Мынадай:
1) Конвенцияның 2-бабының 2-тармағына және 6-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияның 2-бабының 1-тармағын және 6-бабының 1-тармағын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратын құқық бұзушылықтарға ғана қатысты қолданады;
2) Конвенцияның 14-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияның 14-бабының 2-тармағын өзінің конституциялық қағидаттарын және өзінің құқықтық жүйесінің негізгі тұжырымдамаларын ескере отырып қана қолданады;
Ескерту. 2) тармақша жаңа редакцияда - ҚР 30.06.2014 № 218-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3) егер Қазақстан Республикасы мен Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің бірінің арасында жасалған басқа ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, Конвенцияның 25-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасына жіберілетін сұрау салулар және қосалқы құжаттар қазақ немесе орыс тілдеріне аудармаларымен қоса берілуге тиіс;
4) Конвенцияның 32-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияның III тарауының ережелеріне сәйкес ұсынған мәліметтерді немесе айғақтарды сұрау салушы Тараптың органдары сұрау салуда айтылғандарынан басқа, тергеу немесе істі қарау үшін Қазақстан Республикасының алдын ала келісімінсіз пайдалана алмайды немесе бере алмайды деген ескертулермен 1990 жылғы 8 қарашада Страсбургте жасалған Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату,
анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенция
(Страсбург, 1990 жылғы 8 қараша)
Кіріспе
Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттер және осы Конвенцияға қол қойған басқа мемлекеттер,
Еуропа Кеңесінің мақсаты өз мүшелері арасында неғұрлым тығыз одақ құру болып табылады деп есептей отырып,
қоғамды қорғауға бағытталған жалпы қылмыстық саясатты жүргізу қажеттілігіне сенімді бола отырып,
барған сайын халықаралық сипат алып бара жатқан қылмыстылықтың қауіпті нысандарына қарсы күрес халықаралық ауқымда тиімді және қазіргі заманғы әдістерді қолдануды талап етеді деп есептей отырып,
осы әдістердің бірі қылмыскерді қылмыстық жолмен табылған табыстарынан айыруға сайып келеді деп пайымдай отырып,
осы мақсатқа қол жеткізу үшін халықаралық ынтымақтастықтың тиімді жүйесін құру қажет деп есептей отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
I тарау. Терминдердің қолданылуы
1-бап. Терминдердің қолданылуы
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
a) «табыс» қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кез келген экономикалық пайданы білдіреді. Бұл пайда осы баптың b) тармақшасында айқындалатын кез келген мүлікті қамтуы мүмкін;
b) «мүлік» кез келген түрдегі заттай немесе заттай емес, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ осындай мүлікке құқық беретін заңдық актілерді немесе құжаттарды білдіреді;
с) «құралдар» қылмыстық құқық бұзушылықты немесе қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау үшін кез келген тәсілмен, тұтас немесе ішінара қолданылған немесе қолдануға арналған кез келген мүлікті білдіреді;
d) «тәркілеу» жазалауды немесе қылмыстық іс немесе қылмыстық істер бойынша және мүлкінен айырудан тұратын сотта істі қарау нәтижесінде сот белгілеген шараны білдіреді;
e) «негізгі құқық бұзушылық» - нәтижесінде осы Конвенцияның 6-бабына сәйкес құқық бұзушылықтың объектісі болуы мүмкін табыстар алынған кез келген қылмыстық құқық бұзушылықты білдіреді.
II тарау. Ұлттық деңгейде қабылданатын шаралар
2-бап. Тәркілеу шаралары
1. Әрбір Тарап құралдарды және табыстарды немесе құны осы табыстарға сәйкес болатын мүлікті тәркілеуге мүмкіндік беретін заңнамалық және басқа қажетті шаралар қабылдайды.
2. Әрбір Тарап ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы өз құжатына қол қою сәтінде немесе сақтауға тапсыру сәтінде Еуропа Кеңесі Бас Хатшысының атына декларацияда осы баптың 1-тармағы осы декларацияда көрсетілген құқық бұзушылықтарға немесе құқық бұзушылықтардың санаттарына ғана қолданылатынын мәлімдей алады.
3-бап. Тергеу жөніндегі шаралар және алдын ала шаралар
Әрбір Тарап өзіне 2-баптың 1-тармағына сәйкес тәркілеуге жататын мүлікті сәйкестендіруге және іздестіруге және осындай мүлікпен жасалатын кез келген операцияларды, оны беруді немесе оған иелік етуді болдырмауға мүмкіндік беретін заңнамалық және басқа қажетті шараларды қабылдайды.
4-бап. Арнайы өкілеттіктер және тергеу тәсілдері
1. Әрбір Тарап 2 және 3-баптарда көрсетілген іс-әрекеттерді орындау мақсатында өз соттарына және басқа құзыретті органдарына банктік, қаржылық немесе коммерциялық құжаттарды талап ету немесе тыйым салуға құқық беретін заңнамалық және басқа қажетті шараларды қабылдайды. Тарап банктік құпия деген сылтаумен осы баптың ережесін орындаудан бас тарта алмайды.
2. Әрбір Тарап тергеудің арнайы тәсілдерін қолдануға мүмкіндік беретін, табыстарды сәйкестендіру мен іздестіруді, сондай-ақ тиісті дәлелдемелерді жинауды жеңілдететін заңнамалық және басқа қажетті шараларды қабылдау мәселесін қарастырады. Бұл тәсілдер өзіне жария емес бақылау туралы қаулыны, байқауды, электр байланыс желілері бойынша хабарламаларды қолға түсіруді, компьютер жүйелеріне қол жеткізуді және белгілі бір құжаттарды дайындау туралы қаулыларды қамтуы мүмкін.
5-бап. Құқықтық қорғау шаралары
Әрбір Тарап 2 және 3-баптарда көзделген шаралар қозғаған мүдделі тараптар өз құқықтарын құқықтық қорғаудың тиімді шараларын иеленуі үшін заңнамалық және басқа қажетті шараларды қабылдайды.
6-бап. Қаражатты жылыстатуға байланысты құқық бұзушылықтар
1. Әрбір Тарап өзінің ішкі құқығына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралау мақсатында:
a) егер бұл мүлік қылмыстық жолмен алынған табыс болып табылатыны мәлім болса, мұндай мүліктің заңсыз шығу тегін жасыру немесе негізгі құқық бұзушылықты жасауға араласқан кез келген тұлғаға өз іс-әрекетінің құқықтық салдарынан жалтаруға көмек көрсету мақсатындағы конверсия немесе мүлікті беру;
b) мүліктің шынайы табиғатын, жасалған жерін, тұрған жерін, орналасуын немесе мүліктің қозғалысын немесе оған берілген құқығын жасыру немесе жасырып қалу, егер бұл мүлік қылмыстық жолмен алынған табысты білдірсе; және өзінің конституционалдық қағидаттары мен өзінің құқықтық жүйесінің негізгі тұжырымдамаларын есепке ала отырып;
с) егер мүлікті алу сәтінде ол қылмыстық жолмен табылған табыс болып табылатыны мәлім болса, мүлікті сатып алу, иелену немесе пайдалану;
d) осы бапта айқындалған құқық бұзушылықтардың кез келгеніне немесе оны жасауға оқталуға қатысу немесе бірге қатысу, сондай-ақ осындай қылмысты жасауға байланысты көмектесу, арандату, жәрдемдесу немесе консультация беру ниеті болған жағдайда заңнамалық және басқа қажетті шаралар қабылдайды.
2. Осы баптың 1-тармағын орындау немесе қолдану мақсаты үшін:
a) негізгі құқық бұзушылықтың Тараптың қылмыстық заңды құзырына сәйкес келу-келмеуінің маңызы жоқ;
b) осы тармақта көрсетілген құқық бұзушылықтардың негізгі құқық бұзушылықты жасаған адамдарға қолданылмайтыны көзделуі мүмкін;
c) білу, ниет немесе себеп осы тармақта көзделген құқық бұзушылықтың элементтері ретінде объективті мән-жайлардан шығарылуы мүмкін.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген барлық немесе кейбір әрекеттер, мынадай жағдайлардың бірінде (немесе барлық осы жағдайларда) құқық бұзушы:
a) мүлік қылмыстық жолмен алынған табыс болып табылатынын жорамалдауға тиіс болғанда;
b) пайда алу мақсатында әрекет еткенде;
c) қылмыстық әрекетті жалғастыруға жәрдемдесу мақсатында әрекет еткенде әрбір Тарап өзінің ішкі заңнамасына сәйкес құқық бұзушылықтар ретінде саралау үшін қажет болады деген сондай шараларды қабылдай алады.
4. Әрбір Тарап ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы өз құжатына қол қою сәтінде немесе сақтауға тапсыру сәтінде Еуропа Кеңесі Бас Хатшысының атына декларацияда осы баптың 1-тармағы осы декларацияда көрсетілген негізгі құқық бұзушылықтарға немесе осындай құқық бұзушылық санаттарына ғана қолданылатынын мәлімдей алады.
III тарау. Халықаралық ынтымақтастық
1-бөлім. Халықаралық ынтымақтастық қағидаттары
7-бап. Халықаралық ынтымақтастық саласындағы жалпы қағидаттар мен шаралар
1. Тараптар құралдар мен табыстарды тәркілеу мақсатында тергеулер мен сот қарауын жүргізуде барынша мүмкін болған дәрежеде бір-бірімен ынтымақтасады.
2. Әрбір Тарап осы тарауда айтылған шарттарда оған:
а) табыстарды немесе құралдарды білдіретін нақты мүліктің тәркіленуі туралы, сондай-ақ табыстардың құнына сәйкес болатын ақша сомасын төлеу талабынан тұратын табыстарды тәркілеу туралы;
b) тергеулер жүргізуде көмектесу туралы және тәркілеу нысандарының жоғарыдағы а) тармағында көрсетілген мақсаттарының бірі бар уақытша шараларды қабылдау туралы өтініштерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін заңнамалық және басқа қажетті шараларды қабылдайды.
2-бөлім. Тергеулер жүргізуде көмек көрсету
8-бап. Көмек көрсету міндеттемесі
Тараптар сұрау салу бойынша құралдарды, табыстарды және тәркіленуге тиіс басқа мүлікті анықтауда және табуда барынша мүмкін болған дәрежеде бір-біріне көмек көрсетеді. Бұл көмек жоғарыда аталған мүліктің сақталып тұруына, орнына немесе қозғалысына, сипатына, заңды мәртебесі мен құнына байланысты ақпаратты ұсыну және іздеу жөніндегі шараларды қамтиды.
9-бап. Көмек көрсету
8-бапта көзделген көмек сұрау салынатын Тараптың ішкі заңнамасына сәйкес және сұрау салуда айтылған рәсімдерге сәйкес көрсетілген заңнамаға қайшы келмегенде ғана көрсетіледі.
10-бап. Ақпаратты сұрау салусыз беру
Тарап мұндай ақпараттың ашылуы алушы Тарапқа тергеуді немесе қарауды қозғауда немесе жүргізуде көмектесуі мүмкін немесе осы Тараптың осы тарауға сәйкес сұрау салуды жіберуіне әкелуі мүмкін деп есептегенде, өз тергеуі немесе қарауы үшін нұқсан келтірмей алдын ала сұрау салусыз басқа Тарапқа құралдар және табыстар туралы ақпаратты бере алады.
3-бөлім. Алдын ала шаралары
11-бап. Алдын ала шаралар қабылдау міндеттемесі
1. Тарап тәркілеу мақсатында қылмыстық қарауды қозғаған басқа Тараптың өтініші бойынша мүлікті пайдалануды тоқтатып қою немесе оған тыйым салу, кез келген операцияларды болдырмау, кейін тәркілеу туралы сұрау салудың объектісі немесе оның барабар ауыстырушысы болуы мүмкін мүлікті беру немесе соған билік ету үшін қажетті алдын ала шаралар қабылдайды.
2. 13-бапқа сәйкес тәркілеу туралы сұрау салу алған Тарап, егер одан бұл туралы сұраса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген шараларды сұрау салу объектісі немесе оның барабар ауыстырушысы болып табылатын кез келген мүлікке қатысты қабылдайды.
12-бап. Алдын ала шараларды жүзеге асыру
1. 11-бапта айтылған алдын ала шаралар сұрау салынатын Тараптың ішкі заңнамасына сәйкес және сұрау салуда көрсетілген рәсімдерге сәйкес мұндай заңнамаға қайшы келмейтін дәрежеде жүзеге асырылады.
2. Осы бапқа сәйкес қабылданған кез келген алдын ала шараларды тоқтатудың алдында, сұрау салынатын Тарап, мүмкін болса, сұрау салушы Тарапқа бұл шараны ұзарту мақсатында өз дәлелдемелерін ұсынуға мүмкіндік береді.
4-бөлім. Тәркілеу
13-бап. Тәркілеуді жүргізу міндеттемесі
1. Басқа Тараптан оның аумағындағы құралдарды және табыстарды тәркілеу туралы сұрау салуды алған Тарап:
а) осы құралдарға немесе табыстарға қатысты сұрау салушы Тараптың соты шығарған тәркілеу туралы қаулыны орындайды;
b) тәркілеу туралы қаулыны енгізу үшін өзінің құзыретті органдарына сұрау салу береді және егер мұндай қаулы шығарылса, оны орындайды.
2. Осы баптың 1 b) тармағын қолдану мақсаттары үшін кез келген Тарап қажет болған жағдайда өзінің ішкі заңнамасына сәйкес тәркілеу туралы іс бойынша сот ісін қарауды бастай алады.
3. Егер тәркіленуі мүмкін мүлік сұрау салынатын Тараптың аумағында болса, осы баптың 1-тармағының ережелері табыстың құнына сәйкес келетін ақша сомасын төлеу талабы нысанында тәркілеуге де қолданылады. Осындай жағдайда 1-тармаққа сәйкес тәркілеу жүргізе отырып, сұрау салынатын Тарап талап етілетін сома төленбегенде осы мақсатта қолда бар кез келген мүлікке талабын жүктейді.
4. Егер тәркілеудің сұрау салуында нақты мүлік көрсетілсе, Тараптар сұрау салынатын Тараптың мүлік құнына сәйкес келетін ақша сомасын төлеу талабының нысанында тәркілеуді жүргізе алатыны туралы уағдаласуы мүмкін.
14-бап. Тәркілеуді жүзеге асыру
1. 13-бапқа сәйкес тәркілеуге және тәркілеуді жүзеге асыруға рұқсат алу рәсімдері сұрау салынатын Тараптың заңнамасында белгіленеді.
2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптың үкімінде немесе сот шешімінде айтылғандай фактілерге қатысты қорытындылармен немесе үкім немесе сот шешімі имплимицитті түрде оларға негізделетініне байланысты.
3. Әрбір Тарап ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы өз құжатына қол қою сәтінде және сақтауға тапсыру сәтінде Еуропа Кеңесі Бас Хатшысының атына декларацияда осы баптың 2-тармағы оның конституциялық қағидаттарын және оның құқықтық жүйесінің негізгі тұжырымдамаларын есепке ала отырып қана қолданылатынын мәлімдей алады.
4. Егер тәркілеу белгілі бір ақша сомасын төлеу талабынан тұрса, осы соманы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тәркілеу туралы өтінішін қанаттандыру туралы шешім қабылдау сәтінде қолданылатын айырбас бағамы бойынша осы Тараптың валютасына ауыстырады.
5. 13-баптың 1 а) тармағында көзделген жағдайда, тек сұрау салушы Тарап тәркілеу туралы қаулыны қайта қарау туралы кез келген өтініш бойынша шешім қабылдауға құқылы.
15-бап. Тәркіленген мүлік
Егер тиісті Тараптар ғана өзгеше уағдаласпаса, сұрау салынатын Тарап өзінің ішкі заңнамасына сәйкес өзі тәркілеген кез келген мүлікке иелік етеді.
16-бап. Тәркілеу туралы қаулыны орындау құқығы және тәркілеудің ең жоғарғы сомасы
1. 13-бапқа сәйкес жасалған тәркілеу туралы сұрау салу сұрау салынатын Тараптың тәркілеу туралы қаулыны өзі орындау құқығын қозғамайды.
2. Осы Конвенцияда ештеңе де тәркіленген мүліктің жалпы құнының тәркілеу туралы қаулыда көрсетілген сомадан асып кетуіне рұқсат ету ретінде түсіндірілуі мүмкін емес. Егер сол немесе өзге Тарап осылай болуы мүмкін деген қорытындыға келсе, онда тиісті Тараптар мұндай салдарды болдырмау мақсатында консультация алуға кіріседі.
17-бап. Айыптау үкімінде айқындалған мүліктік санкциялар орындалмаған жағдайда бас бостандығынан айыру
Егер сұрау салушы Тарап сұрау салуда осыны нақты көрсетпесе, сұрау салынатын Тарап айыптау үкімінде айқындалған мүліктік санкциялар орындалмаған жағдайда бас бостандығынан айыру туралы шешімді шығара алмайды немесе 13-бапқа сәйкес жасалған сұрау салу негізінде бас бостандығын шектейтін кез келген басқа шараларды қабылдай алмайды.
5-бөлім. Ынтымақтастықтан бас тарту және кейінге қалдыру
18-бап. Бас тарту үшін негіздемелер
1. Егер:
а) сұрау салу сұрау салынатын Тараптың негізгі заңды қағидаттарына қайшы келсе; немесе
b) сұрау салудың орындалуы сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа мәні бар мүдделеріне зиян келтірсе; немесе
с) сұрау салынатын Тарап сұрау салу жасалған істі сұрау салынатын шаралардың қабылдануын ақтау үшін жеткілікті түрде маңызды болып табылмайды деп есептесе; немесе
d) сұрау салу жасалған құқық бұзушылық саяси немесе салықтық құқық бұзушылық болып табылса; немесе
е) сұрау салынатын Тарап сұрау салынатын шараны ne bis in idem қағидатына қайшы келеді деп есептесе; немесе
f) егер ол оның заңдық құзырындағы аумақта жасалмаса, сұрау салу жасалған құқық бұзушылық сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша құқық бұзушылық деп есептелмесе, осы тарауға сәйкес ынтымақтастықтан бас тарта алады. Алайда 2-бөлімге сәйкес осы негіз сұрау салынатын көмек тек мәжбүрлеу шараларын қамтитын дәрежеде ғана ынтымақтасудан бас тарту үшін қолданылады.
2. Егер сұрау салушы Тараптың заңнамасы бойынша сұрау салынатын шаралар ұқсас ішкі іс жағдайында тергеу немесе қарау мақсатында қабылдана алмаса, 2-бөлімге сәйкес сұрау салынатын көмек өзіне мәжбүрлеу шараларын қоса алғанда және осы тараудың 3-бөліміне сәйкес ынтымақтастықтан сондай дәрежеде бас тартуы мүмкін.
3. Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы талап еткен жағдайда, 2-бөлімге сәйкес ынтымақтастықтан сұрау салынатын көмек мәжбүрлеу шараларын қамтитын дәрежеде және осы тараудың 3-бөліміне сәйкес ынтымақтастықтан егер сұрау салынатын шараларға немесе ұқсас нәтижеге келетін кез келген басқа шараларға сұрау салушы Тараптың заңнамасында жол берілмесе немесе егер сұрау салушы Тараптың судьясы немесе прокуратураны қоса алғанда, қылмыстық сот әділдігі саласында әрекет ететін басқа сот органы сұрау салуды санкцияласа, одан бас тартылуы мүмкін.
4. Егер:
а) сұрау салынатын Тараптың заңнамасы сұрау салу жасалған құқық бұзушылыққа ұқсас құқық бұзушылықтарға байланысты тәркілеуді көздемесе немесе
b) 13-баптың 3-тармағына сәйкес міндеттемелер үшін нұқсан келтірмей, тәркілеу шектеріне қатысты құқық бұзушылық арасында байланысты ескере отырып, ол сұрау салынатын Тараптың ішкі заңнамасының қағидаттарына қайшы келмесе, және:
і) табыс ретінде бағалануы мүмкін экономикалық пайда; немесе
іі) құрал ретінде саралануы мүмкін мүлік; немесе
с) сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша тәркілеу туралы қаулы ескіру мерзіміне байланысты енгізілуі немесе орындалуы мүмкін емес; немесе
d) сұрау салудың бұрын шығарылған үкімге, сот сипатындағы шешімге немесе осындай шешімі бар құқық бұзушылықтың жетілдірілуі немесе құқық бұзушылықтар туралы мәлімдемесіне қатысы жоқ, негізінде қаулы шығарылған немесе тәркілеу туралы сұрау салу жіберілген; немесе
е) тәркілеу туралы қаулы сұрау салушы Тараптың орындауына жатпайды не қарапайым тәсілдермен шағымдану мәні болып табылады; немесе
f) сұрау салу адам жоқ болған кезде қабылданған шешім негізінде шығарылған, бұл қаулы оған қарсы бағытталған тәркілеу туралы қаулымен байланысты және егер сұрау салынатын Тараптың көзқарасы бойынша сұрау салушы Тарап жүргізген қарау барысында және осы шешімге әкелген, құқық бұзушылықты жасауда айыпталған кез келген адамға ұсынылатын қорғауға ең аз құқықтар сақталмаған жағдайларда, осы тараудың 4-бөліміне сәйкес, ынтымақтастық жасаудан бас тартылуы мүмкін.
5. Осы баптың 4 f) тармағының мақсаттары үшін:
а) егер ол тиісті адам наразылық білдіргеннен кейін расталған немесе шығарылған болса немесе
b) бұл апелляцияны тиісті адам беруі шартымен, егер ол апелляция бойынша шығарылған болса, айыпталушы болмағанда шешім қабылданды деп есептелмейді.
6. Осы баптың 4 f) тармағының мақсаттары үшін қорғауға ең аз құқықтарының сақталған-сақталмағаны туралы мәселені қарау кезінде сұрау салынатын Тарап тиісті адамның сот әділдігінен жалтаруға ұмтылғанын немесе ол болмаған кезде шығарылған шешімге шағымдануға мүмкіндігі бола тұра, оны жасамауды дұрыс деп есептеген фактіні назарға алады. Бұл белгіленген тәртіппен сотқа шақырылған тиісті адам шақыру бойынша келмеуді шешкен және келу уақытын ауыстыру туралы сұрамаған жағдайға да қатысты.
7. Тарап осы тарауға сәйкес кез келген ынтымақтастықтан бас тарту үшін негіз ретінде банк құпиясына сілтеме жасай алмайды. Оның ішкі заңнамасында көзделсе, Тарап банк құпиясын ашуға әкелетін ынтымақтастық туралы сұрау салуға судьяның немесе прокуратураны қоса алғанда, қылмыстық сот әділдігі саласында әрекет ететін басқа сот органдарының санкциялауын талап ете алады.
8. Осы баптың 1 а) тармағында көрсетілген бас тартуға негіздеме үшін нұқсан келтірмей:
а) сұрау салушы Тарап осы тарауға сәйкес тергеудегі немесе оған қарсы сұрау салушы органдар тәркілеу туралы қаулы шығарған адам заңды тұлға болып табылатын фактіге ынтымақтастық үшін кедергі ретінде сілтеме жасай алмайды;
b) 13-баптың 1 а) тармағына сәйкес оған қарсы табыстарды тәркілеу туралы қаулы шығарылған жеке тұлға кейін қайтыс болса немесе оған қарсы табыстарды тәркілеу туралы қаулы шығарылған заңды тұлға кейіннен қызметін тоқтатуы сияқты фактілер көмек көрсетуге кедергі бола алмайды.
19-бап. Кейінге қалдыру
Егер сұрау салу бойынша шаралар органдар жүргізген тергеуге немесе қарауға зиян келтіруі мүмкін болса, сұрау салынатын Тарап мұндай шараларды қабылдауды кейінге қалдыра алады.
20-бап. Сұрау салудың ішінара немесе шартты түрде қанағаттандырылуы
Осы тарауға сәйкес ынтымақтастықтан бас тартпас бұрын немесе оны кейінге қалдырмастан бұрын сұрау салушы Тарап қажет болса, сұрау салынатын Тараппен консультация жасай отырып, сұрау салуды ішінара немесе ол қажет деп санайтын шарттармен қанағаттандыра алу-алмауы туралы мәселені қарайды.
6-бөлім. Құжаттарды табыс ету және үшінші тұлғалардың құқықтарын қорғау
21-бап. Құжаттарды табыс ету
1. Тараптар бір-біріне алдын ала шараларға және тәркілеуге қатысты сот құжаттарын табыс етуде жан-жақты көмек көрсетеді.
2. Осы бапта ештеңе:
а) шетелдегі тұлғаларға тікелей почта арқылы сот құжаттарын жіберу мүмкіндігі;
b) егер тағайындаушы Тарап өзінің ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатына қол қою немесе сақтауға тапсыру сәтінде Еуропа Кеңесі Бас Хатшысына қарама-қайшы мазмұндағы мәлімдеме жасамаса, жөнелтуші Тараптың сот шенеуніктері, лауазымдық тұлғалары немесе басқа құзыретті органдары үшін осы Тараптың тікелей консулдық органдары арқылы немесе тағайындаушы Тараптың сот шенеуніктері, лауазымдық тұлғалары немесе басқа құзыретті органдары арқылы сот құжаттарын табыс ету мүмкіндігін шектемейді.
3. Жөнелтуші Тарап шығарған алдын ала шараларға және тәркілеу туралы қаулыға қатысы бар сот құжаттарын шетелдегі тұлғаларға табыс ету сәтінде бұл Тарап оның заңнамасына сәйкес осы тұлғалардың қарамағында қандай құқықтық қорғау шаралары бар екендігін көрсетеді
22-бап. Шетелдік шешімдердің танылуы
1. Сұрау салушы Тарап 3 және 4-бөлімдерге сәйкес ынтымақтастық туралы сұрау салуды қарастыра отырып, сұрау салынатын Тарап шығарған үшінші тұлғалардың құқықтарына қатысты кез келген сот шешімін таниды.
2. Егер:
a) үшінші тұлғаларда өз құқықтарын мәлімдеу үшін жеткілікті мүмкіндіктері болмаса; немесе
b) сұрау салынатын Тараптың сол мәселе бойынша қабылдаған шешіміне шешім қарама-қайшы келсе; немесе
с) ол сұрау салынатын Тараптың қоғамдық тәртібіне сәйкес келмесе; немесе
d) шешім сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген айрықша заңды құзырына қатысты ережелеріне қарамастан қабылданған болса, мұндай танудан бас тартылуы мүмкін.
7-бөлім. Іс жүргізу және басқа да жалпы нормалар
23-бап. Орталық орган
1. Тараптар орталық органды немесе қажет болған жағдайда осы тарауға сәйкес сұрау салулардың және оларға жауаптардың жолдануына, мұндай сұрау салулардың орындалуына немесе оларды орындау үшін қажетті құзыреті бар органдарға тапсыруға жауапты органдарды тағайындайды.
2. Әрбір Тарап өзінің ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатына қол қою немесе сақтауға тапсыру сәтінде Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысына осы баптың 1-тармағына сәйкес белгіленген органдардың атауы мен мекен жайын хабарлайды.
24-бап. Тікелей байланыстар
1. Орталық органдар бір-бірімен тікелей байланыс жасайды.
2. Шұғыл жағдайларда осы тарауға сәйкес сұрау салулар мен хабарламаларды сұрау салушы Тараптың прокуратурасын қоса алғанда, тікелей сот органдары жібереді. Мұндай жағдайларда сұрау салудың немесе хабарламаның көшірмесі бір мезгілде сұрау салушы Тараптың орталық органы арқылы сұрау салынатын Тараптың орталық органына жіберіледі.
3. Кез келген сұрау салу немесе хабарлама осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы берілуі мүмкін.
4. Егер сұрау салу осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалса және егер осы сұрау салуды қабылдаған орган оны қарауға құзыретті болмаса, ол өз мемлекетінің құзыретті органына береді және бұл туралы сұрау салушы Тарапқа тікелей хабарлайды.
5. Осы тараудың 2-бөліміне сәйкес сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары мәжбүрлеу шараларын қарастырылмайтын сұрау салулар мен хабарламаларды сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына тікелей беруі мүмкін.
25-бап. Сұрау салу нысаны және тілдер
1. Осы тарауға сәйкес барлық сұрау салулар жазбаша нысанда жасалады. Телефакс сияқты қазіргі заманғы электр байланысы құралдарын қолдануға рұқсат етіледі.
2. Осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, сұрау салулардың немесе көмекші құжаттардың аудармасы талап етілмейді.
3. Кез келген Тарап ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатқа қол қою немесе сақтауға тапсыру сәтінде оған жіберілетін сұрау салулардың немесе көмекші құжаттардың ана тіліне аудармасымен, немесе Еуропа Кеңесінің ресми тілдерінің біреуімен немесе ол көрсеткен осы тілдердің аудармаларымен қоса жіберуді талап етуге құқылы екендігі туралы Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысына хабарлай алады. Осыған байланысты ол өзі көрсеткен кез келген басқа тілге аударуға келісуге өзінің дайын екендігін хабарлай алады. Басқа Тараптар өзара қолайлық ережесін қолдана алады.
26-бап. Заңдастыру
Осы тарауға сәйкес жіберілетін құжаттар заңдастыру бойынша барлық ресмиліктен босатылады.
27-бап. Сұрау салудың мазмұны
1. Осы тарауға сәйкес ынтымақтастық туралы кез келген сұрау салуда:
а) сұрау салатын орган және тергеу немесе қарау жүргізетін орган;
b) сұрау салудың мәні мен негізі;
с) сот құжаттарын табыс ету туралы сөз болатын жағдайларды қоспағанда, тергеу немесе қарау жүргізіліп жатқан іске қатысты фактілерді (құқық бұзушылық жасау күні, орны және мән-жайы сияқты) қоса алғандағы мәселелер;
d) егер ынтымақтастық мәжбүрлеу шараларын қабылдауды талап етсе:
і) ережелердің немесе заңдардың мәтіндері, егер бұл мүмкін болмаған жағдайда қолданылатын заңды баяндау; және
іі) сұрау салынатын шара немесе ұқсас нәтижелерге әкелетін кез келген басқа шара сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес оның аумағында қабылдану мүмкіндігі туралы мәлімдеме;
e) қажет болған жағдайда және мүмкіндігіне қарай:
і) тиісті тұлға туралы немесе тұлғалардың аты, туған күні мен жері, ұлты және тұрғылықты жері туралы ақпарат, сондай-ақ егер мәселе заңды тұлғаға қатысты болса, оның штаб-пәтері; және
іі) сұрау салудың объектісі болып табылатын мүлік, оның орналасқан жері, тиісті тұлғамен немесе тұлғалармен, сондай-ақ құқық бұзушылықпен байланысы туралы ақпарат және осы мүлікке басқа тұлғалардың құқықтары туралы кез келген қолда бар мәліметтер; және
f) сұрау салушы Тараптың көзқарасы бойынша сақталуы тиіс кез келген нақты рәсім көрсетіледі.
2. Белгілі бір соманы төлеуді талап ету нысанындағы тәркілеу туралы қаулының объектісі болуы мүмкін мүлікке тыйым салуға қатысты 3-бөлімге сәйкес алдын ала шаралар қабылдау туралы сұрау салуда тек осы мүлік есебінен алынуы тиіс ең көп сома көрсетіледі.
3. 1-тармақта көрсетілген ақпараттан басқа 4-бөлімге сәйкес кез келген сұрау салу:
a) 13-баптың 1 а) тармағына байланысты:
і) сұрау салушы Тараптың сотымен қабылданған тәркілеу туралы қаулының куәландырылған көшірмесін және егер қаулының өзінде осылар көрсетілмесе, осы қаулының негіздемелерін баяндауды;
іі) сұрау салушы Тараптың құзыретті органының тәркілеу туралы қаулының орындалуы мүмкін екендігі және ол әдепкі тәртіппен шағымдануға жатпайтыны туралы қорытындысын;
ііі) қаулының қандай дәрежеде орындалуы туралы ақпаратты;
iv) алдын ала шаралар қабылдау қажеттілігіне қатысты ақпаратты;
b) 13-баптың 1-тармағына байланысты сұрау салушы Тарап негізге латын және сұрау салынатын Тарап өзінің ішкі заңнамасы негізінде қаулыны қабылдау туралы мәселені көтеруге жеткілікті болуы тиіс фактілерді баяндауын;
c) егер үшінші тұлғалардың өз құқықтарын мәлімдеуге мүмкіндігі болса, осындай мүмкіндікті растайтын құжаттарды қамтиды.
28-бап. Тиісті емес сұрау салулар
1. Егер сұрау салу осы тараудың ережелеріне сәйкес келмесе немесе егер сұрау салынатын Тараптың ол бойынша шешім қабылдауына онда көрсетілген мәліметтер жеткіліксіз болса, бұл Тарап сұрау салушы тараптан сұрау салуға өзгерістер енгізуді немесе оны қажетті ақпаратпен толықтыруды сұрай алады.
2. Сұрау салынатын Тарап мынадай өзгерістерді немесе толықтыруларды алу үшін мерзім белгілей алады.
3. Осы тараудың 4-бөліміне сәйкес жасалған сұрау салуға байланысты сұрау салынған өзгерістерді немесе толықтыруларды алу үшін Сұрау салынатын Тарап осы тараудың 2 немесе 3-бөлімінде көрсетілген кез келген шараларды қабылдай алады.
29-бап. Сұрау салулардың көптігі
1. Егер сұрау салынатын Тарап осы тараудың 3 және 4-бөлімдеріне сәйкес бір адамға немесе мүлікке қатысты біреуден көп сұрау салу алатын болса, сұрау салудың көптігі сұрау салынатын Тарапқа алдын ала шаралар қабылдауды талап ететін сұрау салулар бойынша әрекет етуге кедергі келтірмейді.
2. Осы тараудың 4-бөліміне сәйкес жіберілген сұрау салулар көп болған жағдайда, сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараппен консультация алысады.
30-бап. Себептерді көрсету міндеттемесі
Сұрау салынатын Тарап осы тарауға сәйкес жасалған ынтымақтастық туралы сұрау салуға қатысты өзінің бас тарту, мерзімін ұзарту немесе шарттарды ұсыну себептерін көрсетуі тиіс.
31-бап. Ақпарат
1 . Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа:
a) осы тарауға сәйкес жасалған сұрау салу бойынша шара қолданылған іс-қимылдар;
b) сұрау салу бойынша шара қолданылған іс-қимылдың түпкілікті нәтижелері;
с) осы тарауға сәйкес жасалған сұрау салудың барлығына немесе бір бөлігіне қатысты бас тарту, мерзімін ұзарту немесе шарттар;
d) сұрау салынған шаралардың орындалуына мүмкіндік бермейтін немесе олардың орындалуын едәуір баяулататын кез келген жағдайлар; және
e) осы тараудың 2 және 3-бөлімдеріне сәйкес жасалған сұрау салу бойынша алдын ала шаралар қолдану қажет болған жағдайда, осы шараларды өздігінен тоқтатуды талап ететін өзінің ішкі заңнамасының ережелері туралы жедел ақпарат береді.
2. Сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тарапқа:
а) шешімді қайта қарау немесе тәркілеу туралы қаулының толығымен немесе ішінара күшін жоюына әкеліп соқтыратын өзге де жағдайлар;
b) осы тарауға сәйкес кез келген іс-қимыл ақталмайтын фактологиялық немесе заңдық кез келген өзгерістер туралы жедел ақпарат береді.
3. Егер Тарап бір қаулының негізінде бірнеше Тарапқа мүлікті тәркілеу туралы өтінішхат берсе, ол бұл туралы осы қаулының орындалуы қозғайтын барлық Тараптарға хабарлайды.
32-бап. Пайдалануды шектеу
1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуда айтылғандарды қоспағанда, сұрау салушы Тарап органдарынан алынған ақпаратты немесе дәлелдемелерді оның алдын ала келісімінсіз тергеу немесе қарау үшін пайдаланылмауы немесе берілмеуі туралы талаптардың орындалуын сұрау салудың орындалу шарты етіп қоя алады.
2. Әрбір Тарап ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы өзінің құжатына қол қою және сақтауға тапсыру сәтінде Еуропа Кеңесі Бас Хатшысының атына жазылған декларациясында сұрау салуда айтылғандарды қоспағанда, осы тарауға сәйкес берген мәліметтерін немесе дәлелдемелерін оның алдын ала келісімінсіз сұрау салушы Тарап органдарының тергеу немесе қарау үшін пайдаланылуы немесе берілуі мүмкін емес екендігін мәлімдей алады.
33-бап. Құпиялылық
1. Сұрау салушы Тарап сұрау салынатын Тараптан сұрау салудың актілері мен мазмұнын құпиялықты сақтауды және оларды сұрау салудың орындалуы үшін қажет болған жағдайда ғана ашуды талап ете алады. Егер сұрау салынатын Тарап құпиялылық талаптарын орындай алмаса, ол сұрау салушы Тарапқа ол туралы жедел хабарлайды.
2. Сұрау салушы Тарап егер одан бұл туралы сұраса және егер оның ішкі заңнамасының негізгі қағидаттарына қарама-қайшы келмесе, сұрау салынатын Тараптың ұсынған кез келген дәлелдемелері мен ақпаратын құпия сақтайды және оларды сұрау салуда көрсетілген тергеу немесе қарау үшін қажет болған жағдайда ғана ашады.
3. Өзінің ішкі заңнамасының ережелерін ескере отырып, 10-бапқа сәйкес ақпарат алған Тарап (алдын ала сұрау салусыз) бұл ақпаратты ұсынған Тараптың құпиялылыққа қатысты кез келген талаптарын орындайды. Егер ол мұндай талаптарды орындай алмаса, ақпаратты жіберген Тарапқа ол туралы жедел хабарлайды.
34-бап. Шығыстар
Сұрау салудың орындалуына қатысты әдеттегі шығындар сұрау салынатын Тарап жабады. Егер шығындар едәуір немесе төтенше сипатта болса, Тараптар сұрау салуды орындау және шығындарды жабу шарттары туралы уағдаласады.
35-бап. Залал
1. Егер кез келген тұлға осы тарауға сәйкес ынтымақтастыққа қатысты әрекетпен немесе әрекетсіздікпен келтірілген залал үшін жауапкершілікке тарту туралы талап-арыз берсе, Тараптар қажет болған жағдайда, осы залалды өтеу үшін кез келген соманы бөлу жөнінде келісу мақсатында бір-бірімен консультация өткізу мүмкіндігін қарастырады.
2. Залалды өтеу туралы талап-арыз берілген Тарап, егер басқа Тарапты осы іс қозғайтын болса, ол туралы басқа Тарапқа хабарлау шараларын қабылдайды.
IV-тарау. Қорытынды ережелер
36-бап. Қол қою және күшіне ену
1. Осы Конвенция Еуропа Кеңесінің мүше мемлекеттердің және оның әзірлеуіне қатысқан басқа мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық болады. Бұл мемлекеттер:
a) ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы ескертусіз қол қою; немесе
b) кейіннен ратификациялай, қабылдай және мақұлдай отырып, ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы ескертумен қол қою арқылы өздерін бойланыстыруға келісімдерін білдіре алады.
2. Ратификациялау, қабылдау және мақұлдау туралы құжаттар Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.
3. Осы Конвенция үш мемлекеттің кем дегенде екеуі Еуропа Кеңесінің мүше мемлекеттері болып табылса, 1-тармақтың ережелеріне сәйкес өздерін Конвенцияға бойланыстыруға келісімін білдірген күннен бастап үш ай өткеннен кейінгі келесі айдың бірінші күні күшіне енеді.
4. Конвенцияға қол қойған, нәтижесінде онымен байланысты болатынына өз келісімін білдіретін кез келген мемлекет үшін Конвенция 1-тармақтың ережелеріне сәйкес өздерін Конвенцияға бойланыстыруға келісімін білдірген күннен бастап үш ай мерзім өткен күннен кейінгі айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
37-бап. Конвенцияға қосылу
1. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін, Еуропа Кеңесінің Министрлер Комитеті Конвенцияға мүше мемлекеттермен кеңес жүргізгеннен кейін, Кеңес мүшесі болып табылмайтын және оның әзірленуіне қатыспаған кез келген мемлекетке Конвенцияға қосылу Еуропа Кеңесі Статутының 20 d)-бабында көзделген көпшілік дауыспен тиісті шешім қабылданған және Комитеттегі Тараптар өкілдері бір ауыздан мақұлдауы шартымен мүмкін болатынын ұсына алады.
2. Конвенцияға қосылған кез келген мемлекет үшін қосылу туралы құжатты Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысына сақтауға тапсырған күннен бастап үш ай мерзім өткен күннен кейінгі айдың бірінші күнінде конвенция күшіне енеді.
38-бап. Аумақтық қолданулар
1. Кез келген мемлекет ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы өз құжатына қол қою және сақтауға тапсыру сәтінде осы Конвенцияның күші қолданылатын аумақты немесе аумақтарды көрсете алады.
2. Кез келген мемлекет кез келген келесі сәтте Еуропа Кеңесі Бас Хатшысының атына берілген декларация арқылы осы Конвенцияның күшін декларацияда көрсетілген кез келген басқа аумаққа қолдана алады. Бас Хатшының мұндай декларацияны алған күнінен бастап үш ай мерзім өткен күннен кейінгі айдың бірінші күнінде осы аумаққа қатысты Конвенция күшіне енеді.
3. Алдыңғы екі тармаққа сәйкес жіберілген кез келген декларация Бас Хатшының атына хабарлау арқылы осы декларацияда көрсетілген кез келген аумаққа қатысты қайтарылып алынуы мүмкін. Бас Хатшы осындай хабарлама алған күннен бастап үш ай өткен күннен кейінгі айдың бірінші күнінде қайтарылып алынуы күшіне енеді.
39-бап. Басқа конвенцияларға және келісімдерге қатыстылығы
1.
Осы Конвенция нақты мәселелер жөніндегі халықаралық көпжақты конвенциялардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғайды.
2. Конвенцияның Тараптары оның ережелерін толықтыру немесе күшейту немесе онда бекітілген қағидаттардың қолданылуын жеңілдету мақсатында осы Конвенция қозғайтын мәселелер бойынша екіжақты немесе көпжақты келісімдер жасай алады.
3. Егер екі немесе одан да көп Тараптар осы Конвенция қозғайтын ол немесе өзге де мәселе бойынша келісім немесе шарт қабылдаса немесе бұл мәселе бойынша өздерінің қатынастарын өзгеше түрде анықтаса, олар бұл келісімді немесе шартты қолдануға немесе егер бұл халықаралық ынтымақтастыққа ықпалын тигізсе, осы Конвенцияның орнына өз қатынастарын тиісті түрде реттеуге құқылы.
40-бап. Ескертпелер
1. Кез келген мемлекет ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы өз құжатына қол қою және сақтауға тапсыру сәтінде 2-баптың 2-тармағына, 6-баптың 4-тармағына, 14-баптың 3-тармағына, 21-баптың 2-тармағына, 25-баптың 3-тармағына және 32-баптың 2-тармағына сәйкес бір немесе одан да көп ескертпелерді қолдануы туралы мәлімдей алады. Басқа ескертпелерге жол берілмейді.
2. Алдыңғы тармаққа сәйкес ескертпе жасаған кез келген мемлекет оны Еуропа Кеңесі Бас Хатшысының атына хабарлау арқылы оны толық немесе ішінара қайтарып алуы мүмкін. Қайтарып алу Бас Хатшының хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
3. Осы Конвенцияның сол немесе басқа ережесіне қатысты ескертпе жасаған Тарап кез келген басқа Тараптың осы ережені қолдануын талап ете алмайды, алайда егер ескертпе ішінара сипатта немесе шартпен ескерілген болса, мұндай ескертпені жасаған Тарап тиісті ереженің өзі қабылдаған дәрежеде қолдануын талап ете алады.
41-бап. Түзетулер
1. Осы Конвенцияға түзетулерді кез келген Тарап ұсына алады, Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысы ұсынылған түзетулерді Кеңеске мүше мемлекеттерге және 37-баптың ережелеріне сәйкес осы Конвенцияға қосылған немесе қосылу ұсынылған Кеңестің мүшесі болып табылмайтын әрбір мемлекетке жібереді.
2. Сол немесе басқа тарап ұсынған кез келген түзету Қылмыстылық проблемалары жөніндегі еуропалық комитетке жіберіледі және ол өз қорытындысын Министрлер Комитетіне ұсынады.
3. Министрлер Комитеті ұсынылған түзетуді және Қылмыстылық проблемалары жөніндегі еуропалық комитеттің қорытындысын қарайды және түзетуді мақұлдай алады.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес Министрлер комитеті мақұлдаған кез келген түзетулердің мәтінін Тараптар қабылдау үшін жібереді.
5. Осы баптың 3-тармағына сәйкес мақұлданған кез келген түзету барлық Тараптар Бас Хатшыға бұл түзетуді өздері қабылдағандары туралы хабарлағаннан кейін, отызыншы күні күшіне енеді.
42-бап. Дауларды реттеу
1. Еуропа Кеңесінің Қылмыстылық проблемалары жөніндегі еуропалық комитетін осы Конвенцияның түсіндірілуі және қолданылуы туралы тұрақты хабардар етеді.
2. Тараптар арасында осы Конвенцияны түсіндіруге және қолдануға қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар келіспеушіліктерді келіссөздер арқылы немесе дауды Қылмыстылық проблемалары жөніндегі еуропалық комитеттің қарауына, шешімі Тараптар үшін міндетті болып табылатын төрелік сотқа немесе тиісті Тараптардың не туралы келісуіне қарай халықаралық сотқа тапсыруды қоса алғанда, өз таңдауы бойынша кез келген басқа бейбіт жолмен реттеуге ұмтылады.
43-бап. Күшін жою
1. Кез келген Тарап Еуропа Кеңесі Бас Хатшысының атына хабарлау арқылы кез келген сәтте осы Конвенцияның күшін жоя алады.
2. Мұндай күшін жою Бас Хатшы хабарламаны алған күннен бастап үш ай өткен күннен кейінгі айдың бірінші күні күшіне енеді.
3. Алайда, осы Конвенция мұндай күшін жою күшіне ену күніне дейін 14-бапқа сәйкес осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес сұрау салу жасалған тәркілеудің орындалуына қатысты қолданылуын жалғастырады.
44-бап. Хабарламалар
Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысы Кеңеске мүше мемлекеттерге және осы Конвенцияға қосылған кез келген мемлекетке:
а) кез келген қол қоюы;
b) кез келген ратификациялық грамотаның, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттың сақтауға тапсырылуы;
с) 36 және 37-баптарға сәйкес осы Конвенцияның күшіне енуінің кез келген күні;
d) 40-баптың 1-тармағына сәйкес кез келген түзету;
е) осы Конвенцияға қатысты кез келген басқа іс-қимылдар, хабарламалар мен ескертулер туралы хабарлайды.
Осыны куәландыру үшін тиісті дәрежеде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.
1990 жылғы 8 қарашада Страсбургте ағылшын және француз тілдерінде Еуропа Кеңесінің мұрағатында сақталатын бір данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де бірдей күші бар. Еуропа Кеңесінің Бас Хатшысы Конвенцияның куәландырылған даналарын Еуропа Кеңесіне мүше әрбір мемлекетке, Кеңестің мүшелері болып табылмайтын, Конвенцияның әзірлеуіне қатысқан мемлекеттерге және Конвенцияға қосылу ұсынылатын кез келген мемлекетке жібереді.
Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алу және тәркілеу туралы Конвенциясының қазақ тіліндегі осы мәтіні орыс тіліндегі нұсқасына сай келеді.
Қазақстан Республикасы
Экономикалық қылмысқа және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрес агенттігі (қаржы полициясы)
Төрағасының бірінші орынбасары Р. Ыбырайымов
РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Конвенцияның мәтіні ағылшын және француз тілдерінде берілген.