2009 жылғы 16 маусымда Екатеринбургте жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясы ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы
конвенциясы
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер,
халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, мемлекеттердің аумақтық тұтастығына, мемлекеттер арасындағы достастық қатынастардың дамуына, сондай-ақ адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға қауіп туғызатын терроризмнің ушығуына терең алаңдаушылық білдіре отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясының мақсаттары мен принциптерін басшылыққа ала отырып,
2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясының, 2005 жылғы 5 шілдедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастығы конвенциясының ережелерін дамыта отырып,
осы Конвенция қамтитын қылмыстар ешбір жағдайда ақталмайтынын, ал осындай іс-әрекетті жасаған кінәлі және (немесе) оларды жасауға қатысы бар жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілікке тартылуы тиіс екендігін мойындай отырып,
терроризмнің мазмұнындағы, террористік актілердің көлемдері мен сипатында болған өзгерістерді және ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығын ескере отырып,
терроризмге қарсы айтарлықтай күш-жігер жұмсау қажеттілігін түсіне отырып және терроризмнің алдын алу жөніндегі және оған қарсы күрестегі барлық шаралар құқықтың үстемділігін және демократиялық құндылықтарды, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын сақтаған кезде қолданылуы тиіс екендігін тағы да растай отырып,
тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана терроризмнің алдын алуға және оған қарсы күреске тиімді қол жеткізуге болатындығын сезіне отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Конвенция терроризмге қарсы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мақсатында жасалады.
2-бап
1. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін онда қолданылатын терминдер мен ұғымдар мыналарды білдіреді:
1) «Тарап» - осы Конвенцияға қатысушы мемлекет;
2) «терроризм» - зорлық-зомбылық идеологиясы және халықтың үрейін туғызуға байланысты және жеке тұлғаға, қоғам мен мемлекетке зиян келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттер жасау не жасау жөнінде қорқыту арқылы билік органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету практикасы;
3) «террористік акт» - билік органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету арқылы саяси, діни, идеологиялық және өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін халықтың үрейін туғызуға байланысты және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, қомақты мүліктік зиян келтіруге не экологиялық апат немесе өзге де ауыр зардап туғызуға бағытталған әрекет, сондай-ақ көрсетілген іс-қимылды жасау жөнінде қорқыту;
4) «террористік ұйым»:
а) осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасау үшін құрылған және (немесе) қылмыс жасайтын қылмыстық топ, қаруланған заңсыз құралым, банда, қылмыстық қоғамдастық;
б) атынан, нұсқауы бойынша немесе мүддесі үшін осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірін жоспарлау, ұйымдастыру, дайындау және жасау жүзеге асырылатын заңды тұлға;
5) «заңды тұлға» - Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған және қызметін жүзеге асыратын ұйым.
2. Осы бапта қолданылатын терминдер мен ұғымдарды неғұрлым кеңінен қолдану туралы ережелерді қамтитын немесе қамтуы мүмкін қандай да бір халықаралық шартқа немесе Тараптардың кез келгенінің ұлттық заңнамасына осы бап нұқсан келтірмейді.
3-бап
Осы Конвенция қамтитын қылмыстарды анықтау, алдын алу және тергеу біреуден көп Тараптың заңды құзырына әсер еткен жағдайда осы Конвенция қолданылады.
4-бап
Осы Конвенцияға сәйкес Тараптар өздерінің құқықтарын және міндеттерін егемендік теңдік, мемлекеттің аумақтық тұтастығы және басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптеріне сәйкес жүзеге асырады.
5-бап
1. Егер:
1) қылмыс осы Тараптың аумағында жасалса;
2) қылмыс осы Тараптың туы бар кеме бортында немесе осы Тараптың заңдарына сәйкес тіркелген әуе кемесінің бортында жасалса;
3) қылмысты осы Тараптың азаматы жасаса, Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысты өзінің заңды құзырын белгілеу үшін қажетті шаралар қабылдайды.
2. Сонымен қатар, егер:
1) қылмыс осы Тараптың аумағында немесе оның азаматына қатысты террористік акт жасауға бағытталса немесе жасауға әкеп соқтырса;
2) дипломатиялық өкілдіктердің үй-жайлары мен консулдық мекемелерді қоса алғанда, қылмыс осы Тараптың шетелдегі объектісіне қатысты террористік акт жасауға бағытталса немесе жасауға әкеп соқтырса;
3) қылмыс осы Тарапты қандай да бір іс-қимылды жасауға немесе жасамауға мәжбүрлеу мақсатында террористік акт жасауға бағытталса немесе әкеп соқтырса;
4) қылмысты осы Тараптың аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адам жасаса;
5) қылмыс осы Тарап пайдаланатын кеме бортында жасалса, әрбір Тарап осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысты өзінің заңды құзырын белгілей алады.
3. Егер болжамды қылмыскер оның аумағында болса және ол оны осы және өзге Тарапқа бермесе, әрбір Тарап осы Конвенция қамтитын қылмысқа қатысты өзінің заңды құзырын белгілеу үшін талап етілуі мүмкін шараларды қабылдайды.
4. Осы Конвенция Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес кез келген қылмыстық заңды құзырын жүзеге асыруды жоққа шығармайды.
5. Егер біреуден көп Тарап осы Конвенция қамтитын қылмысқа қатысты заңды құзырына үміткер болса, тиісті Тараптар қажет болған жағдайда консультациялар өткізеді.
6-бап
1. Осы Конвенцияда көзделген ынтымақтастықты Тараптардың әрқайсысы айқындайтын құзыретті органдар жүзеге асырады.
2. Осы Конвенцияны ратификациялау туралы құжатты немесе оған қосылу туралы хабарламаны тапсырған кезде Тарап өзінің осы Конвенцияны орындау үшін жауапты құзыретті органдарының тізбесін депозитарийге ұсынады, депозитарий оны басқа Тараптарға жібереді. Тараптар өздерінің құзыретті органдарының тізбесіндегі барлық өзгерістер туралы депозитарийге дереу хабарлайды, ол туралы депозитарий басқа Тараптарға хабарлайды.
3. Тараптардың құзыретті органдары осы Конвенцияда көзделген мәселелер бойынша өздерінің өкілеттіктері шегінде бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды. Тараптардың аумақтық және өзге де құзыретті органдары осы Конвенцияны орындау мақсатында Тараптардың құзыретті органдары айқындайтын тәртіппен тікелей байланыс орната алады.
4. Тараптардың құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимыл екі жақты және көп жақты форматтарда жәрдем көрсету туралы сұрау салу негізінде, сондай-ақ Тараптардың бірінің құзыретті органының бастамасы бойынша хабардар ету жолымен жүзеге асырылады.
5. Өзара іс-қимыл процесінде дипломатиялық арналар, Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының немесе Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің арналары пайдаланылуы мүмкін.
7-бап
1. Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасауға әкеп соқтыруы мүмкін шиеліністі жағдайлардың алдын алу мақсатында ұлттық заңнаманы сақтау шартымен қажет болған жерде дінаралық және мәдениетаралық диалогты, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның басқа да институттарын көтермелейді.
2. Әрбір Тарап өзінің құқықтық жүйесінің негіз қалаушы принциптеріне сәйкес ұлттық деңгейде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады, олар мыналарды:
1) терроризмге қарсы іс-қимылды реттейтін құқықтық құжаттарды және практикалық шараларды олардың тиімділігі тұрғысынан мерзімдік бағалауды;
2) террористік актілердің жолын кесу жөніндегі оқу-жаттығуларды өткізуді қоса алғанда, терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды әзірлеу мен жүзеге асыруда тиісті халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды;
3) Тараптардың тиісті органдарының терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын органды немесе органдарды құруды;
4) терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын құқық қорғау және өзге де органдар қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыруды, сондай-ақ осы органдар мен олардың қызметкерлерінің қызметін тиісінше қаржылық, материалдық және өзгеше қамтамасыз етуді;
5) осы Конвенция қамтитын қылмыстардың алдын алу мен жолын кесуде және осындай қылмыстарды дайындап жатқан немесе жасаған адамдарды анықтауда мемлекеттік органдарға жәрдем көрсететін адамдарға тиісінше сыйақы төлеуді;
6) енгізілуіне террористік актілердің алдын алу мақсатында рұқсат етілген шектеулерді заңнамалық айқындауды;
7) құқық қорғау органдарының тиісті заңды тұлғалармен ынтымақтастығының тиімділігін арттыруды қамтитын жеке адамдар мен объектілерді қорғауды жақсартуды, жеке адамдар мен объектілердің қорғалуын арттыруға арналған стандарттарды енгізуді;
8) жәбірленушілерді, куәгерлерді және қылмыстық сот ісіне өзге де қатысушыларды, сондай-ақ қажет болған жағдайда терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзге де адамдарды қорғауды;
9) осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасауға қатысы бар жеке және заңды тұлғаларды сәйкестендіру өлшемдерін құруды және енгізуді;
10) заңды тұлғаларды осы Конвенция қамтитын, өз объектілерінде дайындалып жатқан немесе жасалатын қылмыстардың алдын алу мен анықтауда мемлекетке көмек көрсету жөніндегі жеткілікті мүмкіндіктермен қамтамасыз етуді;
11) үкіметтік емес ұйымдардың, жекелеген топтар мен тұлғалардың терроризмге қарсы іс-қимылға және қоғамда терроризмге төзбеушілікті қалыптастыруға қатысуына жәрдем көрсетуді;
12) терроризмнің қауіптілігі мен оның келеңсіз салдары, сондай-ақ осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасағаны үшін жауапкершілік туралы жұртшылықты хабардар етуді;
13) халықтың мемлекеттік органдарға осы Конвенция қамтитын қылмыстар ретінде қарастырылуы мүмкін кез келген әрекеттер туралы, оның ішінде анонимді түрде хабарлау мүмкіндігін қамтамасыз етуді қамтуы мүмкін.
3. Тараптар осы Конвенцияда көзделгеннен гөрі неғұрлым қатаң шараларды қабылдай алады.
8-бап
Тараптар өздерінің құқықтық жүйелерінің негіз қалаушы принциптерін ескере отырып, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі қажетті заңнамалық және өзге де шараларды қабылдайды, олар, атап айтқанда:
1) клиенттер, қаржылық операциялар туралы деректерді тіркеуді және осы мәліметтерді сақтауды;
2) Тарап уәкілеттік берген органдарға күмәнді және экономикалық мақсатқа сай емес операциялар мен мәмілелер туралы мәліметтер ұсынуды;
3) құқық қорғау немесе Тарап айқындаған өзге де органдардың нұсқамасы бойынша заңсыз, күмәнді немесе экономикалық мақсатқа сай емес сипаттағы қаржы операцияларын тоқтата тұруды;
4) соттың, прокуратура органдарының, алдын ала тергеу және Тарап уәкілеттік берген өзге де органдардың сұрау салуы бойынша мәліметтер мен құжаттарды ұсынуды қамтиды.
9-бап
1. Тараптар мынадай қасақана әрекеттерді:
1) террористік актіні;
2) барлық Тараптар қатысушылары болып табылатын терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық шарттардың бірінде қылмыс ретінде танылатын қандай да бір әрекетті;
3) осы тармақтың 1, 2 және 4-10-тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың ең болмағанда бірін жоспарлау, ұйымдастыру, дайындау және жасау мақсатында заңды тұлға құруды және пайдалануды немесе дәл осындай мақсаттар үшін қылмыстық топ, қаруланған заңсыз құрылым, банда, қылмыстық қоғамдастық құруды;
4) терроризмге ашық түрде шақыруды немесе терроризмді ашық түрде ақтауды, яғни осы тармақтың 1-3 және 5-10-тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың ең болмағанда бірін жасауға итермелеу мақсатында жұртшылыққа қандай да бір үндеу таратуды не терроризмді қолдауды және еліктеуді қажет етеді деп тану туралы ашық жария мәлімдемелерді;
5) осы тармақтың 1-4 және 6-10-тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың ең болмағанда бірін дайындауға не жасауға қатысу үшін адамдарды азғыруды немесе тартудың өзге де тәсілдерін;
6) осы тармақтың 1-5 және 7-10-тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың ең болмағанда бірін жасау немесе жасауға жәрдемдесу үшін адамдарды даярлауды;
7) террористік ұйымдарға қатысуды;
8) терроризмді қаржыландыруды, яғни осы тармақтың 1-7, 9 және 10-тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың бірін ұйымдастыру, дайындау және жасау жөніндегі қызметті әдейі қаржыландыруға арналған қаражатты немесе қаржылық қызметтерді жинауды не ұсынуды, террористік ұйымның қызметін қамтамасыз етуді;
9) осы тармақтың 1-8 және 10-тармақшаларында көрсетілген қылмыстарды жасау үшін адамдарды қарумен, жарылғыш заттармен және басқа да құралдармен қамтамасыз етуді;
10) осы тармақтың 1-9-тармақшаларында көрсетілген қылмыстардың қандай да бірін жасауға күдікті немесе айыпталушы адамдарға паналайтын жер, қаржылай көмек беруді, қашуға жәрдемдесуді, сондай-ақ оларға қатысты жалған айғақ беруді қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде тану үшін қажетті заңнамалық шараларды қабылдайды.
2. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы баптың 1-тармағында көрсетілген қылмыстардың қандай да бірін жасаған деп күдіктенген немесе айыпталушы адамдарға тиесілі мүлікті қасақана жасыруды, тасымалдауды, сатып алуды немесе сатқан кезде делдал болуды да қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде тануы мүмкін.
3. Осы баптың 1-тармағының 3-10-тармақшаларында көрсетілген әрекеттер террористік актіні іс жүзінде жасағанына немесе азғырылған және (немесе) оқып жатқан адамның өз әрекеттерінің террористік сипатын түсінгеніне қарамастан қылмыс болып табылады.
4. Тараптар сонымен қатар осы баптың 1-тармағында көзделген қандай да бір қылмысты жасауға бірлесіп қатысуды, дайындалуды және әрекет етуді қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде айқындау үшін қажетті заңнамалық шараларды қабылдауға міндетті.
10-бап
1. Тараптар өз аумағында заңды тұлғалардың осы Конвенция қамтитын қылмыстардың ең болмағанда бірі болып табылатын әрекеттерге қатыстылығына жол бермеу үшін өздерінің құқықтық принциптерін ескере отырып, қажетті заңнамалық және өзге де шараларды қабылдайды.
2. Әрбір Тарап заңды тұлғалардың осы Конвенция қамтитын қылмыстардың ең болмағанда біріне қатысты болғаны үшін олардың жауапкершілігін белгілеу үшін талап етілуі мүмкін шараларды қабылдайды.
3. Тараптардың құқықтық принциптері сақталған жағдайда заңды тұлғалардың жауапкершілігі қылмыстық, азаматтық-құқықтық немесе әкімшілік жауапкершілік болуы мүмкін.
4. Заңды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеу оның қызметіне қатысатын, осы Конвенция қамтитын қылмысты жасаған жеке тұлғаның қылмыстық жауапкершілігін жоққа шығармайды.
5. Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысы болғаны үшін жауапкершілікке тартылатын заңды тұлғаларға қатысты мынадай шаралардың, атап айтқанда:
1) ескерту;
2) айыппұл;
3) заңды тұлғаның мүлкін тәркілеу;
4) заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру;
5) заңды тұлға қызметінің жекелеген түрлеріне тыйым салу;
6) заңды тұлғаны тарату сияқты шаралардың қолданылуын қамтамасыз етеді.
6. Заңды тұлға осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірін құрайтын әрекеттерді жоспарлауды, ұйымдастыруды, дайындау мен жасауды жүзеге асырған кезде Тараптар заңды тұлғаны террористік ұйым деп тануға және оны соттың немесе Тараптың ұлттық заңнамасымен уәкілеттік берілген өзге органның шешімі бойынша таратуға мүмкіндік беретін заңнамалық шараларды қабылдайды. Егер осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жоспарлауды, ұйымдастыруды, дайындау мен жасауды өз құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаның іске асыруын бақылайтын адам жүзеге асырған жағдайда дәл осындай шаралар қабылдануы мүмкін.
7. Осы баптың ережелері Тараптың аумағында әрекет ететін шетелдік заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің (өкілдіктерінің, филиалдарының) осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысы болған жағдайларда қолданылады.
11-бап
1. Тараптар осы Конвенция қамтитын әрекеттерді сотталғандарды ұстап беруге және құқықтық көмек көрсетуге, сондай-ақ беруге әкеп соқтыратын әрекеттер ретінде қарастырады.
2. Кез келген Тараптар арасында қолданылатын ұстап беру туралы кез келген шартта осы Конвенция қамтитын қылмыстар ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыстар ретінде қарастырылады. Тараптар кейіннен жасалатын барлық ұстап беру туралы шарттарда осындай қылмыстарды ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыс ретінде тануға міндеттенеді.
3. Егер ұстап беруді шарттың болуымен негіздейтін Тарап ұстап беру туралы шарт жасаспаған басқа Тараптан ұстап беру туралы сұрау алса, сұрау салынатын Тарап осы Конвенция қамтитын қылмыстарға байланысты ұстап беру үшін құқықтық негіз ретінде осы Конвенцияны қарастырады. Ұстап беру сұрау салынған Тараптың заңнамасында көзделген басқа да шарттар сақтала отырып жүзеге асырылады.
4. Ұстап беруді шарттың болуымен негіздемейтін Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарды өз арасындағы қатынастарда сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген шарттарды сақтай отырып, ұстап беруге әкеп соқтыратын қылмыс ретінде қарастырады.
5. Ұстап беру және құқықтық көмек мәселелеріне қатысты тиісті әрекетті қылмыс деп екі жақты тану принципін сақтау талап етілген жағдайда, егер құқықтық көмек немесе ұстап беру сұралып отырған әрекет Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланады деп танылса, сұрау салынатын Тараптың заңнамасында тиісті әрекет қылмыстардың дәл сол санатына қосылған-қосылмағанына немесе сұрау салушы Тарап сияқты ол терминдерді сипаттайтын-сипаттамайтынына қарамастан, осы принцип сақталған болып табылады.
6. Осы Конвенция қамтитын қылмыстар ұстап беру мақсаты үшін осы Конвенцияның 5-бабына сәйкес белгіленген осы Тараптың заңды құзыры шегінде осы қылмыстарды нақты жасау орнына қарамастан, тиісті Тараптың аумағында жасалған болып қарастырылады.
7. Осы Конвенция қамтитын қылмыстарды және оларды жасауға қатысы бар заңды тұлғалардың жауапкершілік негіздемелерін айқындау Тараптардың ұлттық заңнамасының саласына кіреді.
8. Үкім шығарған Тараптың немесе осы Конвенция қамтитын қылмыстардың ең болмағанда бірі үшін сотталған адам азаматы болып табылатын Тараптың сұрау салуы бойынша бұл адам өзінің келісімімен қолданыстағы шарттар немесе өзара уағдаластық негізінде өзі азаматы болып табылатын Тарапқа жазасын өтеу үшін берілуі мүмкін.
9. Егер осы Конвенция қамтитын қылмыстардың ең болмағанда бірін жасаған адам аумағында жүрген сұрау салынатын Тарап мұндай адам өзінің азаматы болып табылады деген негіздемемен оны ұстап бермесе, онда бұл Тарап өзінде бар материалдар, оның ішінде сұрау салушы Тарап берген қылмыстық іс материалдары негізінде өз заңнамасына сәйкес осы адамды қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға міндетті.
12-бап
1. Терроризмнің алдын алу және онымен күресу мақсатында Тараптардың құзыретті органдары сұрау салу бойынша немесе өзінің бастамасы бойынша бір-біріне осы Конвенция қамтитын мәселелер туралы ақпарат (құжаттар, материалдар, өзге де деректер) береді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпарат сұрау салушы Тараптың құзыретті органының сұрау салуы бойынша оны сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының алдын ала жазбаша келісімінсіз ешкімге бермейтін жағдайда ұсынылады.
3. Егер бұл сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары ескерткен болса, Тараптардың құзыретті органдары сұрау салу фактісін және оның мазмұнын жарияламайды және оны тек сұрау салуды орындау мақсатында пайдаланады, сондай-ақ сұрау салынған Тарап берген мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді және оларды тергеуді, сот талқылауын жүзеге асыру үшін немесе сұрау салуда көзделген рәсімдерді орындау үшін қажетті шамада ғана пайдаланады.
13-бап
1. Сұрау салуды орындау осы Конвенция және сұрау салынған Тараптың заңнамасы негізінде жүзеге асырылады.
2. Егер сұрау салынатын Тараптың заңнамасында өзгеше белгіленбесе, сұрау салушы Тараптың құзыретті органының сұрау салу бойынша оны орындау кезінде осы Тараптың заңнамасы қолданылуы мүмкін. Сұрау салушы Тараптың заңнамасын қолдану сұрау салынатын Тараптың егемендігіне және ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуге тиіс.
14-бап
1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады және ол:
1) сұрау салушы және сұрау салынатын Тараптардың құзыретті органдарының атауын;
2) сұраудың нысанасы мен негіздемесін;
3) іске қатысты жедел іздестіру іс-шаралары, тергеу немесе сот талқылауы жүргізіліп жатқан фактілерді қоса алғанда (қылмыстың күні, орны және мән-жайы) істің мәнін;
4) тиісті нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін немесе бұл мүмкін болмаса, олардың ережелерінің мазмұндамасын, сондай-ақ сұралып отырған шара немесе осыған ұқсас нәтижелерге алып келетін кез келген басқа шара сұрау салушы Тараптың аумағында оның заңнамасына сәйкес қолданылуы мүмкін екендігі туралы мәлімдемені;
5) егер қажет болса, оның рұқсатын шектеу дәрежесі туралы нұсқауды қамтуға тиіс.
2. Заңды тұлғаларға қатысты жауапкершілік шараларын қолдану туралы салынған сұрауда осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа:
1) заңды тұлғаның атауын, оның орналасқан жері туралы ақпаратты, заңды мекен-жайын, басшылары туралы деректер;
2) жауапкершілік шаралары;
3) сұрау салушы Тараптың сұрауы бойынша мүмкіндігінше жасалуы тиіс нақты рәсім туралы деректер;
4) тыйым салуға немесе тәркілеуге ұшырауы мүмкін мүлік туралы ақпарат (тиісті қылмысқа байланысты оның орналасқан жері, сондай-ақ осы мүлікке басқа тұлғалардың құқықтар туралы кез келген қолда бар мәліметтер);
5) сот немесе сұрау салушы Тараптың өзге де құзыретті органы шешімінің куәландырылған көшірмесін және осы шешім үшін негіздеменің мазмұндамасы;
6) сұрау салушы Тарап негізге алатын және өз заңнамасы негізінде орындау үшін сұрау салынатын Тарап шешім қабылдау туралы мәселе қоюы үшін жеткілікті фактілер қамтылуға тиіс.
3. Егер тұлғалардан күдіктілер немесе айыптылар ретінде жауап алуды жүргізу туралы сұрау салынған жағдайда, оған қылмыстық істің қажетті материалдарының куәландырылған көшірмелері қосымша берілуге тиіс.
4. Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше келісілмесе, сұрау салынған Тарап сұрау салушы Тарапты сұрау салу түскен күнінен бастап 30 күннен кешіктірмей:
1) сұрау салу бойынша қабылданған іс-қимыл және олардың нәтижесі туралы;
2) сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оның орындалуын айтарлықтай кідіртетін кез келген мән-жайлар туралы хабардар етеді.
5. Сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапқа кідіріссіз:
1) шешімді қайта қарау немесе оларға байланысты заңды тұлғаға қатысты шараларын қолдану туралы шешім толықтай немесе ішінара күшін жоғалтатын басқа да мән-жайлар туралы;
2) осы Конвенцияға сәйкес қолданысы ақталмайтын өзгерістер туралы хабарлайды.
6. Бірнеше Тараптар алдында заңды тұлғаға қатысты дәл сол шешім негізінде жауапкершілік шараларын қолдану туралы өтініш беруші Тарап бұл туралы осы шешімді орындауға мүдделі барлық Тараптарды хабардар етеді.
15-бап
1. Тараптардың құзыретті органдары:
1) қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру туралы;
2) жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу туралы;
3) жекелеген іс қимылдарын жүргізу туралы, атап айтқанда:
а) сараптамалар;
б) күдіктілерден, айыпталушылардан, куәгерлерден, жәбірленушілерден және басқа да адамдардан жауап алу;
в) тінтулер, алулар;
г) заттай айғақтарды беру;
д) мүлікке тыйым салу;
е) құжаттарды тапсыру және жөнелту;
ж) өздерінің құзыретіне жататын басқа да іс-қимылдар жүргізу туралы;
4) айғақтарды қамтамасыз ету туралы;
5) заңды тұлғаларға қатысты жауапкершілік шараларын қолдану туралы;
6) осы Конвенция қамтитын қылмыстардың ең болмағанда біреуін жасаған күдікті жеке тұлғалардың орналасқан жерін белгілеу туралы;
7) тәркіленуге жататын мүліктің орналасқан жерін белгілеу туралы;
8) осы Конвенцияның қолданылу саласына кіретін басқа да мән-жайлар мен мәселелер бойынша сұрау салуларды орындайды.
16-бап
1. Сұрау салуға сұрау салушы Тараптың құзыретті органының басшысы немесе оларды алмастыратын адамдар қол қояды және (немесе) елтаңбалы мөрмен бекітіледі.
2. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу ауызша берілуі мүмкін, бірақ 72 сағаттан кешіктірілмей сұрау салу және оған қоса берілетін құжаттар жазбаша, қажет болған кезде мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалана отырып, расталуға тиіс.
3. Сұрау салудың немесе оның мазмұнының түпнұсқалығына күмән туындаған жағдайда оларды қосымша растауға немесе түсіндіруге сұрау салынуы мүмкін.
4. Осы Конвенцияға сәйкес келіп түскен және бірдей мән-жайларды қозғайтын сұрау салулар көп болған жағдайда сұрау салынатын Тарап сұрау салулардың қайсысы бірінші кезекте орындауға жататынын дербес айқындайды.
5. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының құзыретіне кірмесе, онда ол кідіртпей сұрау салуды өз мемлекетінің оны орындауға құзыретті басқа органына береді және бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органын дереу хабардар етеді.
6. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органы өз пікірі бойынша сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұрата алады.
17-бап
1. Егер бұл шаралар жедел іздестіру іс-шараларын өткізуге, тергеуге немесе сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары жүзеге асыратын сот талқылауына зиян келтіруі мүмкін болса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салу бойынша шаралар қабылдауды кейінге қалдыруы мүмкін.
2. Егер бұл сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін болса немесе заңнамасына қайшы келсе, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындаудан бас тартуы мүмкін.
3. Сұрау салуды орындаудан бас тартпастан немесе оны кейінге қалдырудан бұрын сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы қажет болған жағдайда сұрау салушы Тараптың сұрау салуды жолдаған құзыретті органымен консультация өткізеді.
4. Сұрау салуды орындауды кейінге қалдырған немесе одан бас тартқан жағдайда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы кідіртпей бұл туралы мұндай шешімнің себептерін міндетті түрде көрсетіп, сұрау салудың бастамашысына хабарлайды.
18-бап
1. Осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасаған күдікті немесе айыпталушы адамдарды қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын және бұл адамдар екінші Тараптың аумағында жүр деп белгілеген Тарап осы Тараптың құзыретті органдарының рұқсатын алғаннан кейін өз қызметкерлерін тиісті жедел-іздестіру іс-шараларына және тергеу амалдарына қатысу үшін сұрау салынатын Тараптың аумағына жібереді.
2. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының жіберілген қызметкерлері сұрау салынатын Тараптың аумағында сұрау салынатын Тараптың заңнамасына және Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу амалдарына қатыса алады.
3. Сұрау салынатын Тарап осы Конвенцияның 14-18-баптарына сәйкес ресімделген сұрау салу негізінде сұрау салушы Тарап қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларына және тергеу амалдарына қатысуы үшін рұқсат беру тәртібін айқындайды.
4. Құзыретті органдардың қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларына және тергеу амалдарына қатысу үшін жіберілген жағдайда жіберу туралы сұрау салуда қосымша мынадай мәліметтер:
1) жіберілген қызметкерлер туралы деректер;
2) іс-сапарға жіберу мақсаты, жедел-іздестіру іс-шараларының және тергеу амалдарының тізбесі, оларды орындау тәртібі мен мерзімдері;
3) көлікті пайдаланған жағдайда, көлік құралының түрін, олардың санын және тіркеу нөмірлерін қоса алғанда, ол туралы мәліметтер;
4) басқа да қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.
5) Сұрау салу бойынша шешімді сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салу түскен күннен бастап 5 күннен кешіктірмей қабылдайды, бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына дереу хабарланады. Мұндай шешім сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы айқындаған шарттарда ескерілуі мүмкін.
6. Егер рұқсат алуға сұрау салу осы баптың 4-тармағында көрсетілген талаптар ескерілмей жасалса немесе ақпарат толық көлемде берілмесе, онда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы қосымша деректерді сұратуға құқылы.
7. Белгіленген тәртіппен сұрау салынатын Тараптың аумағына келген сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының қызметкерлері өз функцияларын келген Тараптың заңнамасына және олардың келуін және тапсырманы орындауын регламенттейтін шарттарға сәйкес орындайды.
8. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарының қызметкерлері өткізетін сұрау салынған Тараптың аумағындағы жедел-іздестіру іс-шараларына және тергеу амалдарына қатысушы сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының қызметкерлері:
1) аумағында өздері болатын Тараптың заңнамасын сақтауға, сондай-ақ келген Тарап органдарының заңды талаптарына бағынуға;
2) сұрау салынатын Тарапқа өздері алған ақпаратты ұсынуға міндетті.
9. Жедел-іздестіру іс-шараларына және тергеу амалдарына қатысу, олар аумағында жүзеге асырылатын Тараптың құзыретті органы бұл туралы талап қойған кезде тоқтатылады.
10. Осы бапта көзделген ережелер бойынша Тараптар өз араларында жеке келісімдер жасаса алады.
19-бап
Сұрау салуды орындау нәтижесінде өз заңнамасына сәйкес сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары алған айғақтардың сұрау салушы Тарапта да сондай айғақтық мәні болады.
20-бап
1. Осы Конвенция қамтитын қылмыстарды жасауға қатысы бар жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкін тәркілеу туралы шешімді орындау кезінде сұрау салынатын Тарап үшінші тұлғалардың құқықтарына қатысты сұрау салушы Тарап шығарған сот шешімін таниды.
2. Мұндай танудан мынадай жағдайлардың бірінде:
1) егер үшінші тұлғалардың өз құқықтары туралы мәлімдеу үшін жеткілікті мүмкіндіктері болмаса;
2) егер үшінші тұлғалар өз құқықтары туралы біржақты және негізді мәлімдесе;
3) егер шешім осы мәселе бойынша сұрау салынатын Тарап шығарған шешімге қайшы келсе;
4) егер шешім сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келсе;
5) егер шешім сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген айрықша юрисдикциясына қатысты ережелерге қарамастан шығарылса бас тартылуы мүмкін.
21-бап
1. Осы Конвенцияға сәйкес жолданатын құжаттар оларды заңдастыру жөніндегі барлық формальдылықтардан босатылады.
2. Тараптардың бірінің аумағында өз құзыреті шегінде және белгіленген нысан бойынша құзыретті орган не оған арнайы уәкілеттік берілген тұлға берген немесе куәландырылған, сондай-ақ елтаңбалы мөрмен бекітілген құжаттар барлық басқа Тараптардың аумақтарында қандай да бір арнайы куәландырусыз қабылданады.
3. Тараптардың бірінің аумағында ресми құжаттар ретінде қаралатын құжаттардың басқа Тараптардың аумақтарында ресми құжаттардың айғақтық күші болады.
22-бап
1. Осы Конвенция қамтитын салаға кіретін мәселелер бойынша Тараптардың құзыретті органдары екінші Тараптың аумағындағы жеке және заңды тұлғалар жөнінде ресми құжаттарды дипломатиялық арналар бойынша не өзгеше тәсілмен, сондай-ақ екінші Тараптың құзыретті органдары арқылы жолдай алады.
2. Осы Конвенция қамтитын салаға кіретін мәселелер бойынша Тараптардың құзыретті органдары жеке және заңды тұлғаларға ресми құжаттарды беруде бір-біріне көмек көрсетеді.
23-бап
Тараптар осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысы бар адамдарға босқын мәртебесін және оны растайтын құжаттарды беруді болдырмау жөніндегі қажетті шараларды қолданады.
24-бап
1. Тарап екінші Тараптың сұрау салуы бойынша осы Конвенция қамтитын қылмыстарға қатысы бар заңды тұлғаның жауапкершілігін қамтамасыз етудің қажетті шараларын, атап айтқанда:
1) кейіннен тәркілеу объектісіне айналуы мүмкін мүлікке тыйым салуды;
2) қаржы операцияларын тоқтата тұруды (тоқтатып қоюды);
3) заңды тұлға қызметінің жекелеген түрлерін (радио және телехабарларын тарату, бұқаралық ақпарат құралдарын шығару, оның ішінде электрондық) тоқтата тұруды қолданады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шаралар сұрау салынатын Тараптың заңнамасына және осы Конвенцияға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Конвенцияда көзделген шараларды алып тастаудан бұрын сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа осы шараны орындау пайдасына өз дәлелдемелерін баяндау құқығын ұсынады.
25-бап
1. Осы Конвенция қамтитын қылмыстардың ең болмағанда біреуін жасауға қатысы бар және оның аумағында мүлкі орналасқан немесе мүлкі бар немесе қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаға (оның құрылымдық бөлімшесіне) қатысты жауапкершілік шараларын қолдануға байланысты сұрау салуды алған Тарап:
1) не сұралатын жауапкершілік шараларын қолдану туралы сұрау салушы Тараптың сот немесе өзге де құзыретті органының шешімін орындайды;
2) не сұрау салушы Тараптың шешімінде ұсынылған фактілер мен тұжырымдар негізінде сұрау салынған жауапкершілік шараларын қолдану туралы өздерінің заңнамасына сәйкес сот талқылауын жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаға қатысты жауапкершілік шаралары сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қолданылады.
26-бап
Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында:
1) қылмыс жасау қаруы ретінде пайдалануға арналған (немесе пайдаланылған) немесе осы Конвенция қамтитын қылмыстардың бірін қаржыландыру үшін ақша қаражатына, бағалы қағаздарға, бағалы заттарға, қару-жараққа, оның құрамдас (қосалқы) бөлшектеріне, оқ-дәрілерге, жарылғыш заттарға және өзге де мүлікке тыйым салу үшін;
2) егер осы бапта аталған мүлікке тыйым салу мүмкін болмаса, осындай мүліктің құнына сәйкес ақша сомасын алуды қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
27-бап
1. Осы Конвенцияға сәйкес жіберілген жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкін тәркілеуге байланысты сұрау салу сұрау салынған Тараптың осы жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты тәркілеу туралы өзінің шешімін орындау құқығын қозғамайды.
2. Сұрау салу бойынша тәркіленетін мүліктің жалпы құны тәркілеу туралы шешімде көрсетілген сомадан аспауы тиіс. Егер қандай да бір Тарап осылай болады деген тұжырымға келсе, онда Тараптар осындай салдарды болдырмау мақсатында консультациялар өткізеді.
3. Осы Конвенцияда көзделген негіздер бойынша таратылатын заңды тұлғаның кредит берушілердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлкі де тәркіленуге жатады.
4. Сұрау салу бойынша мүлікті тәркілеген Тарап өзінің заңнамасына сәйкес оның сақталуын қамтамасыз етеді және тәркіленген мүлікке иелік етеді.
5. Тәркіленген мүлік немесе осындай мүліктің құнына сәйкес ақша сомасы тиісті Тараптардың келісімі бойынша тәркілеу туралы шешім шығарған Тарапқа толық немесе ішінара берілуі мүмкін.
28-бап
Егер өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Конвенцияны орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді.
29-бап
1. Егер осы Конвенцияға сәйкес ынтымақтастыққа байланысты заңсыз әрекетпен немесе әрекетсіздікпен келтірілген зиянды өндіріп алу туралы талап арыз берілсе, Тараптар осы зиянды өтеу есебіне төлеуге жатқызылатын сомаларды бөлу туралы уағдаласу мақсатында бір-бірімен консультациялар өткізу мүмкіндігін қарастырады.
2. Зиянды өндіріп алу туралы талап арыз қойылған Тарап бұл туралы басқа да мүдделі Тараптарды хабардар етеді.
30-бап
Осы Конвенция Тараптардың осы Конвенцияның нысанасы болып табылатын және оның мақсаты мен объектісіне қайшы келмейтін мәселелер бойынша басқа халықаралық шарттар жасасу құқықтарын шектемейді, сондай-ақ Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
31-бап
1. Осы Конвенция белгіленбеген мерзімге жасалады.
2. Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер оны ратификациялауға тиіс. Ратификациялау грамоталары депозитарийге сақтауға тапсырылады. Конвенция төртінші ратификациялау грамотасы депозитарийге сақтауға тапсырылған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
3. Осы Конвенцияны төртінші ратификациялау грамотасы депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен кейін ратификациялаған Тарап үшін ол өзінің ратификациялау грамотасын депозитарийге сақтауға тапсырған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
4. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Конвенцияның депозитарийі болып табылады.
32-бап
1. Осы Конвенция Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше барлық мемлекеттердің келісімімен оның ережелерін бөлісетін басқа мемлекеттердің қосылуы үшін депозитарийге осындай қосылу туралы хабарламалар беру жолымен ашық.
2. Қосылған мемлекет үшін осы Конвенция қосылу туралы хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
33-бап
Осы Конвенция Біріккен Ұлттар ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркеуге жатады.
34-бап
Осы Конвенцияға оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Оларды дереу басқа Тараптардың қарауына жолдайтын депозитарийге тиісті хабарлама беру жолымен өзгерістер мен толықтыруларды Тараптардың кез келгені ұсына алады.
35-бап
Әрбір Тарап болжамды шығу күніне дейін кемінде алты ай бұрын бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Конвенциядан шыға алады. Шығу туралы хабарлама алған күннен бастап отыз күн ішінде депозитарий бұл туралы басқа Тараптарға хабарлайды.
36-бап
Тараптар арасында осы Конвенцияның ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда мүдделі Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.
37-бап
1. Осы Конвенция шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығын жүзеге асыру кезінде орыс және қытай тілдері жұмыс тілдері болып табылады.
2. Осы Конвенцияның түпнұсқа данасы осы Конвенцияның куәландырылған көшірмелерін оған қол қойған мемлекеттердің барлығына тарататын депозитарийге сақтауға тапсырылады.
2009 жылғы 16 маусымда Екатеринбург қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данада жасалды, әрі екі мәтіннің де заңды күші бірдей.
Қазақстан Республикасы үшін
Қытай Халық Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін
Ресей Федерациясы үшін
Тәжікстан Республикасы үшін
Өзбекстан Республикасы үшін
Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясына
Өзбекстан Республикасының ескертпесі
Қылмыстық жаза шарасы ретінде заңды және жеке тұлғалардың мүлкін тәркілеуді қолдану мүмкіндігі бөлігіндегі Конвенцияның ережелері оның ұлттық заңнамасына сәйкес келмеуіне байланысты Өзбекстан Республикасында қолданылмайды.
Өзбекстан Республикасы үшін
2009 жылғы 16 маусымда Екатеринбург қаласында қол қойған Лаңкестікке қарсы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Конвенциясының дәлме-дәл көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский
РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Конвенцияның мәтіні қытай тілінде берілген.