Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында жер учаскелерін беру туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 23 мамырдағы № 438-IV Заңы

      2010 жылғы 22 сәуірде Сеулде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында жер учаскелерін беру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
             Президенті                          Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының
Үкіметі арасындағы Корея Республикасы дипломатиялық
өкілдіктерінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында жер
учаскелерін беру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі,
      екі елдің арасындағы достық қатынастарды нығайту, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында,
      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Қазақстан тарапы Корея Республикасының Елшілігі ғимаратын салу үшін Астана қаласында Обаған көшесі мен Арғанаты көшесінің қиылысындағы аудандағы жалпы алаңы 1 га және Корея Республикасының Елшілігі резиденциясының ғимаратын салу үшін Обаған көшесінде орналасқан жалпы алаңы 0,5 га жер учаскелерін уақытша қайтарымды жерді пайдалануға (жалға алуға) 49 жыл мерзіммен Корея тарапына береді.
      Жалға алу мерзімі тоқтатылған жағдайда Қазақстан тарапы осы Келісімде көзделген жер учаскелерін қайтарып алады, бұл ретте Корея тарапы осы Келісімге сәйкес жоғарыда көрсетілген жер учаскелерінде салынған ғимараттарға меншік құқығын сақтап қалады.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері жер учаскелерін жалға алғаны үшін төлемдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес өндіріп алынатын барлық салықтардан, алымдардан, баждардан босатылады.

3-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін 180 күн ішінде Корея тарапы осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін жалға алудың шарттарын жергілікті атқарушы органдармен келіседі және бір жолғы тәртіппен 49 жыл үшін төлем төлейді. Жалға алу ақысының мөлшері жылына 1 шаршы метрге 34 теңге 74 тиынды құрайды.
      Осы Келісімді ұзартқан жағдайда жалға алу ақысының төлемін Корея тарапы ұзарту сәтінде кезінде Қазақстан Республикасында қолданыста болатын жалға алу ставкалары бойынша әрбір жолы келесі 49 жыл үшін бір жолғы тәртіппен жүргізеді, оның мөлшері осы Келісімнің ажырамайтын бөлігі болып жеке хаттамамен ресімделеді.

4-бап

      Корея тарапы осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін келетін елдің жазбаша рұқсатынсыз басқа жеке немесе заңды тұлғаларға бермеуге міндеттенеді.

5-бап

      Корея тарапы Корея Республикасы Елшілігінің ғимараттарын жобалаған және салған кезде Қазақстан Республикасында қолданыстағы қала құрылысы мен сәулет саласындағы заңнаманы сақтауға міндеттенеді.

6-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелеріне байланысты жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық жұмыстар, ғимараттың жобасын сараптау және салу сияқты нақты қызмет түрлеріне арналған барлық шығыстарды, сондай-ақ оны ұстауға және жөндеуге, электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға, байланыс қызметтеріне және қызмет көрсетудің басқа да нақты түрлеріне арналған шығыстарды Корея тарапы Қазақстан Республикасында қолданыстағы нормативтер мен тарифтерге сәйкес дербес көтереді.

7-бап

      Қазақстан тарапы Корея тарапы Астана қаласының коммуналдық құрылыстарына қосуға арналған бастапқы деректерді уақтылы бергеннен кейін Корея Республикасының Елшілігі жер учаскелерінің шекарасына дейінгі коммуналдық құрылыстарға барлық қажетті қосуларды Қазақстан тарапының есебінен, ал осы жер учаскелерінің шекарасынан оның аумағы бойынша Корея тарапының есебінен ұйымдастыруға және жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.

8-бап

      Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында көзделген барлық қолдануға болатын рәсімдерді Корея тарапы міндетті түрде сақтаған жағдайда, осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде Корея Республикасы Елшілігінің ғимараттарын және оған қосалқы құрылыстарды салуға арналған рұқсат беруді ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөліктері болып табылады.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және орындау кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар өзара консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.

11-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім қырық тоғыз (49) жыл ішінде қолданылады және, егер Тараптардың бір де бірі кезекті қырық тоғыз жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде 1 жыл бұрын оның қолданылуын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарламаса, келесі қырық тоғыз жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      2010 жылғы 22 сәуірде Сеул қаласында екі данада әрқайсысы қазақ, корей, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының                 Корея Республикасының
            Үкіметі үшін                              Үкіметі үшін

      2010 жылғы 22 сәуірде Сеул қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы Корея Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында жер учаскелерін беру туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні ағылшын,  корей тілдерінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады