Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шартты бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 маусымдағы N 557 Заңы

      Мәскеуде 2003 жылғы 21 ақпанда жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шарт бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Еуразиялық экономикалық қауымдастық
мемлекетаралық кеңес Шешім

2003 жылғы 21 ақпан           N 87              Мәскеу қаласы

Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше
мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi
ынтымақтастық туралы шарттың жобасы туралы

      Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Мемлекетаралық Кеңесi шештi:
      Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шарт (қоса берiледi) қабылдансын.

ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесiнiң мүшелерi:

  Беларусь     Қазақстан     Қырғыз        Ресей      Тәжiкстан
Республика-   Республика-  Республика-   Федерация-  Республика-
   сынан        сынан        сынан         сынан        сынан

      Мен, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы Рапота Григорий Алексеевич, осы мәтiннiң, 2003 жылғы 21 ақпанда Мәскеу қаласында Беларусь Республикасының Президентi Александр Лукашенкомен, Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевпен, Қырғыз Республикасының Президентi Асқар Ақаевпен, Ресей Федерациясының Президентi Владимир Путинмен және Тәжiкстан Республикасының Президентi Эмомали Рахмоновпен қол қойылған Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегі ынтымақтастық туралы шарттың түпнұсқалық және толық көшiрмесi болып табылатынын куәландырамын.

      ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы

      Мәскеу қаласы 2003 жылғы 27 ақпан.

      Осы мәтiн 2003 жылғы 21 ақпанда Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегі ынтымақтастық туралы шарттың мемлекеттiк тiлдегi аудармасы болып табылатынын куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы ҰҚК-і
      Шекара қызметiнің
      Инспекция және шекара
      ынтымақтастығы
      бас басқармасының бастығы

      Мәтiндi аударған Шекара
      ынтымақтастығы бөлiмiнiң офицерi

  Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң
сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы
Шарт

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжiкстан Республикасы,
      Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шарттың ережелерiн iс жүзiнде iске асыру мүдделерiн басшылыққа ала отырып,
      Тараптардың сыртқы шекараларын күзетудегi тығыз ынтымақтастық қажеттiлiгiн тани отырып,
      Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң қауiпсiздiгін қамтамасыз етудегі өзара мүдделiлiкке сүйене отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Осы Шарттың мақсаты үшiн "сыртқы шекаралар" деген термин Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы шартқа қатысушылар болып табылмайтын мемлекеттермен Тараптардың мемлекеттiк шекараларының телiмдерiн бiлдiредi.

  2-бап

      Тараптар сыртқы шекараларда терроризм актiлерiн, қару-жарақтың және оқ-дәрiнiң, жарылғыш, улы, есiрткi және психотропты заттардың, радиоактивтi материалдардың және контрабанданың өзге де заттарының заңсыз тасымалдануының жолын кесу бойынша, сондай-ақ заңсыз көшi-қонмен және дiни экстремизмнiң пайда болуымен күресте ынтымақтастықты жүзеге асырады.

  3-бап

      Тараптар Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң заңнамалық және өзге де нормативтiк базаларын үйлестiруге көмек көрсету бойынша шекара ведомстволары қызметiнiң негiздерi туралы хаттамаға (N 1-қосымша) сәйкес шекара мәселелерi бойынша ұлттық заңнаманы және өзге де нормативтiк кесiмдердi үйлестiру бойынша шаралар қабылдайды.

  4-бап

      Тараптардың шекара ведомстволары Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң Шекара мәселелерi бойынша өзара ақпараттық iс-қимылы туралы 2001 жылғы 14 қыркүйектегi Келiсiмге сәйкес сыртқы шекарада қордаланған жағдай туралы, сондай-ақ мемлекеттiк шекараны күзетуге байланысты және өзара мүдделерiн бiлдiретiн басқа да мәселелер бойынша ақпараттармен алмасады.
      Сыртқы шекараларды күзетуге қатысты жеке мәселелер бойынша Тараптардың шекара ведомстволары Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердің сыртқы шекараларын күзету мәселелерi бойынша өзара консультациялар жүргiзу тәртiбi туралы хаттамаға (N 2-қосымша) сәйкес өзара консультациялар жүргiзедi.

  5-бап

      Шекара ведомстволарының сыртқы шекараларды күзету мүддесiнде жедел iздестiру қызметiндегi ынтымақтастықты Тараптар, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзету мүддесiнде жедел iздестiру қызметiндегi Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң шекара ведомстволарының ынтымақтастығы туралы хаттамаға (N 3-қосымша) сәйкес жүзеге асырады.

  6-бап

      Тараптардың әрбiрi басқа Тараптың шекара ведомствосының әуе кемесiне, сыртқы шекараларды күзетуде олардың мүддесiне пайдалану кезiнде, өзiнiң әуе кеңiстiгiн, әуежайын, аэродромдарын (қону алаңдарын) олардың кiмге жататындығына және тағайындалуына қарамастан, сондай-ақ навигациялық, метеорологиялық және өзге де ақпараттарды пайдалануға құқық бередi, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттер арасындағы екi жақтылы және көп жақтылы шарттарға сәйкес әуе кемелерiнiң ұшуын және техникалық қызмет көрсетуiн қамтамасыз етедi.

  7-бап

      Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекаралары арқылы өткiзу бекеттерiнде шекараны күзету аясындағы шекара ведомстволарының ынтымақтастығын Тараптар, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекаралары арқылы өткiзу бекеттерiнде шекараны күзету аясында шекара ведомстволарының ынтымақтастығы туралы хаттамаға (N 4-қосымша) сәйкес жүзеге асырады.

  8-бап

      Тараптар шекара ведомстволарын материалдық техникалық қамтамасыз етуге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң мемлекеттiк шекараларын күзетудi материалдық техникалық қамтамасыз ету саласында шекара ведомстволарының ынтымақтастығы туралы хаттамаға (N 5-қосымша) сәйкес Тараптардың мемлекеттiк шекараларын күзетуде қолданылатын қару-жарақты, техникаларды өңдеуде, әзiрлеуге тапсырыстарды жүзеге асыруда, ендiру мен жөндеуде өзара көмек көрсетедi.

  9-бап

      Тараптардың шекара ведомстволары екi жақты және көп жақты келiсiмдерге сәйкес Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң шекара ведомстволары үшiн әскери кадрларды, соның iшiнде кiшi мамандарды даярлауда, қайта даярлауда және бiлiктiлiгiн арттыруда өзара көмек көрсетедi.

  10-бап

      Осы Шарттың ережелерiн түсiндiру және қолдану жөнiндегi даулы мәселелер өзара консультациялар мен келiссөздер жолымен шешiледi.
      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Шартқа өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, оны Тараптар осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамаларға қол қою жолымен ресiмдейдi.

  11-бап

      Осы Шарт, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Интеграциялық комитетi болып табылатын депозитаридiң осыған қажеттi мемлекетішiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы үшiншi хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.

  12-бап

      Ол күшiне енгеннен кейiн, осы Шарт Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартқа қосылған басқа мемлекеттердiң оған қосылуы үшiн ашық.
      Қосылатын мемлекет үшiн Шарт депозитариге қосылу туралы хабарды берген күнiнен бастап күшiне енедi.

  13-бап

      Осы Шарт күшiне енген күнiнен бастап бес жыл бойы қолданыста болады. Осы мерзiм өткеннен кейiн Шарт өздiгiнен әр кезде де бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      Әрбiр Тарап шығуға дейiн алты айдан кешiктiрмей бұл туралы депозитариге жазбаша жолмен хабар жiберген соң осы Шарттан шығуға құқығы бар.
      2003 жылғы 21 ақпанда Мәскеу қаласында бiр түпнұсқа данада орыс тiлiнде жасалды.
      Шарттың түпнұсқа данасы, Шарттың куәландырылған көшiрмесiн әрбiр қатысушы мемлекетке жiберетiн Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Интеграциялық комитетiнде сақталады.

    Беларусь     Қазақстан      Қырғыз        Ресей      Тәжiкстан
Республикасы  Республикасы  Республикасы  Федерациясы  Республикасы
    үшін         үшін           үшін          үшін         үшін

Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа  
мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын  
күзетудегi ынтымақтастық туралы шартқа  
N 1-қосымша              

  Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң заңнамалық және өзге де нормативтiк базаларын үйлестiруге көмек көрсету бойынша шекара ведомстволары қызметiнiң негiздерi туралы
Хаттама

  1-бап

      Шекара мәселелерi бойынша ұлттық заңнамалық және өзге де нормативтiк кесiмдердi үйлестiрудiң негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады:
      - жасалған халықаралық шарттардың ережелерiн, интеграцияның басқару органдарының шекара мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiн ұлттық заңнамаға және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге заңды түсiндiру арқылы құқықтық қатынастарды реттеудiң бiрыңғайланған (унификацияланған) тәртiбiн белгiлеу;
      - шекара ведомстволарының дамуына, олардың ынтымақтастығын барынша тереңдетуге және сыртқы шекараларды күзетудi одан әрi жетiлдiруге көмектесу;
      - ведомстволық нормативтiк базаларды түзету және ұлттық заңнама негiзiнде Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң шекара мәселелерi бойынша өз мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ететiн қажеттi жағдайлар жасау.

  2-бап

      Шекара мәселелерi бойынша ұлттық заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi өзара жақындастыруға бағытталған Тараптардың шекара ведомстволарының күш-жiгерiн координациялау мен келiсу, ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетi жанындағы Шекара мәселелерi жөнiндегi кеңес жүзеге асырады.

  3-бап

      Шекара мәселелерiне қатысты Тараптардың ұлттық заңнамасының нормаларын ЕурАзЭҚ шеңберiнде қолданған кезде болуы мүмкiн қайшылықтарды жою мен шешу, Тараптардың шекара ведомстволарының өкiлеттi органдарының (өкiлдерiнiң) консультацияларды жүргiзу жолымен жүзеге асырылады, Шекара мәселелерi жөнiндегi кеңестiң Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы сәйкестендiру жөнiндегi Үйлестiру Кеңесiмен және Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың басқа да құзыреттi органдарымен тұрақты және пәндiк өзара ic-қимылды қамтамасыз ету.

  4-бап

      Заңнамалық және өзге де нормативтiк базаларды үйлестiру бойынша iс-шараларды әзiрлеу, шекара мәселелерi бойынша уағдаласушылықтарды iске асыру бойынша ұсыныстарды талдау, қорыту және келiсу, сондай-ақ Шекара мәселелерi жөнiндегi кеңестiң мәжiлiсiне тиiстi материалдарды дайындау Кеңестiң Хатшысына жүктеледi.

  5-бап

      Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады, Шартта анықталған жағдайда және тәртiпте күшiне енедi және қолданылады.

Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа  
мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын  
күзетудегi ынтымақтастық туралы шартқа  
N 2-қосымша              

  Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзету мәселелерi бойынша өзара консультациялар жүргiзу тәртiбi туралы
Хаттама

  1-бап

      Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзету мәселелерi жөнiнде консультациялар қажеттiлiгi бойынша Тараптардың шекара ведомстволарының басшылары немесе мамандар мен консультанттарды тартумен олардың орынбасарлары жүргiзедi.

  2-бап

      Консультациялардың негiзгi мақсаттары мыналар болып табылады:
      - шекара құрылымдарының әртүрлі қызмет аяларында шекара ынтымақтастығын iске асыру шаралары бойынша және дамыту iс-шаралары бойынша ұсыныстарды әзiрлеу;
      - сыртқы шекаралардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында үйлестiрiлiп бiрлескен iс-шараларды өткiзу бойынша ұсыныстарды әзiрлеу және дайындау.

  3-бап

      Консультациялар барысында Тараптардың шекара ведомстволары мемлекеттiк шекарадағы жағдай, сондай-ақ әскери, саяси және шекара аудандарында болып жатқан әлеуметтiк экономикалық процестер және сыртқы шекараларды күзетудi қамтамасыз ету үшiн қабылданатын iс-шаралар туралы бiр-бiрiне хабарлайды.

  4-бап

      Шұғыл шешiмдi қабылдауды талап ететiн жағдайлар туындаған жағдайда, Тараптардың шекара ведомстволары қысқартылған делегация құрамында консультациялар жүргiзедi.

  5-бап

      Консультация қатысушыларының жалпы келiсiмiмен оларға Тараптардың басқа да мүдделi министрлiктерi мен ведомстволарының өкілдерi қатысуы мүмкiн.

  6-бап

      Күн тәртiбi мен консультацияларды жүргiзу тәртiбi консультацияға қатысушылармен анықталады.
      Консультациялар қабылдаушы Тараптың шекара ведомствосы басшысының төрағалық етуiмен жүргiзiледi, ал ерекше жағдайларда төраға консультацияға қатысушылармен сайлануы мүмкiн.

  7-бап

      Консультацияны жүргiзуге байланысты шығындар қабылдаушы Тараптың шекара ведомствосының есебiнен жүзеге асырылады.
      Консультацияға қатысушылардың келуiне байланысты шығындарды Тараптардың әрбiр шекара ведомствосы өз бетiнше жүзеге асырады. Консультацияға Тараптардың басқа да мүдделi министрлiктерi мен ведомстволары өкiлдерiнiң қатысуына байланысты шығындарды, жiберушi Тараптың мүдделi министрлiктерi мен ведомстволары өз бетiнше жүзеге асырады.
      Қабылдаушы тарап консультацияға қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi.

  8-бап

      Үшiншi мемлекеттiң мүддесiне әсер ететiн мәселелердi қараған кезде, осы консультацияларға қатысушылардың барлығының келiсiмiмен олардың өкiлдерiнiң қатысуына рұқсат берiледi.

  9-бап

      Консультациялардың нәтижелерi шекара ведомстволарымен ұсынылатын тиiстi қорытынды құжаттармен ресiмделедi.
      Өзара уағдаласушылықтармен қорытынды құжаттар құпия сипатта болуы мүмкiн.

  10-бап

      Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады, Шартта анықталған жағдайда және тәртiпте күшiне енедi және қолданылады.

Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа  
мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын  
күзетудегi ынтымақтастық туралы шартқа  
N 3-қосымша              

  Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше
мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзету мүддесiнде
жедел iздестiру қызметiндегi Еуразиялық экономикалық
қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң шекара
ведомстволарының ынтымақтастығы туралы
Хаттама

  1-бап

      Сыртқы шекараларды күзету мүддесiндегi жедел iздестiру қызметi Тараптардың заңнамасымен жүзеге асырылады.
      Жедел iздестiру қызметi саласындағы ынтымақтастық контрабанданың, есiрткi құралдарының, психотропты заттардың, қару-жарақтың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш, улы, радиоактивтi заттардың және мемлекеттiк шекара арқылы тыйым салынған басқа да тауарлар мен заттардың тасымалдануына қарсы күресу, заңсыз көшi-қонның алдын алу аясында қолда бар мүмкiндiктердi барынша тиiмдi және өзара тиiмдi пайдалану, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, халықаралық терроризмге, дiни экстремизмге қарсы тұру мақсатында ұйымдастырылады және осы Хаттамада белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.

  2-бап

      Тараптардың шекара ведомстволары жедел iздестiру қызметiндегi ынтымақтастықты мына жолдармен жүзеге асырады:
      - жедел iздестiру шараларын жүргiзу туралы сұрау салуларды орындау;
      - сыртқы шекараларда құқыққа қарсы әрекеттердiң алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша бiрлескен немесе келiсiлген шараларды әзiрлеу және қабылдау, оларды жүзеге асыру нәтижелерi туралы бiр-бiрiне хабарлау;
      - сыртқы шекараларда құқыққа қарсы әрекеттердi жасауды дайындауға қатысушы адамдарды анықтау мен тексеру бойынша шараларды қабылдау;
      - жедел iздестiру қызметi жұмыстарында тәжiрибе алмасу;
      - арнайы қызметтiң мүмкiндiктерiн пайдаланумен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен, террористiк және экстремистiк ұйымдардың және адамдар топтарының және жеке адамдардың өкiлдерiмен өзара мүдденi бiлдiретiн нақты мәселелер бойынша бiрлескен жедел шаралар жоспарларының қосымша жұмыстарын өтеу.

  3-бап

      Ақпарат алмасу Тараптардың шекара ведомстволары өкiлдерiнiң кездесуi кезiнде, сондай-ақ хат жазысу, телефон, факс және байланыстың басқа да түрлерiмен жүзеге асырылады.
      Әрбiр Тарап, басқа Тараптан алынған ақпараттар мен құжаттардың құпия болуын, тиiстi түрде есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етедi.
      Осы баптың ережесi, таратылуы шектелген және Тараптардың заңнамасына сәйкес мемлекеттiк және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды құрайтын мәлiметтердi алмасу тәртiбiне қолданылмайды. Осындай мәлiметтердi беру Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң Шекара мәселелерi бойынша өзара ақпараттық iс-қимылы туралы 2001 жылғы 14 қыркүйектегi Келiсiмге сәйкес берiледi.

  4-бап

      Жедел iздестiру шараларын жүргiзу туралы сұрау салулар жазбаша нысанда жiберiледi.
      Кiдiртiлмейтiн жағдайларда сұрау салулар ауызша нысанда жасалады, ауызша берiлген сұрау салулар дереу жазбаша белгiленедi.
      Сұрау салынған Тарап мүмкiндiгiнше қысқа уақытта сұрау салған Тарапқа сұраудың нәтижелерi туралы хабарлайды.

  5-бап

      Күнделiктi мәселелердi шешу, жүргiзiлген iс-шараларды келiсу, ақпарат алмасу үшiн, Тараптардың шекара ведомстволары өкiлдерiнiң жұмыс кездесулерi өткiзiледi. Кездесулердi жүргiзу мерзiмi мен күн тәртiбiндегi мәселелер жұмыс тәртiбiнде келiсiледi.
      Кездесудiң нәтижелерi қажет болған жағдайда хаттамалармен ресiмделедi.

  6-бап

      Тараптардың шекара ведомстволары өкiлдерiнiң басқа Тараптың аумағына барулары, келiсiм бойынша қабылдаушы Тараппен жүзеге асырылады.
      Жұмыс кездесуiне қатысушылар келуге байланысты шығындарды жiберушi Тараптың шекара ведомствосы өз бетiнше жүзеге асырады.

  7-бап

      Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады, Шартта анықталған жағдайда және тәртiпте күшiне енедi және қолданылады.

Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа  
мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын  
күзетудегi ынтымақтастық туралы шартқа  
N 4-қосымша              

  Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекаралары арқылы өткiзу бекеттерiнде шекараны күзету аясында шекара ведомстволарының ынтымақтастығы туралы
Хаттама

  1-бап

      Сыртқы шекаралар арқылы өткiзу бекеттерiнде шекараны күзету аясында шекара ведомстволары ынтымақтастығының негiзгi мақсаттары болып мыналар:
      - сыртқы шекаралардағы өткiзу бекеттерiнде шекаралық бақылау аясында шекара ынтымақтастығының дамуына бiрыңғай жолдарды және көзқарастарды әзiрлеу;
      - сыртқы шекаралар арқылы өткiзу бекеттерiнде шекараны күзету мүддесiнде үйлестiрiлiп бiрлескен режимдi iс-шараларды жүргiзу бойынша ұсыныстарды әзiрлеу және дайындау болып табылады.

  2-бап

      Шекара ведомстволары Тараптардың заңнамасына сәйкес сыртқы шекаралардағы өткiзу бекеттерiнде шекаралық бақылаудың тиiмдiлiгiн көтеруге келiсiлген iс-шараларды қабылдайды.
      Шекара ведомстволары қажет болған кезде, Тараптардың азаматтарына шекара бақылауын жүзеге асыру үшiн өткiзу бекеттерiнде жекелеген бағыттарды құрады, сондай-ақ Тараптардың азаматтары үшiншi мемлекетке шыққан кезде шекара бақылауының рәсiмдерiн жеңiлдету бойынша келiсiлген күш-жiгердi қолданады.

  3-бап

      Сыртқы шекаралардағы өткiзу бекеттерiнде шекара бақылауының тиiмдiлiгiн көтеру мақсатында Тараптардың шекара ведомстволары:
      - жаңа өткiзу бекеттерiн ашу туралы;
      - қордаланған жағдай және оның Тараптардың өткiзу бекеттерiнде шекара бақылауын жүзеге асыруға әсер ететiн халықаралық қатынас жолдарындағы негiзгi бағыттарының дамуы туралы;
      - заңсыз көшi-қонның, қару-жарақтың, есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың және контрабанданың басқа да заттар тасымалының жаңа және болуы мүмкiн арналары туралы;
      - шекарадан өтуге құқық беретiн жалған құжаттар белгiлерiнiң анықталуы, көлiк құралдарында, жүктерде және адамдардың қол жүктерiнде контрабанда заттарын жасыру әдiстерi, амалдары мен тәсiлдерi туралы;
      - заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерде, сондай-ақ шекарадан өту мен шекара бақылауы мәселелерi бойынша Тараптардың қатысуымен жасалған екi жақты және көпжақты халықаралық шарттар туралы;
      - Тараптардың азаматтарына шекара бақылауын жүзеге асыру үшiн құрылған, шекара арқылы өткiзу бекеттерiнiң жекелеген бағыттары туралы;
      - шекара бақылауын жүзеге асыру үшiн өзара мүдделерiн бiлдiретiн басқа да мәселелер туралы ақпараттармен алмасады.
      Ақпарат алмасу, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң Шекара мәселелерi бойынша өзара ақпараттық iс-қимылы туралы 2001 жылғы 14 қыркүйектегi Келiсiмге сәйкес жүргiзiледi.

  4-бап

      Тараптардың шекара ведомстволары мына мәселелер бойынша:
      - шекара бақылауының технологияларын жетiлдiру және оптимизациялау;
      - шекара бақылауын жүзеге асырған кезде арнайы техникалық құралдар мен қызмет жануарларын тиiмдi пайдалану;
      - өткiзу бекеттерiнде құқыққа қайшы iс-әрекет мониторингiн;
      - шекара бақылауы құрамаларының, бөлiмдерiнiң және бөлiмшелерiнiң ұтымды ұйымдық құрылымдарын құру;
      - олардың құзыретiне жататын басқа да мәселелер бойынша бiрлескен ic-шараларды жүзеге асырады.

  5-бап

      Шекара ведомстволары терроризм актiлерiнiң, қару-жарақтың, оқ-дәрiлердiң, есiрткi құралдарының, улы және психотропты заттардың, контрабанданың өзге де заттарының заңсыз тасымалдануын, олардың аумағына (аумағынан) заңсыз кiрудiң (шығудың), сондай-ақ шекара бақылауының аясында басқа да құқық бұзушылық түрлерiнiң жолын кесу үшiн келiсiлген шараларды жоспарлайды және жүзеге асырады.

  6-бап

      Ынтымақтастық осы Хаттамамен көзделген, Тараптардың шекара ведомстволары арасындағы тiкелей байланыстар мен уағдаласушылықтар жолдарымен жүзеге асырылады. Осы қызметтi үйлестiру ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетiндегi Шекара мәселелерi жөнiндегi кеңеске жүктеледi.

  7-бап

      Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады, Шартта анықталған жағдайда және тәртiпте күшiне енедi және қолданылады.

Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа  
мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын  
күзетудегi ынтымақтастық туралы шартқа  
N 5-қосымша              

  Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң мемлекеттiк шекараларын күзетудi материалдық техникалық қамтамасыз ету саласында шекара ведомстволарының ынтымақтастығы туралы
Хаттама

  1-бап

      Тараптардың шекара ведомстволарын материалдық техникалық қамтамасыз ету, Тараптардың тиiстi материалдық техникалық қамтамасыз ету жүйелерiнде өз бетiнше жүзеге асырылады.

  2-бап

      Олардың аумақтарында жүргiзiлмеген, бiрақ басқа Тараптардың аумақтарында жүргiзiлетiн Тараптардың мемлекеттiк шекараларын күзетудi материалдық техникалық қамтамасыз ету, Тараптардың заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес Тараптармен жүзеге асырылады.

  3-бап

      Тараптар шекара әскерлерiн материалдық техникалық қамтамасыз етуде, сондай-ақ сыртқы шекараларды күзету кезiнде қолданылатын қару-жарақты, техникаларды және құрал-жабдықтарды өңдеуге, әзiрлеуге, ендiруге және жөндеуге тапсырыстарды орындауда жеке шаруашылық шарттар негiзiнде, өзара көмек көрсетедi.

  4-бап

      Тараптар өздерiнiң аумақтарында әзiрленген және мемлекеттiк шекараны күзетуде қолданылатын материалдық техникалық құралдар туралы, сондай-ақ оларды жеткiзу мүмкiндiктерi мен жағдайлары туралы өзара ақпараттармен алмасуды жүзеге асырады.

  5-бап

      Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегі ынтымақтастық туралы шарттың ажырамас бөлiгi болып табылады, Шартта анықталған жағдайда және тәртiпте күшiне енедi және қолданылады.

      Мен, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы Рапота Григорий Алексеевич, осы мәтiннiң, 2003 жылғы 21 ақпанда Мәскеу қаласында Беларусь Республикасының Президентi Александр Лукашенкомен, Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевпен, Қырғыз Республикасының Президентi Асқар Ақаевпен, Ресей Федерациясының Президентi Владимир Путинмен және Тәжiкстан Республикасының Президентi Эмомали Рахмоновпен қол қойылған Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шарттың түпнұсқалық және толық көшiрмесi болып табылатынын куәландырамын.

      ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы

      Мәскеу қаласы 2003 жылғы 27 ақпан.

      Осы мәтiн 2003 жылғы 21 ақпанда Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердiң сыртқы шекараларын күзетудегi ынтымақтастық туралы шарттың мемлекеттiк тiлдегi аудармасы болып табылатынын куәландырамын.

Қазақстан Республикасы ҰҚК-і
Шекара қызметiнің
Инспекция және шекара
ынтымақтастығы
бас басқармасының бастығы

Мәтiндi аударған Шекара
ынтымақтастығы бөлiмiнiң офицерi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады