Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 3 ақпандағы № 245-IV Заңы

       1994 жылғы 17 маусымда Венада қабылданған Ядролық қауіпсіздік туралы конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н. Назарбаев

ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

(2010 жылғы 8 маусымда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

КІРІСПЕ

      УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАР,

      і) ядролық энергияны пайдаланудың қауіпсіз, жақсы реттелген және экологиялық жағынан ұтымды болуын қамтамасыз етудің халықаралық қоғамдастық үшін маңызды мәні бар екендігін ескере отырып;
      іі) бүкіл әлемде ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұстауға тұрақты түрде жәрдемдесу қажеттілігін растай отырып;
      ііі) ядролық қауіпсіздік үшін жауапкершіліктің заңдық құзырында ядролық қондырғы бар мемлекетке жүктелетінін растай отырып;
      іv) ядролық қауіпсіздіктің тиімді мәдениетіне жәрдемдесуді қалай отырып;
      V) ядролық қондырғылардағы аварияның трансшекаралық әсер ететін әлеуеті бар екендігін ескере отырып;
      vі) Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияны (1979 жыл), Ядролық авария туралы жедел хабарландыру туралы конвенцияны (1986 жыл) және Ядролық авария немесе радиациялық авариялық жағдайдағы көмек туралы конвенцияны (1986 жыл) назарға ала отырып;
      vіі) қолданыстағы екі жақты және көп жақты тетіктердің және осы қозғаушы Конвенцияның қабылдануының негізінде ядролық қауіпсіздікті нығайту үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңызды мәнін растай отырып;
      vііі) осы Конвенцияның қауіпсіздіктің нақтыланған нормаларын емес, ядролық қондырғылар қауіпсіздігінің негізгі қағидаттарын қолдану міндеттемесін көздейтінін, және кезең-кезеңмен жаңартылып отыратын, және сөйтіп қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізудің қазіргі заманғы құралдарына қатысты басшылық қызметін атқара алатын халықаралық деңгейде қалыптасқан қауіпсіздіктің басшы қағидаттары бар екенін мойындай отырып;
      іх) қалдықтармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік негіздерін әзірлеудің жүріп жатқан процесі нәтижесінде кең халықаралық келісімге қол жеткізе салысымен, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы халықаралық конвенцияны әзірлеуді жедел түрде бастау қажеттігін растай отырып;
      х) ядролық отындық циклдың басқа сатыларында қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты одан арғы техникалық жұмыстың пайдалылығын және бұл жұмыстың кейіннен қолданыстағы халықаралық-құқықтық құжаттарды немесе болашақтағыларын әзірлеуге ықпал етуі мүмкін екендігін мойындай отырып;
      төмендегілер туралы КЕЛІСТІ:

1-ТАРАУ. МАҚСАТЫ, АЙҚЫНДАМАЛАРЫ ЖӘНЕ ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ

      1-БАП. МАҚСАТЫ

      Осы Конвенцияның мынадай мақсаттары бар:
      і) ұлттық шаралар мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту негізінде, оның ішінде тиісті жағдайларда қауіпсіздік саласындағы техникалық ынтымақтастық негізінде бүкіл әлемде ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізу, және осындай деңгейді ұстап тұру;
      іі) жекелеген адамдарды, тұтастай алғанда қоғамды және қоршаған ортаны мұндай қондырғылардан шығатын иондаушы сәулелердің зиянды әсерінен қорғау үшін ықтимал радиациялық қауіптен қорғаудың тиімді құралдарын жасау және оларды ядролық қондырғыларда ұстау;
      ііі) радиологиялық зардаптары бар авариялардың алдын алу және егер олар болған жағдайда мұндай зардаптарды жеңілдету.

      2-БАП. АЙҚЫНДАМАЛАР

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
      і) "ядролық қондырғы" әрбір Уағдаласушы тарап үшін нақ сол алаңда орналасқан және осы атом станциясының пайдаланылуымен тікелей байланысты радиоактивті материалдарды өңдеу мен қайта өңдеуге арналған қоймалар мен қондырғыларды қоса алғанда, өзінің заңды құзырындағы кез келген жер бетіндегі азаматтық атом станциясын білдіреді. Мұндай станция барлық ядролық жылу бөлетін элементтері реактордың белсенді аймағынан түпкілікті аластатылғанда және бекітілген регламенттерге сәйкес қауіпсіз қоймаланғанда, ал пайдаланудан алу бағдарламасы реттеуші органмен келісілгенде ядролық қондырғы болудан қалады;
      іі) "реттеуші орган" әрбір Уағдаласушы тарап үшін лицензиялар беруге және ядролық қондырғылардың алаңын таңдау, жобалау, құрылысын салу, пайдалануға енгізу, пайдалану немесе пайдаланудан алу жөніндегі қызметті реттеуге осы Уағдаласушы тарап заңды өкілеттік берген кез келген органды немесе органдарды білдіреді;
      ііі) "лицензия" реттеуші орган өтініш берушіге берген кез келген рұқсатты білдіреді, оған сәйкес соңғысы ядролық қондырғының алаңын таңдау, жобалау, құрылысын салу, пайдалануға енгізу, пайдалану немесе пайдаланудан алу үшін жауаптылықта болады.

      3-БАП. ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ

      Осы Конвенция ядролық қондырғылардың қауіпсіздігіне қолданылады.

2-ТАРАУ. МІНДЕТТЕМЕЛЕР

      а) Жалпы ережелер

      4-БАП. ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР

      Әрбір Уағдаласушы тарап өздерінің ұлттық заңдарының шеңберінде заңнамалық, реттеу және әкімшілік шараларын және өздерінің осы Конвенциядан туындайтын міндеттемелерін жүзеге асыру үшін қажетті басқа да қадамдар қабылдайды.

      5-БАП. БАЯНДАМАЛАР ҰСЫНУ

      Әрбір Уағдаласушы тарап 20-бапта аталатын әрбір кеңес басталғанға дейін өзі осы Конвенциядан туындайтын міндеттемелердің әрқайсысын жүзеге асыру мақсатында қабылдаған шаралар туралы баяндаманы қарау үшін ұсынады.

      6-БАП. ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰРҒАН ЯДРОЛЫҚ ҚОНДЫРҒЫЛАР

      Әрбір Уағдаласушы тарап осы Конвенция осы Уағдаласушы тарап үшін күшіне ену сәтінде бар ядролық қондырғылар қауіпсіздігін қараудың мүмкіндігінше жедел жүргізілуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды. Бұл осы Конвенция тұрғысында қажет болған кезде Уағдаласушы тарап ядролық қондырғының қауіпсіздігін арттыру мақсатында іс жүзінде жүзеге асырылатын барлық жетілдірулердің жедел іске асырылуын қамтамасыз етеді. Егер мұндай арттыруды қамтамасыз ету мүмкін болмаса, ядролық қондырғыны іс жүзінде мүмкін болатын ең қысқа мерзімде тоқтату жөніндегі жоспарларды жүзеге асыру қажет. Тоқтату мерзімін белгілеу кезінде, тұтастай алғанда, энергетикадағы жағдай және ықтимал баламалар, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық және экономикалық әсер ескерілуі мүмкін.

      b) Заңнама және реттеу

      7-БАП. ЗАҢНАМАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕТТЕУШІ НЕГІЗ

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап ядролық қондырғылардың қауіпсіздігін
қамтамасыз ету үшін заңнамалық және реттеуші негіз жасайды және
қолдайды.
      2. Заңнамалық және реттеуші негіз:
      і) қауіпсіздік саласына тиісті ұлттық талаптар мен реттеуші ережелер енгізуді;
      іі) ядролық қондырғыларға қатысты лицензиялау жүйесін және ядролық қондырғының лицензиясыз пайдаланылуына тыйым салуды;
      ііі) лицензияның қолданыстағы реттеуші ережелері мен шарттарының сақталуын тексеру мақсатында ядролық қондырғыларды реттеушілік бақылау мен бағалау жүйесін;
      іv) қолданысын тоқтата тұруды, өзгертуді немесе күшін жоюды қоса алғанда, лицензияның қолданыстағы реттеуші ережелері мен шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді көздейді.

      8-БАП. РЕТТЕУШІ ОРГАН

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап реттеуші орган қүрады немесе тағайындайды, оған 7-бапта аталған заңнамалық және реттеуші негіздерді іске асыру тапсырылады, және оған жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті тиісті өкілеттіктер, құзырет пен қаржы және адам ресурстары беріледі.
      2. Әрбір Уағдаласушы тарап реттеуші орган функцияларының және ядролық энергияны пайдалануға жәрдемдесумен немесе пайдаланумен айналысатын кез келген басқа органдар мен үйымдар функцияларының тиімді бөлінуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      9-БАП. ЛИЦЕНЗИЯ ИЕЛЕНУШІНІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

      Әрбір Уағдаласушы тарап ядролық қондырғының қауіпсіздігіне негізгі жауапкершіліктің тиісті лицензияны иеленушіге жүктелуін қамтамасыз етеді, және әрбір осындай лицензия иеленушінің өз міндеттерін орындауын қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдайды.

      с) Қауіпсіздікке қатысты жалпы пайымдаулар

      10-БАП. ҚАУІПСІЗДІКТІҢ БАСЫМДЫҒЫ

      Әрбір Уағдаласушы тарап ядролық қондырғылармен тікелей байланысты қызметпен айналысатын барлық ұйымдардың басымдық ядролық қауіпсіздікке берілетін қызметпен айналысуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      11-БАП. ҚАРЖЫ ЖӘНЕ АДАМ РЕСУРСТАРЫ

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап әрбір ядролық қондырғының оның барлық тіршілік циклы ішінде қауіпсіздігін ұстап тұруға арналған тиісті қаржы ресурстарының болуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылдайды.
      2. Әрбір Уағдаласушы тарап әрбір ядролық қондырғыда немесе мұндай қондырғымен байланысты оның барлық тіршілік циклы ішінде жүзеге асырылатын қауіпсіздік саласындағы бүкіл қызмет үшін тиісті білім, даярлық және қайта даярлық деңгейіне ие білікті кадрлардың жеткілікті санының болуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылдайды.

      12-БАП. АДАМ ФАКТОРЫ

      Әрбір Уағдаласушы тарап адам қызметінің мүмкіндіктері мен шектеулерінің ядролық қондырғының барлық тіршілік циклы ішінде ескерілуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      13-БАП. САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      Әрбір Уағдаласушы тарап сапаны қамтамасыз ету бағдарламаларының, оларда көрсетілген ядролық қауіпсіздік үшін маңызды барлық қызметке қатысты талаптардың ядролық қондырғының барлық тіршілік циклы ішінде орындалатындығына сенімділік орнату мақсатында әзірленуін және жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      14-БАП. ҚАУІПСІЗДІКТІ БАҒАЛАУ ЖӘНЕ ТЕКСЕРУ

      Әрбір Уағдаласушы тарап:
      і) ядролық қондырғының құрылысы басталғанға дейін және оның бүкіл тіршілік циклы ішінде қауіпсіздікті жан-жақты және жүйелі бағалаудың жүргізілуін. Мұндай бағалау құжаттарда егжей-тегжейлі көрсетіледі, кейіннен пайдалану тәжірибесі мен маңызды жаңа ақпарат тұрғысында жаңартылады және реттеуші орган құзыретінің шеңберінде қаралады;
      іі) ядролық қондырғының техникалық жай-күйі мен оны пайдалану шарттарының жоба талаптарына, қолданыстағы қауіпсіздік жөніндегі ұлттық талаптарға және пайдалану шектері мен шарттарына тұрақты сәйкес болуын қамтамасыз ету мақсатында, талдау, қадағалау, сынау және инспекциялау көмегімен оны тексерудің жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      15-БАП. РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚОРҒАУ

      Әрбір Уағдаласушы тарап барлық пайдалану жағдайларында персонал мен халықтың ядролық қондырғы туғызатын радиациялық сәулеленуінің ақылға қонымды қолдан келерлік төменгі деңгейде сақталуын және бір де бір адамның белгіленген ұлттық доза шектерінен асатын сәулелену дозасын алмауын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      16-БАП. АВАРИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ

      1. Әрбір Уағдаласушы тарап ядролық қондырғылар үшін кезең-кезеңмен пысықталатын және авариялық жағдай кезінде жүзеге асыруға жататын қызметті қамтитын алаңдағы және алаңнан тысқары жерлердегі авариялық іс-шаралар жоспарларының болуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.
      Кез келген жаңа ядролық қондырғылар үшін мұндай жоспарлар оның реттеуші органмен келісілген төменгі деңгейден асатын қуатындағы жұмысы басталғанға дейін дайындалады және пысықталады.
      2. Әрбір Уағдаласушы тарап өз халқы мен ядролық қондырғыға жақын орналасқан мемлекеттердің құзыретті органдарының авариялық жоспарлау мен ден қоюға арналған тиісті ақпаратты алуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды, өйткені бұл мемлекеттердің халқы радиациялық авариялық жағдай салдарынан әсерге ұшырау ықтималдығы орын алады.
      3. Өздерінің аумағында ядролық қондырғылары жоқ Уағдаласушы тараптар, жақын жерде орналасқан ядролық қондырғыда радиациялық авариялық оқиға болған жағдайда әсерге ұшырауы ықтимал болғандықтан, мұндай авариялық жағдай кезінде жүзеге асыруға жататын қызметті қамтитын авариялық іс-шаралар жоспарларының дайындалуын және пысықталуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      d) Қондырғылардың қауіпсіздігі

      17-БАП. АЛАҢДЫ ТАҢДАУ

      Әрбір Уағдаласушы тарап мынадай тиісті рәсімдердің әзірленуін және жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды:
      і) алаңға қатысты ядролық қондырғының оның болжанып отырған тіршілік циклы ішінде қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін барлық тиісті факторларды бағалау;
      іі) қауіпсіздік тұрғысынан алғанда ұсынылып отырған ядролық қондырғының жекелеген адамдарға, тұтастай алғанда қоғамға және қоршаған ортаға ықтимал әсерін бағалау;
      ііі) қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, ядролық қондырғының қолайлылығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында і) және іі) тармақшаларда аталған барлық тиісті факторларды қажеттілігіне қарай қайта бағалау;
      іv) ұсынылып отырған ядролық қондырғыға жақын орналасқан Уағдаласушы тараптармен консультациялар жүргізу, өйткені олар осы қондырғы әсерге ұшырауы ықтимал және олар өзінің меншікті аумағындағы қауіпсіздікке ядролық қондырғының ықтимал ықпалына бағалау мен өз талдауын жүргізуі үшін мұндай Уағдаласушы тараптарға сұрау салу бойынша қажетті ақпарат беру.

      18-БАП. ЖОБА ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС

      Әрбір Уағдаласушы тарап:
      і) аварияны болдырмау, егер ол болған жағдайда, оның радиологиялық зардаптарын жеңілдету мақсатында ядролық қондырғының жобасында немесе оның құрылысы кезінде радиоактивті материалдардың шығарындыларынан қорғаудың бірнеше сенімді деңгейлері мен тәсілдерінің (терең эшелондалған қорғау) көзделуін;
      іі) жобаға енгізілген және ядролық қондырғының құрылысын салу кезінде пайдаланылатын технологиялардың тәжірибемен мақұлдануын немесе сынақтар немесе талдау негізінде аттестатталуын;
      ііі) ядролық қондырғының жобасы адам факторын және адам мен машинаның өзара әрекетін ерекше ескере отырып, сенімді, тұрақты және оңай қамтамасыз етілетін пайдалануды жүзеге асыруға мүмкіндік беруін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      19-БАП. ПАЙДАЛАНУ

      Әрбір Уағдаласушы тарап:
      і) ядролық қондырғыны пайдалануға алынған бастапқы рұқсаттың, құрылысы салынған қондырғының жобаның және қауіпсіздіктің талаптарына жауап беретіндігін көрсететін тиісті қауіпсіздік талдауы мен пайдалануға беру бағдарламасына негізделуін;
      іі) қауіпсіз пайдалану шекарасын айқындау үшін қауіпсіздігін талдау, сынақтар және пайдалану тәжірибесі негізінде айқындалған пайдалану шектері мен шарттардың белгіленуін және қажеттілігіне қарай қайта қаралуын;
      ііі) ядролық қондырғыны пайдаланудың, оған техникалық қызмет көрсетудің, инспекциялаудың және сынаудың бекітілген регламенттерге сәйкес жүзеге асырылуын;
      іv) пайдалану кезінде күтілетін оқиғалар мен авариялар болған жағдайда қарсы әрекеттерді белгілейтін регламенттердің енгізілуін;
      v) қауіпсіздік үшін маңызды барлық салалардағы қажетті инженерлік-техникалық қолдаудың ядролық қондырғының бүкіл тіршілік циклы ішінде көрсетілуін;
      vі) тиісті лицензияны иеленушінің қауіпсіздік тұрғысынан маңызды оқиғалар туралы реттеуші органға уақытылы хабарлауын;
      vіі) пайдалану тәжірибесі туралы ақпаратты жинау мен талдау бағдарламаларының әзірленуін, алынған нәтижелер мен қорытындылар бойынша шаралардың қабылдануын және маңызды тәжірибені халықаралық органдарға, сондай-ақ басқа да пайдаланушы ұйымдар мен реттеуші органдарға берудің жұмыс істеп тұрған тетіктерінің пайдаланылуын;
      vііі) ядролық қондырғыны пайдалану нәтижесіндегі радиоактивті қалдықтарды өндірудің белсенділігі бойынша да, көлемі бойынша да тиісті процесс үшін іс жүзінде қол жетерлік ең төменгі деңгейде ұсталуын, сондай-ақ ядролық қондырғы орналасқан нақ сол алаңда пайдаланумен тікелей байланысты пайдаланылған отын мен қалдықтарды кез келген қажетті қайта өңдеу кезінде және сақтау кезінде баптау мен көму аспектілерінің ескерілуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды.

3-ТАРАУ. УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАРДЫҢ КЕҢЕСТЕРІ

      20-БАП. ТАРАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТЕР

      1. Уағдаласушы тараптар 22-бапқа сәйкес қабылданған рәсімдерге сәйкес 5-бапты орындау үшін ұсынылатын баяндамаларды қарау мақсатында кеңестер (бұдан әрі "қарау жөніндегі кеңестер" деп аталатын) өткізеді.
      2. 24-баптың ережелері ескеріле отырып, қарау жөніндегі кеңестер кезінде қажет болған жағдайда баяндамаларда қамтылған нақты мәселелерді қарау мақсаты үшін Уағдаласушы тараптардың өкілдерінен тұратын кіші топтардың құрылып, жұмыс істеуі мүмкін.
      3. Әрбір Уағдаласушы тарап басқа Уағдаласушы тараптар ұсынған баяндамаларды ақылға қонымды шекте талқылау және мұндай баяндамалар бойынша түсініктер алу мүмкіндігіне ие болады.

      21-БАП. КЕСТЕ

      1. Уағдаласушы тараптардың дайындық кеңесі осы Конвенция күшіне енген күннен кейін алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
      2. Осы дайындық кеңесте Уағдаласушы тараптар қарау жөніндегі бірінші кеңестің өткізілетін күнін белгілейді. Көрсетілген қарау жөніндегі кеңес мүмкіндігінше тезірек, бірақ осы Конвенция күшіне енген күннен кейін отыз айдан кешіктірілмей өткізіледі.
      3. Әрбір қарау жөніндегі кеңесте Уағдаласушы тараптар осындай келесі кеңесті өткізу күнін белгілейді. Қарау жөніндегі кеңестер үш жылдан аспайтын аралықпен өткізіледі.

      22-БАП. РӘСІМДІК МӘСЕЛЕЛЕР

      1. 21-бапты орындау үшін өткізілетін дайындық кеңесінде Уағдаласушы тараптар Рәсім ережесі мен Қаржы ережесін әзірлейді және консенсуспен қабылдайды. Уағдаласушы тараптар, атап айтқанда және Рәсім ережесіне сәйкес:
      і) 5-бапты орындау үшін ұсынылуы тиіс баяндамалардың нысаны мен құрылымына қатысты басшы қағидаттарды;
      іі) мұндай баяндамаларды ұсыну мерзімін;
      ііі) мұндай баяндамаларды қарау процесін белгілейді.
      2. Қарау жөніндегі кеңестерде Уағдаласушы тараптар, егер Рәсім ережесінде өзгеше көзделмесе, қажет болған кезде жоғарыдағы і) және ііі) тармақшаларда көзделген мәселелерді қарауы және консенсуспен өзгерістер қабылдауы мүмкін. Олар консенсустың негізінде Рәсім ережесі мен Қаржы ережесіне түзетулер енгізе алады.

      23-БАП. КЕЗЕКТЕН ТЫС КЕҢЕСТЕР

      Уағдаласушы тараптардың кезектен тыс кеңестері:
      і) егер мұндай шешімді кеңеске қатысып отырған және дауыс беруге қатысқан Уағдаласушы тараптардың көпшілігі қабылдаса, әрі дауыс беру кезінде қалыс қалған тараптар дауыс беруге қатысқан болып саналады; немесе
      іі) қандай да бір Уағдаласушы тараптың жазбаша өтініші бойынша мұндай өтініш Уағдаласушы тараптарға берілгеннен және 28-бапта аталатын хатшылық бұл өтінішті Уағдаласушы тараптардың көпшілігінің қолдағаны туралы хабарламаны алғаннан кейін алты айдан кешіктірмей өткізіледі.

      24-БАП. КЕҢЕСТЕРГЕ ҚАТЫСУ

      1.Әрбір Уағдаласушы тарап Уағдаласушы тараптардың кеңестеріне қатысады және оның атынан мұндай кеңестерде бір делегат пен өзі қатысуын қажет деп санайтын орынбасарлар, сарапшылар мен кеңесшілер өкілдік етеді.
      2. Уағдаласушы тараптар консенсус негізінде осы Конвенцияда реттелетін мәселелерге құзыреті бар кез келген үкіметаралық ұйымды шақыруы, кез келген кеңестің жұмысына немесе оның жекелеген мәжілістеріне бақылаушы ретінде қатысуы мүмкін. Бақылаушылар 27-баптың ережелерін жазбаша нысанда алдын ала қабылдауы тиіс.

      25-БАП. ҚЫСҚАША БАЯНДАМАЛАР

      Уағдаласушы тараптар талқыланған мәселелер мен кеңес кезінде жасалған қорытындылар жазылған құжатты консенсуспен қабылдайды және жұртшылыққа ұсынады.

      26-БАП. ТІЛДЕР

      1. Уағдаласушы тараптар кеңестерінің тілі, егер Рәсім ережесінде өзгеше көзделмесе, ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдері болып табылады.
      2. 5-бапты орындау үшін ұсынылатын баяндамалар оларды ұсынушы Уағдаласушы тараптың мемлекеттік тілінде немесе Рәсім ережесінде келісілуі тиіс бірыңғай белгіленген тілде дайындалады. Егер баяндама белгіленген тіл болып табылмайтын мемлекеттік тілде ұсынылса, Уағдаласушы тарап бұл баяндаманың белгіленген тілге аудармасын қамтамасыз етеді.
      3. 2-тармақтағы ережелерге қарамастан, өтемақы алынған жағдайда, хатшылық кеңестің кез келген басқа тілінде ұсынылған баяндамалардың белгіленген тілге аудармасын қамтамасыз етуді өз мойнына алады.

      27-БАП. ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ

      1. Осы Конвенцияның ережелері Уағдаласушы тараптардың олардың заңнамасында бекітілген ақпаратты жария етуден қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды. Осы баптың мақсаттары үшін "ақпарат" атап айтқанда, і) жеке сипаттағы мәліметтерді; іі) зияткерлік меншік құқықтарымен немесе өнеркәсіптік немесе коммерциялық құпиялылық талаптарымен қорғалатын ақпаратты; және ііі) ұлттық қауіпсіздікке немесе ядролық материалдарды немесе ядролық қондырғыларды физикалық қорғауға қатысы бар ақпаратты қамтиды.
      2. Егер осы Конвенцияның мәтінінде Уағдаласушы тарап өзі 1-тармақта жазылған тәртіппен қорғалатын деп айқындаған ақпаратты ұсынса, мұндай ақпарат ол ұсынылған мақсаттар үшін ғана пайдаланылады, және оның құпиялылығы сақталады.
      3. Уағдаласушы тараптардың баяндамаларын қарау барысындағы жарыссөздердің мазмұны барлық кеңестерде құпия болып табылады.

      28-БАП. ХАТШЫЛЫҚ

      1. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (бұдан әрі "Агенттік" деп аталатын) Уағдаласушы тараптардың кеңестері үшін хатшылық функциясын атқарады.
      Хатшылық:
      і) Уағдаласушы тараптардың кеңестерін шақырады, дайындайды және оған қызмет көрсетеді;
      іі) осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес алынған немесе дайындалған ақпаратты Уағдаласушы тараптарға жолдайды.
      Жоғарыда і) және іі) тармақшаларда аталған функцияларды орындау кезінде Агенттік жұмсайтын шығыстарды Агенттік өзінің тұрақты бюджеті шеңберінде жабады.
      3. Уағдаласушы тараптар консенсус негізінде Агенттіктен Уағдаласушы тараптардың кеңестерін қолдауға басқа да қызметтер ұсыну туралы сұрауы мүмкін. Агенттік, егер олардың өзінің бағдарламасы мен тұрақты бюджеті шеңберінде іске асырылуы мүмкін болса, мұндай қызметтерді ұсына алады. Егер бұл мүмкін болмаса, Агенттік басқа көзден ерікті қаржыландырудың қамтамасыз етілуі шартымен мұндай қызметтерді көрсетуі мүмкін.

4-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ БАПТАР ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЕРЕЖЕЛЕР

      29-БАП. КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ ШЕШУ

      Екі немесе бірнеше Уағдаласушы тараптардың арасында осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы тараптар Уағдаласушы тараптардың кеңестері шеңберінде осы келіспеушіліктерді шешу мақсатында консультациялар жүргізеді.

      30-БАП. ҚОЛ ҚОЮ, РАТИФИКАЦИЯЛАУ, ҚАБЫЛДАУ, МАҚҰЛДАУ, ҚОСЫЛУ

      1. Осы Конвенция 1994 жылғы 20 қыркүйектен бастап ол күшіне енген сәтіне дейін Венадағы Агенттіктің Орталық мекемелерінде барлық мемлекеттерге қол қою үшін ашық.
      2. Осы Конвенция оған қол қойған мемлекеттердің ратификациялауына, қабылдауына немесе мақұлдауына жатады.
      3. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін барлық мемлекеттерге қосылу үшін ашық.
      4. і) Осы Конвенция мұндай ұйымды егемен мемлекеттің құруы және осы Конвенцияда қамтылатын мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге, халықаралық келісімдер жасасуға және оларды қолдануға қатысты құзыретке ие болуы шартымен өңірлік интеграциядағы немесе өзге де сипаттағы ұйымға қол қою немесе қосылу үшін ашық.
      іі) Мұндай ұйымдар өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өз атынан осы Конвенция қатысушы мемлекеттерге беретін құқықтарды жүзеге асырады және міндеттемелерді орындайды.
      ііі) Мұндай ұйым осы Конвенцияның қатысушысы болған кезде ол 34-бапта аталған Депозитарийге қандай мемлекеттер оның мүшесі болып табылатындығы, осы Конвенцияның қандай баптары оған қолданылатыны, және осы баптарда қамтылатын оның құзыреті аясы көрсетілген өтінішті береді.
      іv) Мұндай ұйым оған қатысушы мемлекеттердің дауыстарына қосымша қандай да бір дауысқа ие болмайды.
      5. Ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттар Депозитарийге сақтауға тапсырылады.

      31-БАП. КҮШІНЕ ЕНУ

      1. Осы Конвенция әрқайсысы реактордың белсенді аймағында шегіне жеткен кем дегенде бір ядролық қондырғысы бар он жеті мемлекеттің құжаттарын қоса алғанда, Депозитарийге бекіту, қабылдау немесе мақұлдау туралы жиырма екінші құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
      2. Осы Конвенцияны бекітетін, қабылдайтын, мақұлдайтын немесе оған қосылатын әрбір мемлекет немесе өңірлік интеграция ұйымы үшін 1-тармақта көрсетілген шарттарды орындау үшін қажетті соңғы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін осы Конвенция Депозитарийге осындай мемлекет немесе ұйым тиісті құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.

      32-БАП. КОНВЕНЦИЯҒА ТҮЗЕТУЛЕР

      1. Кез келген Уағдаласушы тарап осы Конвенцияға түзету ұсына алады. Ұсынылатын түзетулер қарау жөніндегі кеңесте немесе кезектен тыс кеңесте қаралады.
      2. Ұсынылатын кез келген түзетудің мәтіні және оны ұсынудың негіздемесі Депозитарийге беріледі, ол жедел түрде және кемінде осы ұсыныс қарау үшін ұсынылатын кеңес өтерден тоқсан күн бұрын оны Уағдаласушы тараптарға жібереді. Осындай ұсыныс бойынша алынған кез келген ескертпені Депозитарий Уағдаласушы тараптардың арасында таратады.
      3. Ұсынылатын түзетуді қарағаннан кейін Уағдаласушы тараптар оны консенсуспен қабылдау туралы, немесе мұндай консенсус болмаса, оны дипломатиялық конференцияға ұсыну туралы шешім қабылдайды. Ұсынылып отырған түзетуді дипломатиялық конференцияға ұсыну туралы шешім қабылдау үшін, дауыс беру кезінде Уағдаласушы тараптардың кемінде жартысының қатысуы шартымен, кеңеске қатысушы Уағдаласушы тараптардың даусының көпшілігі - үштен екісі талап етіледі. Дауыс беру кезінде қалыс қалған тараптар дауыс беруге қатысқан деп саналады.
      4. Осы Конвенцияға түзетулерді қарауға және қабылдауға арналған дипломатиялық конференцияны Депозитарий шақырады және осы баптың 3-тармағына сәйкес қабылданған тиісті шешімнен кейін бір жылдан кешіктірмей өткізіледі. Дипломатиялық конференция түзетулердің консенсуспен қабылдануын қамтамасыз етуге бар күшін салады. Егер ол мүмкін болмаса, түзетулер барлық Уағдаласушы тараптардың көпшілік үштен екі дауысымен қабылданады.
      5. Осы Конвенцияға жоғарыда келтірілген 3 және 4-тармақтарға сәйкес қабылданған түзетулер Уағдаласушы тараптардың ратификациялауына, қабылдауына, мақұлдауына немесе растауына жатады және Депозитарий Уағдаласушы тараптардың кемінде төрттен үшінен тиісті құжаттарды алғаннан кейін тоқсаныншы күні оларды ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе растаған Уағдаласушы тараптар үшін күшіне енеді. Аталған түзетулерді кейіннен бекітетін, қабылдайтын, мақұлдайтын немесе растайтын Уағдаласушы тараптар үшін бұл түзетулер осы Уағдаласушы тарап өзінің тиісті құжаттарын сақтауға өткізгеннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.

      33-БАП. КҮШІН ЖОЮ

      1. Кез келген Уағдаласушы тарап Депозитарийге жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Конвенцияның күшін жоюы мүмкін.
      2. Күшін жою Депозитарий хабарламаны алған күнінен кейін бір жылдан соң немесе хабарламада көрсетілуі мүмкін кейінірек күні күшіне енеді.

      34-БАП. ДЕПОЗИТАРИЙ

      1. Агенттіктің бас директоры осы Конвенцияның Депозитарийі болып табылады.
      2. Депозитарий Уағдаласушы тараптарды:
      і) 30-бапқа сәйкес осы Конвенцияға қол қойылғаны және ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттардың сақтауға тапсырылғаны;
      іі) 31-бапқа сәйкес Конвенцияның күшіне енетін күні;
      ііі) 33-бапқа сәйкес Конвенцияның күшін жою туралы хабарламалар және осындай күшін жоюдың күні туралы;
      іv) 32-бапқа сәйкес Уағдаласушы тараптар берген осы Конвенцияға ұсынылатын түзетулер, тиісті дипломатиялық конференция немесе Уағдаласушы тараптардың кеңесі қабылдаған түзетулер және көрсетілген түзетулердің күшіне енетін күні туралы хабардар етеді.

      35-БАП. МӘТІНДЕРДІҢ ДӘЛМЕ-ДӘЛДІГІ

      Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері дәлме-дәл болып табылатын осы Конвенцияның түпнұсқасы оның куәландырылған көшірмелерін Уағдаласушы тараптарға жіберетін Депозитарийге сақтауға тапсырылады.

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады