Қан мен оның компоненттерінің донорлығы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы N 64 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Заңымен

      Ескерту. Заңның күші жойылды - ҚР 2009.09.18. N 193-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 186-баптан қараңыз) Заңымен. 
 
  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында қан мен оның компоненттерінің донорлығы саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және қан мен оның компоненттері донорлығының құқықтық, әлеуметтік, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді.

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) донорлық функция - медициналық тексеруді және қан мен оның  компоненттерін медициналық мақсаттар үшін тапсыру рәсімін орындауды қамтитын донордың ерікті актісі;
 

      2) екі мәрте плазмаферез - бірізді екі сатылы плазмаферез арқылы донор қанының плазмасын алу әдісі;
 

      3) изоиммундық плазма тапсыру - бойында белгілі бір концентрациядағы табиғи өзіндік ерекшелікті қорғаныш элементтері анықталған және (немесе) қан жасушаларының әсері болған донорлардың плазма тапсыруы;
 

      4) иммундық плазма тапсыру - жекелеген ауруларды емдеу немесе қан препараттарын алу үшін нысаналы түрде қолданылатын плазма алу мақсатында алдын ала өзіндік ерекшелікті заттардың әсері қолданылған донорлардың плазма тапсыруы;
 

      5) консервациялау құралдары - қан жасушаларын сақтауға және олардың организмнен тыс тіршілігін қолдауға арналған құралдар;
 

      6) қан компоненттері - қанның плазма және нысанды элементтер түрінде бөлініп алынатын құрамдас бөліктері;
 

      7) қан мен оның компоненттерін дайындау - донордан қан алуды, оны консервациялауды, компоненттерге бөлуді қамтитын іс-шаралар кешені;
 

      8) қан мен оның компоненттерін құю - қан мен оның компоненттерін реципиенттің организміне енгізу;
 

      9) қан мен оның компоненттерінің донорлығы (бұдан әрі - донорлық) - донорлардың қан мен оның компоненттерін медициналық мақсаттар үшін тапсыру арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға ерікті түрде қатысуы;
 

      10) қан мен оның компоненттерінің доноры (бұдан әрі - донор) - қан мен оның компоненттерін медициналық мақсаттар үшін ерікті түрде тапсырған жеке тұлға;
 

      11) қанды консервациялау - қанның құрамы мен қасиеттерінің ұзақ мерзiм бойы сақталуына жағдай жасау мақсатында донорлық қанды консервациялау құралында дайындау;
 

      12) қан тапсыру - донор тапсыратын қанның бiржолғы көлемi;
 

      13) қан тапсыру пунктi - стационарлық және көшпелi жағдайларда қан мен оның компоненттерi алынатын орын;
 

      14) қан препараттары - қан компоненттерiн өңдеу кезiнде алынатын емдiк заттар;
 

      15) плазма - қанның жекелеген элементтерiнен босатылған құрамдас бөлiгi;
 

      16) плазма тапсыру - донор қанының плазмасын плазмаферез әдiсiмен бiржолғы бөлiп алу;
 

      17) плазмаферез - кейiннен қанның жекелеген элементтерiн донорға қайтара отырып, қанды бөлу арқылы оның қанының плазмасын алу әдiсi;
 

      18) реципиент - донордың қаны немесе оның компоненттерi құйылатын пациент;
 

      19) уәкiлеттi орган - азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы.

       2-бап. Қазақстан Республикасының донорлық туралы
               заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының донорлық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Донорлық саласындағы мемлекеттiк саясаттың
               принциптерi

      Қазақстан Республикасының донорлық саласындағы мемлекеттiк саясаты:
 

      1) қан мен оның компоненттерiн тапсырудың ерiктiлігі;
 

      2) донорлық функциясын орындау кезiнде донордың денсаулығын сақтауға кепілдiк беру;
 

      3) донорлардың мемлекеттiк кепiлдiктерін, әлеуметтік қорғалуын және құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету;
 

      4) донорлық қан мен оның компоненттерiнiң қауіпсiздiгi;
 

      5) донордың, реципиенттiң және қан қызметi қызметкерiнiң денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық принциптері негізінде жүргізіледі.

       4-бап. Донордың құқықтарын қамтамасыз ету кепілдіктері

      1. Донор донорлық функциясын орындаған кезде мемлекет оның құқықтарын қорғауға және өміpi мен денсаулығын сақтауға кепілдік береді.
 

      2. Қан қызметі саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының лауазымды адамдары донорды қан мен оның компоненттерін алудың шарттары мен тәртібі туралы, сондай-ақ қан мен оның компоненттерін тапсыру кезінде оның денсаулығын сақтау кепілдіктері туралы  хабардар етуге міндетті.
 

      3. Донорлық функциясын орындау кезінде донордың өмipi мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу  азаматтық заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
 

      4. Донордың өмipi мен денсаулығына донорлық функциясын орындауға байланысты зиян келтірілген кезде, оның зиянды тиісінше өтетуге және әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, ал донор қайтыс болған жағдайда зайыбының (жұбайының), балаларының, ата-анасының және оның асырауындағы адамдардың Қазақстан Республикасының  заңнамасымен белгіленген тәртіпте өтемақы және әлеуметтік көмек алуға құқықтары бар.

       5-бап. Мемлекеттік органдардың донорлық саласындағы
               құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының Yкiметі:
 

      1) Қазақстан Республикасында донорлықты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты айқындайды және іске асырады;
 

      2) Қазақстан Республикасының қан қызметін дамытуды жүзеге асырады;
 

      3) донорлық саласындағы салалық (секторлық) бағдарламаны бекітеді;
 

      4) Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгіленген тәртіппен донорлық қан мен оның компоненттерін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкетудің тәртібін бекітеді және әкетуге рұқсат береді.
 

      2.  Уәкілетті орган :
      1) донорлық саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз етеді;
 

      2) донорлық саласындағы бағдарламаларды әзірлейді және олардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
 

      3)  донорларды   ынталандыру жүйесін әзірлейді және бекітеді;
 

      4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше оқиғалар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгіленген тәртіппен донорлық қан мен оның компоненттерін тапсыру пункттерін ұйымдастыру жөніндегі басшылықты жүзеге асырады;
 

      5) қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтады;
 

      6) қан қызметi саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда қан мен оның компоненттерін, қан препараттарын, консервациялау құралдарын дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу  тәртібін айқындайды;
 

      7) денсаулық сақтау ұйымдарында қан мен оның компоненттерін, қан препараттарын сақтаудың, құюдың  тәртібін айқындайды;
 

      8) донорды медициналық тексеру  тәртібін айқындайды.

       6-бап. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың
               донорлық саласындағы құзыреті

      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкілді органдары (мәслихаттары):
 

      1) қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының дамуына және жұмыс icтеуіне бағытталған ic-шараларды  бекітеді;
 

      2) донорларды қосымша ынталандыру туралы шешім қабылдауға құқылы.
 

      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары (әкімдіктері):
 

      1) донорлық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
 

      2) қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының дамуына және жұмыс icтeуiнe бағытталған ic-шараларды әзірлейді және іске асырады;
 

      3) донорларды қосымша ынталандыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

       7-бап. Денсаулық сақтау ұйымдары және қан қызметі
               саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар

      1. Қан мен оның компоненттерін дайындауды, консервациялауды, өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті  лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
 

      2. Қан препараттарын және консервациялау құралдарын өндіруді қан қызметі саласындағы тиісті  лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.
 

      3. Қан қызметі саласындағы қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар қан мен оның компоненттерінің, қан препараттарының, консервациялау құралдарының сапасы үшiн Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгiленген тәртіппен жауаптылықта болады.
 

      4. Қан мен оның компоненттерiн, қан препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары peципиенттің денсаулығы үшін Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгiленген тәртіппен жауаптылықта болады.
 

      5. Қан қызметi саласындағы ұйымдар шығаратын қан мен оның компоненттерi, қан препараттары, консервациялау құралдары Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгiленген тәртіппен мiндеттi бақылауға жатады.

       8-бап. Донорлық қанның, оның компоненттерінің, олардан
               дайындалатын препараттардың, консервациялау
               құралдарының қауiпсiздігі мен сапасын
               қамтамасыз ету

      1. Реципиенттерге қанды, оның компоненттерi мен препараттарын құюды қамтамасыз ететiн денсаулық сақтау ұйымдары мен медициналық қызметкерлер қанның, оның компоненттерiнiң және қан препараттарының қауiпсiздiгi мен сапасы жөнiндегi тиiстi талаптардың сақталуына бақылауды қамтамасыз етуге мiндеттi. Қан мен оның компоненттерiнiң, қан препараттарының, консервациялау құралдарының қауіпсiздiгі мен сапасы жөнiндегi талаптардың  тiзбесiн және  бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгілейдi.
 

      2. Донорлық қан, оның компоненттерi, олардан дайындалған препараттар және оларды өңдеу мен дайындау кезiнде қолданылатын консервациялау құралдары сапа бақылауынан өткенше және тиiсiнше таңбаланғанға дейiн пайдаланылмайды немесе өткiзуге берiлмейдi.

       9-бап. Қоғамдық бiрлестiктер

      Қоғамдық бiрлестiктер Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы  заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында донорлықты насихаттау мен дамытуға қатысуға құқылы.

       10-бап. Донор, оның құқықтары мен мiндеттерi

      1. Тиiстi медициналық тексеруден өткен және қан тапсыру үшiн денсаулығының жарамсыз көрсеткiштерi жоқ, медициналық мақсаттар үшiн қан мен оның компоненттерiн тапсыруға ерiктi түрде ниет білдiрген он сегiз жастан алпыс жасқа дейінгі жеке тұлға донор болуға құқылы.
 

      2. Донор:
 

      1) қан мен оның компоненттерін ақысыз немесе осы заңда белгіленген мөлшердегі ақшалай өтемақы үшін тапсыруға;
 

      2) медициналық тексеру нәтижелерімен танысуға құқылы.
 

      3. Донор зардап шегетін және бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
      Донорлық функцияны орындау кезінде өз денсаулығының жай-күйі туралы өзіне белгілі мәліметтерді қасақана жасырып қалған немесе бұрмалаған адам, егер мұндай әрекеттер реципиенттердің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

       11-бап. Донорды медициналық тексеру

      1. Донор қан мен оның компоненттерін тапсырғанға дейін уәкілетті орган белгілеген  тәртіппен тегін медициналық тексеруден өтеді. Донорлардың медициналық тексеруден өтуі міндетті.
 

      2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жағдайы туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.

       12-бап. Донорға берілетін кепілдіктер

      1. Медициналық тексеру және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болып табылатын қызметкерді жұмыс беруші орташа айлық жалақысын сақтай отырып, жұмысынан босатады.
 

      2. Егер донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері жұмысқа шықса, оған орташа айлық жалақысын сақтай отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
 

      3. қызметкерді қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері түнгі уақыттағы, мерзімнен тыс жұмыстарға, ауыр, зиянды (өте зиянды) және қауіпті (өте қауiптi) еңбек жағдайлары бар жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
 

      4. Донор болып табылатын әскери қызметшi қан мен оның компоненттерiн тапсыру күндерi нарядтар, вахталар және қызметтiң басқа да нысандарын өткеруден босатылады.
 

      5. Донор болып табылатын студенттер, оқушылар қан мен оның компоненттерiн тапсыру күндерi оқу-тәрбие процесiнен босатылады.
 

      6. Донорға қан мен оның компоненттерiн тапсыруының жиынтық caнын ескере отырып берiлетiн қосымша ынталандыру шаралары Қазақстан Pecпубликасының  нормативтік құқықтық актілерiмен айқындалады.

       13-бап. Жұмыс берушілер мен ұйымдар басшыларының
                донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар
                жасау жөнiндегi мiндеттерi

      Жұмыс берушiлер мен ұйымдар басшылары:
 

      1) мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының азаматтарды донорлар қатарына тартуына жәрдем көрсетуге;
 

      2) қан мен оның компоненттерiн алу үшін қажеттi үй-жайларды өтеусiз беруге және жағдай жасауға;
 

      3) донор болып табылатын қызметкердi тексеру және қан мен оның компоненттерiн тапсыру күнi жұмыстан кедергiсiз босатуға;
 

      4) донор болып табылатын қызметкерге осы Заңда белгiленген кепiлдiктердi беруге мiндеттi.

       14-бап. Донорлық қан мен оның компоненттерiн, қан
                препараттарын Қазақстан Республикасынан тысқары
                жерлерге әкету тәртiбi

      1. Донорлық қан мен оның компоненттерiн, қан препараттарын Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкетуге:
 

      1) Қазақстан Республикасында өндiрiлмейтiн қан компоненттерi мен препараттарына айырбас жасалған;
 

      2) Қазақстан Республикасының шетелдегі азаматтарына шұғыл көмек көрсетілетiн жағдайларда;
 

      3) Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсеткен ретте жол беріледi.
 

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған негіздер бойынша қан мен оның компоненттерiн, қан препараттарын әкетуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Үкiметi бередi.
 

      3. Қан мен оның компоненттерін, қан препараттарын басқа мемлекеттерге сатуға тыйым салынады.

       15-бап. Донорға берілетін өтемақы

      1. Донорлық функцияны өтеусіз жүзеге асыратын донор қан мен оның компоненттерін тапсырғаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің әл-қуаты шығындарының орнын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы  заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 0,25 мөлшеріндегі оның ақшалай баламасын алады.
 

      2. Қан мен оның компоненттерін тапсырған донорға ақысы үшін ақшалай өтемақы мынадай мөлшерлерде төленеді:
 

      1) бір мәрте қан тапсырғаны үшін (450+10 миллилитр қан) - 2 айлық есептік көрсеткіш;
 

      2) екі мәрте плазмаферез жағдайында плазма тапсырғаны үшін (500+40 миллилитр плазма) - 4 айлық есептік көрсеткіш;
 

      3) екі мәрте плазмаферез жағдайында иммундық плазма тапсырғаны үшін (500+40 миллилитр иммундық плазма) - 7 айлық есептік көрсеткіш;
 

      4) екі мәрте плазмаферез жағдайында изоиммундық плазма тапсырғаны үшін (500+40 миллилитр иммундық плазма) - 8 айлық есептік көрсеткіш.
 

      3. Донорға өтемақыны қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары төлейді.

       16-бап. Төтенше және соғыс жағдайларында донорлық
                рәсімді орындау

      Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының  төтенше және  соғыс жағдайы туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

       17-бап. Қазақстан Республикасының донорлық туралы
                заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының донорлық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының  заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

       18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады