Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімін ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы № 304-IV Заңы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербургте жасалған Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы келісімі ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы
келісімі

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын кеден одағына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері Еуразиялық экономикалық қауымдастық (бұдан әрі - кеден одағы) аясында,

      кеден одағын қалыптастыру мақсатында,

      2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімді негізге ала отырып,

      карантиндік фитосанитариялық талаптар мен шаралар қолдану саласында келісілген саясат жүргізу орындылығын мойындай отырып,

      Өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның (Рим, 1951, 1997 жылғы редакцияда) (бұдан әрі - Конвенция), көп жақты сауда келіссөздерінің Уругвай раундының қорытындылары бойынша 1994 жылғы 15 сәуірде Марракеш қаласында қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымының Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі келісімі мен Санитариялық және фитосанитариялық шаралар қолдану жөніндегі келісімінің қағидалары мен принциптерін назарға ала отырып,

      кеден одағының кедендік аумағын карантинді объектілердің әкелінуі мен таралуынан қорғауды қамтамасыз ету және олар келтіретін шығынды азайту, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнімдердің халықаралық саудасындағы кедергілерді жою мақсатында,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      "карантинді объектілер (карантинді зиянды организмдер)" - Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында жоқ немесе шектеулі таралған және ұлттық Карантинді объектілер тізбелеріне енгізілген зиянды организмдер;

      "карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау)" - Тараптар мемлекеттерінің өкілеттіктер берілген өсімдіктер карантині саласындағы ұлттық органдарының карантинді объектілерді анықтауға, карантинге жатқызылған өнімдердің карантиндік фитосанитариялық жағдайын белгілеуге және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен өз мемлекетінің өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының талаптарын орындауға бағытталған қызметі;

      "карантинге жатқызылған өнімдер (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар)" (бұдан әрі - "карантинге жатқызылған өнімдер") - карантинді организмдерді тасымалдаушы болуы және (немесе) олардың таралуына ықпал етуі мүмкін және оларға қатысты карантиндік фитосанитариялық шаралар қолдану қажет, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы және кеден одағының кедендік аумағында өткізілетін өсімдік тектес өнімдер, ыдыс, бума, жүктер, топырақ, организмдер немесе материалдар;

      "карантинге жатқызылған өнімдер партиясы" - бір көлік құралымен бір межелі пунктке бір алушыға жіберуге арналған карантинге жатқызылған өнімдер саны.

      Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер Конвенцияда, карантиндік фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттарда, кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда белгіленген мағыналарда пайдаланылады.

2-бап

      Осы Келісімнің әрекеті әкелу кезінде кеден одағының кедендік шекарасы мен кеден одағының кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауға (қадағалауға) жататын Карантинге жатқызылған өнімдер (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар) тізбесіне (бұдан әрі - Карантинге жатқызылған өнімдер тізбесі) енгізілген карантинге жатқызылған өнімдерге қолданылады.

      Кеден одағының кедендік шекарасындағы карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      Кеден одағының кедендік аумағындағы карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      Кеден одағының кедендік аумағынан карантинге жатқызылған өнімді әкету кезінде карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) өсімдіктер карантині саласындағы Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелеріне және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.24 № 397-IV Заңымен.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) функцияларын жүзеге асыратын органдары (бұдан әрі - уәкілетті органдар) Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жөніндегі өкілеттіктер берілген ұлттық органдары болып табылады.

      Тараптар кеден одағының кедендік аумағына карантинді объектілердің (карантинді зиянды организмдердің) әкелінуі мен таралуын болдырмау жөнінде қажетті шаралар қолданады және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері мен өз мемлекетінің өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы үшін жауаптылықта болады.

4-бап

      1. Тараптардың уәкілетті органдары карантинге жатқызылған өнімдерді кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізген кезде карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) Тараптар мемлекеттерінің өткізу пункттерінде не Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өсімдіктер карантині жөніндегі пункттер (фитосанитариялық бақылау бекеттері) жабдықталып, жарақталатын өзге де жерлерде жүзеге асырады.

      2. Кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін карантинге жатқызылған өнім аумағында карантинге жатқызылған өнімді жеткізу орны орналасқан Тарап мемлекетінің фитосанитариялық талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      Тараптар әкелінетін карантинге жатқызылған өнімге қойылатын фитосанитариялық талаптар туралы ресми ақпаратты Тараптардың уәкілетті органдарының ресми сайттарында (интернет-ресурстарында), сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитариялық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесінде және Кеден одағының ықпалдасқан сыртқы және ішкі өзара саудасының ақпараттық жүйесіне орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Карантинге жатқызылған өнім тізбесіне сәйкес фитосанитариялық қаупі жоғары карантинге жатқызылған өнім тобына жатқызылған карантинге жатқызылған өнімнің әрбір легі кеден одағының кедендік аумағына Конвенцияда белгіленген нысан бойынша экспорттаушы (кері экспорттаушы) ел мемлекетінің құзыретті органы беретін экспорттық немесе кері экспорттық фитосанитариялық сертификатпен бірге әкелінеді.

      3. Бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына тасымалданатын Карантинге жатқызылған өнім тізбесіне сәйкес фитосанитариялық қаупі жоғары карантинге жатқызылған өнім тобына жатқызылған карантинге жатқызылған өнімдердің әр партиясы Конвенцияда белгіленген нысан бойынша жөнелтуші Тараптың фитосанитариялық сертификатымен бірге әкелінуге тиіс.

      Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары беретін фитосанитариялық сертификаттарды Тараптар таниды.

      Тараптар мемлекеттерінің аумағында карантинге жатқызылған өнімдерді жеткізу орындарында карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) осы Келісімнің 2-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.24 № 397-IV Заңымен.

5-бап

      1. Карантинге жатқызылған өнімдер тізбесі, Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ереже, Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ереже Кеден одағының комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) шешімімен бекітіледі.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды жүргізуді оған Тараптар өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету саласында тиісті өкілеттіктер берген күннен бастап Комиссия жүзеге асырады.

      Осы баптың мақсаттары үшін Комиссияның құжаттарды жүргізуі ретінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген кеден одағының құжаттарына белгіленген тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізу, кейіннен оларды бекіту және Тараптарға жеткізу түсіндіріледі.

      Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар Комиссияның қарауына белгіленген тәртіппен Тараптың кез келгенінің ұсынысы бойынша енгізіледі.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.24 № 397-IV Заңымен.

6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары:

      кеден одағының кедендік аумағында карантинді объектілер (карантинді зиянды организмдер) анықталған және таралған жағдайда Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесіне және Кеден одағының біріктірілген сыртқы және ішкі сауда ақпараттық жүйесіне олар туралы, сондай-ақ қабылданған карантиндік фитосанитариялық шаралар туралы ақпарат жолдайды;

      өз мемлекеттерінің аумағында карантинді объектілердің (карантинді зиянды организмдердің) анықталу және таралу жағдайлары туралы және уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар енгізгендері туралы бір-бірін уақтылы хабардар етеді;

      Тараптар мемлекеттеріне өз мемлекеттерінде қабылданған Карантинді объектілер тізбелері туралы уақтылы хабарлайды;

      бір-біріне өсімдіктер карантинін қамтамасыз ету саласында ғылыми, әдістемелік және техникалық көмек көрсетеді;

      өз мемлекеттерінің аумақтарында карантинді объектілердің анықталуына және олардың таралуына қатысты өткен жылғы статистикалық ақпаратпен жыл сайын алмасып отырады.

7-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары қажет болған жағдайда және өзара уағдаластық бойынша:

      ақпарат алмасуды жүзеге асырады;

      бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына өткізілетін карантинге жатқызылған өнімдерді өндіру (дайындау), сұрыптау, қайта өңдеу, жинақтау және буып-түю орындарын бірлесіп зерттеуді жүргізу мақсатында мамандар жібереді;

      Кеден одағының кедендік шекарасында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеде және Кеден одағының кедендік аумағында карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеде белгіленген жекелеген карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) түрлерін бірлесе отырып жүргізеді;

      карантиндік фитосанитариялық бақылау (қадағалау) саласындағы басқа да мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы баптың 1-тармағын іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген қаражат шегінде көтереді.

8-бап

      Тараптардың әрқайсысы:

      өз мемлекеттері аумағында карантиндік фитосанитариялық жағдай нашарлаған;

      тиісті халықаралық ұйымдардан, Тараптардан және (немесе) үшінші елдерден қолданылып жатқан карантиндік фитосанитариялық шаралар туралы ақпарат алған;

      егер карантиндік фитосанитариялық шаралар қолданудың тиісті ғылыми негіздемесі жеткіліксіз болып табылған немесе қажетті мерзімде ұсыныла алмайтын жағдайларда, уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар әзірлеуге және енгізуге құқылы.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

      Егер Тараптар дауды бір Тараптың екінші Тарапқа жолдаған консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші түскен күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда Тараптар арасында дауды шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде Тараптардың кез келгені осы дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтық Сотына береді.

10-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар бөлек хаттамалармен ресімделеді.

11-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.

      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола тұрып, әр Тарапқа расталған көшірмесін жолдайды.

Беларусь

Қазақстан

Ресей

Республикасының

Республикасының

Федерациясының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады