Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швеция Корольдігінің Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 15 желтоқсандағы N 106 Заңы

      Стокгольмде 2004 жылғы 25 қазанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швеция Корольдігінің Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швеция
Корольдігінің Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен
жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы
КЕЛІСІМ (2006 жылғы 12 наурызда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты) 

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швеция Корольдігінің Үкіметі,
      Тараптар мемлекеттерінің арасында жолаушы және жүк қатынасын дамытуға, экономикалық қарым-қатынастарды кеңейту мүддесінде ықпал етуге тілек білдіре отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

  I. ҚОЛДАНУ САЛАСЫ
1-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында және осы аумақтардың бірі арқылы транзитпен жалға алу бойынша, немесе сыйақы үшін, немесе өз есебінен жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарына қолданылады. Осы Келісімнің ережелері бір Тарап мемлекетінің аумағы бойынша (каботаж) және Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағы мен үшінші мемлекет арасында екінші Тараптың мемлекетінде тіркелген көлік құралдарымен жолаушыларды және жүктерді тасымалдауға да қолданылады.

  II. АЙҚЫНДАМАЛАР
2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      1. "Тасымалдаушы" термині Тараптардың бірінің мемлекетінде тіркелген және ұлттық заңнамаға сәйкес тіркелген мемлекетінде жалға алу бойынша, сыйақы үшін немесе өз есебінен жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын орындауға заңды түрде рұқсат етілген заңды немесе жеке тұлғаны білдіреді;
      2. "Көлік құралы" термині автокөлік құралын немесе олардың ішінен автокөлік құралы Тараптардың ең болмағанда бірінің мемлекетінде тіркелген және тек жолаушылар және/немесе жүк автомобиль тасымалдарына пайдаланылатын көлік құралдарының жиынтығын білдіреді;
      3. "Жолаушы автокөлік құралы" термині механикалық жетегі, жүргізушінің орнын қоса алғанда, отыруға арналған 9-дан астам орны бар кез келген көлік құралын білдіреді;
      4. "Тұрақты жолаушылар тасымалы" термині олардың кезінде жекелеген бағыттар бойынша белгіленген уақыт аралықтарында жолаушылар тасымалдары жүзеге асырылатын әрі алдын ала белгіленген аялдама пункттерінде жолаушыларды отырғызу және түсіру жүргізілетін қызметтерді білдіреді.

  3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімнің шарттарын орындау жөніндегі құзыретті органдары:
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі.
      Швеция Корольдігінде:
      а) Осы Келісімнің  4,    5,    6,    10,    11  және  15-баптарына сәйкес (жолаушылар тасымалдарына қатысты) Ұлттық Жол әкімшілігі;
      b) Осы Келісімнің 8, 9, 10, 11 және 15-баптарына сәйкес (жүк тасымалдарына қатысты) Швед кеден органдары/Халықаралық көлік рұқсаттары;
      с) Осы Келісімнің  16,    17,    18-баптарына сәйкес Швеция Корольдігінің Үкіметі, Өнеркәсіп, жұмыспен қамту және коммуникациялар министрлігі болып табылады.

  III. ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ
4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің аумақтарынан немесе Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында, сондай-ақ олардың аумақтары бойынша транзитпен жалға алу бойынша, сыйақы үшін немесе өз есебінен жолаушы автокөлік құралдарымен орындалатын барлық көлік тасымалдары, осы Келісімнің  7-бабында көрсетілген тасымалдарды қоспағанда, рұқсаттар негізінде жүзеге асырылады.

  5-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің арасындағы немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен орындалатын тұрақты жолаушылар тасымалдары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің әрбір құзыретті органы өз мемлекетінің аумағы бойынша өтетін жол учаскесіне рұқсат береді.
      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсатты беру шарттарын, атап айтқанда, оның қолданылу мерзімін, көлік тасымалдарын орындау жиілігін, кестені және қолданылатын тарифтерді, сондай-ақ тұрақты қызмет көрсетуді үздіксіз және тиімді жүзеге асыру үшін қажетті кез келген басқа да мәліметтерді бірлесіп белгілейді.
      4. Рұқсат беруге өтінім, көлік құралы тіркелген мемлекеттің осы өтінімді қабылдауға немесе оны қабылдаудан бас тартуға құқығы бар құзыретті органына ұсынылады. Егер өтінім қарсылық тудырмаған жағдайда, мұндай құзыретті орган бұл туралы екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органына хабарлайды.
      5. Өтінімге қажетті мәліметтері бар құжаттарды (ұсынылып отырған кестелер, тарифтер және бағыт, жыл ішінде қызметтер ұсынылатын уақыт кезеңі мен қызметтер ұсынуды бастау болжанған күн) қоса беру қажет. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарына тасымалдаушылардан өздері қажет деп санайтын деректерді сұратуға рұқсат етіледі.

  6-бап

      Осы Келісімнің  5-бабында қамтылмаған кез келген тұрақты емес тасымалдар рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Рұқсат беруге өтінімдер аумағында тасымалдаушы тіркелген, осы өтінімді өз қорытындысымен екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органына беретін Тарап мемлекетінің құзыретті органына жіберіледі.

  7-бап

      Адамдардың нақ сол тобы нақ сол көлік құралымен мынадай жағдайлардың бірінде тасымалданса:
      а) көлік құралы тіркелген елде басталатын және аяқталатын экскурсиялық турлар кезінде, немесе
      b) егер өзгеше рұқсат етілмеген, көлік құралы тіркелген елге бос қайтуы шартымен, көлік құралы тіркелген елде басталатын және екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы баратын пунктте аяқталатын сапар кезінде, немесе
      с) тұрақты емес сипаттағы транзиттік тасымалдау кезінде рұқсат талап етілмейді.
      Осындай тасымалдарды рұқсатсыз жүзеге асыру үшін Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары Бірлескен комиссия белгілейтін ең төменгі экологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс.

  IV ЖҮК КӨЛІГІ
8-бап

      1. Жүктерді автокөлік құралдарымен Тараптар мемлекеттерінің арасында немесе олардың аумағы бойынша транзитпен тасымалдау Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады.
      2. Егер рұқсаттың өзінде өзгеше келісілмесе, әрбір тасымалға баратын және кері қайтатын бір рейсті орындау құқығын беретін жеке рұқсат беріледі.
      3. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жыл сайын рұқсаттар бланкілерінің өзара келісілген санымен алмасады. Бұл бланкілерде жауапты адамның қолы мен рұқсатты берген құзыретті органның мөрі болуы тиіс.
      4. Тараптар Бірлескен Комиссия белгілеген ең төменгі экологиялық талаптарға жауап беретін осындай көлік құралдарын пайдалануға жәрдемдесуге бағытталған шаралар қабылдайтын болады.

  9-бап

      Егер осы мақсат үшін осы екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органы рұқсат бермесе, бір Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген тасымалдаушы екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы екі пункттің аралығында жүк тасымалдарын орындай алмайды.

  V. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
10-бап

      Егер тек осындай екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органы осы мақсат үшін рұқсат бермесе Тараптар мемлекеттерінің бірінің тасымалдаушысына екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кез келген үшінші елге, немесе керісінше көлік операциясын жүзеге асыруға тыйым салынады.

  11-бап

      1. Көлік құралдарының салмағы мен көлеміне қатысты әрбір Тарап екінші Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген көлік құралдарына өз мемлекетінің аумағында тіркелген көлік құралдарына қолданылатын шарттарға қарағанда неғұрлым шектеулі болып табылатын шарттарды қолданбауға міндеттеме қабылдайды.
      2. Көлік құралының салмағы мен көлемі көлік құралын ресми тіркеу құжаттарында көрсетілген деректерге сәйкес болуы тиіс.
      3. Тараптардың бірінің мемлекетінің тасымалдаушылары екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірген кезде көлік құралдарының салмағы мен көлеміне қатысты осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
      4. Егер Тараптар мемлекеттерінің кез келгенінде тіркелген көлік құралының салмағы және/немесе көлемі екінші Тарап мемлекетінің аумағында рұқсат етілген ең үлкен салмақтан және/немесе көлемінен артық болса, онда арнайы рұқсат талап етіледі. Тасымалдаушы мұндай рұқсатты осы Тарап мемлекетінің құзіретті органынан оның мемлекетінің аумағына кіргенге дейін алуы тиіс.

  12-бап

      1. Бір Тарап мемлекетінің осы Келісімге сәйкес екінші Тарап мемлекетінің аумағында тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдары осындай аумақта көлік құралдарын пайдаланғаны және иелік еткені үшін алынатын барлық салықтардан, алымдардан және басқа төлемдерден босатылады.
      2. Осы бапта көрсетілген босатулардың Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес ақылы жолдар үшін алынатын алымдарға, автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін салынатын салыққа және қосылған құн салығына, сондай-ақ көлік құралының стандартты отын бактарындағы отынды қоспағанда, көлік құралдарынан отынға алынатын кедендік және акциздік алымдарға қатысы болмайды.

  13-бап

      Тасымалдаушылар мен олардың көлік құралдарының экипаждары екінші Тарап мемлекетінің аумағында тасымалдарды жүзеге асыру кезінде осы мемлекетте қолданылатын ұлттық заңнамаларына сақтауы тиіс.

  14-бап

      Осы Келісімде, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес шешіледі.

  15-бап

      Егер бір Тараптың мемлекетінде тіркелген тасымалдаушы екінші Тарап мемлекетінің аумағында бола тұрып, осы Келісімнің қандай да бір ережесін бұзса, ол туралы аумағында бұзушылық жасалған Тарап мемлекетінің құзыретті органы оның мемлекетінің аумағында қолданылатын қандай да бір заңнамалық санкцияға залал келтірместен оның мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделетіндей шаралар қабылдайтын екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органына хабарлауы тиіс. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қолданылған санкциялар туралы бір-бірін хабардар етеді.

  16-бап

      Екі Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдарының тікелей келісуімен шешілуі мүмкін болмайтын осы Келісімді қолдануға байланысты проблемалар мен мәселелерді шешу үшін Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының өкілдерінен Бірлескен комиссия құрылады. Бірлескен комиссияның отырыстары Тараптардың бірінің мемлекетінің құзыретті органының өтініші бойынша өткізіледі.

  17-бап

      Тараптардың екеуі де мақұлдаған осы Келісімге енгізілетін кез келген өзгерістер олардың тиісті конституциялық талабының орындалғаны туралы Тараптар жазбаша нысанда бір біріне хабарлаған күнінен бастап күшіне енеді.

  18-бап

      1. Осы Келісім Тараптардың осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті тиісті конституциялық талаптарының орындағаны туралы бір-біріне жазбаша түрде хабарлағаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім егерде Тараптардың бірде-біреуі дипломатиялық арналар бойынша екінші Тарапқа өзінің оның күшін тоқтау ниеті туралы алты айға дейін хабардар етпесе, белгіленбеген мерзімге күшінде қалады.
      Осыны куәландыру үшін осыған тиісті түрде уәкілетті бола отырып төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2004 жылғы 25 қазанда Стокгольм қаласында әрқайсысы қазақ, швед, орыс және ағылшын тілдеріндегі екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының        Швеция Корольдігінің
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Осымен 2004 жылғы 25 қазанда Стокгольм қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швеция Корольдігінің Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігінің
      Халықаралық-құқық
      департаментінің Кеңесшісі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады