Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарлары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2002 жылғы 15 қаңтар N 283-ІІ.

      Ашхабадта 2001 жылғы 1 наурызда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарлары туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiкменстан Үкiметiнің   арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы
КЕЛIСIМ*

(2002 жылғы 22 ақпаннан бастап күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2002 ж., N 4, 41-құжат)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Түрiкменстан Yкiметi,
      екi мемлекет азаматтарының өзара сапарларының тәртiбiн реттеуге ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары осы Келiсiмнiң 1 және  2-Қосымшаларында санамаланған жарамды құжаттар бойынша және осы Келiсiмде көзделген шарттармен екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда уақытша бола алады.

2-бап

      1. Жарамды дипломаттық немесе қызметтiк паспорттардың иегерлерi болып табылатын бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары шекараны кесiп өткен сәтiнен бастап 30 тәулiк бойы визаны ресiмдемей-ақ екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда уақытша бола алады.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетiлген Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында 30 тәулiктен артық уақыт болуға ниет бiлдiрсе, онда виза алу үшiн өздерi азаматтары болып табылатын Тарап мемлекетiнiң дипломатиялық өкiлдiгiнiң немесе консулдық мекемесiнiң жазбаша өтiнiшi қажет.

3-бап

      1. Дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар және екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан өздерiнiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң және консулдық мекемелерiнiң, ресми өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi болып табылатын бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары өзiнiң бүкiл жұмыс кезеңi iшiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына визасыз келе алады, кете алады және онда бола алады.
      Аталған адамдар өздерi болатын мемлекеттегi Сыртқы iстер министрлiгiнде тиiсiнше аккредиттелуi тиiс.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережесi, онда аталған және дипломаттық, қызметтiк және ұлттық паспорттардың иегелерi болып табылатын адамдардың отбасы мүшелерiне де қолданылады.

4-бап

      1. Қазақстан Республикасының Атырау және Маңғыстау облыстарында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының көрсетiлген облыстардағы олардың тұрғылықты орнын растайтын Қазақстан Республикасы азаматының ұлттық паспорттары бойынша және жеке куәлiгi бар болған жағдайда Түрiкменстанның Балканск уәлаятының аумағына 5 тәулiктен артық емес мерзiмге визаны ресiмдемей-ақ келе алады, кете алады және онда уақытша бола алады.
      2. Түрiкменстанның Балканск уәлаятында тұрақты тұратын Түрiкменстанның азаматтары Түрiкменстанның ұлттық паспорттары бойынша онда Түрiкменстанның көрсетiлген уәлаятындағы тұрғылықты жерiн растайтын тiркелiм туралы мөртаңба болған жағдайда Қазақстан Республикасының Атырау және Маңғыстау облыстарының аумақтарына 5 тәулiктен артық емес мерзiмге визаны ресiмдемей-ақ келе алады, кете алады және онда уақытша бола алады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген азаматтардың 5 тәулiк визасыз болу мерзiмi көрсетiлген адамдардың баратын пунктiнде iшкi iстер органдарының белгiленген тәртiпке сәйкес тiркелу сәтiнен бастап есептеледi.
      4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған Тараптар мемлекеттерi азаматтарының Тараптар мемлекеттерiнiң көрсетiлген аумақтарында 5 тәулiктен артық мерзiмде болуына Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары өздерiнiң ұлттық заңдарына сәйкес беретiн визалардың негiзiнде рұқсат етіледi.

5-бап

      Осы Келiсiмнiң 1 және 2-Қосымшаларында санамаланған құжаттар бойынша келудiң визасыз тәртiбi мына адамдар:
      а) ұлттық паспорттары бойынша және бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) жазба болған жағдайда азаматтық авиацияның әуе кемелерi экипаждарының мүшелерi;
      б) теңiзшілердiң паспорттары бойынша және кеме журналында жазба немесе одан көшiрме болған жағдайда теңiз және өзен кемелерi экипаждарының мүшелерi;
      в) ұлттық паспорттары мен атаулы тiзiмдер, әрбiр рейс бекiтiлетiн маршруттық парақтар бойынша поездық, рефрижераторлық және локомотивтiк темiр жол бригадаларының қызметкерлерi;
      г) ұлттық паспорттары бойынша және үкiметаралық фельдъегерлiк байланыс қызметкерлерiнiң куәлiгi болған жағдайда үкiметаралық фельдъегерлiк байланыс қызметкерлерi үшiн сақталады.

6-бап

      Екiншi Тарап мемлекетiнiң визасын алу үшiн бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары, осы Келiсiмде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, белгiленген тәртiппен ресiмделген және өздерi баратын мемлекеттiң тиiстi заңды немесе жеке тұлғасынан алынған шақыру қағазын қабылдайтын мемлекеттiң дипломатиялық өкiлдiгiне немесе консулдық мекемесiне көрсетедi.

7-бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнің уәкiлеттi органдары қабылдайтын мемлекеттiң аумағында тұрақты тұратын жақын туыстары бар адамдарға осы мемлекеттiң заңдарына сәйкес ресiмделiп, аталған туыстарынан келген шақыру қағазын көрсетуi бойынша бiр жылға дейiнгi мерзiмге жарамды көп дүркiндiк визаларды беретiн болады.
      2. Өтiнiш берілген сәттен бастап 24 сағат iшiнде Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары Тараптардың құзыреттi органдары берген және растаған құжатты көрсетуi бойынша ауыр науқастанып жатқан туысқанына бару немесе оны жерлеуге қатысу мақсатымен (10 күнге дейiнгi болу мерзiмiмен) жол жүретiн адамдарға визаны тегiн беретiн болады.

8-бап

      Виза бергенi үшiн консулдық алымдардың мөлшерiн Тараптар өзара кепiлдiк шарттарымен белгiлейдi және дипломатиялық арналар бойынша келiседi.

9-бап

      1. Виза бергенi үшiн консулдық алымдар екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағындағы оқу орындарында оқып жүрген бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтарынан алынбайды.
      2. Тараптар өзара кепiлдiк негiзiнде Тараптардың қолданыстағы халықаралық шарттарына сәйкес ғылым, техника, білiм, мәдениет, өнер және спорт саласында алмасу тәртібімен жол жүретiн адамдарға қатысты виза бергенi үшiн консулдық алымдардың жеңiлдiктi тарифтерiн қолданатын болады.
      3. Тараптар өзара кепiлдiк негiзiнде Тараптар мемлекеттерiнiң туризм желiсi бойынша сапарға шығатын азаматтарына визаны ресiмдеудiң оңайлатылған тәртiбiн қолданады.
      Визаны ресiмдеудiң оңайлатылған тәртiбiнiң тетiгiн Тараптар дипломатиялық арналар бойынша келiсетiн болады.

10-бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнің азаматтары Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарына сәйкес мемлекеттiк шекараны кесiп өтуi кезiнде қажеттi рәсiмдердi сақтай отырып, халықаралық және екi жақты қатынастар үшiн белгіленген өткiзу бекеттерi арқылы бiр Тарап мемлекетiнiң аумағына келе алады, кете алады және транзитпен өте алады.
      2. Тараптар дипломатиялық арналар бойынша мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу бекеттерiнiң тiзбелерiмен алмасатын болады.

11-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары, осы Келiсiмде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, белгiленген тәртiппен берілетiн транзиттiк визалардың негiзiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы транзитпен өте алады.

12-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезiнде сол мемлекеттiң заңдарын, оның iшiнде шетелдiк азаматтар үшiн белгіленген тiркеудiң, болудың және жүрiп-тұрудың ережелерiн сақтайтын болады.
      2. Осы Келiсiм өз аумағына екiншi Тарап мемлекетi азаматтарының келуiнен бас тарту немесе олардың болу мерзiмiн шектеу сияқты әрбiр Тараптың құқығына ықпал етпейдi.

13-бап

      Егер бұл мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгiн, қоғамдық тәртiптi сақтау немесе халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшiн қажет болса, Тараптардың әрқайсысы осы Келiсiмнiң қолданысын уақытша, толық немесе iшiнара тоқтата тұруға құқылы.
      Осындай шаралардың қабылданғандығы және олардың күшi жойылғандығы туралы Тараптар алдын-ала, бiрақ шешiм қабылданған сәттен бастап 72 сағаттан кешiктiрместен, бiр-бiрiне дипломатиялық арналар бойынша хабарлайтын болады.

14-бап

      Тараптар осы Келiсiм жасалған сәттен бастап 30 күн iшiнде осы Келiсiмге 1 және 2-Қосымшаларда санамаланған құжаттардың үлгiлерiмен алмасатын болады.
      Тараптар мемлекеттерi жаңа құжаттарды қолданысқа енгiзетiн жағдайда, Тараптар кем дегенде оларды қолданысқа енгiзуден 30 күн бұрын дипломатиялық арналар бойынша осы құжаттардың үлгiлерiмен алмасатын болады.

15-бап

      Тараптардың келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделедi.

16-бап

      Тараптар, қажеттiлiгiне қарай, осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдану мәселелерi бойынша ақпарат және консультациялар алмасатын болады.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау немесе қолдану барысында туындайтын кез келген келiспеушілiктер немесе даулы мәселелер Тараптардың консультациялары мен келiссөздерi арқылы шешiлетiн болады.

17-бап

      Осы Келiсiм шектелмеген мерзiмге жасалады, Осы Келiсiм қол қойылған сәтiнен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келісімнің қолданысы Тараптардың бірі екінші Тараптың оның  қолданысын тоқтату ниеті туралы ресми жазбаша хабарламасын алған күннен бастап тоқсан күн өтісімен тоқтатылады.
      Ашхабад қаласында 2001 жылғы 01 наурызда әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді ұстанатын болады.

      Қазақстан Республикасының         Түрікменстан
           Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Түрiкменстан Үкiметiнiң арасындағы 
азаматтардың өзара сапарлары    
туралы келiсiмге          
1-қосымша            

Қазақстан Республикасы азаматтарының Түрiкменстанның аумағына келуiне, кетуiне және онда жүрiп-тұруына арналған құжаттардың
ТIЗБЕСI

      1. Дипломаттық паспорт;
      2. Қызметтiк паспорт;
      3. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (және 4-баптың 1-тармағында ескерiлген жағдайларда Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi);
      4. Теңiзшiнiң паспорты (кеме журналында жазба немесе одан көшiрме болған жағдайда);
      5. Әуе кемесi экипажы мүшесiнiң ұшу куәлiгi (экипаж құрамында ұшу кезiнде);
      6. Үкiметаралық фельдъегерлiк байланыс қызметкерiнiң жеке куәлiгi;
      7. Қазақстан Республикасына қайта оралуға арналған куәлiк (Қазақстан Республикасына қайта оралу үшiн ғана).

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Түрiкменстан Үкiметiнiң арасындағы 
азаматтардың өзара сапарлары    
туралы келiсiмге          
2-қосымша             

Түрікменстан азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағына келуiне, кетуiне және онда жүрiп-тұруына арналған құжаттардың
ТIЗБЕСI

      1. Дипломаттық паспорт;
      2. Қызметтiк паспорт;
      3. Түрікменстан азаматының паспорты;
      4. Түрікменстанның азаматтығы туралы жазбасы немесе белгісі бар бұрынғы КСРО үлгісіндегі жалпыазаматтық шетелдік паспорт (2001 жылғы 31 желтоқсанға дейін);
      5. Теңiзшiнiң паспорты (кеме журналында жазба немесе одан көшiрме болған жағдайда);
      6. Әуе кемесi экипажы мүшесiнiң ұшу куәлiгi (экипаж құрамында ұшу кезiнде);
      7. Үкiметаралық фельдъегерлiк байланыс қызметкерiнiң жеке куәлiгi;
      8. Түрікменстанға қайта оралуға арналған куәлiк (Түрікменстанға қайта оралу үшiн ғана).

      Мамандар:
      Багарова Ж.А.,
      Қобдалиева Н.М.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады