Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 16 маусымдағы № 441-IV Заңы

      2007 жылғы 6 қазанда Душанбеде жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республиканың
      Президенті                                  Н. Назарбаев

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің
құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру
үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің
жеңілдікті шарттары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың мақсаттары мен қағидаттарына және оның шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен құжаттарға өзінің бейілділігін растай отырып,
      қауіпсіздікке төнетін трансұлттық қауіптер мен қатерлерге қарсы іс-қимыл саласында одақтастық қатынастарды арттыруға ұмтыла отырып,
      осы мақсаттарда Тараптардың құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін арнайы техникамен және арнайы құралдармен жан-жақты жарақтандыру үшін жеңілдікті шарттарды қалыптастыру ниетін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілген терминдер мынаны білдіреді:
      құқық қорғау органдары - негізгі (арнайы) функциясы құқықтық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қылмыспен, басқа құқық бұзушылықтармен күресу, қоғамдық тәртіпті және мемлекеттің қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету болып табылатын мемлекеттік органдардың жиынтығы;
      арнайы қызметтер - Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес барлау, қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға; мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында функцияларды жүзеге асыруға; төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша міндеттерді шешуге арналған мемлекеттік органдар;
      арнайы техника - байланыс, ақпаратты қорғау құралдары, ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелердің техникалық құралдары, радиобақылау құралдары, мамандандырылған аумақтық бөлінген автоматтандырылған жүйелер, есептеуіш техниканың үлгілік жергілікті желілері, тіршілікті қамтамасыз ету құралдары, жеке қорғану, оның ішінде бронды қорғану құралдары, жедел, криминалистикалық және іздеу техникасы құралдары, инженерлік-техникалық құралдар, күзет, қадағалау және бақылау жүйелері, жедел-қызметтік көлік, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің техникалық құралдары, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған құралдар, сондай-ақ Тараптардың құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыруға қабылданған және Тараптардың заңнамасымен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылмайтын өзге де техникалық құралдар мен олардың жинақтауыштары;
      арнайы құралдар - арнайы әзірленген және шабуылды тойтару, қылмыс жасаудың, қарсылық көрсетудің жолын кесу, іздестіру, ұстау, ұсталғандарды жеткізу, күзеттен қашудың жолын кесу, кепілге алынғандарды, басып алынған ғимараттарды, үй-жайларды, құрылыстарды, көлік құралдарын және учаскелерді босату, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесу, көлік құралдарын тоқтату кезінде объектіге өлімге әкелмейтіндей қайтарымды ықпал ету мақсатында құқық қорғау органдарының қолдануына арналған, Тараптардың құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерінің жарақтануына қабылданған және Тараптардың заңнамасымен әскери мақсаттағы өнімге жатқызылмайтын бұйымның әр түрі;
      жеңілдік шарттарымен жеткізу - өз қажеттері үшін құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтер сатып алатын арнайы техникаға және арнайы құралдарға бағаның негізінде мемлекетте қалыптасатын бағалар бойынша арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізу.
      Арнайы техника мен арнайы құралдар Тараптардың құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерінде қолда барынан жеткізілген жағдайда, бағалар арнайы техника мен арнайы құралдардың қалдық құны негізінде оларды сақтау, оларға қызмет көрсету, тасымалдау жөніндегі шығындарды және жеткізуді жүзеге асыруға байланысты басқа да шығыстарды ескере отырып есептеледі.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.11.2015 № 428-V Заңымен.

2-бап

      Арнайы техника мен арнайы құралдарды жеңілдікті шарттармен жеткізу Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес арнайы техника мен арнайы құралдарға қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға құқық берілген, олардың мемлекеттік органдарының және/немесе заңды тұлғаларының арасында жасалатын шарттардың (келісімшарттардың) негізінде Тараптардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Тараптардың құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру мүдделерінде жүзеге асырылады.

3-бап

      Осы Келісімге сәйкес арнайы техника мен арнайы құралдарды жеңілдікті шарттарда жеткізуді жүзеге асыру кезінде Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес арнайы техника мен арнайы құралдарға қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға құқық берілген Тараптардың мемлекеттік органдары және/немесе ұйымдары еркін айырбасталатын валютамен және (немесе) Ресей Федерациясының рублімен есеп айырысудың халықаралық практикада белгіленген шарттары мен нысандарын пайдаланады.
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.02.2014 № 171-V Заңымен.

4-бап

      Жеткізілетін арнайы техника мен арнайы құралдар үшін есеп айырысулар жоғарыда көрсетілген өнімді дайындау үшін қажетті алдын ала төлемді (авансты) ескере отырып жүзеге асырылады.
      Экспорттық бағаларды қалыптастырудың жеңілдікті тәртібін қамтамасыз ету мақсатында шарттарға (келісімшарттарға) аванстық төлемдерді қайтаруға банктік кепіл ұсыну туралы шарт енгізілмейді.

5-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында жеңілдікті шарттармен жеткізілетін арнайы техника мен арнайы құралдарды тасымалдау кезінде Тараптар арнайы техника мен арнайы құралдардың осыған ұқсас тасымалдары үшін белгіленген және өздерінің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері үшін көзделген көліктің кез келген түрімен оларды тасымалдауға және/немесе транзитіне тарифтерді қоса алғанда, тасымалдау және/немесе транзиттеу шарттарын қолданады.
      Осы Келісімге сәйкес жеңілдікті шарттармен жеткізілетін арнайы техника мен арнайы құралдарды аумағы арқылы транзитпен тасымалдау жүзеге асырылатын Тарап жеткізуші Тараптың немесе алушы Тараптың сұрау салуының негізінде осы Келісімге сәйкес жеткізілетін арнайы техника мен арнайы құралдардың транзитіне бірінші кезекте құқық береді.
      Бұл ретте Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында белгіленген автокөлік құралдарының рұқсат етілетін салмақ және габариттік параметрлері асып кеткен жағдайда тасымалдау аумағы арқылы тасымалдау бағыты өтетін Тарап заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

6-бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде жеңілдікті шарттармен жеткізілген арнайы техника мен арнайы құралдарды, жеткізетін Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерден шет мемлекеттерге, жеке және заңды тұлғаларға немесе халықаралық ұйымдарға сатпайды және бермейді.
      Осы баптың ережесін бұзған немесе Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шыққан кезде Тарап арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізген Тарапқа жеткізілген арнайы техника мен арнайы құралдардың бағасы мен осыған ұқсас өнімді әлемдік нарыққа жеткізу кезінде қалыптасқан бағаның арасындағы айырманы, оны пайдаланудың әрбір жылы үшін шегерімдерді алып тастап, еркін айырбасталатын валютамен және (немесе) Ресей Федерациясының рублімен төлейді (бұдан әрі - өтемақы).
      Арнайы техника мен арнайы құралдарды пайдаланудың әрбір жылы үшін шегерімдерді есептеуді дайындаушы кәсіпорын жеткізілетін арнайы техника мен арнайы құралдардың жалпы қызмет ету мерзімін негізге ала отырып, мемлекеттік тапсырыс берушімен келісім бойынша (ол сатып алатын өнім бөлігінде) жүзеге асырады.
      Бұл міндеттеме арнайы техника және арнайы құралдарды әрбір жеткізудің шарттарында (келісімшарттарында) еркін айырбасталатын валютада және (немесе) Ресей Федерациясының рублінде балама сомаларда, сондай-ақ Тараптар арасында келісілген және алушы Тараптың уәкілетті мемлекеттік органы қол қоятын қаржылық міндеттемелердің нысандарында бекітіледі.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.02.2014 № 171-V Заңымен.

7-бап

      Жеткізуші тарап осы Келісімнің шеңберінде жеткізілген арнайы техника мен арнайы құралдардың нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы. Жеткізілетін арнайы техника мен арнайы құралдарды бақылау тетігі ретінде 2002 жылғы 7 қазанда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімнің шеңберінде жеткізілетін әскери мақсаттағы өнімнің нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы хаттамада көзделген тетік қолданылады.

8-бап

      Мемлекеттік құпияны құрайтын және осы Келісімді іске асыру барысында алынған мәліметтерді қорғау Тараптардың заңнамасына және 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
      Осы Келісімнің шеңберінде ынтымақтастық барысында алынған ақпарат, келісімшарттық бағаларды қоса алғанда, конфиденциалды немесе құпия сипатқа ие, мүдделі Тараптардың келісімінсіз қандай да бір мән-жайлар кезінде осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын мемлекеттерге, олардың жеке және заңды тұлғаларына берілмейді және Тараптардың кез келгенінің мүдделеріне зиян келтіріп пайдаланылмайды.

9-бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде алынған арнайы техника мен арнайы құралдардың ішінара да, тұтас алғанда да зияткерлік меншіктің мәні бола алатынын мойындайды және бұл орайда оны берген Тараптың өзінің ғана не өзге құқығының объектісі болып табылады.
      Көрсетілген арнайы құралдар мен арнайы техниканы алған Тарап оларды санкцияланбаған пайдалану және/немесе беруші Тараптың келісімінсіз Тараптар өкілеттік бермеген заңды және жеке тұлғалардың зияткерлік меншікке қол жеткізуі жағдайында жауапкершілікте болады және өз мемлекетінің заңнамасы шеңберінде, сондай-ақ олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес оны құқықтық және өзгеше қорғаудың тиісті шараларын қамтамасыз етеді.

10-бап

      Тараптардың кез келгені осы Келісімнің ережелерін оның мақсаттарына зиян келтіріп бұзған жағдайда басқа Тараптар бұзған Тарапқа қатысты Келісімнің немесе оның жекелеген ережелерінің қолданылуын және оған осы Келісімнің 6-бабында көзделген өтемақыны төлеуді тоқтату туралы шешім қабылдауға құқылы.
      Қандай да бір Тарап осы Келісімнің ережелерінен туындайтын міндеттемелерді сақтамаған жағдайда осының салдарынан оның мүдделеріне зиян келтірілді деп есептеген Тарап тиісті Тараппен қарым-қатынастарда осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұру немесе тоқтату туралы мәлімдей алады.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

12-бап

      Кез келген Тарап Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығына шығуға дейін кемінде 6 ай бұрын өз ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнен шыға алады. Бұл Тарапқа қатысты Келісім өз қолданылуын мұндай хабарлама алған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң тоқтатады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтатуға байланысты туындайтын барлық даулы мәселелерді Тараптар келіссөздер жолымен реттейтін болады. Бұл ретте осы Келісімінің 6-бабының ережелері мүдделі Тараптар Келісімнен шыққан Тарап үшін оның әрекетінің тоқтауына байланысты туындайтын барлық даулы мәселелерді келіссөздер жолымен реттегенге дейін күшінде қалады.

13-бап

      Әрбір Тарап осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі өкілетті мемлекеттік органды айқындайды, бұл туралы ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығына хабарлайды.

14-бап

      Осы Келісім Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындауы туралы төртінші жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді, бұл туралы ол барлық Тараптарға хабарлайды және, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың әрекет ету мерзімі ішінде қолданылады.
      Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығына тиісті жазбаша хабарламаны тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөліктері болып табылады.
      Мұндай хаттамалар осы Келісімнің 14-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Армения Республикасы үшін           Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін          Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін         Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеңілдікпен жеткізу шарттары туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрлігінің
      Мемлекеттік тіл, ақпарат
      және халықаралық
      ынтымақтастық департаментінің
      Халықаралық ынтымақтастық басқармасы
      Халықаралық қатынастар
      бөлімінің бастығы                          Р. Молдыраим

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады