Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 5 шілде N 222-II Заңы.

      Ескерту. Заңның тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.06.14 № 290-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      Ескерту. Заңның тақырыбында орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Мәтіндегі "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті" деген сөздерден кейін тиісінше "— Елбасының", "— Елбасы" деген сөздермен толықтырылды - ҚР 2010.06.14 № 290-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      Осы Заң демократия мен әлеуметтік прогресті дамытуға, бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты нығайтуға ерекше үлес қосқан адамдарды Қазақстан Республикасы Президентінің көтермелеуіне байланысты қатынастарды реттейді.

1-бап

      1. Осы Заңмен "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Отан алдында сіңірген ерекше еңбегін атап өту құрметіне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы (бұдан әрі – Мемлекеттік сыйлық) тағайындалады.

      2. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге:

      демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны үшін;

      бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді, мемлекетаралық қатынастарда теңдік пен бірдей қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін;

      қоғамдық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді орнықтыруға, Республиканың көпұлтты халқының бірлігін нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін;

      Қазақстанның ұлттары мен ұлыстарының мәдениеті мен тарихи дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыратын терең ойлы публицистикалық шығармалары үшін береді.

      3. Мемлекеттік сыйлық отандық, халықаралық және шетелдік ұйымдарға берілуі мүмкін.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-бап

      1. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған адамдарға "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты" атағы беріледі, диплом, омырауға тағатын белгі, куәлік және ақшалай сыйақы тапсырылады.

      2. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті салтанатты жағдайда тапсырады.

      Ескерту. 2-бапта орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-бап

      Мемлекеттік сыйлық бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін, мұндай жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Мемлекеттік сыйлықты қайталап беруге рұқсат етілмейді.

4-бап

      Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер ұсыну құқығына:

      Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің комитеттері;

      Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар;

      мәслихаттармен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) әкімдері;

      отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдар ие болады.

5-бап

      1. Мемлекеттік сыйлық туралы ережені, сыйлықтың саны мен мөлшерін, сондай-ақ оны беру жөніндегі комиссияның құрамын Республика Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      2. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты дипломының , омырауға тағатын белгісінің және куәлігінің сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президентімен келісе отырып Республика Үкіметі бекітеді.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2018 № 155-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Қазақстан Республикасының


Президенті



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады