Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер экономикасының, әскери және қайырымдылық тасымалдауларының мұқтаждары үшін көлік коммуникациялары желілерін пайдалану және дамыту туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 10 желтоқсандағы N 507 Заңы

      Минскіде 2001 жылғы 31 мамырда жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер экономикасының, әскери және қайырымдылық тасымалдауларының мұқтаждары үшін көлік коммуникациялары желілерін пайдалану және дамыту туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
экономикасының, әскери және гуманитарлық тасымалдауларының
мұқтаждары үшін көлік коммуникациялары желілерін пайдалану
және дамыту туралы
Келісім

      Бұдан әрі тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері.
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер экономикасының, әскери және гуманитарлық тасымалдауларының мұқтаждары үшін көлік коммуникациялары желілерін пайдалану және дамыту жөніндегі келісілген іс-қимылдардың объективті қажеттілігін сезіне отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар мемлекеттері көлік коммуникацияларының желісі деп қызмет етуі олардың ұлттық заңдарының негізінде жүзеге асырылатын, Тараптар мемлекеттері аумақтарындағы көліктің әр түрінің өзара байланысты қатынас жолдарының жиынтығы түсініледі.
      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменгі көрсетілген терминдердің мынадай мағынасы бар:
      әскери тасымалдаулар  - әскерлердің, командалардың, жеке әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери жүктердің көліктің әр түрін пайдалана отырып бір ауданнан (пункттен) басқасына ауысуы. Ауқымы бойынша тасымалдаулар - стратегиялық, жедел және тактикалық; мазмұны, мақсаты және белгіленуі бойынша - адам тасымалдайтын, жұмылдыру, жедел, жабдықтаушы және эвакуациялық; көлік түрлері бойынша - темір жол, су (теңіз және өзен), әуе, автомобиль және аралас болуы мүмкін;
      гуманитарлық тасымалдаулар  - төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен мемлекетке, адамдардың өмірін қорғауға және денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілген залалдың және материалдық шығындардың көлемін төмендетуге, төтенше жағдай аймағын шектеуге және оған тән қауіпті факторлардың әсерін тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізуде көмек көрсету шеңберінде, сондай-ақ гуманитарлық көмекті жеткізу жөніндегі операцияларды жүргізуге және эвакуациялық іс-шараларды жүзеге асыру шеңберінде жүктерді және адамдарды тасымалдау;
      төтенше жағдайлар  - Тараптар мемлекеттерінің белгілі бір аумағында адам шығындарында, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залал келтіруіне, елеулі материалдық шығындарға және адамдардың тіршілік әрекеті жағдайларының бұзылуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін авария, қауіпті табиғи құбылыс, апат, табиғи апат немесе өзге де апат нәтижесінде қалыптасқан жағдай;
      қатынас жолдарын техникалық бүркемелеу  - бейбіт және соғыс уақытында қатынас жолдарының қираудан кейін тез жұмыс істеуін және қалпына келуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін арнайы іс-шаралар кешені. Техникалық бүркемелеуге темір жол мен автомобиль жолдарының тораптары, көпірден өту жолдары, тоннельдер, теңіз және өзен порттары, ішкі су жолдарындағы гидротехникалық құрылыстар, көлік авиациясын орналастыру әуеайлақтары, далалық магистральдық және стационарлық құбырлар, ал қажет болса - басқа да көлік объектілері жатады.

2-бап

      Тараптар мемлекеттері экономикасының, әскери және гуманитарлық тасымалдауларының мұқтаждары үшін, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында Тараптар мемлекеттері көлік коммуникацияларының желісі пайдаланылады, қарулы қақтығыстар, төтенше жағдайлар және табиғи апаттар туындаған кезде олардың кейбіреуі басым болып табылады.
      Тараптар мемлекеттері экономикасының, әскери және гуманитарлық тасымалдауларының мұқтаждары үшін, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатындағы, Тараптардың тиісті органдары әзірлеген басым көлік коммуникацияларының тізілімін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының Кеңесі бекітеді.

3-бап

      Тараптар экономикасының, әскери және гуманитарлық тасымалдауларының мұқтаждарына тасымалдауларды қамтамасыз ету үшін Біріккен уақытша көлік комиссиясы арқылы қолда бар көлік коммуникацияларын пайдалануда және дамытуда күштері үйлестіреді, оның құрамына өз қызметін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің ұсынуы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесі бекітетін осы комиссия туралы Ереже негізінде жүзеге асыратын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің әскери ынтымақтастығын үйлестіру жөніндегі штабының, Достастыққа қатысушы мемлекеттер Жол қызметкерлерінің үкіметаралық кеңесінің, Авиация және әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі кеңесінің, Темір жол көлігі жөніндегі кеңесінің өкілдері кіреді.

4-бап

      Тараптар көлік коммуникациялары желілерінің оларға қойылатын әскери-техникалық талаптарға сәйкес ұсталуын, жөнделуін, дамыту мен техникалық бүркемеленуін мемлекеттік қаржыландыру қоса алғанда, оларды өз мемлекеттерінің аумағында жұмыс жағдайында ұстауды қамтамасыз етеді.

5-бап

      Осы Келісім Тараптар қатысушысы болып табылатын, бұдан бұрын қол қойылған, соның ішінде Тараптар арасында жасалған басқа да халықаралық шарттар мен келісімдерден туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді және осы келісімді орындауға шарттары қайшы келмейтін басқа да халықаралық шарттарды жасасуға кедергі болмайды.

6-бап

      Осы Келісім оның күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған сәттен бастап күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдері кешірек орындаған Тарап үшін Келісім тиісті құжаттарды депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 6-бабына көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Келісімді қолдауға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

9-бап

      Осы Келісім 10 жыл мерзімге жасалды және егер Тараптар өзге шешім қабылдамасы, келесі бес жылдың мерзімге автоматты түрде ұзартылады.
      Әрбір Тарап болжанған шығу күніне дейінгі алты айдан кешіктірмей депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.

10-бап

      Осы Келісім осындай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге тапсыру жолымен, барлық Тараптардың келісуі бойынша, оның мақсаттары мен міндеттерін қуаттайтын басқа мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық.
      Осы Келісім депозитарийдің Тараптардың осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламасын алған күнінен бастап қосылған мемлекет үшін күшіне енеді.
      2001 жылғы 31 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа дана жасалды. Түпнұсқалық дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған мемлекеттің әрқайсысына оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Әзірбайжан Республикасының          Молдова Республикасының
    Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Армения Республикасының             Ресей Федерациясының
    Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының            Тәжікстан Республикасының
    Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Грузия Республикасының              Түрікменстан Республикасының
    Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының           Өзбекстан Республикасының
    Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының              Украина Республикасының
    Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады