2010 жылғы 5 шілдеде Астанада жасалған Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтың ерекшеліктері туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н. НАЗАРБАЕВ |
Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің
кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік
жауаптылықтың ерекшеліктері туралы
ШАРТ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі Кеден одағына мүше мемлекеттер,
Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтың ерекшеліктерін белгілеу мақсатында,
халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың, 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарттың (бұдан әрі — Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт) ережелерін негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Шарттың мақсаттары үшін мынадай негізгі терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
"құзыретті органдар" - Тараптардың кеден органдары және өзге уәкілетті мемлекеттік органдары;
"кеден органдары" - Тараптардың кеден органдары;
"қылмыстар" - оның сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген, оларды жасағаны үшін Тараптардың заңнамасында қылмыстық жауаптылық көзделген Кеден одағының кеден заңнамасын және Тараптардың заңнамасын бұзушылықтар;
"әкімшілік құқық бұзушылықтар" - оның сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген, оларды жасағаны үшін Тараптардың заңнамасында әкімшілік жауаптылық көзделген Кеден одағының кеден заңнамасын және Тараптардың заңнамасын бұзушылықтар;
"тауарлар" - Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартта көзделген мағынадағы тауарлар;
"мәдени құндылықтар" - Тараптардың заңнамасына сәйкес әрбір Тарап мәдениет, археология, тарих, әдебиет, өнер немесе ғылым үшін мәні бар деп қарайтын, жасалу уақытына қарамастан, діни немесе зайырлы сипаттағы бұйымдар және/немесе коллекциялар, сондай-ақ олардың құрамдас бөліктері немесе фрагменттері;
"тұлға" - заңды тұлға; заңды тұлға болып табылмайтын ұйым; жеке тұлға, оның ішінде дара кәсіпкер.
2-бап
1. Осы Шарт оның сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген Кеден одағының кеден заңнамасын және Тараптардың заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және (немесе) әкімшілік жауаптылыққа тартудың ерекшеліктерін айқындайды.
2. Тұлғаларды қылмыстық және (немесе) әкімшілік жауаптылыққа тарту кезінде Тараптар және олардың құзыретті органдары осы Шарттың мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
3-бап
1. Қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың түрлері, сондай-ақ тұлғаларды қылмыстық және (немесе) әкімшілік жауаптылыққа тарту тәртібі мен қағидаттары осы Шартта белгіленген ерекшеліктерге сәйкес Тараптардың заңнамасында айқындалады.
2. Әрбір Тарап Кеден одағының кеден заңнамасын және Тараптардың заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықты көздейтін өзінің заңнамасына өзгерістер енгізу және осындай іс-әрекеттердің құқыққа қайшылығын біркелкі айқындау бойынша шаралар қабылдауға міндеттенеді.
4-бап
1. Кеден одағының кедендік аумағында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлға аумағында әкімшілік құқық бұзушылық анықталған Тараптың заңнамасы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады.
2. Жөнелтуші кеден органы белгілеген жеткізу орнына тауарлар мен олардың құжаттары жеткізілмеген жағдайда, тұлға кеден органдары тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес шығарған Тараптың заңнамасы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады.
3. Әкімшілік процесс (іс жүргізу) тұлға аумағында әкімшілік жауаптылыққа тартылатын не тартылуға жататын Тараптың заңнамасы бойынша жүргізіледі (жүзеге асырылады).
5-бап
1. Егер осы Шартта өзгеше көзделмесе, қылмыстық іс қылмысты жасау орны бойынша, ал қылмысты жасау орнын айқындау мүмкін емес жағдайда, қылмыс анықталған орын бойынша қозғалады және тергеледі.
Егер, бір Тараптың құзыретті органы өзіне қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын тұлға оны ұстап бермейтін басқа Тараптың азаматы болып табылса, қылмыстық іс осы тұлғаны қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін осы басқа Тарапқа жіберіледі.
Тұлға қылмысты бірнеше Тараптың аумағында жасаған жағдайда, соңғы қылмыстық әрекет жасалған Тараптың аумағы оны жасау орны болып табылады.
Егер қылмыстарды тұлға әртүрлі Тараптардың аумағында жасаса, онда Тараптардың заңнамасына сәйкес уәкілетті органдар арасындағы келісім бойынша қылмыстық іс қылмыстардың көпшілігі немесе олардың ішінен ең ауыры жасалған Тараптың аумағында тергеледі.
2. Әрбір Тарап өзінің заңнамасына сәйкес басқа Тараптардың аумағында жасалған, өзінің мүддесіне қарсы бағытталған қылмыстар бойынша қылмыстық істерді қозғай және тергей алады.
3. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу аумағында қылмыстық іс тергелетін Тараптың қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
4. Бір Тарап қылмыс туралы өтінішті, хабарламаны қарау кезінде немесе қылмыс туралы қылмыстық істі тергеу барысында осы Шарттың 1-бабының мағынасы бойынша қылмыс болып табылмайтын басқа Тараптың аумағында жасалған басқа қылмыстық жазаланатын әрекеттің белгілерін анықтаған жағдайда, материалдар оны қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес қарау үшін осы басқа Тарапқа жіберіледі.
6-бап
Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарттың ережелеріне сәйкес кез келген Тараптың кеден органдары ресімдеген кедендік бақылауды жүргізу нәтижелері, сондай-ақ бір Тараптың заңнамасына сәйкес осы Тараптың құзыретті органы басқа Тараптың құзыретті органдарының тапсырмалары негізіндегі іс жүргізу іс-қимылдарын орындау нәтижелері қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде танылады және Тараптардың заңнамасына сәйкес басқа дәлелдемелермен қатар көрсетілген істерді қарау кезінде бағалауға жатады.
7-бап
1. Оған қатысты бір Тараптың аумағында қылмыстық іс бойынша үкім немесе өзге сот шешімі заңды күшіне енген тұлғаны басқа Тарап дәл сол әрекеті үшін қылмыстық жауаптылыққа тарта алмайды.
2. Оған қатысты бір Тараптың аумағында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шешім заңды күшіне енген тұлғаны басқа Тарап дәл сол әрекеті үшін әкімшілік жауаптылыққа тарта алмайды.
8-бап
1. Тараптардың әрқайсысы басқа Тараптың аумағында шығарылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген шешімдерді таниды және орындауға шаралар қабылдайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шешімдерді тану және орындау тәртібі халықаралық шартта және аумағында орындалуы жүзеге асырылатын Тараптың заңнамасында айқындалады.
3. Осы баптың ережелері осы Шарт және Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енгеннен кейін шығарылған шешімдерге қолданылады.
9-бап
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша әкімшілік процесті жүргізу (іс жүргізуді жүзеге асыру) және қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу барысында бір Тарап алған не тыйым салған, басқа Тарап үшін мемлекеттік мүддені білдіретін мәдени құндылықтар мен өзге тауарлар осы Тараптың дәлелді сұрау салуы бойынша қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шешім заңды күшіне енгеннен кейін осы Тарапқа қайтарылуы мүмкін.
Мемлекеттік мүддені білдіретін тауарлар Тараптардың заңнамасында айқындалады.
10-бап
Осы Шарт Кеден одағына мүше мемлекеттердің арасында қолданылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
11-бап
Осы Шарттың мақсаты үшін жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.
12-бап
Тараптар арасындағы осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен шешіледі. Осы консультациялар немесе келіссөздер басталған күнінен бастап алты ай ішінде келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына беріледі.
13-бап
Тараптардың келісуі бойынша осы Шартқа жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
14-бап
Осы Шарт ратификациялауға жатады.
Осы Шарт депозитарий дипломатиялық арналар арқылы осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Шарт Кеден одағының мүшесі болатын кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Шарт ол депозитарийге осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламаны тапсырған күнінен бастап, егер Тараптардың келісімімен өзгеше көзделмесе, күшіне енеді.
2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Шарттың түпнұсқа данасы осы Шарттың депозитарийі болып табылатын және әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.12.2014 № 265-V Заңымен.Беларусь Республикасы | Қазақстан Республикасы | Ресей Федерациясы |
үшін | үшін | үшін |
Осы мәтінді Астана қаласында 2010 жылғы 5 шілдеде қол қойылған Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтың ерекшеліктері туралы шарттың толық және тең түпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Президенті А.Г.Лукашенко;
Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев;
Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясының Президенті Д.А.Медведев.
Түпнұсқа данасы Кеден одағы комиссиясында сақталады.
Барлығы тігілген, қолымен және мөрмен бекітілген 7 парақ |
Кеден одағы комиссиясының Хатшылығы | |
Құқықтық департаментінің директоры | Н.Б.Слюсарь |
2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында қол қойылған Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтың ерекшеліктері туралы шарттың куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесін дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы | |
Сыртқы істер министрлігінің | |
Халықаралық құқық департаментінің | |
Басқарма бастығы | Д. Есентаев |