Мәскеуде, Лондонда және Вашингтонда 1972 жылғы 10 сәуірде қол қойылған Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою жөніндегі конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар әзірлеуге, өндіруге және олардың қорларын молайтуға тыйым салу және оларды жою туралы
КОНВЕНЦИЯ
(2007 жылғы 15 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2007 ж., N 3-4, 21-құжат)
Осы конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
жаппай қырып-жоятын қарудың барлық түрлеріне тыйым салуды және жоюды қосатын жалпыға бірдей және толық қарусыздану жолындағы тиімді прогреске жету мақсатында бел шеше кіріскен, химиялық және бактериологиялық (биологиялық) қарулар әзірлеуге, өндіруге және олардың қорларын молайтуға тыйым салу және оларды тиімді шаралар жолымен жою қатаң да тиімді халықаралық бақылаумен жалпыға бірдей және толық қарусыздануға жетуге ықпал ететініне сенім білдіре отырып,
1925 жылғы 17 маусымда Женевада қол қойылған Тұншықтыратын, улы немесе басқа да осы сияқты газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманың маңызды мәнін, сондай-ақ көрсетілген Хаттаманың соғыс қасіретін азайту ісіне қосқан және қосып келе жатқан үлесін мойындай отырып,
аталған Хаттаманың қағидаттары мен мақсаттарына деген өзінің адалдығын білдіре және барлық мемлекеттерді оларды қатаң сақтауға шақыра отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1925 жылғы 17 маусымдағы Женева Хаттамасының қағидаттары мен мақсаттарына қайшы келетін барлық іс-әрекеттерді бірнеше рет айыптағанын ескерте отырып,
халықтар арасындағы сенімді тереңдете түсуге және халықаралық ахуалды тұтастай сауықтыруға ықпал етуді қалап,
сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын жүзеге асыруға ықпал етуге ұмтыла отырып,
тиімді шаралар жолымен мемлекеттердің арсеналынан химиялық және бактериологиялық (биологиялық) агенттерді пайдаланатын қарулар сияқты жаппай қырып-жоятын қауіпті қаруды алып тастаудың маңыздылығы мен кезек күттірмейтіндігіне сенімді бола отырып,
бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруларға тыйым салу туралы келісімнің, сондай-ақ химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге және оның молайтылуына тыйым салу жөніндегі тиімді шаралар туралы келісімге қол жеткізу бағытындағы алғашқы мүмкін қадам болып табылатынын мойындай отырып және осы мақсатта келіссөздер жүргізуді жалғастыруға бел шеше кірісіп,
барлық адамзат үшін бактериологиялық (биологиялық) агенттерді немесе қару түріндегі уытты заттарды пайдалану мүмкіндігін толығымен жоюға бел шеше кірісіп,
мұндай пайдаланудың адамзат ар-намысына қайшы келетініне және осы қауіпті азайту үшін ешқандай да күш-жігерді аямау керектігіне сене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет ешқашан, ешқандай жағдайда:
1) микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттер немесе уытты заттарды, шығу тегі немесе өндіру әдісі қандай болса да, профилактикалық, қорғаныс немесе басқа да бейбіт мақсаттарда қолдануға болмайтын түрлерін соншалықты мөлшерде;
2) осындай агенттер мен уытты заттарды дұшпандық мақсаттарда немесе қарулы қақтығыстарда қолдануға арналған қаруды, құрал-жабдықты немесе жеткізу құралдарын әзірлемеуді, өндірмеуді, молайтпауды, өзге де бір жолдармен сатып алмауды және сақтамауды міндетіне алады.
Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет өзі иелік ететін немесе оның юрисдикциясында немесе бақылауында тұратын, Конвенцияның І-бабында көрсетілген барлық агенттерді, уытты заттарды, қаруды, құрал-жабдықты және жеткізу құралдарын мүмкіндігінше жедел, бірақ Конвенция күшіне енгеннен кейін тоғыз айдан кешіктірмей, жоюды немесе бейбіт мақсаттарға жұмсауды міндетіне алады. Осы баптың ережелерін орындау кезінде халықты және қоршаған ортаны қорғау мақсатында абай болудың барлық қажетті шаралары қолданылуы тиіс.
Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет кімге болса да тікелей, жанама түрде, қалай да болмасын, қандай да бір мемлекетке, мемлекеттер тобына немесе халықаралық ұйымдарға көмектеспеуді, көтермелемеуді және қандай да бір өзгеше тәсілмен Конвенцияның І-бабында көрсетілген кез келген агенттерді, уытты заттарды, қаруды, құрал-жабдықты немесе жеткізу құралдарын өндіруге немесе сатып алуға ықылас білдірмеуге міндеттенеді.
Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет өздерінің конституциялық рәсімдеріне сәйкес қайда болса да оның заңдық иелігіндегі немесе бақылауындағы, осындай мемлекет аумағының шегінде, Конвенцияның І-бабында көрсетілген агенттерді, уытты заттарды, қаруды, құрал-жабдықты және жеткізу құралдарын әзірлеуге, өндіруге, молайтуға, сатып алуға немесе сақтауға тыйым салу және алдын алу бойынша қажетті шаралар қабылдауға міндеттенеді.
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер Конвенцияның мақсатына немесе оның ережелерінің орындалуына қатысты туындауы мүмкін кез келген мәселені шешуде бір-бірімен консультация жүргізуге және ынтымақтастық орнатуға міндеттенеді. Осы бапты орындау үшін консультациялар мен ынтымақтастық, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберіндегі тиісті халықаралық рәсімдерді пайдалану жолымен және оның Жарғысына сәйкес қолданылуы мүмкін.
Қандай да бір басқа қатысушы мемлекет Конвенция ережелерінен туындайтын міндеттемелерді бұза отырып іс-әрекет етуде деп мәлімдеген осы Конвенцияға қатысушы кез келген мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне шағым беруіне болады. Мұндай шағымда оның негізділігін растайтын барлық ықтимал дәлелдемелер, және оны Қауіпсіздік Кеңесінде қарау туралы өтініш болуға тиіс.
Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелеріне сәйкес Кеңес қабылдаған шағымның негізінде Қауіпсіздік Кеңесі жүргізуі мүмкін кез келген тергеу жұмыстарын жүргізуде ынтымақтастық етуді міндетіне алады. Қауіпсіздік Кеңесі Конвенцияға қатысушы мемлекеттерді тергеу нәтижелері туралы хабардар етеді.
Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес Конвенцияға қатысушының кез келгені өтініш жасаса, егер Қауіпсіздік Кеңесі мұндай қатысушыға Конвенцияны бұзудың нәтижесінде қауіп төнді деп шешім шығарса, көмек беруді немесе қолдау көрсетуді міндетіне алады.
Осы Конвенциядағы ереженің қайсысы болмасын, 1925 жылғы 17 маусымда Женевада қол қойылған тұншықтыратын, улы немесе басқа да осы сияқты газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы Хаттамаға сәйкес кез келген мемлекет қабылдаған міндеттемелер қандай да бір шектеулі немесе жалынышты тұрғыда түсіндірілмеуі тиіс.
Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет химиялық қаруға тиімділікпен тыйым салудың танылған мақсатын растайды және осы мақсатта ақ ниетпен таяу болашақта оны әзірлеуге, өндіру мен қорын молайтуға тыйым салу және оны жою жөніндегі тиімді шаралар туралы және химиялық агенттерді қару ретінде өндіруге не пайдалануға арналған құрал-жабдықтар мен жеткізу құралдарына қатысты тиісті шаралар туралы келісімге қол жеткізу үшін келіссөздерді жалғастыруды міндетіне алады.
1.
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер құрал-жабдықтармен,
материалдармен, бактериологиялық (биологиялық) құралдарды және уытты
заттарды бейбіт мақсаттарда пайдалану туралы ғылыми және техникалық
ақпаратпен барынша ықтималдықпен толық алмасуға ықпал етуді міндетіне алады және мұндай алмасуға қатысуға құқылы. Осыған жағдайы келетін Конвенцияға қатысушы мемлекеттер сондай-ақ жеке немесе басқа мемлекеттермен немесе халықаралық ұйымдармен бірлесіп, ауруларды болдырмау үшін немесе басқа да бейбіт мақсаттар үшін бактериология (биология) саласындағы ғылыми ашылымдарды одан әрі әзірлеу мен қолдануға жәрдем көрсетуге қатысатын болады.
2. Осы Конвенция, Конвенцияның ережелеріне сәйкес
бактериологиялық (биологиялық) агенттер мен уытты заттарды бейбіт
мақсаттарда қайта өңдеу, пайдалану немесе өндіру үшін бактериологиялық (биологиялық) агенттермен және уытты заттармен халықаралық алмасуды қоса алғанда, Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің экономикалық немесе техникалық дамуына немесе бейбіт бактериологиялық (биологиялық) қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтірмеу жолымен жүзеге асырылады.
Кез келген қатысушы мемлекеттің осы Конвенцияға түзетулер ұсынуына болады. Түзетулер, осы түзетулерді қабылдайтын әрбір қатысушы мемлекет үшін, оларды Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің көпшілігі қабылдағаннан кейін, ал кейіннен қалған қатысушы мемлекеттер үшін олардың осы түзетулерді қабылдаған күні күшіне енеді.
Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін 5 жылдан соң немесе бұл мерзімнен ерте, егер де мұны Конвенцияға қатысушылардың көпшілігі осы мақсатпен депозитарий-үкіметтерге ұсыныстар беру арқылы талап ететін болса, Женевада (Швейцария) Конвенцияның қалай жұмыс істеп жатқанын қарау үшін Конвенцияның кіріспесі мен ережесінде, химиялық қару туралы келіссөздерге қатысты ережелерді қоса алғанда, мазмұндалған мақсаттардың жүзеге асып жатқандығына сенімді болу үшін Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің конференциясы шақырылады. Мұндай қарау кезінде Конвенцияға қатысты барлық жаңа ғылыми-техникалық жетістіктер назарға алынуға тиіс.
1. Осы Конвенцияның мерзімі шексіз болып табылады.
2. Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет өзінің мемлекеттік
егемендігін жүзеге асыру ретінде егер де ол Конвенцияның мазмұнына
байланысты ерекше жағдайлар өз елінің жоғары мүдделеріне қатер төндірді деп шешсе, Конвенциядан шығуға құқылы. Мұндай шығу туралы ол Конвенцияға қатысушы барлық басқа мемлекеттер мен Біріккен Ұлттар
Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін үш ай бұрын хабардар етеді. Мұндай
хабарламада ол өзінің жоғары мүдделеріне қатер төндіру ретінде қарайтын ерекше жағдайлар туралы мәлімдеме болуға тиісті.
1. Осы Конвенция барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.
Конвенцияға ол күшіне енгенше қол қоймаған кез келген мемлекет осы
баптың 3-тармағына сәйкес оған кез келген уақытта қосыла алады.
2. Осы Конвенция оған қол қойған мемлекеттердің бекітуіне жатады. Бекіту грамоталары мен қосылу туралы құжаттар осымен депозитарий-үкіметтер ретінде тағайындалатын Ресей Федерациясының, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігінің және Америка Құрама Штаттарының үкіметтеріне сақтауға тапсырылады.
3. Осы Конвенция Конвенцияның депозитарийлері болып тағайындалған үкіметтерді қоса алғанда, жиырма екі үкімет бекіту грамоталарын сақтауға тапсырғаннан кейін күшіне енеді.
4. Қосылу туралы бекіту грамоталары немесе құжаттары осы Конвенция күшіне енгеннен кейін сақтауға тапсырылатын мемлекеттер үшін ол олардың қосылу туралы бекіту грамоталары немесе құжаттары сақтауға тапсырылған күні күшіне енеді.
5. Депозитарий-үкіметтер осы Конвенцияға қол қойған және қосылған барлық мемлекеттерді әрбір қол қою күні, әрбір бекіту грамотасы мен құжатты сақтауға тапсырған күн, Конвенция күшіне енген күн туралы, сондай-ақ олардың басқа да хабарламаларды алғандығы туралы дереу хабардар етеді.
Осы Конвенцияны Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына
сәйкес депозитарий-үкіметтер тіркейтін болады.
Орыс, ағылшын, испан, қытай және француз мәтіндері бірдей түпнұсқалық болып табылатын осы Конвенция депозитарий-үкіметтердің мұрағаттарына сақтауға тапсырылады. Конвенцияның тиісті дәрежеде расталған көшірмелерін Депозитарий-үкіметтер Конвенцияға қол қойған және оған қосылған мемлекеттердің үкіметтеріне жібереді.
Осыны растау үшін, оған тиісті дәрежеде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында 1972 жылғы сәуірдің 10-күні үш данада жасалды.
(қолдар)
"Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар әзірлеуге, өндіруге және олардың қорларын молайтуға тыйым салу және оларды жою туралы Конвенцияға Қазақстан Республикасының қосылуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңы жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкестігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігінің
Мемлекеттік тілді дамыту және
редакциялау бөлімінің бастығы