Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарын жедел жабдықтау, әскери инфрақұрылым объектілерін бірлесіп пайдалану туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 20 мамырдағы N 52 Заңы

      Астанада 2004 жылғы 18 маусымда жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы  шарт Ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарын жедел жабдықтау, әскери инфрақұрылым объектілерін бірлесіп пайдалану туралы келісім бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына мүше
мемлекеттердiң аумақтарын жедел жабдықтау,
әскери инфрақұрылым объектiлерiн
бiрлесiп пайдалану туралы
КЕЛIСIМ

(2005 жылғы 25 тамызда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына (бұдан әрi - Ұйым) мүше мемлекеттер,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шартының, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымы  жарғысының , 2000 жылғы 11 қазандағы Ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнiң күштерi мен құралдарын қалыптастыру мәртебесi туралы  келiсiмнiң ережелерiн басшылыққа ала отырып,
      келiсушi Тараптардың әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiнде әскери инфрақұрылымның аумағын жедел жабдықтау және объектiлерiн бiрлесiп пайдалану мақсатында
       төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiм әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтары мүддесiнде Тараптардың әскери инфрақұрылым аумағын жедел жабдықтау және объектiлерiн бiрлесiп пайдалану тәртiбiн айқындайды.

2-бап

      Осы Келiсiмде төменде көрсетiлген терминдер мыналарды бiлдiредi:
      "аумақты жедел жабдықтау" - әскери инфрақұрылымды құру, дамыту және ұстау мақсатында жүргiзiлетiн ұйымдастыру, инженерлiк, техникалық және басқа да iс-шаралар жүйесi;
      "әскери инфрақұрылым" - ұлттық қарулы күштердi, әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтарын өрiстету, әскерлердiң ұрыс iс-қимылдарын жүргiзу және жауынгерлiк және жедел даярлығын қамтамасыз ету үшiн негiз болып табылатын, Тараптардың аумағында орналасқан өңiрдегi (стратегиялық аудандағы) стационарлық объектiлер мен жеке ғимараттар жүйесi;
      "әскери инфрақұрылым объектiлерi" - әскерлерді (күштердi) басқару пункттерi, байланыс тораптары мен желiлерi, әскерлердiң (күштердiң) орналасу орындары, инженерлiк бекiнiстер мен қоршаулар жүйесi, бекiтiлген аудандар, позициялар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерi мен құралдарының oбъектiлерi, әуеайлақтар, оқу-жаттығу орталықтары, полигондар, құбырлар, темiр және тас жолдар, арсеналдар, базалар, қоймалар, медициналық мекемелер, әскери техниканы жөндеу жөнiндегi кәсiпорындар, бейбiт уақытта Тараптардың әскерлерi (күштерi) күнделiктi қызметте пайдаланатын және соғыс уақытында пайдалануға жоспарланатын басқа да объектiлер;
      "үшiншi тарап" - Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымына мүше мемлекет болып және осы Келiсiмнiң қатысушысы болып табылмайтын тарап.

3-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мақсатында Тараптардың уәкiлеттi органдары олардың қорғаныс министрлiктерi болып табылады.

4-бап

      Тараптардың уәкiлеттi органдары Тараптардың заңнамасына сәйкес Әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтары бiрлесiп пайдалануы үшiн Әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң тiзбесiн (бұдан әрi - Тiзбе) және оларды құрудың, дамытудың және ұстаудың перспективалық жоспарын әзiрлейдi және ҰҚШҰ органдарының рәсiмдерi ережесiмен белгiленген тәртiппен Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiне бекiтуге ұсынады.

5-бап

      Тараптардың уәкiлеттi органдары бiр бiрiне "Мемлекеттiң ерекше режимдi (өте маңызды) және режимдi объектiлерiнiң тiзбесiне" енгiзiлген объектiлердi қоспағанда, бiрлесiп пайдалану үшiн бөлiнген әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң қолда бар және дамыту мен құруға жоспарланған тактикалық-техникалық деректерiн, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк құпияны құрайтын мәлiметтерiн ұсынады және оларды бiрлесiп пайдалану үшiн өтiнiм бередi.
      Әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалануға өтiнiмдердi беру тәртiбi Ұйымның Қорғаныс министрлерi кеңесiнiң шешiмiмен айқындалады.

6-бап

      Тараптар бiрлесiп пайдалануға арналған әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң тактикалық-техникалық деректерден, оларды құру мен дамыту жөнiндегi Тараптардың мемлекеттiк құпиясын құрайтын мәлiметтерден тұратын ақпараттармен алмасуды жүзеге асырады және Тараптар арасындағы көп жақты және екi жақты келiсiмге сәйкес олардың сақталуын қамтамасыз етедi.

7-бап

      Тараптар бiрлесiп пайдалану үшiн келiсiлген Тiзбеге енгiзiлген әскери инфрақұрылымның қолда бар объектiлерiн бiрлесiп пайдалануға әзiрлiкте ұстайды.
      Ұжымдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiнде Тараптар оларды дамыту (кеңейту, жаңғырту мен қайта жаңарту) жөнiндегi, сондай-ақ әскери инфрақұрылымның жаңа объектiлерiн құру жөнiндегi iс-шараларды жүргiзедi.
      Бiрлесiп пайдалану үшiн әскери инфрақұрылым объектiлерiн ұстау, дамыту мен құруды Тараптар дербес немесе көрсетiлген iс-шаралармен байланысты шығындарды қаржыландыруға үлестiк қатысу негiзiнде жүзеге асырады.

8-бап

      Тараптардың үлестiк қатысуы негiзiнде ұжымдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiнде аумақты жедел жабдықтау iс-шараларын қаржыландыру:
      - қолда бар әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң Тiзбесiне енгендерге қатысты әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтары бiрлесiп пайдалану үшiн әскери инфрақұрылым объектiлерiн құрудың, дамытудың және ұстаудың перспективалық жоспарына немесе Тараптардың жекелеген екi жақты бағдарламаларына сәйкес;
      - әскери инфрақұрылымның қайта құрылатын объектiлерiне қатысты әрбiр нақты объект бойынша Тараптардың уәкiлеттi органдары жасасқан екi жақты және көп жақты халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Көрсетiлген iс-шаралармен байланысты шығындарды қаржыландырудағы әрбiр Тараптың үлес мөлшерi жөнiндегi ұсыныстарды Тараптардың уәкiлеттi органдары әзiрлейдi және келiседi және Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң тапсырмасы бойынша Тараптардың Үкiметiне қарауға және бекiтуге енгiзiледi.

9-бап

      Тараптардың үлестiк қатысуы принципiнде құрылатын әскери инфрақұрылым объектiлерi Тараптардың бiрлескен меншiгi болып табылады. Әрбiр Тараптың үлесi бiрлесiп пайдалануға арналған әскери инфрақұрылымның нақты объектiсiнiң жаңа құрылысы немесе оны дамытуға қатысу кезiнде әрбiр Тараптың әрқайсысының қаржылай және материалдық шығындарының ара қатынасымен айқындалады.

10-бап

      Оның өтiнiшi бойынша сыртқы әскери агрессияны болдырмау және тойтарыс беру үшiн немесе террорға қарсы операцияларды жүргiзу үшiн басқа да Тараптардың әскери құралымдары келетiн Тараптың аумағында орналасқан, сондай-ақ басқа да Тараптардың аумағында орналасқан және осы құралымдардың транзитi мен iс-қимылдарын қамтамасыз ету үшiн тартылған әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалану тәртiбi 2002 жылғы 11 қазандағы Ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiнiң күштерi мен құралдарын қалыптастыру мәртебесi туралы  келiсiмнiң ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап

      Тiзбеге енгiзiлген әскери инфрақұрылым объектiлерiн бейбiт уақытта командалық-штабтық және әскери оқу-жаттығуларын өткiзу үшiн бiрлесiп пайдалану алдын ала өтiнiмдер мен оқу-жаттығуларды бiрлесiп өткiзу жоспарлары негiзiнде жүзеге асырылады, бұл ретте көрсетiлген iс-шараларды жүргiзу кезiнде осы объектiлердi пайдалану жөнiндегi шығындар оқу-жаттығуға қатысушы Тараптардың қабылдаушы Тарапқа шығындарды өтеуiмен қабылдаушы Тарапқа жүктеледi.
      Оқу-жаттығу уақытында әскери инфрақұрылым объектiсiне келтiрiлген зиянды осы зиянды келтiрген Тарап өтейдi.
      Зиянды өтеу тәртiбiн тараптардың уәкiлеттi органдарының өкiлдерiнен құрылатын келiсiм комиссиясы айқындайды.

12-бап

      Әскери инфрақұрылымның жекелеген объектiлерi (объектiлер тобы) бойынша Тараптардың уәкiлеттi органдары қажет кезiнде оларды бiрлесiп пайдалану тәртiбiн келiседi және бекiтедi.

13-бап

      Бiрлесiп пайдалануға арналған әскери инфрақұрылым объектiлерiн күрделi жөндеу, кеңейту, қайта жаңарту және жаңа құрылысы жөнiндегi iс-шаралар жүзеге асырылған аумақтардың Тараптары осы Келiсiмнен шыққан жағдайда осы Тарап халықаралық сауда практикасында қабылданған есеп айырысудың шарттары мен нысандарына сәйкес көрсетiлген iс-шараларды қаржыландыруға қатысқан басқа Тараптарға оны бiрлесiп пайдаланғаннан кейiн Тараптармен бiрлесiп айқындалған әскери инфрақұрылым объектiсiндегi олардың үлесiне баламалы құнын өтейдi. Бұл ретте әскери инфрақұрылым объектiсi осы Келiсiмнен шыққан, басқа Тарапқа олардың тиiстi үлесiн өтеген Тараптың меншiгiне өтедi.
      Басқа Тараптың аумағында әскери инфрақұрылым объектiлерiн күрделi жөндеу, кеңейту, қайта жаңғырту және жаңа құрылысы жөнiндегi iс-шараларын қаржыландыруға қатысқан Тараптар осы Келiсiмнен шыққан жағдайда оған халықаралық сауда практикасында қабылданған есеп айырысудың шарттары мен нысандарына сәйкес Тараптармен айқындалған әскери инфрақұрылым объектiсiндегi оның үлесiнiң iс жүзiндегi құнына баламалы қаржы сомасы өтеледi.
      Бұл ретте осы Келiсiмнен шыққан Тарап бiрлесiп пайдаланылған әскери инфрақұрылым объектiлерiне үшiншi Тарапты (Тараптарды) кiргiзбеуге, сондай-ақ көрсетiлген объектiлердi үшiншi Тарапқа (Тараптарға) оларды жөндеу, кеңейту, қайта жаңғырту және жаңа құрылысының жобалық-сметалық, технологиялық, техникалық құжаттамасын әзiрлеуге қатысқан, әскери мақсаттағы өнiмдердi, жабдықтар мен технологияларды жеткiзудi жүзеге асырған Тараптардың келiсiмiнсiз сатпауға және бермеуге, сондай-ақ осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң мемлекеттiк құпиясын құрайтын мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

14-бап

      Әскери инфрақұрылым объектiлерiн күрделi жөндеу, кеңейту, қайта жаңарту және жаңа құрылысын жүргiзу үшiн жабдықтарды, материалдарды, әскери мақсаттағы өнiмдер мен көлiк құралдарын Тараптардың кеден шекарасы арқылы өткiзу осы шығыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы құрамында белгiленген тәртiпте бекiтiлген ерекшелiктерiне сәйкес жiберушi және қабылдаушы Тараптардың уәкiлеттi органдарымен келiсiлген жоғарыда көрсетiлген құралдар тiзбесi негiзiнде тарифсiз реттеу шараларын қолданбай және баж, салық пен алымның барлық түрiн өндiрмей әскери мақсаттағы өнiмдердi, жабдықтар мен технологияларды жеткiзудi жүзеге асырады.
      Егер Тараптар арасында осы жағдайда өзге де көп жақты келiсiмдер жасалмаса, әскери мақсаттағы өнiмдердi өткiзу сол мақсаттарда ҰҚШ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы 1992 жылғы 15 мамырдағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негiзгi қағидаттары туралы келiсiмге және оны дамытуға қабылданған басқа да құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

15-бап

      Ұйымға мүше мемлекеттер үшiн әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалануға өтiнiм беру және осы Келiсiмдi iске асыру мәселелерiн үйлестiрудi Ұйымның бiрiккен штабы жүзеге асырады.

16-бап

      Аумақты жедел жабдықтау және әскери инфрақұрылым объектiлерiн бiрлесiп пайдалану саласындағы өзiне алған мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Тараптардың уәкiлеттi органдары Тараптардың үкiметтерi бекiтетiн осы Келiсiмнiң қосымшалары ретiнде мынадай әдiстемелердi бiрлесiп әзiрлейдi:
      әскери инфрақұрылым объектiлерiн құруды, дамыту мен ұстауды, оларда бiрлескен жұмыстарды жүргiзудi қаржыландыруға Тараптардың үлестiк жарналарының мөлшерiн айқындау жөнiнде;
      бiрлесiп жөндеу, жаңғырту, қайта жаңарту және кеңейту бойынша жұмыстар жүргiзу алдында әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң нақты құнын айқындау жөнiнде;
      бiрлесiп пайдаланғаннан кейiн әскери инфрақұрылым объектiлерiнiң нақты құнын айқындау жөнiнде;
      келiсiмнен шыққан Тараптың, әскери инфрақұрылымның объектiлерiн құруға, дамытуға және ұстауға қатысуға байланысты шығындарды басқа Тараптарға өтеу мөлшерiн айқындау жөнiнде.

17-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерi басқа да халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар қабылдаған мiндеттемелердi қозғамайды және Тараптардың халықаралық ынтымақтастықтың кез келген басқа да екi жақты және көп жақты нысандарына қатысу құқығын шектемейдi.

18-бап

      Осы Келiсiм депозитарияның оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi оған қол қоюшы Тараптардың орындағаны туралы төртiншi жазбаша хабарлама алған күннен күшiне енедi.
      Қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi кешiрек орындаған Тараптар үшiн осы Келiсiм депозитарияға тиiстi жазбаша хабарлама тапсырылған күннен күшiне енедi.

19-бап

      Осы Келiсiм 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде күшiнде болады.

20-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар жекелеген хаттамалармен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн көзделген тәртiппен күшiне енедi.

21-бап

      Осы Келiсiмдi түсiндiрумен және қолданумен байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келiссөздер жолымен шешiледi.

22-бап

      Әрбiр Тарап осы Келiсiмдi қолданған уақытта туындаған қаржылық және өзге де мiндеттемелердi реттей отырып, шығуына дейiн 6 айдан кешiктiрмей бұл туралы депозитарияға жазбаша хабарлама жiберiп, осы Келiсiмнен шыға алады.

      2004 жылғы _____ маусымда Астана қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарты Ұйымының Хатшылығында сақталады, ол осы Келiсiмге қол қойған әрбiр мемлекетке оның расталған көшiрмесiн жiбередi.

       Армения Республикасы үшiн          Қырғыз Республикасы үшiн

      Беларусь Республикасы үшiн         Ресей Федерациясы үшiн

      Қазақстан Республикасы үшiн        Тәжiкстан Республикасы үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады