Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 17 наурыздағы N 134 Заңы

       Иламабадта 2003 жылғы 8 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН ПӘКСТАН ИСЛАМ
РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ ӨЗАРА
КӨТЕРМЕЛЕУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

      Бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Пәкстан Ислам Республикасының Yкiметi,
      бiр Уағдаласушы Тараптың екiншi Уағдаласушы Тарап аумағындағы инвесторлар жүзеге асыратын инвестициялар үшiн қолайлы жағдайлар жасауды ниет ете отырып,
      екi ел арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау өзара тиiмдi сауданың, экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастықтың дамуына ықпал ететiнiн назарға ала отырып,
      инвестициялардың қолайлы, заңды және әдiл жағдайының инвестициялаудың мықты инвестициялық негiзiн қолдау және экономикалық ресурстарды барынша тиiмдi пайдалану үшiн ыңғайлылығын тани отырып,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап
Анықтамалар

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      1. Әрбiр Уағдаласушы Тараптар үшiн "инвестор" терминi:
      а) мемлекеттiң заңнамасына сәйкес Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылатын жеке тұлғаны;
      б) бiр Уағдаласушы Тараптың аумағында өзiнiң орналасқан жерi бар және екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында инвестициялауды жүзеге асыратын, мемлекеттiң заңнамасына сәйкес бiр Уағдаласушы Тарап құрған заңды тұлғаны бiлдiредi.
      2. "Инвестициялар" терминiне кез келген Уағдаласушы Тараптың иелiгiндегi және басқа Уағдаласушы Тараптың аумағында сол мемлекеттiң заңнамасына сәйкес инвестицияланатын мүлiктiң барлық түрi енедi және атап айтқанда мыналарды қамтиды, бiрақ ерекше емес:
      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi және импортқа шығарылатын және өңдеусiз сатуға арналған тауарлардан өзге, онымен байланысты кез келген басқа да құқықтарды;
      б) акция, салымдар, облигация, бағалы қағаздар және қоғамдарға немесе Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес тiркелген өзге де заңды тұлғаларға қатысудың басқа да нысандарын;
      в) кiрiстердi қайта инвестициялау және негiзгi қарыз бен кредиттiк келiсiмдер бойынша пайыздарды төлеу;
      г) экономикалық құндылықтарды алу немесе экономикалық құндылығы бар қызмет көрсетулер үшiн инвестицияланған ақша түрiндегi кепiлдiктiң құқығы;
      д) авторлық құқықтарды, патенттердi, сауда белгiлерiн, өнеркәсiптiк үлгiлердi, қызмет көрсету белгiлерiн, ноу-хау және "гудвиллдi" қоса алғанда санаткерлiк меншiк нәтижелерiне арналған құқығы;
      е) заңнамаға немесе жекелей алғанда, табиғи ресурстарды барлауға, әзiрлеуге және өндiруге арналған құқықтарды қоса алғандағы шарттарға сәйкес ұсынылған экономикалық қызметтi жүзеге асыру құқығы.
      Олар жүзеге асырылған инвестиция нысанындағы кез келген одан әрi өзгерiстер мұндай өзгерiстер аумағында инвестиция жүзеге асырылған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасына қайшы болмаған жағдайда инвестиция сапасындағы олардың бiлiктiлiгiне ықпал етпейдi.
      3. "Табыстар" терминi инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесiнде алынатын ақшалай немесе басқарғаны, техникалық қызмет көрсеткенi үшiн пайданы, дивидендтердi, пайыздарды және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес алынатын басқа да қаражатты қоса алғанда заттай нысандағы қаражатты бiлдiредi.
      4. "аумақ" терминi Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы халықаралық құқыққа сәйкес құқықтарын және заңын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы мен Пәкстан Ислам Республикасының тиiсiнше егемендi аумағын бiлдiредi.

  2-бап
Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап ұлттық заңнамаға сәйкес өз аумағында инвестицияларды жүзеге асыру үшiн екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын қолдайтын және оларға қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторының инвестициялары үшiн әдiл және тең құқықты режимдi қамтамасыз етедi және өздiгiнен немесе басқарудың, пайдаланудың, қолданудың немесе иелiк етудiң кемсiтушiлiк шараларымен бұл инвестицияларды бұзбайтын болады.
      3. Қайта инвестициялаудан түсетiн пайдалар бастапқы инвестициялар сияқты қорғанысты қолданады.

  3-бап
Инвестициялардың құқықтық режимi

      1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысты өз инвесторларының немесе үшiншi ел инвесторларының инвестицияларына берiлетiнiне қарағанда қолайлылығы кем емес режимдi қамтамасыз етедi.
      2. Осы Келiсiмге сәйкес ұсынылған режим мыналарға:
      а) Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұсынатын немесе кеден немесе экономикалық одаққа, еркiн сауда аймағына қатысуымен байланысты басқа елдердiң инвесторларына ұсына алмайтын басымдықтарға;
      б) Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұсынатын немесе Қосарлы салық салуды болдырмау туралы келiсiм немесе салық мәселелерi жөнiндегi басқа да келiсiмдер негiзiнде басқа елдердiң инвесторларына ұсына алатын басымдықтарға қатысты болмайды.

  4-бап
Барынша қолайлы режим қағидаты

      Егер Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасында екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторларына осы Келiсiмде көзделгеннен анағұрлым қолайлы режим ұсынатын ереже болса, бұл ереже осы Келiсiмнен басым болады.

  5-бап
Экспроприациядан кепiлдеме

      1. Уағдаласушы Тараптардың кез келген инвесторларының инвестициялары экспроприацияланбайды, ұлттандырылмайды, иелiктен айырылмайды немесе мұндай шаралар көпшiлiк мүддеде қабылданатын және заңнамада белгiленген тәртiпке сәйкес кемсiтушiлiксiз, дереу, баламалы және тиiмдi өтемақы төлей отырып жүргiзiлетiн жағдайларды (бұдан әрi - экспроприация) қоспағанда, экспроприация, ұлттандыру, иелiктен айыру сияқты салдарларға алып келетiн өзге де шараларға ұшырамайды. Өтемақы инвесторға экспроприация туралы белгiлi болған сәттегi экспроприацияланған инвестициялардың нарықтық құнына тең болуы тиiс.
      2. Өтемақы экспроприация күнiнен және төлем күнiнен бастан Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес есептелген қолданыстағы ставкаға сәйкес пайыздарды қамтуы тиiс. Өтемақы инвестициялар жүзеге асырылған валютамен не инвестордың келiсiмiмен кез келген басқа валютамен төленетiн болады. Өтемақы тиiмдi жүзеге асырылуы және шектеулерсiз, артық кiдiрiссiз еркiн ауыстырылуы тиiс.
      3. Зардап шеккен инвестор Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің заңнамасына сәйкес меншiгi экспроприацияланған жағдайда бұл Уағдаласушы Тараптың сот немесе өзге де органдарына өзiнiң iсiн жiберуге және осы Бапта мазмұндалған қағидаттарға сәйкес өз инвестицияларының құнын айқындауға құқығы бар.
      4. Уағдаласушы Тарап мұндай Уағдаласушы Тараптың аумағында күшi бар заңнамаға сәйкес тiркелген немесе құрылған және онда екiншi Уағдаласушы Тарап инвесторларының акциялары бар компания активтерiн экспроприацияласа, ол осы баптың ережелерi екiншi Уағдаласушы Тараптың акциялардың иесi болып табылатын мұндай инвесторларының инвестицияларына қатысты тез, баламалы және тиiмдi өтемақыны қамтамасыз ету үшiн қажеттi шекте қолдануын қамтамасыз етуi тиiс.

  6-бап
Зиянды өтеу

      Инвестицияларына екiншi Уағдаласушы Тарап аумағында соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, төңкерiстiң, ұлттық төтенше жағдайдың немесе азаматтық тәртiпсiздiктердiң нәтижесiнде зиян келтiрiлген бiр Уағдаласушы Тараптың инвесторларына реституцияға, зиянның орнын толтыруға, өтеуге немесе өзге де реттеуге қатысты өз инвесторларына не үшiншi елдiң инвесторларына ұсынатынына қарағанда анағұрлым қолайлы болып табылатын режим ұсынылады.

  7-бап
Инвестициялармен байланысты төлемдердiң аударымдары

      1. Уағдаласушы Тараптар инвестициялармен байланысты қаражаттың барлық аударымдары Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнің заңнамасында белгiленген рәсiмдерге сәйкес еркiн және шектеулерсiз және кiдiрiссiз жүзеге асырылатынына кепiлдiк бередi, онда мыналар көзделуi мүмкiн:
      (а) еркiн аударымдар құқығы бұзылмауын ескере отырып, мұндай аударымдарды ресiмдеудiң ережелерi;
      (б) аударым сомаларына салықтар, алымдар және ұстап қалулар;
      (в) кредиторлардың заңды құқықтарын қорғау немесе сот талқыламасы барысында шығарылған шешiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету.
      Осы Бапта көрсетiлген рәсiм әдiл және кемсiтушiлiксiз болуы тиiс.
      2. Осы Келiсiмнiң аударымдары атап айтқанда, мыналарды, бiрақ ерекше емес:
      а) бастапқы инвестицияланатын капитал және инвестицияларды ұстау немесе ұлғайту үшiн кез келген қосымша сомаларды;
      б) пайда, пайыздар, дивидендтер, авторлық сыйақылар немесе төлемдер және басқа да ағымдағы кiрiстердi;
      в) осы Келiсiмнiң 5 және 6-баптарына сәйкес өтемақыларды;
      г) инвестициялық дауларды реттеу кезiнде туындайтын төлемдердi;
      д) кредиттiк келiсiм-шарттарға сәйкес төлемдердi;
      е) түсiм тек құзырлы органның рұқсаты бойынша еркiн аударылуы мүмкiн жағдайда, инвестицияларды сатудан немесе бөлiгiн немесе барлығын жоюдан түскен түсiмдi;
      ж) бiр Уағдаласушы Тараптың азаматтары екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында жүзеге асырған инвестициялармен байланысты орындайтын жұмыстар мен қызметтер үшiн валютамен және ол мемлекеттiң заңнамасында көзделген тәртiпте алған еңбекақысын немесе өзге де төлемдердi;
      з) санаткерлiк меншiк құқықтарына байланысты кейiнгi пайыздарды және төлемдердi қоса алғанда займдар бойынша төлемдер сияқты инвестициялардан туындайтын шығыстарды жабу үшiн қажеттi сомаларды қамтиды.
      3. Осы баптың 2-тармақшасында көрсетiлген төлемдердiң аударымдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес инвестиция жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың аумағында аударым жасалған күнгi қолданыстағы ресми бағам бойынша еркiн айырбасталымды валютамен кiдiрiссiз жүргiзiледi.
      4. Уағдаласушы Тарап мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес осы Келiсiмнiң мәнi болып табылатын барлық аударымдарға үшiншi мемлекет инвесторларына ұсынылған аударымдардан кем емес режим ұсынылатын болады.

  8-бап
Суброгация

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе ол өкiлеттiк берген қандай да бiр институт оның мемлекетiнiң кез келген инвесторына кепiлдеме немесе инвестицияларға байланысты сақтандыру нысанында төлем жүргiзсе, екiншi Уағдаласушы Тарап бiрiншi Уағдаласушы Тарапқа немесе ол өкiлеттiк берген институтқа суброгацияға байланысты инвестордың барлық құқықтары мен талаптары берiлгендiгiн танитын болады, Уағдаласушы Тарапқа немесе ол өкiлеттiк берген институтқа көрсетiлген инвестордың бастапқы құқығы мен талаптары сияқты шекте жүзеге асыру өкiлеттiгi берiлетiн болады.
      2. Осы Баптың 1-тармағында көзделген суброгация жағдайында инвестор, егер оған Уағдаласушы Тарап немесе ол өкiлеттiк берген институт өкiлеттiк бермесе талаптар қоя алмайды.

  9-бап
Уағдаласушы Тарап пен екiншi Уағдаласушы Тараптың
арасындағы дауларды реттеу

      1. Уағдаласушы Тарап пен екiншi Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы шаралар, жағдайлар немесе төлемдердi өтеу рәсiмдерi жөнiндегi дауларды қоса алғанда, инвестициялармен байланысты туындаған кез келген дау мүмкiндiгiнше келiссөздер жолымен реттелуi тиiс.
      2. Егер дау туындаған күнiнен бастап алты ай iшiнде бұлайша шешiлмеген жағдайда, инвестор дауды:
      (а) инвестицияны қабылдайтын Уағдаласушы Тараптың құзыреттi төрелiк сотының немесе;
      (б) Тараптардың өзара келiсiмi бойынша халықаралық деңгейде танылған төрелiк органдардың бiрінің немесе;
      (в) БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы бойынша комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелiк ережелерi бойынша құрылған арнайы төрелiк сотының қарауына бере алады.
      3. Төрелiк сот әрбiр нақты жағдай үшiн жеке құрылады. Егер дауға қатысатын Тараптар өзгесiне келiспесе, олардың әрқайсысы бiр төрешiден тағайындайды. Тағайындалған екi төрешi үшiншi мемлекеттiң азаматы болып табылатын Төрағаны тағайындайды. Төрешiлер төрелiк сотқа дауды қарауға ұсыну туралы талап алынған күнiнен бастап екi ай iшiнде, ал Төраға келесi екi ай iшiнде тағайындалуы тиiс.
      4. Егер жоғарыда көрсетiлген жағдайлар мен рәсiмдер сақталмаса, даудың басқа уағдаластығы жоқ кез келген тарабы Париждегi Халықаралық Сауда палатасының жанындағы Төрелiк соттың Төрағасына қажеттi тағайындау жүргiзудi өтiнiп жүгiне алады.
      5. Егер дауға қатысатын Тараптар арасында басқасы келiсiлмесе, Төрелiк сот өзiнiң рәсiм ережесiн белгiлейдi.
      6. Төрелiк соттың шешiмi түпкiлiктi және мiндеттi болып табылады. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес Төрелiк соттың шешiмдерiнiң танылуын және орындалуын қамтамасыз етедi.
      7. Төрелiк процесс немесе шешiмдердi орындау барысында процеске тартылған Уағдаласушы Тарап залал өтемақысын (толық немесе iшiнара) сақтандыру шартына сәйкес инвестордың алған фактiсiне сiлтеме жасай алмайды.

  10-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды реттеу

      1. Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша осы Келiсiмдi түсiндiру немесе қолдану мәселелерi жөнiнде консультация жүргiзiлуi мүмкін.
      2. Уағдаласушы Тараптардың арасындағы осы Келiсiмдi түсiндiру немесе қолдануға қатысты даулар мүмкiндiгiнше келiссөздер арқылы шешiледi.
      3. Егер Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар Уағдаласушы Тараптардың бiрi екiншi Уағдаласушы Тарапқа хабардар еткен күннен бастап алты ай iшiнде бұлайша шешiлмесе, онда кез келген Уағдаласушы Тараптың талабы бойынша дау Төрелiк сотқа берiлетiн болады.
      4. Төрелiк сот әрбiр нақты жағдай бойынша жеке мынадай жолмен құрылады:
      төрелiктiң талабы алынғаннан кейiн үш ай iшiнде әрбiр Уағдаласушы Тарап төрелiк соттың бiр бiрден төрешiсiн тағайындайды. Екi төрешi екi Уағдаласушы Тараптың мақұлдауымен, Төрелiк соттың төрағасы тағайындайтын үшiншi елдiң азаматын сайлайды. Төраға басқа екi төрешi тағайындалған күннен бастап үш ай шегiнде тағайындалуы тиiс.
      5. Егер осы Баптың 4-тармағында көрсетiлген уақыт мерзiмi iшiнде қажеттi тағайындаулар жүргiзiлмесе, Уағдаласушы Тараптың әрқайсысы басқа да кез келген келiсiмдер жоқ болса, қажеттi тағайындауларды жүргiзуге Халықаралық соттың Президентiн шақыра алады. Егер Президент Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылса немесе басқа да себептермен көрсетiлген функцияны орындай алмаса, онда мұндай тағайындауды Вице-Президент жүргiзеді. Егер Вице-Президент Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң азаматы болып табылса немесе көрсетiлген функцияны орындай алмаса, онда мұндай тағайындауды Халықаралық соттың ешбiр Уағдаласушы Тараптың азаматы болып табылмайтын дәрежесi бойынша келесi судьясы жүргiзедi.
      6. Төрелiк сот өз шешiмдерiн осы Келiсiмнiң ережелерi, сондай-ақ халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормалары негiзiнде қабылдайды. Төрелiк сот өз шешiмiн басым дауыспен шығарады. Мұндай шешiм түпкiлiктi және екi Уағдаласушы Тараптар үшiн мiндеттi болып табылады. Сот өзiнiң жұмыс тәртiбiн дербес белгiлейдi.
      7. Әрбiр Уағдаласушы Тарап төрелiк процесте өзi тағайындаған төрешi мен өз өкiлдiгiнiң қызметiмен байланысты шығыстарды мойнына алады. Сот Төрағасының қызметiмен байланысты шығыстарды және өзге де шығыстарды Уағдаласушы Тараптар тең бөлiкпен мойнына алады. Алайда, Төрелiк сот Уағдаласушы Тараптардың бiрi шығыстардың үлкен бөлiгiн мойнына алуы тиiстiгiн көрсетуi мүмкiн және бұл шешiм екi Уағдаласушы Тарап үшiн де мiндеттi болады.

  11-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келiсiм ол күшiне енгеннен кейiн жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты болады.
      Осы Келiсiмге Уағдаласушы Тараптардың өзара келiсiмi бойынша жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың ол күшiне енуi үшiн қажеттi ұлттық құқықтық рәсiмдердiң орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм 10 жыл бойы күшiнде болады. Бiрiншi он жылдық мерзiм өткеннен кейiн оның күшi өздiгiнен белгiсiз уақытқа ұзартылатын болады. Кез келген Уағдаласушы Тарап осы Келiсiмдi он жылдық мерзiмi өткеннен кейiн тоқтату туралы алдын ала алты ай бұрын немесе одан әрi кез келген уақытта жазбаша хабардар ете отырып, тоқтата алады.
      Келiсiмнiң қолданылу мерзiмiнде жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты оның ережелерi Келiсiм тоқтатылған күннен кейiн бес жыл бойы қолданылатын болады.
      Исламабад қаласында 2003 жылы 8 желтоқсанда қазақ және ағылшын тiлдерiнде екi түпнұсқалық данада жасалды және барлық мәтiннiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер пайда болған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.

       Қазақстан Республикасының       Пәкстан Ислам Республикасының
          Yкiметi үшін                        Yкiметi үшiн
     Индустрия және сауда министрi            Инвестиция министрi

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады