Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының темір жол учаскелері бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының темір жол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 8 мамырдағы N 248 Заңы

      Сочиде 2006 жылғы 15 тамызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының темір жол учаскелері бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының темір жол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібі туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағында
орналасқан Қазақстан Республикасының темір жол
учаскелері бойынша және Қазақстан Республикасының
аумағында орналасқан Ресей Федерациясының темір жол
учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және
жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібі туралы
келісім

(2007 жылғы 30 мамырда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2007 ж., N 3-4, 19-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының темір жол көлік желісінің қалыптасқан шекараларын ескере отырып,
      1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен  Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Темір жол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы  келісімді (бұдан әрі - 1996 жылғы 18 қазандағы Келісім) назарға ала отырып,
      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының темір жол учаскелері бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының темір жол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібін белгілеу мақсатында, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім 1996 жылғы 18 қазандағы Келісімге 1-қосымшада келтірілген Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының темір жол учаскелері бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының темір жол учаскелері бойынша жүктерді тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібін белгілейді.

2-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі құзыретті органдар мыналар болып табылады:
      Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі;
      Ресей Тарабынан - Ресей Федерациясының Көлік министрлігі.

3-бап

      Осы Келісімде қолданылатын ұғымдар төмендегілерді білдіреді:
      "Қазақстан темір жолдары" - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан барлық темір жолдары, сондай-ақ 1996 жылғы 18 қазандағы Келісімге 1-қосымшаның Б тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының темір жол учаскелері;
      "Ресей темір жолдары" - Ресей Федерациясының аумағында орналасқан барлық темір жолдары, сондай-ақ 1996 жылғы 18 қазандағы Келісімге 1-қосымшаның А тармағында көрсетілген Ресей Федерациясының темір жол учаскелері;
      "қосымша алымдар" - тарифке кіргізілмеген қосымша операциялар, жұмыстар мен қызметтер үшін төлемдер;
      "тасымал төлемдері" - жүк тасымалы, жолсеріктің жүрген жолы үшін төлем, жүкті тасымалдауға қабылдағаннан оны алушыға бергенге дейінгі кезең ішінде туындаған қосымша алымдар мен басқа да төлемдер;
      "Қазақстан Республикасының ішкі қатынастағы тасымал құжаты" - облысаралық қатынаста темір жол көлігімен жүк тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын темір жол көліктік жүкқұжаты;
      "Ресей Федерациясының ішкі қатынастағы тасымал құжаты" - мемлекетішілік қатынаста темір жол көлігімен жүк тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын көліктік темір жол жүкқұжаты;
      "халықаралық қатынастағы тасымал құжаты" - Қазақстан және Ресей Тараптары үшін - Халықаралық темір жол жүк қатынасы туралы келісімге сәйкес ресімделген жүкқұжаты;
      "ең төменгі тарифтік белдік" - Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының тарифтік нұсқауларына сәйкес анықталған тасымалдаудың ең қысқа қашықтығы.

4-бап

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларынан Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларына, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жол учаскелері бойынша транзитпен жүктерді тасымалдау темір жол көлігімен жүк тасымалын реттейтін Ресей Федерациясының заңнамасы негізінде жүзеге асырылады және Ресей Федерациясының ішкі қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте жүктерді темір жол көлігімен мемлекетішілік қатынаста тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтер бойынша Ресей темір жолдарында барлық жүрген жолы үшін тасымал төлемдері жүзеге асырылады.

5-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларына, Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол учаскелері бойынша транзитпен жүктерді тасымалдау темір жол көлігімен жүк тасымалын реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы негізінде жүзеге асырылады және облысаралық қатынаста жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтер бойынша Қазақстан темір жолдарында барлық жүрген жолы үшін тасымал төлемдері төлене отырып, Қазақстан Республикасы ішкі қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді.

6-бап

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларына және кері бағытта жүктерді тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте жүктерді темір жол көлігімен халықаралық қатынаста тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтер бойынша Ресей темір жолдарында барлық жүрген жолы үшін тасымал төлемдері жүзеге асырылады.

7-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларынан Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларына және кері бағытта жүктерді тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте жүктерді темір жол көлігімен халықаралық қатынаста тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтер бойынша Қазақстан темір жолдарында барлық жүрген жолы үшін тасымал төлемдері жүзеге асырылады.

8-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларына және кері бағытта Ресей Федерациясының аумағы бойынша жүктерді транзитсіз тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте жүктерді облысаралық қатынаста темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтер бойынша, Ресей темір жолдарында және Қазақстан темір жолдарында жалпы тасымалдау қашықтығына пропорционалды тиісті темір жол бойынша тасымалдау қашықтығы үшін тасымал төлемдері жүзеге асырылады.

9-бап

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларынан Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларына және кері бағытта Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүктерді транзитсіз тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте жүктерді мемлекетішілік қатынаста темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтер бойынша, Ресей темір жолдарында және Қазақстан темір жолдарында жалпы тасымалдау қашықтығына пропорционалды тиісті темір жол бойынша тасымалдау қашықтығы үшін тасымал төлемдері жүзеге асырылады.

10-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларына және кері бағытта Ресей Федерациясының аумағы бойынша жүктерді транзитпен тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте Ресей темір жолдарында және Қазақстан темір жолдарында тасымал төлемдерін төлеу облысаралық қатынаста жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтер бойынша тиісті темір жол бойынша тасымалдау қашықтығы үшін жүзеге асырылады.

11-бап

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларынан Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларына және кері бағытта Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүктерді транзитпен тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте Қазақстан темір жолдары бойынша және Ресей темір жолдары бойынша тасымал төлемдерін төлеу ішкі қатынаста жүкті темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтер бойынша тиісті темір жол бойынша тасымалдау қашықтығы үшін жүзеге асырылады.

12-бап

      Ескерту. 12-бап алып тасталды - ҚР 09.06.2016 № 3-VІ Заңымен.

13-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жолының Петропавл түйісу пунктінен Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларына және кері бағытта жүктерді тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте Қазақстан темір жолдары бойынша тасымалдау қашықтығы үшін Қазақстан темір жолдарында тасымал төлемдерін төлеу ең төменгі тарифтік белдікке сәйкес келетін, тасымалдау қашықтығы үшін белгіленген ставканы алып тастағандағы облысаралық қатынаста жүктерді тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтер бойынша жүзеге асырылады. Ресей темір жолдарындағы тасымал төлемдері ең төменгі тарифтік белдікке сәйкес келетін тасымалдау қашықтығы үшін облысаралық қатынаста жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтер бойынша алынады.

  14-бап

      Ескерту. 14-бап алып тасталды - ҚР 09.06.2016 № 3-VІ Заңымен.

  15-бап

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жолының Локоть, Илецк-1 түйісу пункттерінен Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларына және кері бағытта жүктерді тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте Ресей темір жолдары бойынша тасымалдау қашықтығы үшін Ресей темір жолдарында тасымал төлемдерін төлеу ең төменгі тарифтік белдікке сәйкес келетін тасымалдау қашықтығы үшін белгіленген ставканы алып тастағандағы мемлекетішілік қатынаста жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтер бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан темір жолдарындағы тасымал төлемдері ең төменгі тарифтік белдікке сәйкес келетін тасымалдау қашықтығы үшін мемлекетішілік қатынаста жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтер бойынша алынады.

  16-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларына Ресей Федерациясының аумағы бойынша транзитпен жүктерді тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте Ресей темір жолдарында барлық жүрген жолы үшін тасымал төлемдері облысаралық қатынаста жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтер бойынша жүзеге асырылады.

  17-бап

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларынан Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларына Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзитпен жүктерді тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте Қазақстан темір жолдарында барлық жүрген жолы үшін тасымал төлемдері мемлекетішілік қатынаста жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтер бойынша жүзеге асырылады. 

  18-бап

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларына және кері бағытта жүктерді тасымалдау халықаралық қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте Қазақстан темір жолдары бойынша тасымалдау қашықтығы үшін Қазақстан темір жолдарында тасымал төлемдерін төлеу халықаралық қатынаста темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Ресей Федерациясында қолданылатын тарифтер бойынша, ал Ресей темір жолдары бойынша тасымалдау қашықтығы үшін Ресей темір жолдарында - жүктерді халықаралық қатынаста темір жол көлігімен тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасында қолданылатын тарифтер бойынша жүзеге асырылады.

  19-бап

      1996 жылғы 18 қазандағы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген темір жол учаскелері шегінде жүктерді тасымалдау, тиісінше Қазақстан Республикасының немесе Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және тиісінше Қазақстан Республикасының ішкі қатынастағы тасымал құжаттарымен немесе Ресей Федерациясының ішкі қатынастағы тасымал құжаттарымен ресімделеді. Бұл ретте тасымал төлемдері аумағында осы учаскелер орналасқан мемлекеттің темір жол көлігімен жүктерді тасымалдау кезінде қолданылатын тарифтері бойынша жүзеге асырылады.

  20-бап

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей темір жол станцияларында Ресей темір жолдарында қолданылатын қосымша алымдар, вагондарды және контейнерлерді пайдаланғаны үшін тарифке кіргізілмеген төлемдер, сондай-ақ айыппұлдар өндіріп алынады.

  21-бап

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан темір жол станцияларында Қазақстан темір жолдарында қолданылатын қосымша алымдар, вагондарды және контейнерлерді пайдаланғаны үшін тарифке кіргізілмеген төлемдер, сондай-ақ айыппұлдар өндіріп алынады.

  22-бап

      Осы Келісімнің 6 - 18-баптарында көрсетілген Қазақстан және Ресей темір жол учаскелері бойынша жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде тасымал төлемдерін төлеу және тасымалдау құжаттарын ресімдеу осы Келісімнің және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте үшінші елдерге (елдерден) транзиттік тасымалдарды қоспағанда, Қазақстан және Ресей темір жолдары бойынша тасымал төлемдерін төлеу осы Келісімде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

  23-бап

      Әрбір Тараптың құзыретті органдары темір жол көлігімен жүктерді тасымалдаудың қолданыстағы тарифтердің, қосымша алымдар ставкаларының, вагондарды және контейнерлерді пайдаланғаны үшін тарифке кіргізілмеген төлемдердің, сондай-ақ жүктерді тасымалдауға байланысты айыппұлдар мөлшерінің өзгеруі туралы бір-біріне уақытылы хабарлайды, тасымал төлемдерін есептеу тәртібі туралы түсініктемелер жібереді және жеке шарттың негізінде екінші Тараптың құзыретті органын тасымал төлемдерін есептеудің, қосымша алымдар, вагондарды және контейнерлерді пайдаланғаны үшін тарифке кіргізілмеген төлемдер, сондай-ақ айыппұлдар алудың тәртібін регламенттейтін нормативтік құжаттармен қамтамасыз етеді.

  24-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

  25-бап

      Осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға байланысты дауларды құзыретті органдар консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

  26-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді және 1996 жылғы 18 қазандағы Келісімнің күшінде болу мерзімінің ішінде қолданылады.
      2006 жылғы 15 тамызда Сочи қаласында, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей болады.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.

      Қазақстан Республикасының          Ресей Федерациясының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Осымен 2006 жылғы 15 тамызда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының темір жол учаскелері бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының темір жол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібі туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігінің
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Бөлім Бастығы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады