Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Аймақтық терроризмге қарсы құрылым туралы келісімді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 3 маусымдағы N 422-II Заңы

      Санкт-Петербургте 2002 жылғы 7 маусымда жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Аймақтық терроризмге қарсы құрылым туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер
арасындағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы
КЕЛІСІМ

      Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы 2001 жылғы 15 маусымдағы Шанхай конвенциясының Тараптары болып табылатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер (бұдан әрі Тараптар),
      халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті және көршілік тату және достық қарым-қатынастарды, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты қолдауға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптерін басшылыққа ала отырып,
      терроризм, сепаратизм және экстремизмнің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастардың дамуына, сондай-ақ адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруына қауіп төндіретіндігін жете түсініп,
      Тараптардың аумақтық, тұтастығын, қауіпсіздігін және тұрақтылығын, оның ішінде терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресті ынтымақтастықты күшейту жолымен қамтамасыз ету мүдделерінде өзара келісілген іс-әрекеттер қажеттілігіне көз жеткізе отырып,
      2001 жылғы 15 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру туралы декларацияға, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына (бұдан әрі Конвенция) және 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясына сүйене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төмендегі ұғымдар мынаны білдіреді:
      лауазымды адам АТҚҚ-ның Атқарушы комитетіне жұмыс істеу үшін Тарап жіберген және тиісті штаттық лауазымға Директор тағайындаған адам;
      өкіл жіберуші Тарап осы тұрғыда АТҚҚ-ның Кеңесінде іс-әрекет ету міндетін жүктеген адам;
      қызметкер өкілдің қызметімен байланысты функцияларды орындау үшін Тарап жіберген адам;
      үй-жайлар нысанына және оларға меншік құқығы тиесілігіне қарамастан осы ғимаратқа немесе ғимарат бөлігіне қызмет көрсететін жер учаскесін қоса алғандағы ғимараттар немесе ғимарат бөліктері;
      болатын мемлекеті аумағында АТҚҚ-ның Штаб-пәтері немесе бөлімшесі орналасқан Тарап.

2-бап

      Тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымының (бұдан әрі ШЫҰ) Аймақтық терроризмге қарсы құрылымын (бұдан әрі АТҚК) құрады. АТҚҚ-ның Штаб-пәтері Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында орналасатын болады.
      Қажет болған жағдайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Кеңесі Тараптардың аумақтарында АТҚҚ-ның бөлімшелерін құра алады.
      АТҚҚ бөлімшесінің және онда жұмыс істейтін адамдардың мәртебесі ШЫҰ мен олар болатын мемлекет үкіметінің арасында жасалған келісіммен белгіленеді.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.04.08 N 25-IV Заңымен.

3-бап

      АТҚҚ ШЫҰ-ның ұдайы іс әрекет жасайтын органы болып табылады және Конвенцияда белгіленуіне сәйкес Тараптардың терроризмге, сепаратизм және экстремизмге қарсы Күрес жүргізуде құзыретті органдарын үйлестіруге және олардың өзара іс әрекетіне көмек көрсетуге арналған.

4-бап

      АТҚҚ-да заңды тұлғаның мәртебесі бар және ол осы ретте, атап айтқанда:
      шарттар жасасуға;
      жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алуға және оларды иемденуге;
      кез келген валютада банк есеп-шоттарын ашуға және жүргізуге;
      соттарда талаптар қозғауға және сот қарауларына қатысуға құқылы.
      Осы бапта қарастырылған құқықтарды АТҚҚ-ның атынан АТҚҚ Атқарушы комитетінің Директоры (бұдан әрі Директор) жүзеге асырады.

5-бап

      АТҚҚ-ның қызметін қаржыландыру ШЫҰ-ның бюджетіндегі қаражат есебінен жүзеге асырылады. АТҚҚ-ны қаржыландыру тәртібі ШЫҰ бюджетінің мәселелерін реттейтін құжаттармен белгіленеді.

6-бап

      АТҚҚ-ның негізгі міндеттері мен функциялары:
      1) ШЫҰ-ның тиісті құрылымдары үшін, сондай-ақ Тараптардың сұраулары бойынша терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жүргізудегі ынтымақтастықты дамыту туралы ұсыныстар мен нұсқамалар әзірлеу;
      2) терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресте Тараптардың біреуінің сұрауы бойынша, оның ішінде Конвенция ережелеріне сәйкес Тараптардың құзыретті органдарына көмек көрсету;
      3) терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес мәселелері бойынша АТҚҚ-ға Тараптардан келіп түскен ақпараттарды жинау және талдау;
      4) АТҚҚ-ның деректер банкін құру, атап айтқанда:
      халықаралық террористік, сепаратистік және өзге де экстремистік ұйымдар, олардың құрылымдары, серкелері мен қатысушылары, басқа да оларға қатысы бар адамдар, сондай-ақ оларды қаржыландыру көздері мен арналары.
      Тараптардың мүдделерін қозғайтын терроризм, сепаратизм мен экстремизмнің ахуалы, таралу динамикасы және үрдісі; терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қолдау көрсететін мемлекеттік емес ұйымдар мен адамдар туралы;
      5) Тараптардың құзыретті органдарының сұрау салулары бойынша ақпарат беру;
      6) мүдделі Тараптардың өтініші бойынша антитеррористік командалық-штабтық және жедел-тактикалық жаттығулар дайындауға және өткізуге көмек көрсету;
      7) Тараптардың өтініші бойынша жедел-іздестіру және терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі өзге де іс-шараларын дайындауға және өткізуге көмек көрсету;
      8) Конвенцияның 1-бабындағы 1-тармақта көрсетілген әрекеттерді жасаған деп болжанатын адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында халықаралық іздестіруді жүзеге асыруға көмек көрсету;
      9) терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес мәселелеріне қатысты халықаралық-құқықтық құжаттарды әзірлеуге қатысу;
      10) антитеррористік бөлімшелер үшін мамандар мен нұсқаушылар даярлауға көмек көрсету;
      11) ғылыми-практикалық конференцияларды, семинарларды дайындауға және өткізуге қатысу, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес мәселелері жөнінде тәжірибе алмасуға көмек көрсету;
      12) терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдармен жұмыс байланысын орнату және нығайту.

7-бап

      АТҚҚ өз қызметінде терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күреске қатысты ШЫҰ-ның шеңберінде қабылданған құжаттар мен шешімдерді басшылыққа алады.
      АТҚҚ Тараптардың құзыретті органдарымен ақпарат алмасумен қатар өзара іс-әрекет етеді және ШЫҰ-ның басқа да органдарына сұрау салулары бойынша тиісті материалдарды әзірлейді.
      АТҚҚ деректер банкін құру мен қолдану тәртібі, сондай-ақ тиісті ақпараттарды беруге, алмасуға, қолдануға және қорғауға қатысты мәселелер жекелеген келісімдермен реттеледі.

8-бап

      Тараптар АТҚҚ-мен өзара іс-әрекеттерді жүзеге асыратын өзінің құзыретті органдарының тізбесін белгілейді.
      Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекет ішіндегі рәсімдерді орындағаннан кейін 30 күн ішінде ол туралы депозитарийге жазбаша түрде хабарлайды.
      Бір Тараптың құзыретті органдарының тізбесінде өзгерістер болған жағдайда ол бұл жөнінде депозитарийге жазбаша түрде хабарлайды.

9-бап

      Осы Келісіммен бекітілген АТҚҚ-ның Кеңесі (бұдан әрі Кеңес) және Атқарушы комитеті АТҚҚ-ның органдары болып табылады. Кеңес қажетті көмекші органдар құра алады.

10-бап

      Кеңес осы Келісімнің Тараптарынан құрылады. Кеңес үзіліссіз жұмыс жасайтындай болып ұйымдастырылады.
      Осы мақсатта әрбір Тарап АТҚҚ болатын жерде әрқашан (ұдайы) Кеңес арқылы танылуы тиіс.
      Кеңес отырыстарға мерзімді жиналады, онда әрбір Тарапты өз қалауларына қарай тиісті құзыретті органның жетекшісі немесе қандай да бір арнайы тағайындалған өкіл таныстырады.
      Кеңес осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген АТҚҚ-ның негізгі міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
      Кеңес осы Келісімде жазылған АТҚҚ-ның өкілеттіктеріне сәйкес қаржы мәселелерін қоса алғандағы барлық міндетті сипаттағы мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
      Кеңес жыл сайын ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер кеңесіне АТҚҚ-ның қызметі туралы баяндамалар ұсынады.
      Егер бірде бір Тарап қарсылық білдірмесе, Кеңесте кез келген мәселелер бойынша шешім қабылданады.
      Кеңес өзінің төрағасын сайлау тәртібіне қоса рәсімнің өз ережелерін белгілейді.

11-бап

      Атқарушы комитет Директордан және АТҚҚ-ны қалыпты құруды қамтамасыз ету үшін қажет болуы мүмкін қызметкерлерден тұрады.
      Директор Атқарушы комитеттің жоғары әкімшілік лауазымды адамы болып табылады және осындай тұлға ретінде Кеңестің барлық отырыстарында іс әрекет етеді, сондай-ақ осы орган оған жүктеген басқа да функцияларын орындайды.
      Директорды Кеңестің ұсынымы бойынша ШЫҰ мүше мемлекеттер басшыларының Кеңесі тағайындайды. Директордың орынбасарларын Кеңес аталған лауазымдар бекітіліп берілген Тараптардың ұсынысы бойынша лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
      Директор АТҚҚ құзыретінің шеңберінде, оның ойы бойынша, осы органның қарауы тиіс кез келген мәселелерді Кеңестің назарына ұсынуға құқылы.
      Директор Кеңестің келісімі бойынша тиісті Тараптардың ШЫҰ бюджетіне аударатын үлестік жарналарын ескере отырып, Тараптар азаматтарының арасынан Атқарушы комитеттің лауазымды адамдарын тағайындайды және/немесе оларды Тараптар азаматтарының арасынан келісім-шарт арқылы қабылдайды.
      Атқарушы комитеттің құрылымын, сондай-ақ оның штаттық кестесін Директордың Кеңес қолдаған ұсыныстары негізінде ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер Үкіметтері басшыларының Кеңесі бекітеді.
      Атқарушы комитеттің Директоры, оның орынбасары (орынбасарлары) және лауазымды адамдары өз міндеттерін орындау кезінде билік органдарына немесе Тараптардың ресми адамдарына, сондай-ақ ШЫҰ үшін бөгде ұйымдарға немесе жеке адамдарға сұрау салмауы немесе олардан нұсқаулар алмауы тиіс.
      Тараптар Атқарушы комитеттің Директоры, оның орынбасары (орынбасарлары) және лауазымды адамдары міндеттерінің халықаралық сипатын құрметтеуге және олар қызметтік міндеттерін орындаған кезде бөгет жасамауға міндеттенеді.
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.21 N 91-IV Заңымен.

12-бап

      АТҚҚ-ның Атқарушы комитеті Тараптардың өз ұлттық заңнамасында қарастырылған тәртіпке сәйкес АТҚҚ-ның Атқарушы комитетінде жұмыс істеу үшін жіберген адамдарымен толықтырылады.
      АТҚҚ-ның Атқарушы комитеті мен әкімшілік-техникалық қызметкерлері арасындағы еңбек қарым-қатынастары АТҚҚ болатын тиісті мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.

13-бап

      АТҚҚ-ның мүліктері мен активтері кез келген әкімшілік немесе соттық нысанда араласудан иммунитет арқылы қорғалады.
      АТҚҚ-ның үй-жайлары мен көлік құралдары, сондай-ақ оның мұрағаттары мен құжаттары, оның ішінде қызметтік хат-хабарлары олар орналасқан жерге қарамастан тінтуге, реквизициялауға және тәркілеуге немесе оның қалыпты қызметіне кедергі болатын кез келген араласуға жатпайды.
      Тиісті билік органдарының және олар болатын мемлекет басқармасының өкілдері АТҚҚ-ның үй-жайларына кіре алмайды, тек Директордың немесе оның орнындағы адамның келісімі болған жағдайда және олар құптаған жағдайларда ғана кіре алады.
      Орналасқан мемлекеттің тиісті билік және басқару органдарының шешімі бойынша кез келген іс-әрекеттер Директордың немесе оның орнындағы адамның келісімімен ғана АТҚҚ-ның үй-жайларында орындалуы мүмкін.
      Орналасқан мемлекет АТҚҚ-ның үй-жайларын кез келген баса көктеп кіруден немесе қирап-бүлінуден қорғау үшін тиісті шаралар қабылдайды.
      АТҚҚ-ның үй-жайлары кез келген Тараптың заңдары бойынша қудаланған немесе кез келген Тарапқа немесе үшінші бір мемлекетке беруге жататын адамдар үшін баспана болмайды.
      АТҚҚ үй-жайларының қол сұғылмаушылығы оларды ШЫҰ-ның функциялары мен міндеттеріне сәйкес келмейтін мақсаттарда пайдалануға құқық бермейді.
      АТҚҚ ақпарат берудің құпиялылығын қамтамасыз ететін шифрларды байланыстың курьерлік және басқа да түрлерін қолдануға құқылы. АТҚҚ дипломатиялық курьерлер мен вализдер сияқты иммунитеттер және жеңілдіктер пайдаланатын курьерлер немесе вализдер арқылы хат-хабар алмасуға құқылы.
      Қызметтік хат-хабарларда олардың ерекшелігін көрсететін сыртқы белгілері болуы керек және ресми түрде пайдалануға арналған қызметтік құжаттар мен заттар ғана болуы мүмкін.
      Курьер оның мәртебесі және қызметтік хат-хабарларды құрайтын орындар саны көрсетілген ресми құжаттармен жабдықталуы тиіс.

14-бап

      АТҚҚ нақты қызмет көрсету түрлеріне төлем жасау болып табылатындардан басқа орналасқан мемлекет аумағында салынатын барлық тура салықтардан, алымдардан, баждар мен басқа да төлемдерден босатылады.
      АТҚҚ-ның ресми қолдануына арналған мүліктер мен заттар Тараптар аумағында тасымалдауға, сақтауға арналған алымдардан, ол жерлерге белгіленбеген кедендік ресімдеулерден немесе тиісті кеден органының және сол сияқты қызмет түрінің жұмыстан тыс уақытында болуын қоспағанда осындай алымдармен және төлемдермен байланысты кедендік баждан, салықтардан халықаралық ұйымдар үшін қарастырылған тәртіппен босатылады.

15-бап

      ШЫҰ мемлекеттері басшыларының Кеңесі ШЫҰ-ның атынан АТҚҚ-ға берілген жеңілдіктер мен иммунитеттерден ашық түрде бас тарта алады.

16-бап

      1. Директор, оның орынбасары (орынбасарлары), өкілдер, қызметкерлер, сондай-ақ олардың бірге тұратын отбасы мүшелері, егер осы Келісіммен өзгедей белгіленбеген болса, Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы Вена конвенциясында көзделген жеңілдіктер мен иммунитеттерді, пайдаланады.
      2. Лауазымды адамдар мен олардың бірге тұратын отбасы мүшелері өз мәртебесі бойынша дипломатиялық персоналға және азаматтары болып табылатын немесе сол жерде тұрақты тұратын Тараптар елшіліктері дипломатиялық персоналының отбасы мүшелеріне теңестіріледі.
      3. Директор Кеңестің келісімімен егер оның ойынша, лауазымды адамның иммунитеті сот әділдігін жүзеге асыруға кедергі келтіретіндей және иммунитеттен бас тарту оған пайдалануға берілген мақсатқа нұқсан келтірмейтін болған жағдайда, лауазымды адамның иммунитетінен бас тарта алады.
      Директордың, оның орынбасарының (орынбасарларының) иммунитетінен бас тарту туралы шешімді Кеңес қабылдайды. Иммунитеттен бас тарту айқын белгіленуі тиіс.
      4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтары ШЫҰ-ның және оның органдарының жеңілдіктері мен иммунитеттері туралы мәселелерді реттейтін жеке шарт күшіне енген күнге дейін қолданыста болады, онда АТҚҚ-ның, Директордың, оның орынбасарының (орынбасарларының), лауазымды адамдардың, өкілдердің, қызметкерлердің, сондай-ақ олардың бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеңілдіктері мен иммунитеттері де белгіленеді.

17-бап

      Директор, оның орынбасары (орынбасарлары) мен лауазымды адамдары АТҚҚ-дағы жұмыс аяқталғаннан кейін оларды жіберген Тараптардың өкімімен басқа жұмысқа ауыстырылады.

18-бап

      Осы Келісімге сәйкес жеңілдіктер мен иммунитеттерді пайдаланатын барлық адамдар өз жеңілдіктеріне және иммунитеттеріне залал келтірместен болатын мемлекетінің заңнамасын құрметтеуге міндетті. Олар сонымен қатар осы мемлекеттік ішкі істеріне араласпауға міндетті.

19-бап

      Тараптар АТҚҚ-ның ресми құжаттарын, мөрлері мен мөртаңбаларын таниды.

20-бап

      Директордың, оның орынбасарының (орынбасарларының), лауазымды адамның, өкілдің, қызметкердің, сондай-ақ олардың бірге тұратын отбасы мүшелерінің еңбек сіңірген жылдарын ескеру, зейнетақымен қамтамасыз ету жіберуші Тараптың заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттармен жүзеге асырылады.
      Директорға, оның орынбасарына (орынбасарларына), лауазымды адамға, өкілге, қызметкерге, сондай-ақ олардың бірге тұратын отбасы мүшелеріне медициналық және санаторлық-спорттық қызмет көрсету тәртібі ШЫҰ мен болатын мемлекет Үкіметінің арасындағы келісім арқылы белгіленеді.
      Директор, оның орынбасары (орынбасарлары), лауазымды адам, өкіл, қызметкер, сондай-ақ олардың бірге тұратын отбасы мүшелері Тараптар аумағында коммуналдық-тұрмыстық, медициналық, қонақ үй, көлік және басқа да қызмет көрсетулерге ақы төлеу мәселелері бойынша болатын мемлекеттің азаматтарына тиесілі құқықтарды пайдаланады.

21-бап

      Орыс және қытай тілдері ӨТҚҚ-ның ресми және жұмыс тілдері болып табылады.
       Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.11.21 N 91-IV Заңымен.

22-бап

      Осы Келісімнің мәтініне барлық Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

23-бап

      Осы Келісім Тараптардың құқықтарын шектемейді, Тараптар осы Келісімнің құралы болып табылатын мәселелер бойынша және оның мақсаттары мен объектілеріне қайшы келмейтін, сондай-ақ Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайтын, олар өздері қатысушылар болып табылатын өзге де халықаралық келісімдерден туындайтын басқа да халықаралық шарттар жасасады.

24-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасындағы кеңесулер мен келіссөздер арқылы шешіледі.

25-бап

      Осы Келісімнің депозитарийі Қытай Халық Республикасы болып табылады. Осы Келісімнің ресми көшірмелерін оған қол қойылған күннен бастап 15 күн ішінде депозитарий басқа Тараптарға жібереді.

26-бап

      Осы Келісім бекітуге жатады және төртінші бекіту грамотасын сақтауға тапсырған күннен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
      Осы Келісім Конвенцияға қатысушылар болып табылатын мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
      Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
      Кез келген Тарап осы Келісімнен шығады ол туралы болжамалы шығатын күніне дейін 12 ай қалғанда депозитарийге жазбаша хабарлама жібергеннен кейін соң шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарламаны алғаннан кейінгі 30 күн ішінде бұл ниеті туралы басқа Тараптарға хабарлайды.

      2002 жылғы 7 маусымда Санкт-Петербург қаласында орыс және қытай тілдеріндегі түпнұсқалы бір данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы үшін
      Қытай Халық Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін
      Ресей Федерациясы үшін
      Тәжікстан Республикасы Үшін
      Өзбекстан Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады