Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 17 ақпандағы N 136-IV Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 102-бабына сәйкес Комиссияның тиісті шешімі күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен.

      Мәскеуде 2008 жылғы 25 қаңтарда қол қойылған Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н. Назарбаев

Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттермен (бұдан әрі - үшінші елдер) саудада кедендік рәсімдерді оңайлату мен үйлестіру мақсатында,
      өзара пайда мен халықаралық құқық негізінде сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып,
      көпжақты сауда жүйесін нығайтуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Дамушы және ең аз дамыған елдерден және Тараптардың барлық мемлекеттері қатысушылары болып табылатын еркін сауда туралы шарттары бар елдерден шығарылған тауарларды қоспағанда, үшінші елдерден шығарылған тауарларға қатысты Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағында осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтын қосымшаға сәйкес Тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі қолданылады.
      Дамушы және ең аз дамыған елдерден тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі Тараптар арасында бөлек келісіммен бекітіледі.
      Тараптардың барлық мемлекеттері қатысушылары болып табылатын еркін сауда туралы келісімі бар елден шығарылған тауарларға қатысты осы шартпен белгіленген Тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі қолданылады.

2-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Еуразия экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға жіберіледі.

3-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге Тараптардың жеке хаттамаларымен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

4-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы оның депозитарийі болып табылатын, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Еуразия экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық комитетінде сақталады.

          Беларусь         Қазақстан            Ресей
      Республикасының   Республикасының     Федерациясының
       Үкіметі үшін       Үкіметі үшін       Үкіметі үшін

Тауарлардың шығарылған   
елін айқындаудың бірыңғай 
ережелері туралы келісімге
қосымша         

Тауарлардың шығарылған елін айқындау
ЕРЕЖЕСІ

      1. Осы Ережелерде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      қосылған құн - "франко-зауыт" шартындағы тауардың бағасы мен оны өндіру үшін пайдаланылған импорттық шикізаттар мен материалдар құнының арасындағы айырма;
      тауар легі - бір көлік құжаты бойынша бір жүк жөнелтуші бір жүк алушының атына жіберетін тауарлар, сондай-ақ бір почталық жүкқұжат бойынша жіберілетін не кедендік шекарадан өтетін бір жеке тұлға қол жүгі ретінде өткізетін тауарлар;
      тауарлардың шығарылған елі - тауарлар толық өндірілген немесе осы Ережеде белгіленген тауарларды жеткілікті өңдеу өлшемдеріне сәйкес жеткілікті қайта өңдеуге ұшыраған ел. Бұл ретте, егер тауарлардың шығарылған елін айқындау мақсаттары үшін оларды бөлу қажеттілігі бар болса, тауарлардың шығарылған елі деп елдердің топтары, не елдердің кедендік одақтары, не елдің өңірі немесе бөлігі түсінілуі мүмкін;
      "франко-зауыт" шарттарындағы баға - тауарды экспорттау кезінде төленетін немесе төленуі мүмкін барлық ішкі салықтарды есептемегенде, оның соңғы елеулі қайта өңделуін жүзеге асырған өндіруші төлеуге жататын тауардың бағасы.
      2. Мыналар:
      1) елдің жер қойнауынан, оның аумақтық теңізінен (суларынан) немесе осы теңіздің түбінен өндіріп алынған пайдалы қазбалар;
      2) осы елде өсірілген немесе жиналған өсімдік тектес өнім;
      3) осы елде туылған және өсірілген тірі жануарлар;
      4) осы елде өсірілген жануарлардан алынған өнім;
      5) осы елде аңшылық және балық аулау кәсіпшілігінің нәтижесінде алынған өнім;
      6) осы елдің кемесі алған теңіз балық аулау кәсіпшілігі өнімі мен теңіз кәсіпшілігінің басқа да өнімі;
      7) осы елдің қайта өңдеуші кемесінің бортында, тек қана осы тармақтың 6-тармақшасында көрсетілген өнімнен ғана алынған өнім;
      8) осы елдің сол теңіз түбінің ресурстарын немесе сол теңіздің қойнауын игеруге арналған ерекше құқықтары болған жағдайда, осы елдің аумақтық теңізінен (суларынан) тыс жерлердегі теңіз түбінен немесе теңіз қойнауынан алынған өнім;
      9) осы елде өндірістік немесе қайта өңдеу жөніндегі өзге де операциялар нәтижесінде алынған қалдықтар мен металл сынықтары (қайталама шикізат), сондай-ақ сол елде жиналған және шикізат күйінде қайта өңдеу үшін ғана жарамды, пайдалануда болған бұйымдар;
      10) егер осы ел тиісті ғарыш объектісі тіркелген мемлекет болса, ғарыш объектілерінде ашық ғарышта алынған жоғары технологиялар өнімі;
      11) осы елде осы тармақтың 1) - 10) тармақшаларында көрсетілген өнімнен ғана дайындалған тауарлар осы елде толық өндірілген тауарлар болып есептеледі.
      3. Егер тауарды өндіруге екі және одан көп елдер қатысатын болса, осы Ережеге сәйкес жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сай келетін тауарды қайта өңдеу немесе дайындау жөніндегі соңғы операциялар жүзеге асырған ел тауардың шығарылған елі болып есептеледі.
      4. Егер тауарлардың жекелеген түрлеріне немесе қандай да бір елге қатысты тауарлардың шығарылған елін айқындаудың ерекшеліктері осы Ереженің 6-тармағына сәйкес өзгеше ескертілмесе, тауарды қайта өңдеу немесе дайындау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру нәтижесінде Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасы бойынша жіктеу коды кез келген алғашқы төрт бөлігінің деңгейінде өзгерген болса, тауар сол елден шығарылған болып есептеледі.
      5. Осы Ереженің 4-тармағында белгіленген ережелерге қарамастан жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне:
      1) тауарды сақтау немесе тасымалдау кезінде оның сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
      2) тауарды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі операциялар (лекті бөлу, жөнелтуді қалыптастыру, сұрыптау, қайта орау), ораманы бөлшектеу және құрастыру жөніндегі операциялар;
      3) оларды жүзеге асыру 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа сәйкес құрылған Кеден одағының комиссиясы айқындайтын тізбе бойынша тауардың жай-күйін елеулі өзгертпейтін қарапайым құрастыру операциялары және тауарды бөлшектеу жөніндегі операциялар, сондай-ақ өзге де операциялар;
      4) алынған өнімнің бастапқы құрамдастарынан елеулі айырмашылықтарына әкелмейтін тауарларды (компоненттерді) араластыру;
      5) жануарларды сою, етті бөлу (сұрыптау);
      6) жуу, тазалау, шаңды алып тастау, тотықпен, маймен және басқа да заттармен қаптау;
      7) тоқыманы үтіктеу немесе нығыздау (талшықтар мен иірімжіптердің кез келген түрлері, талшықтар мен иірімжіптердің кез келген түрлерінен тоқыма материалдары мен олардан жасалған бұйымдар);
      8) бояу немесе жылтырату жөніндегі операциялар;
      9) дәнділер мен күріштің қабығын аршу, бөлшектеп немесе толығымен ағарту, жылтылдату мен ажарлату;
      10) қантты бояу немесе кесекті қантты қалыптастыру жөніндегі операциялар;
      11) қабығын аршу, дәндерді алу және жемістерді, көкөністер мен жаңғақтарды бөлу;
      12) қайрау, қарапайым тарту немесе қарапайым кесу;
      13) елеуіштен немесе електен елеу, сұрыптау, жіктеу, іріктеу, таңдау (оның ішінде бұйымдардың жиынтықтарын жасау);
      14) банкаларға, сауыттарға, қаптарға, жәшіктерге, қорабтарға құю, мөлшерлеу және орамалау жөніндегі қарапайым операциялар;
      15) алынған компоненттердің бастапқы тауардан елеулі айырмашылығына әкелмей тауарларды компоненттерге бөлу;
      16) көрсетілген операциялардың екеуін немесе одан да көп санын араластыру сәйкес келмейді.
      6. Тауардың шығарылған елін айқындау үшін Кеден одағының комиссиясы айқындайтын тәртіппен жеткілікті қайта өңдеудің мынадай өлшемдері де пайдаланылады:
      1) бұл операциялар өндірістік немесе технологиялық операцияларды орын алған ел тауарлардың шығарылған елі болып есептелуі үшін белгілі бір шарттарды орындау;
      2) пайдаланылатын материалдар құнының проценттік үлесі немесе қосылған құн түпкі өнімнің бағасында тіркелген үлеске жеткен кездегі тауар құнының өзгеруі (адвалорлық үлес ережесі).
      7. Егер адвалорлық үлес ережесі қолданылған жағдайда құн көрсеткіштері:
      1) импорттық материалдар үшін - түпкі өнім өндірісі жүзеге асырылатын елге осы материалдарды әкелу кезіндегі олардың кедендік құны бойынша немесе (импорттық материалдардың шығу тегі белгісіз болған кезде) (РФ) түпкі өнім өндірісі жүзеге асырылатын елдің аумағында олардың алғашқы сатылуының құжаттамалық расталған бағасы бойынша;
      2) түпкі өнім үшін - "франко-зауыт" шарттарындағы баға бойынша есептеп шығарылады.
      8. Бірнеше лекпен жеткізілетін бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрдегі тауарлардың шығарылған елін айқындау кезінде, өндірістік немесе көліктік жағдайлардың себебінен оларды бір лекпен жөнелту мүмкін болмаса, сондай-ақ тауарлар легі қателік салдарынан бірнеше лекке бөлінген болса, декларанттың қалауы бойынша біртұтас тауар ретінде қарастырылады.
      9. Осы Ереженің 8-тармағында көзделген ереже:
      1) мұндай бөлшектеудің себептерін көрсете отырып, бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрде тауарларды бөлшектеу туралы әкелу елінің кеден органын алдын ала хабардар ету, Сыртқы экономикалық қызметтің сәйкес тауарлардың кодтарын, әр лекке кіретін тауарлардың құны мен шығарылған елін көрсете отырып, әр лектің толық сипаттамасын қоса беру, не тауарларды бірнеше лекке бөлу қателігін құжатпен растау;
      2) тауарлардың барлық легін бір елден бір жеткізушінің беруі;
      3) тауарлардың барлық легін бір кеден органына декларациялау;
      4) тауарлардың барлық легін бір келісім шарт шеңберінде жеткізу;
      5) тауарлардың барлық легін кеден декларациясы қабылданған күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде не тауарлардың бірінші легіне қатысты оны беру мерзімі аяқталғанға дейін жеткізу шарттары бір уақытта орындалған кезде қолданылады. Тауар алушыға байланысты емес себептер бойынша тауарлардың барлық легін жеткізіп беру мүмкін болмаған жағдайда, декларанттың дәлелді өтініші бойынша кеден органы тауарлардың барлық легін жеткізу үшін қажетті, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша ұзартуы мүмкін.
      10. Тауарлардың шығарылған елін айқындау кезінде оларды өндіру немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын жылу және электр энергиясы, машиналар, жабдықтар мен аспаптардың шыққан тегі есепке алынбайды.
      11. Машиналарға, жабдықтарға, аппараттарға немесе көлік құралдарына пайдалануға арналған құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар, егер осы құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар, техникалық құжаттарға сәйкес әдетте осы құрылғылармен бірге жеткізілетін жиынтықтағы және мөлшердегі көрсетілген машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен бірге әкелінсе және пайдаланылса, сол машиналар, жабдық, аппараттар немесе көлік құралдары әкелінген елде шығарылған болып есептеледі.
      12. Тауар әкелінетін орама Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасын есепке ала отырып, тауардан бөлек декларацияланатын жағдайларды қоспағанда, сол тауардың өзі шығарылған елден шығарылған болып есептеледі. Мұндай жағдайда орама шығарылған ел тауар шығарылған елден бөлек айқындалады.
      Егер тауар кедендік аумаққа әкелінетін орама, тауардың өзі шығарылған елде шығарылған болып есептелсе, тауардың шығарылған елін айқындау үшін тауар, бөлшек саудада сатылатын орама ғана, оның ішінде осы Ереженің 6-тармағының 2-тармақшасында көзделген адвалорлық үлес ережесін қолдану кезінде ескеріледі.

      Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.

      Төрағаның орынбасары                          С. Айсағалиева

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады