Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметінің арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 2 желтоқсандағы N 4 Заңы

      Астанада 2004 жылғы 19 қаңтарда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметінің арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен
Беларусь Республикасы Yкiметiнiң арасындағы
Халықаралық автомобиль қатынасы туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi,
      Тараптар мемлекеттерi арасында халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттiгiн басшылыққа алып,
      екi мемлекет арасындағы автомобиль қатынасы мен олардың аумақтары бойынша транзиттi жүзеге асыруды жеңiлдетуге ынталана отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаты Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы халықаралық жолаушылар мен жүк тасымалдарын, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзиттiк тасымалды және Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнде тiркелген автокөлiк құралдарымен орындалатын үшiншi мемлекетке немесе үшiншi мемлекеттен тасымалдауды реттеу болып табылады.
      Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

2-бап

      Осы Келiсiмде пайдаланылатын ұғымдардың мынадай мәндерi бар:
      1. "Тасымалдаушы" - Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген және Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес автокөлiк тасымалдарын сыйақы немесе өз есебiнен орындауға рұқсат етiлген кез келген жеке немесе заңды тұлға.
      2. "Автокөлiк құралы":
      1) жолаушыларды тасымалдау кезiнде - жолаушыларды тасымалдауға арналған және техникалық талаптарға сәйкес жүргiзушiнiң орнын қоса алғанда, тоғыздан астам отыратын орны бар автобус немесе кез келген механикалық жетектi жол автокөлiк құралы;
      2) жүк тасымалдау кезiнде - жүк тасымалдауға арналған кез келген механикалық жетектi автокөлiк құралы немесе тiркемелер мен жартылай тiркемелердi қоса алғанда, техникалық талаптарға сәйкес қайта жабдықталған автокөлiк құралы.
      3. "Автобустармен жолаушыларды тұрақты тасымалдау" - бұл белгiленген аялдама пункттерiнде жолаушылар отыра және түсе алатын жолаушыларды алдын ала белгiленген және жарияланған қозғалыс кестелерiне, тасымалдау тарифтерiне және тасымалдау шарттарына сәйкес белгiленген жол бағыттары бойынша, тасымалдау.
      4. "Жолаушыларды автобустармен тұрақты емес тасымалдау" - бұл тұрақты болып табылмайтын жолаушылар тасымалы.
      5. "Каботаждық тасымалдар" - бұл екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан екi пункт арасында бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушылары жүзеге асыратын жолаушылар мен жүктердің тасымалдары.
      6. "Рұқсат" - Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары берген және Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң аумағы бойынша автокөлiк құралының жүрiп өтуiне (бару және қайту) құқық беретiн құжат.
      7. "Арнайы рұқсат" - Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары беретiн және iрi көлемдi және ауыр салмақты немесе қауiптi жүктердi тасымалдауға арналған автокөлiк құралдарының Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң аумағы бойынша жүрiп өтуiне құқық беретiн құжат.

3-бап

      1. Автобустармен жолаушыларды тұрақты тасымалдау Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының келiсiмi бойынша тепе-теңдiк негiзде жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары өзара келiсiм бойынша жол бағытының, өздерiнiң аумақтары арқылы өтетiн бөлiгiне тұрақты тасымалдауларды жүзеге асыруға арналған рұқсатты бередi. Уағдаластық негiзiнде Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары рұқсаттың қолданылу шарттарын, iшiнара алғанда, оның қолданылу мерзiмiн анықтайды, шекаралық өткелдер мен қолданылатын тарифтердi көрсету арқылы бағыт кестесiн, сызбасын келiседi.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң арасында жолаушыларды автобустармен немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен тұрақты емес тасымалдаулар рұқсатсыз негiзде жүзеге асырылады.
      Тұрақты емес тасымалдар кезiнде құзыреттi бақылаушы орган беретiн жолаушылардың расталған тiзiмi талап етiледi.

4-бап

      1. Белгiленген бағыттарға сәйкес автобустармен жолаушыларды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру құқығын куәландыратын рұқсатты алуға өтiнiм Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарына жiберiледi.
      2. Өтiнiмнiң, сондай-ақ рұқсаттың мазмұны мен нысанын Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары белгiлейдi.

5-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң бос автобусы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына кiрген кезде мынадай жағдайларда рұқсаттар талап етiлмейдi:
      а) тасымалдаушы ақаулы автобусты пайдалануға жарамды басқа автобуспен ауыстыру үшiн;
      б) сол тасымалдаушының жолаушылар тобын, осы топ бұрын жеткiзiлген екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағындағы пункттен бастапқы жөнелту пунктiне керi тасымалдау мақсатында кiруi үшiн;
      в) Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнде заңды және/немесе жеке тұлғалар үшiн сатып алынған автобустарды айдап келу үшiн.

6-бап

      1. Автокөлік құралдарымен жүктерді тасымалдау:
      а) екі Тарап мемлекеттерінің арасында;
      б) екі Тарап мемлекеттерінің аумақтары бойынша транзитпен рұқсат болмай-ақ жүзеге асырылады.
      Осы Келісімнің 11-бабында көзделген тасымалдауларды қоспағанда, үшінші мемлекетке/мемлекеттен жүктерді тасымалдау Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсаттардың негізінде автокөлік құралдарымен жүзеге асырылады.
      2. Әрбiр тасымалға, егер рұқсаттың өзiнде өзгеше ескерiлмесе, барып қайтуға бiр рейс жасауға құқық беретiн жеке рұқсат берiледi.
      3. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары жыл сайын бiр-бiрiне жүктердi тасымалдауға арналған рұқсаттар бланкiлерiнiң өзара келiсiлген санын бередi.
      4. Әрбiр автомобильге немесе автопоезға жеке рұқсат берiлуi тиiс.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.01.2015 № 277-V Заңымен.

7-бап

      Жолаушылар мен жүктердiң каботаждық тасымалдарына тыйым салынады.

8-бап

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерiнде көзделген тасымалдарды өз мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат етiлген тасымалдаушылар ғана орындауы мүмкiн.
      2. Автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiнде тиiстi санаттағы автокөлiк құралын басқару құқығына арналған, 1968 жылғы 8 қарашадағы Жол қозғалысы туралы конвенцияның талаптарына жауап беретiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және автокөлiк құралына арналған тiркеу куәлiгi болуы тиiс.
      3. Жүк автомобильдерiнде немесе автомобиль тартқыштарында өз мемлекетiнiң тiркеу және айырымдық белгiлерi бар болған жағдайда, тiркемелер мен жартылай тiркемелерде басқа мемлекеттердiң тiркеу және айырымдық белгiлерi болуы мүмкiн.

9-бап

      Әрбiр тасымалдаушы Тараптар мемлекеттерiнiң заңды және тұлғаларына келтiрiлуi мүмкiн залал үшiн өзiнiң азаматтық жауапкершiлiгiн алдын ала сақтандыруға мiндеттi.

10-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiнде көзделген тасымалдар Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес халықаралық автомобиль қатынасы үшiн ашық автомобиль жолдары бойынша жүзеге асырылады.
      Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары қажет болған жағдайларда тасымалдау бағытын белгiлеуi мүмкiн.

11-бап

      1. Рұқсаттар:
      а) ең жоғарғы массасы тiркемелердi қоса алғанда, 6 тоннадан аспайтын немесе ең жоғарғы жүк көтергiштiгi тiркемелердiң жүк көтергiштiгiн қоса алғанда, 3,5 тоннадан аспайтын автокөлiк құралдарымен жүктердi;
      б) зақымдалған автокөлiк құралдарын;
      в) почтаны;
      г) жәрмеңке және көрме жүктерiн;
      д) театрға, музыкалық және басқа да мәдени iс-шараларға, цирк ойындарына, фильмдер көрсетуге, радио және телехабарларға арналған декорациялар мен басқа да жүктердi;
      e) күтпеген апатты жағдайда көмек ретiндегi дәрi-дәрмектер мен кез келген басқа материалдарды, сондай-ақ гуманитарлық жүктердi тасымалдау кезiнде талап етiлмейдi.
      2. Уақытша (транзиттік) тіркеу нөмірлері бар бос автокөлік құралдарын межелі жерге айдап әкелу кезінде де рұқсат талап етілмейді.
      3. Осы Келiсiмнiң 18-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен комиссия осы бапта көрсетiлген рұқсаттарды талап етпейтiн тасымалдардың тiзбесiн кеңейтуi мүмкiн.
      4. Жүргiзушiде, ол жүзеге асыратын тасымал, тасымалдардың жоғарыда айтылған тасымалдар түрлерiнiң бiрi болып табылатынын куәландыратын құжаттар болуы тиiс.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.01.2015 № 277-V Заңымен.

12-бап

      1. Егер жүгi бар немесе жүксiз жүрген автокөлiк құралының көлемдерi немесе салмағы, сондай-ақ бiлiкке түсетiн салмақтық жүктемелерi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген нормалардан асып кетсе, сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде тасымалдаушы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органының арнайы рұқсатын алуы тиіс.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған арнайы рұқсат автокөлiк құралының белгiлi бiр бағыт бойынша қозғалысын көздесе, онда тасымалдау осы бағыт бойынша жүзеге асырылуы тиiс.

13-бап

      1. Осы Келiсiм шеңберiнде жолаушылар мен жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарының иегерлерi мен пайдаланушылары, ақылы автомобиль жолдарымен, автомагистральдармен, көпiрлермен және тоннельдермен жүрiп өту үшiн алынатын алымдар мен төлемдердi қоспағанда, егер мұндай алымдар мен төлемдер, соның iшiнде осы Тарап мемлекетiнiң автокөлiк құралдарынан өндiрiп алуға жататын болса, автомобиль құралдарын иеленуге немесе пайдалануға, екiншi Тарап мемлекетiнiң автомобиль жолдарын пайдалануға немесе күтiп ұстауға байланысты алымдар мен төлемдерден өзара босатылады.
      2. Осы Келiсiмге сәйкес тасымалдарды орындау кезiнде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына уақытша әкелуге байланысты өндiрiп алынатын кедендiк төлемдер салудан:
      а) жасаушы-зауыт қозғалтқыштың қоректендiру жүйесiмен технологиялық және конструктивтi жағынан байланысқан автокөлiк құралының әрбiр үлгiсi үшiн көздеген сыйымдылықтардағы жанармай,  жасаушы-зауыт сондай-ақ жылу беру және салқындатқыш қондырғылардың жұмысына арналған тiркемелермен жартылай тiркемелерге орнатқан сыйымдылықтардағы жанармай:
      б) тасымалдау уақытында тұтынуға қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;
      в) жол жүру кезiнде, халықаралық тасымалды орындайтын автокөлiк құралын қалыпты пайдалануға қажеттi мөлшердегi қосалқы бөлшектер мен саймандар өзара босатылады.
      3. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер, сондай-ақ ауыстырылған ескi қосалқы бөлшектер Тарап мемлекетiнiң аумағынан әкетiлуi, не кедендiк органдардың бақылауымен жойылуы, не тиiстi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген тәртiппен өткiзiлуi тиiс.

14-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiнде көзделген арнайы рұқсаттар, сондай-ақ тасымалдау құжаттары барлық сапарлар кезiнде автокөлiк құралында болуы және талап ету бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң бақылаушы органдарының өкiлдерi тексеру үшiн көрсетiлуi керек.

15-бап

      Тасымалдаушылар мен олардың автокөлiк құралдарының экипаждары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тасымалдауды жүзеге асырған кезде, осы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерiн сақтауы тиiс.
      Осы Келiсiмде, сондай-ақ екi Тараптың да мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер өзара консультациялар мен келiссөздер жүргiзу жолымен Тараптар мемлекеттерiнiң әрқайсысының ұлттық заңнамасына сай шешiлетiн болады.

16-бап

      1. Тасымалдаушы немесе оның жүргiзушiлерi екiншi Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасын немесе осы Келiсiмнiң ережелерiн бiрнеше рет бұзған кезде, аумағында автокөлiк құралы тiркелген Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары, мемлекетi аумағында бұзушылық жасалған Тараптың өтiнiшi бойынша мынадай шаралардың бiрiн қабылдайды:
      а) ескерту;
      б) осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес тасымалдарды орындауға уақытша тыйым салу;
      в) бұзушылыққа жол берiлген Тарап мемлекетiнiң аумағында тасымалдауды орындау құқығынан уақытша, жартылай немесе толық айыру.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бiр-бiрiн өздерi қолданған шаралар туралы хабардар етедi.
      3. Осы Келiсiмнiң ережелерiнде, аумағында ұлттық заңнамасы бұзылған Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары қолдануы мүмкiн санкциялар жоққа шығарылмайды.

17-бап

      1. Шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылауға қатысты Тараптар, Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерiн басшылыққа алады, ал осы шарттармен реттелмеген мәселелердi шешкен кезде, аумағында бақылау жүзеге асырылатын мемлекеттiң ұлттық заңнамасы қолданылатын болады.
      2. Жолаушылардың автобустармен тұрақты тасымалдары кезiнде, сондай-ақ ауыр науқасты адамдарды, тез бүлiнетiн жүктердi және жануарларды тасымалдау кезiнде шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылау бiрiншi кезекте жүзеге асырылады.

18-бап

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау және оған байланысты мәселелердi талқылау мақсатында Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары Бiрлескен комиссия құрады.
      2. Осы Келiсiмнiң және осы Келiсiмдi қолдану ережелерi туралы Атқару хаттамасының ережелерiн түсiндiру немесе қолдану жөнiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, оларды Бiрлескен комиссия шешетiн болады.
      3. Бiрлескен комиссияның мәжiлiстерi қажеттiлiгiне қарай Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органының ұсынысы бойынша өткiзiледi.

19-бап

      1. Тараптар осы Келiсiмдi қолдану ережелерi туралы Атқару хаттамасында осы Келiсiмнiң орындалу тәртiбiн белгiлейдi.
      Атқару хаттамасы осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
      2. Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келiсiмге және осы Келiсiмдi қолдану ережелерi туралы Атқару хаттамасына, жекелеген хаттамалар түрiнде ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

20-бап

      Осы Келiсiм, оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екiншi Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама жiберген күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қала бередi.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасы Үкiметiнiң арасындағы автомобиль қатынасы туралы 1992 жылғы 16 қыркүйектегi келiсiм осы Келiсiм күшiне енген сәттен бастап өзiнiң күшiн жояды.

      2004 жылғы 19 қаңтарда Астана қаласында екi түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, беларусь және орыс тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, орыс тiлiндегi мәтiн басшылыққа алынатын болады.

       Қазақстан Республикасының            Беларусь Республикасының
      Yкiметi үшiн                         Yкiметi үшiн

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасы
Үкiметiнiң арасындағы Халықаралық автомобиль
қатынасы туралы келiсiмдi қолдану ережелерi туралы
АТҚАРУ ХАТТАМАСЫ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi,
      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасы Үкiметiнiң арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы 2004 жылғы 19 қаңтардағы келiсiмдi (бұдан әрi - "Келiсiм") қолдану ережелерiн белгiлеу мақсатында,
      мыналар туралы келiстi:
      1. Мыналар Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары болып табылады:
      Қазақстан Тарапынан:
      Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi.
      Беларусь Тарапынан:
      3, 4, 10, 16 және 18-баптар бойынша - Беларусь Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi.
      12-бап бойынша - iрi көлемдi және ауыр салмақты автокөлiк құралдарына арналған арнайы рұқсаттарды беру бөлiгiнде - Беларусь Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң "Белавтодор" департаментi, қауiптi жүктердi тасымалдауға арналған арнайы рұқсатты беру бөлiгiнде - Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiгiнiң Өнеркәсiп пен атом энергетикасындағы жұмыстардың қауіпсiз жүргiзiлуiн қадағалау жөнiндегi департаменті.
      2. Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары белгiленген тәртiппен ресiмделген жолаушылардың тұрақты тасымалдарына арналған рұқсаттар бередi.
      3. Келiсiмнiң 6 және 12-баптарына сәйкес автокөлiк құралдарының жүруiне:
      а) алып тасталды - ҚР 13.01.2015 № 277-V Заңымен;
      б) Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары бойынша iрi көлемдi және ауыр салмақты автокөлiк құралдарының жүруi үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының арнайы рұқсаты;
      в) Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары бойынша қауiптi жүктердi тасымалдау үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының арнайы рұқсаты;
      г) екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшiншi мемлекеттiң аумағына немесе үшiншi мемлекеттiң аумағынан екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына тасымалдарды жүзеге асыруға Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының арнайы рұқсаты берiледi.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.01.2015 № 277-V Заңымен.
      4. Рұқсат бланкiсi:
      Қазақстан Тарапы - қазақ және орыс тiлдерiнде;
      Беларусь Тарапы - беларусь және орыс тiлдерiнде дайындайды.
      Белгiленген жылға дайындалған рұқсат бланкiлерiнiң реттiк нөмiрлерi, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының тиiстi қолы мен мөрi болуы тиiс.
      5. Беларусь Тарапынан iрi көлемдi және ауыр салмақты автокөлiк құралдарының жүруiне арналған арнайы рұқсаттар бланкiлерiн - Беларусь Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң "Белавтодор" департаментi, қауiптi жүктердi тасымалдауға арналған арнайы рұқсаттар бланкiлерiн Беларусь Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiгiнiң Өнеркәсiп пен атом энергетикасындағы жұмыстардың қауiпсiз жүргiзiлуiн қадағалау жөнiндегi департаментi растайды.
      6. Қазақстан Тарапынан iрi көлемдi және ауыр салмақты автокөлiк құралдарының жүруiне арналған арнайы рұқсаттар бланкiлерiн Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi растайды.
      7. Бiрлескен комиссия немесе Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары әрбiр келесi жылға, үшiншi мемлекеттен/мемлекетке жүктердi тасымалдауды жүзеге асыруға арналған, олармен өзара келiсiлген алмасу өткен күнтiзбелiк жылдың 15 желтоқсанына дейiн жүргiзiлетiн рұқсаттардың қажеттi санын белгiлейдi. Ағымдағы жылға берiлген рұқсаттар күнтiзбелiк жыл бойы келесi жылдың 31 қаңтарына (қоса алғанда) дейiн жарамды.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.01.2015 № 277-V Заңымен.
      8. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары осы Келiсiм ережелерiнiң орындалу барысы, халықаралық автомобиль тасымалына, салықтар мен кедендiк төлемдерге байланысты Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасындағы өзгерiстер туралы, өткен жылғы тасымалдардың жай-күйi, шекара өткелдерiнiң жұмыс режимi және тасымалдарды жетiлдiруге бағытталған басқа да мәселелер туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.
      9. Аталған құзыреттi органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде, Тараптар дипломатиялық арналар бойынша уақтылы хабардар етiлетiн болады.

      Атқару хаттамасы осы Келiсiммен бiр мезгiлде күшiне енедi.

      2004 жылғы 19 қаңтарда Астана қаласында екi түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, беларусь және орыс тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Атқару Хаттамасының ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, орыс тiлiндегi мәтiн басшылыққа алынатын болады.

       Қазақстан Республикасының            Беларусь Республикасының
      Үкiметi үшiн                         Үкiметi үшiн

      Осымен Астана қаласында 2004 жылғы 19 қаңтарда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмнiң және Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасы Үкiметiнiң арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi қолдану ережелерi туралы Атқару хаттамасының бұл көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Сыртқы iстер министрлiгiнiң
      Халықаралық-құқық департаментiнiң
      Бөлiм бастығы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады