Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегі демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 7 маусымдағы N 260 Заңы

      Кишиневте 2002 жылғы 7 қазанда қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегі демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы конвенция ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердегі демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы
КОНВЕНЦИЯ

(2007 жылғы 4 шілдеде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2007 ж., N 3-4, 23-құжат)

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер (бұдан әрі - Тараптар),
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының мақсаттары мен принциптерін негізге ала отырып,
      Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларацияның және билікке өкілеттілік шынайы және мерзімдік сайлауда білдірілген халықтың өз еркіне негізделуі тиіс екендігін анықтаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның, Еуропа Кеңесінің, басқа да халықаралық ұйымдардың еркін және әділ сайлауды өткізу туралы құжаттарының маңызын қуаттай отырып,
      адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тану, сақтау мен қорғау, халықтың өз еркін білдіруінің демократиялық институттарын, оларды іске асыру рәсімдерін халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған принциптері мен нормаларына сәйкес ұлттық конституция және құқықтық актілер негізінде дамыту мен жетілдіру құқықтық мемлекеттің мақсаты мен міндеті екендігіне, сондай-ақ қоғамдық тұрлаулылықтың және өздерінің ортақ демократиялық жетістігі болып табылатын ізгі мұраттар мен принциптерді жүзеге асыру және қорғау жолында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың ажырамас шарттарының бірі болып табылатындығына кәміл сенім білдіре отырып,
      өкілдік басқарудың демократиялық жүйелерінің, сайлау өткізу кезінде халықтың өз еркін білдіруінің демократиялық дәстүрлерін орнықтыруға және жетілдіруге, құқық пен заң үстемдігі негізінде халық билігінің өзге де нысандарының жүзеге асырылуына, ұлттық және тарихи дәстүрлердің барынша ескерілуіне жәрдемдесуге ұмтыла отырып,
      сайлау - тұрлаулы азаматтық қоғамның және мемлекеттің орнықты дамуының саяси және құқықтық тетіктерінің бірі екендігіне кәміл сенім білдіре отырып,
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сайлауды құқықтық реттеудегі жинақтаған ұлттық тәжірибесінің құндылығын, адамның және азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтары кепілдігін тани отырып,
      жалпыға бірдей танылған сайлау стандарттары мен сайлауды реттеудің ұлттық нормаларын, адамның және азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтарын үйлестіруді, сондай-ақ олардың жүзеге асырылуы мен қорғалуы кепілдігін қамтамасыз етуді, осы Конвенцияның ережелерін конституцияның және ұлттық заңнаманың, сондай-ақ тиісті мемлекеттік саясаттың негізінде жүзеге асыруға бекем бел буа отырып,
      осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердегі сайлауларға қоғамдық және халықаралық бақылауды ұйымдастыру кепілдігін бекітуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап
Демократиялық сайлаудың стандарттары

       1.   Демократиялық сайлау - халықтың билігі мен еркінің ең жоғары тікелей көріністерінің бірі, мемлекеттік биліктің және жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарының, халықтық (ұлттық) өкілдіктің өзге де органдарының, сайланатын лауазым иелерінің негізі болып табылады.
      2. Тараптар демократиялық сайлаудың стандарттары төмендегілер болып табылатынын таниды: мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, өзге де халықтық (ұлттық) өкілдіктің органдарына азаматтың сайлауға және сайлануға құқығы; сайлаушылардың ерік білдіру бостандығын қамтамасыз ететін құпия дауыс беру кезінде жалпыға бірдей тең сайлау құқығы негізінде сайлаудың мерзімдік принциптері, және міндеттілігі, әділдігі, шынайылығы және бостандығы; сайлаудың ашық және жариялылық сипаты; адамның және азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтарын соттық және өзгедей қорғауды, сайлауға қоғамдық және халықаралық бақылауды жүзеге асыру; сайлау процесіне қатысушылардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын іске асыру кепілдіктері.
      3. Азаматтың сайлауға және сайлануға құқығы  конституцияда  және (немесе) заңдарда бекітіледі, ал олардың жүзеге асырылуы заңдармен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен анықталады. Сайлау және сайлану құқығын, сайлау тәртібін (сайлау жүйелері) заңнамалық реттеу, сол сияқты сайлау құқықтары мен бостандықтарын шектеу, адамның және азаматтың жалпыға бірдей танылған сайлау құқықтары мен бостандықтарын және олардың іске асырылуының конституциялық және (немесе) заңнамалық кепілдіктерін шектеуге немесе болдырмауға, сонымен бірге кемсітушілік сипат алмауға тиіс.
      4. Сайлауды белгілеу, дайындау және өткізу конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады.
      5. Конституциямен, заңдармен белгіленген қажетті дауыс санын алып, сайланған адамдар заңдармен бекітілген тәртіпте және мерзімде
сайлаушылар алдындағы өз жауапкершілігін тани отырып, қызметіне
кіріседі. Олар өз өкілеттігінің мерзімі аяқталғанша немесе өкілеттігі демократиялық парламенттік және конституциялық рәсімдерге сәйкес конституциямен, заңдармен реттелетін өзгедей түрде тоқтатылғанша қызметінде қалады.
      6. Сайлаудың заңды және көпшілік сипаты, сайлауға қатысушы
азаматтардың, кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау
құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы мен іске асырылуы, сайлау
процесін ұйымдастырудың конституциялық принциптерінің құқық
қолданушылық тәжірибеде қолданылуы соттық, әкімшілік және өзге де
қорғау амалдарымен қамтамасыз етіледі.
      7. Мемлекеттік билік органына және жергілікті өзін-өзі басқару
органдарына, өзге де халықтық (ұлттық) өкілдік органдарына сайланбалы лауазым иелерін сайлауды дайындауға және өткізуге ықпал ететін немесе оған кедергі келтіретін іс-әрекеттерді жүзеге асыруға шетелдік азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, халықаралық қоғамдық қозғалыстардың, халықаралық ұйымдардың қандай да болсын тікелей немесе жанама түрде қатысуына жол берілмейді.

  2-бап
Жалпыға бірдей сайлау құқығы

      Жалпыға бірдей сайлау құқығы принципін сақтау мынаны білдіреді:
      а) әрбір азамат конституцияда, заңдарда көрсетілген жасқа жеткенде мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, өзге де халықтық (ұлттық) өкілдік органдарына, сайланбалы қызметтерге конституцияда және заңдарда көзделген жағдайда және тәртіппен сайлауға және сайлануға құқылы;
      б) азаматтың мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, өзге де халықтық (ұлттық) өкілдік органдарына, сайланбалы қызметтерге сайлау және сайлану құқығы оның жынысына, тіліне, дініне немесе діни наным-сеніміне, саяси немесе өзгедей көзқарасына, ұлттық яки әлеуметтік шығу тегіне, ұлттық азшылық немесе этникалық топқа жататындығына, мүліктік не болмаса өзге де осы тектес жағдайына байланысты қандай да бір кемсітушілік сипаттағы шектеулерге қарамастан іске асырылады;
      в) ұлттық сайлау өтетін мерзімде өз мемлекеті аумағының шегінен тыс жерде тұрған немесе болған әрбір азамат өз мемлекетінің басқа да азаматтарымен тең сайлау құқығына ие болады. Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер, олардың лауазымды қызметкерлері азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын іске асыруына көмектеседі;
      г) әрбір азаматқа оның сайлаушылардың тізіміне енгізілгендігі туралы ақпарат алу, осы ақпаратты оның толықтығы мен растығын қамтамасыз ету мақсатында анықтау, заңда бекітілген тәртіппен өзінің сайлаушылардың тізіміне енгізілуіне білдірілген қарсылыққа шағымдану құқығына кепілдік беріледі.

  3-бап
Тең сайлау құқығы

      1. Тең сайлау құқығы принципін сақтау мынаны білдіреді:
      а) әрбір азамат бір дауысқа немесе басқа азаматтармен бірдей дауыс сандарына ие, және өзінің дауыс беру құқығын басқа азаматтармен тең тұрғыда жүзеге асыруға құқылы, сондай-ақ оның дауысы (дауыстары) басқа да сайлаушылардың дауыстарымен бірдей салмаққа ие болады, бұл орайда сайлаушы даусының (дауыстарының) салмағына мемлекетте қолданылатын сайлау жүйесі әсерін тигізбеуі тиіс;
      б) бір мандатты және (немесе) көп мандатты сайлау округтарында
дауыс беруді өткізгенде, бұл округтар дауыс беру нәтижелерінен
сайлаушылардың еркі мүмкіндігінше дәлме-дәл және толық көрінетіндей
болып тең негізде құрылуы тиіс. Тең негіздің өлшемі мынадай бола алады - сайлаушылар саны бойынша бір мандатты сайлау округтерінің шамалас теңдігі немесе көп мандатты сайлау округтерінде бір депутаттық мандатқа сайлаушылар санының шамалас теңдігі. Мекен-жайларға барудың қиындығы мен алыстығы, азшылықты құрайтын түпкілікті халықтардың немесе өзге де ұлттық азшылықтардың және этникалық топтардың тығыз тұратындығы өкілдіктің орташа нормасынан ауытқуға негіздеме болып табылуы мүмкін.
      2. Әрбір сайлаушы еркін дауыс беруге қатысуға өз құқығын іске
асыруы үшін сайлау учаскесіне, сондай-ақ сайлау өтетін үй-жайға теңдей және кедергісіз рұқсат алуға құқылы.
      3. Азаматқа сайлаушыларға барынша ыңғайлы жағдайлар жасауды
қамтамасыз ететін, мерзімінен бұрын дауыс беруді, дауыс беретін үй-жайдан тысқары жерде дауыс беруді, болмаса дауыс берудің өзге де рәсімдерін ұйымдастыру арқылы оның дауыс беруге қатысу құқығын іске асыруына мүмкіндіктер берілуі мүмкін.
      4. Әрбір азамат сайлауға өз кандидатурасын ұсынуға тең құқылық
мүмкіндіктерге ие болуы тиіс.
      5. Жаңа мерзімге сайланбалы қызметке кандидаттардың сайлау
науқанына қатысу ерекшеліктеріне байланысты шектеулер конституциямен
және заңдармен реттеледі. Бекітілген шектеулердің сақталуы депутаттардың, сайланбалы лауазым иелерінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруларына және сайлаушылар алдындағы өз міндеттемелерін орындауларына кедергі келтірмеуі тиіс.
      6. Кандидаттардың қызметтік немесе лауазымдық жағдайларының
артықшылықтарын өздерінің сайланулары мақсатында қолдануға құқылары
жоқ. Тең сайлау құқығы принциптерін бұзушылықтардың тізбесі және ондай бұзушылықтарға жауапкершілік заңдармен белгіленеді.

  4-бап
Төте сайлау құқығы

      1. Төте сайлау құқығы принципін сақтау - азаматтардың сайлауда
тікелей тиісінше кандидатқа және (немесе) кандидаттар тізімін жақтап, не болмаса кандидатқа, кандидаттарға және (немесе) кандидаттар тізіміне қарсы, не барлық кандидаттарға және (немесе) кандидаттар тізіміне қарсы дауыс беретінін білдіреді.
      2. Ұлттық заң шығарушы органның палаталарының біріндегі барлық
депутаттық мандаттар кандидаттардың және (немесе) кандидаттар тізімінің бүкілхалықтық сайлау барысындағы ерікті бәсеке-жарысының нысанасы болып табылады.
      3. Егер ұлттық заң шығарушы орган қос палаталы болатын болса және оның палаталарының бірінің депутаттық мандаттарының барлығы, не
болмаса бір бөлігі кандидаттардың және (немесе) кандидаттар тізімінің бүкіл халықтық сайлау барысында ерікті бәсеке-жарысының нысанасы болып табылмаса, онда бұл осы Конвенцияға қайшы келмейді.

  5-бап
Құпия дауыс беру

      1. Құпия дауыс беру принципін сақтау - сайлаушылардың өз еріктерін білдіруге қандай да болсын бір бақылау орнатуды болдырмауды, еркін сайлау үшін тең жағдайлар жасауды қамтамасыз етуді білдіреді.
      2. Азаматтардың дауыс беру құпиясына құқықтары ешқандай түрде және ештеңемен де шектелмейді.
      3. Сайлау құпия дауыс беру рәсімін пайдалану арқылы өткізіледі.
      4. Сайлау органдары конституцияда, заңдарда, өзге де құқықтық
актілерде қарастырылған шарттардың сақталуын қамтамасыз етіп,
сайлаушының құпия дауыс беру орнында бюллетенді толтыруына қандай да
бір бақылауды немесе байқауды жүзеге асыру, сайлаушының ерік білдіру
құпиясын бұзатындай кімнің де болсын іс-әрекет жасау мүмкіндігін
болдырмайды.

  6-бап
Мерзімді және міндетті сайлаулар

      1. Сайланбалы мемлекеттік билік органдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, өзге де халықтық (ұлттық) өкілдік органдарын, сайланбалы лауазым иелерін сайлау міндетті болып табылады және конституцияда, сондай-ақ заңдарда белгіленген мерзімде өткізіледі.
      2. Сайлау сайланбалы мемлекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, өзге де халықтық (ұлттық) өкілдік органдарының, сайланбалы лауазым иелерінің негізі - әрқашан халықтың ерікті еркі болатындай түрде конституцияда, заңдарда белгіленген мерзімділікпен өткізілуі тиіс.
      3. Сайланбалы органдардың, сайланбалы лауазым иелері өкілеттігінің мерзімі конституцияда және заңдарда белгіленеді, және де оларда көзделген тәртіппен ғана өзгертілуі мүмкін.
      4. Конституцияға және заңдарға сәйкес тағайындалған сайлау
мерзімін, сайлаудың жүргізілуін және рәсімін бұзуға немесе болдырмауға не болмаса ауыстыруға шақыратын немесе мақсат ететін іс-әрекеттер жасалмауы немесе үндеулер таратылмауы тиіс.
      5. Төтенше немесе әскери жағдайларда азаматтардың қауіпсіздігін және конституциялық құрылыстың қорғалуын қамтамасыз ету үшін конституцияға, заңдарға сәйкес құқықтар мен бостандықтарды қолданудың шектері мен мерзімдері көрсетілген шектеулер қойылуы, сондай-ақ сайлау өткізу кейінге қалдырылуы мүмкін.

  7-бап
Ашық және жария сайлау

      1. Сайлауға дайындық және оны өткізу ашық және жария жүргізіледі.
      2. Өздерінің құзырлы шегінде және сайлауды тағайындауға, оған
дайындалуға және өткізуге, азаматтардың сайлау құқықтары мен
бостандықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты мемлекеттік
билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сайлау
органдарының шешімдері заңдарда көзделген тәртіпте және мерзімде
міндетті түрде ресми жариялауға жатады, не болмаса өзгедей жолмен жалпы жұрттың назарына жеткізіледі.
      3. Азаматтардың сайлау құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын құқықтық актілер мен шешімдер, егер олар жалпы жұрт назарына жеткізу үшін ресми жарияланбаса қолданылмайды.
      4. Сайлау органы сайлау туралы заңнамада белгіленген мерзімнің
ішінде өзінің баспа органында немесе өзге де бұқаралық ақпарат
құралдарында дауыс берудің нәтижелері туралы деректерді, сондай-ақ
сайланған адамдар туралы мәліметтерді ресми жария етеді.
      5. Сайлаудың ашықтығы мен жариялылығы принципін сақтау
сайлауға қоғамдық және халықаралық бақылау жүргізуді жүзеге асыру үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етуі тиіс.

  8-бап
Еркін сайлау

      1. Конституцияның үстемдігі еркін сайлау өткізудің және азаматтарға, сайлау процесінің өзге де қатысушыларына қандай да бір ықпал ету, күштеу, күш қолдану немесе өзге де құқыққа қарсы әрекеттерсіз өзінің сайлауға қатысуына немесе қатыспауына байланысты заңмен рұқсат етілетін нысанда және заңды әдістермен, дауыс берудің қорытындыларының, сайлау нәтижелерінің қандай болатынына қарамастан, жазаланудан болмаса ықпал етуден қауіптенбестен өз қалауын жасаудың, сондай-ақ еркін сайлау принципінің сайлау процесінің барлық кезінде қалтқысыз сақталуының құқықтық және өзге де кепілдіктерінің негізі болып табылады.
      2. Азаматтың сайлауға қатысуы еркін және өз еркімен /қалауымен/ болады. Оны ешкім де белгілі бір кандидатты (кандидаттарды), белгілі бір кандидаттар тізімін жақтап, немесе қарсы дауыс беруге мәжбүрлей алмайды, азаматты сайлауға қатысуына немесе қатыспауына мәжбүрлеу мақсатында, сондай-ақ оның өз еркін ерікті түрде білдіруіне ықпал етуге ешкімнің құқы жоқ. Бірде бір сайлаушыны оның кандидатқа (кандидаттарға), кандидаттар тізіміне қалай дауыс беретіндігі немесе бергендігі туралы мәлімдеуге ешкім
де мәжбүрлей алмайды.
      3. Кандидат, саяси партия (одақ) және сайлау процесінің басқа
қатысушылары конституция мен заңдарға сәйкес қоғам және мемлекет
алдында жауапты болады. Бірде бір кандидаттың, бірде бір саяси партияның (одақтың), бірде бір өзге де қоғамдық бірлестіктің немесе қоғамдық ұйымның психикалық күшпен және діни мәжбүрлеу әдістерін немесе зорлық-зомбылыққа үндеу /шақыру/ немесе оны қолдау қаупін төндіру, не болмаса мәжбүрлеудің өзге де нысандарын қолдануға құқы жоқ.

  9-бап
Шынайы сайлау

      1. Шынайы сайлау кезінде халықтың ерікті түрде білдірілген еркі және оның тікелей жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі.
      2. Шынайы сайлау сайлаушыларға конституция мен заңдар негізінде кандидаттарды сайлауға мүмкіндік береді. Шынайы сайлау кезінде шын мәнісіндегі саяси пікір алуандығы /плюрализм/, идеологиялық көп түрлілік және көп партиялық орын алады. Бұлар, заңды қызметі мемлекеттің заңды қорғауында болатын саяси партиялардың жұмысы арқылы жүзеге асады.
      3. Шынайы сайлау кезінде сайлаушылардың кандидаттар, кандидаттар тізімі, саяси партиялар (одақтар) және сайлау процесі туралы ақпаратқа, ал кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) - бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация құралдарына еркін рұқсат алуы қамтамасыз етіледі.
      4. Сайлауға дайындық пен оны өткізу барысында мемлекеттік тіл
немесе мемлекеттік тілдер қолданылады, ал заңдармен белгіленген
жағдайлар мен тәртіп кезінде, сондай-ақ мемлекет аумағының құрамдас
бөліктерінің ресми тілдері, ал халықтар мен ұлыстар, ұлттық азшылықтар мен этникалық топтар тығыз тұратын аумақтарда солардың тілдері қолданылады.
      5. Сайлауды және сайлау іс-әрекеттері мен рәсімдерін белгілеу және өткізу кандидаттарға, саяси партияларға (одақтарға) және сайлау процесінің басқа да қатысушыларына сайлау алдындағы насихат науқанын толыққанды өрістетуге мүмкіндік беретіндей тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылуы тиіс.
      6. Шынайы сайлау кандидаттарды, кандидаттар тізімін және саяси
партияларды (одақтарды) тең және әділ тіркеудің құқықтық шарттарын
білдіреді. Тіркеу шарттары артықшылықтарға немесе кемсітушілік сипаттағы шектеулерге негіз боларлықтай жағдайға әкелмейтіндей айқын болуы тиіс. Кандидаттарды, кандидаттар тізімін және саяси партияларды (одақтарды) тіркеу нормаларын өз бетінше немесе кемсітушілік сипатта қолдануға жол берілмейді.
      7. Сайлауға қатысушы әрбір кандидат және әрбір саяси партия (одақ) дауыс берудің қорытындыларын және демократиялық сайлаудың
нәтижелерін тануы тиіс, азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтарын бұзатын дауыс берудің ресми нәтижелеріне, сайлаудың қорытындыларына сот және (немесе) өзге органдарға заңдармен, мемлекеттің халықаралық міндеттемелерімен көзделген тәртіпте және мерзімде шағым беруге мүмкіндігі болуы тиіс.
      8. Іс-әрекеттері дауыстарды санауды, дауыс берудің нәтижелерін
және сайлау қорытындыларын бұрмалауға, азаматтың өз сайлау құқықтары
мен бостандықтарын еркін жүзеге асыруға, соның ішінде сайлауды
мансұқтау немесе мансұқтауға шақыру нысандарымен кедергі келтіруге,
сайлау рәсімдерін немесе сайлау әрекеттерін орындаудан бас тартуға
бағытталған адамдар мен органдар заң бойынша қудалауға жатады.

  10-бап
Әділ сайлау

      1. Әділ сайлау құқығы принципін сақтау - сайлау процесінің барлық қатысушыларына тең құқылық жағдай жасауды қамтамасыз етуі тиіс.
      2. Әділ сайлауды өткізуде мыналар қамтамасыз етіледі:
      а) жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы;
      б) әрбір кандидатқа немесе әрбір саяси партияға (одаққа) сайлау науқанына қатысу үшін, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация құралдарына рұқсат алуына тең мүмкіндіктер жасау;
      в) сайлауды, сондай-ақ кандидаттардың, саяси партиялардың
(одақтардың) сайлау науқанын әділ әрі жария түрде қаржыландыру;
      г) дауыс берудегі және дауыстарды санаудағы адалдық, сайлаудың
барлық қорытындыларын ресми жариялай отырып, дауыс берудің
нәтижелері туралы толық және жедел ақпарат беру;
      д) сайлау процесін пәрменді қоғамдық және халықаралық бақылаумен ашық және жария түрде жұмыс жасайтын әділ сайлау органдарының ұйымдастыруы;
      е) азаматтардың, кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау құқықтары мен бостандықтарын бұзушылыққа шағымдарын сайлау процесінің тиісті сатыларының уақыт шеңберінде соттардың және өзге де уәкілетті органдардың жедел және тиімді қарастыруы, сондай-ақ халықаралық құқықтың нормаларымен көзделген тәртіпте, азаматтың өз сайлау құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және қалпына келтіруге байланысты халықаралық сот органдарына қайырылу құқығын қамтамасыз ету.
      3. Кандидаттарды тиісті сайлау округы бойынша сайлаушылар және (немесе) олар өздерін өздері ұсына алады. Кандидаттарды және (немесе) кандидаттар тізімдерін, сондай-ақ саяси партиялар (одақтар), өзге де қоғамдық бірлестіктер және кандидаттар мен (немесе) кандидаттар тізімін конституцияда, заңдарда көрсетілген басқа да құқық субъектілері ұсына алады.

  11-бап
Сайлау органдарының (сайлау комиссияларының)
сайлауды өткізуі

      1. Сайлауға дайындық және оны өткізу, азаматтардың сайлау
құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау, сондай-ақ
олардың орындалуына бақылау жасау мәртебесі, құзыреті мен өкілеттігі
конституциямен, заң актілерімен белгіленген сайлау органдарына (сайлау комиссияларына) жүктеледі.
      2. Сайлау органдарын алмастыратын не болмаса олардың қызметін
толық немесе ішінара атқаратын, немесе олардың заңды қызметіне кедергі келтіретін, немесе олардың қызметіне заңға қайшы түрде араласатын, не болмаса олардың мәртебесі мен өкілеттіктерін иемденіп алған өзге де құрылымдардың (органдар мен ұйымдардың) құрылуы мен іс-әрекетіне жол берілмейді.
      3. Сайлау органдарын қалыптастырудың, өкілеттігінің тәртібі,
қызметінің ұйымдастырылуы, сондай-ақ сайлау органдары құрамын
таратудың немесе сайлау органы мүшелерінің өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуының тәртібі, негіздемесі және мерзімдері заңдармен белгіленеді. Бұл орайда сайлау органы мүшелері өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуының тәртібі мен мерзімінің заңдарда қарастырылған негіздемесі, сондай-ақ уәкілетті органның сайлау органынан шығарылған мүшесінің орнына жаңа мүшені тағайындауы сайлау органына оған жүктелген өкілеттіктерін жүзеге асыруға кедергі келтірмеуі тиіс, сондай-ақ сайлау процесінің тұтастығын бұзбауы, сайлау әрекеттерін орындаудың мерзімін сақтамауға әкелмеуі, азаматтардың сайлау бостандықтары мен құқықтарын бұзбауы тиіс.
      4. Тараптар кандидатқа, кандидаттар тізімін ұсынған саяси партияға (одаққа), заңдарда көзделген тәртіпте кандидатты (кандидаттар тізімін) тіркеген сайлау органына және одан төменгі сайлау органдарына кеңесші дауыс құқығымен өзін тағайындаған кандидаттың, саяси партияның (одақтың) атынан қатысатын сайлау органының бір мүшесін тағайындауға берілетін мүмкіндікті таниды.
      5. Кеңесші дауыс құқығы бар сайлау органының мүшесі сайлау
органының отырыстарында сөз сөйлеуге, сайлау органының құзыретіне
жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге және осы мәселелерді
дауысқа салуды жүргізуді талап етуге құқылы; сайлау органының әрекетіне (әрекетсіздігіне) қатысты жоғары тұрған сайлау органына немесе сотқа шағым беруге, заңдармен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
      6. Сайлау органдарының өз құзыреті шегінде қабылдаған шешімдері - атқарушы билік органдары, мемлекеттік мекемелер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, саяси партиялар және өзге де қоғамдық бірлестіктер, олардың уәкілетті өкілдері, ұйымдар, лауазымды адамдар, сайлаушылар, төмен тұрған сайлау органдары және заңдарда көрсетілген өзге де ұйымдар мен тұлғалар үшін міндетті.
      7. Тараптар өздерінің заңдарымен мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мекемелерге, ұйымдарға, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына сайлау органдарының өкілеттігін іске асыруға жәрдем жасауды міндеттейді, ал сайлау туралы заңнамада көрсетілген теле және (немесе) радио хабарларын таратушы ұйымдарға тегін эфир уақытын беруге, және мерзімдік басылымдардың редакцияларына сайлау органдары үшін сайлаушыларды сайлау туралы, сайлау науқанының барысы туралы хабарландыруға қажетті басылымдық ақпаратты жария етуге мүмкіндік беруге міндеттейді.

  12-бап
Сайлауды және кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау науқанын қаржыландыру

      1. Сайлауға байланысты іс-шараларды қаржыландыру бюджет
қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттер конституциялармен және заңдармен көзделген
жағдайларда және тәртіпте, сайлауға қатысушы кандидаттарға, саяси
партияларға (одақтарға) бюджет қаражаттарын әділ шарттарда бөлуді
қамтамасыз етеді, сондай-ақ сайлау органының жанынан бюджеттен тыс
қордың құрылуына, болмаса өз сайлау науқанын қаржыландыру үшін өзінің жеке ақшалай сайлау қорын құруға және осы мақсаттар үшін жеке ақшалай қаражаттарын, жеке адамдардың және (немесе) ұлттық заңды тұлғалардың ерікті ақшалай қайырмалдықтарын /пожертвования/ заңдармен көзделген мөлшерде және тәртіпте пайдалануға мүмкіндік береді. Кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) осы аталған қорларға түскеннен өзге де ақшалай қаражаттарын пайдалануына заңмен тыйым салынуы және заңдарға сәйкес жауапкершілік жүктелуі тиіс.
      3. Сайлауға қатысушы кандидаттарға, саяси партияларға (одақтарға), болмаса кандидатқа, саяси партияға (одаққа) тікелей немесе жанама немесе өзге де түрде қатысы бар, болмаса олардың тікелей ықпалындағы немесе бақылауындағы әрі саяси партияның (одақтың) мақсаттарын іске асыруға ықпал ететін не болмаса жәрдемдесетін басқа да қоғамдық бірлестіктерге, қоғамдық ұйымдарға шетелдік, соның ішінде шетелдік жеке азаматтардан және заңды тұлғалардан қандай да бір қайырмалдықтар алуларына жол берілмейді.
      4. Тараптар сайлауға түскен кандидаттарға, сонымен бірге
кандидаттарды (кандидаттар тізімін) ұсынған саяси партияларға (одақтарға) да заңнамамен тыйым салынған қайырмалдықтарды болдырмау үшін сайлауға қатысушы кандидаттарға, саяси партияларға (одақтарға) берілген барлық ақшалай қайырмалдықтың ашықтығы мен тазалығын қамтамасыз етеді.
      5. Сайлауға қатысушы кандидаттар, саяси партиялар (одақтар),
заңдарда белгіленген кезеңділікпен, өздерінің ақшалай сайлау қорындағы барлық қайырмалдықтың түсімі туралы, тиісті қаражаттардың салымшылары туралы, сондай-ақ осы қорлардан өздерінің сайлау науқанын қаржыландыруға жұмсаған барлық шығыстары туралы мәліметтер мен есептерді сайлау органына, және (немесе) заңда көрсетілген өзге де органдарға беріп отырулары тиіс. Сайлау органдары аталған мәліметтер мен есептерді заңдарда көрсетілген бұқаралық ақпарат құралдарында және телекоммуникация құралдарында жария етуді қамтамасыз етеді.
      6. Кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) сайлау
науқанын қаржыландыру ережелері мен тәртіптерін бақылауды немесе
қадағалауды жүзеге асыру үшін арнайы орган (органдар) құрылуы мүмкін
немесе лауазымды адамдарға не сайлау органына тиісті өкілеттіктер берілуі мүмкін.
      7. Кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) қызметін
қаржыландырудың, қайырмалдықтар берудің тәртібі мен шарттарын
бұзушылықтың тізбесі, сондай-ақ сайлауды және кандидаттардың, саяси
партиялардың (одақтардың) сайлау науқанын қаржыландыруды
бұзушылықтың алдын алу, болдырмау немесе жолын кесу шараларының
тізбесі заңдармен, өзге де құқықтық нормативтік актілермен белгіленуі тиіс.

  13-бап
Сайлауды және үгіт қызметін мемлекеттік ақпараттық қолдау

      1. Тараптар сайлау туралы, кандидаттар туралы ақпаратты іздестіру, жинау, тарату бостандығын, сайлауды бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдарында бұрмалаушылықсыз жариялауды
қамтамасыз етеді.
      2. Бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдары
тұрғындарды сайлау туралы, кандидаттарды, (кандидаттар тізімін) ұсыну, олардың сайлау алдындағы бағдарламалары (тұғырнамалары), сайлау науқанының барысы, дауыс берудің қорытындылары және сайлаудың нәтижелері туралы хабарландырып отыруға, өз іс-әрекеттерін конституция, заңдар, мемлекеттің халықаралық міндеттемелері шеңберінде жүзеге асыруға қызмет жасайды.
      3. Заңдарға сәйкес бұқаралық ақпарат және телекоммуникация
құралдары өкілдерінің:
      а) сайлау органдарының іс-әрекетіндегі жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ете отырып, олардың мәжілістеріне қатысуға;
      б) дауыс берудің қорытындылары немесе сайлаудың нәтижелері
туралы тиісті сайлау органдарының құжаттарымен және материалдарымен
танысуға, тиісті сайлау органынан аталған құжаттар мен материалдардың көшірмелерін жасап алуға не болмаса алуға, оларды жариялау үшін бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдарына беруге;
      в) көпшіліктік үгіт іс-шараларына қатысуға, олардың өткізілу барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;
      г) дауыс беру кезінде, сайлаушылардың дауыстарын санауға, дауыс берудің қорытындылары мен сайлау нәтижелерін анықтауға қатысуға құқылары бар.
      4. Азаматтарға, кандидаттарға, кандидатты және (немесе) кандидаттар тізімін ұсынған саяси партияларға (одақтарға), өзге де қоғамдық бірлестіктерге, қоғамдық ұйымдарға заңдармен көзделген тәртіпте және мерзімде, заңмен рұқсат етілген және заңды әдістермен, пікір алуандығы, цензураның жоқтығы жағдайында кез келген нысандағы үгіт жұмыстарын жүргізу бостандығына кепілдік беріледі.
      5. Сайлауға қатысушы барлық кандидаттарға, саяси партияларға
(одақтарға) конституция мен заңдарға сәйкес өзінің сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын жүргізуге, соның ішінде сайлау алдындағы бағдарламасының (тұғырнамасының) қағидаларын баяндау үшін бұқаралық ақпарат және телекоммуникация құралдарына тең қол жеткізу жағдайлары қамтамасыз етілуі тиіс.
      6. Үгіт жұмысын жүргізу барысында сөз бостандығын және
бұқаралық ақпарат бостандығын теріс мақсатта пайдалануға, соның ішінде билікті күшпен тартып алуға, мемлекеттің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге және мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға шақыруларға, соғысты, террористік, өзге де кез келген күштеу әрекеттерін насихаттауға бағытталған және әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этникалық, діни жеккөрушілік пен өшпенділікті қоздыратын шақыруларға жол берілмейді.
      7. Осы Конвенцияға қатысушы бір мемлекеттің бұқаралық ақпарат
және телекоммуникация құралдары екінші мемлекеттің аумағындағы
сайлауды өткізу барысында үгіт жұмысын жүргізуге қатысу мақсатында
пайдаланыла алмайды.
      8. Кандидаттардың, саяси партиялардың (одақтардың) өздерінің үгіт жұмысын жүргізудің шарттары мен тәртібін бұзу, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілік туғызуға негіз болып табылатын сайлау науқанын жария етуге қатысу тізбесі заңдармен анықталады.

  14-бап
Ұлттық бақылаушылардың мәртебесі мен өкілеттігі

      1. Әрбір кандидат, әрбір саяси партия (одақ), өзге де қоғамдық
бірлестік (қоғамдық ұйым), сайлаушылар тобы, сайлаудың конституцияда, заңдарда көрсетілген басқа да субъектілері сайлауды ұйымдастырушы органдар қабылдаған заңдарда немесе нормативтік актілерде белгіленген тәртіпте, дауыс беру күні, соның ішінде мерзімінен бұрын дауыс беруді өткізу күні дауыс беруге арналған үй-жайда бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар ұлттық бақылаушыларды тағайындауға құқылы.
      2. Ұлттық бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері заңнамада
белгіленуі тиіс.
      3. Ұлттық бақылаушыларға:
      а) сайлау туралы заңдарда көрсетілген сайлау құжаттарымен
танысуға, дауыс беруге арналған тізімдерге енгізілген сайлаушылардың саны туралы және сайлауға, соның ішінде мерзімінен бұрын дауыс беруге және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерлерде дауыс берген сайлаушылардың саны туралы ақпарат алу;
      б) дауыс беруге арналған үй-жайда болу;
      в) сайлау бюллетендерін сайлаушыларға беруді бақылау;
      г) мерзімінен бұрын дауыс беруді өткізу кезінде, сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерлерде дауыс беруі кезінде қатысу;
      д) бюллетендерді санау рәсімдерін көруді қамтамасыз ететін жағдайда сайлаушылардың дауыстарын санауды бақылау;
      е) сайлау органының дауыс берудің қорытындылары, сайлаудың
нәтижелері туралы хаттаманы және өзге де құжаттарды жасауын бақылауға, сайлау органының дауыс берудің қорытындылары туралы хаттамасымен, соның ішінде қайта жасалған хаттамамен танысуға, ұлттық заңнамамен көзделген жағдайларда және тәртіпте, тиісті сайлау органынан аталған хаттамалардың көшірмелерін алу;
      ж) дауыс беруді ұйымдастыру мәселелері бойынша сайлау органына ұсыныстар мен ескертулер жасау;
      з) сайлау органының, сайлау органы мүшелерінің шешімдері және іс-әрекеттеріне (іс-әрекетсіздігіне), тікелей жоғары тұрған сайлау органына немесе сотқа шағым жасау құқықтары берілуге тиіс.
      4. Ұлттық бақылаушының құқықтарын заңдармен көзделген
жағдайларда және тәртіпте кандидаттардың, саяси партиялардың
(одақтардың) сенімді өкілдері де пайдалана алады.
      5. Сайлау органдары және (немесе) өзге де органдар мен ұйымдар ұлттық бақылаушыларды және сайлаудың өзге де қатысушыларын демократиялық сайлау технологиясының, сайлау туралы ұлттық заңнаманың, халықаралық сайлау стандарттарының, адамның және азаматтың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің негіздеріне үйретуді ұйымдастыру жөніндегі өкілеттікке ие бола алады.

  15-бап
Халықаралық бақылаушылардың мәртебесі мен өкілеттіктері

       1. Тараптар халықаралық бақылаушылардың қатысуы сайлаудың ашықтығы мен жариялылығына, мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерін сақтауына жәрдемдесетінін растайды. Олар халықаралық бақылаушылардың жалпы ұлттық деңгейден де төмен, муниципалдық (жергілікті) деңгейге дейінгі сайлау процестеріне жіберілуіне де жәрдемдесуге ұмтылатын болады.
      2. Халықаралық бақылаушылардың іс-әрекеті олардың келген елінің заңдарымен, осы Конвенциямен, өзге де халықаралық құжаттармен
реттеледі.
      3. Халықаралық бақылаушылар мемлекеттің аумағына кіруге заңмен
белгіленген тәртіпте рұқсат алады, және тиісті шақыруы бар болған
жағдайда, тиісті сайлау органында тіркеледі. Шақыруларды сайлаудың
өтетіні белгіленгені туралы ресми жарияланғаннан кейін заңмен уәкілеттік берілген органдар жіберуі мүмкін. Шақыруларды жіберу туралы ұсыныстарды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының жарғылық органдары беруі мүмкін.
      4. Орталық сайлау органы халықаралық бақылаушыға белгіленген
үлгідегі тіркелгендігі туралы куәлік береді. Мұндай куәлік халықаралық бақылаушыға сайлауға дайындық пен оны өткізу кезеңінде бақылау жүргізуді жүзеге асыру құқығын береді.
      5. Халықаралық бақылаушы келген мемлекетінің аумағында осы
мемлекеттің қамқорлығында болады. Сайлау органдары, мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары өз құзыреттері шегінде оған қажетті көмек көрсетуге міндетті.
      6. Халықаралық бақылаушы өзінің қызметін дербес және тәуелсіз
атқарады. Халықаралық бақылаушының қызметін материалдық-қаржылық
қамтамасыз ету бақылаушыны жіберген тараптың қаражаты есебінен немесе оның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      7. Халықаралық бақылаушылардың өз мәртебесін сайлау науқанының
барысын бақылауға қатысы жоқ іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін
пайдалануына құқы жоқ. Тараптар заңдарды, жалпыға бірдей танылған
қағидаттарды және халықаралық құқық нормаларын бұзған халықаралық
бақылаушыларды тіркеуден айыруға құқылы.
      8. Халықаралық бақылаушылар:
      а) сайлау процесін реттейтін барлық құжаттарға (ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қозғамайтын) рұқсаты болуына, сайлау органдарынан ұлттық заңдарда көрсетілген қажетті ақпаратты және сайлау құжаттарының көшірмелерін алуға;
      б) саяси партиялармен, одақтармен, кандидаттармен, жеке
адамдармен, сайлау органдарының қызметкерлерімен байланыс жасауға;
      в) барлық сайлау учаскелері мен дауыс берілетін үй-жайларға, соның ішінде дауыс беретін күні еркін баруға;
      г) дауыс берудің барысына, дауыстарды санау мен олардың
нәтижелерін анықтауға, бюллетендерді санау рәсімдерін көруді қамтамасыз ететіндей жағдайда бақылау жасауға;
      д) сайлау туралы заңнаманы бұзушылыққа байланысты шағымдарды
(өтініштерді) және талаптарды қараудың нәтижелерімен танысуға;
      е) сайлауды жүргізіп отырған органның жұмысына араласпай, сайлау органының өкілдерін өз бақылаулары, ұсыныстары туралы хабарландыруға;
      ж) дауыс беру аяқталған соң сайлаудың дайындығы мен өткізілуі
туралы өз пікірлерін көпшілік үшін баяндауға;
      з) сайлаудың ұйымдастырушыларына, мемлекеттік билік органдарына және тиісті лауазым иелеріне сайлау барысын бақылауының нәтижелері туралы өз қорытындысын беруге құқылы.
      9. Халықаралық бақылаушылар:
      а) келген елінің конституциясы мен заңдарын, осы Конвенцияның,
өзге де халықаралық құжаттардың ережелерін сақтауға;
      б) халықаралық бақылаушы ретінде келген елі белгілеген тәртіпте берілген тіркелгені туралы куәлігінің болуы және оны сайлауды ұйымдастырушылардың талабы бойынша көрсетуге;
      в) өз қызметін саяси бейтараптық, бұрмалаушылықсыз, сайлау
органдарына, мемлекеттік және өзге де органдарға, лауазымды тұлғаларға, сайлау процесінің қатысушыларына қатысты қандай бір болмасын артықшылық білдіру немесе оларға баға беруден бас тарту принциптерін басшылыққа ала отырып жүргізуге;
      г) сайлау процесіне араласпауға;
      д) барлық қорытындыларын өзінің бақылауының және нақты материалдардың негізінде жасауға тиіс.

  16-бап
Азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтары
бұзылғандығы үшін шағымдануы және жауапкершілік

      1. Осы Конвенцияда жарияланған демократиялық сайлау процесінің
стандарттары, азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ адамды немесе адамдарды сайлау туралы заңдар бұзылған жағдайда, құқықтары бұзылғандар соттарға, ал заңдарда белгіленген жағдайларда және тәртіпте сайлау органдарына да шағымдануға және өздерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге құқықтары мен мүмкіндіктері болуға тиіс.
      2. Заңдармен тыйым салынған іс-әрекеттерді (іс-әрекетсіздіктерді) жасаған адамдар заңдарға сәйкес жауап беруге тиіс.

  17-бап
Сайлау құжаттамасы

      1. Дауыс беру бюллетендері, өзге де сайлау құжаттары, соның ішінде сайлау өткізуге қатысы бар мемлекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сайлау органдарының құжаттары сайлау өтетін елдің мемлекеттік тілінде және мемлекет аумағының құрамдас бөліктерінің ресми тілдерінде, ал заңнамамен көзделген тәртіпте, сондай-ақ халықтар мен ұлыстар, ұлттық азшылықтар мен этникалық топтар тығыз тұратын аумақтарда солардың тілдерінде де жасалады (жарияланады).
      2. Дауыс берудің қорытындылары және сайлау нәтижелері
анықталатын сайлау құжаттары қорғалу дәрежесі заңдармен белгіленетін
қатаң есеп беру құжаттары болып табылады.

  18-бап
Кемсітушілік болып саналуға тиіс емес шаралар

      1.   Азаматтардың жоғарыда келтірілген сайлау құқықтары мен бостандықтары:
      а) ел тұрғындарының қандай да бір құрамдас бөлігінің, атап айтқанда ұлттық азшылықтар мен этникалық топтардың, егер олардың шындығында да саяси, экономикалық, діни, әлеуметтік, тарихи және мәдени жағдайларына байланысты басқа тұрғындармен саяси және сайлау құқықтары мен бостандықтарына қатысты тең жағдайды пайдалану мүмкіндігі жоқ болғанда, барабар өкілдігін қамтамасыз етуге арналған шараларды көздейтін жағдайда;
      б) сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарға, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырған адамдарға қатысты сайлау және сайлану құқықтарын шектеуді көздейтін жағдайда конституциямен, заңдармен шектеле алады және кемсітушілік деп санауға жатпайды.
      2. Кандидаттарды, (кандидаттар тізімін) ұсынуға, саяси партияларды (одақтарды) құруға және олардың қызметіне қатысты азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын шектеулер конституциялық құрылысты, ұлттық қауіпсіздікті қорғау, қоғамдық тәртіпті қолдау, қоғамдық әл-ауқат пен моральді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерінде қолданылуы мүмкін және олар мемлекеттің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келуге тиіс.
      3. Тараптар сайлау процесін демократияландыруға ұмтылу барысында сайлауға қатысу үшін сайлау процесіне қатысушыларға тең құқықтық жағдайларды қамтамасыз етуде тиісті ұлттық жағдайлардың жасалғанына қарай конституциямен, заңдармен көзделген және мемлекеттің халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмейтін сайлау құқықтары мен бостандықтарды іске асырудағы қолданылып жүрген шектеулер немесе артықшылықтардан бас тартуға болатынын негізге алады.

  19-бап
Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің міндеттемелері

      1. Тараптар демократиялық сайлауды дайындау және өткізу үшін
сайлау құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту, осы
Конвенцияның ережелерін іске асыру мақсатында заңнамалық және басқа да шаралар қабылдайтын болады. Осы Конвенцияда жария етілген
демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының
стандарттары, оларды конституцияға, заңнамалық актілерге кіргізу жолымен қамтамасыз етілуі мүмкін.
      2. Тараптар:
      а) сайлау құқығының демократиялық қағидаттары мен нормаларының
қорғалуына, сайлаудың демократиялық сипатта болуына, сайлауда
азаматтардың еркін түрде ерік білдірулеріне, сайлаудың өткендігін, оның шын мәнісінде күші барлығын және заңдылығын мойындауға қатысты
талаптардың негізділігіне кепілдік етуге;
      б) сайлаудың толық заңнамалық негізін ұлттық заң шығару
органының қабылдауына және сайлауды өткізуді қамтамасыз ететін
құқықтық нормативтер атқару билігінің актілерімен белгіленбеуіне қажетті шаралар қабылдауға;
      в) заңдармен көзделген тәртіпте, бүкілхалықтық төте сайлау
барысында ұлттық заң шығару органының бір палатасының депутаттық мандаттары толығымен немесе ішінара кандидаттардың және (немесе) кандидаттар тізімінің еркін бәсекесінің объектісі болуына ұмтылуға;
      г) кез-келген деңгейдегі сайлауды дайындау мен өткізу, кезінде
азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің
құқықтық, ұйымдастырушылық, ақпараттық кепілдіктер жүйесін жасауға,
әйелдердің сайлау органдарына, сайланбалы қызметтерге жекелей де, немесе саяси партиялардың (одақтардың) құрамында сайлауға және сайлануға құқығын іске асыруына еркектермен тең, әділ және шынайы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін конституциямен, заңдармен көзделген жағдайларға және тәртіпке сәйкес қажетті заңнамалық шаралар қабылдауға ұмтылуға, сондай-ақ дауыс беруге қатысуы үшін денсаулығында ауытқушылықтары бар (мүгедектер және т.б.) адамдарға қосымша кепілдіктер мен жағдайлар жасауға;
      д) сайлаушыларды тіркеуді (есепке алуды) жас мөлшері, азаматтығы, тұратын жері, азаматтың жеке басын куәландыратын негізгі құжатының болуы тәрізді тіркеу (есепке алу) өлшемдерін көздейтін, заңды түрде белгіленген кемсітпейтін және пәрменді рәсімдер негізінде жүзеге асыруға;
      е) тиісті мәліметтердің рас болуы, толықтығы мен олардың уақтылы берілуі, дербес деректердің құпиялылық сипаты заңнамамен сәйкес болуын қамтамасыз етуі үшін сайлаушылар туралы мәлімет беретін адамдардың жауапкершілігін заңнамалық тәртіппен бекітуге;
      ж) саяси партиялардың құрылуына және олардың заңды еркін іс-әрекет жасауына, саяси партияларды және сайлау процесін қаржыландыруды заңмен реттеуге жәрдемдесуге, заңдар және мемлекеттік саясат партиялар мен мемлекетті ажыратуын, сайлау науқанын еркіндік пен әділдік жағдайында, яғни партиялар мен кандидаттар өз көзқарастары мен бағаларын, сайлау алдындағы бағдарламаларының (тұғырнамаларының) ережелерін еркін баяндайтындай, ал сайлаушылар олармен танысып, талқылап және "жақтағаны" немесе "қарсы" болғаны үшін жазадан немесе қандай да бір қудалаудан қауіптенбей еркін дауыс берулеріне жәрдемдесетіндей еркіндік пен әділдік жағдайында жүргізуді қамтамасыз етуге;
      з) бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде Интернет жүйесінде сайлау науқанын көрсетуде бұрмалаушылық жасалмауына, саяси партиялар мен кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына кемсітпеушілік негізде қол жеткізуіне заңдық немесе әкімшілік кедергілер қоюдың мүмкін болмауына кепілдік беретін шаралар қабылдауды қамтамасыз етуге, сайлауға байланысты, деректері сайлау процесінің қатысушыларына, сондай-ақ халықаралық бақылаушыларға олардың сұраулары бойынша танысу үшін немесе көшірмесін жасауға берілуі тиіс қоғамдық пікірдің сауалнамасы қорытындыларының бірыңғай ақпараттық банкін құруға, сайлаудың ашық сипатын қамтамасыз ететін, сайлаушылардың дауыс берудің нәтижелеріне және сайлау қорытындыларына сенімі дәрежесін арттыратындай жаңа ақпараттық технологиялар енгізуге;
      и) азаматтық құрылымның ұлттық бағдарламаларын қабылдау және осы іспеттес мемлекетаралық бағдарламаларды жасау мен қабылдауға қатысуға, азаматтарды және сайлау науқанының өзге де қатысушыларын сайлау рәсімдерімен және ережелерімен таныстыру және оқыту үшін жағдай жасауды, олардың құқықтық мәдениетін және сайлауды ұйымдастырушылардың кәсіби біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге;
      к) заңнамаға және мемлекеттің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, демократиялық еркін де әділ, шынайы және мерзімдік сайлауларды өткізетін, бұра тартпайтын тәуелсіз сайлау органдарын құруды қамтамасыз етуге;
      л) заңмен анықталған қажетті дауыс санын алған кандидаттарға тиісті жолмен қызметіне кірісуіне және қызметінде өз өкілеттігінің мерзімі аяқталғанша немесе заңмен реттелетін басқадай жолмен оның мерзімі тоқтатылғанша қалуын қамтамасыз етуге;
      м) азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтардың тізбесін, сондай-ақ күштеу, алдау, үрей туғызу, құжаттарды алмастыру немесе өзгедей тәсілмен азаматтардың сайлау және сайлануға құқығын жүзеге асыруға, конституцияда және заңдарда бекітілген өзге де сайлау құқықтары мен бостандықтарын іске асыруына кедергі келтіруші адамдарды қылмыстық, әкімшілік, болмаса өзгедей жауапкершілікке тартудың негіздері мен тәртібін заңнамамен реттеу шараларын қабылдауға;
      н) ақпарат алмасу және ортақ пайдалану мақсатында, сайлау заңнамасы, сайлау процесінің қатысушылары (дербес деректер құпиялық сипатқа ие екендігін ескере отырып), құқық қолданушылық және сот тәжірибелері, сайлау жүйесін жетілдіру жөніндегі заңнамалық ұсыныстар туралы ақпаратты, сондай-ақ сайлау процесін ұйымдастыруға қатысты өзге де ақпараттарды қамтитын мемлекетаралық бірыңғай деректер банкін құруға жәрдемдесуге;
      о) сайлау органдарының мемлекетаралық қауымдастықтарын құру және (немесе) қазіргі барларының өкілеттіктерін кеңейтуді қоса алғанда, осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдарының ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесуге міндеттенеді.

  20-бап
Осы Конвенцияға қарамастан берілетін құқықтар

      1. Осы Конвенциядағы ештеңе де мемлекеттердің өздері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарына қатысты олар қабылдаған халықаралық міндеттемелерді орындауына кедергі жасамайды.
      2. Осы Конвенцияда айтылған құқықтардың жүзеге асырылуы барлық
адамдардың жалпыға бірдей танылған құқықтары мен бостандықтарын
жүзеге асыруына нұқсан келтірмейді.
      3. Осы Конвенциядағы ештеңе де Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетіндей қандай да бір болмасын әрекетке жол береді деген түсінік бермейді.  

  21-бап
Мемлекетаралық сайлау кеңесінің мәртебесі

      Тараптар осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдарының негізінде, осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердегі сайлауларға бақылау жүргізуге жәрдемдесу үшін жұмыс жасайтын Мемлекетаралық сайлау кеңесін құрудың қажеттігін таниды.

  22-бап
Конвенцияның күшіне ену тәртібі

      1. Осы Конвенция оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік
рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны
депозитарийге сақтауға тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Депозитарийге осындай рәсімдерді орындағаны туралы
хабарламаны кейінірек жіберген Тараптар үшін Конвенция мұндай
хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

  23-бап
Конвенцияға қосылу тәртібі

      1. Осы Конвенция одан туындайтын міндеттемелерді өзіне
қабылдауға дайын басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
      2. Қосылушы мемлекет үшін осы Конвенция қосылу туралы құжатты
депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

  24-бап
Конвенциядан шығу тәртібі

      Әрбір Тарап депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібергеннен кейін осы Конвенциядан шыға алады.

  25-бап
Конвенцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      Осы Конвенцияға оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Конвенцияның 22-бабымен көзделген тәртіпте күшіне енетін жеке хаттамамен ресімделген өзгертулер мен толықтырулар енгізіле алады.

  26-бап
Конвенцияны қолдануға немесе түсіндіруге
байланысты даулардың шешілуі

      Осы Конвенцияны қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.
      Кишинев қаласында 2002 жылғы 7 қазанда бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

  Әзірбайжан Республикасы үшін         Молдова Республикасы үшін
  Армения Республикасы үшін            Ресей Федерациясы үшін
  Беларусь Республикасы үшін           Тәжікстан Республикасы үшін
  Грузия үшін                          Түрікменстан үшін
  Қазақстан Республикасы үшін          Өзбекстан Республикасы үшін
  Қырғыз Республикасы үшін             Украина үшін

  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы
мемлекеттердегі демократиялық сайлаудың, сайлау
құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы
конвенцияның жобасына
ГРУЗИЯНЫҢ ЕСКЕРТПЕСІ

      9-баптың 8-тармағын қоспағанда, Грузия Конвенция жобасын іске асыруға қатысатын болады, ал 10-баптың 3-тармағындағы талаптар ұлттық заңнаманы ескере отырып, жүзеге асырылатын болады.

  ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің мәжілісіндегі
"Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы
мемлекеттердегі демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы конвенция туралы" күн тәртібінің 13.4-тармағы бойынша:
(2002 жылғы 7 қазан, Кишинев қаласы)
УКРАИНАНЫҢ ЕСКЕРТПЕСІ

      1. Украина үшін осы Конвенцияның ережелері мемлекеттік биліктің сайланатын органдарына, жергілікті өзін-өзі басқаруға және сайланатын лауазым иелеріне ғана қатысты қолданылатын болады.
      2. Украина үшін Конвенция оны Украинаның Жоғарғы Радасы
ратификациялағаннан кейін күшіне енеді.

       УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады