Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 желтоқсандағы № 521-IV Заңы

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты, iзгiлiк қағидаты басшылыққа алына отырып қабылданды.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) осы Заңның 2-бабы 1-тармағы 1) тармақшасында аталған адамдар – қылмыс жасаған кезiнде он сегiз жасқа толмаған адамдар;
      2) осы Заңның 2-бабы 1-тармағы 2) тармақшасында аталған адамдар:
      осы Заң қолданысқа енгiзілетін күнге жүктi әйелдер;
      осы Заң қолданысқа енгiзілетін күнге ата-ана құқықтарынан айырылмаған және он сегiз жасқа толмаған балалары, оның iшiнде асырап алған не қорғаншылыққа және (немесе) қамқоршылыққа алған балалары бар не қамалғанға және сотталғанға дейін асырауында жастарына қарамастан І және ІІ топтардағы мүгедек балалары болған әйелдер;
      осы Заң қолданысқа енгiзілетін кезге кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын және ата-ана құқықтарынан айырылмаған ер адамдар;
      3) осы Заңның 2-бабы 1-тармағы 3) тармақшасында аталған адамдар – осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен I, II және III топтағы мүгедектер деп танылған адамдар;
      4) осы Заңның 2-бабы 1-тармағы 4) тармақшасында аталған адамдар – осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн елуге толған және одан жоғары жастағы әйелдер, алпыс үшке толған және одан жоғары жастағы ер адамдар;
      5) осы Заңның 2-бабы 1-тармағы 5) тармақшасында аталған адамдар – Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
      6) осы Заңның 2-бабы 1-тармағы 6) тармақшасында аталған адамдар – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, оның ішінде бұрынғы КСР Одағының, әскери немесе интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілерінің басқа тіркелген некеге тұрмаған жесірлері, сондай-ақ соғыс мүгедектерінің және оларға теңестірілген адамдардың әйелдері.

      2-бап. Жазадан босатылатын адамдар

      1. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшiн сотталған адамдар:
      1) кәмелетке толмағандар;
      2) жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе І және ІІ топтардағы мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар;
      3) I, II және III топтағы мүгедектер;
      4) елуге толған және одан жоғары жастағы әйелдер, алпыс үшке толған және одан жоғары жастағы ер адамдар;
      5) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
      6) әскери және интернационалдық борышын атқару кезiнде қаза тапқан әскери қызметшiлердiң жесiрлерi, сондай-ақ күйеулерi соғыс мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар болып табылатын әйелдер жазадан босатылады.
      2. Осы баптың 1-тармағының қолданылу аясына жатпайтын, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшiн сотталған адамдар, егер олар тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiр бөлігiн өтеген болса, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазадан босатылады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының қолданылу аясына жатпайтын адамдар:
      1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 63-бабы қолданыла отырып, сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза тағайындалып, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшiн сотталған адамдар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 70 және 73-баптарының негiзiнде сот тағайындаған жазасын өтеуден босатылған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 71-бабы қолданыла отырып, сот тағайындаған жазасы неғұрлым жеңiл жаза түрiне ауыстырылған адамдар;
      2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабына сәйкес сот үкiмiнiң орындалуы кейiнге қалдырылған, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған жүктi әйелдер және жас балалары бар әйелдер, жас балаларды жалғыз өзi тәрбиелейтiн ер адамдар;
      3) онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза түрлеріне сотталған адамдар, егер бұл жаза негiзгi жаза түрiнде қолданылған болса, жазадан босатылады.

      3-бап. Жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін қысқарту

      Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, осы Заңның 2-бабының негiзiнде жазадан босатуға жатпайтын адамдардың жазасының өтелмеген бөлiгiнiң жартысы қысқартылады.

      4-бап. Қылмыстық істерді қозғаудан бас тарту және оларды
              тоқтату

      Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн жасалған, олар үшін бес жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы немесе бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза көзделген онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы қылмыстық iстер және соттар қарамаған істер Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен іс қозғаудан бас тартылуға және іс жүргізілуі тоқтатылуға жатады.
      Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кеткен әскери қызметшiлер, егер олар осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін алты айдан кешікпей әскери басқару, әскери полиция органдарына немесе құқық қорғау органдарына кінәсін мойындап келсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

      5-бап. Рақымшылық жасауды қолдану шарттары

      1. Осы Заңның 2-бабының 1-тармағында аталған адамдарға қатысты рақымшылық жасауды қолдану үшін олардың мәртебесін растайтын құжаттардың болуы міндетті.
      2. Осы Заңның 2-бабының 2-тармағында және 3-бабында көзделген жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн өтеу осы Заң қолданысқа енгiзiлетін күнге есептеледi.
      3. Қылмыстардың жиынтығы болған кезде, егер олардың бiреуі ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып табылса, рақымшылық жасау қолданылмайды.
      4. Рақымшылық жасау аясына жатқызылған адамдар негiзгi жазадан босатылады.
      5. Осы Заңды қолдану кезiнде соттылықты алып тастау Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабында белгiленген жалпы негiздерде жүргiзiледi.
      6. Егер өзiне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкiн адам бұған қарсы болған жағдайда, рақымшылық жасау қолданылмайды.

      6-бап. Қазақстан Республикасының соттары соттаған, бiрақ
              жазасын оның шегiнен тыс жерлерде өтеп жүрген
              адамдарға рақымшылық жасауды қолдану

      Қазақстан Республикасының соттары соттаған, бiрақ жазасын оның шегiнен тыс жерлерде өтеп жүрген адамдарға рақымшылық жасауды қолдану туралы мәселенi Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың негiзiнде, аумағында сот үкiмiн орындау жүзеге асырылып жатқан мемлекеттiң құзыреттi органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының соттары шешедi.
      Қазақстан Республикасы тиiстi халықаралық шарттар жасаспаған шет мемлекеттерден бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны одан әрi өтеу үшiн Қазақстан Республикасына берiлген адамдарға рақымшылық жасау мұндай адамдарды берген мемлекеттердiң құзыреттi органдарының келiсiмiмен ғана қолданылады.

      7-бап. Осы Заңды қолдану тәртібі

      1. Осы Заңның 2 және 3-баптарын қолдану сотталған адамдар жазаларын өтеп жатқан жердегі соттарға жүктеледі.
      2. Осы Заңның 4-бабын қолдану қылмыстық процесті жүргiзуші органдарға жүктеледі.
      3. Осы Заңды қолдану прокурор санкция берген қылмыстық процесті жүргізуші органның (лауазымды адамның) қаулысы негізінде, сондай-ақ сот қаулысы негізінде жүргізіледі.
      4. Жазаны орындаушы мекемелер мен органдар осы Заңның уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында соттарға мынадай құжаттарды:
      1) жазаны одан әрі өтеуден босату туралы не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту туралы ұсынымды;
      2) сот үкімінен үзінді көшірмені (оған енгізілген өзгерістерімен қоса, егер сондай өзгерістер орын алған болса);
      3) осы Заң қолданысқа енгізілетін кезге жазаның өтелген және қалған мерзімі туралы мәліметтерді;
      4) сотталған адамның жеке немесе бақылау ісін;
      5) осы Заңның 2-бабының 1-тармағында аталған адамдардың мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
      5. Соттар осы Заңды қолданған кезде прокурордың қатысуы міндетті.

      8-бап. Осы Заңның орындалу мерзімі

      7-баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген органдар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде оның орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

      9-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      10-бап. Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар

      Қазақстан Республикасының Үкiметі және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдары:
      1) рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылған және зайыбы (жұбайы) немесе жақын туыстары жоқ I және II топтағы мүгедектер мен жасының егде тартуына байланысты өзiн-өзi күте алмайтын адамдарды стационарлық үлгiдегi медициналық-әлеуметтiк мекемелерге (ұйымдарға) орналастыру;
      2) босатылған кәмелетке толмағандарды ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру;
      3) сот үкiмiмен тағайындалған, осы Заң қолданысқа енгiзiлетін кезде үкiмді орындау барысында аяқталмай қалған ем қабылдаудың жалғастырылуын қамтамасыз ету;
      4) рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылғандарды белгiлi бiр тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтiк бейiмдеу орталықтарына орналастыру жөнiнде шаралар қолдансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады