Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 10 ақпандағы N 127-IV Заңы

      Астанада 2007 жылғы 8 тамызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит
Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль
қатынасы туралы келісім
(2009 жылғы 13 наурызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2009 ж., № 3, 16-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі,
      Тараптар мемлекеттері арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттілігін басшылыққа ала отырып,
      екі мемлекет арасындағы және олардың аумақтары бойынша транзитпен автомобиль қатынасын жүзеге асыруды жеңілдетуге ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері арасындағы халықаралық жолаушылар мен жүк тасымалын, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзиттік тасымалды және Тараптар мемлекеттерінің бірінде тіркелген автокөлік құралдарымен үшінші мемлекетке немесе үшінші мемлекеттен орындалатын тасымалды реттейді.

2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынадай мәндерге ие:
      құзыретті орган:
      Қазақстан Республикасы үшін - Көлік және коммуникация министрлігі;
      Иордан Хашимит Корольдігі үшін - Көлік министрлігі;
      Жоғарыда аталған құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етілетін болады.
      тасымалдаушы - Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалдарын сыйақы немесе өз есебінен орындауға рұқсат берілген кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      автокөлік құралы - Тараптардың бірінің мемлекетінде тіркелген, жүргізуші басқаратын және тек қана жолаушыларды және/немесе жүктерді тасымалдауға арналған автокөлік құралы немесе біріктірілген автомобиль;
      автобус - құрылымы бойынша жолаушыларды тасымалдауға арналған және жарамды автокөлік құралы;
      жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдау - алдын ала белгіленген және жарияланған қозғалыс кестелеріне, тасымалдау тарифтеріне және белгіленген аялдама пункттерінде, оларға сәйкес жолаушылар отыра және түсе алатын тасымалдау шарттарына сәйкес белгіленген бағдарғы бойынша жолаушыларды тасымалдау;
      жолаушыларды автобустармен тұрақты емес тасымалдау - тұрақты болып табылмайтын жолаушылар тасымалы;
      каботаждық тасымалдар - екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан екі пункт арасында Тараптардың бірінің мемлекеті тасымалдаушылары жүзеге асыратын жолаушылар мен жүк тасымалдары;
      рұқсат - Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін және Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағы бойынша автокөлік құралының жүріп өтуіне (бару және қайту) құқық беретін құжат;
      арнайы рұқсат - Тараптар мемлекеттерінің тиісті органдары беретін және Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағы бойынша ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп өтуіне немесе қауіпті жүктерді тасымалдау үшін немесе үшінші мемлекеттен/мемлекетке тасымалына құқық беретін құжат.

3-бап

      1. Жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдау Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының келісімі бойынша тепе-теңдік негізде жүзеге асырылады. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өзара келісім бойынша бағыттың, олардың аумақтары бойынша өтетін бөлігіне тұрақты тасымалдарды жүзеге асыруға арналған рұқсатты береді. Уағдаластық негізінде Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары рұқсаттың қолданылу шарттарын, ішінара алғанда, оның қолданылу мерзімін анықтайды, бағыт кестесін, шекаралық өткелдерді көрсету арқылы сызбасын және қолданылатын тарифтерді келіседі.
      2. Белгіленген бағдарғыларға сәйкес жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру құқығын куәландыратын рұқсатты алуға арналған өтінім Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарына жіберіледі.
      3. Өтінімнің, сондай-ақ рұқсаттың мазмұны мен нысанын Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары белгілейді.
      4. Тараптар мемлекеттерінің арасында жолаушыларды автобустармен немесе олардың аумақтары арқылы транзитпен тұрақты емес тасымалдау рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
      Тұрақты емес тасымалдау кезінде бақылаушы органдарға ұсынатын расталған жолаушылардың тізімі талап етіледі.

4-бап

      1. Тараптардың бірінің мемлекетінің бос автобусын екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруі кезінде мынадай жағдайларда рұқсаттар талап етілмейді:
      а) тасымалдаушы ақаулы автобусты басқа пайдалануға жарамды автобуспен ауыстыру үшін;
      b) сол тасымалдаушының жолаушылар тобын бастапқы жөнелту пунктіне осы топ бұрын жеткізілген екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы пункттен кері тасымалдау мақсатында кіруі үшін.
      2. Егер тасымал бір автобуспен тасымалданып Иордан Хашимиттік Корольдігі аумағында басталмаса және аяқталмаса, соңғы бару пункті Иордан Хашимиттік Корольдігі үшін Амман болса және сол бір тасымалдаушы сол бір ғана жолаушыларды тасымалдаса, онда қазақстан тасымалдаушылары үшін рұқсат талап етілмейді.
      Егер тасымал бір автобуспен тасымалданып Қазақстан Республикасының аумағында басталмаса және аяқталмаса және сол бір тасымалдаушы сол бір ғана жолаушыларды тасымалдаса, онда иордан тасымалдаушылары үшін рұқсат талап етілмейді.

5-бап

      1. Екі Тарап мемлекеттерінің арасында, олардың аумақтары арқылы транзитпен жүктерді тасымалдау, осы Келісімнің 7-бабында көзделген тасымалдарды қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары беретін рұқсаттар негізінде автокөлік құралдарымен жүзеге асырылады.
      2. Әрбір тасымалға, егер рұқсаттың өзінде өзгеше ескерілмесе, баруға және кері қайтуға бір рейс жасауға құқық беретін жеке рұқсат беріледі.
      3. Бір тарап мемлекеті мен үшінші мемлекет аумақтары арасындағы тасымал арнайы рұқсатпен жүзеге асырылады.
      4. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жыл сайын бір-біріне жүктерді тасымалдауға арналған рұқсаттар бланкілерінің өзара келісілген санын береді.
      5. Әрбір автокөлік құралына жеке рұқсат берілуі тиіс.

6-бап

      Жолаушылар мен жүктердің каботаждық тасымалдарына тыйым салынады.

7-бап

      1. Рұқсаттар:
      а) ең жоғарғы массасы тіркемелерді қоса алғанда, 6 тоннадан аспайтын автокөлік құралдарымен жүктерді;
      b) зақымдалған автокөлік құралдарын;
      с) почтаны;
      d) жәрмеңке және көрме жүктерін;
      e) театрға, музыкалық және басқа да мәдени іс-шараларға, цирк ойындарына, фильмдер көрсетуге, радио және телехабарларға арналған декорациялар мен басқа да жүктерді;
      f) қайтыс болғандардың денесі мен мәйітін тасымалдау кезінде талап етілмейді.
      2. Жүргізушіде, ол жүзеге асыратын тасымал, жоғарыда айтылған тасымалдар түрлерінің бірі болып табылатынын куәландыратын құжаттар болуы тиіс.

8-бап

      1. Осы Келісімнің ережелерінде көзделген тасымалдарды өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсат берілген тасымалдаушылар ғана орындауы мүмкін.
      2. Автокөлік құралдарының жүргізушілерінде тиісті санаттағы автокөлік құралын басқару құқығына арналған ұлттық немесе халықаралық жүргізуші куәлігі және автокөлік құралына арналған тіркеу куәлігі болуы тиіс.

9-бап

      Әрбір тасымалдаушы екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес үшінші тұлғалардың алдындағы өзінің жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.

10-бап

      1. Егер жүгі бар немесе жүксіз автокөлік құралының көлемдері немесе салмағы мен білікке түсетін салмақтық жүктемелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында белгіленген нормалардан асып кетсе, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде тасымалдаушы екінші Тарап мемлекетінің тиісті органының арнайы рұқсатын алуы тиіс.
      2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған арнайы рұқсат автокөлік құралының белгілі бір бағдарғы бойынша қозғалысын көздесе, тасымалдау осы бағдарғы бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

11-бап

      1. Осы Келісімге сәйкес тасымалдарды орындау кезінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына уақытша әкелуге байланысты:
      а) жасаушы зауыт автокөлік құралының әрбір үлгісі үшін көздеген қозғалтқыштың қоректендіру жүйесімен технологиялық және конструктивті жағынан байланысқан сыйымдылықтардағы жанармай, сондай-ақ жасаушы зауыт жылу беру және салқындатқыш қондырғылардың жұмысына арналған тіркемелер мен жартылай тіркемелерге орнатқан сыйымдылықтардағы жанармай;
      b) тасымалдау уақытында тұтынуға қажетті мөлшердегі жағармай материалдары;
      c) халықаралық тасымалды жүзеге асыру кезеңінде автокөлік құралын жөндеу үшін қажетті қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар өндіріп алынатын кедендік төлемдер салудан өзара босатылады.
      2. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер, сондай-ақ ауыстырылған ескі қосалқы бөлшектер Тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуі, не кедендік органдардың бақылауымен жойылуы, не тиісті Тарап мемлекетінің аумағында белгіленген тәртіппен тапсырылуы тиіс.
      3. Автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін барлық жиындар мен төлемдер тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес өндіріліп алынады.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерінде көзделген арнайы рұқсаттар, сондай-ақ тасымалдау құжаттары барлық сапарлар кезінде автокөлік құралында болуы және талап ету бойынша Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының өкілдері тексеру үшін көрсетілуі керек.

13-бап

      Осы Келісімде, сондай-ақ екі Тараптың да мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының ұлттық заңнамасына сәйкес өзара консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешілетін болады.

14-бап

      1. Тараптардың автокөлік құралдарының тасымалдаушылары мен экипаждары тасымалдауды жүзеге асыратын тарап мемлекетінің аумағындағы ұлттық заңнаманы сақтауға міндетті.
      2. Тасымалдаушы немесе оның жүргізушілері екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын немесе осы Келісімнің ережелерін бірнеше рет бұзған кезде аумағында автокөлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің құзыретті органдары, мемлекеті аумағында бұзушылық жасалған Тараптың өтініші бойынша мынадай шаралардың бірін қабылдайды:
      а) ескерту;
      b) осы Келісімнің ережелеріне сәйкес тасымалдарды орындауға уақытша тыйым салу;
      c) бұзушылыққа жол берілген Тарап мемлекетінің аумағында тасымалдауды орындау құқығынан уақытша, ішінара немесе толық айыру.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары бір-бірін өздері қолданған шаралар туралы хабардар етеді.
      3. Осы Келісімнің ережелері аумағында бұзушылық жасалған Тарап мемлекетінің құзыретті органдары қолдануы мүмкін санкцияларды жоққа шығармайды.

15-бап

      1. Шекаралық, кедендік және санитарлық бақылауға қатысты Тараптар екі Тарап мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін басшылыққа алады, ал осы шарттармен реттелмеген мәселелерді шешкен кезде аумағында бақылау жүзеге асырылатын мемлекеттің ұлттық заңнамасы қолданылатын болады.
      2. Жолаушылардың автобустармен тұрақты тасымалдары кезінде, сондай-ақ ауыр науқасты адамдарды, тез бұзылатын жүктерді және жануарларды тасымалдау кезінде шекаралық, кедендік, санитарлық және фитосанитарлық бақылау бірінші кезекте жүзеге асырылады.

16-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдары Тараптардың тиісті мемлекеттік құзыретті органдары өкілдерімен аралас комиссияны мыналарды:
      a) осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты ағымдағы мәселелерді шешуді;
      b) осы Келісімнің орындалу қорытындыларын талқылауды және автомобиль тасымалдарын дамыту үшін ұсыныстар енгізуді;
      c) осы Келісімнің мәтініне өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін ұсыныстар дайындауды;
      d) жолаушылар тасымалына қатысты барлық мәселелерді талқылауды қамтамасыз ету мақсатында құрады.
      2. Аралас комиссия Тараптардың бірінің құзыретті органының өтініші бойынша Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен жиналады.

17-бап

      Осы Келісімге өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін Тараптардың келісімі кезінде енгізіледі және осы Келісімнің 18-бабына сәйкес күшіне енеді.

18-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2007 жылғы 8 тамызда Астанда әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін артықшылыққа ие болады.

Қазақстан Республикасының        Иордан Хашимит Корольдігінің
      Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Көлік және коммуникация                 Көлік министрі
      министрі                           Суд Нусейрат
   Серік Ахметов

       2007 жылғы 8 тамызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                            Ж. Бұхбантаев

       РҚАО-ның ескертуі: Бұдан әрі Келісімнің мәтіні араб, ағылшын тілдерінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады