Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 31 желтоқсандағы № 235-IV Заңы

      Кишиневке 2008 жылғы 14 қарашада қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция «Қазақстан Республикасы осы Конвенцияның 7-бабы 1-тармағы он екінші абзацының және 13-бабы 1-тармағының ережелерін қолданған кезде ұлттық заңнаманың талаптарын басшылыққа алатын болады.» деген ескертпемен ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің
құқықтық мәртебесі туралы
конвенция

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
      оның заңнамасы мен халықаралық міндеттемелерде реттелгендей мөлшерде қабылдаушы Тараптың еңбекші-мигранттарына, олардың отбасы мүшелеріне және азаматтарына қатысты тең қарай білуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға ұмтыла отырып,
      Тараптардың ұлттық мүдделерін негізге ала отырып, олардың аумақтарында жұмыс күшінің жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау қажеттігін мойындай отырып,
      еңбек көші-қоны ағындарын тиімді реттеу, олардың көлемінің, бағыттары мен құрамының Тараптардың әлеуметтік-экономикалық даму мүдделеріне сәйкестігіне қол жеткізу мақсатында,
      әр түрлі халықтардың өкілдері арасындағы өзара түсіністік, төзімділік, құрмет қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту мүдделерін, 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының адам құқықтары мен еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау саласындағы олар үшін міндетті басқа да негіз қалаушы құжаттарын ұстануына орай,
      мыналар туралы келісті:

I бөлім
Қолданылу аясы және анықтамалар

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсаты үшін төменде келтірілген терминдердің мынадай мағыналары бар:
      еңбекші-мигрант - Тараптардың бірінің азаматы болып табылатын, сондай-ақ бір Тараптың аумағында тұрақты тұратын, өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын басқа Тараптың аумағында заңды түрде тұратын және заңды негізде ақысы төленетін еңбек қызметімен айналысатын азаматтығы жоқ адам;
      шекара маңындағы еңбекші - бір Тараптың шекара маңындағы аумағында жұмыс істейтін және күн сайын немесе ең болмағанда, аптасына кемінде бір рет өзі қайта оралатын, басқа Тараптың шекара маңы аумағында өзінің тұрақты тұратын жерін сақтайтын еңбекші-мигрант;
      маусымдық еңбекші - жұмысы өзінің сипаты бойынша маусымдық жағдайларға байланысты және жылдың белгілі бір кезеңі ішінде орындалатын еңбекші-мигрант;
      жұмыс беруші (жалға алушы) - еңбекші-мигранттарға қабылдаушы Тараптың заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіппен жұмыс беретін заңды немесе жеке тұлға;
      еңбекші-мигранттың отбасы мүшесі - еңбекші-мигрантпен некеде тұрған адам, сондай-ақ оның асырауындағы балалар мен қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес отбасы мүшелері деп танылатын басқа да адамдар;
      тұрақты тұру Тарабы - еңбекші-мигрант аумағында тұрақты тұратын және аумағынан ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыру үшін басқа Тараптың аумағына кететін мемлекет;
      транзит мемлекеті - еңбекші-мигрант қабылдаушы Тарапқа немесе қабылдаушы Тараптан тұрақты тұру Тарабына бара жатқанда өтетін мемлекет;
      қабылдаушы Тарап - аумағында еңбекші-мигрант ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекет;
      құзыретті органдар - Тараптардың осы Конвенцияның орындалуына байланысты мәселелер құзыретіне енетін мемлекеттік билік органдары;
      еңбек жағдайлары - адамның еңбек қызметі жүзеге асырылатын, еңбек процесінде оның денсаулығы мен еңбек ету қабілетіне әсер ететін, еңбек процесі мен өндірістік орта факторларының жиынтығы, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс уақытының ұзақтығы, ақысы төленетін демалыс берудің тәртібі, еңбекақы төлеу және басқа да еңбек жағдайлары;
      еңбекті қорғау - құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастыру-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-алдын алу, оңалту және қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес белгіленген өзге де іс-шаралар мен құралдарды қамтитын еңбек қызметі процесінде еңбекші-мигранттардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі;
      көші-қон циклі - тұрақты тұру Тарабынан шығуды, транзитті, қабылдаушы Тарапқа келуді, қабылдаушы Тарапта болуды және ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыруды, сондай-ақ тұрақты тұру Тарабына қайтуды қамтитын уақыт кезеңі.

2-бап

      Осы Конвенция жынысына, нәсіліне, тіліне, діни сеніміне немесе нанымына, саяси немесе өзге де көзқарасына, ұлттық, этникалық немесе әлеуметтік тегіне, Тараптар азаматтығына, жасына, экономикалық, мүліктік, отбасы жағдайына немесе кез келген басқа белгілеріне қарамастан, қабылдаушы Тараптың аумағында заңды негізде жүрген барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қолданылады.
      Осы Конвенция еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері көші-қонының барлық циклі бойында қалыптасатын қатынастарды реттейді.

3-бап

      Осы Конвенцияның әрекеті мыналарға:
      Тараптар халықаралық ұйымдарға жіберген немесе халықаралық ұйымдар, мекемелер немесе Тараптардың қайсыбірі өзінің аумағынан тыс жерде ресми функцияларды орындау үшін жалдаған, мәртебесі халықаралық құқық нормаларымен немесе Тараптар қатысушысы болып табылатын тиісті халықаралық шарттармен реттелетін адамдарға;
      Тараптардың біреуі жіберген немесе өз аумағынан тыс жердегі даму не ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысуға жалдаған, рұқсаты мен мәртебесі қабылдаушы Тараптың тиісті халықаралық шарттарына сәйкес реттелетін және осы халықаралық шарттарға сәйкес еңбекші-мигранттар деп есептелмейтін адамдарға;
      бір Тараптың азаматтары бола тұрып, осы басқа Тараптың аумағында филиалдары (өкілдіктері) бар ұйымның атынан және соның мүддесі үшін басқа Тараптың аумағында жұмыс атқарып жүрген адамдарға;
      егер қабылдаушы Тараптың заңнамасында және ол қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдарға;
      қабылдаушы Тараптың аумағында өздеріне босқын мәртебесін немесе баспана беру туралы қолдаухат беріп жүрген адамдарға;
      қабылдаушы Тараптың аумағында босқын мәртебесін немесе баспана алған адамдарға;
      қабылдаушы Тараптың ресми түрде тіркелген діни ұйымдарында діни қызметпен айналысып жүрген діни қызметкерлерге;
      теңізшілерге;
      оқу мақсатында келетін адамдарға;
      қабылдаушы Тараптың аумағында шетелдік фирмалар өкілдіктерінің немесе бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері ретінде аккредиттелген адамдарға қолданылмайды.

4-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы өзінің заңнамасына сәйкес еңбекші-мигранттар үшін:
      осы Тараптың мүддесі үшін жалдау бойынша жұмыс санаттарына, кәсіп немесе қызмет түріне;
      ұлттық еңбек нарығын қорғауды жүзеге асыру және бос жұмыс орындарына тұруға өз азаматтарының басым құқығын қамтамасыз ету мақсатында ақысы төленетін еңбек қызметіне қол жеткізуге қатысты шектеулер белгілей алады.
      2. Ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен имандылығын қамтамасыз ету мүддесінде немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары Тараптардың заңнамасында көзделген шектеулерге жатқызылуы мүмкін.
      3. Тарап еңбекші-мигранттар үшін осы бапта көзделген шектеулердің қабылданғаны туралы осы шектеулер қабылданған күнінен бастап 45 күннің ішінде депозитарииді хабардар етеді.

II бөлім
Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің
негізгі құқықтары

5-бап

      Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің қабылдаушы Тараптың заңнамасында және/немесе халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен оның аумағына келуге, жүріп-тұруға және кетуге құқығы бар.

6-бап

      1. Еңбекші-мигранттар қабылдаушы Тараптың аумағында заңнамаға сәйкес осы Тараптың азаматтарына:
      қауіпсіз еңбек жағдайларына;
      құқығы бар адамдарға арналған қосымша ақылар мен өтемақылар алуды қоса алғанда, бірдей жұмысы үшін бірдей сыйақыға;
      қайтарымды негізде тұрғын үйді пайдалануға;
      қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес зейнетақыдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыруға (әлеуметтік сақтандыруға);
      қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан міндетті әлеуметтік сақтандыруға;
      өндірістегі жазатайым оқиға немесе кәсіптік ауру салдарынан өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян өтеміне;
      еңбекші-мигрантқа байланысты емес мән-жайлар бойынша ақысы төленетін еңбек қызметінен айырылған жағдайда осы Конвенцияның 4-бабында көзделген шектеулерді ескере отырып, басқасына қол жеткізуге берілетін құқықтарды пайдаланады.
      2. Еңбекші-мигранттардың қабылдаушы Тарапта еңбек қызметін жүзеге асыруына қатысты құқықтары осы Тарап қатысушысы болып табылатын заңнамамен және халықаралық шарттармен реттеледі.

7-бап

      1. Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері қабылдаушы тараптың халықаралық шарттары мен заңнамасына сәйкес мынадай негізгі құқықтарды пайдаланады:
      өмір сүру; бостандық және жеке басына қол сұғылмау;
      некеге тұру;
      қабылдаушы Тараптың азаматтарымен заң мен сот алдындағы теңдік;
      жеке немесе отбасы өміріне заңсыз араласудан қорғау;
      тұрғын жайға қол сұғылмауына заңсыз нұқсан келтіруден қорғау;
      жеке хат жазысулардың немесе басқа да байланыс нысандарының құпиясын қорғау;
      ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау;
      заңды негізде тиесілі жеке меншігін қорғау;
      білім алу;
      мәдени өмірге қол жеткізу және оған қатысу;
      зейнетақыдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру);
      өтеусіз негізде жедел (кезек күттірмейтін) медициналық көмек және қайтарымды негізде өзге медициналық көмек алу;
      қабылдаушы Тарапта баланың тууын тіркеу.
      2. Тараптар еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес сөз бостандығы, діни сенім, өз пікірін білдіру, қауымдастықтар, қоғамдық ұйымдар құру және кәсіптік одақтарға кіру құқықтарын іске асыруға кепілдік береді.
      3. Әрбір еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшесі Тараптардың кез келгенінің заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес өзінің осы Тараптың аумағындағы құқықтық субъектілігінің танылуына құқығы бар.

8-бап

      Тараптар еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты құлдық, кез келген басқа да мәжбүрлі жай-күйге, мәжбүрлі еңбекке, қинау, адамның ар-намысы мен абыройын қатыгездікпен және кемсітушілікпен қарау немесе жазалау жағдайларына жол бермейді.

9-бап

      Еңбекші-мигранттар және олардың отбасы мүшелері жеке мүлкін, сондай-ақ еңбек қызметіне арналған заттарды әкелген және әкеткен кезде қабылдаушы Тараптың халықаралық шарттары мен заңнамасы қолданылады.

10-бап

      Еңбекші-мигранттар осы Конвенцияға сәйкес халықаралық шарттар мен оның заңнамасына сәйкес қабылдаушы Тараптың валютасында және шетелдік валютада еңбек қызметіне ақы ретінде алынған ақшалай қаражатты қабылдаушы Тараптан аударуға және тасымалдауға құқығы бар.

11-бап

      Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері Тараптардың құзыретті органдарынан:
      олардың осы Конвенциядан туындайтын құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуы тәртібіне;
      олардың келуі және ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыруы шарттарына, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың немесе транзит мемлекетінің заңнамасынан және олардың халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне қатысты ақпаратты өтеусіз алуға құқығы бар.

12-бап

      1. Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелері осы Тараптың халықаралық шарттары мен заңнамасында көзделген негіздер бойынша қабылдаушы Тараптан қуыла алмайды, депортациялауға немесе реадмиссиялауға ұшырамайды.
      2. Тараптар, бұл ретте қабылдаушы Тараптың заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әрекет ететін құзыретті органнан басқа ешкім жеке басын куәландыратын құжаттарды және еңбекші-мигранттың  және оның отбасы мүшелерінің елге кіруіне, елде болуына және/немесе ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыруына құқық беретін құжаттарды алып қоймайтынына кепілдік береді.
      Құзыретті органдар санкциялаған көрсетілген құжаттарды алып қою осындай алып қоюды растайтын ресми құжат берілген жағдайда жүзеге асырылады. Паспортты немесе еңбекші-мигранттың және/немесе оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын өзге құжатты және еңбекші мигранттың және оның отбасы мүшелерінің елге кіруіне, елде болуына және/немесе ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыруына құқық беретін құжаттарды жоюға немесе бүлдіруге жол берілмейді.

13-бап

      1. Еңбекші-мигранттардың отбасы мүшелері (шекара маңындағы және маусымдық еңбекшілерді қоспағанда) қабылдаушы Тарапта оның азаматтары сияқты жалпы білім алу және қосымша кәсіптік білім алу құқықтарын пайдаланады.
      «Жалпы білім алу» және «қосымша кәсіптік білім алу» деген ұғымдардың мазмұны қабылдаушы Тараптың заңнамасында айқындалады.
      2. Тараптар еңбекші-мигранттардың отбасы мүшелерінің қабылдаушы Тараптың тілін үйрену бағдарламаларын ұйымдастыруға жәрдемдеседі және ана тілін үйренуіне кедергі жасамайды.

III бөлім
Шекара маңындағы және маусымдық еңбекшілерге және олардың отбасы мүшелеріне қолданылатын ережелер

14-бап

      1. Шекара маңындағы еңбекшілер осы Конвенцияда көзделген, қабылдаушы Тарапта олардың болуына және ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыруына сәйкес және осы Конвенцияның 4-бабында көзделген шектеулерді ескере отырып берілуі мүмкін құқықтарды пайдаланады.
      2. Шекара маңындағы еңбекшілер үшін жұмысқа орналасудың және мемлекеттік шекарадан өтудің оңайлатылған тәртібі мәселелерін Тараптар екі жақты халықаралық шарттар негізінде шешеді.

15-бап

      1. Конвенцияның ережелері маусымдық еңбекшілерге осы Конвенцияның 4-бабында көрсетілген шектеулерді ескере отырып, олардың еңбек қызметін жүзеге асыруы кезеңіне қолданылады.
      2. Маусымдық еңбекшілерді жұмысқа орналастырудың оңайлатылған тәртібі мәселелерін Тараптар халықаралық шарттар негізінде шешеді.

IV бөлім
Еңбекші-мигранттардың және олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық

16-бап

      1. Тараптар еңбекші-мигранттарды тарту және Тараптардың аумақтарында олардың еңбегін пайдалану саласында өзара іс-әрекет етеді.
      2. Қабылдаушы Тарап пен тұрақты тұру Тарабы еңбекші-мигранттарды олардың қабылдаушы Тарапта болу және олардың ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі аяқталғаннан кейін, сондай-ақ олар қабылдаушы Тараптың көші-қон заңнамасын бұзған жағдайда, оның ішінде реадмиссия туралы келісімдер жасасу жолымен қайтару мәселелері жөнінде барлық ықтимал шараларды қабылдайды.
      3. Тараптар еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің биометриялық деректері бар құжаттарын ресімдеу, солардың негізінде тұрақты тұру Тарабынан кететін және қабылдаушы Тарапта еңбек қызметін жүзеге асыратын еңбекші-мигранттар туралы деректер банкін құру, сондай-ақ еңбек мигранттары туралы ақпарат алмасу жөнінде келісілген шаралар қабылдайды.

17-бап

      Тараптар еңбекші-мигранттарды медициналық сақтандыру мәселелері жөнінде ынтымақтасады.

18-бап

      Қабылдаушы Тарап және тұрақты тұру Тарабы қабылдаушы Тараптың еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтар бойынша екі Тараптың да аумағында еңбекші-мигранттарға кәсіптік білім беру мәселелері жөніндегі ынтымақтастықты жүзеге асыруы мүмкін.

19-бап

      Тараптардың құзыретті органдары еңбекші-мигранттардың табысы мен мүлкіне салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау үшін тиісті Тараптар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін басшылыққа алады.

20-бап

      Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері тұрақты тұру Тарабының заңнамасымен және Тараптардың халықаралық шарттарымен реттеледі.

21-бап

      Тараптар еңбек, халықты жұмыспен қамту және еңбек көші-қоны саласындағы заңнамадағы, елге кіру, елде болу, орын ауыстыру және кету ережелеріндегі өзгерістер, еңбекші-мигранттардың өмір сүру жағдайлары және ақысы төленетін еңбек қызметін жүзеге асырудың тәртібі мен ұлттық еңбек нарығының жай-күйі туралы уақтылы ақпарат алмасады.

22-бап

      Еңбекші-мигрант немесе оның отбасы мүшесі қайтыс болған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары:
      дипломатиялық өкілдікті немесе тұрақты тұру Тарабының консулдық мекемесін еңбекші-мигранттың немесе оның отбасы мүшесінің қайтыс болу фактісі туралы хабардар етеді, оларға қайтыс болу фактісі бойынша қажетті мәліметтер береді;
      жұмыс берушінің (жалдаушының) қайтыс болған еңбекші-мигранттың мәйітін және жеке мүлкін тұрақты тұру Тарабына тасымалдауды жүзеге асыруына, сондай-ақ еңбек шартының талаптарымен жұмыс берушінің (жалдаушының) қайтыс болған еңбекші-мигрантқа және оның отбасы мүшелеріне қатысты қаржылық міндеттемелерін орындауына жәрдемдеседі.

V бөлім
Қорытынды ережелер

23-бап

      1. Осы Конвенцияда еш нәрсе тиісті Тараптың заңнамасында және халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларында танылатын және кепілдік берілетін, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының шектелуі немесе кемсітілуі ретінде түсіндіріле алмайды.
      2. Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарына қатысты осы Конвенцияда белгіленген шектеулер олар көзделгеннен басқа, өзге мақсаттарға қолданылмауға тиіс.

24-бап

      Тараптар осы Конвенцияға қол қойылған күнінен бастап үш ай мерзімнен кешіктірмей оны іске асыру жүктелетін құзыретті органдарды белгілейді және бұл туралы депозитарийді хабардар етеді.
      Құзыретті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы тез арада депозитарийді хабардар етеді.

25-бап

      Осы Конвенция Тараптар жасасқан басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.

26-бап

      Осы Конвенция ережелерінің іске асырылу барысы туралы мәселелер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Көші-қон органдары басшылары кеңесінің, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Еңбек, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консулътативтік кеңесінің отырыстарында қаралады.

27-бап

      Осы Конвенцияны қолдануға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

28-бап

      Осы Конвенция оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Конвенция депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

29-бап

      Осы Конвенцияға Тараптардың келісімімен осы Конвенцияның 28-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

30-бап

      Әрбір Тарап осы Конвенция қолданылған уақытта туындаған міндеттемелерді реттеп, депозитарийге шығу күніне дейін 12 айдан кешіктірмей бұл туралы жазбаша хабарлама жолдап, осы Конвенциядан шыға алады.

31-бап

      Осы Конвенция өз күшіне енгеннен кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің депозитарийге қосылу туралы құжат тапсыруы жолымен қосылуы үшін ашық.
      Қосылатын мемлекет үшін Конвенция депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

32-бап

      Осы Конвенция күшіне енген күнінен бастап бес жыл бойы қолданылады. Бұл мерзім өткен соң егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, осы Конвенция эр кезде кезекті бес жыл кезеңге автоматты түрде ұзартылады.

      2008 жылы 14 қарашада Кишинев қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзірбайжан Республикасы үшін        Молдова Республикасы үшін
      Армения Республикасы үшін           Ресей Федерациясы үшін
      Беларусь Республикасы үшін          Тәжікстан Республикасы үшін
      Грузия үшін                         Түрікменстан үшін
      Қазақстан Республикасы үшін         Өзбекстан Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін            Украина үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық
мәртебесі туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының
ескертпесі

      Қазақстан Республикасы осы Конвенцияның 7-бабы он екінші абзацының және 13-бабы 1-тармағының ережелерін қолданған кезде ұлттық заңнаманың талаптарын басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады