"Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 6 ақпандағы N 122-IV Заңы

       1-бап . "Саяси партиялар туралы" 2002 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., N 16, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; N 13, 53-құжат; 2007 ж. N 9, 67-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 6-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-бап. Саяси партияны құру

      1. Саяси партия саны бір мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның құрылтай съезіне (конференциясына) жеке өзі қатысады. Азаматтардың саяси партияның құрылтай съезінде (конференциясында) сенімхат бойынша өкілдік етуіне жол берілмейді. Саяси партияның құрылуын, оның ішінде құрылтай съезінің (конференциясының) өткізілуін ұйымдастыруды қаржыландыру осы Заңның 18-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) дайындау және өткізу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамашы тобы мүшелерінің қатарынан құрамында кемінде он адам болатын ұйымдастыру комитеті құрылады.
      3. Ұйымдастыру комитеті тіркеуші органға мынадай ақпаратты:
      1) тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткізгіштерде азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашы тобының тізімін және ұйымдастыру комитетінің мүшелері туралы мәліметтерді;
      2) ұйымдастыру комитетінің құрылу мақсаты, саяси партияның болжалды атауы, орналасқан жері, ұйымдастыру комитетінің ақшасы мен өзге де мүлкін қалыптастыру мен пайдаланудың болжалды көздері, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің қаражатын қалыптастыру үшін есеп айырысу шотын ашуға және оның қызметін қамтамасыз ету үшін азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға уәкілеттік берілген ұйымдастыру комитетінің мүшесі (бұдан әрі - ұйымдастыру комитетінің уәкілетті адамы) туралы мәліметтер көрсетілген ұйымдастыру комитеті жиналысының хаттамасын қоса тіркей отырып, саяси партия құру ниеті туралы тіркеуші орган белгілеген нысандағы хабарламаны табыс етеді.
      4. Тіркеуші орган осы баптың 3-тармағында көрсетілген хабарламаны және өзге де құжаттарды алған күні ұйымдастыру комитетінің уәкілетті адамына олардың табыс етілгенін растайтын құжатты (бұдан әрі - растама) береді.
      5. Ұйымдастыру комитеті тіркеуші орган растама бергеннен кейін ғана өз қызметіне кірісуге құқылы.
      6. Ұйымдастыру комитеті растама берілген күннен бастап екі айдың ішінде саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) өткізуге тиіс. Бұл мақсатта ұйымдастыру комитеті:
      1) растама берілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында саяси партияны құру ниеті, саяси партия құрылтай съезінің (конференциясының) өтетін орны мен күні туралы мәліметтерді жариялайды;
      2) ұйымдастыру комитетінің уәкілетті адамы арқылы Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде есеп айырысу шотын ашады;
      3) саяси партияны құруға бағытталған өзге де ұйымдастырушылық және ақпараттық-насихаттық қызметін жүзеге асырады.
      7. Құрылтай съезінде (конференциясында) саяси партияны құру, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы туралы шешімдер қабылданады және оның басшы органдары құрылады.
      8. Саяси партия жарғылық қызметін мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады.
      9. Ұйымдастыру комитеті өзінің қызметін мынадай жағдайлардың бірі туындаған:
      1) тіркеуші орган растама берген күннен бастап алты ай өткен;
      2) саяси партия мемлекеттік тіркелген;
      3) саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартылған кезде;
      4) азаматтардың бастамашы тобының шешімі бойынша тоқтатады.
      10. Саяси партия мемлекеттік тіркелген жағдайда ұйымдастыру  комитетінің ақшасы және өзге де мүлкі, сондай-ақ ақша қаражаты мен өзге де мүліктің түсу көздері көрсетілген олардың пайдаланылуы туралы қаржылық есеп құрылған саяси партияға табыс етіледі.
      Саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартылған немесе ұйымдастыру комитетінің қызметі азаматтардың бастамашы тобының шешімі бойынша тоқтатылған жағдайда ұйымдастыру комитетінің қалған ақшасы мен өзге де мүлкі Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес ұйымдарына енгізілген қайырмалдықтарға пропорционалды түрде беріледі.";

      2) 7-баптың 1-тармағының екінші бөлігі "саяси партиялардың" деген сөздерден кейін "және қоғамдық ұйымдардың" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 10-бапта :
      2-тармақтағы "екі" деген сөз "төрт" деген сөзбен ауыстырылсын;
      6-тармақтағы "жеті жүз" және "елу" деген сөздер тиісінше "алты жүз" және "қырық" деген сөздермен ауыстырылсын;
      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "8. Мемлекеттік тіркеу мерзімі Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасында көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрады.
      Мемлекеттік тіркеу мерзімінде үзіліс жасауға себеп болған негіздемелер жойылған кезде тіркеуші орган саяси партияны мемлекеттік тіркеу не мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.";

      4) 11-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      "1-1. Осы Заңның 10-бабының 6-тармағында көзделген, партия мүшелерінің жалпы санына әсер етпейтін саяси партия мүшелерінің тізімі бойынша анықталған бұзушылықтар саны саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз бола алмайды.
      Осы тармақтың күші осы Заңның 8-бабының 1, 2, 3 және 5-тармақтары бұзылған жағдайларға қолданылмайды.";

      5) 14-бапта :
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Саяси партияны қайта ұйымдастыру (қосылу, бірігу, бөліну, бөлініп шығу, қайта құрылу) оның жоғары органының шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және саяси партияның жарғысында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
      Өз қызметін тоқтатқан саяси партияның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) саяси партияның жоғары органының қайта ұйымдастыру (тарату) туралы шешімінің негізінде тіркеуші органда есептік тіркеуден шығарылуға жатады.";
      2-тармақ "тіркеу" деген сөзден кейін "саяси партияны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай мерзім өткеннен кейін" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
      "2-1. Саяси партия бөлінген немесе саяси партияның құрамынан бөліп шығарылған кезде қайта ұйымдастырылған саяси партия мен жаңадан құрылған саяси партиялар мүшелерінің жалпы саны осы Заңның 10-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес болуға тиіс.";

      6) 18-бапта :
      1-тармақтың 3) тармақшасындағы "кірістерден құралады." деген сөздер "кірістерден;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
      "4) бюджет қаражатынан құралады.";
      2-тармақтың 6) тармақшасындағы "жасаушылардан қайырмалдық алуға жол берілмейді." деген сөздер "жасаушылардан;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) халықаралық немесе шетелдік үкіметтік емес ұйымдардан гранттар және өзге де қаражаттар алатын Қазақстан Республикасының азаматтарынан немесе мемлекеттік емес ұйымдарынан қайырмалдық алуға жол берілмейді.";

      7) мынадай мазмұндағы 18-1-баппен толықтырылсын:

      "18-1-бап. Саяси партияларға бөлінетін бюджет қаражаты

      1. Соңғы сайлау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға бюджет қаражаты жыл сайын бөлінеді.
      2. Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері республикалық бюджет туралы заңда айқындалады.
      3. Саяси партияларды қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
      4. Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.".

       2-бап . Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев    

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады