Осы Заң Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң он жылдығына байланысты iзгiлiк принциптерi басшылыққа алына отырып қабылданды.
1-бап. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстары үшiн сотталғандар:
1) кәмелетке толмағандар;
2) кәмелетке толмаған балалары немесе асырауында I және II топтағы мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ жүктi әйелдер;
3) зейнет жасына жеткен әйелдер мен ер адамдар;
4) 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер және оларға теңестiрiлген адамдар;
5) I және II топтағы мүгедектер жазадан босатылсын.
2-бап. Осы Заңның 1-бабының қолданылу аясына жатпайтын, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыруға бiрінші рет сотталған адамдар жазадан босатылсын.
3-бап. Осы Заңның I және 2-баптарының қолданылу аясына жатпайтын, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстары үшiн сотталған адамдар, егер олар белгiленген жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтеген болса, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазадан босатылсын.
4-бап. Осы Заңның 1-бабында аталған, ауыр қылмыстары үшін сотталған адамдар, егер олар белгiленген жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтеген болса, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазадан босатылсын.
5-бап. Осы Заңның 1-4-баптарының қолданылу аясына жатпайтын, ауыр қылмыстары үшiн бiрiншi рет бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар, егер олар белгiленген жаза мерзiмінің кемiнде жартысын өтеген болса, жазадан босатылсын.
6-бап. Осы Заңның 1-5-баптарының қолданылу аясына жатпайтын, аса ауыр болып табылмайтын қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, осы Заңның 25-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген рақымшылық жасау актісін орындау кезеңінде жазаны өтеп болуына бір жылдан аз уақыт қалған адамдар жазадан босатылсын.
7-бап. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалау түрлерi қолданылып сотталған адамдар, егер бұл жаза негiзгi жаза түрiнде қолданылған болса, жазадан босатылсын.
8-бап. Әскери қылмыстар жасаған әскери қызметшiлер, сондай-ақ әскери қызметке шақырылудан жалтарған әскери мiндеттiлер жазадан босатылсын.
9-бап. Осы Заңның 1-8-баптарының негiзiнде жазадан босатуға жатпайтын, бас бостандығынан айыруға:
1) онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстары үшiн сотталған;
2) ауыр қылмыстары үшiн сотталған адамдарға, егер олар белгiленген жаза мерзiмiнің кемiнде жартысын өтеген болса, жазасының өтелмеген бөлiгiнiң жартысы қысқартылсын.
10-бап. Осы Заңның 1, 8-баптарында аталған адамдар осы Заң күшiне енгенге дейiн жасаған қылмыстар туралы, сондай-ақ бес жылға дейiн бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза көзделген қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған адамдарға қатысты жүргiзiлiп жатқан барлық қылмыстық істер мен соттарда қаралмаған істердің жүргізілуі тоқтатылсын.
11-бап. Мынадай болып белгiленсiн:
1) осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында аталған адамдарға қылмыс жасаған кезiнде 18 жасқа толмаған адамдар жатады;
2) Осы Заңның 1-бабының 2) тармақшасында аталған адамдарға ата-ана құқығынан айырылмаған және осы Заң күшіне енетін күнге 18 жасқа толмаған балалары, соның ішінде асырап алған не қамқорлыққа алған балалары бар не жасына қарамастан I және II топтағы мүгедек балалары бар әйелдер, осы Заң күшiне енген күнiнде жүктiлiк жағдайында болған әйелдер жатады;
3) осы Заңның 1-бабының 3) тармақшасында аталған адамдарға осы Заң күшіне енгенге дейін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зейнет жасына жеткен әйелдер мен ер адамдар жатады. Бұл адамдардың туған күні мен айын растайтын құжаттар болмаған жағдайда, бұлардың қатарында 1943 жылғы 1 қаңтарға дейін туған әйелдер мен 1938 жылғы 1 қаңтарға дейін туған ер адамдар есептелуі керек;
4) осы Заңның 1-бабының 4) тармақшасында аталған адамдарға Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi және соларға теңестiрiлген мына адамдар жатады:
Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау жөніндегі басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет атқарған әскери қызметшілер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын қимыл жасаушылары;
1945 жылы Жапонияға қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан бұрынғы КСР Одағы Қарулы Күштерi бөлімдерi мен құрамаларының әскери қызметшiлерi мен ерiктi жалданушылары;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде қорғанысқа қатысуы майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне белгіленген жеңілдікті жағдайларда зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына есептелетін қалаларда қызмет атқарған әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, әскерлердің және бұрынғы КСР Одағының ішкі істер, мемлекеттік қауіпсіздік органдарының ерікті жалдамалы құрамының Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армияның құрамына енген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде штаттық лауазымдарда болған не осы кезеңдерде қорғанысқа қатысуы майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне белгіленген жеңілдікті жағдайларда зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына есептелетін қалаларда болған адамдар;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына енген әскери бөлімдердің, штабтар мен мекемелердің құрамында полк балалары (тәрбиеленушілері) және юнгалар ретінде болған адамдар;
екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шетелдер аумағында партизан отрядтарының, астыртын қимыл жасаушы топтардың және басқа да антифашистік құралымдардың құрамында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар;
бұрынғы КСР Одағы мемлекеттік органдарының шешіміне сәйкес басқа мемлекеттер аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР Одағы Ішкі істер министрлігінің қатардағы және басшы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда);
ұрыс қимылдарын жүргiзу кезеңiнде оқу жиындарына шақырылып, Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер;
ұрыс қимылдарын жүргізу кезеңiнде Ауғанстанға жүк жеткізу үшін сол елге жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
бұрынғы КСР Одағы аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшқыштар құрамының әскери қызметшiлерi;
Ауғанстандағы кеңес әскери контингентiне қызмет көрсеткен, жарақаттанған, контузия алған немесе зақымданған не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
Кеңес Одағының Батырлары және Даңқ орденiнiң үш дәрежесiмен марапатталған адамдар, Социалистiк Еңбек Ерлері;
бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының арнаулы құралымдарының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерінің жүзу құрамы мен кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң ұшу-көтерiлу құрамының, авиацияның ұшу-көтерiлу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, Теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасы авиациясының ұшу-көтерілу құрамының Ұлы Отан соғысы кезеңiнде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрысқа қатысушы майдандардың тылдағы шекаралары мен флоттың жедел қимылдар шегiндегi аймақтарында майдандағы армия мен флот мүдделері үшін міндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердің порттарында еріксiз ұсталған көлік флоты кемелері экипаждарының мүшелері;
екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер құрған концентрациялық лагерьлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз қамауда ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңiнде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен марапатталған азаматтар, сондай-ақ "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен марапатталған адамдар;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерлiк еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдар;
1979 жылғы 1 желтоқсан - 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер;
бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің құрамына кірмеген жұмысшылары мен қызметшілері;
Чернобыль атом электр станциясындағы апат пен Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың салдарынан зардап шеккен және мүгедек болып қалған азаматтар;
Ұлы отан соғысы кезеңінде майданда, әскери қимылдар аймағында, темір жолдардың майдан маңындағы учаскелерінде, қорғаныс шептері, әскери-теңіз базалары мен аэродромдар құрылыстарында жарақаттану, контузия алу, зақымдану немесе сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған Ұлы Отан соғысының майдандағы армиясының әскери қызметшілері, партизандары мен астыртын қимыл жасаушылары, сондай-ақ тиісті санаттардағы жұмысшылары мен қызметшілері және зейнетақымен қамсыздандыру жөнінен әскери қызметшілерге теңестірілгендер;
бұрынғы КСР Одағы Қарулы Күштерінің 1945 жылы Жапониямен соғыс барысында жарақаттану, контузия алу, зақымдану немесе сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілері мен ерікті жалданушылары;
бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде, басқа кезеңдерде әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде жарақаттану, контузия алу, зақымдану салдарынан немесе майданда болуына байланысты сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілер;
қызмет міндеттерін атқару кезінде жарақаттану, контузия алу, зақымдану салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызмет міндеттерін атқаруына байланысты сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
басқа елдерде іс-қимылдар жасаған әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргізу кезеңінде жарақаттану, контузия алу, зақымдану не сырқаттану салдарынан мүгедек болып қалған жұмысшылар мен тиісті санаттағы қызметшілер қатарындағы адамдар;
5) осы Заңның 1-бабының 5) тармақшасында аталған адамдарға, осы Заң күшіне енгенге дейін белгіленген тәртіппен І және ІІ топтағы мүгедектер теп танылған адамдар жатады.
12-бап. Осы заңның қолданылу аясына:
1) сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жаза Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 63-бабы (Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 40-бабы) қолданыла отыра белгіленіп, сотталғандар;
2) бас бостандығынан айыруға сотталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабына (Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 41-1-бабына) сәйкес сот үкімінің орындалуы кейінге қалдырылған жүкті әйелдер және жас балалары бар әйелдер;
3) егер осы Заң күшіне енгеннен кейін алты айдан кешікпей әскери комиссариаттардың таяу жердегі органдарына, әскери-тергеу органдарына, әскери прокуратура немесе әскери полиция органдарына кінәсін мойындап келген жағдайда, әскери қызметке шақырудан жалтарған әскери міндеттілер және осы Заң күшіне енгенге дейін онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әскери қызметшілер жатады.
13-бап. Осы Заң:
1) сот үкiмi бойынша ерекше қауiптi қылмыскерлер деп танылған, сондай-ақ қауіптi не ерекше қауiптi деп танылған қылмысты қайталап жасаған;
2) өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айырумен ауыстырылып сотталғандар;
3) бұған дейiн рақымшылық немесе кешiрiм жасалып, қайтадан қасақана қылмыс жасаған;
4) жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қысастықпен бұзушылар деп танылған немесе жазасын өтеу кезiнде қасақана қылмыс жасаған;
5) ауыр қылмыс және аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн бұрын екi және одан да көп соттылығы болған;
6) Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнде көзделген мынадай қылмыстар: отанға опасыздық (50-бап); шпиондық (51-бап); террорлық акт (52-бап); шет мемлекеттің өкiлiне қарсы террорлық акт (53-бап); диверсия (54-бап); зиянкестiк (55-бап); соғысты насихаттау (57-бап); ұлттық және нәсiлдiк тең құқықтылықты бұзу (60-баптың үшiншi бөлiгi); жалдамалылық (62-2-баптың екiншi бөлiгi); бандитизм (63-бап); еңбекпен түзеу мекемелерінің жұмысына iрiткi салатын әрекеттер (63-1-бап); қылмыстық топты не қылмыстық қоғамдастықты ұйымдастыру немесе басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысу (63-2-баптың екiншi бөлiгi); контрабанда (64-баптың екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерi); жаппай тәртiпсiздiк (65-бап); жылжымалы темiр жол составын, әуе, теңiз немесе өзен кемелерiн айдап әкету не басып алу (72-1-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); жасанды ақшаны немесе бағалы қағазды қолдан жасау немесе өткiзу (73-баптың екiншi бөлiгi); ұрлық (76-баптың үшіншi бөлiгi); тонау (76-1-баптың үшiншi бөлiгi); шабуыл жасап тонау (76-2-бап); алаяқтық (76-3-баптың үшiншi бөлiгi); бөгде мүлiктi меншiктену немесе жұмсап қою жолымен немесе қызмет бабын терiс пайдаланып қиянат жасау жолымен талан-таражға салу (76-4-баптың үшiншi бөлiгi); қорқытып алу (76-7-баптың үшiншi бөлiгi); бөгде мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру (82-бап); қасақана кiсi өлтiру (88-бап); дененi ауыр дәрежеде қасақана жарақаттау (93-баптың екiншi бөлiгi); басқа адамды көрінеу ЖҚТБ-ны жұқтыру қаупiнде қалдыру және ЖҚТБ ауруын жұқтыру (100-1-баптың екiншi бөлiгi); әйелдi зорлау (101-баптың екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерi); еркек пен еркектiң жыныс қатынасын жасасуы (104-баптың екiншi бөлiгi); адамды кепiлге алу және кепілдікте ұстау (115-1-бап); адам ұрлау (116-бап); пара алу (146-баптың екінші және үшінші бөліктері); ішкі істер органдары қызметкерінің, халық жасақшысының, анықтама жүргізуші адамның, тергеушінің, прокурордың, судьяның немесе халық заседателінің өміріне қастық әрекет (173-1-бап); куәні, жәбірленушіні, экспертті немесе аудармашыны өтірік жауап беруге сатып алу немесе зорлау (187-1-баптың үшінші бөлігі); көрінеу әділетсіз үкім, шешім, ұйғарым немесе қаулы шығару (191-баптың екінші бөлігі); анықтама жүргізуші адамға, тергеушіге, прокурорға, судьяға немесе халық заседательдеріне қатысты қауіп төндіру (191-2-бап); еңбекпен түзеу мекемесі әкімшілігінің талаптарына қасақана бағынбау (199-2-баптың екінші бөлігі); бұзақылық (200-баптың екінші бөлігі); атылатын қару-жарақты, оқ-дәріні немесе жарылғыш заттарды ұрлау (203-баптың екінші және үшінші бөліктері); есірткі заттарды ұрлау (213-1-баптың екінші және үшінші бөліктері); есірткі заттарын қолдануға азғыру (213-2-баптың екінші бөлігі); есірткі заттарды заңсыз жасау, алу, сақтау, тасу, жіберу немесе өткізу (214-баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктері); притон ұстау және жеңгетайлық (215-1-баптың бесінші бөлігі); көлік құралдарын айдап әкету (221-баптың екінші және үшінші бөліктері); бағынбау (225-баптың "в" тармағы); бұйрықты орындамау (226-баптың "в" тармағы); бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызмет міндеттерін бұзуға зорлау (227-баптың "б" және "в" тармақтары); бастықты қорқыту (228-баптың "в" тармағы); бастыққа зорлық әрекеттер жасау (229-баптың "б" тармағы); бір-біріне бағынбайтын әскери қызметшілердің өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерін бұзуы (231-баптың "в" тармағы); бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету (233-баптың "г" тармағы); дезертирлік (234-баптың "б" және "г" тармақтары); ұрыс жағдайында бөлімді өз бетімен тастап кету (235-бап); өзінің дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе басқа тәсілмен әскери қызметтен бұлтару (236-баптың "б" тармағы); әскери мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру (238-баптың "в" тармағы); қаруды, сондай-ақ айналасына аса қауіп төндіретін заттар мен құралдарды қолдана білу ережесін бұзу (238-1-баптың "в" тармағы); ұшу немесе оған дайындалу ережесін бұзу (240-бап); кеме жүргізу ережесін бұзу (241-бап); қарауыл қызметінің жарғылық ережелерін бұзу (242-баптың "е" тармағы); жауынгерлік кезекшілік атқару ережелерін бұзу (244-баптың "в" және "г" тармақтары); соғыс құпиясын жариялау немесе соғыс құпиясы жазылған құжаттарды жоғалту (246-баптың "в" тармағы); билікті теріс пайдалану, асыра пайдалану немесе оның әрекетсіздігі (247-баптың "б" және "в" тармақтары); соғыс жүргізу құралдарын жауға беру немесе тастап кету (248-бап); суға батып бара жатқан соғыс кемесін тастап кету (249-бап); ұрыс алаңын өз еркімен қалдыру немесе қаруды қолданудан бас тарту (250-бап); өз еркімен тұтқынға берілу (251-бап); тонау (253-бап); соғыс жүріп жатқан аудандағы халыққа зорлық жасау (254-бап); сондай-ақ Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 1995 жылғы 12 мамырға дейінгі редакциясындағы: тонау (133-баптың үшінші және төртінші бөліктері); шабуыл жасап тонау (134-бап); қорқыту арқылы талап ету (135-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру (141-баптың екiншi бөлiгi) үшiн сотталған адамдарға;
7) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген мынадай қылмыстар: адам өлтiру (96-бап); денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру (103-бап); азаптау (107-баптың екiншi бөлiгi); ауыстырып салу не өзгедей пайдалану үшiн адамның органдарын немесе тiнiн алуға мәжбүр ету (113-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); адамның иммун тапшылығы вирусын (ВИЧ/ЖҚТБ) жұқтыруы (116-баптың үшiншi бөлiгi); зорлау (120-баптың екінші және үшінші бөліктерi); нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану (121-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); адамды ұрлау (125-бап); бас бостандығынан заңсыз айыру (126-баптың үшiншi бөлiгi); адамдарды пайдалану үшiн азғырып-көндiру (128-баптың үшiншi бөлiгi); кәмелетке толмаған адамды қылмыстық iске тарту (131-баптың төртiншi бөлiгi); кәмелетке толмағандарды саудаға салу (133-бап); басқыншылық соғысты жоспарлау, әзiрлеу, тұтандыру немесе жүргiзу (156-бап); жаппай қырып-жою қаруын өндiру немесе тарату (158-бап); соғыс жүргiзудiң тыйым салынған құралдары мен әдiстерiн қолдану (159-бап); геноцид (160-бап); экоцид (161-бап); жалдамалылық (162-бап); халықаралық қорғау аясындағы адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау (163-бап); әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру (164-баптың үшiншi бөлiгi); мемлекеттiк опасыздық (165-бап); шпионаж (166-бап); мемлекет немесе қоғам қайраткерiнің өмiрiне қастандық жасау (167-бап); өкiметтi күшпен басып алу немесе өкiметтi күшпен ұстап тұру (168-бап); қарулы бүлiк (169-бап); диверсия (171-бап); жұмылдыруға шақырудан жалтару (174-баптың екiншi бөлiгi); ұрлық (175-баптың үшiншi бөлiгi); сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету (176-баптың үшiншi бөлiгi); алаяқтық (177-баптың үшiншi бөлiгi); тонау (178-баптың үшiншi бөлiгi); қарақшылық (179-бап); ерекше құнды заттарды ұрлау (180-бап); қорқытып алушылық (181-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); автомобильдi немесе өзге де көлiк құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (185-баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерi); бөтен адамның мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру (187-баптың үшiншi бөлiгi); жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау немесе сату (206-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); экономикалық контрабанда (209-баптың үшiншi бөлiгi); терроризм (233-бап); адамды кепiлге алу (234-бап); ұйымдасқан қылмыстық топты немесе қылмыстық қауымдастықты (қылмыстық ұйымды) құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысу (235-бап); заңсыз әскерилендiрiлген құраманы ұйымдастыру (236-баптың бiрiншi бөлiгi); бандитизм (237-бап); үйлердi, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алу (238-баптың екіншi және үшіншi бөлiктерi); әуе немесе су көлігін не жылжымалы темiр жол составын айдап әкету, сол сияқты қолға түсiру (239-бап); теңiз қарақшылығы (240-бап); жаппай тәртiпсiздiктер (241-баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерi); атом энергетикасы объектiлерiнде қауiпсiздiк ережелерiн бұзу (244-баптың екiншi бөлiгi); радиоактивтi материалдарды ұрлау немесе қорқытып алу (248-баптың үшінші бөлiгi); айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы (250-баптың үшiншi бөлiгi); қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру (251-баптың үшiншi бөлiгi); қаруды заңсыз жасау (252-баптың үшінші бөлігі); қаруды, оқ дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын ұрлау не қорқытып алу (255-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері); бұзақылық (257-баптың үшінші бөлігі); есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату (259-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері); есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды ұрлау не қорқытып алу (260-баптың екінші және үшінші бөліктері); есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтынуға көндіру (261-баптың екінші және үшінші бөліктері); құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру (262-баптың екінші бөлігі); улы заттардың, сондай-ақ есірткі заттарды, жүйкеге әсер ететін немесе улы заттарды дайындауға немесе ұқсатуға пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы (263-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері); есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтыну үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (264-баптың екінші бөлігі); көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыздыққа келтіру (299-баптың үшінші бөлігі); қызмет өкілеттігін теріс пайдалану (307-баптың үшінші бөлігі); билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану (308-баптың үшінші бөлігі); пара алу (311-баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктері); өкімет өкіліне қатысты күш қолдану (321-баптың екінші бөлігі); сот төрелігін немесе алдын ала тергеуді жүзеге асырушы адамдардың өміріне қол сұғу (340-бап); сот төрелігін жүзеге асыруға немесе алдын ала тергеу жүргізуге байланысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері (341-баптың төртінші бөлігі); көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту (344-баптың екінші бөлігі); көрінеу заңсыз ұстау, қамауға алу немесе қамауда ұстау (346-баптың үшінші бөлігі); жауап беруге мәжбүр ету (347-баптың екінші бөлігі); көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзгедей сот актісін шығару (350-баптың екінші бөлігі); көрінеу жалған сөз жеткізу (351-баптың үшінші бөлігі); жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу не мәжбүр ету (354-баптың төртінші бөлігі); бас бостандығынан айыру орнынан, тұтқындаудан немесе қамаудан қашу (358-баптың екінші бөлігі); қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің талаптарына қасақана бағынбау (360-бап); қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемелердің қалыпты қызметінің тәртібін бұзу (361-бап); бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау (367-баптың үшінші және бесінші бөліктері); бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтік мiндеттерiн бұзуға мәжбүр ету (368-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); бастыққа қатысты күш қолдану iс-әрекеттерi (369-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); бiр-бiрiнiң арасында бағыныштылық қатынастары болмаған кезде әскери қызметшілердің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерiн бұзу (370-баптың үшiншi бөлiгi); бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету (372-баптың бесіншi және алтыншы бөлiктерi); қашқындық (373-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); дене мүшесiне зақым келтiру жолымен немесе өзге тәсiлмен әскери қызметтен жалтару (374-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); жауынгерлiк кезекшiлiктi атқарудың ережелерiн бұзу (375-баптың екiншi және үшiншi бөлiктерi); қарауыл (вахта) қызметiн атқарудың жарғылық ережелерiн бұзу (377-баптың екiншi бөлiгi); билiктi терiс пайдалану, билiктiң асыра қолданылуы немесе әрекетсiздiгi (380-баптың екінші және үшінші бөліктері) құрып бара жатқан әскери кемені тастап кету (382-баптың екiншi бөлiгi); жауға соғыс жүргiзу құралдарын беру немесе тастап кету (383-бап); тұтқынға өз еркiмен берiлу (384-бап); тонаушылық (385-бап); әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi жария ету немесе әскери сипаттағы құпия мәлiметтерi бар құжаттарды жоғалту (386-баптың үшiншi бөлiгi); ұшу немесе оған даярлану ережелерiн бұзу (392-бап) кеме жүргiзу ережелерiн бұзу (393-бап) үшiн сотталған және қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдарға қолданылмайды.
Осы баптың 6) және 7) тармақшалары осы Заңның 6-бабында аталған адамдарға қолданылмайды.
14-бап. Осы Заңның 11-бабының 2), 4) және 5) тармақшаларында аталған адамдарға қатысты рақымшылық жасауды қолдануға осы адамдардың жеңiлдiктерге құқығы бар екендiгiн растайтын құжаттар негiз болып табылады.
15-бап . Осы Заңның 3-5, 9-баптарында көзделген жаза мерзiмiнiң бөлiгiн өтеу осы Заң күшiне енетін күнге есептелетiн болып белгiленсiн.
16-бап. Қылмыстар жиынтығы болған жағдайда, егер қылмыстардың біреуі осы Заңның қолданылу аясына жатпаса, рақымшылық жасалмайды.
17-бап. Егер осы заң күшіне енетін күнге қосымша жаза орындалмаған болса, рақымшылық жасау қолданылатын адамдар негізгі жазадан да, қосымша жазадан да босатылады.
18-бап. Осы Заңның 9-бабына сәйкес, осы Заң күшiне енетiн күнге жазаның өтелмеген бөлiгi қысқартуға жатады.
19-бап. Соттылығы заңмен белгiленген тәртiппен алынып тасталған немесе өтелген, сондай-ақ жауаптылығы заңмен жойылған қылмыстар үшін сотталған адамдарға рақымшылық жасалады.
20-бап. Осы Заңның 13-бабы 3) тармақшасының күші бұрын кешірім жасау тәртібімен не рақымшылық жасау негізінде жазадан мерзімінен бұрын босатылған адамдарға соттылықтың алып тасталуына немесе өтелуіне қарамастан қолданылады.
21-бап. Осы Заңның күші ол күшіне енгенге дейін қылмыс жасаған, Қазақ КСР-і аумағында жасаған қылмыстары үшін Қазақстан Республикасының (Қазақ КСР-інің) соттары, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағының әскери трибуналдары соттаған адамдарға қолданылмайды.
22-бап. Осы Заңды орындау:
1) сотталып, бас бостандығынан айыру орындарында отырғандарға қатысты - жазаны орындаушы органдар мен мекемелерге;
2) қылмыстары туралы істері мен материалдары анықтау мен алдын ала тергеу органдарының іс жүргізуінде жатқан адамдарға қатысты - осы органдарға;
3) мыналарға:
қылмыстары туралы істері мен материалдары соттардың іс жүргізуінде жатқан және осы Заң күшіне енгенге дейін қаралмаған, сондай-ақ қылмыстары туралы істері қаралған, бірақ үкімдері заңды күшіне енбеген адамдарға;
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 63-бабына (Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 40-бабына) сәйкес шартты түрде сотталғандарға қатысты және үкімдерінің орындалуы Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 72-бабына (Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 41-1-бабында) көзделген тәртіппен кейінге қалдырылған адамдарға (рақымшылық жасауды үкім шығарған сот қолданады) қатысты;
негізгі жаза түрінде айыппұл тағайындалған, осы Заң күшіне енгенге дейін айыппұл өндіріп алынбаған (рақымшылық жасауды үкім шығарған сот қолданады) адамдарға;
жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға және осы Заң күшіне енгенге дейін жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңілірек жазамен ауыстырылған (рақымшылық жасауды сол адам есепте тұратын аумақтағы сот қолданады) адамдарға қатысты - соттарға;
4) мына адамдарға:
бас бостандығынан айыруға сотталған, оларға қатысты үкімдер заңды күшіне енген, бірақ қамауға алынбаған сотталғандарға;
қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту түріндегі жазаны өтеп жүрген, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылған адамдарға қатысты - ішкі істер органдарына;
5) тәртiптiк әскери бөлiмдерде ұстауға сотталған әскери қызметшiлерге қатысты тәртiптiк әскери бөлiмдер командирлерiне жүктелсiн.
23-бап. Осы Заңды қолдану уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) прокурор санкция берген қаулысы негiзiнде, сондай-ақ сот қаулысының негізінде жүргізіледі.
Соттар осы Заңды қолданған кезде прокурордың қатысуы мiндеттi.
Түзеу мекемесi бастығының немесе тәртiптiк әскери бөлiм мен гауптвахта командирінің қаулысына:
1) көтермелеулер мен жазалаулар туралы анықтама;
2) сотталған адамның жеке iсi;
3) рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселені шешуге қажетті басқа да құжаттар қоса тiркеледi.
Жазаны өтеу уәкілетті органның (лауазымды адамның) қаулысына прокурор санкция берген не соттың рақымшылық жасау актісін қолдану туралы қаулысы заңды күшіне енген күнінен бастап тоқтатылады.
24-бап. Егер айыпталушы немесе сотталушы рақымшылық жасауға қарсы болса, ол қолданылмайды.
25-бап. 22-бапта аталған органдар осы Заңның орындалуын ол қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде қамтамасыз етсін.
Рақымшылықты қолдану туралы мәселе осы Заң күшіне енген күннен бастап алты ай мерзім өткеннен кейін туындаған жағдайда, ол осы Заңның 22 және 26-баптарында көзделген тәртіппен орындалады.
26-бап. Қазақстан Республикасының соттары соттаған, бірақ жазасын оның шегiнен тыс жерлерде өтеп жүрген адамдарға рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселенi Қазақстан Республикасының соттары Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттар негiзiнде, аумағында сот үкiмiн орындау жүзеге асырылып жатқан мемлекеттiң құзыретті органының ұсынуы бойынша шешедi.
27-бап. Қазақстан Республикасының Yкiметi, облыстар, Алматы және Астана қалаларының әкiмдерi:
1) рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылған және туған-туыстары мен жақын-жуықтары жоқ мүгедектер мен қарт адамдарды арнаулы интернат-үйлерге орналастыру;
2) босатылған кәмелетке толмағандарды ата-аналарының, қорғаншы және қамқоршы органдардың қадағалауына беруге не қажет болған жағдайда оларды балалар үйлерiне, мектеп-интернаттарға немесе өзге де оқу орындарына жiберу;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған туберкулезбен ауыратындардың емделуін жалғастыруына бақылау жасауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдансын.
28-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті