Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық кредит беру және қаржылық қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 10 ақпандағы № 406-IV Заңы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылғы 27 желтоқсанда қабылдаған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім) (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1994 ж., № 23-24 (қосымша); 1995 ж., № 15-16, 109-құжат; № 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 187-құжат; № 14, 274-құжат; № 19, 370-құжат; 1997 ж., № 1-2, 8-құжат; № 5, 55-құжат; № 12, 183, 184-құжаттар; № 13-14, 195, 205-құжаттар; 1998 ж., № 2-3, 23-құжат; № 5-6, 50-құжат; № 11-12, 178-құжат; № 17-18, 224, 225-құжаттар; № 23, 429-құжат; 1999 ж., № 20, 727, 731-құжаттар; № 23, 916-құжат; 2000 ж., № 18, 336-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 1, 7-құжат; № 8, 52-құжат; № 17-18, 240-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 2, 17-құжат; № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 1-2, 3-құжат; № 11, 56, 57, 66-құжаттар; № 15, 139-құжат; № 19-20, 146-құжат; 2004 ж., № 6, 42-құжат; № 10, 56-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 10, 31-құжат; № 14, 58-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 4-құжат; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 13, 85-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20, 21-құжаттар; № 4, 28-құжат; № 16, 131-құжат; № 18, 143-құжат; № 20, 153-құжат; 2008 ж., № 12, 52-құжат; № 13-14, 58-құжат; № 21, 97-құжат; № 23, 114, 115-құжаттар; 2009 ж., № 2-3, 7, 16, 18-құжаттар; № 8, 44-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 125, 134-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 2-құжат; № 7, 28-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 112-құжат):

      1) 282-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, ұзақ мерзiмдi мiндеттемелерде тараптар келіскен шарттарда төлемдi индекстеу көзделуi мүмкiн.»;

      2) 307-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «307-бап. Кепiл туралы шарттың мазмұны мен нысаны

      1. Кепiл туралы шартта кепiлдiң нысанасы мен оны бағалау, кепiлмен қамтамасыз етiлетiн мiндеттеменiң мәнi, мөлшерi және орындалу мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Сондай-ақ онда кепiлге қойылған мүлiк тараптардың қайсысында екендiгi және оны пайдалануға болатындығы көрсетiлуге тиiс.
      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, кепіл нысанасын бағалау теңгемен көрсетіледі және тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін. Міндеттемені шетел валютасында қамтамасыз ететін кепіл нысанасын бағалау теңгемен және кепіл туралы шарт жасалған күнгі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша міндеттеме валютасымен көрсетіледі.
      2. Кепiл туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарындағы қағидаларды сақтамау кепiл туралы шарттың жарамсыз болуына әкеп соғады.»;

      3) 318-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші сөйлеммен толықтырылсын:
      «Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда, кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп соттан тыс өткізуге жол берілмейді.»;

      4) 370-баптың 2-тармағының 4-1) тармақшасы «туындайтын болса,» деген сөздерден кейін «лицензиядан айрылған не» деген сөздермен толықтырылсын.

      2. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 16-17, 642-құжат; № 23, 929-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 1-2, 7-құжат; № 4, 25-құжат; № 11, 56-құжат; № 14, 103-құжат; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 3-4, 16-құжат; № 5, 25-құжат; № 6, 42-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 21-22, 87-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 4, 24, 25-құжаттар; № 8, 45-құжат; № 11, 55-құжат; № 13, 85-құжат; 2007 ж., № 3, 21-құжат; № 4, 28-құжат; № 5-6, 37-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 12, 88-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16-құжат; № 9-10, 48-құжат; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 3-4, 12-құжат; № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 112-құжат):

      1) 718 және 728-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      «718-бап. Қарыз шарты бойынша сыйақы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қарыз нысанасын пайдаланғаны үшiн қарыз алушы шартта айқындалған мөлшерде қарыз берушiге сыйақы төлейдi.
      2. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микрокредиттік ұйымдардың және кредиттік серіктестіктердің қарыз алушыларының құқықтарын қорғау қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты қарыз беруші алатын сыйақыны, комиссиялық және өзге де төлемдердің барлық түрлерін қамтитын және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен есептелетін жылдық тиімді сыйақы ставкасының шекті мөлшерін белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
      Жылдық тиімді сыйақы ставкасының шекті мөлшері қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
      3. Егер қарыз шарты бойынша қарыз алушыға заттар берiлсе, сыйақы төлеу оның көлемi мен нысаны (ақшалай немесе заттай) шартта көзделген жағдайда жүргiзiледi.
      4. Сыйақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi қарыз шартында белгiленедi.
      Егер сыйақы төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi шартта белгiленбесе, ол ай сайын төленедi.
      5. Егер қарыз алушы қарыз нысанасын мерзiмiнде қайтармаса, сыйақы қарыз нысанасын пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi.»;

      «728-бап. Банктік қарыз шартының ерекшелiктерi

      Банктік қарыз шартының мынадай ерекшелiктерi бар:
      1) уәкiлеттi мемлекеттiк органның ақшалай нысанда қарыз беруге лицензиясы бар банк немесе өзге де заңды тұлға қарыз берушi ретінде әрекет етеді;
      2) шарттың нысанасы алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша болып табылады. Соңғы жағдайда, егер осы шартта өзгеше көзделмесе, шарт жасалған кезiнен бастап (осы Кодекстiң 393-бабының 1-тармағы) күшiне енген болып есептеледi;
      3) шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Жазбаша нысанды сақтамау банктік қарыз шартының жарамсыздығына әкеп соғады;
      4) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, шартта банктің немесе уәкілетті мемлекеттік органның ақшалай нысанда қарыз беруге лицензиясы бар өзге де заңды тұлғаның шарт талаптарын біржақты өзгерту құқығын көздейтін талап қамтылмайды;
      5) Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, банктiк қарыз шартына осы Кодекстiң 722-бабы 2-тармағының ережелерi қолданылмайды;
      6) осы Кодекстің 722-бабы 3 және 4-тармақтарының ережелері қарыз алушы қарыз нысанасының кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күн мерзімнен асырып бұзған кезде банктік қарыз шартына қолданылады.
      Банктерге осы банк эмитентi болып табылатын акциялармен қамтамасыз етiлген қарыздар беруге не осы акцияларды сатып алуға арналған қарыздар беруге тыйым салынады.»;

      2) 740-баптың 1-тармағындағы «Заңды тұлғалар» деген сөздерден кейін «(уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату үдерісінде тұрған банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда)» деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 760-баптың 2-тармағындағы «Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе,» деген сөздер «Банк салымы шартында көзделген салым мерзімін ұзарту жағдайларын қоспағанда,» деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 5-6, 24-құжат; № 17-18, 241-құжат; № 21-22, 281-құжат; 2002 ж., № 4, 33-құжат; № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 25-құжат; № 5, 30-құжат; № 11, 56, 64, 68-құжаттар; № 14, 109-құжат; № 15, 122, 139-құжаттар; № 18, 142-құжат; № 21-22, 160-құжат; № 23, 171-құжат; 2004 ж., № 6, 42-құжат; № 10, 55-құжат; № 15, 86-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 139, 140-құжаттар; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 7-8, 19-құжат; № 9, 26-құжат; № 13, 53-құжат; № 14, 58-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 21-22, 86, 87-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 19, 20-құжаттар; № 3, 22-құжат; № 5-6, 31-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72, 77-құжаттар; № 13, 85, 86-құжаттар; № 15, 92, 95-құжаттар; № 16, 98, 102-құжаттар; № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 16, 18-құжаттар; № 3, 20, 23-құжаттар; № 4, 28, 33-құжаттар; № 5-6, 40-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 12, 88-құжат; № 13, 99-құжат; № 15, 106-құжат; № 16, 131-құжат; № 17, 136, 139, 140-құжаттар; № 18, 143, 144-құжаттар; № 19, 146, 147-құжаттар; № 20, 152-құжат; № 24, 180-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; № 12, 48, 51-құжаттар; № 13-14, 54, 57, 58-құжаттар; № 15-16, 62-құжат; № 20, 88-құжат; № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; № 24, 126, 128, 129-құжаттар; 2009 ж., № 2-3, 7, 21-құжаттар; № 9-10, 47, 48-құжаттар; № 13-14, 62, 63-құжаттар; № 15-16, 70, 72, 73, 74, 75, 76-құжаттар; № 17, 79, 80, 82-құжаттар; № 18, 84, 86-құжаттар; № 19, 88-құжат; № 23, 97, 115, 117-құжаттар; № 24, 121, 122, 125, 129, 130, 133, 134-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 1, 4, 5-құжаттар; № 5, 23-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 8, 41-құжат; № 9, 44-құжат; № 11, 58-құжат; № 13, 67-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 112, 114-құжаттар; № 20-21, 119-құжат; 2010 жылғы 24 қарашада «Егемен Қазақстан» және 2010 жылғы 23 қарашада «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне биоотын өндiрiсiн және айналымын мемлекеттiк реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2010 жылғы 15 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2010 жылғы 27 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 8 қаңтарда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2011 жылғы 11 қаңтарда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2010 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы):

      1) 96-бапта:
      тақырып «Жеке» деген сөзден кейін «немесе заңды» деген сөздермен толықтырылсын;
      бірінші абзацтағы «адамға» деген сөз «жеке немесе заңды тұлғаға» деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 14-тарау мынадай мазмұндағы 158-5-баппен толықтырылсын:

      «158-5-бап. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау
                  тәртiбi мен мерзімдерін бұзу

      1. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасында белгіленген жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі мен мерзімдерін ірі кәсіпкерлік субъектісінің бұзуы, -
      лауазымды адамдарға - отыз, заңды тұлғаларға - елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
      2. Осы баптың біріншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер (әрекетсіздік), –
      лауазымды адамдарға - елу, заңды тұлғаларға – жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.»;

      3) 541-баптың бірінші бөлігі «158-4,» деген цифрлардан кейін «158-5,» деген цифрлармен толықтырылсын;

      4) 637-баптың бірінші бөлігі «151,» деген цифрлардан кейін «158-5,» деген цифрлармен толықтырылсын.

      4. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 15-16, 106-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 184-құжат; № 15, 281-құжат; № 19, 370-құжат; 1997 ж., № 5, 58-құжат; № 13-14, 205-құжат; № 22, 333-құжат; 1998 ж., № 11-12, 176-құжат; № 17-18, 224-құжат; 1999 ж., № 20, 727-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 9, 86-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 5, 31-құжат; № 10, 51-құжат; № 11, 56, 67-құжаттар; № 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., № 11-12, 66-құжат; № 15, 86-құжат; № 16, 91-құжат; № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 55, 58-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 11, 55-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28, 33-құжаттар; 2008 ж., № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18, 21-құжаттар; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 17-18, 111-құжат):

      1) 31-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Операцияларды жүргiзудiң жалпы шарттары туралы қағидаларды банктің директорлар кеңесi бекiтуге және онда мынадай мәлiметтер мен рәсiмдер:
      1) қабылданатын депозиттер мен берiлетiн кредиттердің шектi сомалары мен мерзiмдерi;
      2) депозиттер мен кредиттер бойынша сыйақы ставкасының шектi шамасы;
      3) депозиттер мен кредиттер бойынша сыйақы төлеу шарттары;
      4) банк қабылдайтын қамтамасыз етуге қойылатын талаптар;
      5) банк операцияларын жүргiзуге арналған ставкалар мен тарифтер;
      6) банктік қызметтерді көрсету туралы шешім қабылдаудың шекті мерзімдері;
      7) банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау тәртібі;
      8) банк пен оның клиентiнiң құқықтары мен мiндеттерi, олардың жауапкершiлiгi;
      9) ислам банкiнiң және оның клиентiнiң құқықтары мен мiндеттерi, ислам банкiнiң банк операцияларын жүргiзу шарттары және соған байланысты тәуекелдер;
      10) клиенттермен жұмыс тәртібі туралы ереже;
      11) банктің директорлар кеңесi операцияларды жүргiзудiң жалпы шарттарына енгiзу қажет деп есептейтiн өзге де шарттар, талаптар және шектеулер болуға тиiс.
      Операцияларды жүргізудің жалпы шарттары туралы қағидалар банктік қызметтерді көрсету және банктердің уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау тәртібіне сәйкес келуге тиіс.»;

      2) 34, 35, 36 және 39-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      «34-бап. Банктік қарыз операциясы

      1. Қарыз алушының (клиенттiң) өзi және жасалатын мәмiле туралы мәлiметтердi, сондай-ақ тараптардың өз мiндеттемелерiн орындауына байланысты ақпаратты кредиттiк бюролардың деректер базасына беруiне жазбаша келiсiмiнiң болуы банктiң, ипотекалық ұйымның, номиналды ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығымен брокердiң және (немесе) дилердiң немесе агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтiң еншiлес ұйымдарының банктiк қарыз шартын жасасуының, лизингтік, факторингтiк, форфейтингтiк операцияларды жүзеге асыруының, вексельдердi есепке алуының, кепiлдiктер, кепiлдемелер, аккредитивтер шығаруының мiндеттi талабы болып табылады.
      2. Банктік қарыз шартының міндетті талаптарының тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
      3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шартының талаптарын оларды қарыз алушы үшін жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы.
      4. Кез келген валютаның баламасына таңылып, теңгемен берілген банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені және төлемдерді индекстеуге жол берілмейді. Бұл шектеулер банктердің арасында жасалатын шарттарға қолданылмайды.
      5. Тізбесін уәкілетті орган белгілейтін оффшорлық аймақтарда тіркелген тұлғаларға банктік қарыздар беруге тыйым салынады.
      6. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның мынадай:
      1) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның жаңа қарыздар беруді жүзеге асырмау құқығы туындайтын, банктік қарыз шартында көзделген;
      2) қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алдындағы өз міндеттемелерін бұзған;
      3) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүргізетін мониторинг нәтижелері бойынша анықталған қарыз алушының қаржылық жағдайы нашарлаған;
      4) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз шартын тиісінше орындауына әсер ететін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары өзгерген жағдайларды қоспағанда, жасалған банктік қарыз шартының (шарттарының) шеңберінде жаңа қарыздар беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқығы жоқ.
      7. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алған қарыз алушы - жеке тұлға, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыларды төлей отырып, банктік қарыз шартын жасасқан күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтаруға құқылы.
      Осы тармақта көзделген жағдайда, қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбы немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлері алынбайды.
      8. Банктiк қарыз операциялары банктiң, ипотекалық ұйымның, номиналды ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар брокердiң және (немесе) дилердiң немесе агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтiң еншiлес ұйымының басқару органы бекiтетiн Ішкi кредит саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      9. Банктiң кредит комитетi ішкi кредиттік саясатты жүзеге асыратын орган болып табылады.
      10. Iшкi кредиттік саясат туралы қағидалар банктiк қарыз операцияларын жүзеге асыру кезiнде тәуекелдi төмендету мақсатында жасалады және мыналарды:
      1) жеке және заңды тұлғаларға кредиттер беру шарттарын;
      2) лауазымды адамдар мен банк қызметкерлерiне кредит беру шарттарын;
      3) кредиттік комитеттiң ұйымдық құрылымын, функциясын және өкiлеттiгiн;
      4) кредиттік комитет мүшелерiнiң жауапкершiлiгiн;
      5) кредит берудiң лимиттерін;
      6) кредиттік шарттарды бекiту рәсiмiн;
      7) кредит беру туралы өтініштерді қараудың, кредит беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдаудың, кредит беру шарттарын өзгертудің шекті мерзімдерін айқындайды.
      11. Егер қарыз беру туралы шарттарда сақтандыру және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында бағалау жүргізу шарттарын жасасу туралы талаптар көзделген болса, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыға, кепіл берушіге сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдауда шек қоюға құқығы жоқ.
      Қарыз алушыға банктік қарыз шартымен өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндеті жүктелмейді.
      12. Осы баптың 4, 5, 8 – 11-тармақтарында белгiленген нормалар банктердiң кепiлдiктер мен кепiлдемелер беру жөнiндегi операцияларына, сондай-ақ осы Заңның 52-5-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген ислам банктерiнiң операцияларына қолданылады.
      13. Ислам банкiнiң банктiк қарыз және өзге де операцияларды жүргiзу ерекшелiктерi мен шектеулерi осы Заңның 4-1-тарауында белгiленедi.

      35-бап. Кредиттердің қайтарымдылығын қамтамасыз ету

      1. Кредиттердің қайтарымдылығы тұрақсыздық айыбымен, кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлдемемен және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
      2. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты, оның ішінде ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері әрбір мерзімі өткен күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.
      3. Клиент кредитті өтеуге жоғары қабiлеттi және сенiмдi болған жағдайда, банк қамтамасыз етпестен кредит (бланкілік кредит) беру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      Банк бiр қарыз алушыға осы қарыз алушының банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан алған қарыз қаражатының көлемiн шегере отырып, осы қарыз алушы активтерінiң орташа жылдық құнынан асатын жалпы сомаға бланкілік кредит беруге немесе қамтамасыз етiлмеген шартты мiндеттеменi қабылдауға құқылы емес. Қарыз алушы активтерiнiң орташа жылдық құны есептi жылдың басынан бастап осы кредиттi алған күнге дейiнгi кезеңге есептеледi.
      4. Егер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін бірнеше кепіл нысанасы берілсе, онда қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындаған жағдайда және қарыз алушы, кепіл беруші кепілдік қамтамасыз етуді азайту туралы талаппен өтініш жасаған кезде бағалаушы айқындаған кепіл нысаналарының нарықтық құны банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) кепілдік саясатының талаптарын ескергенде, қарыз алушы міндеттемелерінің орындалмаған бөлігінің сомасынан асып кеткен жағдайда, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушы, кепіл беруші өтініш жасаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарыз алушы міндеттемелерінің мөлшерінен асып кеткен бөлігінде бір немесе бірнеше кепіл нысанасының кепілі туралы шартты (шарттарды) бұзу (өзгерту) жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
      5. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда, банк кепiлдегі мүлiктi сот тәртiбінен тыс сауда-саттық (аукцион) өткiзу арқылы мәжбүрлі түрде сот тәртібінен тыс дербес өткiзуге құқылы.
      6. Осы баптың 1 - 5-тармақтарында белгiленген нормалар банктердiң кепiлдiктер мен кепiлдемелер беру жөнiндегi операцияларын қамтамасыз етуге қолданылады.

      36-бап. Төлем қабілеті жоқ қарыз алушыға қатысты қолданылатын
              шаралар

      Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған кезде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушыны банктік қарыз шартында көзделген әдіспен банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді төлеу қажеттігі туралы және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамауының салдарлары туралы хабардар етуге міндетті.
      Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған кезде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушыға мынадай шаралар қолдануға:
      1) қарыз алушыға қатысты шаралар қолдану туралы мәселені банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның уәкілетті органының қарауына шығаруға құқылы. Шаралар қолдану туралы шешім қабылдау банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның Ішкі кредиттік саясат туралы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;
      2) Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен, қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы, қарыз алушы мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер түрінде алатын ақшаны қоспағанда, қарыз алушының кез келген банктік шоттарындағы ақшаны даусыз (акцептсіз) тәртіппен өндіріп алуға (егер мұндай өндіріп алу банктік қарыз шартында ескертілген болса);
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) банктік қарыз шартында көзделген кез келген шараларды қолдануға, оның ішінде банктік қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікті соттан тыс тәртіппен (Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларды қоспағанда) не сот тәртібімен өндіріп алуға;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы - заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.»;

      «39-бап. Ставкалар мен тарифтер

      1. Сыйақы ставкалары мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.
      2. Жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттарында, оның ішінде ипотекалық қарыз шарттарында банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар сыйақының тіркелген не құбылмалы ставкасын белгілейді және қарыз алушының таңдауы бойынша банктік қарыз шартын жасасқан күнгі банк ұсынған қарызды өтеу әдісін көрсетеді.
      Ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын жасасқанға дейін, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарызды өтеу әдісін таңдау үшін әртүрлі әдістермен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобаларын жеке тұлғаға беруге міндетті. Қарыз алушыға банктік қарыз шартында белгіленген кезеңділікпен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:
      сараланған төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылған төлемдермен жүзеге асырылады;
      аннуитеттік төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылған төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылған төлемдерді қамтитын банктік қарыздың бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.
      Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға өздерінің ішкі қағидаларына сәйкес есептелген қарызды өтеудің қосымша әдістерін ұсынуға құқылы.
      Сыйақының тіркелген ставкасы біржақты тәртіппен өзгертілуге жатпайды.
      Сыйақының тіркелген ставкасы тараптардың келісімі бойынша азаю жағына қарай не шарттың қолданылу мерзімі ішінде сыйақының құбылмалы ставкасына қарай өзгеруі мүмкін.
      Сыйақының тіркелген ставкасы тараптардың келісімі бойынша оның шартта айқындалған қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлғаю жағына қарай өзгеруі мүмкін, бірақ ол банктік қарыз шарты жасалған күннен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді. Тараптардың келісімі бойынша сыйақының тіркелген ставкасының ұлғаю жағына қарай одан кейінгі әрбір өзгеруі тіркелген ставканың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мүмкін болады, бірақ сыйақының тіркелген ставкасының алдыңғы өзгерген күнінен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді.
      Сыйақының құбылмалы ставкасын есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
      Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қарыз шартын жасасу күні белгіленген тарифтердің, комиссиялық сыйақылардың және қарызға қызмет көрсету жөніндегі басқа да шығыстардың мөлшерін және оларды есептеу тәртібін біржақты тәртіппен ұлғаю жағына қарай өзгертуге құқығы жоқ.
      3. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шарттарында қарыз беруге байланысты өндіріп алуға жататын комиссиялардың толық тізбесін және олардың мөлшерін көрсетуге міндетті және жасалған шарт шеңберінде комиссиялардың жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге құқығы жоқ.
      4. Банктің интернет-ресурсында жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін банктік және өзге де қызметтер үшін ставкалар мен тарифтер туралы ақпарат орналастырылуға тиіс. Ставкалар мен тарифтер туралы ақпарат қолданыстағы ставкалар мен тарифтерге өзгерістердің енгізілу күні туралы мәліметтер, ішкі құжаттың нөмірі және осы өзгерісті қабылдаған орган көрсетіліп, өзекті режимде сақталып тұруға тиіс.
      5. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін өндіріп алуға құқығы жоқ.
      6. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың:
      1) банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда, қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты дәйекті ақпарат беру бойынша қарыз алушы өз міндеттемелерін бұзған;
      2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ банктік қарыз шартында көзделген мынадай:
      банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) алдын ала жазбаша хабарламасын алмай-ақ, акционерлік қоғам (шаруашылық серіктестік) акцияларының (қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызын жинақтап алғанда иеленетін қарыз алушы қатысушыларының (акционерлерінің) құрамы өзгерген;
      кепіл ұстаушы болып табылатын банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құжаттар бойынша және кепілге қойылған мүліктің іс жүзінде болуын, көлемін, жай-күйін және сақтау шартын тексеру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қарыз алушының (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға кепілге қойылған мүлікке талап қою құқықтарын қарыз алушы және (немесе) кепіл беруші бұзған жағдайларда, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның міндеттемелердің мерзімінен бұрын орындалуын талап ету құқығы туындаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен банктік қарыз шартын жасасқан күні белгіленген сыйақы ставкаларын ұлғайту жағына біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ.
      7. Ислам банктерін қоспағанда, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы ставкаларын (нақты құнын) көрсетуге міндетті, оның тәртібін уәкілетті орган клиенттермен жасалатын шарттарда, сондай-ақ қарыздар мен салымдар (банкаралықты қоспағанда) бойынша сыйақы шамасы туралы ақпаратты таратқанда, оның ішінде оны жариялағанда белгілейді.
      Осы бапта белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, уәкілетті орган банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осы Заңда көзделген шектеулі ықпал ету шараларын және (немесе) санкцияларды қолданады.»;

      3) 2-тарау мынадай мазмұндағы 40-1, 40-2, 40-3 және 40-4-баптармен толықтырылсын:

      «40-1-бап. Банк омбудсманы, оның мәртебесі және оны сайлау
                 тәртібі

      1. Қарыз алушының және банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қанағаттандыру туралы келісімге қол жеткізу мақсатында банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және қарыз алушы - жеке тұлға арасындағы ипотекалық қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді оның өтініші бойынша реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға банк омбудсманы болып табылады.
      Банк омбудсманы өз қызметінде мынадай:
      1) тараптардың тең құқылығы;
      2) омбудсманның турашылдығы;
      3) банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны сақтау;
      4) тараптардың құқықтарын сақтау және заңмен қорғалатын мүдделерін сыйлау;
      5) шешім қабылдау рәсімінің айқындығы мен негізділігі қағидаттарын басшылыққа алады.
      2. Банк омбудсманын сайлауды және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды өкілдер кеңесі жүзеге асырады. Өкілдер кеңесі:
      1) ипотекалық қарыз беретін әрбір банктен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан;
      2) әділет органдарында тіркелген және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын іске асыруға және қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асыратын, олар болған жағдайда, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығынан (одағынан) және (немесе) тұтынушылардың республикалық қоғамдық бірлестігінен;
      3) уәкілетті органнан бір-бір өкілден құрылады.
      Өкілдер кеңесінің құрамында ипотекалық қарыз беретін банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қатысуы міндетті болып табылады және осы Заң мен өкілдер кеңесі бекіткен банк омбудсманының ішкі қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
      3. Өкілдер кеңесінің құзыреті:
      1) банк омбудсманы қызметіне сайлау үшін кандидатура ұсыну және оны бекіту;
      2) құрылым мен штатты (банк омбудсманының офисін) бекіту;
      3) банк омбудсманының қызметін қаржыландыру тәртібін айқындау;
      4) осы Заңға сәйкес банк омбудсманының қызметін жүзеге асыруға байланысты өзге де мәселелер.
      4. Өкілдер кеңесінің отырысы, егер оған қатысқан өкілдер кеңесінің мүшелері жиынтығында жалпы дауыс санының елу және одан да көп пайызын иеленсе, заңды деп, ал кворум талабы сақталған болып танылады.
      Банк омбудсманы кеңестің отырысына қатысқан өкілдер кеңесінің көпшілік даусымен сайланады. Дауыс беру кезінде өкілдер кеңесінің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады. Дауыстар тең болған кезде уәкілетті орган өкілінің даусы шешуші болып табылады.
      Банк омбудсманын сайлау мәселесі бойынша дауыс беру құпия тәсілмен жүзеге асырылады. Дауыс беру бюллетенінде банк омбудсманы қызметіне сайлау үшін ұсынылған кандидаттар туралы мынадай ақпарат:
      1) тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесінің аты;
      2) білімі туралы мәлімет;
      3) банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға аффилиирленгені туралы мәлімет;
      4) жұмыс орындары мен атқаратын қызметтері туралы мәлімет;
      5) кандидаттардың біліктілігін, жұмыс тәжірибесін растайтын өзге де ақпарат;
      6) «жақтаймын» немесе «қарсымын» деген сөздермен білдірілген мәселе бойынша дауыс беру нұсқалары қамтылуға тиіс.
      5. Банк омбудсманы екі жыл мерзімге сайланады.
      Банк омбудсманының өкілеттігін оның бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату өкілдер кеңесін жазбаша хабардар ету негізінде жүзеге асырылады.
      Өкілдер кеңесіне жазбаша хабарлама өкілдер кеңесі бекіткен банк омбудсманының ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен өкілеттігі тоқтатылғанға дейін бір ай бұрын беріледі.

      40-2-бап. Банк омбудсманына қойылатын талаптар

      1. Банк омбудсманы етіп сайлау үшін:
      1) жоғары білімі жоқ;
      2) мінсіз іскерлік беделі жоқ;
      3) қаржылық қызмет көрсету және (немесе) қаржылық қызметтерді реттеу саласындағы жұмыста үш жылдан аз жұмыс өтілі бар;
      4) бұрын уәкілетті орган оны консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, лицензиядан айыру туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оны мәжбүрлеп тарату немесе банкрот деп тану туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының басқарушы қызметкері болып табылған адам ұсынылмайды. Бұл талап уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау туралы, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу туралы, қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы, сондай-ақ қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағаннан кейін үш жыл бойы қолданылады.
      2. Банк омбудсманының қаржы ұйымдарында және микрокредиттік ұйымдарда кез келген лауазымды атқаруға, банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың аффифлиирленген тұлғасы болуға құқығы жоқ.

      40-3-бап. Банк омбудсманының шешім қабылдау тәртібі

      1. Банк омбудсманы шешімді жеке-дара қабылдайды және ол дауға қатысушы тараптардың назарына жазбаша нысанда жеткізіледі.
      Банк омбудсманы шешім қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын және жасалған шарттардың талаптарын басшылыққа алады.
      2. Банк омбудсманы мынадай:
      сот қарауға қабылдаған және (немесе) олар бойынша заңды күшіне енген сот шешімі бар;
      өтініш беруші адам ипотекалық қарыз шарты шеңберінде туындаған жағдайды реттеу мақсатында оның банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жазған өтінішінің жазбаша дәлелдемесін ұсынбаған;
      істің жаңа мән-жайлары болмаған кезде қайтадан жіберілген;
      сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ипотекалық қарыз шарты бойынша өтініштерді қарамайды.
      3. Банк омбудсманының шешімі, қарыз алушы оны қабылдаған жағдайда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым үшін міндетті.
      Банк омбудсманының шешімімен келіспеген жағдайда мүдделі тарап өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.

      40-4-бап. Банк омбудсманының қызметі

      1. Банк омбудсманының қызметі, оның ішінде дауларды шешу бойынша өтініштерді қарау және шешімдер қабылдау тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органмен келісілген және өкілдер кеңесі бекіткен ішкі қағидалар негізінде жүзеге асырылады.
      2. Жүктелген функцияларды тиісінше орындау мақсатында банк омбудсманының қызметі өкілдер кеңесіне кіретін банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың міндетті жарналары есебінен қаржыландырылады. Банк омбудсманы өкілдер кеңесімен келісім бойынша құрылым мен штат (банк омбудсманының офисін) құруға құқылы.
      3. Банк омбудсманы дауларды шешу барысында алынған ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтауға және оны үшінші тұлғаларға жария етпеуге міндетті.
      Банк омбудсманы өз функцияларын жүзеге асыру барысында алынған мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
      Банк омбудсманы осы баптың 1-тармағында және осы тармақта көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, өкілдер кеңесі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады.»;

      4) 48-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «48-1-бап. Банкті лицензиядан айырудың салдарлары

      1. Барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айрылған банктің банктік немесе өзге де қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      Банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айырылған күнінен бастап:
      1) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға және банкке келіп түсетін ақшаны есепке алуға байланысты жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылады;
      2) құрылтайшылардың (қатысушылардың), банк органдарының банк мүлкіне билік етуге құқығы болмайды;
      3) банктің басшы, ал қажет болған жағдайда өзге де қызметкерлері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан шеттетіледі;
      4) банкті ұстап тұруға арналған ағымдағы шығыстарға байланысты талаптарды қоспағанда, кредиторлардың банкке қоятын талаптары тарату ісі жүргізілгенде ғана қойылуы мүмкін;
      5) кредиторлардың, салық қызметі органдарының талаптары, оның ішінде даусыз (акцептсіз) тәртіппен қанағаттандыруға жататын талаптары бойынша банктің банк шоттарынан ақшаны өндіріп алуға, сондай-ақ банк мүлкінен өтеу үшін өндіріп алуға жол берілмейді;
      6) банктің лауазымды адамдарына өздеріне тиесілі банк акцияларын иеліктен шығаруға тыйым салынады;
      7) банкке қатысты соттардың бұрын қабылдаған шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады;
      8) банктің борышкерлері негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) өтеу бойынша міндеттемелерді жасалған банктік қарыз шарттарына және мәмілелердің өзге де түрлеріне сәйкес орындайды.
      2. Банктiң жұмыс тәртiбi, оның уақытша әкiмшiлiгін (уақытша әкiмшісін) тағайындау, сондай-ақ уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша әкiмшінiң) өкiлеттiгi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.
      3. Банктiң уақытша әкiмшiлiгi (уақытша әкiмшісі) өз қызметiн уәкiлеттi орган банктiң тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңде жүзеге асырады.
      Банктiң тарату комиссиясы тағайындалғанға дейiн банктiң уақытша әкiмшiлiгiнiң (уақытша әкiмшісінiң) қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      4. Банктің уақытша әкімшілігінің (уақытша әкімшісінің) орындалған жұмыс туралы есебі уәкілетті органға бекіту үшін беріледі және оның көшірмесі банкті тарату туралы шешім қабылдаған сотқа жіберіледі.
      5. Банктiң уақытша әкiмшiлiгi (уақытша әкiмшісi) банктің тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде өз өкiлеттiгiн доғарады және банктiң құжаттары мен мүлкiн банктiң тарату комиссиясының төрағасына бередi.
      6. Банктiң құжаттары мен мүлкiн уақытша әкiмшiлiктен тарату комиссиясының төрағасына қабылдау-беру төрт данадан тұратын актiмен ресiмделедi, оның бір данасы уәкілетті органға, екіншісі - банкті тарату туралы шешім қабылдаған сотқа жіберіледі.
      7. Банктiң уақытша әкiмшiлiгiнің (уақытша әкiмшісінің) өз қызметi кезеңiнде осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларын жүзеге асыруға және бұрын банк жасасқан шарттардың талаптарын өзгертуге құқығы жоқ.
      8. Банктiң уақытша әкiмшілігінің (уақытша әкiмшiсiнiң) және тарату комиссиясының құрамына енгізілген уәкiлеттi орган қызметкерлерiнің еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ соттың банктi мәжбүрлеп тарату туралы қабылдаған шешiмi жөнiндегi ақпаратты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң ресми баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялау жөнiндегi шығыстарды және әдiлет органының мәжбүрлеп тарату бойынша банк қызметiнiң тоқтатылғанын мемлекеттiк тiркеуге және банктiң мүлкi болмаған не оның құны осы шығыстарды жабуға жеткiлiксiз болған жағдайларда, банктi тарату аяқталғаннан кейiн құжаттарды сақтау үшін мұрағатқа тапсыруға байланысты шығыстарды қоспағанда, мәжбүрлеп тарату негiзi бойынша банктердi мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруға және олардың қызметiн тоқтатуға байланысты шығыстарды уәкiлеттi органның қаржыландыруына тыйым салынады.»;

      5) 50-бап мынадай мазмұндағы 7-2-тармақпен толықтырылсын:
      «7-2. Банк омбудсманына өзінің қарауында жатқан, қарыз алушы жеке тұлғалардың ипотекалық қарыз шарттарынан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі өтініштерін қарау бойынша банктік құпия ашылуы мүмкін.»;

      6) 51-баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің бірінші сөйлеміндегі «Заңды және жеке тұлғаның» деген сөздер «Жеке немесе заңды тұлғаның (уәкілетті орган лицензиясынан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату үдерісіндегі банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда)» деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 73-бапта:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап осы Заңның 48-1-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 1), 2), 4) - 8) тармақшаларында көзделген салдарлар басталады.»;
      2-тармақтағы «9-тармағында» деген сөздер «8-тармағында» деген сөздермен ауыстырылсын.

      5. «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 165-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 2000 ж., № 18, 336-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат; 2005 ж., № 23, 104-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; № 18, 143-құжат):

      1) 5-3-баптың 1-тармағында:
      бірінші абзацтағы «функцияларды» деген сөз «өкілеттіктерді» деген сөзбен ауыстырылсын;
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;

      2) 22 және 24-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      «22-бап. Ипотеканы өткiзудi тоқтату

      Үшiншi тұлға (заттай кепiлгер) болып табылатын борышкер және (немесе) кепiл берушi кепiл нысанасын сату өткiзiлгенге дейiн кез келген уақытта кепіл ұстаушының талаптарын, оларды ипотекалық шарт талаптарына сәйкес қанағаттандырған кезге қарай оларда қандай талаптар бар болса, сондай көлемде орындап, оған қатысты өндіріп алуды және оның өткiзiлуiн тоқтатуға құқылы. Осы құқықты шектейтiн келiсiм жарамсыз болады.
      Егер сот тәртібінен тыс сауда-саттық өткізу туралы хабарландыру бірінші рет жарияланған күнге дейін борышкер - жеке тұлға және (немесе) үшiншi тұлға (заттай кепiлгер) болып табылатын кепiл берушi кепіл нысанасын сатып алу бағасы кепіл ұстаушының талаптарын іс жүзінде қанағаттандырған кезге қарай оларда қандай талаптар бар болса, сондай көлемде кепіл ұстаушының талаптарын жабатын сатып алушының кепіл ұстаушыға кандидатурасын ұсынса, осы тұлғаның артықшылықпен сатып алу құқығы болады. Бұл жағдайда кепіл ұстаушы кепіл нысанасын сатудан бас тартпауға тиіс.
      Кепіл нысанасын артықшылықпен сатып алу құқығы бар адам кепіл ұстаушыға өзінің кандидатурасы сатып алушы ретінде ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өзі ұсынған сатып алу бағасын төлемеген кезде, кепіл ұстаушы осы Заңда белгіленген тәртіппен соттан тыс сауда-саттық өткізеді.»;

      «24-бап. Ипотеканы сот тәртібінен тыс өткiзу рәсiмi

      1. Ипотеканы сот тәртібінен тыс өткiзу рәсiмi сенiм бiлдiрілген адам ұйымдастыратын кепiлге қойылған мүлiкке сауда-саттық өткiзу арқылы жүргiзiледi.
      2. Сенiм бiлдiрiлген адамды тараптар ипотека шартында айқындайды. Егер сенiм бiлдiрілген адам ипотека шартында айқындалмаса, оны кепiл ұстаушы тағайындайды.
      3. Кепiл ұстаушының талаптарын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға:
      1) жылжымайтын мүлiк ипотекасына басқа адамның немесе органның келiсiмi талап етілген және осындай келiсiм алынбаған;
      2) қоғам үшiн елеулi тарихи, көркемдiк немесе өзге де мәдени құндылығы бар жылжымайтын мүлiк ипотеканың нысанасы болып табылған;
      3) ортақ меншiктегi және оның меншiк иелерiнiң қайсыбiрi кепiл ұстаушының талабын соттан тыс тәртiппен қанағаттандыруға жазбаша келiсiм бермеген жылжымайтын мүлiк ипотеканың нысанасы болып табылған;
      4) жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл ұстаушының ипотекалық шарт тіркелген жердегі орган тіркеген және осы Заңның 26-бабының 7-1) тармақшасында белгіленген мерзімде берілген кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті өткізуді соттан тыс тәртіппен жүргізуден жазбаша түрде бас тартуы болған;
      5) жеке тұлға микрокредиттік ұйыммен (кредиттік серіктестікпен) жасасқан микрокредит (кредит) беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылатын тұрғын үй және (немесе) тұрғын үй орналасқан жер учаскесі ипотеканың нысанасы болып табылған жағдайларда жол берiлмейдi.
      Аталған жағдайларда кепiлге қойылған мүлiкті өндiрiп алу тек сот шешiмiмен ғана жүргiзiледi.»;

      3) 25-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы «негiзгi мiндеттеменiң орындалмағаны» деген сөздерден кейін «және жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл беруші ипотекалық шарт тіркелген жердегі органда тіркелген ипотеканы өткізуді сот тәртібінен тыс жүргізуден жазбаша бас тартуды бермегені» деген сөздермен толықтырылып, «отыз күннен ерте емес» деген сөздер «күнтізбелік отыз күннен ерте емес» деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 26-бап мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «7-1) жеке тұлға болып табылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл берушінің ипотекалық шарт тіркелген жердегі органда тіркелген ипотеканы өткізуді сот тәртібінен тыс жүргізуден жазбаша түрде бас тартқаны туралы хабарламаны тапсырған немесе тапсырыс хатпен жіберген кезден бастап күнтізбелік жиырма бес күн ішінде беру құқығы туралы талап;»;

      5) 28-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Сенiм бiлдiрілген адам сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтізбелік он күн бұрын жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша Қазақстан Республикасы облысының, республикалық маңызы бар қаласының, астанасының аумағында таратылатын мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде сауда-саттық туралы хабарландыру жариялайды.».

      6. «Жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу туралы» 1998 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 13, 196-құжат; 2003 ж., № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2006 ж., № 23, 141-құжат; 2009 ж., № 19, 88-құжат; № 24, 134-құжат):

      1) 10-баптың 2-тармағындағы «осы Заңның 11-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, екi күн» деген сөздер «құжаттарды қабылдаған кезден бастап екі жұмыс күні» деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 11-баптың 2-тармағындағы «бес» деген сөз «екі» деген сөзбен ауыстырылсын.

      7. «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 20, 381-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 3, 19-құжат; № 10, 54-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2009 ж., № 23, 97-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат):
      6-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) ипотекалық қарыз беру кезінде, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікті өткізу қажет болған кезде ипотекалық кредит беру үшiн;».

      8. «Микрокредиттік ұйымдар туралы» 2003 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 4, 23-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; № 23, 140-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат):

      1) 3-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      «4. Микрокредиттік ұйым микрокредит беруге байланысты комиссияны, сыйақыны және өзге де төлемдерді микрокредит берілгеннен кейін өндіріп алады.»;

      2) 4-баптың 2-тармағында:
      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «5-1) микрокредит беру туралы шарттың нөмірі мен жасалған күні, микрокредитті өтеу және сыйақы сомалары қамтылған кезекті төлемдерді өтеу күндері және мөлшерлері, келесі өтеу күніне микрокредит сомасының қалдықтары көрсетілген, сондай-ақ микрокредит беру туралы шартқа қол қойылған күнгі микрокредит пен сыйақының жалпы сомасы көрсетілген микрокредит беру туралы шарт тараптарының екеуі де қол қойған микрокредитті өтеу кестесі;»;
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) микрокредит бойынша сыйақы ставкаларының мөлшері, оның ішінде осы Заңның 4-1-бабында белгіленген тәртіппен есептелген жылдық сыйақы ставкасының және жылдық тиімді сыйақы ставкасының мөлшері (микрокредиттің нақты құны);»;

      3) мынадай мазмұндағы 4-1-баппен толықтырылсын:

      «4-1-бап. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын
                есептеу

      1. Жылдық тиімді сыйақы ставкасы – микрокредитті бергені, қызмет көрсеткені және оны өтегені (қайтарғаны) үшін микрокредиттік ұйымға төлеуге жататын сыйақыны, бар болған кезде – комиссиялық және өзге де төлемдерді қамтитын, қарыз алушының шығыстарын ескере отырып есептелетін микрокредит бойынша дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы ставкасы.
      Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасының мөлшері қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеуді және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс.
      2. Микрокредиттік ұйымдар жылдық тиімді сыйақы ставкасын микрокредит беру туралы шарттың тармағында көрсетеді, онда сыйақының жылдық ставкасының мөлшері көрсетіледі.
      3. Берілетін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасы мынадай формула бойынша есептеледі:

             (СЖС + ТЖС)/(БҚ/М)
      ЖТСС = ----------------- x 12 x 100, мұнда:
                     М

      ЖТСС – микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасы;
      СЖС – микрокредитті пайдаланудың бүкіл мерзім ішіндегі сыйақының жалпы сомасы;
      ТЖС – микрокредитті пайдаланудың бүкіл мерзімі ішінде микрокредитті бергені, қызмет көрсеткені және өтегені (қайтарғаны) үшін микрокредиттік ұйымның комиссиялық және өзге де төлемдерінің жалпы сомасы;
      БҚ – микрокредитті пайдаланудың бүкіл мерзімі ішіндегі микрокредит бойынша ай сайынғы берешек қалдықтарының жалпы сомасы;
      М – микрокредитті айлар бойынша өтеу мерзімі.
      4. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу кезінде:
      1) микрокредитті өтеудің бүкіл мерзімі ішіндегі микрокредит бойынша сыйақы;
      2) комиссиялық және өзге де төлемдер – микрокредит беру туралы шартқа сәйкес микрокредиттік ұйымға төлеуге жататын микрокредитті алуға, пайдалануға және өтеуге (қайтаруға) байланысты, микрокредит беру туралы шарт жасасқан кезде мөлшері мен төлеу мерзімдері белгілі болған қарыз алушының шығыстары ескеріледі.
      5. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу кезінде:
      1) тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл), оның ішінде қарыз алушының микрокредит беру туралы шарттың талаптарын сақтамағаны үшін;
      2) микрокредитке қызмет көрсету бойынша микрокредит беру туралы шартта көзделген, шамасы және (немесе) төлеу мерзімдері шарт жасасқан күні белгісіз болған және қарыз алушының шешіміне және (немесе) оның жасаған әрекетіне (микрокредитті мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеу) байланысты төлемдер ескерілмейді.
      6. Қарыз алушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімдерін өзгертуге әкеп соғатын микрокредит беру туралы шарттың талаптары өзгерген кезде жылдық тиімді сыйақы ставкасының нақтыланған мәнін есептеу, микрокредит беру туралы шарттың қолданылу мерзімі басталғанда қарыз алушы жүргізген микрокредит бойынша төлемдер ескерілмей, талаптары өзгертілетін күнгі микрокредитті өтеудің қалған мерзіміндегі берешек қалдығы негізге алынып жүргізіледі.».

      9. «Кредиттiк серiктестiктер туралы» 2003 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 5, 32-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 55-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 11, 55-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат):

      1) 20-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
      «4-1. Кредиттік шартта, осы Заңның 20-1-бабында белгіленген тәртіппен есептелген сыйақы ставкасының мөлшері, жылдық тиімді сыйақы ставкасының мөлшері (кредиттің нақты құны), сондай-ақ қарыз алушының таңдауы бойынша кредиттi өтеу әдісі қамтылуға тиіс.»;

      2) мынадай мазмұндағы 20-1-баппен толықтырылсын:

      «20-1-бап. Кредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын
                 есептеу

      1. Жылдық тиімді сыйақы ставкасы – кредит бергені, қызмет көрсеткені және оны өтегені (қайтарғаны) үшін кредиттік серіктестікке төлеуге жататын сыйақыны, бар болған кезде - комиссиялық және өзге де төлемдерді қамтитын, кредиттік серіктестікке қатысушының шығыстарын ескере отырып есептелетін, кредит бойынша дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы ставкасы.
      Кредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасының мөлшері қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеуді және қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс.
      2. Кредиттік серіктестіктер жылдық тиімді сыйақы ставкасын кредиттік шарттың тармағында көрсетеді, онда сыйақы ставкасының мөлшері көрсетіледі.
      3. Берілетін кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасы мынадай формула бойынша есептеледі:

                (СЖС + ТЖС)/(БҚ/М)
      ЖТСС = ----------------------- x 12 x 100, мұнда:
                        М

      ЖТСС – кредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасы;
      СЖС - кредитті пайдаланудың бүкіл мерзім ішіндегі сыйақының жалпы сомасы;
      ТЖС - кредитті пайдаланудың бүкіл мерзімі ішінде кредит бергені, қызмет көрсеткені және оны өтегені (қайтарғаны) үшін кредиттік серіктестіктің комиссиялық және өзге де төлемдерінің жалпы сомасы;
      БҚ - кредитті пайдаланудың бүкіл мерзімі ішіндегі кредит бойынша ай сайынғы берешек қалдықтарының жалпы сомасы;
      М - кредитті айлар бойынша өтеу мерзімі.
      4. Кредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу кезінде:
      1) кредитті өтеудің бүкіл мерзімі ішіндегі кредит бойынша сыйақы;
      2) комиссиялық және өзге де төлемдер – кредиттік шартқа сәйкес кредиттік серіктестікке төлеуге жататын кредитті алуға, пайдалануға және оны өтеуге (қайтаруға) байланысты, кредиттік шарт жасасқан кезде мөлшері мен төлеу мерзімдері белгілі болған кредиттік серіктестікке қатысушының шығыстары ескеріледі.
      5. Кредит бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу кезінде:
      1) тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл), оның ішінде кредиттік серіктестікке қатысушының кредиттік шарттың талаптарын сақтамағаны үшін;
      2) кредитке қызмет көрсету бойынша кредиттік шартта көзделген, шамасы және (немесе) төлеу мерзімдері шарт жасасқан күні белгісіз болған және кредиттік серіктестікке қатысушының шешіміне және (немесе) оның жасаған әрекетіне (кредитті мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеу) байланысты төлемдер ескерілмейді.
      6. Кредиттік серіктестікке қатысушының ақшалай міндеттемелерінің сомасын (мөлшерін) және (немесе) оларды төлеу мерзімдерін өзгертуге әкеп соғатын кредиттік шарттың талаптары өзгерген кезде жылдық тиімді сыйақы ставкасының нақтыланған мәнін есептеу, кредиттік шарттың қолданылу мерзімі басталғанда кредит бойынша төлемдер ескерілмей, кредиттік серіктестікке қатысушы жүргізген, талаптары өзгертілетін күнгі кредитті өтеудің қалған мерзіміндегі берешек қалдығы негізге алынып жүргізіледі.».

      10. «Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 10, 55-құжат; № 21-22, 160-құжат; 2004 ж., № 23, 140-құжат; 2005 ж., № 14, 58-құжат; 2006 ж., № 10, 52-құжат; № 16, 99-құжат; 2007 ж., № 4, 28, 33-құжаттар; № 9, 67-құжат; № 20, 153-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 17, 81-құжат; № 24, 133-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат):

      1) 14-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоғам акционерi:
      1) осы Заңда және қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғамды басқаруға қатысуға;
      2) дивидендтер алуға;
      3) қоғамның қызметi туралы ақпарат алуға, оның iшiнде акционерлердiң жалпы жиналысында немесе қоғамның жарғысында айқындалған тәртiппен қоғамның қаржылық есептiлiгiмен танысуға;
      4) қоғамның тiркеушiсiнен немесе номиналды ұстаушыдан оның бағалы қағаздарға меншiк құқығын растайтын үзiндi көшiрмелер алуға;
      5) қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысына қоғамның директорлар кеңесiне сайлау үшiн кандидатуралар ұсынуға;
      6) қоғамның органдары қабылдаған шешiмге сот тәртiбiмен дау айтуға;
      7) қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын дербес немесе басқа акционерлермен жинақтап алғанда иеленген кезде, осы Заңның 63 және 74-баптарында көзделген жағдайларда, өз атынан сот органдарына қоғамның лауазымды адамдарының қоғамға келтірілген залалдарды қоғамға өтеуі және қоғамның лауазымды адамдарының және (немесе) олардың аффилиирленген тұлғаларының ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу (жасасуға ұсыныс) туралы шешім қабылдау нәтижесінде алған пайданы (табысты) қоғамға қайтаруы туралы талаппен жүгінуге;
      8) қоғамға оның қызметi туралы жазбаша сұрау салуға және қоғамға сұрау салу келiп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде дәлелдi жауаптар алуға;
      9) қоғам таратылған кезде мүлiктiң бiр бөлiгiне;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңда белгiленген тәртiппен өз акцияларына айырбасталатын қоғамның акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын артықшылықпен сатып алуға құқылы.»;

      2) 44-бапта:
      2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қоғамның директорлар кеңесін сайлау (директорлар кеңесінің жаңа мүшесін сайлау) туралы мәселе енгізілген жағдайда, материалдарда директорлар кеңесінің мүшелігіне ұсынылып отырған кандидат қай акционердің өкілі болып табылатындығы немесе ол қоғамның тәуелсіз директоры лауазымына кандидат болып табылатын-табылмайтындығы көрсетілуге тиіс. Егер директорлар кеңесінің мүшелігіне кандидат акционер не осы Заңның 54-бабының 3-тармағында көрсетілген жеке тұлға болып табылса, онда бұл мәліметтер де акционерлердің тізімі қалыптастырылған күнгі қоғамның дауыс беретін акцияларын акционердің иелену үлесі туралы деректер енгізіле отырып, материалдарда көрсетілуге тиіс.»;
      3-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) және 3-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «3-1) акционерлердің қоғамның және оның лауазымды адамдарының әрекеттеріне жүгінуі және оларды қарау қорытындылары туралы ақпарат;
      3-2) жария компанияларда директорлар кеңесінің есепті кезеңдегі өз қызметі туралы есебі;»;

      3) 53-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      «6. Директорлар кеңесі:
      1) мүдделердің ықтимал қақтығысын, оның ішінде қоғам меншігін заңсыз пайдалануды және мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелерді жасасқан кезде асыра пайдалануды лауазымды адамдар мен акционерлер деңгейінде қадағалауға және оларды мүмкіндігінше жоюға;
      2) қоғамдағы корпоративтік басқару практикасының тиімділігін бақылауды жүзеге асыруға тиіс.»;

      4) 54-бапта:
      2-тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасындағы «мүдделерін білдіруші өкілдер» деген сөздер «өкілдері» деген сөзбен ауыстырылсын;
      3-тармақтың бірінші сөйлеміндегі «мүдделерін білдіруші өкіл» деген сөздер «өкілі» деген сөзбен ауыстырылсын;

      5) 57-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «57-бап. Директорлар кеңесiнiң отырысын шақыру

      1. Директорлар кеңесiнiң отырысы оның төрағасының немесе атқарушы органның бастамасы бойынша, не:
      1) директорлар кеңесiнiң кез келген мүшесiнiң;
      2) қоғамның iшкi аудит қызметiнiң;
      3) қоғамға аудиттi жүзеге асыратын аудиторлық ұйымның;
      4) iрi акционердiң талап етуi бойынша шақырылуы мүмкiн.
      2. Директорлар кеңесiнiң отырысын шақыру туралы талап директорлар кеңесiнiң төрағасына директорлар кеңесi отырысының ұсынылатын күн тәртiбi бар тиiстi жазбаша хабар жiберу арқылы қойылады.
      Директорлар кеңесiнiң төрағасы отырысты шақырудан бас тартқан жағдайда, бастамашы аталған талаппен атқарушы органға жүгiнуге құқылы, ол директорлар кеңесiнiң отырысын шақыруға мiндеттi.
      Директорлар кеңесiнiң отырысын директорлар кеңесiнiң төрағасы немесе атқарушы орган, егер қоғам жарғысында өзгеше мерзiм белгiленбесе, шақыру туралы талап келiп түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешiктiрмей шақыруға тиiс.
      Директорлар кеңесiнiң отырысы аталған талапты қойған адамды мiндеттi түрде шақыра отырып өткiзiледi.
      3. Директорлар кеңесiнiң мүшелерiне директорлар кеңесiнiң отырысын өткiзу туралы хабарлама жiберу тәртiбiн директорлар кеңесi айқындайды, ал «алтын акция» иесiне хабарлама жiберу тәртiбi қоғамның жарғысында айқындалады.
      4. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар директорлар кеңесінің мүшелеріне, егер қоғамның жарғысында өзгеше мерзім айқындалмаса, отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік жеті күн бұрын беріледі.
      Ірі мәміле және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәміле жасасу жөнінде шешім қабылдау туралы мәселелер қаралған жағдайда, мәміле туралы ақпаратта мәміленің тараптары, мәміленің орындалу мерзімдері мен талаптары, тартылған адамдардың қатысу үлесінің сипаты мен көлемі туралы мәліметтер, сондай-ақ бағалаушының есебі (осы Заңның 69-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда) қамтылуға тиіс.
      5. Директорлар кеңесiнiң мүшесi өзiнiң директорлар кеңесiнiң отырысына қатыса алмайтыны туралы атқарушы органға алдын ала хабарлауға мiндеттi.»;

      6) 58-баптың 5-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «5) дауысқа қойылған мәселелер және директорлар кеңесінің әр мүшесінің директорлар кеңесі отырысының күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетілген осы мәселелер бойынша дауыс берудің қорытындылары;»;

      7) 59-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Қоғамның алқалы атқарушы органының шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған атқарушы органның отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қоюға және онда дауысқа қойылған мәселелер, атқарушы органның әр мүшесінің әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетілген, осы мәселелер бойынша дауыс беру қорытындылары қамтылуға тиіс.»;

      8) 62-бапта:
      бірінші абзацтағы «Қоғамның» деген сөз «1. Қоғамның» деген сөзбен ауыстырылсын;
      5) тармақшадағы «сақтауға тиiс» деген сөздер «сақтауға міндетті» деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 2-тармақпен толықтырылсын:
      «2. Қоғамның директорлар кеңесінің мүшелері:
      1) хабардарлық, айқындық негізінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, қоғамның жарғысы мен ішкі құжаттарына, еңбек шартына сәйкес, қоғамның және оның акционерлерінің мүдделері үшін әрекет етуге;
      2) барлық акционерлерге әділ қарауға, корпоративтік мәселелер бойынша объективті түрде тәуелсіз ой-пікір білдіруге тиіс.»;

      9) 63-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «63-бап. Қоғамның лауазымды адамдарының жауапкершілігі

      1. Қоғамның лауазымды адамдары өздерінің іс-әрекеттерінен және (немесе) әрекетсіздігінен келтірілген зиян үшін және қоғамға келтірілген залалдар үшін:
      1) қателесуге әкеп соқтыратын ақпарат немесе көрінеу жалған ақпарат беру;
      2) осы Заңда белгіленген ақпарат беру тәртібін бұзу;
      3) олардың жосықсыз іс-әрекеттері және (немесе) әрекетсіздігі нәтижесінде, оның ішінде олардың не олардың аффилиирленген тұлғаларының қоғаммен осындай мәмілелер жасасу нәтижесінде пайда (табыс) табу мақсатында, қоғамға зиян келтіруге әкеп соқтырған ірі мәмілелерді және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелерді жасасуды ұсыну және (немесе) жасасу туралы шешім қабылдау нәтижесінде келтірілген залалдарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей қоғам мен акционерлер алдында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
      Осы Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында көзделген жағдайларда, акционерлердің жалпы жиналысының ірі мәмілелерді және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелерді жасасу туралы  шешімдер қабылдауы, егер оларды орындау нәтижесінде қоғамға залал келтірілсе, оларды жасасуды ұсынған лауазымды адамды немесе өзі мүше болып табылатын қоғам органының отырысында, оның ішінде олар не олардың аффилиирленген тұлғалары пайда (табыс) табу мақсатында жосықсыз әрекет еткен және (немесе) әрекет етпеген лауазымды адамды жауаптылықтан босатпайды.
      2. Акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде қоғам немесе қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционер (акционерлер) өз атынан лауазымды адамға оның қоғамға келтірген зиянды не залалдарды қоғамға өтеуі туралы, сондай-ақ, егер лауазымды адам жосықсыз әрекет еткен және (немесе) әрекет етпеген болса, қоғамға залал келтіруге әкеп соқтырған ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы шешімдер (жасасуға ұсыныстар) қабылдау нәтижесінде алынған пайданы (табысты) лауазымды адамның және (немесе) оның аффилиирленген тұлғаларының қоғамға қайтаруы туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
      Акционерлердің жалпы жиналысы шешімінің негізінде қоғам немесе қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционер (акционерлер) өз атынан, қоғамның лауазымды адамына және (немесе) үшінші тұлғаға, егер осындай мәмілені жасасу және (немесе) жүзеге асыру кезінде қоғамның осы лауазымды адамы осындай үшінші тұлғамен келісім негізінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, қоғамның жарғысы мен ішкі құжаттарының талаптарын немесе оның еңбек шартын бұза отырып әрекет етсе, қоғамның осы үшінші тұлғамен жасаған мәмілесі нәтижесінде қоғамға келтірілген залалдарды қоғамға өтеуі туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Бұл жағдайда аталған үшінші тұлға және қоғамның лауазымды адамы қоғамға осындай залалдарды өтеу кезінде ынтымақты борышкерлер ретінде әрекет етеді.
      Қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционер (акционерлер) сот органдарына өтініш жасағанға дейін қоғамның лауазымды адамдарының келтірген залалдарды қоғамға өтеуі және ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы шешімдер (жасасуға ұсыныстар) қабылдау нәтижесінде алынған пайданы (табысты) қоғамның лауазымды адамдарының және (немесе) олардың аффилиирленген тұлғаларының қоғамға қайтаруы туралы мәселені директорлар кеңесінің отырысына шығару туралы талаппен қоғамның директорлар кеңесінің төрағасына жүгінуге тиіс.
      Директорлар кеңесінің төрағасы осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде директорлар кеңесінің көзбе-көз отырысын шақыруға міндетті.
      Қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционердің (акционерлердің) өтініші бойынша директорлар кеңесінің шешімі отырыс өткізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде оның (олардың) назарына жеткізіледі. Директорлар кеңесінің көрсетілген шешімін алғаннан кейін не оны осы тармақта белгіленген мерзімде алмаса, қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп пайызын иеленетін (жинақтап алғанда иеленетін) акционер (акционерлер) өз атынан аталған мәселе бойынша директорлар кеңесінің төрағасына акционердің өтініш жасағанын растайтын құжаттар болған кезде қоғам мүдделерін қорғау үшін талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
      3. Мәміленің жасалуына мүдделі және орындау нәтижесінде қоғамға залалдар келтірілген мәміле жасасуды ұсынған лауазымды адамды қоспағанда, қоғамның лауазымды адамдары, егер қоғамның органы қабылдаған, қоғамға не акционерге залалдар келтіруге әкеп соқтырған шешімге қарсы дауыс берсе немесе дәлелді себептермен дауыс беруге қатыспаса, жауаптылықтан босатылады.
      Егер лауазымды адамның қоғамның лауазымды адамдары қызметінің осы Заңда белгіленген қағидаттарын сақтай отырып, шешім қабылдау кезінде өзекті (тиісті) ақпарат негізінде тиісінше әрекет еткені және мұндай шешім қоғам мүдделеріне қызмет етеді деп негізді түрде есептегені дәлелденген болса, ол коммерциялық (кәсіпкерлік) шешімнің нәтижесінде туындаған залалдарды өтеуден босатылады.
      4. Сот экономикалық қызмет саласында меншікке қарсы немесе коммерциялық немесе өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстарды жасауға кінәлі деп таныған, сондай-ақ аталған қылмыстарды жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған қоғамның лауазымды адамдары, заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелген не алып тасталған не қылмыстық жауаптылықтан босатылған күннен бастап бес жыл ішінде қоғамдардың лауазымды адамдарының міндеттерін, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысында акционерлер өкілінің міндеттерін орындай алмайды.
      5. Егер қоғамның қаржылық есептілігі қоғамның қаржылық жағдайын бұрмаласа, қоғамның осы қаржылық есептілігіне қол қойған қоғамның лауазымды адамдары осының нәтижесінде материалдық зиян келтірілген үшінші тұлғалар алдында жауаптылықта болады.
      6. Осы баптың мақсаты үшін айқындама деп мыналар түсіндіріледі:
      жосықсыз іс-әрекет, яғни нәтижесінде қоғамға әдеттегі кәсіпкерлік тәуекелмен қамтылмайтын залалдар келтірілген, қоғамның лауазымды адамдары қызметінің осы Заңда белгіленген қағидаттарын бұза отырып, ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы қоғам мүдделерінен тыс шешім қабылдау (мәміле жасасуды ұсыну);
      әрекетсіздік, яғни нәтижесінде қоғамға әдеттегі кәсіпкерлік тәуекелмен қамтылмайтын залалдар келтірілген ірі мәмілелер және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелер жасасу туралы шешім қабылдау кезінде қоғамның лауазымды адамының қалыс қалуы не дәлелді себепсіз дауыс беруге қатыспауы.»;

      10) 69-бапта:
      тақырыбындағы «Ірі мәміленің» деген сөздер «Мәміленің» деген сөзбен ауыстырылсын;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Нәтижесінде қоғам активтері мөлшерінің он және одан да көп пайызы сомасына мүлік сатып алынатын не иеліктен шығарылатын мәмілені жасасу туралы шешім Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамалық актісіне сәйкес бағалаушы айқындаған осы мүліктің нарықтық құны ескеріле отырып қабылдануға тиіс.
      Егер осындай мәміле нысанасы ақша және (немесе) бастапқы нарықта шығарылатын (орналастырылатын) бағалы қағаздар болса, бағалау жүргізілмейді.»;

      11) 74-баптың 2-тармағының бірінші сөйлеміндегі «талаптарын» деген сөзден кейін «, сондай-ақ лауазымды адамдар қызметінің қағидаттарын» деген сөздермен толықтырылсын;

      12) 76-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Қоғам шоғырландырылған жылдық қаржылық есептiлiктi, ал еншiлес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда – шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептiлiктi және аудиторлық есептi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмдерде немесе уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен және мерзiмдерде бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялауға мiндеттi.
      Ірі мәміле және (немесе) мүдделілік болуына орай жасалатын мәміле туралы ақпарат қаржылық есептiлiктің халықаралық стандарттарына сәйкес жылдық қаржылық есептiлiкке түсіндірме жазбада жария етіледі. Нәтижесінде қоғам активтері мөлшерінің он және одан да көп пайызы сомасына мүлік сатып алынатын не иеліктен шығарылатын мәміле туралы ақпаратта мәміленің тараптары, мәміленің мерзімдері мен талаптары, тартылған адамдардың қатысу үлесінің сипаты мен көлемі туралы, сондай-ақ мәміле туралы өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.»;

      13) 79-бапта:
      1-тармақтың екінші бөлігінде:
      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «3-1) осы қоғам активтерінің бес және одан да көп пайызын құрайтын сомаға қоғамның мүлкін кепілге (қайта кепілге) беруі;»;
      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «11) қоғамның жарғысына, сондай-ақ қоғамның акцияларды шығару проспектісіне сәйкес оның акционерлерінің мүдделерін қозғайтын өзге де ақпарат қоғам акционерлерінің мүдделерін қозғайтын ақпарат деп танылады.»;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Қоғамның акционерлердiң мүдделерiн қозғайтын қызметi туралы ақпарат беру осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде ақпаратты жариялау (акционерлердің назарына жеткізу) мерзімдері көзделмесе, осы ақпарат ол пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жарияланады (акционерлердің назарына жеткізіледі).
      Акционерлерге сотта корпоративтiк дау бойынша iс қозғалғаны туралы ақпарат соттың корпоративтiк дау жөнiндегi азаматтық iс бойынша тиiстi хабарламасын (шақыруын) қоғам алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде берiлуге тиiс.
      Қоғам қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты иеленуші қоғам қызметкерлерiнiң тiзiмiн мiндеттi түрде жүргiзудi қамтамасыз етедi.»;

      14) 80-бапта:
      1-тармақтың екінші бөлігінің 11) және 13) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      «11) акционерлердің жалпы жиналыстарының хаттамалары, дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалар мен бюллетеньдер (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер), акционерлердің жалпы жиналыстарының күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;»;
      «13) директорлар кеңесі отырыстарының (сырттай өткізілген отырыстар шешімдерінің) хаттамалары мен бюллетеньдер (оның ішінде жарамсыз деп танылған бюллетеньдер), директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;»;
      3-тармақтың бірінші бөлігі «белгіленген тәртіппен» деген сөздерден кейін «, бірақ қоғамға осындай талап келіп түскен күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмей» деген сөздермен толықтырылсын.

      11. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 14, 119-құжат; 2004 ж., № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 58-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18-құжаттар; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 17-18, 111-құжат):

      1) 9-бапта:
      1-тармақта:
      мынадай мазмұндағы 4-1) және 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      «4-1) эмитенттің міндеттемелерін қамтамасыз ету болып табылатын, сондай-ақ әрбір активтің құны мен тиісті шарттардың қолданысы аяқталған күні көрсетіліп, сенімгерлікпен басқаруға берілген активтердің жалпы көлемінің кемінде он пайызын құрайтын эмитенттің активтері туралы;
      4-2) облигацияларды қамтамасыз ету туралы (қамтамасыз етілген облигациялар шығарылған жағдайда);»;
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «10) облигацияларды ұстаушылардың өкiлi туралы (инфрақұрылымдық облигациялар, айналым мерзімі біткен, осы эмитент бұрын шығарған облигациялар бойынша талап құқықтарымен төлем жүргізілетін облигациялар, сондай-ақ ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялар шығарған кезде);»;
      мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «10-1) облигациялық қарыздың нысаналы мақсаты туралы;»;
      4-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
      «4-1. Осы баптың 1-тармағының 4-2), 8), 9) тармақшаларында көрсетілген облигациялар шығару проспектісіндегі мәліметтерді өзгертуді мынадай шарттар сақталған кезде:
      1) эмитент сатып алған облигацияларды қоспағанда, орналастырылған облигациялардың жалпы санының кемінде сексен бес пайызын иеленген ұстаушылар осы шешім үшін дауыс берген;
      2) эмитент сатып алған облигацияларды қоспағанда, облигацияларды ұстаушылардың құрамында осы шығарылым облигацияларының он пайызынан астамын иеленген екі және одан да көп адам болған жағдайда, шығарылым шарттарын өзгерту үшін осындай облигацияларды ұстаушылардың жалпы санының жетпіс бес және одан да көп пайызы дауыс берген жағдайда, облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы шешімінің негізінде эмитент жүзеге асырады.
      Осы тармақтың талабы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарына немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарға олар қайта құрылымдауды жүргізген кезде қолданылмайды.»;

      2) 15-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаржы ұйымы қайта құрылымдауды жүргiзген кезде оған, сондай-ақ эмитенттер айналым мерзімі біткен, осы эмитент бұрын шығарған облигациялар бойынша талап құқықтарымен төлем жүргізілетін облигацияларды шығарған жағдайда оларға қолданылмайды.»;

      3) мынадай мазмұндағы 18-2-баппен толықтырылсын:

      «18-2-бап. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы

      1. Осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 4-2), 8), 9) тармақшаларында көзделген облигацияларды шығару шарттарын өзгерту туралы шешім қабылдау мақсатында облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізіледі.
      2. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге құқығы бар облигацияларды ұстаушылардың тізімін, облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізілетін күнгі бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесінің негізінде тіркеуші жасайды.
      3. Эмитент осы эмитенттің бағалы қағаздарымен мәмілелер жүзеге асырылатын жүйеде сауда-саттықты ұйымдастырушыға, тіркеушіге, орталық депозитарийге облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысын өткізу туралы хабарлама жібереді және облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысын өткізу туралы ақпаратты кемінде он бес мың дана таралыммен шығарылатын, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қазақ және орыс тілдерінде таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және (немесе) өзінің интернет-ресурсында және (немесе) қор биржасының интернет-ресурсында облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізілетін күнге дейін кемінде он бес жұмыс күнінен бұрын жариялайды.
      Жарияланымды интернет-ресурта орналастыру уақыты бір айдан кем болмауға тиіс. Интернет-ресурста жарияланымды орналастыру күні мен уақыты көрсетілуге тиіс. Егер облигацияларды ұстаушылардың саны елу ұстаушыдан аспаса, хабарлама ұстаушыларға жазбаша хабарлама жіберу арқылы олардың назарына да жеткізілуге тиіс.
      4. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысын өткізу тәртібі эмитенттің басқару органы бекітетін эмитенттің ішкі құжаттарымен белгіленеді.
      Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысында дауыс беру «бір облигация – бір дауыс» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
      Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешім қабылдауы осы Заңның 9-бабы 4-1-тармағында белгіленген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      5. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешімі ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс. Эмитент көрсетілген мерзімде қабылданған шешім туралы уәкілетті органды, орталық депозитарийді және тіркеушіні хабардар етеді.
      6. Осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 4-2), 8), 9) тармақшаларында көрсетілген облигацияларды шығару проспектісіндегі мәліметтерді өзгерту мәселелері бойынша облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізілген күннен бастап, бұқаралық ақпарат құралдарында облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысында қабылданған шешім жарияланғаннан кейінгі күнге дейінгі кезеңде облигацияларды орналастыру және олардың айналымы тоқтатыла тұрады.
      Облигацияларды ұстаушылар осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 4-2), 8), 9) тармақшаларында көзделген облигацияларды шығару шарттарын өзгерту туралы шешім қабылдаған жағдайда, облигацияларды орналастыру және олардың айналымын тоқтата тұру мерзімі облигацияларды шығару проспектісіне өзгерістер мемлекеттік тіркелгеннен кейінгі күнге дейін ұзартылады.»;

      4) 19-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Инфрақұрылымдық облигациялар, айналым мерзімі біткен, осы эмитент бұрын шығарған облигациялар бойынша талап құқықтарымен төлем жүргізілетін облигациялар, сондай-ақ ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялардың шығарылымы мен айналымы кезiнде эмитент алдында облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiрудi облигацияларды ұстаушылардың өкiлi (бұдан әрi - өкiл) жүзеге асырады.»;

      5) 20-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
      «2-1. Өкіл облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында:
      1) облигацияларды шығару проспектісінде белгіленген облигацияларды ұстаушылардың алдындағы өзінің міндеттемелерін орындау туралы талаптармен эмитентке;
      2) уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарына;
      3) сотқа жүгінуге құқылы.»;

      6) 23-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Айналым мерзімі біткен, осы эмитент бұрын орналастырған (эмитент сатып алған облигацияларды шегергенде) облигациялар бойынша талап құқықтарымен облигацияларды төлеген жағдайларды қоспағанда, облигацияларды төлеу ақшамен ғана жүзеге асырылады. Орналастырылатын облигацияны толық төлегенге дейiн эмитент облигацияларды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiндегi (номиналды ұстаушыны есепке алу жүйесiндегi) оны иеленушiнiң жеке шотына осы облигацияларды есептеу туралы бұйрық беруге құқылы емес.
      Облигацияларды бұрын талап құқықтарымен төленген облигациялар бойынша талап құқықтарымен төлеуге жол берілмейді.»;

      7) 30-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «30-1-бап. Облигациялар шығарылымын жою

      1. Облигациялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган мынадай негіздердің бірі бойынша:
      1) мынадай шарттардың бірі сақталған кезде:
      осы шығарылымдағы бірде-бір облигация орналастырылмаған;
      бағалы қағаздардың қайталама нарығында эмитент осы шығарылымның барлық облигациясын сатып алған;
      облигациялар айналымының мерзімі біткеннен кейін эмитент осы шығарылымның барлық облигациялары бойынша талап құқықтарын сатып алған;
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарын қайта құрылымдау рәсімін жүзеге асырған кезде облигациялар шығарылымын жою туралы эмитент органының шешімі болғанда;
      2) тарату үдерісінің аяқталғанын растайтын құжаттарды мәжбүрлі тәртіппен таратылатын эмитенттің тарату комиссиясы ұсынғанда қабылдайды.
      Уәкілетті орган облигацияларды жою үшін қажетті құжаттарды ұсынбастан, Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде тарату туралы мәлімет қамтылған эмитенттердің облигациялары шығарылымын жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
      2. Облигациялар шығарылымын жою шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
      3. Облигациялар эмитентінің ерікті түрде тарату туралы шешімді, егер осындай шешім қабылданған күні ол шығарған облигациялар толық көлемде өтелмесе немесе облигациялар шығарылымы жойылмаса, қабылдауға құқығы жоқ.».

      12. «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 15, 87-құжат; 2005 ж., № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 18, 143-құжат; № 19, 149-құжат; 2008 ж., № 17-18, 72-құжат; 2009 ж., № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат):

      1) 4-баптың 2-тармағының 6) тармақшасындағы «қарау жатады.» деген сөздер «қарау;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      «7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.»;

      2) 17-бап мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «8-1) ақпарат жеткізушіден ақпарат алғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, тиісті субъектінің кредиттік тарихына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;»;

      3) 19-баптың 2-тармағының 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «8) ақпарат беру туралы шартта айқындалған тәртіппен кредиттік тарих субъектісіне қатысты кез келген деректер өзгерген немесе алынған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде кредиттік бюроға хабарлауға міндетті.».

      13. «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 2, 17-құжат):

      1) 1-бапта:
      5) тармақша «, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша оларға тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан ірі кәсіпкерлік субъектілері» деген сөздермен толықтырылсын;
      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «13) шағым – адамның өзiнiң немесе басқа адамдардың бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн қалпына келтiру немесе қорғау туралы, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғалардың, өздеріне тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жеткізуге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың лауазымды адамдарының заңсыз іс-әрекеттерін немесе әрекетсіздігін жою, сондай-ақ олардың заңсыз шешiмдерiнiң күшiн жою туралы талабы.»;

      2) 7-бапта:
      2-тармақтағы «заңды тұлғалардың» деген сөздерден кейін «мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін» деген сөздермен толықтырылсын;
      6-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Осы тармақтың талабы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды.»;

      3) 15-баптың 2-тармағының 12) тармақшасы мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
      «Осы тармақшаның талабы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылмайды.»;

      4) 16-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      «16-бап. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс
               қағаздарын жүргізу

      Мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғаларда жеке тұлғалардың өтініштері бойынша іс қағаздарын жүргізу және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс қағаздарын жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен іс қағаздарын жүргізудің басқа түрлерінен бөлек, ірі кәсіпкерлік субъектілерінде іс қағаздарын жүргізу жөніндегі ішкі регламентке сәйкес жүргізіледі.».

      14. «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу туралы» 2007 жылғы 26 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 18, 142-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; № 24, 126-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16-құжат; № 8, 41-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 7, 28-құжат):

      1) 21-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Бұл талап банктік қарыз шартын қамтамасыз ету үшін жасалған кепіл шарттарына қолданылмайды.»;

      2) 22-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Құқықтар (құқық ауыртпалықтары) шарттың немесе өзге де мәмiленiң негiзiнде туындаған жағдайларда, оларды нотариат куәландырмаған кезде мәмiленiң барлық қатысушылары белгiленген тәртiппен өтiнiш беруге тиiс.
      Банктік қарыз шартын қамтамасыз етуге берілген, кепілдің басталуын және өзгеруін тіркеуге өтінішті кепіл беруші және (немесе) кепіл ұстаушы береді.
      Өтінішті кепіл ұстаушы берген жағдайда, осындай тіркеуге кепіл берушінің нотариатта куәландырылған келісімі талап етіледі.».

      2-бап.
      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заңның 1-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының он бесінші абзацының, 3) тармақшасының, 4-тармағы 2) тармақшасының сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы, елу алтыншы, елу тоғызыншы, алпысыншы, алпыс бірінші, алпыс екінші, алпыс үшінші абзацтарының күші осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады.
      Осы Заңның 1-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының отыз бірінші абзацының күші бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарға қолданылады. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды.
      Осы Заңның 1-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының елу сегізінші абзацының күші бұрын жасалған банктік қарыз шарттарының ол қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайтын қатынастарына қолданылады, оның шарттарымен қарыз алған күннен бастап бір жылдан асатын мерзімде негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара өтегені немесе мерзімінен бұрын толық өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алу көзделген.
      Осы Заңның 1-бабының 5-тармағы 2) тармақшасының төртінші, бесінші, он үшінші, он төртінші абзацтарының, 3) және 4) тармақшаларының күші, кепілге қойылған жылжымайтын мүлік сот тәртібінен тыс өткізілген ипотекалық шарттарды қоспағанда, бұрын жасалған ипотекалық шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады.
      3. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микрокредиттік ұйымдар және кредиттік серіктестіктер өз қызметін оның талаптарына сәйкес келтірсін.
      Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган осы Заңның 1-бабының 4-тармағы 3) тармақшасының оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші абзацтарының талаптарына сәйкес өкілдер кеңесін құратын болсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады