Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2001 жылғы 17 қазан N 249-II.


     Душанбеде 1999 жылғы 16 желтоқсанда жасалған Қазақстан 
Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің арасындағы 
инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім бекітілсін. 
     
     Қазақстан Республикасының 
             Президенті 
     
                 Қазақстан Республикасының Үкіметі мен 
             Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы 
                      Инвестицияларды көтермелеу 
                       және өзара қорғау туралы 
                               КЕЛІСІМ* 
     
        2001 жылғы 20 қарашадан бастап күшіне енді - ҚР халықаралық 
               шарттары бюллетені, 2002 ж., N 3, 34-құжат. 
     
     Төменде "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының 
Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
     екі Уағдаласушы Тарап арасындағы экономикалық ынтымақтастықты 
нығайтуға және кеңейтуге тілек білдіре отырып,
     бір Уағдаласушы Тарап инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап 
аумағында күрделі қаржы жұмсауын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар 
жасауға тілек білдіре отырып,
     Келісімге сәйкес инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау 
Уағдаласушы Тараптардың экономикалық дамуына жәрдемдесетін болады деп тани 
отырып,
     төмендегілер туралы келісті:
     
                          1-бап. Анықтамалар
     
     Осы Келісімнің мақсаттары үшін:


      1. "Инвестициялар" термині пайда (табыс) алу мақсатында инвесторлардың кәсіпкерлік қызмет объектілеріне салатын мүліктік құндылықтардың барлық түрлерін және оларға арналған құқықтарды, сондай-ақ меншік құқықтарын білдіреді және бірыңғай осыларды ғана емес, атап айтқанда:
      - жылжымалы және жылжымайтын мүлікті және кепілдемелерін қоса алғанда, осыларға байланысты кез келген басқа да мүліктік құқықтарды, ипотекаларды немесе банктер мен басқа да қаржы мекемелерінің шоттарындағы өзге де кепілдіктер мен қаржыларды ұстап қалу құқығын;
      - акцияларды, салымдарды (пайларды), облигацияларды және Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының заңдарына сәйкес тіркелген кәсіпорындарға, акционерлік қоғамдарға, шаруашылық серіктестіктерге, бірлестіктерге және заңдарда танылатын өзге де заңды тұлғаларға қатысудың кез келген басқа да нысандарын;
      - заемдарды, несиелерді, мақсатты түрдегі банк және қаржы салымдарын және инвестициялардың жүзеге асырылуына байланысты өзге де ақшалай талаптарды;
      - авторлық құқық қорғайтын объектілерді, патенттерді, тауарлық белгілерді, қызмет көрсету белгілерін, фирмалық атауларды, өнеркәсіптік үлгілерді, шаруашылық құпиялар мен "ноу-хауды" қоса алғанда, интеллектуалдық және өнеркәсіптік меншік объектілеріне арналған құқықтарды;
      - табыстарды және несиелік келісімдер бойынша негізгі қарыз бен пайыздардың төленуін қайта инвестициялауды қамтиды.
      2. "Инвестор" термині:
      а) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңдарына сәйкес олардың бірінің азаматы болып табылатын жеке тұлғаны;
      б) Уағдаласушы Тараптардың бірінің қолданыстағы мемлекеттік заңдарына сәйкес құрылған кез келген заңды тұлғаны;
      в) Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекеттік заңдарына сәйкес құрылмаған, бірақ тап сол Уағдаласушы Тарап мемлекетінің жеке немесе заңды тұлғалары тікелей немесе жанама түрде бақылау жасайтын заңды тұлғаны білдіреді.
      3. "Табыстар" термині:
      Кәсіпорындарды басқарғаны, техникалық қызмет көрсеткені үшін түскен пайданы; дивидендтерді, сыйақыларды және заңды жолмен алынған кез келген басқа да қаражатты қоса алғанда, инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде немесе соларға байланысты алынған ақшалай немесе заттай нысандағы қаражатты білдіреді.
      4. "Аумақ" термині:
      Халықаралық құқыққа сәйкес Уағдаласушы Тарап мемлекеттері өздерінің егеменді құқықтары мен заңды құқығын жүзеге асыратын еркін экономикалық аймақтарды, құрлықтық қайраңды және жер қойнауларын қоса алғанда, Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік аумағын білдіреді.
      5. Аумағында инвестиция жүзеге асырылған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңдары мен басқа да нормативтік актілеріне сәйкес рұқсат етілген инвестициялар нысандарының өзгеруі оның инвестиция ретіндегі сипатын өзгертпейді.

               2-бап. Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына жәрдемдесетін болады және мұндай инвестицияларға өздерінің мемлекеттік заңдарына сәйкес рұқсат беретін болады.
      2. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары үшін әділетті және тең құқықты режимді қамтамасыз ететін болады және осы инвестициялардың басқарылуына, жұмыс істеуіне, пайдаланылуына немесе жұмсалуына озбырлық жасау немесе кемсітушілік шаралары арқылы қысымшылық көрсетпейтін болады.

                3-бап. Инвестициялардың құқықтық режимі

      1. Уағдаласушы Тараптар өз аумағында инвестицияларға қатысты өздерінің инвесторларының инвестицияларына немесе үшінші елдердің инвесторларының инвестицияларына жасалатын режимнен қолайлылығы кем емес режимді өзара қамтамасыз етеді.
      2. Аталған режим:
      а) Уағдаласушы Тараптардың бірі еркін сауданың кедендік немесе экономикалық одағына бірлесіп қатысуына байланысты жекелеген елдердің инвесторларына беретін артықшылықтарға;
      б) Уағдаласушы Тараптардың бірі қос салық салуды болдырмау туралы келісімнің немесе салық мәселелері жөніндегі басқа да келісімдердің негізінде жекелеген елдердің инвесторларына беретін артықшылықтарға қолданылмайды.

                 4-бап. Инвестициялардың кепілдіктері

      Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторларының инвестициялары реквизицияланбайды, национализацияланбайды, экспроприацияланбайды немесе оларға реквизиция, национализация, экспроприация (бұдан әрі - экспроприация) тәрізді салдары болатын өзге де шаралардың қолданылуы мүмкін емес, бұған экспроприация қоғамдық мүдде үшін жүзеге асырылған жағдайлар қосылмайды және ол:
      - экспроприацияны жүзеге асыратын Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңдары белгіленген тәртіппен;
      - кемсітушіліксіз;
      - барабар өтемақыны кідіріссіз төлеу арқылы жүргізіледі.
      Өтемақы инвесторға экспроприация туралы белгілі болған сәттегі экспроприацияланған инвестицияның нарықтық әділ құнына тең болуы тиіс.
      Өтемақы қолданыстағы пайыздық ставкаларға сәйкес келетін және экспроприациялану уақыты мен өтемақы төлеу уақыты арасындағы кезеңге есептелген пайыздарды қамтуы тиіс.
      Өтемақы инвестиция жүзеге асырылған валютада немесе инвестордың келісімімен кез келген басқа валютада төленеді. Өтемақы шетелге шектеусіз түрде және себепсіз кешеуілдетпестен аударылуы тиіс.

                           5-бап. Зиянды өтеу

      Екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында соғыс немесе басқа да қарулы жанжал, төтенше жағдай, азаматтық қақтығыстар немесе осыған ұқсас жағдайлар салдарынан инвестицияларына зиян келтірілген Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторларына жоғарыда аталған жағдайлар салдарынан шеккен зиянның орнын толтыру кезінде ұлттық инвесторларға немесе үшінші елдердің инвесторларына қатысты қолданылатын режимнен қолайлылығы кем емес режим жасалады.

           6-бап. Инвестицияларға байланысты төлемдерді аудару

      1. Уағдаласушы Тараптар инвестицияларға байланысты барлық қаржы аударымдары Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңдары белгіленген рәсімге сәйкес еркін түрде және себепсіз кешеуілдетілместен жүзеге асырылатынына кепілдік береді, бірақ бұл орайда:
      - еркін аударым құқығының өзі бұзылмауын ескере отырып, осындай аударымдарды ресімдеу ережелері;
      - аударылатын сомалардан салықтарды, алымдарды ұстап қалу;
      - несие берушілердің заңды құқықтарын қорғау немесе соттың іс қарауы барысында шығарылған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету көзделуі мүмкін.
      Осы бапта көрсетілген рәсім әділ және кемсітушіліксіз түрде жүргізілуі тиіс.
      Осы Келісімде аударымдар мыналарды:
      - бастапқы инвестицияланатын капиталды, сондай-ақ инвестицияларды қолдауға немесе кеңейтуге пайдаланылатын кез келген қосымша шетелдік капиталды;
      - пайданы;
      - осы Келісімнің 4-бабына сәйкес өтемақыны;
      - инвестициялық дауды шешу кезінде туындайтын төлемдерді;
      - несиелік келісімдерге сәйкес төлемдерді, сондай-ақ интеллектуалдық және өнеркәсіптік меншік құқықтарына байланысты сыйақыларды, басқару, техникалық және сервистік қызмет көрсету туралы келісімдер бойынша төлемді;
      - осы Келісімнің 5-бабына сәйкес зиянды өтеуге қатысты төлемдерді;
      - инвестицияларға байланысты қызметті жүзеге асыратын екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің жеке тұлғалары үшін тұрақты негізде еңбегіне төленетін ақыны;
      - инвестицияның бір бөлігін немесе барлығын сатудан немесе таратудан түскен түсімді қамтиды, алайда, мұндай жағдайда түскен түсім құзыретті органның рұқсаты бойынша ғана еркін аударылатын болуы тиіс.
      2. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің заңдарымен белгіленген салықтар мен алымдарды төлеу шарттарын және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің валюталық заңдарының нормаларын сақтаған жағдайда аударымдар аударым жасалған күні қолданылатын бағам бойынша еркін айналыстағы валютамен, себепсіз кешіктірілместен жүзеге асырылатын болады.
      "Себепсіз кешіктірілместен" аударым жасау деп аударымға байланысты шартты әрекеттерді орындауға оңтайлы түрде талап етілетін уақыт ішінде жасалған аударым есептелетін болады.

               7-бап. Анағұрлым қолайлылық режимнің қағидаты

      Егер Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңнамасында немесе халықаралық заңдарға сәйкес Уағдаласушы Тараптардың арасында туындаған жағдайларда екінші Уағдаласушы Тарап инвесторлары жүзеге асырған инвестицияларға қатысты жалпы немесе егжей-тегжейлі түрде осы Келісімде көзделгенінен анағұрлым тиімді режимді көздейтін қосымша реттеулер бар болса, онда мұндай реттеулердің олар анағұрлым тиімді болатын көлемі осы Келісіммен салыстырғанда басымдыққа ие болады.

                           8-бап. Суброгация

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе ол уәкілеттік берген қандай да бір институт инвестицияға байланысты жасалған кепілдіктердің немесе сақтандырулардың шеңберінде инвесторлардың кез келгеніне төлемдер жүргізетін болса, екінші Уағдаласушы Тарап бірінші Уағдаласушы Тарапқа немесе оның институтына инвесторға тиесілі кез келген құқықтардың немесе талаптардың берілгенін танитын болады. Инвестордың құқықтары берілген Уағдаласушы Тараптың немесе оның қандай да бір институтының инвестор ие болған құқықтарына және инвестордың осындай түрде сақтандырылған инвестицияларына байланысты міндеттемелеріне қатысты ескертумен, сол құқықтардың сондай көлемдегі талаптарына құқылы болады.
      2. Осы Баптың 1-тармағында белгіленген суброгация жағдайында инвестор, егер оған Уағдаласушы Тарап немесе оның кез келген институты уәкілеттік бермеген болса, талаптар қоя алмайды.

           9-бап. Уағдаласушы Тараптардың арасындағы даулар

      1. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Уағдаласушы Тараптардың арасындағы даулар дипломатиялық арналар арқылы шешілетін болады.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптар дау пайда болған күннен бастап алты ай ішінде келісімге келе алмаса, дау Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің талап етуі бойынша құрамында үш мүшесі бар Төрелік сотқа тапсырылатын болады. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы бір төрешіден тағайындайды, ал тағайындалған төрешілер екі Уағдаласушы Тараптармен де дипломатиялық қарым-қатынастарды ұстанған үшінші мемлекеттің азаматы болып табылатын төрағаны сайлайды.
      3. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі төрешіні тағайындамаса және екінші Уағдаласушы Тараптың екі айдың ішінде осындай тағайындауды жүргізу туралы шақыруымен келіспесе, төрешіні осы Уағдаласушы Тараптың өтінішімен Гаага қаласындағы БҰҰ Халықаралық сотының Президенті тағайындайды.
      4. Егер екі төреші өздері тағайындалған күннен бастап екі ай ішінде төрағаны сайлауға қатысты келісімге келе алмаса, оны Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша Халықаралық сот Президенті тағайындайды.
      5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген жағдайларда Халықаралық Сот Президенті аталған функцияларды орындай алмаса немесе егер, ол Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматы болып табылса, онда мұндай тағайындауды Вице-президент жүргізетін болады, ал егер ол да тиісті функцияларды орындай алмаса, немесе Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматы болып табылса, онда тағайындауды Уағдаласушы Тараптардың бірде-бірінің азаматы болып табылмайтын, Халықаралық Сот судьяларының дәрежесі бойынша ең жоғарғы тұрғаны жүргізетін болады.
      6. Уағдаласушы Тараптардың арасындағы басқа уағдаластықтарды бұзбастан Төрелік сот өз рәсімінің ережелерін белгілейді. Төрелік сот шешімді көпшілік дауыспен шығарады.
      7. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы соттағы өз мүшесін ұстауға кететін, сондай-ақ төрелік рәсімдегі өз үлесіне сәйкес шығынды мойнына алады, төрағаны ұстауға кететін шығын мен басқа да шығынды Уағдаласушы Тараптар теңдей бөліктерде өтейді. Алайда, сот өз шешімінде Уағдаласушы Тараптардың бірінің шығындарға көбірек қатысуын белгілей алады және мұндай шешім екі Уағдаласушы Тарапты да міндеттейді.
      8. Сот шешімдері Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.

         10-бап. Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тарап
                   мемлекетінің инвесторы арасындағы даулар

      1. Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тарап Мемлекеті инвесторының арасындағы инвестицияларға қатысты дауды шешу мақсатымен мүдделі тараптардың арасында келіссөздер жүргізілетін болады.
      2. Егер келіссөздер келіссөздерді бастау туралы жазбаша ұсыныс жасалған күннен бастап алты ай ішінде шешімін табумен аяқталмаса, дау тараптары төмендегідей түрде іс-әрекет жасай алады:
      а) егер дау осы Келісімнің 4, 5, 6-баптарындағы міндеттемелерге қатысты болса, ол инвестордың өтініші бойынша төрелік соттың шешуіне тапсырылады;
      б) осы баптың 2-тармағының а) тармақшасында көрсетілмеген дау екі тараптың келісімі бойынша төрелік соттың қарауына беріледі.
      3. Төрелік сот әрбір жеке іс үшін құрылатын болады. Егер дауға қатысушы Тараптар өзгеше келіспеген болса, олардың әрқайсысы бір төрешіден тағайындайды. Тағайындалған төрешілер үшінші мемлекеттің азаматы болып табылатын төрағаны сайлайды.
      Төрешілер дау төрелік соттың қарауына тапсыру талабы алынған күннен бастап екі ай ішінде, ал төраға келесі екі ай ішінде тағайындалуы тиіс.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімдер орындалмаған болса, дау тараптарының кез келгені басқа уағдаластықтары болмаса қажетті тағайындауларды жүргізу жөнінде Париждегі Халықаралық Сауда Палатасының жанындағы Төрелік соттың Төрағасына өтініш жасай алады. Егер Төраға аталған функцияны орындай алмаса немесе Уағдаласушы тарап Мемлекетінің азаматы болып табылса, осы Келісімнің 9-бабындағы 5-тармақтың ұқсас ережелері қолданылатын болады.
      5. Егер тараптар өзгеше түрде келіспеген болса, Төрелік сот өзінің рәсімдік ережелерін белгілейді. Шешімдер түпкілікті және міндетті болып табылады. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы төрелік шешімдерді тануды және орындауды қамтамасыз етеді.
      6. Дау тараптарының әрқайсысы соттағы өз мүшесін ұстау жөніндегі және төрелік рәсімдегі өз үлесіне сәйкес шығынды мойнына алады: төрағаны ұстауға кететін шығын мен басқа да шығынды олар дау тараптары ретінде теңдей бөлікте көтеретін болады. Алайда, сот өз шешімінде тараптардың бірі көтеретін шығынды бөлудің басқа мөлшерін белгілей алады және бұл шешім екі тарап үшін де міндетті болады.
      7. Даудың тарабы болып табылатын Уағдаласушы Тарап аралық рәсімнің немесе сот шешімін орындаудың кез келген сатысында келтірілген шығынның бәрін немесе бір бөлігін қамтитын өтемақыны сақтандыру шартының нәтижесінде инвестордың алған фактісіне сілтеме жасай алмайды.
      8. Егер екі Уағдаласушы Тарап 1965 жылғы 18-наурыздағы "Мемлекеттер мен басқа мемлекеттер азаматтарының арасындағы инвестицияларға қатысты дауларды шешу туралы" Вашингтон Конвенциясының тараптарына айналса, даулар Инвестициялар жөніндегі дауларды шешетін халықаралық орталыққа мынадай түрде:
      осы баптың 2-тармағының а) тармақшасында аталған даулар, инвестордың талап етуі бойынша, ал
      осы баптың 2-тармағының б) тармақшасында аталған даулар Уағдаласушы Тараптардың екі жақты келісімі бойынша жіберілетін болады.

                       11-бап. Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім бекітілуге жатады және осы Келісімнің бекітілгені туралы Уағдаласушы Тараптар ноталар алмасқаннан кейін күшіне енеді. Осы Келісімнің күшіне ену күні соңғы нота алынған күн болып табылады.
      2. Осы Келісім күшіне енген соң 10 (он) жыл ішінде қолданыста болады және осы баптың 6-тармағына сәйкес оның қолданысы тоқтатылғанға дейін күшінде болады.
      3. Осы Келісімнің ережелері ол күшіне енген сәттен бастап 1991 жылғы 16-желтоқсаннан бері жүзеге асырылған инвестицияларға қолданылады.
      4. Осы Келісімнің қолданысын тоқтатқанға дейін жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты осы Келісімнің барлық алдыңғы баптарының ережелері оның қолданысы тоқтатылған күннен бастап 10 (он) жыл ішінде күшінде бола береді.
      5. Осы Келісімге Тараптардың арасындағы жазбаша келісім бойынша түзетулер енгізілуі мүмкін. Кез келген түзету, егер Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа осындай түзетудің күшіне енуіне кедергі келтіретін өзінің шарттылықтарын реттегені туралы хабарласа, күшіне енуі тиіс.
      6. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы алғашқы тоғыз жыл өткен соң немесе одан кейінгі кез келген уақытта осы Келісімнің қолданысын тоқтатқаны туралы қолданыс мерзімі аяқталмастан бір жыл бұрын екінші Уағдаласушы Тарапқа жазбаша түрде хабарлай алады.
      7. Осыны куәландыру үшін, біз, тиісті түрде уәкілеттік берілген

өкілдер, осы Келісімге қол қойдық.
     ______________________ қаласында 1999 жылғы 16 желтоқсанда қазақ,
тәжік және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық 
мәтіндердің күші бірдей.
     Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде пікір алшақтықтары туындаған 
жағдайда, Уағдаласушы Тараптар Келісімнің орыс тіліндегі мәтінін 
басшылыққа алады.
     
     Қазақстан Республикасының            Тәжікстан Республикасының
           Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін
     
     Мамандар:
       Қасымбеков Б.А. 
       Багарова Ж.А. 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады