалары

      Әрбір Тарап көрсетілген қызметтер үшін екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнынан алынатын немесе бірінші Тараптың құзырлы органдарымен жинап алуына рұқсат етілетін алымдардың мөлшері әділ және ақылға сыйымды болуын қамтамасыз етуге бар күшін салатын болады. Ол алымдар ақылға сыйымды экономикалық принциптерге негізделетін болады.
      Бұл алымдар осыған ұқсас халықаралық тасымалдар орындайтын басқа авиакәсіпорындардан алынатын алымдардан жоғары болмайды.
      Тараптардың бірі де екінші Тараптың осыған ұқсас халықаралық авиатасымалдар орындайтын авиакәсіпорнына қатысты кедендік, иммиграциялық, карантиндік және соған ұқсас ережелерді қолдануда немесе олардың бақылауындағы әуежайларды, авиажелілерді, авиациялық және басқа қызметтерді пайдалануда өзінің немесе кез келген басқа авиакәсіпорынға артықшылық бермейтін болады.

15-бап
Ұшу кестесін беру

      1. Келісілген әуе желілеріндегі ұшу кестелері екі Тараптың авиациялық билік орындарының бекітуіне оларды енгізудің болжамды күнінен кем дегенде 30 (отыз) күн бұрын тапсырылатын болады.
      Ерекше жағдайларда бұл мерзім аталған билік орындарының келісімімен қысқартылуы мүмкін.
      2. Қосымша ұшуларды орындау рұқсатына сұрауларды тағайындалған авиакәсіпорын екінші Тараптың авиациялық билік орындарына бекітуге тікелей тапсыруы мүмкін.
      3. Тағайындалған авиакәсіпорындар осы Келісімнің талаптары тиісті түрде сақталғанын растау үшін екінші Тараптың авиациялық билік орындарымен талап етілуі мүмкін кез келген басқа ақпаратты да беретін болады.

16-бап
Салық салу

      1. Әуе кемесінде келісілген әуе желілерін пайдаланудан түскен табыстарға Тараптар мемлекеттерінің қолданылатын заңдарына сәйкес салық салынатын болады.
      2. Келісілген әуе желілерін пайдаланатын әуе кемесімен және осындай әуе кемесін пайдалануға қатысы бар қозғалатын мүлікпен көрсетілген капиталға Тарап мемлекеттерінің заңдарына сәйкес салық салынатын болады.
      3. Егер Тараптардың арасында табыс салықтары мен капиталға салыққа қатысты екі есе салық салуды болдырмау үшін арнайы келісім болса, оның қағидалары басым болады.

17-бап
Кеңесулер мен өзгертулер

      1. Осы Келісімді орындауға қатысты барлық мәселелер бойынша Тараптардың авиациялық билік орындарының арасында тығыз ынтымақтастық рухта мезгіл-мезгіл кеңесулер жүргізілетін болады. Осындай кеңесулер, егер Тараптар бұл мерзімді ұзартуға келіспеген жағдайда, сұраныс түскен күннен кейін (алпыс) 60 күннің ішінде басталуы тиіс.
      2. Егер Тараптың біреуі осы Келісімнің қайсыбір қағидаларын өзгертуді дұрыс деп есептесе, онда ол екінші Тараптан кеңесулер өткізілуін сұрай алады. Осылайша келісілген өзгерістер әрбір Тараптың конституциялық рәсімдеріне сәйкес бекітілетін болады.
      3. Қосымша өзгерістер енгізу Тараптардың тиісті авиациялық билік орындарының арасында келісілетін болады және бірден күшіне енеді.

18-бап
Дау-дамайларды реттеу

      1. Тараптардың арасында осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындаған қайсыбір дау-дамай әуелі тікелей келіссөздер жүргізу арқылы шешілетін болады.
      2. Егер Тараптар келіссөздер үстінде өзара келісімге жете алмаса, бұл дауды қарауға қайсыбір құзырлы тұлғаға немесе ұйымға берулері мүмкін; егер бұған келіспесе, Тараптардың бірінің өтініші бойынша дау-дамай Төрелік соттың қарауына тапсырылады, ол үшін әрбір Тарап өздерінен бір-бірден төреші сайлайды. Тағайындалған төрешілер Төрелік сот Төрағасының міндеті жүктелетін үшінші төрешіні анықтайды. Тараптар дау-дамайды Төрелік сотта қаралатыны жайлы ұсынысты дипломатиялық арналар бойынша алған күннен кейін 60 (алпыс) тәулік ішінде өз төрешілерін тағайындайды. Төрелік соттың Төрағасы келесі 60 (алпыс) тәулік ішінде тағайындалады. Егер белгіленген мерзім ішінде Тараптардың біреуі төрешісін тағайындай алмаса немесе осы мерзімде Төрелік соттың үшінші төрешісі тағайындалмаса, онда Тараптар төрешілерді немесе Төрелік соттың төрағасын тағайындауды Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесінің Төрағасынан сұрауы мүмкін. Барлық жағдайда үшінші төреші үшінші мемлекеттің азаматы болып табылады және Төрелік соттың Төрағасы болады.
      3. Тараптар осы Баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешімдерді орындауға міндеттенеді.
      4. Егер Тараптардың бірі Төрелік соттың шешімін орындамаса, екінші Тарап осы Келісімге орай берілген кез келген құқықтары мен жеңілдіктерін орындамағаны үшін шектеуге, уақытша тоқтатуға немесе түгелдей жоюға құқылы.
      5. Әрбір Тарап өзі тағайындаған төрешісінің жұмысына байланысты шығындар мен төлемдерді өзіне алады. Төрелік сот Төрағасының қаламақысы мен шығындарын, сондай-ақ Төрелік сотқа байланысты шығындарды екі Тарап бірдей бөліп төлейді.

19-бап
Келісім күшінің тоқтатылуы

      1. Кез келген Тарап кез келген уақытта екінші Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша осы Келісімнің күшін жою туралы ниетін мәлімдейді; мұндай мәлімдеме кешіктірілмей Халықаралық азаматтық авиация Ұйымының кеңесіне жіберілетін болады.
      2. Бұл жағдайда, егер тоқтату туралы мәлімдеме осы мерзімнің ішінде екі жақты келісілген түрде кері қайтарылып алынбаса, онда бұл Келісімнің күші осы мәлімдемені алған күннен бастап 12 ай өткеннен кейін күшін тоқтатады. Мәлімдеме алғаны туралы екінші Тараптан растау құжат болмаса, онда сол мәлімдеме Халықаралық азаматтық авиация ұйымына түскеннен кейінгі он төрт (14) күннің ішінде оны екінші Тарап алды деп есептелетін болады.

20-бап
Тіркеу

      Осы Келісім мен оның кез келген кейін болатын өзгерістері Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркелетін болады.

21-бап
Күшіне енуі

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалған және Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауы туралы жазбаша мәлімдегеннен кейін күшіне енеді.
      1999 жылғы 2 қыркүйекте Астана қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, армян және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей заң күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.

    Қазақстан Республикасының          Армения Республикасының
           Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасы 
Үкіметі мен Армения  
Республикасы Үкіметінің
арасында әуе қатынасы 
туралы келісімге   
Қосымша       

      1. Қазақстан Республикасының тағайындалған авиакәсіпорны төменде көрсетілген маршрут бойынша әуе қатынасын пайдалануға құқылы:
      Қазақстандағы мекендер - аралық мекендер - Армениядағы мекендер - тысқарыдағы мекендер және кері қарай.
      2. Армения Республикасының тағайындалған авиакәсіпорны төменде көрсетілген бағыт бойынша әуе қатынасын пайдалануға құқылы:
      Армениядағы мекендер - аралық мекендер - Қазақстандағы мекендер - тысқарыдағы мекендер және кері қарай.
      3. Әрбір тағайындалған авиакәсіпорынның қарауынша орнатылған бағыттың кез келген немесе барлық мекендері ұшудың кез келген учаскесінде немесе бүкіл бағытта қалдырып кетілуі мүмкін.
      4. Кез келген аралық мекендерге және/немесе тысқарыдағы мекендерге бір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны осы мекендер мен екінші Тарап мемлекетінің аумағы арасындағы ұшуларды орындауға Бесінші дәрежелі еркіндік құқықтарын берусіз қызмет көрсететін болады.
      Дегенмен, бесінші дәрежелі еркіндіктің осындай құқықтары бір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнымен екінші Тараптың авиациялық билік орындарынан алдын ала келісім алғаннан кейін берілуі мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады