1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 10 қаңтардағы № 382-IV Заңы

      1971 жылғы 1 мамырда Женевада жасалған 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев

1968 ЖЫЛҒЫ 8 ҚАРАШАДА ВЕНАДА ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН АШЫЛҒАН ЖОЛ ЖҮРІСІ
ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯНЫ ТОЛЫҚТЫРАТЫН
ЕУРОПАЛЫҚ КЕЛІСІМ

1971 ЖЫЛҒЫ 1 МАМЫРДА ЖЕНЕВАДА ЖАСАЛҒАН

      ВЕНАДА 1968 ЖЫЛҒЫ 8 ҚАРАШАДА ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН АШЫЛҒАН ЖОЛ ЖҮРІСІ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯНЫҢ ТАРАПТАРЫ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАР
      Еуропада жол жүрісіне қатысты ережелерді одан әрі бір ізге түсіруге ҰМТЫЛА ОТЫРЫП,
      төмендегілер туралы КЕЛІСТІ:

1-бап

      1. 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияның Тараптары болып табылатын Уағдаласушы тараптар өз аумақтарында қолданылатын жол жүрісі қағидалары өз мәні бойынша осы Келісімге қосымшаның ережелеріне сәйкес келуі үшін тиісті шаралар қабылдайды.
      2. Олар осы Келісімге қосымшаның ережелеріне қандай да бір тұрғыдан қайшы келмейтін жағдайда:
      а) бұл қағидаларға осы Уағдаласушы тараптардың аумағында орын алмайтын жағдайларға қатысты ережелер кірмеуі мүмкін;
      b) бұл ережелерде осы қосымшада көзделмеген ережелер болуы мүмкін.
      3. Бұл баптың ережелері Уағдаласушы тараптарды өздерінің жол жүрісі туралы қағидаларына енгізген қосымшаның ережелерін кез келген бұзушылық үшін санкциялар көздеуге міндеттемейді.

2-бап

      1. Осы Келісім 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған және Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропалық Экономикалық Комиссиясының мүшелері болып табылатын не осы Комиссияның билік аясы туралы ереженің 8-тармағына сәйкес Комиссия жұмысына консультациялық мәртебемен қатысуға жіберілген мемлекеттер үшін 1972 жылғы 31 желтоқсанға* дейін ашық.
      2. Осы Келісім мемлекет 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияны ратификациялағаннан кейін немесе оған қосылғаннан кейін ратификациялауға жатады. Ратификациялық грамоталар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға беріледі.
      3. Осы Келісім осы баптың 1-тармағында көрсетілген, 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияның Тараптары болып табылатын кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық болып қалады. Қосылу туралы құжаттар Бас Хатшыға сақтауға беріледі.
___________________________________________
      * Ішкі көлік жөніндегі комитет өзінің отыз бірінші сессиясында қабылдаған шешімге сәйкес, Келісім қол қою үшін ашылған болатын мерзім 1972 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

3-бап

      1. Әрбір мемлекет осы Келісімге қол қойған, ратификациялаған немесе оған қосылған кезде немесе кейіннен кез келген уақытта Бас хатшыға жолданған нотификация арқылы Келісім бүкіл аумаққа немесе ол сыртқы қатынастар үшін жауап беретін оның бөліктеріне қолданылатын болады деп мәлімдей алады. Бас Хатшы аталған нотификацияны алған күннен бастап отыз күн өткен соң немесе егер нотификация жасаған мемлекетке қатысты Келісім күшіне енген күн неғұрлым кейін болса, сол кезден бастап нотификацияда көрсетілген аумақта немесе аумақтарда Келісім қолданыла бастайды.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған әрбір мемлекет кейіннен кез келген уақытта Бас хатшыға жолданған нотификация арқылы Келісім нотификацияда көрсетілген аумақта қолданылуын тоқтататынын және Бас Хатшы осы нотификацияны алған күннен бастап бір жыл өткен соң Келісім аталған аумақта қолданылуын тоқтататынын мәлімдей алады.

4-бап

      1. Осы Келісім ратификациялау немесе қосылу туралы оныншы құжат сақтауға тапсырылған күннен бастап он екі ай өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісімді ратификациялайтын немесе ратификациялау немесе қосылу туралы оныншы құжат сақтауға берілгеннен кейін оған қосылатын әрбір мемлекетке қатысты Келісім осы мемлекет ратификациялық грамотаны немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырылған күннен бастап он екі ай өткен соң күшіне енеді.
      3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарынан туындайтын күшіне ену күні 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияның 47-бабын қолданудан туындайтын күннен бұрын болса, Келісім осы баптың 1-тармағына сәйкес осы соңғы күннен бастап күшіне енеді.

5-бап

      Осы Келісім күшіне енген кезден бастап ол арқылы Уағдаласушы тараптар арасындағы қатынастарда 1949 жылғы Жол жүрісі туралы Конвенцияға және 1949 жылғы Жол белгілері мен сигналдары туралы Хаттамаға қосымша 1950 жылғы 16 қыркүйекте Женевада қол қойылған Еуропалық келісімдегі жол жүрісі туралы ережелер және 1949 жылғы Жол жүрісі туралы Конвенцияның Уағдаласушы тараптардың кейбір жолдары бойынша жүруге жіберілетін автомашиналардың көлемі мен салмағына қатысты 23-бабын қолдану туралы 1950 жылғы 16 қыркүйектегі Еуропалық келісім күшін жояды және ауыстырылады.

6-бап

      1. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін он екі ай өткен соң әрбір Уағдаласушы тарап Келісімге бір немесе бірнеше түзету ұсына алады. Ұсынылған кез келген түзетудің мәтіні түсіндірме меморандуммен бірге Бас Хатшыға жіберіледі, ол оны Уағдаласушы тараптардың барлығына жібереді. Уағдаласушы тараптардың осы мәтін жіберілген күннен бастап он екі ай мерзім ішінде: а) олар түзетуді қабылдайтыны; b) олар түзетуді қабылдамайтыны немесе с) олар осы түзетуді қарау үшін конференция шақырылғанын қалайтыны туралы оны хабардар етуге мүмкіндігі бар. Бас Хатшы ұсынылған түзету мәтінін осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген басқа да мемлекеттерге жібереді.
      2. а) Егер жоғарыда аталған он екі ай мерзім ішінде Уағдаласушы тараптардың үштен бірінен кем бөлігі олар түзетуді қабылдамайтыны немесе осы түзетуді қарау үшін конференция шақырылғанын қалайтыны туралы Бас Хатшыны хабардар етсе, осы баптың 1-тармағына сәйкес жіберілген кез келген ұсынылған түзету қабылданған болып есептеледі. Бас Хатшы ұсынылған түзетудің әрбір қабылдануы немесе қабылданбауы туралы және конференция шақыру туралы түскен кез келген өтініш жайында Уағдаласушы тараптардың барлығын хабардар етеді. Егер белгіленген және ай мерзім ішінде осындай қабылдамаулар мен өтініштер барлық Уағдаласушы тараптардың үштен бірінен кемінен алынса, белгіленген мерзім ішінде түзетуді қабылдамағандарды немесе оны талқылау үшін конференция шақыру туралы өтініш білдіргендерді қоспағанда, түзету осы баптың 1-тармағында көрсетілген он екі ай мерзім өткен соң алты айдан кейін Уағдаласушы тараптардың барлығы үшін күшіне енетіні туралы Бас Хатшы Уағдаласушы тараптардың барлығын хабардар етеді.
      b) Жоғарыда көрсетілген он екі ай мерзім ішінде ұсынылған түзетуді қабылдамаған немесе оны қарау үшін конференция шақыруды сұраған әрбір Уағдаласушы тарап осы мерзім өткеннен кейін кез келген уақытта өзінің түзетуді қабылдауы туралы Бас хатшыны хабардар ете алады, ал Бас Хатшы бұл хабарламаны басқа Уағдаласушы тараптардың барлығына жібереді. Қабылдау туралы осындай хабарлама жіберген Уағдаласушы тарапқа қатысты түзету хабарламаны Бас Хатшы алған күннен бастап алты айдан кейін күшіне енеді.
      3. Егер ұсынылған түзету осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданбаған болса және егер осы баптың 1-тармағында көзделген он екі ай мерзім ішінде Уағдаласушы тараптардың жалпы санының жартысынан кемі ұсынылған түзетуді қабылдамайтыны туралы Бас хатшыны хабардар етсе және егер барлық Уағдаласушы тараптың ең кемінде үштен бірі, бірақ кемінде бесеуі түзетуді қабылдайтыны немесе осы түзетуді талқылау үшін конференция шақыруды қалайтыны туралы оны хабардар етсе, Бас Хатшы ұсынылған түзетуді немесе осы баптың 4-тармағына сәйкес оған ұсынылуы мүмкін кез келген басқа ұсынысты қарау үшін конференция шақырады.
      4. Егер конференция осы баптың 3-тармағына сәйкес шақырылатын болса, Бас Хатшы оған барлық Уағдаласушы тарапты және осы Келісімнің 2-тармағында көрсетілген барлық басқа мемлекеттерді шақырады. Бас хатшы конференцияға шақырылған барлық мемлекеттерге ұсынылған түзетуге қосымша конференцияда қаралуын қалайтын кез келген ұсыныстарын конференция ашылғанға дейін кемінде алты ай бұрын оған табыс етуін сұрап өтініш жасайды және конференция ашылғанға дейін кемінде үш ай бұрын конференцияға шақырылған барлық мемлекеттерге осы ұсыныстар туралы хабарлайды.
      5. а) Егер конференцияда өкілдік ететін мемлекеттердің үштен екі көпшілік бөлігі осы Келісімге кез келген түзетуді қабылдаса, бұл көпшілік конференцияда өкілдік ететін Уағдаласушы тараптардың кемінде үштен екі бөлігін қамтыған жағдайда, ол қабылданған болып есептеледі. Бас Хатшыға осы мерзім ішінде түзетуді қабылдамайтыны туралы хабарлағандарды қоспағанда, Бас Хатшы Уағдаласушы тараптардың барлығын түзетудің қабылданғаны туралы хабардар етеді және ол осындай хабарлама жасалған күннен бастап он екі айдан кейін Уағдаласушы тараптардың барлығына қатысты күшіне енеді.
      b) Жоғарыда аталған он екі ай мерзім ішінде түзетуді қабылдамаған әрбір Уағдаласушы тарап кез келген уақытта өзінің түзетуді қабылдағаны туралы Бас Хатшыны хабардар ете алады және Бас Хатшы бұл туралы қалған Уағдаласушы тараптардың барлығына хабарлайды. Түзету оны қабылдағаны туралы хабарлаған Уағдаласушы тарапқа қатысты Бас Хатшы хабарламаны алғаннан кейін алты ай өткен соң немесе егер жоғарыда аталған он екі ай мерзім бұдан кейінірек өтетін болса, сол мерзім өткен соң күшіне енеді.
      6. Егер ұсынылған түзету осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған болып есептелмесе және егер осы баптың 3-тармағында жазылған конференция шақыру шарттары орындалмаған болса, ұсынылған түзету қабылданбаған болып есептеледі.
      7. Осы баптың 1 - 6-тармақтарында көзделген түзету енгізу тәртібіне қарамастан, осы Келісімге қосымша барлық Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдарының арасындағы келісім бойынша өзгертілуі мүмкін. Егер Уағдаласушы тараптардың бірінің құзыретті органы ұлттық заңнамаға сәйкес оның келісімі арнаулы рұқсат алуға немесе заң шығару органының мақұлдауына байланысты екенін мәлімдейтін болса, аталған Уағдаласушы тараптың құзыретті органы талап етілетін өкілеттікті немесе рұқсатты алғаны туралы Бас Хатшыға мәлімдеген кезде ғана осы құзыретті органның қосымшаны өзгертуге келісімі алынған болып есептеледі. Құзыретті органдардың арасындағы келісімде өтпелі кезең ішінде қосымшаның ескі ережелері жаңа ережелермен қатар толық немесе ішінара күшінде қалатыны көзделуі мүмкін. Бас Хатшы жаңа ережелердің күшіне ену мерзімін белгілейді.
      8. Әрбір мемлекет осы Келісімге қол қойған немесе ратификациялаған немесе оған қосылған кезде осы баптың 7-тармағында көзделген келісімді беруге уәкілетті құзыретті органның атауы мен мекен-жайын Бас Хатшыға хабарлайды.

7-бап

      Әрбір Уағдаласушы тарап Бас Хатшыға жіберілген жазбаша нотификация арқылы осы Келісімді бұзуына болады. Бұзу Бас Хатшы осы нотификацияны алған күннен бастап бір жыл өткен соң күшіне енеді. 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияның Тараптары болуы тоқтатылған әрбір Уағдаласушы тарап сол күннен бастап осы Келісімнің Тарабы болуын тоқтатады.

8-бап

      Егер он екі ай мерзімнің қандай да бір кезеңі ішінде Уағдаласушы тараптар саны бестен кем болса, сондай-ақ 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенция күшін жойған кезден бастап осы Келісім күшін жояды.

9-бап

      1. Екі немесе бірнеше Уағдаласушы тарап арасында осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты болған, дауласушы Тараптар келіссөздер немесе басқа да реттеу құралдары арқылы шеше алмаған кез келген дау араларында осы дау туындаған Уағдаласушы тараптардың бірінің өтініші бойынша төрелік сотқа беріледі; ол дауласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша таңдалған бір немесе бірнеше төрешіге беріледі. Егер іс төрелік сотқа берілген күннен бастап үш ай ішінде дауласушы Тараптар төрешіні немесе төрешілерді таңдауға қатысты келісімге келмесе, осы Тараптардың кез келгені Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына дау шешуге берілетін ортақ төрешіні тағайындау туралы өтінішпен жүгіне алады.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес тағайындалған төреші немесе төрешілер шешімінің дауласушы Уағдаласушы тараптар үшін міндетті күші болады.

10-бап

      Осы Келісімнің ешқандай ережесі Уағдаласушы тараптардың қайсы бірінің Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен үйлесетін және туындаған жағдайға байланысты шектелетін, ол өзінің сыртқы және ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті деп есептейтін шараларды қабылдауына кедергі келтіретін ереже ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

11-бап

      1. Әрбір мемлекет осы Келісімге қол қойған кезде немесе өзінің ратификациялық грамотасын немесе қосылу туралы құжатын сақтауға тапсырған кезде өзін осы Келісімнің 9-бабымен байланыстымын деп есептемейтінін мәлімдей алады. Басқа Уағдаласушы тараптар осындай мәлімдеме жасаған кез келген Уағдаласушы тарапқа қатысты 9-бап арқылы байланысты болып табылмайды.
      2. Осы Келісімге осы баптың 1-тармағында көзделген ескертпеден өзге ескертулер оларды жазбаша нысанда табыс еткен жағдайда және егер олар ратификациялық грамотаны немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырғанға дейін жасалған болса, ратификациялық грамотада немесе қосылу туралы құжатта расталған жағдайда шешіледі.
      3. Әрбір мемлекет ратификациялық грамотасын немесе осы Келісімге қосылу туралы құжатын сақтауға тапсырған кезде оның 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияға жасаған ескертпелері осы Келісімге қандай мөлшерде қатысты екендігі туралы Бас Хатшыны жазбаша түрде хабардар етуге тиіс. Ратификациялық грамотаны немесе осы Келісімге қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырған кезде нотификация жасалмаған ескертулер осы Келісімге қолданылмайтын ескерту деп есептелетін болады.
      4. Бас Хатшы осы бапты орындау үшін жасалған ескертпелер мен нотификациялар туралы осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген барлық мемлекеттерге хабарлайды.
      5. Осы бапқа сәйкес мәлімдеме, ескертпе немесе нотификация жасаған әрбір мемлекет кез келген сәтте Бас Хатшыға жолданған нотификация арқылы оларды алып тастай алады.
      6. Осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалған немесе 3-тармағына сәйкес нотификацияланған кез келген ескертпе:
      а) жоғарыда көрсетілген ескертпені жасаған немесе нотификациялаған кез келген Уағдаласушы тарап үшін Келісімнің осы ескертпе қатысты ережесін соның шеңберінде өзгертеді;
      b) басқа Уағдаласушы тараптар үшін де ескертпені жасаған немесе нотификациялаған Уағдаласушы тараппен өзара қарым-қатынастарда осы ережелерді осындай шамада өзгертеді.

12-бап

      Бас Хатшы Уағдаласушы тараптарға және 2-бапта көрсетілген басқа да мемлекеттерге осы Келісімнің 6 және 11-баптарында көзделген мәлімдемелерге, нотификациялар мен хабарламаларға қоса:
      а) 2-бапқа сәйкес қол қою, ратификациялау және қосылу туралы;
      b) 3-бапқа сәйкес нотификациялар мен мәлімдемелер туралы;
      с) 4-бапқа сәйкес осы Келісімнің күшіне ену күні туралы;
      d) 6-баптың 25 және 7-тармақтарына сәйкес осы Келісімге түзетулердің күшіне ену күні туралы;
      е) 7-бапқа сәйкес бұзу туралы;
      f) 8-бапқа сәйкес осы Келісімнің күші жойылғаны туралы хабарлайды.

13-бап

      1972 жылғы 31 желтоқсаннан* кейін ағылшын, орыс және француз тілдерінде бір данада жасалған, әрі үш мәтін де бірдей тең түпнұсқалы болып табылатын осы Келісімнің түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады, ол тиісті түрде расталған көшірмелерді осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген мемлекеттерге жібереді.
_________________________________
      * Ішкі көлік жөніндегі комитет өзінің отыз бірінші сессиясында қабылдаған шешімге сәйкес, Келісім қол қою үшін ашық болатын мерзім 1972 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, өз үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген, төменде қол қойған өкілдер осы Келісімге қол қойды.
      Женевада бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жылғы бірінші мамырда ЖАСАЛДЫ.

ҚОСЫМША

      1. Осы қосымшаның ережелерін қолдану кезінде «Конвенция» деген термин 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол жүрісі туралы конвенцияны білдіреді.
      2. Осы қосымша Конвенцияның тиісті ережелеріне енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді ғана қамтиды.
      3. Конвенцияның 1-бабына (Анықтама)
      «с» тармағы
      Бұл тармақты: «Елді мекен» деген термин құрылыстар салынған аумақты білдіреді, оған кіре беріс және одан шыға беріс жолдар тиісті белгілермен арнайы белгіленеді;» деп оқыған жөн.
      «n» тармағы
      Жүктемесіз салмағы 400 кг-нан (900 фунттан) аспайтын үш доңғалақты көлік құралдары мотоциклдерге теңестіріледі.
      Қосымша тармақ осы баптың соңына енгізілсін.
      Бұл тармақты: «Балалар коляскасын, ауруларға арналған колясканы, мүгедектер коляскасын немесе көлемі шағын және қозғалтқышы жоқ кез келген басқа көлік құралын әкеле жатқан адамдар, велосипедті немесе аспалы қозғалтқышы бар велосипедті қолмен жетелеп әкеле жатқан адамдар, сондай-ақ өздері қозғалысқа келтіретін немесе жаяу жүргіншінің жылдамдығымен қозғалатын мүгедектер коляскасымен жүретін мүгедектер жаяу жүргіншілерге теңестіріледі.» деп оқыған жөн.
      4. Конвенцияның 3-бабына (Уағдаласушы тараптардың міндеттемелері)
      4-тармақ
      Осы тармақта айтылған шаралар Конвенцияның 39-бабының қолданылу аясын өзгерте де, ондағы ережені міндетті емес ете де алмайды.
      5. Конвенцияның 6-бабына (Жол қозғалысын реттеуге уәкілетті адамдардың сигналдары)
      3-тармақ
      Конвенцияда ұсынымдар болып табылатын осы тармақтың ережелері міндетті болады.
      6. Конвенцияның 7-бабына (Жалпы ережелер)
      2-тармақ
      Конвенцияда ұсынымдар болып табылатын осы тармақтың ережелері міндетті болады.
      Қосымша тармақтар осы баптың соңына енгізілсін.
      Бұл тармақтарды:
      «- Жол пайдаланушылар балаларға, мүгедектерге, атап айтқанда, арнаулы таяқ ұстап жүретін зағиптарға және қарт адамдарға қатысты ерекше сақтық көрсетуге тиіс.
      - Жүргізушілер егер мүмкін болса, өздерінің көлік құралдары жол пайдаланушыларға және жол бойындағы иеліктерде тұратын адамдарға қолайсыздық жасамауына, атап айтқанда, артық шу шығармауына, шаң көтермеуіне және пайдаланылған газды шығармауына тырысуға тиіс» деп оқыған жөн.
      7. Конвенцияның 8-бабына (Жүргізушілер)
      2-тармақ
      Конвенцияда ұсыным болып табылатын осы тармақтың ережесі міндетті болады.
      8. Конвенцияның 9-бабына (Жануарлардың табыны)
      Конвенцияда ұсыным болып табылатын осы тармақтың ережесі міндетті болады.
      9. Конвенцияның 10-бабына (Жүріс бөлігінде орналасу)
      Тақырып: «Жолда орналасу» деп оқылсын.
      Қосымша тармақ тікелей осы баптың 1-тармағынан кейін енгізілсін.
      Бұл тармақты:
      «а) аса қажет болған жағдайларды қоспағанда, жүргізуші, егер бар болса, соның санатындағы жол пайдаланушылардың жүруіне арналған жолдармен, жолдың жүріс бөліктерімен, қозғалыс жолақтарымен және жіңішке жолдармен ғана жүруге тиіс;
      b) оларға арналған жүріс жолақтары немесе жіңішке жолдар болмаған жағдайда аспалы қозғалтқышы бар велосипед жүргізушілер, велосипед жүргізушілер және қозғалтқышы жоқ басқа көлік құралдарының жүргізушілері, егер бұл басқа жол пайдаланушыларға қолайсыздық туғызбаса, қозғалыс бағытында жүруге жарамды кез келген жол жиегін пайдалануына болады» деп оқыған жөн.
      10. Конвенцияның 11-бабына (Басып озу және қатардағы қозғалыс)
      5-тармақ «b» тармақшасы
      Бұл ереже қолданылмайды.
      6-тармақ «b» тармақшасы
      Осы баптың 5-тармағы «b» тармақшасының қолданылмауына байланысты, осы тармақшадағы сөйлемнің соңғы бөлігіндегі ереже қолданылмайды.
      8-тармақ. «b» тармақшасы
      Бұл тармақшаны: «шлагбаумсыз немесе жартылай шлагбаумсыз темір жол өтпелерінің тікелей алдында және осы өтпелерде, жол қозғалысы осы жерлердегі қиылыстарда қолданылатын жарық жол сигналдарымен реттелетін жағдайларды қоспағанда, екі доңғалақты велосипедтен, аспалы қозғалтқышы бар екі доңғалақты велосипедтен немесе коляскасыз екі доңғалақты мотоциклден өзге көлік құралын басып озбауға тиіс» деп оқыған жөн.
      11. Конвенцияның 12-бабына (Қарсы жол айрығы)
      2-тармақ
      Бұл тармақты: «Жол айрығы мүмкін емес немесе қиынға түсетін таулы жолдарда және осыған ұқсас сипаттағы үлкен ылдилы жолдарда ылдиға қарай келе жатқан көлік құралының жүргізушісі тоқтауға және өрге қарай келе жатқан кез келген көлік құралына жол беруге міндетті, бұған көлік құралдарының жылдамдығы мен жағдайын ескере отырып, өрге қарай келе жатқан көлік құралы алдында тұрған жол айрығына арналған жерде тоқтай алатындай, осыған байланысты көлік құралдары бірінің артқа жүру қажеттілігі болмай қалатындай болып, жол айрығына арналған жер жолдың жүріс бөлігін бойлай орналасатын жағдайлар қосылмайды. Егер қарсы келе жатқан екі көлік құралының бірі жол айрығы мақсатында артқа жүруге тиіс болса, онда көлік құралдары құрамының - басқа көлік құралдары алдында, ауыр көлік құралдарының - жеңіл көлік құралдары алдында және автобустардың жүк автомобильдері алдында басымдығы болады; бір санаттағы көлік құралдарына келсек, егер мұндай маневрді өрге қарай келе жатқан көлік құралы жүргізушісінің орындауы айтарлықтай жеңіл екені анық болатын, атап айтқанда, ол жол айрығы орнына жақын болған жағдайларды қоспағанда, артқа шегінуді ылдиға қарай келе жатқан көлік құралының жүргізушісі жасауға міндетті.» деп оқыған жөн.
      12. Конвенцияның 13-бабына (Жылдамдық пен ара қашықтық)
      4-тармақ
      Осы тармақты, оның «а» және «b» тармақшаларын қоса алғанда: «Елді мекендерден тыс жерде басып озуды оңайлату мақсатында осы бағытта жүру үшін бір жолақ қана арналған жолдарда жылдамдықтың арнаулы шектеуі қолданылатын көлік құралдарының және габариттік ұзындығы 7 м-ден (23 футтан) асатын көлік құралдарының немесе көлік құралдары құрамдарының жүргізушілері, басып озуды бастау немесе басып озу кезін қоспағанда, өз көлік құралдары мен өздерінің алдында келе жатқан механикалық көлік құралдарының арасында өздерін басып озатын көлік құралдары қатарда өздері басып озған көлік құралының алдынан толық қауіпсіздікпен қайтадан тиісті орын алатындай ара қашықтық ұстауға тиіс. Алайда бұл ереже өте қарқынды қозғалысқа да, басып озуға тыйым салынған жағдайларға да қатысты емес» деп оқыған жөн.
      13. Конвенцияның 14-бабына (Маневрлерге қатысты жалпы нұсқамалар)
      1-тармақ
      Бұл тармақты: «Қандай да бір маневр жасауға, мысалы, тұрақта тұрған көлік құралдарының қатарынан шығуға немесе оған кіруге, жолдың жүріс бөлігінің оң жағын немесе сол жағын алуға, атап айтқанда, қозғалыс жолағын өзгерту үшін, басқа жолға шығу немесе жол жанындағы иелікке кіру үшін солға немесе оңға бұрылысты орындауға ниеттенген жүргізуші бұл маневрді өзінің соңында, алдында немесе қарсы келе жатқан жол пайдаланушыларға қауіп төндірмей орындай алатынына көз жеткізгеннен кейін және олардың жағдайын, қозғалыс бағытын және жылдамдықты ескере отырып қана жасайды.» деп оқыған жөн.
      14. Конвенцияның 15-бабына (Қалалық көліктің тұрақты желілерінде тасымалдауды жүзеге асыратын көлік құралдарына қатысты ерекше нұсқамалар)
      Конвенцияда ұсыным болып табылатын осы тармақтың ережесі міндетті болады.
      15. Конвенцияның 18-бабына (Көше қиылыстары және жол беру міндеті)
      3-тармақ
      Бұл тармақты: «Жол жанындағы иеліктен жолға шығатын жүргізуші осы жолмен келе жатқан жол пайдаланушыларға жол беруге міндетті.» деп оқыған жөн.
      4-тармақ, «b» тармақшасы
      Бұл тармақшаны: «қозғалыс сол жақта болатын мемлекеттерде қиылыстардан жүріп өтудің басым құқығы жол белгілерімен және сигналдармен немесе жол таңбасымен реттеледі.» деп оқыған жөн.
      16. Конвенцияның 20-бабына (Жаяу жүргіншілерге қатысты нұсқамалар)
      1-тармақ
      Бұл тармақты: «Жаяу жүргіншілер мүмкіндігінше жолдың жүріс бөлігін пайдаланбауға тиіс, егер пайдаланса, онда сақ болып, қажеттілік болмаса қозғалысты қиындатпауға және бөгемеуге тиіс» деп оқыған жөн.
      Қосымша тармақ тікелей осы баптың 2-тармағынан кейін енгізілсін.
      Бұл тармақты: «Конвенцияның осы 2-бабының ережесіне қарамастан, мүгедектер коляскасымен жүретін мүгедектер барлық жағдайда да жолдың жүріс бөлігімен жүре алады.» деп оқыған жөн.
      4-тармақ
      Бұл тармақты: «Жаяу жүргіншілер осы баптың 2-тармағының, тікелей осы баптың 2-тармағынан кейін енгізілетін қосымша тармақтың, 3-тармағының ережелеріне сәйкес жолдың жүріс бөлігімен жүрген кезде олар жүріс бөлігінің шетіне мүмкіндігінше жақын болуға тиіс» деп оқыған жөн.
      5-тармақ
      Бұл тармақты:
      «а) Елді мекендерден тыс жерде жолдың жүріс бөлігімен жүріп келе жатқан жаяу жүргіншілер қозғалыс бағытына сәйкес келетін жаққа қарсы бетті (егер бұл олардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмесе және ерекше жағдай болмаған кезде) ұстануға тиіс. Алайда велосипед, аспалы қозғалтқышы бар велосипед немесе мотоцикл жүргізіп келе жатқан адамдар, мүгедектер коляскасымен жүретін мүгедектер, сондай-ақ жетекшілер басқаратын немесе салтанатты шеру болып табылатын жаяу жүргіншілер тобы жолдың жүріс бөлігінің қозғалыс бағытына сәйкес келетін жағын ұстануға тиіс. Салтанатты шерулерді қоспағанда, жолдың жүріс бөлігімен жүріп келе жатқан жаяу жүргіншілер, егер қозғалыс қауіпсіздігі мұны талап етсе, атап айтқанда, көріну нашар немесе көлік құралдарының қозғалыс қарқындылығы жоғары болған жағдайларда мүмкіндігінше бірінің соңынан бірі тізіліп жүруге тиіс.
      b) осы тармақтың «а» тармақшасының ережелеріне елді мекендерде де міндетті болатын сипат беруге болады.» деп оқыған жөн.
      6-тармақ, «с» тармақшасы
      Бұл тармақшаны: «Таңбамен немесе тиісті белгімен немесе сигналмен белгіленген жаяу жүргіншілер өтпесінен тыс жерде жолдың жүріс бөлігін кесіп өтетін кезде жаяу жүргіншілер көлік құралдарының қозғалысын қиындатпай өте алатынына көздері жетпей, жолдың жүріс бөлігіне шықпауға тиіс. Жаяу жүргіншілер жолдың жүріс бөлігінен оның осіне тік бұрыш жасап өтуге тиіс.» деп оқыған жөн.
      17. Конвенцияның 21-бабына (Жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге қатысты мінез-құлық қағидалары)
      Қосымша тармақ тікелей осы баптың 1-тармағынан кейін енгізілсін.
      Бұл тармақты: «Конвенцияның 7-бабы 1-тармағының және 13-бабы 1-тармағының ережесіне қайшы келмей, жолдың жүріс бөлігінде таңбамен немесе тиісті белгімен немесе сигналмен белгіленген жаяу жүргіншілер өтпесі болмаған жағдайда, басқа жолға шығу үшін бұрылыс жасайтын жүргізушілер Конвенцияның 20-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда осы басқа жолдың жүріс бөлігіне шыққан жолаушыларды міндетті түрде (қажет болған жағдайда тоқтап) өткізуге тиіс.» деп оқыған жөн.
      3-тармақ
      Бұл ереже қолданылмайды.
      18. Конвенцияның 23-бабына (Аялдама және тұрақ)
      1-тармақ
      Бұл тармақты: «Елді мекендерден тыс жерде аялдайтын немесе тұрақта тұратын көлік құралдары мен жануарлар мүмкіндігінше жолдың жүріс бөлігінен тыс жерде болуға тиіс. Ұлттық заңнамада рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда, олар елді мекендерде және олардан тыс жерде велосипед жолдарында, тротуарларда немесе жаяу жүргіншілер жүруге арналған жол жиегінде болмауға тиіс.» деп оқыған жөн.
      2-тармақ, «b» тармақшасы
      Бұл тармақшаны: «Екі доңғалақты велосипедтерді, аспалы қозғалтқышы бар екі доңғалақты велосипедтерді және коляскасыз екі доңғалақты мотоциклдерді қоспағанда, көлік құралдары жолдың жүріс бөлігінде екі қатар болып тұраққа тұрмауға тиіс. Конфигурациясы көлік құралдарының өзгеше орналасуына мүмкіндік беретін жерлерді қоспағанда, аялдаған немесе тұрақта тұрған көлік құралдары жүріс бөлігінің шетіне параллель орналасуға тиіс.» деп оқыған жөн.
      3-тармақ, «а» тармақшасы
      Бұл тармақшаны: «Жолдың жүріс бөлігінде көлік құралдарының қандайда бір аялдауына және тұрақта тұруына:
      і) жаяу жүргіншілер өтпелерінің алдында 5 метрден (16,5 футтан) кем қашықтықта, жаяу жүргіншілер өтпелерінде, велосипед жүргізушілерге арналған өтпелерде және темір жол өтпелерінде;
      іі) егер бұл трамвайлар мен поездардың қозғалысын қиындатса, жол бойымен немесе осы жолдарға жақын жерден өтетін трамвай жолдарында және темір жолдарда тыйым салынады.».
      Қосымша мәтін тікелей осы тармақтың «а» «іі» тармақшасынан кейін енгізілсін.
      Бұл мәтінді: «Жол белгісі немесе сигналы не таңбасы өзге нұсқау беретін жағдайларды қоспағанда, қиылыстарда және жақын бұрыштан 5 метрден (16,5 футтан) кем болатын қашықтықтағы оларға жақын жерде тыйым салынады.» деп оқыған жөн.
      3-тармақ, «b» тармақшасы
      Қосымша мәтін тікелей осы тармақтың «b» «ііі» тармақшасынан кейін енгізілсін.
      Бұл мәтінді: «Көлік құралы жол белгісін немесе жарық жол сигналын жол пайдаланушыларға көрсетпей, жауып қалатын жерде тыйым салынады.» деп оқыған жөн.
      3-тармақ, «с» «і» тармақшасы
      Бұл ережені: «темір жол өтпелеріне жақын жерде - ұлттық заңнамада белгіленген ара қашықтықта және автобустар, троллейбустар немесе рельсті көлік құралдары аялдамаларының екі жағынан 15 метрден (50 футтан) кем қашықтықта, егер ұлттық заңнамада бұдан кем ара қашықтық көзделмеген болса;» деп оқыған жөн.
      3-тармақ, «с» «v» тармақшасы
      Бұл тармақшаның ережесі қолданылмайды.
      «іv» тармақшасындағы «бөлігінде;» деген сөз «бөлігінде тыйым салынады.» деген сөзбен ауыстырылсын.
      5-тармақ
      Бұл тармақты:
      «а) Елді мекеннен тыс жерде жолдың жүріс бөлігіне аялдаған, аспалы қозғалтқышы бар екі доңғалақты велосипедтен немесе коляскасыз екі доңғалақты мотоциклден өзге әрбір механикалық көлік құралынан, сондай-ақ тягачқа тіркелген немесе тіркелмеген әрбір тіркемеден өзге әрбір механикалық көлік құралы:
      і) егер жүргізуші өзінің көлік құралын Конвенцияның осы бабы 3-тармағының «b» «і» немесе «іі» тармақшаларының ережелеріне сәйкес аялдауға тыйым салынған жерге тоқтатуға мәжбүр болса;
      іі) егер жақындап қалған жүргізушілер тоқтап тұрған көлік құралы сияқты кедергіні уақтылы байқай алмайтындай немесе байқауы өте қиын жағдай болса, жақындап қалған жүргізушіге осы туралы уақтылы ескертетіндей болып белгіленуге тиіс.
      b) Осы тармақтың «а» тармақшасының ережесіне елді мекендерде де міндетті болатын сипат беруге болады.
      с) Осы тармақтың ережелерін қолданған кезде Конвенцияға 5-қосымшаның 56-тармағында көрсетілген құрылғылардың бірін пайдалануды ұлттық заңнамада көздеу ұсынылады» деп оқыған жөн.
      19. Конвенцияның 25-бабына (Автомагистральдар және оған ұқсас жолдар)
      1-тармақ
      Бұл тармақты: «Автомагистральдарда, сондай-ақ автомагистральдар сияқты белгіленген автомагистральдарға арнайы шығатын және олардан түсетін жерлерде:
      а) жаяу жүргіншілердің, жануарлардың, велосипедтердің, егер мотоциклдерге теңестірілмесе, аспалы қозғалтқышы бар велосипедтердің, автомобильдер мен олардың тіркемелерінен өзге барлық көлік құралдарының, сондай-ақ тегіс жолдағы конструкциялық жылдамдығы ұлттық заңнамада белгіленген белгілі бір шамаға жете алмайтын, бірақ ол сағатына 40 км-ден (25 мильден) кем болмауға тиіс автомобильдер мен олардың тіркемелерінің қозғалысына тыйым салынады;
      b) жүргізушілерге:
      і) арнайы белгіленген орыннан өзге жерге көлік құралын тоқтатуға немесе тұраққа қоюға тыйым салынады. Өзіне байланысты емес мән-жайларға орай тоқтауға мәжбүр болған жүргізуші көлік құралын жүріс бөлігінен, сондай-ақ тоқтауға мәжбүр болған жолақтан шығаруға тырысуға, егер олай істей алмаса, жақындап қалған жүргізушілерге уақтылы ескерту үшін дереу көлік құралын жеткілікті қашықтықта белгілеуге тиіс; егер әңгіме Конвенцияның 23-бабы 5-тармағының ережелері қолданылмайтын көлік құралдарының бірі туралы болса, онда Конвенцияға 5-қосымшаның 56-тармағында көрсетілген құрылғылардың бірін пайдалануды ұлттық заңнамада көздеу ұсынылады;
      іі) кері бұрылуға немесе артқа шегініп қозғалуға немесе ортадағы бөлу жолағына және жолдың екі жүріс бөлігінің көлденең қосылысына шығуға тыйым салынады.» деп оқыған жөн.
      Қосымша тармақ тікелей осы баптың 1-тармағынан кейін енгізілсін.
      Бұл тармақты: «Автомагистральда бір бағытта жүру үшін үш немесе одан да көп қозғалыс жолағы болған кезде жүк тасымалдауға арналған, рұқсат етілген ең жоғары салмағы 3,5 тоннадан (7 700 фунттан) асатын көлік құралдарының немесе ұзындығы 7 метрден (23 футтан) асатын көлік құралы құрамдарының жүргізушілеріне қозғалыс бағытына сәйкес келетін жүріс бөлігінің шетіндегі екі қозғалыс жолағынан басқа жолақтарға шығуға тыйым салынады.» деп оқыған жөн.
      4-тармақ
      Бұл тармақты: «Осы баптың 1-тармағының ережелерін осы 1-тармақтан кейін тікелей оқылуға тиіс жоғарыда келтірілген қосымша тармақтың редакциясында және Конвенцияның осы бабының 2 және 3-тармақтарын қолданған кезде автомобильдер қозғалысына арналған және осындай деп белгіленген, жол жиегіндегі иеліктерге қызмет көрсетпейтін басқа жолдар автомагистральдарға теңестіріледі.» деп оқыған жөн.
      20. Конвенцияның 27-бабына (Велосипедтердің, аспалы қозғалтқышы бар велосипедтердің және мотоциклдердің жүргізушілеріне қатысты ерекше ережелер)
      2-тармақ
      Бұл тармақты: «Велосипедтердің жүргізушілеріне рульді ең болмағанда бір қолмен ұстамай қозғалуға, сүйретпе ретінде басқа көлік құралдарын пайдалануға немесе басқаруға кедергі жасайтын немесе басқа жол пайдаланушылары үшін қауіп төндіретін нәрселерді тасымалдауға, сүйретпеге алуға немесе итеруге тыйым салынады. Осындай ережелер аспалы қозғалтқышы бар велосипедтердің және мотоциклдердің жүргізушілеріне де қолданылады, бірақ бұдан басқа, осы Конвенцияға сәйкес белгіленген сигнал беру қажет болатын жағдайларды қоспағанда, олар рульді екі қолмен ұстауға тиіс.» деп оқыған жөн.
      4-тармақ
      Бұл тармақты: «Аспалы қозғалтқышы бар велосипед жүргізушілеріне велосипед жолдарымен жүруге рұқсат берілуі мүмкін және егер бұл орынды болса, олардың велосипед жолдарынан тыс жүріс бөлігімен жүруіне тыйым салынуы мүмкін.» деп оқыған жөн.
      21. Конвенцияның 29-бабына (Рельсті көлік құралдары)
      2-тармақ
      Бұл тармақты: «Рельсті көлік құралдарының автомобиль жолдары бойынша қозғалысына қатысты Конвенцияның II тарауында көзделген ережелерден айырмашылығы бар арнайы ережелер қабылдануы мүмкін. Алайда бұл ережелер Конвенцияның 18-бабы 7-тармағының ережелеріне қайшы келмеуге тиіс.» деп оқыған жөн.
      Қосымша тармақ осы баптың соңына енгізілсін.
      Бұл тармақ: «Рельс жолы жолдың жүріс бөлігі бойынша өтетін қозғалыстағы немесе тоқтап тұрған рельсті көлік құралдарын басып озу қозғалыс бағытына сәйкес жақтан жүргізіледі. Егер өтетін жер тар болуына байланысты қарсы жүріп өтуді және басып озуды қозғалыс бағытына сәйкес жақтан жасауға болмаса, қарсы бағытта келе жатқан жол пайдаланушыларға қауіп төндірмейтін жағдайда бұл маневрлер қозғалыс бағытына қарсы жақтан жасалуы мүмкін. Бір жақты қозғалысы бар жүріс бөліктерінде басып озу жол қозғалыстарының талаптарына сай болса, тиісті қозғалыс бағытына қарсы жақтан жасалуы мүмкін.» деп оқыған жөн.
      22. Конвенцияның 30-бабына (Көлік құралдарының жүгі)
      4-тармақ
      Бұл тармақтың бас жағын: «Көлік құралының габаритінен асып, алдыңғы, артқы немесе бүйір жағынан шығып тұрған жүк басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне байқалмай қалуы мүмкін барлық жағдайларда көрінетіндей болып белгіленуге тиіс; түнгі уақыт пен таң атуы аралығындағы мезгілде, сондай-ақ көріну нашар болатын басқа да кезде бұл - сигнал беру алдыңғы жақтан ақ шамның және ақ жарық беретін құрылғының, ал артқы жақтан қызыл шамның және қызыл жарық беретін құрылғының көмегімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, механикалық көлік құралдарында:...» деп оқыған жөн.
      4-тармақ «b» тармақшасы
      Бұл тармақшаны: «Көлік құралының габаритінен асып, бүйір жағынан ені бойынша шеткі нүктесі көлік құралының кіші фарасының сыртқы шетінен 0,4 метрден (16 дюймнен) астам қашықтықта болатын жүктер түнгі уақыт пен таң атуы аралығындағы мезгілде, сондай-ақ көріну нашар болатын басқа да кезде алдыңғы жағынан белгіленуге тиіс; сол сияқты осы мезгілде көлік құралының габаритінен асып, ені бойынша шеткі нүктесі көлік құралының артқы габариттік қызыл фонарының сыртқы шетінен 0,4 метрден (16 дюймнен) астам қашықтықта шығып тұратын жүктер артынан белгіленуге тиіс.» деп оқыған жөн.
      23. Қосымша бап, Конвенцияның тікелей 30-бабынан кейін енгізілсін
      Бұл бапты:
      «Жолаушылар тасымалдау
      Жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың саны мен тасымалдау жағдайы қауіп туғызатындай болмауға тиіс.» деп оқыған жөн.
      24. Конвенцияның 31-бабына (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасы жағдайындағы мінез-құлқы)
      1-тармақ
      Қосымша тармақша осы тармақтың соңына енгізілсін.
      Бұл тармақшаны: «Егер жол-көлік оқиғасы салдарынан тек қана материалдық залал келген болса және егер зардап шеккен тарап оқиға болған жерде болмаса, онда жол-көлік оқиғасына қатысы бар адамдар мүмкіндігіне қарай сол жерде өзінің тегін және мекен-жайын хабарлауға әрі қандай жағдайда да бұл мәліметтерді зардап шеккен тарапқа тікелей немесе полиция арқылы барынша жылдам хабарлауға тиіс.» деп оқыған жөн.
      25. Конвенцияның 32-бабына (Жарықтандыру: Жалпы нұсқамалар)
      6-тармақ, «а» тармақшасы
      Бұл тармақшаны: «Балалар коляскаларына, ауруларға арналған коляскаларға немесе мүгедектер коляскаларына және көлемі шағын және қозғалтқышы жоқ кез келген басқа көлік құралдарына;» деп оқыған жөн.
      7-тармақ
      Бұл тармақты:
      «а) Түнде жолдың жүріс бөлігімен келе жатқан:
      і) жетекшілер басқаратын жаяу жүргіншілер топтарының немесе шерулердің қозғалыс бағытына қарсы жағында алдында кем дегенде бір ақ немесе сары селективтік жарық және алды мен артында бір-бірден автосары жарық болуға тиіс;
      іі) жегілген, жүк артылған немесе салт мінетін жануарларды айдаушылар мен мал айдаушылардың қозғалыс бағытына қарсы жағында алдында кем дегенде бір ақ немесе сары селективтік жарық және артында бір қызыл жарық, не алды мен артында бір-бірден автосары жарық болуға тиіс. Бұл жарықтар бір аспаптан сәуле шашуы мүмкін.
      b) Алайда осы тармақтың «а» тармақшасында айтылған, тиісінше жарықтандырылған елді мекендегі қозғалыс кезінде жарық талап етілмейді.» деп оқыған жөн.
      26. Конвенцияның 34-бабына (Ауытқулар)
      2-тармақ
      Бұл тармақты: «Өзінің жақындағаны туралы көлік құралының арнайы аспаптарымен сигнал берген және басқа да жол пайдаланушыларға қауіп төндірмейтін жағдайда жүріп өтудің басым құқығына ие көлік құралдарының жүргізушілері 6-баптың 2-тармағының ережесінен өзге, Конвенцияның II тарауының осы Келісімде жазылған өзгертілген редакциясындағы барлық немесе кейбір ережесін сақтамауына болады деп көзделуі мүмкін. Осы көлік құралдарының жүргізушілері олардың сапалары шұғыл болған жағдайларда ғана осы сигнал аспаптарын пайдалана алады» деп оқыған жөн.

      Албания үшін:

      Австрия үшін:

      Бельгия үшін:

      Болгария үшін:

      Беларусь Кеңестік Социалистік Республикасы үшін:

      Кипр үшін

      Чехословакия үшін:

      Дания үшін:

      Германия Федеративтік Республикасы үшін

      Финляндия үшін:

      Франция үшін:

      Грекия үшін:

      Венгрия үшін

      Исландия үшін:

      Ирландия үшін:

      Италия үшін:

      Люксембург үшін:

      Мальта үшін:

      Нидерланды үшін:

      Норвегия үшін:

      Польша үшін:

      Португалия үшін:

      Румыния үшін:

      Испания үшін:

      Швеция үшін:

      Швейцария үшін:

      Түркия үшін:

      Украина Кеңестік Социалистік Республикасы үшін:

      Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы үшін:

      Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі үшін:

      Америка Құрама Штаттары үшін:

      Югославия үшін

      1968 жылғы 8 қарашадағы Жол жүрісі туралы конвенцияны толықтыратын 1971 жылғы 1 мамырда Женева қаласында жасалған Еуропалық келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                                 Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні ағылшын және француз тілдерінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады