Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 8 сәуірдегі № 267-IV Заңы

      2008 жылғы 28 тамызда Душанбеде қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н.Назарбаев

Шанхай ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге
қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу
тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер,
      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын, 2002 жылғы 7 маусымдағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы келісімді, 2005 жылғы 5 шілдедегі Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
      ұлттық заңнаманы, халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      Тараптардың аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу үшін құқықтық негіздерді құруға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      оқу-жаттығулар - бір немесе бірнеше Тараптардың аумақтарында Тараптардың құзыретті органдары өткізетін терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығулар;
      оқу-жаттығуларға қатысушылар - терроризмге қарсы арнайы құралымдар бөлімшелерінің жеке құрамы, оқу-жаттығуларды басқару органының құрамына енгізілген адамдар және оқу-жаттығуларды өткізу үшін тартылған басқа да адамдар;
      терроризмге қарсы арнайы құралымдар - оқу-жаттығуларды өткізу үшін өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес әрбір Тарап қалыптастыратын мамандар тобы;
      арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдары - терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу барысында қолданылатын қару-жарақ пен әскери техника, қару мен оқ-дәрілер, жабдықтар, байланыс құралдары, терроризмге қарсы арнайы құралымдардың керек-жарақтары, техникалық, көліктік және өзге де арнайы құралдар мен материалдар;
      қабылдаушы Тарап - оқу-жаттығуларды өткізу кезеңінде жіберуші Тараптардың оқу-жаттығуларға қатысушыларын, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын өз аумағында қабылдаушы Тарап;
      жіберуші Тарап - оқу жаттығуларды өткізу үшін оқу-жаттығуларға қатысушыларды, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын қабылдаушы Тарап аумағына жіберуші Тарап;
      транзит Тарабы - жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушылары, арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдары қабылдаушы Тараптың аумағына және кері қарай өту аумағы арқылы жүзеге асырылатын Тарап;
      үшінші тарап - жіберуші Тарап, қабылдаушы Тарап немесе транзит Тарабы болып табылмайтын мемлекет, оның жеке және/немесе заңды тұлғалары, сондай-ақ халықаралық үкіметаралық ұйымдар;
      оқу-жаттығуларға қатысушылардың қызметтік міндеттерін орындауы - орналасу орындарында және қабылдаушы Тараппен келісім бойынша басқа да орындарда болу, көрсетілген аудандарға (орындарға), оның ішінде транзит Тарабының аумағы арқылы жүру (жолда болу) және кері қарай өту, сондай-ақ оқу-жаттығуға қатысты міндеттерді орындау жөніндегі оқу-жаттығуларды өткізу ауданында жасалатын іс-қимылдар, мынадай іс-қимылдарды қоспағанда:
      орналасу орындарын немесе оқу-жаттығулар өткізу аудандарын өз бетінше тастап кету;
      өзін ерікті түрде уытты, есірткілік немесе алкогольды мас болу жағдайына келтіру;
      залал - келтіргені үшін жауапкершілігі әрбір Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген дене, рухани, материалдық және өзге де зиян түрлері;
      оқу-жаттығуларды өткізу ауданы - оқу-жаттығуларды өткізу үшін бөлінген қабылдаушы Тараптың аумағы шегіндегі жер учаскелері;
      орналасу орны - Тараптардың оқу-жаттығуларға қатысушыларын орналастыру үшін қабылдаушы Тарап айқындаған аумақ;
      ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесі - Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының кеңесі;
      ШЫҰ ӨТҚҚ-ның Атқарушы комитеті - Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитеті;
      құзыретті орган - терроризмге қарсы күресті өз заңнамасына сәйкес жүзеге асырушы Тараптың мемлекеттік органы.

2-бап

      Оқу-жаттығуларды өткізудің мақсаты террористік актіні жасау немесе оны жасауы қаупі туындаған кезде Тараптардың аумақтарында олардың бірлескен іс-қимыл жасау үшін терроризмге қарсы арнайы құралымдарды даярлау болып табылады.

3-бап

      Оқу-жаттығулардың негізгі міндеттері:
      терроризмге қарсы арнайы құралымдарды басқаруда оқу-жаттығуларды басқару органдарының үйлесімділік деңгейін арттыру;
      оқу-жаттығуларға қатысушылардың практикалық дағдысын жетілдіру және терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды жүргізудің тиімді нысандары мен әдістерін игеру;
      терроризмге қарсы арнайы құралымдардың іс-қимылдарын үйлестіру мәселелерін іс жүзінде игеру;
      жаңа тәсілдер мен амалдарды игеру, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-шаралар өткізу тәжірибесін алмасу болып табылады.

4-бап

      Оқу-жаттығуларды өткізу туралы шешімді ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесі қабылдайды. Оқу-жаттығуларды өткізудің мерзімдерін ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесі алда тұрған оқу-жаттығуларға қатысуы көзделген Тараптардың пікірін ескере отырып айқындайды.
      Оқу-жаттығуларды өткізу туралы шешім қабылданған соң, оларды даярлаумен байланысты мәселелерді келісу Тараптардың консультациялар барысында жүзеге асырылады. Консультация қорытындылары хаттама түрінде ресімделеді.
      Тараптар кезегімен Тараптардың атауларына сәйкес орыс алфавитінің тәртібімен өздерінің аумақтарында оқу-жаттығуларды ұйымдастырады және өткізеді.
      ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитеті мүдделі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің өтініші бойынша оқу-жаттығуларды дайындау мен өткізу кезінде олардың өзара іс-қимылына көмектеседі.
      Әрбір Тараптың ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесіне өз аумағында кезектен тыс оқу-жаттығулар өткізу жөнінде өтініш жасауға құқығы бар.
      Оқу-жаттығуларға қатысу мүмкін болмаған кезде немесе оларға қатысудан бас тартқан жағдайда бұл туралы Тарап өзінің оқу-жаттығуларға қатысуға кедергі болған себептерін хабарлай отырып, оқу-жаттығулар басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей жазбаша нысанда, ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитетін хабардар етеді.

5-бап

      Оқу-жаттығуларды дайындау және өткізу үшін оқу-жаттығулар жетекшісі және оның орынбасарлары тағайындалады, сондай-ақ оқу-жаттығуларды басқару органы құрылады.
      Оқу-жаттығулардың жетекшісі қабылдаушы Тараптың құзырлы органының басшылары (өкілдері) қатарынан тағайындалады. Оның орынбасарлары жіберуші Тараптың құзырлы органдарының қатарынан тағайындалады.
      Оқу-жаттығуларды басқару органының құрамы мен құрылымы, сондай-ақ оқу-жаттығуларды өткізу тәртібі қабылдаушы Тараптың және жіберуші Тараптың келісімі бойынша айқындалады.

6-бап

      Тараптар оқу-жаттығуларды басқару органымен келісім бойынша өзінің қатысу дәрежесін, оқу-жаттығуларға қатысушылардың құрамы мен санын белгілейді.
      Тараптардың келісімі бойынша ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитеті оқу-жаттығуларға бақылаушы ретінде қатысуға үшінші тараптың өкілдері шақырылуы мүмкін.

7-бап

      Қабылдаушы Тарап оқу-жаттығулар өткізілетін ауданды айқындайды және:
      ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитеті арқылы жіберуші Тараппен келісілетін және Тараптардың келісімі бойынша бекітілетін оқу-жаттығулардың мақсатын пысықтау;
      оқу-жаттығуларға байланысты қорытынды және өзге де құжаттарды әзірлеу;
      өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағына жіберуге және оны пайдалануға рұқсат беру;
      оқу-жаттығуларға қатысушылардың кіруі, жүріп-тұруы және
кері қайтуы, олардың орналасу орнында жайғасуы, өз аумағында арнайы
құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын алып жүруі, мемлекеттік шекарадан (кедендік және шекаралық рәсімдерден өтуді қоса алғанда) өтуі;
      оқу-жаттығуларға қатысушыларды, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын күзету және қорғау жөніндегі, сондай-ақ оқу-жаттығулар ауданын оқшаулауды ұйымдастыру жөніндегі қажетті шараларды қабылдау;
      жіберуші Тарапты салық, кеден, сақтандыру алымдарынан және өзге де міндетті төлемдерден босату үшін жағдайлар жасайды.

8-бап

      Жіберуші Тарап:
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының егемендігі мен дәстүрлерін құрметтейді;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының заңнамасын сақтайды;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының ішкі істеріне араласпайды;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының аумағындағы саяси іс-әрекетке қатыспайды;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының шекаралық және кедендік бақылау рәсімдерін сақтайды;
      қабылдаушы Тараппен және/немесе транзит Тарабымен келісілген оқу-жаттығуларға қатысушылардың жүру және арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын алып өту бағыттарын сақтайды;
      қабылдаушы Тарапқа және/немесе транзит Тарабына оқу-жаттығуларға қатысушыларды, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын күзету мен қорғау жөнінде қажетті шараларды қабылдауға жәрдемдеседі;
      қабылдаушы Тарап және/немесе транзит Тарабы пайдаланатын мүліктің, табиғи ресурстардың, мәдени, тарихи және өзге де объектілердің сақталуын қамтамасыз етеді;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының аумағында экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтайды.

9-бап

      Транзит Тарабы:
      жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларын өз аумағы арқылы кіруіне, жүріп-тұруына және шығуына, сондай-ақ арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелуге, алып жүруіне және әкетуге рұқсат береді және жәрдемдеседі;
      жіберуші Тарапты салық төлеуден, кеден, сақтандыру алымдарынан және өзге де міндетті төлемдерден босатады.

10-бап

      Жіберуші Тарап оқу-жаттығулар басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей қабылдаушы Тарапты оқу-жаттығуларға қатысушыларды, сондай-ақ арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын орналастыру үшін орналасу орындарындағы жылжымайтын мүлік туралы хабардар етеді.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларына жылжымайтын мүлікті, су, электр энергиясын береді және медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді және өздерінің алдына қойған мақсаттарды орындауы үшін қажетті көлемде өмірі мен тұрмысына жағдай жасайды. Қабылдаушы Тарап қажет болған жағдайда өзара келісім бойынша арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын береді.
      Көлік және өзге де қызметтерді ұсыну тараптардың құзырлы органдарының арасында келісім бойынша жүзеге асырылады.

11-бап

      Қабылдаушы Тарап және/немесе транзит Тарабы жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының ұлттық жүргізуші куәліктерін жарамды деп таниды.

12-бап

      Оқу-жаттығуларға қатысушылар мемлекеттік шекарадан Тараптардың келісілген өткізу бекеттерінде визасыз тәртіппен атаулы тізім бойынша өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсету арқылы өтеді.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының аты-жөн тізімін және арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесін жасаудың нысаны мен тәртібі Тараптардың келісімімен анықталады.
      Оқу-жаттығуларға қатысушылардың атаулы тізімі тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, жеке басын куәландыратын құжатының сериясы мен нөмірі, келу мақсаты мен қабылдаушы Тараптың аумағында болу уақыты көрсетіле отырып, тұлғалар туралы мәліметті қамтуы тиіс.
      Арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесі арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының атауын, санын және таңбалауын қамтуы тиіс.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының атаулы тізімі және арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесі қытай және орыс тілдерінде ресімделеді және қабылдаушы Тарапқа, сондай-ақ Транзит тарабына қабылдаушы Тараптың және/немесе Транзит тарабының мемлекеттік шекарасынан өтудің жоспарланған күніне дейін отыз күннен кешіктірмей беріледі.

13-бап

      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының құрамына кірген адамдардың жеке пайдалануына арналған заттарын, сондай-ақ валюталық құндылықтарын Тараптардың мемлекеттік шекарасы арқылы алып өтуі қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Тараптардың кедендік шекарасы арқылы алып өтілетін арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының кедендік ресімделуі мен кедендік бақылауын Тараптар осы Келісімге сәйкес, жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырады.
      Тараптардың тиісті тізбеге енгізілген арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдарын қоспағанда, әрбір Тараптың кедендік органдары ұлттық заңнамада белгіленген тәртіппен және шарттарда оқу-жаттығуларға қатысушыларды жеке қарауға және олардың жүктерін тексеріп қарауға және ұлттық заңнамаға сәйкес әкелу мен әкетуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған заттарды тәркілеуге құқылы.
      Сәйкестендірудің тиісті құралдарымен қамтамасыз етілген Тараптардың буып-түйілген қызметтік құжаттарына қол сұғылмайды және кедендік тексеріп қарауға, сондай-ақ ашуға және ұстап қалуға жатпайды.

14-бап

      Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жіберуші Тараппен келісім бойынша, өз аумағында жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларына, сондай-ақ олардың жеке заттарына, арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдарына қатысты карантиндік іс-шараларын жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.

15-бап

      Оқу-жаттығуларға қатысушыларды, олардың арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдарын тасымалдауды әуе көлігімен қамтамасыз етуді ұйымдастыру Тараптардың халықаралық әуе тасымалын ұйымдастыру мәселелерімен шұғылданатын тиісті органдарымен келісім бойынша жүзеге асырылады.
      Әуе кемелерінің ұшулары бағыттар бойынша, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының белгіленген аймақтарында (аудандарында) орындалады. Оқу-жаттығуларға қатысушыларды немесе оқу-жаттығуларға қатысушыларды әскери және азаматтық әуежайларда тасымалдауды әуе кемелерін навигациялық, әуежайлық-техникалық қамтамасыз ету және қорғау Тараптардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады.
      Халықаралық бағыттар бойынша әуе кемелерінің ұшуын басқаруды Тараптардың ұшу ақпараттық аймағына сәйкес Тараптардың әуе көлігін басқару органдары жүзеге асырады.
      Осы Келісімді іске асыру мақсатында халықаралық тасымалды орындайтын әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және әуе кеңістігінде ұшулар жүзеге асырылатын Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
      Құрамына бірнеше Тараптың әуе персоналы тартылған Тараптардың бірлескен топтары (комиссиялары) осы Келісімді іске асыруға байланысты міндеттерді шешу кезінде жүргізеді, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен авиациялық қақтығыстарды тексеруді, ұшу қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Бірлескен топтарды (комиссияларды) құру тәртібін оқу-жаттығуларды дайындау кезеңінде Тараптардың келісімі бойынша оқу-жаттығуларды басқару органы анықтайды. Бірлескен топтың (комиссиялардың) басшысы қабылдаушы Тарап өкілдерінің арасынан тағайындалады.
      Апаттық қондыру үшін запас әуежайлар беруді қоса алғанда, төтенше жағдайлар (зілзалалар, ұшуға қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, әуе кемесі бортындағы ақау) туындағанда Тараптардың әуе көлігін басқару органдары оқу-жаттығуларға қатысушыларды тасымалдаушы әуе кемелеріне жәрдем көрсетеді.
      Әуе кемелерінің ұшуларын іздестіру-құтқаруды қамтамасыз ету Тараптардың күш-құралдарымен қайтарымсыз негізде ұйымдастырылады.

16-бап

      Жіберуші Тараптың әскери (полиция) кемелері мен қосалқы кемелерінің қабылдаушы Тараптың аумақтық теңізіне, ішкі теңіз суларына және ішкі су жолдарына кіруі қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына және Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Қабылдаушы Тараптың жіберуші Тараптың әскери (полиция) корабльдеріне және қосалқы кемелеріне лоцмандық желілеу, тіркеуге алу, порттық қызмет көрсетуі Тараптар арасындағы жеке келісіммен жүзеге асырылады.

17-бап

      Оқу-жаттығуға қатысушыларға қабылдаушы Тараптың шетел азаматтарының келуі және жүріп-тұруы, тіркеу және көші-қонын бақылау мәселелерін реттейтін заңнамасы қолданылмайды.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушылары қабылдаушы Тараптың аумағында тұрақты тұру құқығына ие емес.

18-бап

      Оқу-жаттығу өткізу кезеңінде оқу-жаттығуға қатысушылар Тараптар арасында келісілген ерекшелік белгілерін тағып жүруі тиіс.
      Тараптардың арнайы терроризмге қарсы құралымдарының әскери және басқа да техникасы оқу-жаттығулар кезінде анық көрінетін тіркеу нөмірлері және ерекше белгілері болуы тиіс.

19-бап

      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушылары қабылдаушы Тараптың аумағында, сондай-ақ орналасу орындарында және басқа да орындарда қабылдаушы Тараппен келісім бойынша қорғаныс функцияларын қамтамасыз ету үшін оқу-жаттығулар жоспарында көзделген міндеттерді орындау үшін қажетті арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын сақтауға, алып жүруге, пайдалануға және қолдануға құқылы.
      Оқу-жаттығу өткізу барысында арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын қолдану қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

20-бап

      Жіберуші Тарап арнайы құралдардың және/немесе қамтамасыз ету материалдарының жоғалу жағдайлары туралы, сондай-ақ оқу-жаттығуларға қатысушылардың орналасу орнында болмау фактілері туралы қабылдаушы Тарапты және транзит Тарабын дереу хабардар етуге міндетті.
      Қажет болған жағдайда қабылдаушы Тараптың өтініші бойынша әрбір Тарап жоғалған арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын іздестіруге, сондай-ақ оқу-жаттығуларға қатысушылардың жүрген жерін анықтауға қажетті жәрдем көрсетеді.
      Жоғалған арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын тапқан, сондай-ақ тиісті оқу-жаттығуларға қатысушылардың жүрген жерін анықтаған Тарап оларды тиісті Тарапқа тапсыру үшін шаралар қабылдайды.

21-бап

      Тараптар осы Келісімнің орындалуына байланысты шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, дербес өтейді.
      Жіберуші Тарап өзінің талап етуі бойынша қабылдаушы Тарап берген барлық арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын пайдалануға байланысты шығыстарды өзара уағдаластық негізінде өтейді.

22-бап

      Оқу-жаттығуларды өткізу барысы мен қорытындылары туралы жұртшылықты хабардар етуді Тараптар және ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитеті келісілген нысанда және көлемде жүзеге асырады.

23-бап

      Мынадай:
      оқу-жаттығуларға қатысушылар туралы;
      оқу-жаттығуларды өткізудің арнайы техникалық тәсілдерін, тактикасы мен әдісін ашатын;
      оку-жаттығулар өткізу барысында қолданылатын арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының сипаты туралы;
      Тараптардың келісімі бойынша жария етуге тыйым салынған ақпаратты қолдануға жол берілмейді.
      Осы бапта көрсетілген ақпаратты қорғау жөніндегі шаралар және оны заңсыз қолданғаны үшін жауапкершілік қатысушылары Тараптар болып табылатын халықаралық шарттарға және әрбір Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес анықталады.

24-бап

      Қабылдаушы Тарап Тараптарға және ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитетіне өткізілген оқу-жаттығулар туралы ақпараттық-талдау материалдарын жібереді.

25-бап

      Әрбір Тараптың арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдары өзінің меншігі болып табылады және оны ұстауға және/немесе қандай да бір түрде иелігінен айыруға болмайды.
      Жіберуші Тарап оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін қолданылмаған арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын қабылдаушы Тараптың аумағынан әкетеді.
      Егер ерекше бір жағдайлармен арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын әкету мүмкін болмаған жағдайда оны пайдалану немесе жою туралы шешім жіберуші Тараптың және қабылдаушы Тараптың өзара уағдаластықтары негізінде қабылданады.

26-бап

      Тараптар жіберуші Тараптың оқу-жаттығуға қатысушыларына қатысты құзырдағы мәселелерде мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
      жіберуші Тараптың азаматтары санынан оқу-жаттығуға қатысушысы өзінің жіберуші Тарабына немесе өз Тарабы азаматтарының санынан оқу-жаттығуларға қатысушыларға қарсы қылмыс жасаған жағдайда, сондай-ақ олар қызметтік міндеттерін атқару кезінде қылмыс жасаған жағдайда жіберуші Тараптың заңды құзыры жүзеге асырылады;
      оқу-жаттығуларға қатысушы осы баптың екінші абзацына жатпайтын қылмыс жасаған жағдайда қабылдаушы Тараптың немесе транзит Тарабының заңды құзыры жүзеге асырылады.
      Оқу-жаттығуларға қатысушылардың орналасу орнында белгісіз адамдар жіберуші Тарапқа немесе жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларына қарсы қылмыс жасаған жағдайда жіберуші Тарап-алдын ала тергеу амалдарын жүргізе алады. Қылмыс жасаған адам анықталған жағдайда осы Келісім белгілеген тәртіп қолданылады.
      Қылмыстық іс жүргізу әрекеттеріне уәкілетті Тараптардың құзыретті органдары қылмыстарға байланысты тергеу жүргізуге, дәлелдемелер жинауға және ұсынуға, қылмыс жасауға сезіктілерді немесе айыпталушыларды, оқу-жаттығуларға қатысушылардың тұрған орнын анықтауға (іздеуге), ұстауға және тұтқындауға (қамауға алуға) өзара тікелей іс-қимылда болады және жәрдем көрсетеді.
      Оқу-жаттығуларға қатысушы Тараптардың басшыларының да өз құзыреті шегінде тікелей қарым-қатынас жасауға құқығы бар.
      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларын, сондай-ақ басқа тұлғаларды ұстағаны туралы қабылдаушы Тарапты шұғыл хабардар етеді.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларын ұстағаны туралы жіберуші Тарапты шұғыл хабардар етеді.
      Қылмыс жасауға сезіктілерді оқу-жаттығуларға қатысушыны ұстаған, тұтқындаған (қамауға алған), басқа да іс жүргізу әрекеттерін жүргізген кезде, сондай-ақ оны қайтарып беруде немесе құқықтық жәрдем көрсеткенде Тараптар өздері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттары мен ұлттық заңнаманы басшылыққа алады.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуға қатысушысына қатысты қабылдаушы Тарап қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын әрбір жағдайда жіберуші Тарап сот процесіне өзінің өкілін қатыстыруға құқылы, ал қудаланып отырған адам:
      тергеу және сот талқылауының дереу және жылдам өтуіне;
      қылмыстық қудалау басталған сәттен бастап оған қарсы тағылған нақты айыптау туралы ақпарат алуға;
      қылмыстық сот өндірісінің айыптау куәлерімен және басқа да қатысушыларымен көзбе-көз беттесуге;
      егер олар қабылдаушы Тараптың заңдық құзырында болса, қорғау куәларын тартуға;
      өзінің таңдауы бойынша адвокат көмегіне немесе адвокаттың ақысыз көмегіне;
      аудармашының қызметін пайдалануға;
      жіберуші Тараптың өкілдерімен байланыс орнатуға құқылы.
      Тараптар оқу-жаттығуларға қатысушылардың жасаған қылмыстары туралы қылмыстық істерді беру немесе іске қабылдау туралы бір-біріне өтініш жасай алады. Мұндай өтініштер дереу қарастырылады.
      Тараптардың құзыретті органдары Тараптар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға және ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптардың оларға қатысты бәсекелес заң құзыры бар барлық қылмыстық істер бойынша тергеу және сотқа қылмыстық тексеру нәтижелері туралы бір-бірін хабардар етеді.

27-бап

      Тараптар оқу-жаттығуларға қатысушылардың өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде басқа оқу-жаттығуларға қатысушыларға келтірген залалына қатысты талап-шағымдар беруден бас тартады.
      Оқу-жаттығуларға қатысушылардың өз қызметтік міндеттерін орындау кезінен тыс уақытта басқа оқу-жаттығуларға қатысушыларға келтірген залалын өтеу тәртібі, тиісті Тараптардың құзыретті органдарының арасындағы жекелеген уағдаластықтармен анықталады. Егер залалды өтеу туралы мәселе уағдаластық жолымен шешілмейтін болса, қабылдаушы Тараптың оны ұлттық заңнамаға сәйкес қарауға құқығы бар.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының қабылдаушы Тараптың жеке немесе заңды тұлғаларға келтірген залалын өтеу тәртібі тиісті Тараптардың уәкілетті органдарының арасындағы жекелеген уағдаластықтармен анықталады. Егер залалды өтеу туралы мәселе осындай уағдаластықтар жолымен шешілмейтін болса, қабылдаушы Тараптың немесе транзит Тарабы өзінің ұлттық заңнамаға сәйкес қарауға құқығы бар.
      Егер тиісті Тараптар осы баптың екінші және үшінші абзацтарына сәйкес келтірілген залалға қатысты жауапты болса, ал жауапкершілік дәрежесін айқындау мүмкін болмаса, онда залалды өтеу көрсетілген Тараптар арасында тең үлесте бөлінеді.
      Терроризмге қарсы арнайы құралымдардың немесе олардың құрамына кіретін адамдардың үшінші Тарапқа келтірген залалы мынадай ережелерге сәйкес өтеледі:
      қабылдаушы Тараптың заңнамасы қолданылады. Өтемақы төлеу туралы немесе осындай өтемақы төлеуден бас тарту туралы қабылдаушы Тараптың тиісті сот инстанциясы шығарған заңды күшіне енген шешім түпкілікті болып табылады;
      қабылдаушы Тарап мүдделі Тараптардың қатысуымен үшінші Тараптың талап-шағымдарын реттеу үшін консультациялар ұйымдастыруы мүмкін.
      Залалды өтеу бойынша төлемдер қабылдаушы Тараптың валютасында жүргізіледі.
      Тараптар осы бапқа сай дәлелдер алу және талап-шағымдарды әділ қарауды ұйымдастыру мақсатында ынтымақтасады. Тараптардың шешімі бойынша үшінші Тарапқа залал келтірілген жағдайларды тексеру үшін комиссия құрылуы мүмкін.

28-бап

      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының және олардың отбасы мүшелерінің оның ұлттық заңнамасымен белгіленген жеңілдіктері, кепілдіктері мен өтемақылары толық көлемде сақталады. Бұл тәртіп егер жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының қабылдаушы Тараптың аумағында болуы, сондай-ақ басқа Тараптың аумағы арқылы өтетін транзиті кезінде залал келтірілген жағдайда қолданылады.

29-бап

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімді орындауға жауапты құзырлы органдарын белгілейді, ол жөнінде осы Келісімнің күшіне енуі үшін мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы және құзырлы органдардың және\немесе олардың атауларының өзгертілуі туралы жазбаша хабарламамен бір мезгілде депозитарийге хабарлайды.
      Депозитарий Тараптан өзі анықтаған құзырлы орган туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап он бес күн ішінде ол туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.

30-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелерді консультациялар және келіссөздер өткізу жолымен шешетін болады.

31-бап

      Осы Келісім, Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

32-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілдері қытай тілі және орыс тілі болып табылады.

33-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісімімен жеке хаттамалар түрінде ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

34-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы депозитарий жазбаша түрде төртінші хабарлама алған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді орындаған Тараптар үшін олар депозитарийге жазбаша хабарлама берген мерзімнен күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Осы Келісімнің депозитарийі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап он бес күн ішінде оның куәландырған көшірмелерін Тараптарға жолдайды.
      Осы Келісім 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына қатысушы болып табылатын мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Оған қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оның қосылуы туралы құжатты алған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Осы Келісім егер ол Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет болуын тоқтатса, кез келген Тарапқа қатысты күшін жояды.

35-бап

      Тараптардың әрқайсысы депозитарийге осы Келісімнен шығу туралы болжамды шығу күнінен он екі ай бұрын жазбаша хабарлама жолдай отырып одан шыға алады. Депозитарий мұндай ниет туралы басқа Тараптарды шығу туралы хабарлама алған күннен бастап отыз күн ішінде хабардар етеді.
      2008 жылғы 28 тамызда Душанбе қаласында орыс және қытай тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасы үшін
      Қытай Халық Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін
      Ресей Федерациясы үшін
      Тәжікстан Республикасы үшін
      Өзбекстан Республикасы үшін

      РҚАО-ның ескертпесі: Бұдан әрі Келісімнің қытай тіліндегі мәтіні берілген.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге
қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу
тәртібі туралы келісімнің 6-бабы бірінші бөлігіне
Өзбекстан Республикасының ескертпесі

      Өзбекстан Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы оқу-жаттығуларына бақылаушы ретінде қатысады.

      Өзбекстан Республикасы үшін

      Осымен, қоса берілген құжат 2008 жылғы 28 тамызда Душанбе қаласында қол қойылған Шанхай ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісімнің аутентикалық көшірмесі екендігін куәландырамын.
      Осы келісімге қол қойылған кезде Өзбекстан Республикасымен ескертпе жасалды (қоса беріледі).
      Аталған құжаттардың түпнұсқа даналары Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығында сақталады.

      1-дәрежелі сарапшы (заңгер)                      М. Азимов

      Осымен 2008 жылғы 28 тамызда Душанбе қаласында қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісімнің орыс тілінен мемлекеттік тілге аударылған мәтінінің дұрыстығын куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық қауіпсіздік комитеті
      Кадрлар департаменті
      Мемлекеттік тіл басқармасы
      бастығының орынбасары                              Қ Терекбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады