Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану және мұнай операцияларын жүргiзу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 226 Заңы

       1-бап . Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1. "Мұнай туралы" 1995 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 11, 76-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 11, 150-құжат 1999 ж., N 21, 787-құжат; 2003 ж., N 6, 34-құжат; N 11, 56-құжат; 2004 ж., N 22, 131-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 16, 70-құжат; 2006 ж., N 16, 99-құжат):

      1) 1-баптың 33) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "33) теңiз ғылыми зерттеулерi - теңiзде мұнай операцияларын жүргiзуге және олардың салдарларын зерделеуге байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстары;";

      2) 30-5-баптың 2-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2-1. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының күшi 2004 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жер қойнауын пайдалануға жасалған келiсiмшарттар бойынша мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердiгерлерге, егер iлеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату жөнiндегi бағдарламалар 2004 жылғы 1 желтоқсанға дейiн мемлекеттiк органда бекiтілген (келісiлген) болса немесе 2006 жылғы 1 шiлдеге дейiн құзыреттi органда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органда келісiлген болса, оларды iске асыру мерзiмдерi аяқталғанға дейiн қолданылмайды.
      Бұл peттe iлеспе және (немесе) табиғи газды кәдеге жарату жөнiндегi бағдарламаны iске асырудың белгiленген мерзiмдерi орындалған жағдайда жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның рұқсаты және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша не авариялық жағдайда және халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға қауiп төнген жағдайда iлеспе және (немесе) табиғи газды алау етiп жағуға жол берiледi.";

      3) 35-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "35-бап. Қазақстан Республикасының мұнай сатып алу құқығы

      Қазақстан Республикасының мердiгерден әлемдiк нарық бағасынан аспайтын баға бойынша мұнай сатып алуға бiрiншi кезекте құқығы бар. Сатып алынатын мұнайдың шектi көлемi, баға белгiлеу тәртiбi мен төлем түрi мердiгермен жасалатын жеке келiсiмде ескерiледi.".

      2. "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 1996 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 2, 182-құжат; 1999 ж., N 11, 357-құжат; N 21, 787-құжат; 2003 ж., N 11, 56-құжат; 2004 ж., N 22, 131-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 16, 70-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 16, 99-құжат):

      1) 1-бапта:
      мынадай мазмұндағы 29-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "29-1) Қазақстанда шығарылатын тауарлар - Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлгенiн растайтын шығарылу сертификаты бар тауарлар;";

      30) тармақшада:
      бiрiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "30) қазақстандық мазмұн - жыл сайынғы:";

      екiншi абзацтағы "қазақстандық кадрлар келiсiм-шартты орындаған кезде қолданылған" деген сөздер "келiсiм-шартты орындаған жағдайда жұмысқа тартылған қазақстандық кадрлардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "мердiгер тауарларының, жұмыстары мен көрсететiн қызметтердiң жалпы құнынан тiкелей де, қосалқы мердiгерлiк шарттарды жасасу арқылы да иемденiп алынатын Қазақстанда шығарылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер құны көлемiнiң проценттiк мазмұны;";

      32) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "32) қазақстандық шығарылым (Қазақстанда шығарылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) - Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғаларының тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi Қазақстан Республикасының аумағында тiкелей өндiруi (орындауы);";

      47) тармақшадағы "зерттеуге, кен орындарын iздестiруге," деген сөздер "зерттеуге және кен орындарын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 7-бапта:
      6) және 12) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "6) жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртiбiн айқындайды;";

      "12) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзiлiмiн, осы тiзiлiмге енгiзу үшiн оларды бағалау өлшемдерiн қоса алғанда, түзу және жүргiзу тәртiбiн бекiтедi;";

      3) 8-1-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4) осы Заңның 13-бабының 1-5-тармағында көзделген жағдайларда тәулiгiне екi мың және одан да астам текше метр көлемiнде өндiрiстiк-техникалық жерасты суларын барлауға және өндiруге, жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған жер қойнауын пайдалану құқығын бередi;";

      4) 8-3-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Сауда және индустриялық саясатты мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi орган:
      1) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзiлiмiн түзедi және жүргiзедi, сондай-ақ осы тiзiлiмге енгiзу үшiн оларды бағалау өлшемдерiн әзiрлейдi;
      2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында өндiрiлетiн тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзбесiн түзуi жөнiндегi қызметiне әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;
      3) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу немесе келiсiмшартқа байланысты iлеспе қызмет кезiнде пайдаланылатын тауарларға, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге қатысты қазақстандық мазмұнды есептеу әдiстемесiн құзыреттi органмен келiсiм бойынша әзiрлейдi және бекiтедi;
      4) жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстанда шығарылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуы бөлiгiнде олардың келiсiмшарттық мiндеттемелердi орындауының мониторингiн жүзеге асыруға қатысады;
      5) Қазақстан Республикасында дамытылатын басым жоғары технологиялық өндiрiстердiң тiзбесiн құзыреттi органмен келiсiм бойынша бекiтедi;
      6) жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алынған тауарлары, жұмыстары мен көрсетiлетiн қызметтерi туралы есебiнiң және алдағы жылға арналған тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуының жылдық бағдарламасының нысандарын бекiтедi;
      7) жер қойнауын пайдаланушылардан және (немесе) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкiлеттiк берген тұлғалардан тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер сатып алу жүргiзiлетiнi және жүргiзiлгенi туралы ақпарат сұратады.";

      2-тармақтың 2) тармақшасы "бойынша" деген сөзден кейiн ", сондай-ақ кемсiтпеушiлiк негiзiнде олардың еңбек жағдайлары мен еңбегiне ақы төлеудi қамтамасыз ету бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;

      5) 9-баптың 3-3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3-3) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзiлiмiн түзу мақсатында сауда және индустриялық саясатты мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi органға тоқсан сайын табыс етiлетiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында өндiрiлетiн тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзбесiн түзудi жүзеге асырады;";

      6) 13-бапта:
      1-тармақтағы "құқығын беру" деген сөздерден кейiн ", осы баптың 1-5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      1-1-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "2-1) жалпыға ортақ пайдаланылатын темiр жол мен автомобиль жолдарын және көпiрлердi салу (реконструкциялау, жөндеу) кезiнде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге;";

      1-4-тармақта:
      "2000 текше метрден аз" деген сөздер "елуден екi мың текше метрге дейiн" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "барлау және (немесе)" деген сөздер алып тасталсын;

      "арнаулы" деген сөз "су қорын пайдалану және қорғау саласындағы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 1-5-тармақпен толықтырылсын:
      "1-5. Мердiгерге пайдалы қазбаны өндiрудiң технологиялық схемасына сәйкес жер қабатына айдау үшiн тәулiгiне екi мың және одан да астам текше метр көлемiндегi өндiрiстiк-техникалық жерасты суларын барлау және өндiру құқығын беру жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен рұқсат беруi жолымен жүзеге асырылады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Өз қажетi үшiн кең таралған пайдалы қазбаларды және тәулiгiне елу текше метрден аспайтын көлемде жерасты суларын өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру қойнауында кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бар жер учаскесiн жеке меншiкке немесе жер пайдалануға берумен бiр мезгiлде жүргiзiледi. Жер учаскесiн уақытша жер пайдалануға берген кезде өз қажетi үшiн кең таралған пайдалы қазбаларды және тәулiгiне елу текше метрден аспайтын көлемде жерасты суларын пайдалану талаптары уақытша жер пайдалану туралы шартта ескерiлуi мүмкін.";

      7) 14-бапта:
      1-тармақ:
      "тегiн негiзде" деген сөздерден кейiн ", оның iшiнде жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғадағы қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен айыру жолымен" деген сөздермен толықтырылсын;

      "құрамында берудi" деген сөздерден кейiн "(жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғаның қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен айыруды)" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 10-тармақпен толықтырылсын:
      "10. Заңды тұлғаны тарату тәртiбiмен беру, кепiлге берiлген жер қойнауын пайдалану құқығынан өндiрiп алуды қолдану, сондай-ақ жер пайдалану құқығының мұраға берiлу не заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру тәртiбiмен өтуi жағдайларын қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығын келiсiмшарт күшiне енген кезден бастап екi жыл iшiнде беруге болмайды.
      Бұл шектеу ұлттық компания немесе оның еншiлес ұйымы жер қойнауын пайдалану құқығын берген немесе иеленген жағдайларда қолданылмайды.";

      8) 41-1-баптың 3-тармағының үшiншi абзацындағы "тауарлары, жұмыстары және көрсетiлетiн қызметтерi мемлекеттiк және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкес болған жағдайда қазақстандық өндiрушiлердi" деген сөздер "қазақстандық тауарларды өндiрушiлердi, жұмыс орындаушылар мен қызмет көрсетушiлердi" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 41-2-бапта:
      2-тармақ мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге конкурс өткiзу туралы хабарлама Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таралатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жарияланады.";

      3-тармақ "бiр айдан кем болмауға" деген сөздерден кейiн ", ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - он күннен кем болмауға" деген сөздермен толықтырылсын;

      4-тармақ "үш айдан кем болмауға" деген сөздерден кейiн ", ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша  - бiр айдан кем болмауға" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      "6. Конкурсқа қатысу жарнасы және геологиялық ақпарат пакетiнiң құны қайтарылуға жатпайды.";

      10) 41-3-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) өтiнiш берушi заңды тұлғаның басшылары мен қатысушыларының немесе акционерлерiнiң жарғылық капиталдағы (дауыс беретiн акциялары жалпы санынан) үлестерiнiң мөлшерiн көрсете отырып, олар туралы мәлiметтер;";

      11) 41-4-бапта:
      1-тармақтың екiншi сөйлемi "бiр ай мерзiмде" деген сөздерден кейiн ", ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - он күн мерзiмде" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақтағы "өзге ақпарат көлемi" деген сөздер "өзге де қолда бар ақпарат көлемi" деген сөздермен ауыстырылсын;

      12) 41-5-бапта:
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      "1-1. Конкурстық ұсыныс берген конкурсқа қатысушының конкурстық ұсыныстар беру аяқталған күннен бастап конкурс қорытындылары шығарылғанға дейiн оны керi қайтарып алуға құқығы жоқ.";

      2-тармақта:
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "3-1) жерасты сулары мен кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстық ұсыныстарды қоспағанда, келiсiмшартқа қол қойылғанға дейiн Қазақстан Республикасындағы Өндiрушi салалардың қызметi ашықтығының бастамасын iске асыруға қатысты өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қосылу жөнiндегi мiндеттемелер;";

      4-3) тармақшадағы ", мемлекеттiк және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн" деген сөздер алып тасталсын;
      5) тармақша алып тасталсын;

      13) 41-6-баптың бiрiншi бөлiгi мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      "4) егер өтiнiш берушiге жер қойнауын пайдалану құқығын беру елдiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптардың сақталмауына әкеп соқса, оның iшiнде келiсiмшарт шеңберiндегi құқықтар шоғырландырылған және (немесе) жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргiзуге арналған құқықтар шоғырландырылған жағдайда.";

      14) 41-7-бапта:
      1-тармақта:
      3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) жазылым бонусының мөлшерi;
      4) инвестициялардың мөлшерi, жобаны қаржыландыру мерзiмдерi мен шарттары;";

      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "4-1) өңiрдi әлеуметтiк дамытуға қатысуы;";

      7) тармақшадағы ", мемлекеттiк және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн" деген сөздер алып тасталсын;

      4-тармақ "екi айдан" деген сөздерден кейiн ", ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - он бес күннен" деген сөздермен толықтырылсын;

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Бiр ғана конкурстық өтiнiм не бiр конкурстық ұсыныс түскен жағдайда осы объект бойынша конкурс өтпеген деп танылады. Конкурс өтпеген деп танылған кезде құзыреттi орган қайтадан конкурс белгiлеуi мүмкiн. Қайтадан өткiзiлетiн конкурсқа конкурстық ұсыныс берген бiр ғана қатысушы қатысқан жағдайда, мұндай қатысушы конкурс жеңiмпазы болып танылады.
      Егер бiр ғана конкурстық ұсыныстың түсуiне байланысты конкурс өтпеген деп танылса, қайтадан өткiзiлетiн конкурс кезiнде бұрын геологиялық ақпарат пакетiн сатып алған қатысушыдан конкурсқа қатысу үшiн жарна және геологиялық ақпараттар пакетiнiң құны өндiрiп алынбайды.";

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
      "5-1. Қандай да бiр объект бойынша конкурстық ұсыныстардың мазмұны салыстырмалы түрде тең болған кезде конкурстық комиссия конкурстық ұсыныстары неғұрлым жақсы деп танылған конкурсқа қатысушылар енгiзiлетiн "қысқа" тiзiм жасайды. Жеңiмпазды анықтау мақсатында конкурстық комиссия "қысқа" тiзiмге енгiзiлген конкурсқа қатысушылар өздерiнiң конкурстық ұсыныстарын жақсартуға құқылы мерзiмдi белгiлейдi. Конкурстық ұсыныстарды жақсарту үшiн белгiленген мерзiм аяқталғаннан кейiн конкурстық комиссия "қысқа" тiзiмге енгiзiлген конкурсқа қатысушылардың арасынан жеңiмпазды айқындайды.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "9. Конкурс жеңiмпазы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiмшарттың жобасын конкурс жеңiмпазы деп тану туралы шешiм шығарылған күннен бастап жетi ай iшiнде табыс етпеген жағдайда, конкурстық комиссия жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өтiнiм берушiнi конкурс жеңiмпазы деп тану туралы бұрын қабылданған шешiмнiң күшiн жояды.
      Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiмшарт осы объект бойынша конкурс жеңiмпазы анықталған күннен бастап он сегiз ай iшiнде жасалмаған жағдайда, конкурстық комиссия жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өтiнiм берушiнi конкурс жеңiмпазы деп айқындау туралы бұрын қабылданған шешiмнiң күшiн жояды.";

      15) 42-бапта:
      2-3-тармақ мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен жұмыс бағдарламасын келiсу келiсiмшартты сараптамадан өткiзумен бiр мезгiлде жүзеге асырылады.";

      2-4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2-4. Келiсiмшарттың талаптарында мердiгердiң тартылған шетелдiк персоналға қатысты алғанда, қосалқы мердiгерлiк жұмыстармен айналысатын персоналды қоса, қазақстандық персонал үшiн тең еңбек жағдайларын және еңбегiне ақы төлеудi қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттемелерi көзделуге тиiс.";

      16) 44-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы екiншi сөйлеммен толықтырылсын:
      "Үшiншi тұлғалардың меншiгiндегi немесе пайдалануындағы жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      17) 63-баптың 1-тармағында:
      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "4-1) жер асты сулары мен кең таралған пайдалы қазбалар жөнiндегi келiсiмшарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы Өндiрушi салалар қызметi ашықтығының бастамасын iске асыруға қатысты өзара түсiнiстiк туралы меморандумның талаптарын сақтауға;";

      13-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "13-1) жыл сайын, жылдық жұмыс бағдарламасы келiсiлген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей, сауда және индустриялық саясатты мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша, алдағы жылға тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алудың жылдық бағдарламасын сауда және индустриялық саясатты мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi органға табыс етуге;";

      мынадай мазмұндағы 13-2) және 13-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "13-2) тоқсан сайын, есептi кезеңнен кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей, сауда және индустриялық саясатты мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша, сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер жөнiнде сауда және индустриялық саясатты мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi органға есеп беруге;
      13-3) Өндiрушi салалар қызметiнiң ашықтығы бастамасының талаптарына сәйкес аудиторлық есеппен расталған есептiлiктi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тәртiппен табыс етуге;";

      18) 63-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "63-1-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды
                 жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен
                 көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу

      1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу, оның iшiнде қосалқы мердiгерлердiң сатып алуы мынадай тәсiлдердiң бiрiмен:
      1) конкурс (ашық, жабық);
      2) бiр көзден сатып алу;
      3) баға ұсыныстарын сұрату;
      4) электрондық сатып алу жүйесi арқылы;
      5) ашық тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
      2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      3. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi ашық конкурс тәсiлiмен сатып алу кезiнде конкурс өткiзу туралы хабарландыру аптасына кемiнде үш рет жарияланатын және Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында, сондай-ақ сауда және индустриялық саясатты мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi органның веб-сайтында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялануға тиiс.
      4. Жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргізу үшiн тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкiлеттiк берген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында конкурс өткiзуге мiндеттi.
      5. Осы баптың талаптары кең таралған пайдалы қазбалар жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.";

      19) 63-2-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Мердiгер, сондай-ақ оның қосалқы мердiгерлерi Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргізген кезде тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi, осы Заңның талаптарына сәйкес, қазақстандық өндiрушiлерден сатып алуға мiндеттi.";

      20) 70-2-бап мынадай мазмұндағы үшiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Құзыреттi орган қажет болған жағдайда тексерулердi жүргiзу кезiнде консультациялар алу, арнайы бiлiм мен дағдыларды талап ететiн мәселелердi зерттеу үшiн консультанттарды (тәуелсiз сарапшыларды) тартуға құқылы.".

       2-бап.
      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Тәулiгiне екi мың және одан да астам текше метр алу лимитiмен шаруашылық-ауыз су және өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы жерасты суларын өндiрудi жүзеге асыратын су пайдаланушылар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бұрын берген рұқсаттардың негiзiнде, осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш жыл iшiнде тiкелей келiссөздер негiзiнде құзыреттi органмен шаруашылық-ауыз су және өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы жерасты суларын өндiруге келiсiмшарт жасаса алады.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады