Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрылымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 15 наурыздағы № 1-V Заңы

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрылымдарының мәртебесі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық
қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары
құралымдарының мәртебесі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер,
      БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына, халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына, сондай-ақ қару-жарақты бақылау және әскери саладағы сенімді нығайту мәселелері жөніндегі халықаралық шарттарға өздерінің адалдығын растай отырып,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты негізге ала отырып,
      өзара сенім, теңдік және өзара тиімді ынтымақтастық негізінде Тараптардың мүдделеріне жауап беретін серіктестік пен өзара іс-қимылдың мемлекетаралық қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға ұмтыла отырып,
      халықаралық қауіпсіздікке қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге барабар ден қоюды қамтамасыз ететін ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының жоғары жауынгерлік әзірлік деңгейін қолдауға күш-жігерді бағыттай отырып,
      БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес Тараптардың жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығына сілтеме жасай отырып,
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының Тараптардың аумақтарында уақытша болуы үшін құқықтық негіз құруға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:
      "ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құралымдары (бұдан әрі - құралымдар)" — қабылдаушы Тараптың аумағына уақытша жіберілген коалициялық, өңірлік (біріккен) әскерлер (күштер) топтамаларының құрамына Тараптардың ұлттық қарулы күштерінің және басқа да әскерлерінің құрамынан бөлінген бірлестіктер, құрамалар, әскери бөлімдер мен бөлімшелер, ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік органдарының және арнайы қызметтердің, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары) қатарынан бөлінген арнайы мақсаттағы күш құралымдары;
      "жіберуші Тарап" — ресми өтінішіне сәйкес қойылған міндеттерді шешу үшін қабылдаушы Тараптың аумағына уақытша жіберілген құралымдар тиесілі Тарап;
      "қабылдаушы Тарап" — ресми өтінішіне сәйкес қойылған міндеттерді орындау үшін аумағында жіберуші Тараптың құралымдары уақытша орналастырылатын Тарап;
      "транзиттік Тарап" — қабылдаушы немесе жіберуші Тараптың аумағына бару кезінде аумағы арқылы құралымдар мен олардың жылжымалы мүлкі өтетін Тарап;
      "транзиттік мемлекет" — қабылдаушы немесе жіберуші Тараптың аумағына бару кезінде аумағы арқылы құралымдар мен олардың жылжымалы мүлкі өтетін, осы Келісімнің Тарабы болып табылмайтын мемлекет;
      "құралымдардың мәртебесі" — алдында тұрған міндеттерді шешу мақсатында қабылдаушы Тараптардың аумақтарында уақытша болатын жіберуші Тараптар құралымдарының құқықтық жағдайы;
      "құралымдардың жеке құрамы" (сонымен қатар, бұдан әрі - құралымдардың құрамына кіретін адамдар) — коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) әскерлер (күштер) топтамасының құрамына Тараптар бөлген немесе уақытша іссапарға жіберген әскери қызметшілер, қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтердің, ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласындағы уәкілетті органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери бөлімдерде, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін адамдар;
      "Құралымның қолбасшылығы" құралымға басшылық жасау үшін құрылатын басқару органы;
      "мүдделі министрліктер мен ведомстволар" - олардың қатысуымен ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамына Тараптардың құралымдарын бөлу, оларды даярлау, қолдану мен жан-жақты қамтамасыз ету туралы шешім қабылданатын Тараптардың министрліктері мен ведомстволары;
      "құралымдардың жылжымалы мүлкі" - құралымдардың жұмыс істеуі үшін қажетті қару-жарақ пен әскери техника, әскери-техникалық мүлік, арнайы техника және арнайы құралдар, көліктік және басқа да материалдық-техникалық құралдар, сондай-ақ жіберуші және қабылдаушы Тараптардың меншігі болып табылатын өзге де жүктер;
      "жылжымайтын мүлік (жылжымайтын мүлік объектілері)" — қабылдаушы (транзиттік) Тараптың меншігі болып табылатын және оның келісімі бойынша құралымдардың уақытша пайдалануындағы жер учаскелері және оларда орналасқан әскери және азаматтық инфрақұрылым объектілері.

2-бап

      Жіберуші Тараптың құралымдары қабылдаушы Тараптың аумағына соңғысының ресми өтінішіне сәйкес бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қауіп-қатер төнген және/немесе қарулы шабуыл (агрессия) жасалған жағдайда ұжымдық қорғанысқа құқықты іске асыру, ұжымдық қауіпсіздіктің басқа да қыр көрсетулері мен қауіп-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау, төтенше жағдайларды жою үшін, сондай-ақ бірлескен командалық-штабтық және әскери оқу-жаттығулар өткізу үшін жіберілуі мүмкін.
      Тараптар өздерінің құралымдарын қабылдаушы Тараптың аумағына, егер осы іс-қимыл олардың ұлттық заңнамасына қайшы келмеген жағдайда ғана қойылған міндеттерді орындау үшін жібереді.
      Қабылдаушы Тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, өзінің аумағына ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құралымдарын енгізу туралы шешім қабылдайды.
      Құралымдарды енгізу, олардың міндеттері, құрамы, саны, бағыныстылық тәртібі, олардың орналасқан жерлері, сондай-ақ олардың қабылдаушы Тараптың аумағында болатын уақыты туралы шешімді бір немесе бірнеше Тараптың ресми өтініші негізінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (бұдан әрі - ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) қабылдайды.
      Материалдық құралдар қоры бар құралымдар олардың командирлері (бастықтары) Қолбасшылыққа қабылдаушы Тараптың шекарасын кесіп өткені туралы баяндағаннан кейін Құралым қолбасшылығының бағынысына көшеді.

3-бап

      Қабылдаушы Тараптың аумағына оның аумағындағы құралымдарды күшейту үшін қажетті қосымша құралымдарды енгізу Кеңестің шешімі негізінде және қабылдаушы Тараптың келісімімен жүзеге асырылады.
      Қабылдаушы Тараптың аумағындағы құралымдардың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қосымша жылжымалы мүлікті әкелу қабылдаушы Тараптың келісімімен жүзеге асырылады.
      Құралымдарды қайта орналастыру (қайта топтастыру), оларды ауыстыру жіберуші және қабылдаушы Тараптардың мүдделі министрліктері мен ведомстволары, сондай-ақ Құралым қолбасшылығы келіскен жоспарлар бойынша жүзеге асырылады.

4-бап

      Қабылдаушы Тараптың келісімімен оның аумағында жергілікті жердің (аудандардың) бөлінген учаскелері мен объектілер шегінде құралымдар командалық-штабтық және әскери оқу-жаттығуларды, сондай-ақ олар қойған міндеттерді орындауға байланысты басқа да жедел және жауынгерлік даярлық іс-шараларын өткізе алады. Бұл ретте оқу-жаттығулар аудандарын, оларды өткізу тәртібі мен мерзімдерін, қатысатын құралымдар санын, олардың жылжу бағдарларын, жауынгерлік оқ ату кезеңдерін, қауіпсіздік аймақтарын, экологиялық және басқа да мәселелерді Құралымның қолбасшылығы қабылдаушы Тараптың мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен келіседі.
      Бұл іс-шараларды бөлінген аудандар мен объектілерден тыс жерлерде өткізуге тек қабылдаушы Тараптың мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен келісу бойынша жол беріледі.

5-бап

      Қабылдаушы Тарап, егер Кеңес шешімдерімен өзгеше белгіленбесе, өзі белгілеген мемлекеттік шекарасын кесіп өтудің болжамды жері, уақыты, тәртібі туралы басқа Тараптарға жазбаша хабарлайды және тағайындалған ауданға бара жатқан жеке құрамы мен жылжымалы мүлкі бар әскери эшелондардың, әуе және теңіз (өзен) кемелері мен корабльдердің, жеке құрамы мен жылжымалы мүлкі бар автомобиль лектерінің өз аумағы бойынша кедергісіз және өтеусіз жүріп өтуі үшін қажетті жағдайлар жасайды, жылжымайтын мүлікті (жылжымайтын мүлік объектілерін) орналастыру мен пайдалануды өтеусіз қамтамасыз етеді.

6-бап

      Тараптар құралымдар мен олардың жылжымалы мүлкінің тағайындалған орындарға өздерінің аумақтары бойынша кедергісіз жылжуын, сондай-ақ алдын ала берілген өтінімдер негізінде Тараптардың ұлттық заңнамасының талаптарына сәйкес темір жол, автомобиль, теңіз, өзен және әуе көлігінің және көлік коммуникацияларының бірінші кезекте берілуін қамтамасыз етеді.
      Авиация ұшулары Тараптардың мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен, сондай-ақ әуе қозғалысын басқару органдарымен және әуе бақылау органдарымен келісілген бағыттар бойынша, сондай-ақ аймақтарда (аудандарда) орындалады. Әскери және азаматтық әуеайлақтардағы әуе кемелерін қабылдауды, әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді және күзетуді Тараптардың әуеайлақтық қызметтері өтеусіз жүзеге асырады.
      Тараптар құралымдарының корабльдері мен кемелерінің қабылдаушы Тараптың суларында жүзуі және олардың порттарында болуы қойылған міндеттерді орындау қажеттігін ескере отырып, қабылдаушы Тарап белгілеген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
      Транзиттік Тараптардың аумағында жылжымайтын мүлікті (жылжымайтын мүлік объектілерін) транзиттеу, орналастыру және құралымдардың оны пайдалану тәртібі мен шарттары мүдделі Тараптар арасындағы жекелеген уағдаластықтармен (келісімдермен) айқындалады.
      Осы Келісімге қатысушылар болып табылмайтын мемлекеттердің аумағында құралымдарды транзиттеу осындай мемлекеттермен не қабылдаушы Тарап не жіберуші Тарап не ҰҚШҰ жасасқан тиісті шарттарда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Тараптар ол үшін қажетті нормативтік құқықтық базаны құру үшін күш-жігерін салады.

7-бап

      Қабылдаушы Тарап құралымдарды жылжымайтын мүлікпен (жылжымайтын мүлік объектілерімен) өтеусіз қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға жауапкершілікті өзіне алады. Осы іс-шаралар, егер Кеңестің шешімдерімен өзгеше белгіленбесе, қабылдаушы Тарап құралымдарының ұқсас құрамын қоныстандыруды және пәтерлерге орналастыруды айқындайтын қабылдаушы Тарап заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
      Қабылдаушы Тарап құралымдарға олардың қойылған міндеттерді орындауы үшін қажетті көлемде электр энергиясын, суды өтеусіз негізде береді, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
      Күнделікті қызметті, азық-түлікпен қамтамасыз етуді, медициналық, коммуналдық-тұрмыстық қызметтерді, көлік қызметтерін, сондай-ақ байланыс органдарының қызметтерін көрсетуді ұйымдастыру мәселелері бойынша Құралымның қолбасшылығы қабылдаушы Тараптың мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен өзара іс-қимыл жасайды, олармен ақшалай есеп айырысуларды жүргізуге және осы мақсат үшін тиісті шоттар мен қаражатты иеленуге құқылы.
      Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес құралымдарға есеп айырысу-кассалық қызмет көрсетуді толық көлемде қамтамасыз етеді.
      Қажет болған кезде құралымдардың қызметіне байланысты қосымша мәселелер Тараптар арасындағы жекелеген хаттамалармен айқындалуы мүмкін.

8-бап

      Құралымдардың жеке құрамы қабылдаушы Тараптың егемендігін құрметтеуге, заңнамасының талаптарын сақтауға, осы Келісімнің ережелерімен үйлесімсіз кез келген іс-әрекеттерден тартынуға, қабылдаушы Тараптың ішкі істеріне араласпауға, қойылған міндеттерді орындаудан басқа, саяси қызметке және оның аумағындағы жанжалдарға қатыспауға тиіс. Жіберуші Тарап және Құралым қолбасшылығы бұл жөнінде қажетті шаралар қабылдауға міндетті.
      Тараптардың аумақтарында уақытша орналастырылған құралымдардың әскери қызметшілері Тараптардың ұлттық қарулы күштерінің әскери киім нысанын киіп жүреді және айырым белгілерін тағады. Қажет болған жағдайда, Қолбасшылықтың шешімі бойынша құралымдардың әскери қызметшілері үшін ортақ айырым белгілері белгіленуі мүмкін.
      Құралымдардың жеке құрамы Қолбасшылықтың бұйрықтарына сәйкес өзімен бірге қаруын алып жүруге құқылы.
      Құралымдар орналасқан орындардан тысқары жерлерде олардың құрамына кіретін адамдардың қаруды алып жүруіне олар қойылған жауынгерлік міндеттер мен күзету функцияларын орындаған кезде ғана рұқсат етіледі.
      Көлік құралдарында, қару-жарақта, әскери және арнайы техникада Тараптардың айырым белгілері болуға тиіс. Қажет болған жағдайда Құралым қолбасшылығының шешімі бойынша құралымдардың көлік құралдары, қару-жарағы, әскери және арнайы техникасы үшін ортақ айырым белгілері белгіленуі мүмкін.
      Құралымдар қабылдаушы Тараппен өзара іс-қимыл жасай отырып, қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады.
      Құралым қолбасшылығының тыйым салынған аймақтарды немесе қауіпсіздік аймақтарын белгілеуі, егер Кеңестің шешімдерінде өзгеше белгіленбесе, қабылдаушы Тараптың мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен келісу бойынша жүзеге асырылады.

9-бап

      Құралымдардың жеке құрамына қабылдаушы Тараптың аумағына кірген кезде және оның аумағынан шыққан кезде визалық бақылау қолданылмайды. Сонымен қатар, оларға қабылдаушы Тараптың шетелдіктерді тіркеуге және оларды бақылауды жүзеге асыруға қатысты бөлігіндегі заңнамасы қолданылмайды. Құралымдардың құрамына кіретін адамдар қабылдаушы Тараптың аумағында тұрақты тұруға қандай да бір құқық алғандар ретінде қарастырылмайды.

10-бап

      Тараптардың мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде құралымдардың командирлері қабылдаушы Тараптың аумағына келу (жүру) мақсатын көрсете отырып, жіберуші Тараптың мүдделі министрліктері мен ведомстволары растаған жеке құрамның атаулы тізімі мен құралымның жылжымалы мүлкінің тізбесін көрсетеді. Құралымның жеке құрамының атаулы тізімі мен жылжымалы мүлкінің тізбесі Кеңес шешімімен бекітілетін нысандарға сәйкес жасалады.
      Құралымдардың әскери қызметшілері Тараптардың мемлекеттік шекараларынан өту кезінде жіберуші Тараптың ұлттық қарулы күштерінің әскери киім нысанын киюге тиіс. Қызметтік автокөлік, әскери техника тіркеу нөміріне қосымша ретінде олардың мемлекеттік тиесілігін көрсететін айқын көрінетін белгімен жабдықталуы тиіс.
      Құралымдардың құрамына кіретін адамдар жіберуші Тараптың заңнамасында белгіленген олардың жеке басын және құралымдарға тиесілігін растайтын құжаттарды көрсеткеннен кейін қабылдаушы Тараптың мемлекеттік шекарасынан өтеді.
      Тараптар құралымдардың құрамына кіретін адамдарға Тараптардың ұлттық заңнамасында әкелуге және әкетуге тыйым салынған тауарларды қоспағанда, жеке заттары мен валюталық құндылықтарды алып өту құқығын береді. Тараптардың мемлекеттік шекараларынан өту кезінде жеке заттар мен валюталық құндылықтар Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген нормалар шегінде кедендік төлемдер салудан босатылады.

11-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсаттары үшін өтетін құралымның жылжымалы мүлкін әкелу және әкету жіберуші және қабылдаушы Тараптардың уәкілетті органдары келіскен тізбелер негізінде тыйым салу мен шектеулерді қолданбай және баждардың, салықтар мен алымдардың барлық түрлерін өндіріп алмай, басым тәртіппен жүзеге асырылады.
      Қабылдаушы Тарап өзінің аумағында құралымдардың жылжымалы мүлкін олар орналасқан жерлерге жеткізу үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асырады.
      Құралым қолбасшылығының сәйкестендіру құралдарымен қамтамасыз етілген қызметтік құжаттары (хат жазысу) кедендік тексеруге жатпайды. Осы құжаттарды алып жүретін курьерде оның өкілеттігін растайтын және құжаттардың саны мен салынған қамтамасыз етудің түрі туралы мәліметтері бар оларды жеткізу туралы өкім болуы тиіс. Өкімді олар туралы мәліметтер Тараптардың шекара және кеден органдарына ұсынылатын уәкілетті адамдар растайды.
      Жіберуші Тарап құралымдарының жылжымалы мүлкі оның меншігі болып табылады және қабылдаушы Тараптың оны ұстап қалуы және/немесе қандай да бір нысанда иеліктен айыруы мүмкін емес.

12-бап

      Жіберуші Тарап құралымдардың жеке құрамы халықаралық гуманитарлық құқық қағидаттары мен нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді, ал Құралым қолбасшылығы оған жауапты болады.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапқа және Құралым қолбасшылығына жеке немесе заңды тұлғаларға келтірілген және өзінің азаматтарының қайтыс болуына, дене жарақатын алуына және еңбекке қабілеттілігінің жойылуына байланысты залалдың, сондай-ақ оның жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, табиғи ресурстарына, мәдени және тарихи құндылықтарына келтірілген залалдың, егер мұндай залал құралымдардың қойылған міндеттерді орындауы кезінде және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыруы кезінде келтірілген болса, орнын толтыруға қатысты қандай да бір талаптарды қоюдан бас тартады. Осы ереже, егер мұндай залал халықаралық гуманитарлық құқық қағидаттары мен нормаларын, қарулы жанжал барысында қолдануға жататын өзге де халықаралық-құқықтық құқық нормаларын бұзу нәтижесінде келтірілмеген болса, қолданылады.

13-бап

      Қабылдаушы Тараптың аумағында уақытша болған кезеңде құралымдар өздері пайдаланатын жылжымайтын мүліктің, табиғи ресурстардың, мәдени және тарихи объектілердің сақталуын қамтамасыз етеді.
      Қабылдаушы Тараптың пайдаланылатын жылжымайтын мүлкінің сақталуына, сондай-ақ әскери құралымдар орналасқан (қоныстанған) аудандарда экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауға Құралымның қолбасшылығы жауапты болады.
      Құралымдардың қабылдаушы Тараптың жеке тұлғаларына, жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне осы Келісімнің 12-бабында ескерілген міндеттерді орындауға байланысты емес жағдайларда келтірілуі мүмкін залал Тараптар арасындағы уағдаластық бойынша, ал келіспеушіліктер туындаған кезде осы Келісімнің 16-бабына сәйкес өтеледі.
      Жіберуші Тараптың құралымдарына келтірілген материалдық залалдың орнын толтыру, сондай-ақ олардың құрамына кіретін адамдарға немесе олардың мұрагерлеріне өтемақы төлеу, егер бұл залал қабылдаушы Тараптың заңды тұлғаларының немесе азаматтарының, оның аумағындағы үшінші елдер азаматтарының іс-әрекеттері немесе кемшіліктері салдарынан келтірілген болса, осы Келісімнің 16-бабына сәйкес құрылатын Келісу комиссиясы белгілейтін мөлшерде жүзеге асырылады. Құралымдардың жеке құрамы мен олардың отбасы мүшелері үшін жіберуші Тараптың ұлттық заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепілдіктер мен өтемақылар толық көлемде сақталады. Осы тәртіп, егер залал жіберуші Тарап құралымдарының құрамына кіретін адамдар қабылдаушы Тарап аумағында болған кезеңде, сондай-ақ басқа Тараптың аумағындағы транзит уақытында келтірілген жағдайда қолданылады.

14-бап

      Тараптар құралымдардың құрамына кіретін адамдардың құқықтық жағдайын құрметтейді, халықаралық құқық нормаларына сәйкес олардың азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және жеке құқықтары мен бостандықтарын толық көлемде қамтамасыз етеді, олардың қойылған міндеттерді орындауын қиындататын іс-әрекеттерге жол бермейді, өзінің аумағы шегінде оларға қатысты кез келген құқыққа қарсы іс-әрекеттердің алдын алу және жолын кесу жөніндегі шараларды қоса алғанда, құралымдардың құрамына кіретін адамдардың, сондай-ақ құралымдар қару-жарағының, әскери техникасының және материалдық-техникалық құралдарының, құжаттамасы мен ресми ақпаратының қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін Қолбасшылықпен келісілген барлық қажетті шараларды қолданады.

15-бап

      Құралымдардың Тараптардың аумағында уақытша болуына байланысты заңдық құзыреттілік және құқықтық көмек мәселелері жекелеген Келісімде айқындалады.
      Көрсетілген Келісім күшіне енгенге дейін Тараптар ұлттық заңнаманы, қолданыстағы екіжақты келісімдерді, сондай-ақ 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер жөніндегі құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны басшылыққа алады. Олар үшін аталған Конвенция күшіне енбеген Тараптарға қатысты 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер жөніндегі құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенция және оған 1997 жылғы 28 наурыздағы Хаттама қолданылады.
      Заңдық құзыреттілік және құқықтық көмек мәселелері бойынша Тараптар қосымша екіжақты келісімдер жасасуы мүмкін.

16-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы барлық келіспеушіліктер олардың арасындағы келіссөздер барысында реттелуге тиіс.
      Даулы мәселелерді шешу үшін құрамына Тараптардың әрқайсысының өкілдері және Құралым қолбасшылығының өкілдері тағайындалатын Келісу комиссиясы құрылады. Келісу комиссиясы өзі қабылдаған ережелер негізінде және Кеңес айқындаған өкілеттіктер шегінде әрекет етеді.
      Тікелей келіссөздер барысында және Келісу комиссиясы шеше алмайтын даулардың барлығы Кеңестің шешуіне жолданады.

17-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
      Мұндай рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға берген күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оның Тараптары арасындағы қарым-қатынастарда 2000 жылғы 11 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісім қолданысын тоқтатады.

18-бап

      Осы Келісімге басқа Тараптардың келісімімен кез келген Тараптың ұсынысы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Өзгерістер мен толықтырулар туралы хаттамалар осы Келісімнің 17-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

19-бап

      Осы Келісім бойынша Тараптардың міндеттемелері олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.

20-бап

      Осы Келісім 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу кезеңіне жасалады. Кез келген Тарап болжанатын шығу күніне дейін кемінде алты ай бұрын өзінің ниеті туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге жолдай отырып, осы Келісімнен шыға алады.
      Тараптың осы Келісімнен шыққан күніне дейін туындаған талаптар міндетті түрде реттелуге жатады.
      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жолдайтын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін          Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін         Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін        Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      Көшірмесі дұрыс:
      ҰҚШҰ Хатшылығы
      Құқықтық бөлімінің бастығы
      _________________ К. Голуб

      Орыс тіліндегі мәтінге сәйкес мемлекеттік тілге аударылды.

      Қазақстан Республикасы
      Қорғаныс министрлігі
      Халықаралық ынтымақтастық департаменті
      бастығының орынбасары

      полковник                                  Ә. Кулбаев

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Д. Есентаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады