Шектен тыс зиян келтіреді немесе таңдамай әрекет етеді деп саналуы мүмкін кәдімгі қарудың нақты түрлерін қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы конвенцияны және оған хаттамаларды: Анықталмайтын жарықшақтар туралы хаттаманы (I хаттама), Өртегіш қаруды қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы хаттаманы (III хаттама) және Көзді соқыр ететін лазерлік қару туралы хаттаманы (ІV хаттама) ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 23 ақпандағы N 140-IV Заңы

      Женевада 1980 жылғы 10 қазанда қабылданған Шектен тыс зиян келтіреді немесе таңдамай әрекет етеді деп саналуы мүмкін кәдімгі қарудың нақты түрлерін қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы конвенция және оған хаттамалар: Анықталмайтын жарықшақтар туралы хаттама (I хаттама), Өртегіш қаруды қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы хаттама (III хаттама) және Көзді соқыр ететін лазерлік қару туралы хаттама (ІV хаттама) ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Шектен тыс зиян келтіреді немесе таңдамай әрекет
етеді деп саналуы мүмкін кәдімгі қарудың нақты түрлерін
қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы конвенция

(2010 жылғы 8 қаңтарда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Жоғары Уағдаласушы Тараптар,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес әрбір мемлекет өзінің халықаралық қатынастарында кез келген мемлекеттің егемендігіне, аумақтық қол сұғылмаушылығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы немесе кез келген басқа түрде Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттарымен үйлеспейтін күш көрсету немесе оны қолдану қаупін төндірмей ұстамдылық көрсетуге міндетті екенін ескерте отырып;
      одан әрі азаматтық тұрғындарды әскери іс-қимылдар қаупінен қорғаудың жалпы принципі туралы ескерте отырып;
      қарулы жанжалда соғыс жүргізудің әдістерін немесе құралдарын таңдауда тараптардың құқығы шектеусіз болып табылмайтын халықаралық құқық принципіне, сондай-ақ қарулы жанжалда шектен тыс зиян келтіретін немесе зор қасірет әкелетін қаруларды, снарядтар мен заттарды және соғыс жүргізу әдістерін қолдануға тыйым салатын принципке сүйене отырып;
      сондай-ақ табиғи ортаға ауқымды ұзақ уақыттық және елеулі залал келтіруді өзіне мақсат ететін немесе келтіру мүмкіндігі күтілетін соғыс жүргізу әдістерін немесе құралдарын қолдануға тыйым салынатынын ескерте отырып;
      осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамаларда немесе басқа да халықаралық келісімдерде көзделмеген жағдайларда азаматтық тұрғындар мен комбатанттар орныққан дәстүрлерден, адамгершілік пен қоғамдық сана талаптарының принциптерінен туындайтын халықаралық құқық принциптерінің қорғауында және іс-әрекетінде ұдайы қалатынына деген өз сенімін растай отырып;
      халықаралық саябырсуға, қарулану жарысының тоқтатылуына және мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға, яғни бар халықтың бейбіт өмір сүруіне деген ұмтылысын жүзеге асыруға жәрдемдескісі келе отырып;
      қатаң және тиімді халықаралық бақылаумен жалпы және толық қарусыздандыру ісіндегі өрлеуге жәрдемдесуі мүмкін барлық күш-жігердің маңызын мойындай отырып;
      қарулы жанжалдар кезеңінде қолданылатын халықаралық құқық нормаларын кодтауды және үдемелі дамытуды жалғастырудың қажеттілігін тағы да растай отырып;
      кәдімгі қарудың нақты түрлерін қолдануға тыйым салуға немесе бұдан әрі шектеуге ниет білдіре отырып және осы салада қол жеткізген оң нәтижелер осындай қаруды өндіруді, жинақтауды және таратуды тоқтату мақсатымен қарусыздандыру жөніндегі негізгі келіссөздерге ықпал етуі мүмкін деп есептей отырып;
       барлық мемлекеттердің осы Конвенцияның және оған қоса беріліп отырған Хаттамалардың, әсіресе мемлекеттің әскери қатынастарында маңызды қатысушысы болуы ниетін атап көрсете отырып;
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қарусыздандыру жөніндегі комиссиясының осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамаларда көзделген тыйым салу мен шектеу аясын кеңейту мүмкіндігі туралы мәселені зерделеуге шешім қабылдай алатынын ескере отырып;
      бұдан әрі Қарусыздандыру жөніндегі комитет кәдімгі қарудың нақты түрлерін қолдануға тыйым салу немесе шектеу жөнінде одан әрі шаралар қабылдау туралы мәселені қарауды шеше алатынын ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті.

1-бап
Қолданылу аясы (2001 жылғы 21 желтоқсандағы түзетулермен)

      1. Осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамалар соғыс құрбандарын қорғау туралы 1949 жылғы 12 тамыздағы жалпы Женева конвенцияларының 2-бабында көрсетілген жағдайларда, оған қоса осы Конвенцияларға I Қосымша хаттаманың 1-бабы 4-тармағында жазылған кез келген жағдайларды қоса алған жағдайларда қолданылады.
      2. Осы Конвенция және оған қоса берілген Хаттамалар осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайлардан басқа 1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенцияларына ортақ 3-бапта көрсетілген жағдайларға да қолданылады. Осы Конвенция және оған қоса берілген Хаттамалар қарулы жанжалдар болып табылмайтын болғандықтан тәртіпсіздік, зорлық жеке және даулы актілері мен ұқсас сипаттағы өзге де актілер сияқты ішкі тәртіпті бұзу мен ішкі алаңдаушылық жағдайын тудыру жағдайларына қолданылмайды.
      3. Халықаралық сипаттағы емес және Жоғары Уағдаласушы Тараптың бірінің аумағында орын алатын қарулы жанжалдар жағдайында жанжалдағы әрбір тарап осы Конвенция мен оған қоса берілген Хаттамалар негізінде тыйым салу мен шектеу қоюға міндетті.
      4. Осы Конвенцияда немесе оған қоса берілген Хаттамаларда ешнәрсе мемлекеттің егемендігін немесе үкіметтің мемлекетте құқық тәртібін барлық заң құралдарымен сақтау немесе қалпына келтіру немесе мемлекеттің ұлттық бірлігі мен аумақтық бүтіндігін сақтау міндеттерін қозғаушы ретінде қаралмауы тиіс.
      5. Осы Конвенцияның немесе оған қоса берілген Хаттамаларда ешнәрсе қарулы жанжалға немесе осы жанжал өтетін аумақта Жоғары Уағдаласушы Тараптың ішкі немесе сыртқы істеріне қандай да бір себеппен тура немесе жанама араласушылықты ақтау ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
      6. Осы Конвенцияның және оған қоса берілген Хаттамалардың ережелерін осы Конвенцияны немесе оған қоса берілген Хаттамаларды қабылдаған Жоғары Уағдаласушы Тараптар болып табылмайтын жанжалдағы тараптарға қолдану олардың заңды мәртебесін немесе даулы аумақтың мәртебесін тура да, жанама түрде де өзгертпейді.
      7. Осы баптың 2-6-тармақтарының ережелері осы бапқа байланысты оларды қолдану аясын қолдануы, шығаруы немесе өзгертуі мүмкін 2002 жылғы 1 қаңтардан кейін қабылданған қосымша хаттамаларға зиян келтірмейді.

2-бап
Басқа да халықаралық келісімдермен байланыс

      Осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамалардағы ештеңе де Жоғарғы Келісуші Тараптарға халықаралық адамгершілік құқығымен жүктелетін қарулы жанжалдарда қолданылатын басқа да міндеттемелердің мәнін кемсітетіндей етіп түсіндірілмеуі тиіс.

3-бап
Қол қою

      Осы Конвенция 1981 жылғы 10 сәуірден бастап он екі ай ішінде Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық мекемелерінде барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.

4-бап
Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу

      1. Осы Конвенция оған қол қойған мемлекеттердің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады. Осы Конвенцияға қол қоймаған кез келген мемлекет оған қосыла алады.
      2. Ратификациялық грамоталар, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға өткізіледі.
      3. Осы Конвенцияға қоса беріліп отырған Хаттамалардың қай қайсысының да міндеттілігіне келісім білдіру әрбір мемлекет үшін өзінің ратификациялық грамотасын осы Конвенцияны қабылдау немесе бекіту немесе оған қосылу туралы құжатын өткізу жағдайында факультативті болып табылады, осы мемлекет депозитарийге ол үшін кез келген екі немесе одан да көп Хаттамалардың міндеттілігіне өзінің келісуі туралы мәлімдейді.
      4. Өзінің ратификациялық грамотасын, осы Конвенцияны қабылдау немесе бекіту немесе оған қосылу туралы құжатын сақтауға өткізгеннен кейін мемлекет кез келген уақытта депозитарийге оған бұған дейін қатысы жоқ кез келген қоса беріліп отырған Хаттаманың міндеттілігіне өзінің келісімі туралы мәлімдей алады.
      5. Жоғары Уағдаласушы Тараппен байланысты кез келген Хаттама осы Тарап үшін осы Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылады.

5-бап
Күшіне енуі

      1. Осы Конвенция жиырмасыншы ратификациялық грамотаны, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға өткізген күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді.
      2. Жиырмасыншы ратификациялық грамотаны, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты сақтауға өткізген күннен кейін өзінің ратификациялық грамотасын, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатын сақтауға өткізетін кез келген мемлекет үшін осы Конвенция осы мемлекет өзінің ратификациялық грамотасын, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатын сақтауға өткізген күннен бастап алты ай өткенде күшіне енеді.
      3. Осы Конвенцияға қоса беріліп отырған әрбір Хаттама осы Конвенцияның 4-бабының 3 немесе 4-тармақтарына сәйкес жиырма мемлекет осы Хаттаманың олар үшін міндеттілігіне өзінің келісімін хабарлаған күннен алты ай өткен соң күшіне енеді.
      4. Осы Конвенцияға қосымша қандай да болмасын Хаттаманың ол үшін міндеттілігіне өзінің келісімін хабарлаушы әрбір мемлекет үшін оның өздері үшін міндеттілігіне келісімін жиырма мемлекет хабарлаған күннен кейін осы мемлекет осы Хаттаманың өзі үшін міндеттілігіне келісімін хабарлаған күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді.

6-бап
Таралуы

      Жоғары Уағдаласушы Тараптар осы Конвенцияны және оларға байланысты оған қоса беріліп отырған Хаттамаларды бейбіт уақытта да, қарулы жанжал уақытында да өз елдерінде мүмкіндігінше кеңінен қолдануға, атап айтқанда, осы құжаттар олардың қарулы күштеріне танымал болуы үшін оларды зерделеуді жауынгерлік даярлық бағдарламаларына қосуға міндеттенеді.

7-бап
Осы Конвенция күшіне енгеннен кейінгі шарттық қатынастар

      1. Егер жанжалдағы тараптардың бірі қоса беріліп отырған Хаттамалардың қандай да болмасын бірімен байланысы болмаса, осы Конвенциямен және осы қоса беріліп отырған Хаттамамен байланысты тараптар өздерінің өзара қатынастарында онымен байланысты болып қала береді.
      2. Кез келген Жоғары Уағдаласушы Тарап ол үшін күшіне енген осы Конвенциямен және оған қоса беріліп отырған кез келген Хаттамамен, 1-бапта көрсетілген кез келген жағдайда егер соңғысы осы Конвенцияны немесе тиісті Хаттаманы қабылдаса және қолданса және ол туралы депозитарийге хабарласа осы Конвенцияның қатысушысы болып табылмайтын немесе тиісті қоса беріліп отырған Хаттамамен байланысты емес кез келген мемлекетке байланысты болып табылады.
      3. Депозитарий осы баптың 2-тармағына сәйкес алынған кез келген хабарлама туралы тиісті Жоғары Уағдаласушы Тараптарды дереу хабардар етеді.
      4. Жоғары Уағдаласушы Тараппен байланысты осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамалар осы Жоғары Уағдаласушы Тарапқа қарсы бағытталған Соғыс құрбандарын қорғау туралы 1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенцияларына қосымша Хаттаманың 1-бабы 4-тармағында айтылғандай қарулы жанжалдардың түріне қатысты қолданылады:
      а) егер Жоғарғы Уағдаласушы Тарап, сондай-ақ I қосымша Хаттаманың қатысушысы болып табылса және осы Хаттаманың 96-бабының 3-тармағында айтылатын өкімет осы жанжалға қатысты Женева конвенцияларын және айтылған Хаттаманың 96-бабының 3-тармағына сәйкес I қосымша Хаттаманы қолдануға міндеттенсе және осы Конвенция мен тиісті қоса беріліп отырған Хаттамаларды қолдануға міндеттенетін болса немесе
      б) егер Жоғары Уағдаласушы Тарап I қосымша Хаттаманың қатысушысы болып табылмаса және жоғарыдағы "а" тармақшасында айтылған өкімет осы жанжалға байланысты Женева конвенцияларын, сондай-ақ осы Конвенция және тиісті қоса беріліп отырған Хаттамалар бойынша қабылдаса және қолдануға міндеттенсе осы жанжалға қатысты мұндай қабылдау мен қолдану мыналарға әкеп соқтырады:
      і) Женева конвенциялары, сондай-ақ осы Конвенция және оған қоса беріліп отырған тиісті Хаттамалар осы жанжалдағы тараптар үшін дереу өз күшіне енеді;
      іі) Женева конвенцияларының, осы Конвенцияның және оған қоса беріліп отырған тиісті Хаттамалардың Жоғары Уағдаласушы Тарабы қандай құқықтар мен міндеттемелерге ие болса, айтылған билік те сондай құқықтар мен міндеттемелерге ие болады және
      ііі) Женева конвенциялары, осы Конвенция және оған қоса беріліп отырған тиісті Хаттамалар осы жанжалдағы барлық тараптар үшін тең дәрежеде міндетті болып табылады.
      Сондай-ақ Жоғары Уағдаласушы Тарап пен билік өзара негізде Женева конвенцияларына қосымша I Хаттама бойынша міндеттемелер қабылдауға және қолдануға келісуі мүмкін.

8-бап
Қолданысын қарау және түзетулер

      1. а) Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін кез келген уақытта кез келген Жоғары Уағдаласушы Тарап осы Конвенцияға немесе кез келген оған қоса беріліп отырған Хаттамаға өзі үшін міндетті күші бар түзетулер ұсына алады. Түзету туралы кез келген ұсыныс депозитарийге жіберіледі, ол барлық Жоғары Уағдаласушы Тараптарды хабардар етіп, осы ұсынысты қарау үшін конференция шақыруға болатындығы туралы олардың пікірін сұрайды. Егер бұған кемінде он сегіз Жоғары Уағдаласушы Тарапты құрайтын көпшілік ниет білдірсе, ол дереу конференция шақырады, оған барлық Жоғары Уағдаласушы Тарап шақырылады. Осы Конвенцияның қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттер конференцияға бақылаушылар ретінде шақырылады.
      б) Мұндай конференция, осы Конвенцияға түзетулер тек Жоғары Уағдаласушы Тараптармен ғана қабылданатын болса және нақты қоса беріліп отырған Хаттамаға осы Хаттаманың олар үшін міндетті күші бар тек Жоғары Уағдаласушы Тараптармен ғана қабылданатын жағдайда, осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамалар сияқты қабылданып, күшіне енетін түзетулерді келіседі.
      2. а) Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін кез келген уақытта кез келген Жоғары Уағдаласушы Тарап қолда бар Хаттамаларда қамтылмаған кәдімгі қарудың басқа санаттарына қатысты қосымша хаттама туралы ұсыныстар енгізе алады. Кез келген осындай қосымша хаттамалар туралы ұсыныс депозитарийге жіберіледі, ол осы баптың 1-тармағының "а" тармақшасына сәйкес барлық Жоғары Уағдаласушы Тараптарды хабардар
етеді. Егер көпшілік, яғни кемінде Жоғары Уағдаласушы Тараптардың он сегізін құрайтындар ниет білдірсе, ол шұғыл конференция шақырады, оған барлық мемлекеттер шақырылады.
      б) Мұндай конференция конференцияға келген барлық мемлекеттердің толықтай қатысуы арқылы осы Конвенция сияқты қабылданатын қосымша Хаттамаларды келіседі, оған қосымша болады және осы Конвенцияның 5-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетілгендей күшіне енеді.
      3. а) Егер осы Конвенция күшіне енгеннен кейін он жыл өткеннен кейін осы баптың 1а немесе 2а тармақтарына сәйкес конференциялар шақырылмаса, онда кез келген Жоғары Уағдаласушы Тарап депозитарийге конференция шақыру туралы өтініш жасай алады, осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамалардың қолданылу және әрекет ету аясы туралы мәселені қарау үшін және осы Конвенция мен қолданыстағы Хаттамаларға түзетулер туралы кез келген ұсынысты қарау үшін барлық Жоғары Уағдаласушы Тараптар шақырылады. Осы Конвенцияның қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттер конференцияға бақылаушылар ретінде шақырылады. Конференция жоғарыда келтірілген 1-тармақтың "ә" тармақшасына сәйкес қабылданатын және күшіне енетін түзетулерді келісуі мүмкін.
      б) Мұндай конференцияда сондай-ақ қолда бар қоса беріліп отырған Хаттамаларда қамтылмаған кәдімгі қарудың басқа да санаттарына қатысты қосымша хаттамалар туралы кез келген ұсыныс қаралуы мүмкін. Мұндай қарауға конференцияға қатысушы барлық мемлекет толық қатыса алады. Кез келген қосымша Хаттамалар осы Конвенция сияқты қабылданады, осы Конвенцияның 5-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетілгендей оған қоса беріледі және күшіне енеді.
      в) Мұндай конференция, егер осы баптың 3-тармағының "а" тармақшасында көрсетілген мерзімге ұқсас уақыт өткен соң осы баптың 1а немесе 2а тармақтарына сәйкес конференциялар шақырылмаса, кез келген Жоғары Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша тағы бір конференция шақырудың қажеттілігі туралы мәселені қарауы мүмкін.

9-бап
Күшін жою

      1. Кез келген Жоғарғы Уағдаласушы Тарап осы Конвенцияның немесе оған қоса беріліп отырған Хаттамалардың кез келгенін бұл туралы депозитарийге хабарлай отырып, күшін жоя алады.
      2. Кез келген мұндай күшін жою депозитарий күшін жою туралы хабарлама алған күннен тек бір жыл өткен соң ғана күшіне енеді. Егер, алайда күшін жоюшы Жоғары Уағдаласушы Тарап бір жыл өткен соң 1-бапта айтылған жағдайлардың біріне ұшыраса, онда бұл тарап қарулы жанжал немесе басқыншылық аяқталғанша және қарулы жанжалдарда қолданылатын халықаралық құқық нормалары мен қорғалатын адамдарды түбегейлі азат етуге, отанына қайтуына немесе орналастыруға байланысты операциялар аяқталғанша осы Конвенция мен тиісті қоса беріліп отырған Хаттамалардың міндеттемелерімен байланысты болып қала береді, ал қосымша Хаттамалардың бірінде Біріккен Ұлттар Ұйымының күштері немесе миссиялары тиісті ауданда бейбітшілікті қолдау, бақылау жөніндегі қызметін немесе ұқсас қызметін жүзеге асырып жатқан жағдайлар туралы ереже бар болса - осы функцияларды жүзеге асыру тоқтатылғанға дейін.
      3. Осы Конвенцияның кез келген күшін жоюы күшін жоюшы Жоғары Уағдаласушы Тарап байланысты барлық оған қоса беріліп отырған Хаттамаларға да қатысты болып саналады.
      4. Кез келген күшін жоюдың тек күшін жоюшы Жоғары Уағдаласушы Тарапқа қатысты ғана күші бар.
      5. Ешқандай күшін жою осы күшін жою күшіне енгенге дейін жасалған қандайда да болсын іс-қимылға қатысты осындай күшін жоюшы Жоғарғы Уағдаласушы Тараптың осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамаларға сәйкес қарулы жанжалға байланысты қабылдаған міндеттемелеріне әсер етпейді.

10-бап
Депозитарий

      1. Осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған Хаттамалардың депозитарийі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы болып табылады.
      2. Депозитарий өзінің кәдімгі функцияларына қосымша:
      а) 3-бапқа сәйкес осы Конвенцияға қол қойылғаны туралы;
      б) 4-бапқа сәйкес ратификациялық грамоталардың, осы Конвенцияның қабылданғаны немесе бекітілгені немесе оған қосылғаны туралы құжаттардың сақтауға өткізілгені туралы;
      в) 4-бапқа сәйкес қоса беріліп отырған Хаттамалардың міндеттілігіне келісу жөніндегі мәлімдемелер туралы;
      г) 5-бапқа сәйкес осы Конвенция мен оған қоса беріліп отырған әрбір Хаттамалардың күшіне енген күні туралы; сондай-ақ
      д) 9-бапқа сәйкес алынған күшін жою жөніндегі хабарламалар мен олардың күшіне енгізілген күні туралы барлық мемлекеттерге хабарлайды.

11-бап
Түпнұсқалық мәтіндер

      Мәтіндері орыс, ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріндегі қоса беріліп отырған Хаттамалар мен Конвенцияның түпнұсқасы сәйкес болып табылады, депозитарийге сақтауға өткізіледі, ол оның куәландырылған көшірмелерін барлық мемлекеттерге жібереді.

Анықталмайтын жарықшақтар туралы хаттама
(I Хаттама)

      Негізгі әрекеті рентген сәулелерінің көмегімен адам денесінен анықталмайтын жарықшақтармен зиян келтіру болып табылатын қандай да бір қаруды қолдануға тыйым салынады.

Өртегіш қаруды қолдануға тыйым салу немесе
шектеу туралы хаттама
(III Хаттама) 1-бап
Анықтама

      Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
      1. "Өртегіш қару", ең алдымен, нысанаға жеткізілген заттың химиялық реакциясы нәтижесінде туындайтын жалынның, жылудың немесе екеуінің қоса алғандағы әрекеті арқылы объектілерді өртеуге немесе адамдардың күюін туғызуға арналған кез келген қаруды немесе оқ-дәрілерді білдіреді.
      а) Өртегіш қару, мысалы: отшашарлар, фугастар, снарядтар, зымырандар, гранаталар, миналар, бомбалар және басқа да өртегіш заттары бар ыдыстар түрінде болуы мүмкін.
      б) Өртегіш қару:
      і) жарықтандыру құралдары, жарқырағыш снарядтар, түтіндік немесе дабылдық жүйелер сияқты кездейсоқ өртейтін немесе күйдіретін әрекет көрсетуі мүмкін оқ-дәрілерді;
      іі) өртеу әсері арнайы адамдарды күйдіруге арналмаған, бірақ олар броньды машиналар, ұшақтар мен қондырғылар немесе құрылыстар сияқты әскери объектілерге қарсы қолданылатын броньбұзғыш снарядтар, жарықшақты снарядтар, фугасты бомбалар және аралас әрекетті ұқсас оқ-дәрілер, бұзып өту, жару немесе жарықшақтармен қосымша өртеу әсері бар аралас іс-қимыл жасауға арналған оқ-дәрілерді қамтымайды.
      2. "Азаматтық тұрғындардың шоғырлануы" азаматтық тұрғындардың қалалардың тұрғын бөліктерінде немесе халық қоныстанған кенттер мен ауылдарда немесе босқындардың немесе эвакуацияланғандардың лагерлерінде немесе лектерінде, немесе көшпелі халық топтарында тұрақты немесе уақытша болса да кез келген шоғырлануды білдіреді.
      3. "Әскери объект" өз сипатының, орналасқан жерінің, мақсатының немесе пайдаланылуының күшіне байланысты әскери іс-қимылдарға тиімді қолдау көрсететін және нақты уақыттағы жағдайларда оны толық немесе жартылай бұзу, басып алу немесе бейтараптандыру анық әскери басымдылық беретін кез келген объектіні білдіреді.
      4. "Азаматтық объектілер" 3-тармақта анықталғандай әскери объект болып табылмайтын барлық объектілер болып табылады.
      5. "Мүмкін болатын сақтық шаралары" адамгершілік және әскери ой-пікірлерді қоса алғандағы осы уақыттағы жағдайларда қолданыстағы барлық шараларды есепке ала отырып іс жүзінде қолданылатын немесе іс жүзінде мүмкін болатын сақтық шараларын білдіреді.

2-бап
Азаматтық тұрғындарды және азаматтық объектілерді қорғау

      1. Кез келген жағдайда азаматтық тұрғындарды, жекелеген азаматтық тұлғаны немесе азаматтық объектілерді өртегіш қаруды қолдана отырып шабуылдауға тыйым салынады.
      2. Кез келген жағдайда азаматтық тұрғындар шоғырланған ауданда орналасқан кез келген әскери объектіні әуе арқылы жеткізілетін өртегіш қаруды қолдана отырып шабуылдауға тыйым салынады.
      3. Сондай-ақ азаматтық тұрғындар шоғырланған ауданда орналасқан кез келген әскери объектіні осыдай әскери объект азаматтық тұрғындардың шоғырлануынан айқын бөлінген жағдайлардан басқа кезде әуе арқылы жеткізілетінінен басқа жағдайлардан басқа кезде өртегіш қаруды қолданумен шабуылдауға ұшыратуға тыйым салынады және әскери объектіге өртеу әсерін шектеу үшін және азаматтық тұрғындар арасында кездейсоқ құрбандар, азаматтық тұлғалардың жаралануын және азаматтық объектілердің зақымдануын болдырмау үшін, қандай жағдайда да құрбандарды азайту үшін барлық мүмкін болатын сақтық шаралары қабылданады.
      4. Ормандар немесе өсімдік жабындысының басқа да түрлерін мұндай табиғи элементтер комбатанттарды немесе басқа әскери объектілерді жабуға, жасыруға немесе бүркемелеуге қолданылатын немесе олардың өздері әскери объект болып табылатын жағдайларды қоспағанда, өртегіш қаруды қолданумен шабуыл объектісіне айналдыруға тыйым салынады.

Көзді соқыр ететін лазерлік қару туралы хаттама
(IV хаттама)
1-бап

      Оптикалық аспаптарды пайдаланбайтын адамның көру ағзасына, яғни қорғалмаған көру ағзасына немесе көру қабілетін түзетуге арналған құралы бар көру ағзасына әдейі немесе оның ішінде ұдайы соқырлыққа ұшырату үшін жауынгерлік іс-қимылдарда қолдануға арнайы арналған лазерлік қаруды қолдануға тыйым салынады. Жоғары Уағдаласушы Тараптар мұндай қаруды ешқандай мемлекетке және ешқандай мемлекеттік емес құрылымдарға бермейді.

2-бап

      Лазерлік жүйелерді қолдану кезінде Жоғары Уағдаласушы Тараптар оптикалық аспаптарды пайдаланбайтын адамдардың көру ағзаларын ұдайы соқырлыққа ұшырататын жағдайларды болдырмау үшін барлық мүмкін болатын сақтық шараларын қабылдайды. Осындай сақтық шаралары өз қарулы күштерін даярлауды және басқа да практикалық шараларды қамтиды.

3-бап

      Осы Хаттама бойынша тыйым салу соқырлықты лазерлік жүйелерді оптикалық жабдықтарға қарсы пайдалануды қоса алғанда, лазерлік жүйелерді соғыс мақсаттарында заңды қолданудың кездейсоқ немесе ілеспе әсері ретінде қамтымайды.

4-бап

      Осы Хаттаманың мақсаттары үшін "ұдайы соқырлық" емдеуге келмейтін, ауыр мүгедектікке әкеп соқтыратын қалпына келтіруге және түзетуге келмейтін көру қабілетін жоғалтуды білдіреді. Ауыр мүгедектік екі көзді өлшегендегі Снеллен кестесі бойынша көздің көргіштігінің 20/200-ден төмендеуіне тең.

      Орыс тіліндегі түпнұсқаға сәйкес мемлекеттік тілге аударылды

      Қазақстан Республикасы
      Қорғаныс министрлігі
      Халықаралық ынтымақтастық
      департаментінің бастығы                           И. Тілеген

      РҚАО-ның ескертуі: бұдан әрі Конвенцияның және Хаттаманың ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріндегі мәтіні берілген

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады