Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы № 306-IV Заңы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербургте жасалған Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттама ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Кеден одағында тауарлардың эксперты мен импорты кезінде жанама
салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,

      халықаралық сауданың жалпыға бірдей қабылданған нормалары мен ережелерін мойындай отырып,

      2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісімнің 4-бабын басшылыққа ала отырып,

      тауарлардың экспорты мен импортына, кеден одағына мүше мемлекеттердің бюджеттеріне жанама салықтардың уақтылы және толық түсуіне бақылауды күшейтуге өзара мүдделілікті негізге ала отырып,

      осы мақсатпен бір-біріне жәрдемдесуді қалай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Тауарлардың экспорты кезінде жанама салықтарды қолдану тәртібі

      1. Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына тауарларды экспорттау кезінде аумағынан тауарлар әкетілген кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі (төлеушісі) (бұдан әрі - салық төлеуші) осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды салық органына беру кезінде қосылған құн салығының (бұдан әрі - ҚҚС) нөлдік ставкасын және (немесе) акциздерді төлеуден босатуды қолданады.

      Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына тауарларды экспорттау кезінде салық төлеуші кеден одағынан тысқары жерлерге осы мемлекеттің аумағынан экспортталған тауарларға қатысты қолданылатын, кеден одағына мүше мемлекеттің осыған ұқсас заңнамасында көзделген тәртіппен салықтық шегерімдерге (есепке жатқызуларға) құқығы бар.

      Тауарларды өткізу орны кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалады.

      2. Аумағынан тауарлар әкетілген кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісінің ҚҚС-ның нөлдік ставкасын қолдануының және (немесе) акциздерді төлеуден босатудың негізділігін растау үшін салық органына салық декларациясымен бір мезгілде мынадай құжаттар (олардың көшірмелері) табыс етеді:

      1) өзгерістер, толықтырулар мен оларға қосымшалар ескеріле отырып, солардың негізінде тауарлар экспорты жүзеге асырылатын шарттар (келісімшарттар) (бұдан әрі - шарттар (келісімшарттар); тауарлар лизингі немесе тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) жағдайында - лизинг шарттары (келісімшарттары), тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) шарттары (келісімшарттары); тауарларды дайындауға арналған шарттар (келісімшарттар); алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттар (келісімшарттар);

      2) егер кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында өзгеше көзделмесе, экспортталған тауарларды өткізуден түскен түсімнің экспорттаушы салық төлеушінің шотына нақты түсуін растайтын банктің үзінді көшірмесі.

      Егер шартта (келісімшартта) қолма-қол ақша қаражатымен есеп айырысу көзделген жағдайда және мұндай есеп айырысу аумағынан тауарлар экспортталатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына қайшы келмесе салық төлеуші салық органына оның банктегі шотына алынған сомаларды салық төлеушінің енгізгенін растайтын банктің үзінді көшірмесін (көшірме-үзіндісінің көшірмесін), сондай-ақ егер аумағынан тауарлар экспортталатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында өзгеше көзделмесе, көрсетілген тауарларды сатып алушыдан түскен түсімнің нақты түсуін растайтын кассалық кіріс ордерлерінің көшірмелерін табыс етеді.

      Тауарлар оларға меншік құқығының лизинг алушыға өтуі көзделетін лизинг шарты (келісімшарты) бойынша әкетілген жағдайда, егер кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында өзгеше көзделмесе, салық төлеуші салық органына экспорттаушы салық төлеушінің шотына лизинг төлемінің (тауарлардың (лизинг мәндерінің) бастапқы құнын өтеу бөлігінде) нақты түсуін растайтын банктің үзінді көшірмесін (үзіндінің көшірменің көшірмесін) табыс етеді.

      Сыртқы сауда тауар алмасу (бартерлік) операциялар жүзеге асырылған, тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) берілген жағдайда экспорттаушы салық төлеуші салық органына көрсетілген операциялар бойынша алған (сатып алған) тауарлардың импортын (жұмыстардың орындалғанын, қызметтер көрсетілгенін) растайтын құжаттарды табыс етеді;

      3) аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің салық органының жанама салықтардың төленгені (олардан босатылғаны немесе салықтық міндеттемелерді орындаудың өзге тәртібі) туралы белгісі бар кеден одағына мүше мемлекеттердің салық органдары арасындағы электронды түрде Ақпарат алмасу туралы хаттамаға 1-қосымша нысанында жасалған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (бұдан әрі - Өтініш) (кеден одағына мүше мемлекеттердің салық органдарының қалауы бойынша түпнұсқада немесе көшірмеде);

      4) тауарлардың кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына өткізілгенін растайтын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген көлік (тауарларға ілеспе) құжаттар. Егер тауарларды алып өтудің жекелеген түрлері үшін кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында мұндай құжаттарды ресімдеу көзделмеген жағдайда аталған құжаттар табыс етілмейді;

      5) аумағынан тауарлар экспортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген ҚҚС-ның нөлдік ставкасын қолданудың және (немесе) акциздерді төлеуден босатудың негізділігін растайтын өзге де құжаттар.

      Егер салық декларациясымен бірге ҚҚС-ның нөлдік ставкасын қолданудың және (немесе) акциздерді төлеуден босатудың негізділігін растайтын құжаттарды табыс етпеу аумағынан тауарлар экспортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, өтінішті қоспағанда, осы тармақта көзделген құжаттар салық органына табыс етілмейді.

      Егер кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында өзгеше көзделмесе, егер осы тармақта көзделген құжаттар ҚҚС бойынша салық декларациясымен бірге берілген болса, олар акциздер бойынша тиісті салық декларациясымен бірге табыс етілмейді.

      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттар тауарларды тиеп-жөнелткен (берген) күннен бастап күнтізбелік 180 күн ішінде салық органына табыс етіледі.

      Бұл құжаттар белгіленген мерзімде табыс етілмеген жағдайда жанама салықтардың сомалары аумағынан тауарлар экспортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес ҚҚС тиісті сомаларын шегеру (есепке жатқызу) құқығы беріле отырып, тауарларды тиеп-жөнелту күніне тұспа-түс келетін салық (есепті) кезеңі үшін не кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген өзге салық (есепті) кезеңі үшін бюджетке төленуге жатады.

      Тауарларды өткізу кезінде ҚҚС есептеу мақсатында тиеп-жөнелту күні деп тауарларды сатып алушыға (бірінші тасымалдаушыға) ресімделген бастапқы бухгалтерлік (есептік) құжаттың жасалу уақыты бойынша бірінші күн не ҚҚС салық төлеуші үшін кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге міндетті құжаттың үзінді көшірмесінің күні танылады.

      Егер аумағында акцизделетін тауарлар өндірілген кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында өзгеше көзделмесе, өз шикізатынан өндірілген акцизделетін тауарлар бойынша акциздерді есептеу мақсатында тауарларды тиеп-жөнелту күні деп тауарларды сатып алушыға (алушыға) ресімделген бастапқы бухгалтерлік (есептік) құжаттың жасалу уақыты бойынша бірінші күн, алыс-беріс шикізатынан өндірілген акцизделетін тауарлар бойынша тиеп-жөнелту күні деп акцизделетін тауарларды қабылдау-беру актісіне қол қойылған күн танылады.

      Жанама салықтар төленбеген, толық төленбеген, осындай салықтар осы тармақта белгіленген мерзімдер бұзыла отырып төленген жағдайда салық органы аумағынан тауарлар экспортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде жанама салықтар мен өсімпұлдарды өндіріп алады, сондай-ақ жанама салықтарды, өсімпұлдарды төлеу бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін және осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген жауапқа тарту шараларын қолданады.

      Салық төлеуші осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды осы тармақта белгіленген мерзім өткеннен кейін табыс еткен жағдайда төленген жанама салық сомалары аумағынан тауарлар экспортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес шегеруге (есепке жатқызуға), қайтаруға жатады. Жанама салықтарды төлеу мерзімдерін бұзғаны үшін есептелген және төленген өсімпұлдар, айыппұлдар сомалары қайтарылмайды.

      4. Кеден одағына мүше мемлекеттерге әкетілетін акцизделетін тауарлардың көлемі, тиеп-жөнелту күні қолданыста болған акциз ставкалары, сондай-ақ акциз сомалары акциздер бойынша тиісті салық декларациясында көрсетілуі тиіс.

      5. Салық органы ҚҚС нөлдік ставкасын қолданудың және (немесе) акциздерді төлеуден босатудың, аталған салықтар бойынша салықтық шегерімдердің (есепке жатқызулардың) негізділігін тексереді, сондай-ақ аумағынан тауарлар экспортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тиісті шешім қабылдайды (шығарады).

      Салық органына Өтініш табыс етілмеген жағдайда салық органы кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына экспортталған тауарларды өткізу бойынша операцияларға қатысты кеден одағына мүше бір мемлекеттің салық органында кеден одағына мүше екінші мемлекеттің салық органынан алынған жанама салықтарды толық көлемде төлеу (жанама салықтарды төлеуден босату) фактісін электронды түрде растауы болған кезде ҚҚС нөлдік ставкасын қолданудың және (немесе) акциздерді төлеуден босатудың, аталған салықтар бойынша салықтық шегерімдердің негізділігін растау туралы шешім қабылдауға (шығаруға) құқылы.

      6. Егер салық төлеуші табыс еткен тауарларды өткізу және жанама салықтарды төлеу туралы мәліметтер кеден одағына мүше мемлекеттердің салық органдары арасында белгіленген ақпарат алмасу шеңберінде алынған деректерге сәйкес келмесе салық органы аумағынан тауарлар экспортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерде жанама салықтар мен өсімпұлдарды өндіріп алады, сондай-ақ жанама салықтарды, өсімпұлдарды төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін және осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген жауаптылық шараларын қолданады.

      7. Осы баптың ережелері ҚҚС бөлігінде аумағында оларды шығару бойынша жұмыстар орындалған кеден одағына мүше мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына әкетілетін, оларды шығару туралы шарттар (келісімшарттар) бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарларға қатысты да қолданылады. Көрсетілген тауарларға алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарлар жатпайды.

      8. Алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу туралы шарт (келісімшарт) бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарларға акциздерді салу үшін салық базасы оларға қатысты тіркелген (өзіндік ерекшелігі бар) акциз ставкалары белгіленген табиғи мәндегі алыс-беріс шикізатынан өндірілген акцизделетін тауарлардың көлемі, саны (өзге де көрсеткіштері) ретінде не оларға қатысты адвалорлық акциз ставкалары белгіленген алыс-беріс шикізатынан өндірілген акцизделетін тауарлардың құны ретінде айқындалады.

      9. Тауарларды (лизинг нысаналарын) кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына оларға меншік құқығының лизинг алушыға өтуін көздейтін лизинг шарты (келісімшарт) бойынша, тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) шарты (келісімшарты) бойынша, тауарларды шығару туралы шарт (келісімшарт) бойынша әкеткен кезде салық органына осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды табыс еткен жағдайда ҚҚС нөлдік ставкасы және (немесе) акциздерді төлеуден босату (егер мұндай операцияға кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес акциздер салынатын болса) қолданылады.

      Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына лизинг шарты (келісімшарты) бойынша тауарларды (лизинг нысаналарын) әкеткен кезде ҚҚС бойынша салық базасы әрбір лизингтік төлемді алған күні лизинг шартында (келісімшартында) көзделген тауарлардың (лизинг нысаналарының) бастапқы құнының бір бөлігі мөлшерінде, бірақ нақты алынған төлем сомасынан аспайтын мөлшерде айқындалады.

      Салықтық шегерімдер (есепке жатқызулар) кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен, алынған лизингтік төлем бойынша тауарлардың (лизинг нысаналарының) құнына келетін бөлігіне жүргізіледі.

      Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) шарты (келісімшарты) бойынша тауарларды әкеткен кезде ҚҚС бойынша салық базасы шартта (келісімшартта) көзделген берілген (ұсынылған) тауарлардың құны, шартта (келісімшартта) құны болмаған кезде - тауарларға ілеспе құжаттарда көрсетілген құн, шартта (келісімшартта) және тауарларға ілеспе құжаттарда құны болмаған кезде тауарлардың бухгалтерлік есепте көрсетілген құны болып табылады.

      10. Жанама салықтардың толық төленуін қамтамасыз ету үшін салық салу мақсатында кеден одағына мүше мемлекеттің бағаларды айқындау принциптерін реттейтін заңнамасы қолданылуы мүмкін.

2-бап Тауарлардың импорты кезінде жанама салықтарды алу тәртібі

      1. Егер осы Хаттамада өзгеше белгіленбесе, кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтар алуды аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің салық органы мынадай ерекшеліктерді ескере отырып, арнаулы салық режимдерін пайдаланатын салық төлеушілерді қоса алғанда, салық төлеуші тауар иелерін есепке қою орны бойынша жүзеге асырады.

      Осы Хаттаманың мақсаты үшін тауарларға меншік құқығы бар немесе тауарларға меншік құқығының өтуі шартпен (келісімшартпен) көзделетін тұлға тауарлардың меншік иесі болып танылады.

      1.1. Егер тауарлар кеден одағына мүше бір мемлекеттің салық төлеушісі мен кеден одағына мүше екінші бір мемлекеттің салық төлеушісі арасындағы шарт (келісімшарт) негізінде сатып алынса, жанама салықтар төлеуді аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі - тауарлардың меншік иесі, не, егер бұл кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе, комиссионер, сенім білдірілген адам немесе агент жүзеге асырады.

      1.2. Егер тауарлар кеден одағына мүше бір мемлекеттің және кеден одағына мүше екінші мемлекеттің салық төлеушілері арасындағы шарт негізінде сатып алынса және бұл ретте тауарлар кеден одағына мүше үшінші бір мемлекеттің аумағынан импортталса, жанама салықтарды аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі - тауарлардың меншік иесі төлейді.

      1.3. Егер тауарларды кеден одағына мүше бір мемлекеттің салық төлеушісі комиссия шарты (келісімшарты), тапсырма немесе агенттік шарт (келісімшарт) негізінде кеден одағына мүше екінші мемлекеттің салық төлеушісіне өткізсе және кеден одағына мүше үшінші мемлекеттің аумағынан импортталса, жанама салықтар төлеуді аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі - тауарлардың меншік иесі не, егер бұл кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, комиссионер, сенім білдірген адам, агент жүзеге асырады.

      1.4. Егер кеден одағына мүше бір мемлекеттің салық төлеушісі осы кеден одағына мүше мемлекеттің аумағына бұрын кеден одағына мүше екінші мемлекеттің салық төлеушісі импорттаған, ол бойынша жанама салықтар төленбеген тауарларды сатып алса, жанама салықтар төлеуді аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі - тауарлардың меншік иесі не, егер бұл кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, комиссионер, сенім білдірілген тұлға, агент (егер тауарлар комиссионер, сенім білдірілген тұлға, агент арқылы өткізілген жағдайда) жүзеге асырады.

      1.5. Егер тауарлар кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі мен кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттің салық төлеушісі арасындағы шарт (келісімшарт) негізінде сатып алынса және бұл ретте тауарлар кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағынан импортталса, жанама салықтарды аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі - тауарлардың меншік иесі не, егер бұл кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, комиссионер, сенім білдірілген адам, агент (егер тауарлар комиссионер, сенім білдірілген адам, агент арқылы өткізілген жағдайда) төлейді.

      2. ҚҚС төлеу мақсаттары үшін салық базасы сатып алынған тауарлардың (оның ішінде оларды шығару туралы шарт (келісімшарт) бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарлардың), сондай-ақ тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) шарты (келісімшарт) бойынша алынған тауарлардың, алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын тауарлардың және акцизделетін тауарлар бойынша төленуі тиіс акциздердің құны негізінде салық төлеушідегі импортталған тауарларды есепке алуға қабылдау күніне (бірақ аумағына тауарлар импортталатын кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей) айқындалады.

      Сатып алынған тауарлардың, оның ішінде оларды шығару туралы шарт (келісімшарт) бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарлардың құны шарт (келісімшарт) талаптарына сәйкес тауарлар (жұмыстар, қызметтер) үшін жеткізушіге төленуге тиіс мәміле бағасы болып табылады.

      Тауар айырбас (бартерлік) шарты (келісімшарты), сондай-ақ тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) шарты (келісімшарты) бойынша алынған тауарлардың құны шартта (келісімшартта) көзделген тауарлардың құны, шартта (келісімшартта) құны болмаған кезде - тауарларға ілеспе құжаттарда көрсетілген құн, шартта (келісімшартта) және тауарларға ілеспе құжаттарда құн болмаған кезде - тауарлардың бухгалтерлік есепте көрсетілген құны болып табылады.

      Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына қайта өңдеу өнімдері әкелінген кездегі салық базасы алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың құны ретінде айқындалады.

      3. Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына оларға меншік құқығының лизинг алушыға өтуін көздейтін лизинг шарты (келісімшарты) бойынша тауарларды (лизинг нысаналарын) әкелу кезінде салық базасы оны лизинг шартымен (келісімшартымен) төлеген күнге көзделген тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігі мөлшерінде (төлемнің нақты мөлшері мен жүзеге асырылған күнге қарамастан) айқындалады. Шетел валютасындағы лизингтік төлем кеден одағына мүше мемлекеттің орталық (ұлттық) банкінің салық базасын айқындаудың тиісті сәтіне (күніне) сәйкес келетін күндегі бағамы бойынша ұлттық валютаға қайта есептеледі.

      4. Оларға қатысты тіркелген (өзіндік ерекшелігі бар) акциз ставкалары белгіленген табиғи мәндегі импортталған акцизделетін тауарлардың көлемі, саны (өзге де көрсеткіштері) не оларға қатысты адвалорлық акциз ставкалары белгіленген импортталған акцизделетін тауарлардың құны акциз салу үшін салық базасы болып табылады.

      Акциздерді есептеу үшін салық базасы импортталған акцизделетін тауарларды салық төлеуші есебіне қабылдаған күні (бірақ аумағына акцизделетін тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей) айқындалады.

      5. Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына импортталған тауарлар бойынша төленуі тиіс жанама салықтардың сомасын салық төлеуші аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген салық ставкалары бойынша есептейді.

      6. Жанама салықтарды төлеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін салық салу мақсатында бағаларды айқындау принциптерін реттейтін кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасы қолданылуы мүмкін.

      7. Таңбаланатын акцизделетін тауарлар бойынша акциздерді қоспағанда, жанама салықтар:

      импортталған тауарларды есепке қабылдаған;

      лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімі айынан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей төленеді.

      Таңбаланатын акцизделетін тауарлар бойынша акциздерді төлеу кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.

      8. Салық төлеуші салық органына аумағына тауарлар импортталған, оның ішінде лизинг шарты (келісімшарты) бойынша импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген нысан бойынша импортталған тауарларды есепке қабылдаған айдан (лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімінен) кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей тиісті салық декларациясын табыс етуге міндетті. Салық төлеуші салық декларациясымен бірге салық органына мынадай құжаттарды табыс етеді:

      1) қағаз жеткізгіште (төрт данада) және электронды түрде Өтініш;

      2) импортталған тауарлар бойынша жанама салықтардың нақты төленгенін растайтын банктің үзінді көшірмесі немесе, егер бұл кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе жанама салықтарды төлеу бойынша салық міндеттемелерінің орындалуын растайтын өзге құжат. Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына тауарларды импорттаған кезде, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекеттің аумағына тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізген кезде салық төлеушіде қайтаруға (есепке жатқызуға) жататын артық төленген (өндіріліп алынған) салықтардың, алымдардың сомалары не жанама салықтардың сомалары болған жағдайда салық органы аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес оларды импортталған тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу есебіне есепке жатқызу туралы шешім қабылдайды (шығарады). Бұл жағдайда импортталған тауарлар бойынша жанама салықтардың нақты төленгенін растайтын банктің үзінді көшірмесі (оның көшірмесі) табыс етілмейді. Лизинг шарты (келісімшарты) бойынша осы тармақшада көрсетілген құжаттар лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімі болған кезде табыс етіледі;

      3) кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген, кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына тауарларды алып өтуді растайтын көлік (тауарларға ілеспе) құжаттары. Көрсетілген құжаттар, егер тауарларды алып өтудің жекелеген түрлері үшін кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында мұндай құжаттарды ресімдеу көзделмеген жағдайда табыс етілмейді;

      4) егер шот-фактураларды шығарып беру (жазып беру) кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайда тауарларды тиеп-жөнелту кезінде кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес ресімделген шот-фактуралар;

      5) олардың негізінде кеден одағына мүше мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына импортталған тауарлар сатып алынған шарттар (келісімшарттар); тауарлар лизингі (лизинг нысаналары) жағдайында - лизинг шарттары (келісімшарттары); тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) жағдайында - тауарлық кредит (тауарлық қарыз, зат түріндегі қарыз) шарттары (келісімшарттар); тауарларды дайындау туралы шарттар (келісімшарттар), алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттар (келісімшарттар);

      6) кеден одағына мүше бір мемлекеттің салық төлеушісіне кеден одағына мүше екінші мемлекеттің салық төлеушісі не кеден одағына мүше үшінші мемлекеттің аумағынан импортталған тауарларды өткізуші кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттің салық төлеушісі берген (басшысы (жеке кәсіпкер) кеден одағына мүше үшінші мемлекеттің салық төлеушісі туралы және импортталған тауарларды сатып алу туралы осы кеден одағына мүше үшінші мемлекеттің салық төлеушісімен жасасқан шарт (келісімшарт) туралы мынадай мәліметтер жөнінде ақпараттық хабарлама қол қойған және ұйымның мөрімен куәландырылған) (осы баптың 1.2, 1.3, 1.4 және 1.5-тармақтарында көзделген жағдайларда):

      тұлғаны кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіруші нөмір;

      кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісінің (ұйымның/жеке кәсіпкердің) толық атауы;

      кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісінің орналасқан (тұрғылықты) жері;

      шарт (келісімшарт) нөмірі мен күні;

      өзіндік ерекшеліктің нөмірі мен күні.

      Егер тауарлар сатып алынатын кеден одағына мүше мемлекеттің салық төлеушісі өткізетін тауарлардың меншік иесі болып табылмаған жағдайда (комиссионер, сенім білдірілген адам, агент болып табылса), онда осы тармақшаның 2 - 6-абзацтарында көрсетілген мәліметтер өткізілетін тауарлардың меншік иесіне қатысты да табыс етіледі.

      Ақпараттық хабарлама шет тілінде табыс етілген жағдайда орыс тіліндегі аудармасының болуы міндетті.

      Егер осы тармақшада көзделген мәліметтер осы тармақтың 5) тармақшасында көрсетілген шартта (келісімшартта) қамтылса ақпараттық хабарлама табыс етілмейді;

      7) комиссия шарттары (келісімшарттары), тапсырма немесе агенттік шарт (келісімшарт) (олар жасалған жағдайда);

      8) олардың негізінде комиссия шарттары (келісімшарттары), тапсырма немесе агенттік шарт (келісімшарт) бойынша кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына импортталған тауарлар сатып алынған шарттар (келісімшарттар) (жанама салықтарды комиссионер, сенім білдірілген адам немесе агент төлейтін жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1.2 және 1.3-тармақтарында көзделген жағдайларда).

      Осы тармақтың 2) - 8) тармақшаларында көрсетілген құжаттар кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен куәландырылған көшірмелерде берілуі мүмкін.

      Лизинг шарты (келісімшарты) бойынша ҚҚС бірінші рет төлеген кезде салық төлеуші салық органына осы тармақтың 1) - 8) тармақшаларында көзделген құжаттарды табыс етеді. Одан әрі салық төлеуші салық органына салық декларациясымен бірге осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген құжаттарды (олардың көшірмелерін) табыс етеді.

      9. Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтарды төлемеген, толық төлемеген, осындай салықтарды осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзіммен салыстырғанда неғұрлым кеш мерзімде төлеген жағдайларда, сондай-ақ салық декларацияларын табыс етпеу, оларды осы баптың 8-тармағында белгіленген мерзімді бұза отырып табыс ету фактілері анықталған жағдайда не салық декларацияларында көрсетілген деректердің кеден одағына мүше мемлекеттердің салық органдары арасындағы ақпарат алмасу шеңберінде алынған деректермен сәйкес келмеуі жағдайларында салық органы аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде жанама салықтар мен өсімпұлдарды өндіріп алады, сондай-ақ жанама салықтарды, өсімпұлдарды төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін және осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген жауапқа тарту шараларын қолданады.

      Тауарларды есепке қабылдау айында әкелінген тауарлардың шартқа (келісімшартқа) қатысушылар растаған тиісті сапада болмауы және (немесе) жиынтықталмауы себебінен қайтарылған жағдайда бұл тауарлар салық декларациясында көрсетілмейді. Мұндай әкелінген тауарларды олар есепке қабылданған ай өткеннен соң қайтарған кезде тиісті нақтыланған (қосымша) салық декларациялары табыс етіледі.

      10. Кеден одағына мүше мемлекеттің кедендік аумағына импорты оның заңнамасына сәйкес жанама салықтарды төлемей жүзеге асырылған тауарлар босату немесе өзге төлеу тәртібі берілген мақсаттарында емес, өзге мақсаттарда пайдаланылған жағдайда мұндай тауарлардың импортына осы бапта белгіленген тәртіппен жанама салықтар салынуы тиіс.

      11. Кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына импортталған тауарлар бойынша төленген (есепке жатқызылған) жанама салықтардың сомалары аумағына тауарлар импортталған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен шегерулерге (есепке жатқызуларға) тиіс.

      12. Акциздік таңбалармен (есепке алу-бақылау таңбаларымен, белгілермен) таңбалануға жататын тауарлар бойынша акциздерді алуды, егер бұл кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе, кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органдары жүзеге асырады.

3-бап Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      Тараптардың құзыретті органдары жылына кемінде бір рет осы Хаттамаға өзгерістер және толықтырулар енгізудің орындылығы туралы мәселені қарайды.

4-бап Дауларды шешу

      Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың консультациялары немесе келіссөздері арқылы шешіледі. Осындай консультациялар немесе келіссөздер басталған күннен бастап алты ай ішінде келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.

5-бап Күшіне енуі

      Осы Хаттама Тараптардың осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

6-бап Қолданылу күні

      Осы Хаттама 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісім күшіне енген күннен бастап қолдануға жатады.

7-бап Қорытынды ережелер

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Беларусь

Қазақстан

Ресей

Республикасының

Республикасының

Федерациясының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


      Осымен 2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Кеден одағында жанама салықтарды төлету және тауарлардың импорты пен экспорты кезінде олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманың куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

Қазақстан Республикасы


Сыртқы істер министрлігі


Халықаралық құқық департаментінің


кеңесшісі

М. Халимов


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады