Анкарада 2003 жылғы 22 мамырда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және әкімшілік өзара көмек туралы келісім бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының
Үкіметі арасындағы Кеден істеріндегі ынтымақтастық пен
әкімшілік өзара көмөк туралы
КЕЛІСІМ
(2009 жылғы 1 наурызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2009 ж., № 2, 10-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі,
импорт және экспорт кезінде алынатын кеден баждарының, салықтардың және басқа да кеден алымдарының дәл есептелуін қамтамасыз етудің, сондай-ақ тыйым салу, шектеу және бақылау жөніндегі шаралардың лайықты дәрежеде орындалуының маңыздылығын назарға ала отырып;
кеден заңдарын бұзу экономикалық, салықтық, қоғамдық, мәдени мүдделерге, қоғамның салауаттылығына және сауда мүдделеріне залал келтіретіндігін назарға ала отырып;
есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды, қауіпті жүктерді, флора мен фаунаның жойылып кету қаупі төніп тұрған түрлерін және уытты қалдықтарды шекаралар арқылы заңсыз өткізудің қоғам үшін қауіп төндіретіндігін ескере отырып;
кеден заңдарының қолданылуына және сақталуының қамтамасыз етілуіне қатысты саладағы халықаралық ынтымақтастықтың қажеттілігін мойындай отырып;
кеден заңдарын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі және кеден баждарын, салықтарды және басқа да кеден төлемдерін дәл есептеу мен жинауды қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігердің Тараптардың кеден әкімшіліктері ынтымақтастығының арқасында неғұрлым тиімді болуы мүмкін екендігіне көз жеткізе отырып;
қазір Дүниежүзілік кеден ұйымы ретінде белгілі Кедендік Ынтымақтастық Кеңесінің тиісті құжаттарын, атап айтқанда 1953 жылғы 5 желтоқсандағы Өзара әкімшілік көмек туралы ұсынымдарды назарға ала отырып;
жекелеген тауарларға қатысты тыйым салу, шектеулер және арнайы бақылау әдістері жөніндегі халықаралық конвенцияларды назарға ала отырып;
мына төмендегілер туралы келісті:
I бөлім
Айқындама
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:
1. "Кеден әкімшілігі":
Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасының Кедендік бақылау агенттігі;
Түркия Республикасында - Түркия Республикасы Премьер-Министрінің жанындағы Кеден қызметі;
2. "Кеден заңдары" - тыйым салу, шектеу және бақылау жөніндегі шараларға жататын нормативтік құқықтық актілерді қоса алғанда, тауарларды әкелуге, әкетуге, транзитіне және өткізуге қатысты кеден әкімшіліктері қолданатын нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы;
3. "Кеден баждары мен салықтар" - кеден баждары мен салықтар, сондай-ақ мөлшерлері көрсетілген қызметтердің шамамен алғандағы құнымен шектелетін алымдар мен төлемдерді қоспағанда, тауарларды әкелу немесе әкету кезінде немесе оған байланысты алынатын басқа да барлық баждар, салықтар, алымдар немесе басқа да төлемдер;
4. "Кедендік құқық бұзушылық" - кеден заңдарын кез келген бұзу, не мұндай бұзуға әрекет жасау;
5. "Кедендік талаптар" - оларға осы Келісім қолданылатын баждардың, алымдар мен салықтардың кез келген сомасы, олардың сомаларының өсімі, аталған баждар мен салықтарға жататын, Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында жиналуы мүмкін болмайтын, қосымша төлемдер, мерзімі өткен төлемдер, пайыздар мен шығыстар;
6. "Тұлға" - кез келген жеке немесе заңды тұлға/объект;
7. "Тұлғалар туралы мәліметтер" - тұлғаға қатысты анықталған немесе анықталып жатқан кез келген деректер;
8. "Ақпарат" - электронды тасығыштардағы мәліметтерді қоса алғанда, кез келген мәліметтер, құжаттар, баяндамалар, олардың куәландырылған көшірмелері немесе кез келген нысанда берілген басқа да хабарлар;
9. "Есірткі құралдары" -1961 жылғы "Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі құралдары туралы Бірыңғай Конвенциясының" 1-ші тізімінде және 2-ші тізімінде санамаланған кез келген табиғи немесе синтетикалық заттар;
10. "Психотроптық заттар" -1971 жылғы "Біріккен Ұлттар Ұйымының психотроптық заттар туралы Конвенциясының" 1, 2, 3 және 4-тізімдерінде санамаланған заттар;
11. "Прекурсорлар" - есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын, 1988 жылғы "Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Конвенциясының" 1 және 2-тізімдерінде санамаланған бақылаудағы химиялық заттар;
12. "Сұрау салушы әкімшілік" - жәрдем сұрайтын кеден әкімшілігі;
13. "Сұрау салынған әкімшілік" - одан жәрдем сұралатын кеден әкімшілігі.
II бөлім
Келісімнің аясы
2-бап
1. Тараптар өздерінің кеден әкімшіліктері арқылы осы Келісімнің шарттарына сәйкес бір-біріне кедендік заңнаманы лайықты дәрежеде қолдану жөнінде, сондай-ақ кеден талаптарын өтеуді қоса алғанда, кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, оларды тексеру және жолын кесу жөнінде әкімшілік жәрдем көрсетеді.
2. Осы Келісімнің шеңберіндегі жәрдемді екі Тарап өз мемлекеттерінің ұлттық заңдарына сәйкес, құзыреттерінің және өздерінің кеден әкімшіліктерінде бар мүмкіндіктердің шегінде көрсетеді.
IІІ бөлім
Жәрдемдесу аясы
3-бап
1. Кеден әкімшіліктері бір-біріне сұрау салу бойынша немесе өз бастамасы бойынша кеден заңдарының лайықты қолданылуын, сондай-ақ кедендік талаптарды өтеуді қоса алғанда, кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алуды, тексеруді және жолын кесуді қамтамасыз етуге көмектесуі мүмкін ақпаратты береді.
2. Әрбір кеден әкімшілігі екінші кеден әкімшілігінің өтініші бойынша тексерулер жүргізуі кезінде, өз мемлекетінің заңдарына сәйкес әрекет етеді.
4-бап
1. Сұрау салынған әкімшілік сұрау салу бойынша кеден заңдары және Тарап мемлекетінде қолданылатын рәсімдер туралы және кедендік құқық бұзушылықтарға байланысты тексерулерге жататын қажетті ақпаратты ұсынады.
2. Әрбір кеден әкімшілігі өз бастамасы бойынша:
1) кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігі расталған жаңа әдістеріне;
2) кедендік құқық бұзушылықтар жасаудың жаңа үрдістеріне, құралдарына немесе әдістеріне қатысты кез келген қолда бар ақпаратты береді.
5-бап
1. Тараптардың кеден әкімшіліктері кеден ісі саласында бір-біріне:
1) екі кеден қызметтері пайдаланатын технологиялармен танысу мақсатында өзара тиімді негізде кеден қызметтерінің қызметкерлерімен алмасуды;
2) кеден қызметтерінің қызметкерлерін оқытуды және арнаулы дағдыларын жетілдіруге жәрдемдесуді;
3) бақылау мен анықтаудың техникалық құралдарын пайдаланудағы ақпараттармен және тәжірибемен алмасуды;
4) кеден ісі мәселелері жөніндегі сарапшылармен алмасуды;
5) кеден заңдары мен рәсімдеріне қатысы бар кәсіптік, ғылыми және техникалық деректермен алмасуды қамтитын кеден ісі саласында техникалық жәрдем көрсетуі мүмкін.
IV бөлім
Өзара әкімшілік көмектің ерекше жағдайлары
6-бап
Сұрау салу бойынша сұрау салынған әкімшілік сұрау салушы әкімшілікке, мынадай:
1) сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден аумағына әкелінетін тауарлар сұрау салынған Тарап мемлекетінің кеден аумағынан заңды түрде әкетілген болып табыла ма;
2) сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден аумағынан әкетілетін тауарлар сұрау салынған Тарап мемлекетінің кеден аумағына заңды түрде әкелінген болып табыла ма;
3) сұрау салынған Тарап мемлекетінің кеден аумағына заңды түрде әкелінген тауарлар орналастырылған кеден режимі туралы ақпараттарды ұсынады.
7-бап
1. Сұрау салу бойынша сұрау салынған әкімшілік:
1) сұрау салынған Тарап мемлекетінің кеден аумағына етулерге, атап айтқанда сұрау салушы әкімшілікке кеден заңдарын бұзушылықтар жасағандығы белгілі немесе оған күдікті адамдардың келуіне және одан кетуіне;
2) сұрау салушы әкімшілік сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден аумағына заңсыз өткізілгендігіне күдік тудыратын ретінде айқындаған тауарлардың өткізілуіне және сақталуына;
3) сұрау салушы әкімшілік олардың сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден аумағында кеден заңдарын бұзу мақсатында пайдаланылатындығы туралы мәліметтер бар көлік құралдарына ерекше қадағалауды жүзеге асырады.
2. Кеден әкімшіліктері мұндай заңсыз өткізудің алдын алу мақсатында өз мемлекеттерінің ұлттық заңдарына сәйкес, өзара уағдаластық және келісім бойынша және өз бақылауымен өз мемлекеттерінің кеден аумағы арқылы заңсыз айналымға тартылған тауарларды әкелуге, әкетуге немесе олардың транзитіне рұқсат етуі мүмкін. Егер, сұрау салынған әкімшілік тиісті рұқсат беруге құзыретті болмайтын жағдайда, ол құзыретті органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды не істі тиісті органға бере алады.
8-бап
1. Кеден әкімшіліктері бір-біріне сұрау салу бойынша немесе өз бастамасы бойынша кедендік заңдарды бұзатын немесе бұзуы мүмкін жасалған немесе дайындалып жатқан әрекеттер туралы ақпараттар береді. Мұндай ақпараттар:
1) қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттар мен ядролық материалдардың;
2) Тараптардың бірі үшін елеулі тарихи, мәдени немесе археологиялық құндылықты білдіретін өнер заттарының;
3) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ қоршаған орта мен халық денсаулығы үшін қауіп төндіретін заттардың;
4) санаткерлік меншік объектілерінің;
5) жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің, олардың бөліктері мен дериваттарының заңсыз айналымы туралы мәліметтерді қамтиды.
2. Тарап мемлекеттері бірінің экономикасына, қоғамдық денсаулық сақтауына және қауіпсіздігіне, сондай-ақ басқа да өмірлік маңызды мүдделеріне елеулі залал келтіруі мүмкін болатын ерекше жағдайларда, екінші Тараптың кеден әкімшілігі ақпаратты өз бастамасы бойынша мүмкіндігінше кешіктірмей ұсынады.
9-бап
Кеден әкімшіліктері өз мемлекеттерінің ұлттық заңдарына сәйкес кеден талаптарын өтеу мақсатында бір-біріне жәрдем көрсетеді.
V бөлім
Ақпарат
10-бап
1. Құжаттардың түпнұсқалары тек расталған көшірмелерді ұсыну жеткілікті болмайтын жағдайларда ғана сұратылады. Сұрау салынған кеден әкімшілігінен алынған түпнұсқалар алғашқы мүмкіндік туғанда қайтарылуы тиіс.
2. Осы Келісімнің шеңберінде алмасылатын кез келген ақпарат оны түсіндіру мен пайдалану жөніндегі барлық ілеспе ақпаратпен қоса жүруі тиіс.
VI бөлім
Сарапшылар
11-бап
Сұрау салынған әкімшілік сұрау салу бойынша өзінің лауазымды адамдарын сұрау салушы Тарап мемлекетінің аумағындағы сот немесе трибунал алдында кедендік жолсыздық туралы істер бойынша сарапшылар ретінде түсуге уәкілетті етуі мүмкін.
VII бөлім
Сұрау салуды беру
12-бап
1. Осы Келісімнің негізінде жүргізілетін жәрдем туралы сұрау салуларды тікелей екінші Тараптың кеден әкімшілігі жазбаша нысанда ұсынуы және ол барлық қажетті құжаттармен, атап айтқанда сұрау салушы экспорт және импорт рәсімдері кезінде ұсынылатын құжаттардың көшірмелерімен қоса жүруі тиіс. Егер, жағдаят талап етсе, сұрау салу электронды почта бойынша берілуі мүмкін. Мұндай сұрау салу бір айлық мерзімде жазбаша расталуы тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының негізінде жасалған сұрау салулар мынадай ақпаратты қамтуы қажет:
1) сұрау салушы органның атауы;
2) сұрау салудың мақсаты мен себебі;
3) істің қысқаша сипаттамасы, іске қатысы бар нормативтік актілердің тізбесі, сондай-ақ тексерудің түрі;
4) егер олар белгілі болса, тексеру объектісі болып табылатын тұлғаның аты мен мекен-жайы.
3. Кеден әкімшіліктерінің кез келгенінің белгілі бір рәсімді сақтау туралы сұрау салуы сұрау салынған Тарап мемлекетінің ұлттық заңдарына сәйкес қанағаттандырылады.
4. Осы Келісімнің шеңберінде ұсынылатын ақпарат әрбір кеден әкімшілігі осы мақсаттар үшін тағайындаған лауазымды адамдарға ғана беріледі. Мұндай лауазымды адамдардың тізімі екінші Тараптың кеден әкімшілігіне беріледі.
5. Сұрау салу ағылшын тілінде ұсынылады.
VIII бөлім
Сұрау салуларды орындау
13-бап
Егер, сұрау салынған әкімшілікте сұрау салынған ақпарат болмаса, ол өз мемлекетінің ұлттық заңдарына сәйкес осындай ақпаратты алу мақсатында сұрау салуды жүзеге асырады. Бұл сұрау салулар кедендік құқық бұзушылықпен байланысты барлық ақпараттар мен құжаттар алуды қамтиды.
14-бап
1. Жазбаша сұрау салу бойынша сұрау салушы әкімшілік тағайындаған лауазымды адамдар сұрау салынған әкімшіліктің рұқсатымен және ол ұсынуы мүмкін шарттарды сақтаған жағдайда кедендік құқық бұзушылықтарды тексеру мақсатында:
1) кедендік жолсыздыққа қатысты құжаттарды, жазбаларды және басқа да қажетті деректерді сұрау салынған әкімшілік офистеріндегі құжаттармен, жазбалармен және басқа да тиісті деректермен салыстыруы;
2) құжаттардың, жазбалардың және кедендік құқық бұзушылыққа қатысы бар басқа да мәліметтердің көшірмелерін алуы;
3) сұрау салынған Тарап мемлекетінің кеден аумағында сұрау салынған әкімшілік жүргізетін тексеру кезінде сарапшылар немесе куәгерлер ретінде қатысуы мүмкін.
2. 11-бапта немесе осы баптың 1-тармағында көзделген, сұрау салушы әкімшіліктің лауазымды адамдары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болатын жағдайларда, олар кез келген уақытта өздерінің ресми өкілеттіктерінің дәлелдерін ұсынуға қабілетті болуы тиіс.
3. Болу уақытында олар екінші Тараптың кедендік лауазымды адамдары үшін өзінің ұлттық заңдарына сәйкес көзделетіндей қорғаныспен қамтамасыз етілуі және өздері жасауы мүмкін кез келген жолсыздық үшін жауаптылықта болуы тиіс.
IX бөлім
Ақпараттардың құпиялылығы
15-бап
1. Осындай ақпаратты берген кеден әкімшілігі оны басқа мақсаттар үшін немесе басқа құқық қорғау органдары пайдалануы мүмкіндігін толық растайтын жағдайларды қоспағанда, осы Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпарат тек осы Келісімнің мақсаттарында және тек кеден әкімшіліктері ғана пайдалануы тиіс. Мұндай пайдалану ақпарат ұсынушы кеден әкімшілігі белгілейтін кез келген шектеулер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2. Сұрау салу бойынша ұсынылған мәліметтер мен құжаттар тек осы Келісімді орындау мақсатында ғана пайдаланылады және осы ақпаратты ұсынған кеден органының жазбаша келісімінсіз қайсы біреулерге берілуі, не өзге мақсаттар үшін пайдаланылуы және жария етілуі мүмкін емес.
3. Егер, бұл ақпарат ұсынушы Тараптың заңдарында көзделген жағдайда, кез келген мұндай ақпарат тек осындай мәліметтер мен құжаттарды ұсынушы кеден органының рұқсаты алынғаннан кейін ғана қылмыстық қуғындау кезінде пайдаланылуы мүмкін.
4. Осы Келісімге сәйкес алынған кез келген ақпарат екінші Тараптың заңдарына сәйкес осындай ақпаратқа таратылатын дәл осындай қорғаныспен және құпиялылық режимімен қамтамасыз етіледі.
5. Осы Келісімнің негізінде жеке тұлғалар туралы деректерді беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
X бөлім
Ерекшеліктер
16-бап
1. Егер сұрау салынған кеден әкімшілігі жәрдем көрсету мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, немесе басқа да маңызды ұлттық мүдделеріне залал келтіруі мүмкін, не өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіптік құпияны бұзуы мүмкін немесе ұлттық заңдарға қайшы келеді деп санаса, ол жәрдемдесуден толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін немесе оны жүзеге асыру кезінде белгілі бір шарттар қойылуы мүмкін.
2. Сұрау салынған әкімшілік сұрау салуды орындауды ол жүріп жатқан тексеруге, талқылауға немесе қудалауға кедергі жасауы мүмкін деген негізде кейінге қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда сұрау салынған әкімшілік сұрау салушы әкімшілікпен сұрау салуды орындаудың сұрау салынған әкімшілік талап етуі мүмкін мерзімдері мен шарттары бойынша консультациялар жүргізеді.
3. Егер жәрдемнен бас тартылса немесе ол кейінге қалдырылса, онда бас тартудың немесе кейінге қалдырудың себептері көрсетіледі.
XI бөлім
Шығыстар
17-бап
Кеден әкімшіліктері осы Келісімді орындауға байланысты шығыстарды өтемейді.
XII бөлім
Келісімді іске асыру
18-бап
1. Кеден әкімшіліктері кедендік құқық бұзушылықтарды тексеруге және олардың жолын кесуге жауапты адамдардың қажет болған жағдайларда бір-бірімен тура және тікелей байланыстар ұстауы үшін шаралар қабылдайды.
2. Кеден әкімшіліктері осы Келісімнің шеңберіндегі осы Келісімді іске асыру үшін қажетті одан арғы іс-қимылдарды келіседі.
3. Кеден әкімшіліктері осы Келісімді түсіндіруден немесе қолданудан туындайтын кез келген проблемаларды өзара келісу бойынша шешуге ұмтылады.
4. Тараптардың арасындағы осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты туындаған даулар өзара консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешілетін болады.
XIII бөлім
Қолданылуы
19-бап
Осы Келісім Тараптардың аумағында қолданылады.
Күшіне енуі және тоқтатылуы
20-бап
Осы Келісім Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар бойынша ол күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындағандығы туралы жазбаша хабардар еткеннен кейінгі 2-ші айдың 1-ші күні күшіне енеді.
21-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады, бұл ретте Тараптардың кез келгені Келісімнің қолданылуын кез келген уақытта дипломатиялық арналар бойынша тоқтата алады.
2. Осы Келісімнің қолданылуы екінші Тарапта қолданылудың тоқтатылғандығы туралы хабарлама күнінен үш ай өткеннен кейін тоқтатылады. Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы кезінде жүріп жатқан іс-шаралар соған қарамастан осы Келісімнің ережелеріне сәйкес орындалуы тиіс.
22-бап
Тараптар сұрау салу бойынша немесе осы Келісім күшіне енген күннен бастап бес жыл өткеннен кейін осы Келісімнің ережелерін қайта қарау мақсатында кездесулер өткізеді, не бір-біріне қайта қараудың қажеттілігінің жоқтығы туралы жазбаша хабарлама жолдайды.
Осыны куәландыру үшін лайықты дәрежеде уәкілетті төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
Анкара қаласында 22 мамырда әр қайсысы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Түркия Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін