Нью-Йоркте 2007 жылғы 25 қыркүйекте қол қойылған Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға факультативтік хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
АЗАПТАУЛАРҒА ЖӘНЕ БАСҚА ДА ҚАТЫГЕЗ, АДАМГЕРШІЛІККЕ
ЖАТПАЙТЫН НЕМЕСЕ АР-НАМЫСТЫ ҚОРЛАЙТЫН ІС-ӘРЕКЕТТЕР МЕН
ЖАЗАЛАУ ТҮРЛЕРІНЕ ҚАРСЫ КОНВЕНЦИЯҒА ФАКУЛЬТАТИВТІК
ХАТТАМА
(2008 жылғы 21 қарашада күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Біріккен Ұлттар Ұйымы
Кіріспе
Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер,
азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалауға тыйым салынғанын және адам құқықтарының елеулі бұзылуын білдіретінін қайта куәландыра отырып,
азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның (бұдан әрі - Конвенция деп аталады) мақсаттарына қол жеткізу және бостандығынан айырылған тұлғаларды азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғауды күшейту жөніндегі одан арғы шаралардың қажеттілігіне сенімді бола отырып,
Конвенцияның 2 және 16-баптары қатысушы мемлекеттің әрқайсысын өзінің заңи құзырындағы кез келген аумақта азаптаулар актілерінің және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу үшін тиімді шара қолдануға міндеттейтіндігін еске сала отырып,
осы баптардың орындалуы үшін басты жауапкершілік мемлекеттерде екенін, бас бостандығынан айырылғандарды қорғауды күшейту және олардың адам құқықтарын бұлжытпай орындауы баршаның ортақ міндеті болып табылатынын және жүзеге асыру бойынша халықаралық органдардың ұлттық шараларды толықтыратынын және нығайтатынын мойындай отырып,
азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін пәрменділікпен жолын кесу түрлі заңнамалық, әкімшілік, сот және өзге де шараларды ағарту және үйлестіру саласында шаралар қабылдауды талап ететіндігін еске сала отырып,
1993 жылғы маусымда Венада болған Дүниежүзілік адам құқықтары жөніндегі конференцияның азаптауларды жою әрекеті ең алдымен алдын алуға бағытталуы тиістігі және қамауда ұстау орындарында үнемі болудың алдын алу жүйесін жасау мақсатында Конвенцияға факультативтік хаттаманы қабылдауға шақыратындығы туралы батыл мәлімдегенін де еске сала отырып,
бас бостандығынан айырылған адамдарды азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғау, қамауда ұстау орындарында үнемі болуға негізделген соттан тыс алдын алу сипатындағы шаралар негізінде күшейтілетініне сенімді бола отырып,
мына төмендегілер туралы уағдаласты:
I Бөлім
Жалпы қағидаттар
1-бап
Осы Хаттаманың мақсаты тәуелсіз халықаралық және ұлттық органдар жүзеге асыратын азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін алдын алу мақсатында бостандығынан айырылған адамдар болатын орындарында үнемі болу жүйесін құру болып табылады.
2-бап
1. Азаптауларға қарсы комитеттің осы Хаттамада жазылған функцияларды жүзеге асыратын азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитеті (бұдан әрі - Алдын алу жөніндегі кіші комитет деп аталады) құрылады.
2. Алдын алу жөніндегі кіші комитет өз жұмысын Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы шеңберінде орындайды және оның мақсаттары мен қағидаттарын, сондай-ақ бас бостандығынан айырылған адамдармен қарым-қатынасқа қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының нормаларын басшылыққа алады.
3. Алдын алу жөніндегі кіші комитет құпиялылық, турашылдық, сайлаудан тыс, бірегейлік және әділдік қағидаттарын да басшылыққа алады.
4. Алдын алу жөніндегі кіші комитет және қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманы жүзеге асыру ісінде ынтымақтасады.
3-бап
Қатысушы мемлекеттің әрқайсысы азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін алдын алу (бұдан әрі - ұлттық алдын алу тетігі деп аталады) мақсатында болу үшін ұлттық деңгейде бір немесе бірнеше органды құрады, тағайындайды немесе қолдайды.
4-бап
1. Қатысушы мемлекеттің әрқайсысы осы Хаттамаға сәйкес оның заңи құзырындағы және бақылауындағы бас бостандығынан айырылған адамдар жататын немесе болуы мүмкін кез келген орынды (бұдан әрі - қамауда ұстау орындары деп аталады) мемлекеттік органның өкімі немесе оның нұсқауы бойынша, не оның қатысуымен немесе үнсіз келісімімен аралауды 2 және 3-баптарда айтылатын тетіктермен шешеді. Осы болулар қажет кезде мұндай адамдарды азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғауды күшейту мақсатында жүзеге асырылады.
2. Осы Хаттаманың мақсаты үшін бас бостандығынан айыру осы адамның өз еркімен, кез келген сот, әкімшілік немесе өзге органның бұйрығы бойынша тастап кетуге құқығы болмайтын қамауда ұстаудың немесе түрмеге отырғызудың немесе адамды мемлекеттік немесе жекеше қамауда ұстау орнына орналастырудың кез келген нысанын білдіреді.
II Бөлім
Алдын алу жөніндегі кіші комитет
5-бап
1. Алдын алу жөніндегі кіші комитет он мүшеден құралады. Елуінші ратификациялық грамотаны немесе осы Хаттамаға қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін Кіші комитет мүшелерінің саны жиырма бес адамға дейін көбейеді.
2. Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің мүшелері жоғары моральдық қасиетке ие және сот төрелігін атқару саласында, атап айтқанда пенитенциарлық жүйеде немесе полицияда не бас бостандығынан айырылған адамдармен қарым-қатынасқа қатысы бар түрлі салаларда расталған жұмыс тәжірибесі бар адамдардың ішінен іріктеледі.
3. Алдын алу жөніндегі кіші комитетті құру кезінде қатысушы мемлекеттердің әділет географиялық бөліну және мәдениет пен құқықтық жүйелердің түрлі нысандарын ұсыну қажеттігіне тиісінше көңіл бөлінеді.
4. Алдын алу жөніндегі кіші комитетті құру кезінде теңдік және кемсітпеушілік қағидаттары негізінде теңдестірілген гендерлік өкілдікке де көңіл бөлінеді.
5. Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің құрамына бір және сол мемлекеттің бір ғана азаматы кіре алады.
6. Алдын алу жөніндегі кіші комитет мүшелері өз функцияларын жеке орындайды, олар тәуелсіз және турашыл әрі Кіші комитеттің құрамында тиімді жұмыс істеуге мүмкіндігі болуға тиіс.
6-бап
1. Қатысушы мемлекеттердің әрқайсысы осы баптың 2-тармағына сәйкес біліктілігі бар және 5-бапта жазылған талаптарға жауап беретін екі кандидатты ұсына алады және бұл ретте ол кандидаттардың біліктілігі туралы жан-жақты ақпарат ұсынады.
2. а) Кандидаттарда осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттің азаматтығы болуы тиіс;
b) қатысушы мемлекеттен ұсынылған кем дегенде екі кандидаттың біреуінде осы қатысушы мемлекеттің азаматтығы болуға тиіс;
с) Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің құрамына екі кандидаттан аспайтын бір және сол қатысушы мемлекеттің азаматы ұсыныла алады;
d) қандайда бір қатысушы мемлекет басқа қатысушы мемлекеттің азаматын кандидатқа ұсынғанға дейін ол осы қатысушы-мемлекеттің оған келісімін сұрайды және алады.
3. Сайлау өтетін қатысушы мемлекеттердің кеңесі басталғанға дейін кемінде бес ай бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы қатысушы-мемлекеттерге өз кандидаттарын үш ай мерзімде беруге ұсыныспен хат жолдайды. Бас хатшы оларды ұсынған қатысушы мемлекеттерді көрсетіп, әліпбилік ретпен осы негізде ұсынылған барлық кандидаттардың тізімін береді.
7-бап
1. Алдын алу жөніндегі кіші комитет мүшелері мынадай түрде сайланады:
а) осы Хаттаманың 5-бабының талаптары мен өлшемдерін орындауға басты назар аударылады;
b) бірінші сайлау осы Хаттама күшіне енгеннен кейін алты айдан кешіктірмей өткізіледі;
с) қатысушы мемлекеттер Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің мүшелерін жасырын дауыс берумен сайлайды;
d) Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің мүшесін сайлау Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы екі жыл сайын шақыратын қатысушы мемлекеттердің кеңестерінде өткізіледі. Кворум қатысушы мемлекеттердің үштен екі санын құрайтын осы кеңестерде қатысушы мемлекеттердің дауыс беруге келген және қатысқан өкілдерінің барынша көп дауыс санын және ең көп дауыс санын жинаған адамдар Кіші комитетке сайланған мүшелер болып саналады.
2. Егер сайлау барысында қандай да бір қатысушы мемлекеттің екі азаматы Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің құрамында жұмыс істеу құқығын алса, дауыстардың көп санын алған кандидат Кіші комитет мүшесі болады. Егер осы азаматтар бірдей дауыс санын алса, мынадай рәсім қолданылады:
а) егер ол азаматы болып табылатын қатысушы мемлекет бір кандидатты ғана ұсынса, осы азамат Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің мүшесі болады;
b) егер екі кандидатты да олар азаматтары болып табылатын қатысушы мемлекет ұсынса, онда осы азаматтардың қайсысы Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің мүшесі болатынын анықтау үшін бөлек құпия дауыс беру өткізіледі;
с) егер бірде бір кандидатты олар азаматы болып табылатын қатысушы мемлекет ұсынбаса, осы азаматтардың қайсысы Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің мүшесі болатынын анықтау үшін бөлек құпия дауыс беру өткізіледі.
8-бап
Алдын алу жөніндегі кіші комитет мүшелерінің бірі қайтыс болған немесе орнынан түскен жағдайда немесе олардың қандай да бір себеппен Кіші комитет мүшесінің функцияларын орындауға мүмкіндігі болмаған жағдайда оның кандидатурасын ұсынған қатысушы мемлекет сайлануға құқығы бар, білікті және 5-бапта жазылған талаптарды қанағаттандыратын басқа адамды құзыреттің түрлі салалары арасындағы тиісті тепе-теңдікті қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, қатысушы мемлекеттердің келесі кеңесіне дейінгі өкілеттік мерзіміне оны қатысушы мемлекеттердің көпшілігі бекіткен жағдайда тағайындайды. Егер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы болжанып отырған тағайындау туралы хабарлағаннан кейін алты аптаның ішінде қатысушы мемлекеттердің жартысы немесе жартысынан көбі мұндай тағайындауға қарсылық білдірмесе ғана бекітілді деп саналады.
9-бап
Алдын алу жөніндегі кіші комитет мүшелері төрт жыл мерзімге сайланады. Олар кандидатураларын ұсынған жағдайда бір рет қайта сайлана алады. Бірінші сайлауларда сайланған мүшелер санының жартысының өкілеттігінің мерзімі екі жыл мерзім біткеннен кейін аяқталады; бірінші сайлаулардан кейін дереу осы мүшелердің аты-жөндері 7-баптың 1-тармағында d) тармақшасында айтылған кеңес Төрағасы өткізетін жеребемен анықталады.
10-бап
1. Алдын алу жөніндегі кіші комитет өздерінің лауазымды адамдарын екі жыл мерзімге сайлайды. Олар қайта сайлануы мүмкін.
2. Алдын алу жөніндегі кіші комитет өз рәсімдерінің ережесін белгілейді. Бұл рәсім ережесі мынаны көздейді, атап айтқанда:
а) кворум бір қосылған мүшелер санының жартысын құрайды;
b) Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің шешімі қатысқан мүшелердің көпшілік даусымен қабылданады;
с) Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің отырысы жабық болып табылады.
3. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің бірінші кеңесін шақырады. Кіші комитет өзінің бірінші кеңесінен кейін оның рәсім ережелерінде белгіленген аралықта кейінгі кеңестерін өткізеді. Кіші комитет пен Азаптауларға қарсы комитет өз сессияларын бір мезгілде ең болмағанда жылына бір рет өткізеді.
III Бөлім
Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің мандаты
11-бап
Алдын алу жөніндегі кіші комитет:
а) 4-бапта айтылған жерлерде болады және қатысушы мемлекеттерге бас бостандығынан айырылған адамдарды азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғауға қатысты ұсынымдар береді;
b) ұлттық алдын алу тетіктеріне қатысты:
і) қажет болғанда, мұндай тетіктерді құруда қатысушы мемлекеттерге консультация береді және оларға жәрдемдеседі;
іі) ұлттық алдын алу тетіктерімен тікелей, қажет болғанда құпия байланыс жасайды және олардың әлеуетін нығайту мақсатында оларға кәсіби дайындық және техникалық көмек саласында қызмет көрсетеді;
ііі) бас бостандығынан айырылған адамдарды азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғауды күшейту үшін қажетті сұраныстар мен шараларды бағалау ісінде оларға консультация береді және көмек көрсетеді;
іv) азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға арналған ұлттық алдын алу тетіктерінің мүмкіндіктері мен мандатын нығайту мақсатында қатысушы мемлекеттерге ұсынымдар мен ескертулер береді.
с) Азаптаулардың алдын алу мақсатында жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті органдарымен және тетіктерімен, сондай-ақ адамдарды азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғауды күшейту мүддесінде әрекет ететін халықаралық, өңірлік және ұлттық мекемелермен немесе ұйымдармен ынтымақтасады.
12-бап
Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің 11-бапта жазылған мандатты орындауы үшін қатысушы мемлекеттер:
а) Алдын алу жөніндегі кіші комитетті өз аумағында қабылдауға және осы Хаттаманың 4-бабында анықталған қамауда ұстау орындарына баруға рұқсат беруге;
b) Алдын алу жөніндегі кіші комитет бас бостандығынан айырылған адамдарды азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғауды күшейту үшін қабылдануға тиісті сұраныстар мен шараларды бағалау мақсатында сұрау салуы мүмкін барлық тиісті ақпаратты беруге;
с) Алдын алу жөніндегі кіші комитет пен ұлттық алдын алу тетіктері арасындағы байланыстарды көтермелеуге әрі жеңілдетуге;
d) Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің ұсынымдарын зерделеуге және олармен жүзеге асыру жөніндегі болуы мүмкін шараларға қатысты пікір алмасуға міндетті.
13-бап
1. Алдын алу жөніндегі кіші комитет алдымен жеребенің көмегімен 11-бапта айқындалған мандатын орындау мақсатында қатысушы мемлекеттерде тұрақты болу бағдарламасын белгілейді.
2. Консультациялар өткізгеннен кейін Алдына алу жөніндегі кіші комитет болуларды жүзеге асыру үшін қажетті практикалық шараларды кешіктірмей қабылдау үшін қатысушы мемлекеттерге өз бағдарламасы туралы хабарлайды.
3. Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің ең болмағанда екі мүшесі аралайды. Қажет болғанда, бұл мүшелерге осы Хаттамада қамтылатын салаларда расталған жұмыс өтілі мен білімі бар сарапшылар ілесіп аралауы мүмкін. Олар қатысушы мемлекеттердің, Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар Басқармасының халықаралық қылмыстылықтың алдын алу жөнінде айтқан ұсыныстарының негізінде дайындалған сарапшылардың тізімінен іріктеледі. Бұл тізімді дайындау кезінде тиісті қатысушы мемлекеттер кемінде бес ұлттық сарапшыны ұсынады. Тиісті қатысушы мемлекеттер бару үшін ұсынылған сарапшының кандидатурасынан бас тартуы мүмкін, бұдан кейін Кіші комитет басқа сарапшыны ұсынады.
4. Егер Алдын алу жөніндегі кіші комитет қажет деп тапса, ол тұрақты болуды өткізген соң қысқаша кейіннен аралаудың ұйымдастырылуын ұсына алады.
14-бап
1. Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің өз мандатын орындауы үшін осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер оған:
а) 4-бапта айқындалған қамауда ұстау орындарындағы бас бостандығынан айырылған адамдардың саны туралы, сондай-ақ осындай орындардың саны және олардың орналасқан жері туралы кез келген ақпаратқа шектеусіз рұқсатты;
b) осы адамдармен қарым-қатынас жасауға, оларды қамауда ұстау жағдайларына қатысты кез келген ақпаратқа шектеусіз рұқсатты;
с) 2-тармаққа сәйкес - барлық қамауда ұстау орындарына, олардың ғимараттары мен объектілеріне шектеусіз рұқсатты;
d) бас бостандығынан айырылған адамдармен куәларсыз жеке өзі немесе аудармашы арқылы, сондай-ақ Алдын алу жөніндегі кіші комитеттің пікірі бойынша тиісті ақпарат ұсынуы мүмкін кез келген басқа адаммен жеке сөйлесулер өткізу мүмкіндігін;
е) оның болғысы келетін орынды және әңгімелескісі келетін адамдарды кедергісіз таңдау құқығын беруге міндетті.
2. Нақты қамауда ұстау орнында болуға қатысты қарсылық шұғыл түрде туындаған және ұлттық қорғанысқа, мемлекеттік қауіпсіздікке, дүлей зілзалаларға немесе мұндай болуларды өткізуге уақытша кедергі келтіретін баратын жерлердегі күрделі тәртіпсіздікке қатысты нық пайымдауларға ғана негізделуі мүмкін. Осылай жарияланған төтенше жағдайды қатысушы мемлекет болуды өткізуге қарсылық білдіру себебі ретінде келтіре алмайды.
15-бап
Ешбір орган немесе лауазымды тұлға Алдын алу жөніндегі кіші комитетке немесе оның мүшелеріне кез келген ақпаратты таратқаны үшін кез келген тұлғаға немесе ұйымдарға қатысты кез келген санкцияны тағайындауы, қолдануы, рұқсат етуі немесе жол беруі мүмкін емес, бұл шын немесе жалған болса да ешбір мұндай адамға немесе ұйымға қандай да бір өзге үлгіде қысым жасалмайды.
16-бап
1. Алдын алу жөніндегі кіші комитет өз ұсыныстары мен ескертулерін қатысушы мемлекетке және қажет болғанда ұлттық алдын алу тетігіне құпия түрде жолдайды.
2. Алдын алу жөніндегі кіші комитет өз баяндамасын қатысушы мемлекеттен тиісті өтінім келіп түскен жағдайда тиісті қатысушы мемлекеттің кез келген ескертулерімен бірге жариялайды. Егер қатысушы мемлекет баяндаманың жартысын жариялы етсе, Кіші комитет баяндаманы толық немесе ішінара жариялай алады. Сонымен қатар жеке сипаттағы деректер тиісті тұлғаның тікелей келісім білдіруінсіз жарияланбайды.
3. Алдын алу жөніндегі кіші комитет Азаптауларға қарсы комитетке өз қызметі туралы ашық жыл сайынғы баяндаманы ұсынады.
4. Егер қатысушы мемлекет 12 және 14-баптарға сәйкес Алдын алу жөніндегі кіші комитетпен ынтымақтасудан бас тартса немесе Кіші комитеттің ұсынымдары аясында жағдайды жақсарту үшін шаралар қабылдаудан бас тартса, Азаптауларға қарсы комитет Кіші комитеттің өтінімі бойынша қатысушы мемлекет ретінде өз ой-пікірін баяндау, мүшелерінің көп даусымен осы мәселе бойынша жариялы түрде өтініш жасау немесе Кіші комитеттің баяндамасын жариялау мүмкіндігін алады.
IV Бөлім
Ұлттық алдын алу тетіктері
17-бап
Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін немесе оны ратификациялаған немесе оған қосылғаннан кейін бір жылдан кешіктірмей әрбір қатысушы мемлекет ұлттық деңгейде азаптаулардың алдын алу үшін бір немесе бірнеше тәуелсіз ұлттық алдын алу тетіктерін қолдайды, тағайындайды немесе құрады. Орталықсыздандырылған органдар құрған тетіктер осы Хаттаманың мақсаты үшін егер олар оның ережелерінің талаптарына жауап берсе, ұлттық алдын алу тетіктері ретінде тағайындалуы мүмкін.
18-бап
1. Қатысушы мемлекеттер ұлттық алдын алу тетіктерінің функционалдық тәуелсіздігіне, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің тәуелсіздігіне кепілдік береді.
2. Қатысушы мемлекеттер ұлттық алдын алу тетік сарапшыларының қажетті әлеуеті мен кәсіби білімінің болуын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайды. Олар елде өмір сүріп жатқан этникалық топтар мен аз топтардың гендерлік теңгерімін және барабар болуын қамтамасыз етеді.
3. Қатысушы мемлекеттер ұлттық алдын алу тетіктерінің жұмыс істеуі үшін қажетті ресурстарды беруге міндеттенеді.
4. Ұлттық алдын алу тетіктерін құру кезінде қатысушы мемлекеттер Адам құқықтарын қорғау және көтермелеу жөніндегі ұлттық мекемелердің мәртебесіне қатысты қағидаттарды ескереді.
19-бап
Ұлттық алдын алу тетіктеріне ең кемінде мынадай өкілеттіктер беріледі:
а) 4-бапта анықталған қамауда ұстау орындарындағы бас бостандығынан айырылған адамдармен қарым-қатынас жасау, қажет болғанда, күшейту мақсатында оларды азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен қорғау туралы мәселені тұрақты түрде қарау;
b) бас бостандығынан айырылған адамдармен қарым-қатынас жасауды және оларды ұстау жағдайын жақсарту және азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті нормаларын ескере отырып тиісті органдарға ұсынымдар беру;
с) қолданыстағы заңнамаға немесе заң жобасына қатысты ұсыныстар мен ескертпелер беру.
20-бап
Ұлттық алдын алу тетіктері өзінің мандатын орындауы үшін осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер оған:
а) 4-бапта анықталған қамауда ұстау орындарындағы бас бостандығынан айырылған адамдардың саны туралы, сондай-ақ осындай орындардың саны және олардың орналасқан жері туралы кез келген ақпаратқа рұқсатты;
b) бұл адамдармен қарым-қатынас жасауға, оларды қамауда ұстау жағдайларына қатысты кез келген ақпаратқа рұқсатты;
с) барлық қамауда ұстау орындарына, олардың ғимараттары мен объектілеріне рұқсатты;
d) бас бостандығынан айырылған адамдармен куәлерсіз жеке өзі немесе қажет болғанда, аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігінің пікірі бойынша тиісті ақпарат ұсынуы мүмкін кез келген басқа адаммен жеке сөйлесулер өткізу мүмкіндігін;
е) олар болғысы келетін орынды және әңгімелескісі келетін адамдарды кедергісіз таңдау құқығын;
f) Кіші комитетпен алдын алу бойынша байланыстар орнату, оған ақпарат жіберу және кездесу құқығын беруге міндетті.
21-бап
1. Ешбір орган немесе лауазымды тұлға ұлттық алдын алу тетігіне кез келген ақпаратты таратқаны үшін кез келген тұлғаға немесе ұйымдарға қатысты кез келген санкцияны тағайындауы, қолдануы, рұқсат етуі немесе жол беруі мүмкін емес, бұл шын немесе жалған болса да ешбір мұндай адамға немесе ұйымға қандай да бір өзге үлгіде қысым жасалмайды.
2. Ұлттық алдын алу тетігі жинаған құпия ақпарат жарияланбайды. Жеке сипаттағы деректер тек тиісті адамның тікелей келісімімен ғана жарияланады.
22-бап
Тиісті қатысушы мемлекеттің құзыретті органдары ұлттық алдын алу тетігінің ұсынымдарын зерделейді және жүзеге асыру жөніндегі болуы мүмкін шараларға қатысты пікір алысады.
23-бап
Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер ұлттық алдын алу тетіктерінің жыл сайынғы баяндамаларын жариялауға және таратуға міндетті.
V Бөлім
Өтініш
24-бап
1. Ратификациялағаннан кейін қатысушы мемлекеттер өз міндеттемелерін жүзеге асыруды осы Хаттаманың не III бөлігіне сәйкес не IV бөлігіне сәйкес кейінге қалдыруға қатысты өтініш жасай алады.
2. Мұндай кейінге қалдыру ең көбі үш жыл әрекет етеді. Қатысушы мемлекет тиісті материалдар бергеннен кейін және Алдын алу жөніндегі кіші комитетпен консультациядан кейін Азаптауларға қарсы комитет бұл мерзімді тағы екі жылға ұзарта алады.
VI Бөлім
Қаржылық жағдай 25-бап
1. Алдын алу жөніндегі кіші комитет осы Хаттаманы жүзеге асыру барысында жұмсаған шығыстарды Біріккен Ұлттар Ұйымы жабады.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттамаға сәйкес Алдын алу жөніндегі комитеттің функцияларын тиімді жүзеге асыру үшін қажетті қызметкерлермен және жағдаймен қамтамасыз етеді.
26-бап
1. Бас Ассамблеяның тиісті рәсіміне сәйкес Алдын алу жөніндегі кіші комитет қатысушы мемлекетке барғаннан кейін шығарған ұсынымдарды, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетіктерінің білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды қаржыландыруда көмек көрсету үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының қаржылық жағдайлары мен ережелеріне сәйкес басқарылатын Арнайы қор құрылады.
2. Бұл Арнайы қор үкіметтер, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдар мен басқа да жеке немесе мемлекеттік құрылымдар төлейтін ерікті жарналар есебінен қаржыландырылуы мүмкін.
VII Бөлім
Қорытынды ереже 27-бап
1. Осы Хаттама Конвенцияға қол қойған кез келген мемлекеттің қол қоюы үшін ашық.
2. Осы Хаттама Конвенцияны ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің ратификациялауына жатады. Ратификациялау грамотасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
3. Осы Хаттама Конвенцияны ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
4. Қосылу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына қосылу туралы құжатты сақтауға тапсыру жолымен жүзеге асырылады.
5. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттамаға қол қойған немесе оған қосылған барлық мемлекетті әрбір ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсыру туралы хабардар етеді.
28-бап
1. Осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына 20-шы ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін 30-шы күні күшіне енеді.
2. Осы Хаттаманы ратификациялайтын немесе оған қосылатын әрбір мемлекет үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жиырмасыншы ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін осы Хаттама оның дербес ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін 30-шы күні күшіне енеді.
29-бап
Осы Хаттаманың ережелері федеративтік мемлекеттердің барлық бөліктеріне қандай да бір шектеулерсіз немесе ерекшеліктерсіз қолданылады.
30-бап
Осы Хаттамаға қандай да бір ескертпелер жасауға жол берілмейді.
31-бап
Осы Хаттаманың ережелері қатысушы мемлекеттердің қамауда ұстау орындарына бару жүйесіне негізделген кез келген өңірлік конвенциялар жөніндегі міндеттемелерін қозғамайды. Алдын алу жөніндегі комитет пен мұндай өңірлік конвенцияларға сәйкес құрылған органдарға қайталауды болдырмау және осы Хаттаманың мақсаттарына тиімді қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бір бірінен консультация алу және ынтымақтасу ұсынылады.
32-бап
Осы Хаттаманың ережелері қатысушы мемлекеттердің төрт 1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенциясы және 1977 жылғы 8 маусымдағы оған Қосымша хаттама бойынша міндеттемелерін, сондай-ақ кез келген мемлекеттің Халықаралық Қызыл Крест комитетіне халықаралық гуманитарлық құқықтармен қамтылмаған жағдайларда қамауда ұстау орындарында болуға рұқсат ету құқықтарын қозғамайды.
33-бап
1. Кез келген қатысушы мемлекет кез келген уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады, одан кейін бұл туралы осы Хаттама мен Конвенцияға басқа қатысушы мемлекеттерге хабарлайды. Күшін жою Бас хатшы мұндай хабарламаны алғаннан кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.
2. Мұндай күшін жою қатысушы мемлекетті осы Хаттама бойынша күшін жою күшіне енген күнге дейін орын алған кез келген әрекетпен немесе оқиғамен немесе Алдын алу жөніндегі кіші комитет тиісті қатысушы мемлекетке қатысты қабылдауға шешім қабылдаған немесе қабылдауы мүмкін шараларға байланысты оның міндеттерінен босатпайды және күшін жою Кіші комитеттің күшін жою күшіне енген күнге дейін қаралған кез келген мәселені одан әрі қарауына ешқандай да залал келтірмейді.
3. Қатысушы мемлекеттер жариялаған күшін жою күшіне енген соң Алдын алу жөніндегі кіші комитет осы мемлекетке қатысты кез-келген жаңа мәселені қарауды бастай алмайды.
34-бап
1. Осы Хаттамаға кез келген қатысушы мемлекет түзетуді ұсынуы және оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жіберуі мүмкін. Бас хатшы одан кейін ұсынылған түзетуді осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттерге бұл ұсынысты қарау және ол бойынша дауыс беру өткізу мақсатында олар қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақыруға келісетін, келіспейтінін хабарлау өтінімімен қайта жолдайды. Егер мұндай хатты жіберген күннен бастап төрт ай ішінде ең болмағанда қатысушы мемлекеттердің үштен бірі мұндай конференция үшін пікірін білдірсе, Бас хатшы конференцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында шақырады. Осы конференцияға қатысқан және дауыс беруге қатысқан қатысушы мемлекеттердің үштен екісі басымдықпен қабылдаған кез келген түзетуді Бас хатшы барлық қатысушы мемлекеттерге қабылдау үшін жолдайды.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес бекітілген түзету осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттердің үштен екісі басымдықпен қабылдағаннан кейін олардың конституциялық рәсімдеріне сәйкес күшіне енеді.
3. Түзетулер күшіне енгеннен кейін оларды қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшін міндетті болады, ал басқа қатысушы мемлекеттер үшін - осы Хаттаманың міндетті ережелері және олар қабылдаған кез келген алдағы түзетулер міндетті болып қалады.
35-бап
Алдын алу жөніндегі кіші комитет мүшелеріне және ұлттық алдын алу тетіктерінің мүшелеріне олардың өз функцияларын тәуелсіз жүзеге асыруы үшін қажетті артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі. Кіші комитет мүшелеріне Біріккен Ұлттар Ұйымының 1946 жылғы 13 ақпандағы Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы конвенциясының 22-бөлімінде санамаланған артықшылықтар мен иммунитеттер, осы Конвенцияның 23-бөлімінің ережелері сақтала отырып беріледі.
36-бап
Қатысушы мемлекеттерге барған кезде Алдын алу жөніндегі кіші комитет мүшелері осы Хаттаманың ережелері мен мақсаттары және олар пайдалана алатын артықшылықтар мен иммунитеттер үшін залал келтірмей:
а) барған мемлекеттің заңдары мен нормаларын сақтайды;
b) олардың міндеттемелерінің әділ әрі халықаралық сипаттамасына сәйкес келмейтін кез келген әрекеттерден немесе қызметтерден аулақ болады.
37-бап
1. Осы Хаттама мәтіндерінің ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде бірдей болатын мәтіні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың куәландырылған даналарын барлық мемлекеттерге жібереді.